Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Ұлықбек Есдәулет: Секен – нағыз лирик күйші...

24.09.2019 5031

Ұлықбек Есдәулет: Секен – нағыз лирик күйші 12+

Ұлықбек Есдәулет: Секен – нағыз лирик күйші - adebiportal.kz

– Аға, әңгімеміздің басын күй туралы айтудан бастасақ. Күйдің, қазақ күйінің құдіреті неде деп ойлайсыз?

– Күй – музыканың бір жанры ретінде, оның ішінде қазақтың өзіне ғана тән өнердің салмақты бір саласы ретінде құнды. Күйде адамның сана-сезімімен, көңіл-күйімен, ой-түйсігімен астасатын ерекше қасиет бар. Күйде белгілі бір ой айтылмаса да, сені ойлануға жетелейтін, сөз айтылмаса да, жан сарайыңды іштей төгілте сөйлететін үлкен құдірет бар. Сол үшін де күйді ұлы өнер деп бағалаймыз.

Күй – қазақтың жанымен біте қайнасқан төл өнері. Күй – қазақтың бүкіл болмысы мен табиғатын қос ішекке сыйдыра отырып, қазаққа ғана тән аса зор сезімталдықтан туатын өнер. Қазақтың барлық асыл қасиеттерін әлемге танытатын да осы – күй.

Жалпы, музыка – жүректің тілінде сөйлейді. Музыканың тілі – барлық ұлт бірдей түсінетін бүкіл адамзатқа ортақ тіл. Поэзия, проза аударма арқылы болмаса, барлық ұлт өкілдері үшін ұғынықты бола бермейді ғой. Ал музыкаға ешқандай аударманың қажеті жоқ. Музыка – ой мен сезімді, ми мен жүректі, жүрек пен ғарышты байланыстыратын ұлы күш. Сондықтан да осы ұлы күшті, адамның жандүниесін тербейтін ғажап сазды дүниеге әкелетін сазгерлер қауымын құдіреттің иесі деп тануымыз керек. Міне, біздің Секең – осындай құдіретке ие ұлы күйші. Оның күйлерін тыңдап отырғанда бір ғарыштық сезімді бастан кешкендей күйге енесің.

– Секен ағаның күйлерімен, ағаның өзімен таныстықтарыңыз алғаш қалай басталды?

– Секен күйлерінің әрбірі биік шыңдай асқақ та дара туындылар. Әрқайсысының өз тақырыбы, өз тарихы, өз айтары бар.

Секеңді ең алғаш «Көңіл толқыны» деген тырнақалды күйі арқылы танып-білдік. 1985-1986 жылдары мен Нұртілеу Иманғалиұлымен бірге «Қазақстан» арнасының «Жастар» редакциясында жұмыс істедім. Сол кезде «Көңіл толқыны» күйінің ұнағаны сондай, Нұртілеу екеуміз сол күйдің желісіне монтаждап бейнебаян жасап шығардық. «Клип» деген терминнің, ұғымның, тіпті, біздің тілдік қолданысымызға әлі енбеген кезі еді. Бірақ біз ішкі интуициямен сезіне отырып, суреттер арқылы, көріністер арқылы сол күйге жан бітіргіміз келді. Әртүрлі фильмдерден көркем көріністер ала отырып, яғни бір фильмнен теңіздің асау толқындарының көбік шаша жарды ұрып жатқан көрінісін алсақ, енді бірінен құлынның жасыл алаңда құлдыраңдап шауып келе жатқан бейнесін алып, тағы басқа көріністерден құрастырып, сол бейнебаянды асқан ыждағаттылықпен жасап шықтық. Халық жылы қабылдады. Сол замандағы жаңалық болды. Секеңнің өзі де «Менің «Көңіл толқыны» күйімнің кең таралуына сол клип әсер етті. Әрі бұл қазақ теледидарының тарихындағы алғашқы клип болған» деп айтып жүреді. Бұл біз үшін сол тұста әрі үлкен тәжірибе де болған еді. Күйдің кереметтігіне, көркемдігіне қызыққанымыз сондай, сол клипті үлкен құлшыныспен жасаған едік.

Келе-келе достығымыз ұлғайып, туған ағалы-інілідей болып, отбасымызбен жақын араласып кеттік.

– Мұндай күйшілік өнер Секен ағаға тумысынан дарыған ба, әлде жүре келе қонған қасиет пе, қалай ойлайсыз?

– Әрине, туа біткен. Ол оның қанында бар қасиет болмаса, үйреніп композитор болу, жанынан күй шығару мүмкін емес. Үйреніп домбырашы болуға, үйреніп гитара тартуға болар, әрине. Барабанда да ойнап үйренуге болады. Ал күйшілік деген нәрсе қанмен келетін қасиет. Консерваторияда «Композиция» деген факультет бар, оны бітіргендер «Композитор» деген мамандық алатын болу керек, бірақ бәрі бірдей композитор болып кетпейді. Музыкалық білімді толықтырып, нотаны оқуды, жазуды игеруге болар. Бірақ композиторлардың нотаны білмейтіндері де бар ғой. Құрманғазы атамыз халық ішінен шыққан мықты композитор, бірақ ол кісі нота дегенді білген емес. Соған қарамастан, қаншама ұлы дүниелерді дүниеге әкелді.

Секең – музыканың оқуын да оқып, тоқуын да тоқыған адам. Күйдің бүкіл арғы-бергі тарихына үңіліп қана қоймай, күйдің ішіне түсіп зерттеген адам. Онысы күйді тартқан кезде де айқын көрініп тұрады. Күй шерткен кездегі шеберлігінен бөлек, сазды дүниелерді кесек-кесегімен шығарғандағы қасиетін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан мұндай өнерді мен тек қанмен келетін қасиет деп, арғы бабаларынан берілген сол қасиетпен ғана адам шынайы талант иесіне айналады деп нақты айта аламын.

Ұлы дүниелердің тууына түрткі болатын шабыт та екінің біріне келе бермейді. Пушкиннің «Геометрияға да шабыт керек» деген сөзі бар. Музыкалық шабыт, ол – тіптен күрделі нәрсе.

Талант қанда бар қасиет болғанымен, адамның өмірде ұстаз тұтатын адамдары да болады, әрине. Соған орай, Секең домбыраның қыр-сырын үйреткен, сазгерлікке баулыған Мәлгаждар Әубәкіров деген ұстазы болғандығын үнемі айтып отырады. Ұстазының зиратының басына да алып барған. Секең өзінің ұстаздарын қатты құрмет тұтатын адам. Бұл білгенге өте керемет қасиет. Ұстазын құрметтеп, ардақтап, есімін ұлықтап, құран бағыштап, Мәлгаждар ағаның балаларын үнемі қонаққа шақырып, бізбен таныстырып, өзінің туған бауырларындай көріп отырады.

– Аға, сіз де, Секен аға да Шығыс Қазақстанның топырағында аунап-қунап өскенсіздер. Бәлкім, сіздердің осындай талант иесі болып қалыптасуларыңызға Тарбағатай өңірінің топырағы мен ғажап табиғатының да өзіндік бір әсері болмай қоймаған шығар?

Мүмкін. Секең екеуміз бір таудың екі жағында өмірге келдік. Менің туған ауылым – Зайсан. Оның туған ауылы – Үржар. Үржар мен Зайсанның тауы біреу, орманы біреу. Екеуінің тап ортасынан ашылған орман қорығы да бар. Бүкіл Шығыс Қазақстандағы көкөнісі мен жеміс-жидегі төгіліп пісетін, бау-бақшаның ең жақсы өсетін жері де біздің ауылымыз. Екеуі де Шығыс Қазақстанның күнгей жері, табиғаты таулы-орманды мекен. Оның ауылында Алакөл болса, менің ауылымда Зайсан ағып жатады. Осыдан біраз жылдар бұрын Жарасхан Әбдрашевті қасыма ертіп Зайсан мен Марқакөлді аралатқанымда, ол кісінің: «Мынандай сұлу табиғаты бар жерде қалай ақын болмайсың?! Ақын болмау мүмкін емес қой. Сен мықты болсаң, Қызылорданың, Аралдың құмына барып, соның ішінде тұрып ақын болып көрші?! Мына жерде ақын емес адамның өзі ақын болады» деп айтқаны бар еді. Қанында, тамырында ата-бабадан келе жатқан күйшіліктің сарыны бар адамға табиғаттың да өзіндік әсері болады, әрине. Адамның жан сарайына үңіліп сыр шертетін, адамның өзімен сырласатын күй шығару үшін табиғаты сондай мекенде туып-өсу керек те шығар, бәлкім.

– Яғни, әр өңірдің табиғатының ерекшелігіне қарай, күйлері де өзіндік бояуымен өзгешеленеді ғой?

– Дәл солай. Құрманғазы атамыздың үй жығатындай екпінді, дауылды күйлері соншалықты сұлу табиғаты бар топырақтан туған деп айтпас едім. Құрманғазы атамыз мекен еткен өңірдің табиғаты қатал болғандықтан да, оның домбырасының шанағынан сондай дауылпаз күйлер ағытылды емес пе?! Қалай болғанда да, әр өңірдегі табиғаттың ерекшелігіне қарай күй мектебінің тууы да әр қилы болып келетіні тегін емес. Төкпе күйдің мекені батыс жақта қалыптасқан. Ал шертпе күйдің мектебінің негізі шығыста қаланды. Сондай ғажап табиғаты бар Шығыс топырағында аунап-қунап, көркемдікті бойына сіңіріп өскен Секеңнің күйлері де сұлу сазды иірімдерге толы. Секен – нағыз лирик күйші.

БАСҚАҒА ЖЕТКЕН ҚАРЖЫНЫҢ «АҚ ЖАУЫНДАЙ» КЕРЕМЕТ ОРКЕСТРГЕ ЖЕТПЕЙ ҚАЛҒАНЫ МЕНІ ҚАТТЫ ҚЫНЖЫЛТАДЫ...

– Секен ағаның балалық шағымен, бозбалалық кезеңімен таныссыз ба? Ол кісінің жандүниесіне белгілі бір деңгейде ізін қалдырған, күйші болып қалыптасуына әсер еткен оқиғалар болған ба екен?

– Секеңнің бала кезін де, бозбала кезін де көрген жоқпын. Алайда бала Секеннің болашақта үлкен өнер жолына түсетіні бала кезінен-ақ аңғарылса керек. Сол сәттен-ақ қазақтың қара домбырасына деген ықыласы ерекше болған. Бірде әжесі үйлеріне мойны жуан, ұзындығы бала Секеннің бойымен бірдей домбыра әкеп қойған екен. «Үйрен» деп ешкім айтпаса да, баланың соған көңілі ауып, қызығушылығы оянады. «Нағашым Төлеубайдың күй тартқанын тыңдағанда, ол домбыраның құлақкүйін келтіріп жатқанның өзінде бойым шымырлап, рақаттанып отыратынмын» деп айтқаны бар еді Секеңнің.

Және тағы бір айтатын нәрсе, қуғын-сүргіннің өршіп тұрған шағында Секеңнің әкесі бір жасында бесікпен шекарадан ары өткен. Сол бесіктегі баладан Секен туып, бергі заманда бесікпен бері өткен. Бұл да бір Секен өмірінің, Секен өнерінің өзегі боларлықтай тағдырлы оқиға. Соның негізінде туған «Бесік» деген күйі де бар.

– Аға, ақын-жазушыларды шығармалары арқылы танып жатамыз ғой. Секен ағаның жандүниесіне күйлері арқылы үңіле аламыз ба? Секен аға күйде қандай, өмірде қандай?

– Секеңнің өзі біздің жандүниемізге өзінің күйлері арқылы үңіледі ғой. Сол секілді оның әр күйінен өзінің де жандүниесі, болмысы айқын көрініп тұрады. Секең өзі әулие сияқты, періште сияқты адам. Қақ-соқта шаруасы жоқ. Ұсақ-түйекті елең де қылмайды. Биік ойлайды, ірі пішеді де, кесек турайды. Сөйлеген сөзінде де, өзін ұстасында да бір тектілік, дегдарлық, бекзаттық болмыс бар.

Сахнада өз-өзін ұстауы да сондай ерекше. Қанша жылдық ел алдында жүрген тәжірибесі бар, туабітті қасиеттері бар, бәрі тоғысып, сахнаның сал-серісіндей, сахнаның патшасындай болып көрінетұғын сипатқа ие. Қолына домбыра алғанда қыран бүркіттей қомданып, өзі бір ерекше күйге түседі. Ондай сәтте біреулер арлы-берлі жүріп, болмаса жөткірініп, телефонмен сөйлесіп, артық қимылдар жасап кетсе, ол Секеңге ұнамайды. Тіпті, ондай сәтте ары қарай домбырасын да шертпей, сахнадан шығып кетуі де бек мүмкін. Кірпияздық бар ол кісіде. Өнер адамы кірпияз болуы тиіс деп ойлаймын.

Бірге жүргенде қарапайым, жандүниесі сәулелі, жансарайы жарқырап тұратын ашық, таза кісі ғой. Ал, енді, домбыра тартқан кезде өңі өзгеріп, қабағы түйіліп, бұлттар жиылып келіп қабағына ұялағандай, найзағай жарқылдағандай өрекпіген күйге енеді. Тіпті, басқа адамға айналып кетеді десе де болады. Және ол өз күйін өзі тартқанда өзі де сол күйдің ішіне кіріп кетеді, тыңдарманын да сол күйге енгізіп, иіріп әкетеді.

– Күй өнерінің саңлақтары – Құрманғазы, Тәттімбет, Диналардың әрбірі бір-бір мектеп қалыптастырды. Ал Секен аға шертпе күйдің шебері ретінде қазақ күй өнеріне қандай да бір жаңалық әкелді ме?

– Мен музыка зерттеушісі емеспін, күйтанушы да емеспін. Ал, музыка мамандарының айтуыша, Секеңнің домбыра тартысында да, күйді шығаруында да, күйді орындауында да өзіндік мәнері бар. Секеңнің күйлерін талай адамдар орындайды ғой, басқалардың орындауында тыңдап та жүрміз. Бірақ өзгелердің орындауы маған кейде Секеңнің өз орындауына жетпейтін секілді көрінеді. Домбыраның тиегі мен сағағына дейінгі екі ортаны түгел пайдаланып, домбыра бетінде Секеңнің он саусағы жорғалағанда, әр пернеден күй сорғалайды. Ол жуан дыбыстан ең жіңішке дыбысқа дейін еркін алады. Күйлері дауылпаздың зор үнінен бастап, аққудың сыңсығанындай, сырнайдың ең нәзік үніндей үндерді шығара алатындай кең тынысқа ие. Оның күйге әкелген жаңалғы осы болса керек. Өйткені көп күйшілер, болмаса, домбырашылар күй тартқанда төменгі сағаға келген кезде аспаптарының дыбысы шиқылдап, құмығып, тұншығып шықпай қалып жатады. Ал Секеңдікінде әр үн таза шығып, сайрап, сыңғырлап тұрады. Ең соңғы ноталардың өзін керемет еркін алады.

– Бұл күйшінің домбыра тартудағы шеберлігі ғой.

– Асқан шеберлігі деуге болады. Сондай-ақ, домбыраның аспап ретінде қандай мүмкіндігі бар, соның бәрін пайдалана алатындай қасиеті де бар. Адамның ішкі жандүниесіндегі, әсіресе, күйшінің өзінің айтқысы келген көңіл түкпіріндегі қатпарларының бәрін шығара алатындай домбыраның қандай мүмкіндігі бар, соның бәрін Секең өз күйлерінде толықтай ашып көрсете алады. Мұның өзі бір ерекшелік қой деп ойлаймын.

– Күйшілер үшін қара домбыраның қадірі зор. Сондай-ақ, олардың өз домбырасын өте зор талғаммен таңдайтынын да білеміз. Жалпы, домбыраның қасиеті, қандай үн шығаратыны оның ағашына байланысты ма, шебердің ұсталығына байланысты ма, қалай ойлайсыз? Секен аға да домбыраны ерекше талғампаздықпен танып, таңдайтын шығар?

– Бірде Мұзафар Әлімбай ағам мен профессор Тұрсынбек Кәкішев ағам: «Әй, сенің ауылыңды бір көріп қайтайық» деген соң, ол кісілерді ертіп елге бардым. Отызға толмаған, жиырманың ішіндегі кезім. Сонда Марқакөлді аралап жүргенімізде қарсы алушылардың, алып жүрушілердің ішінде Жолаушы Тұрдығұлов деген домбыра жасайтын шебер бізді ертіп жүрді. Сол жігіт орманның ішінде отырып, өзі жасаған қалақтай добырамен керемет күйлер тартты. Біздің жақтың шертпе күйлеріне келетін мұңды сарынды, қайғылы күйлер еді. Домбыраны да сондай стильге лайықтап жасапты. Сонда Жолаушыдан домбыраның қалай жасалатынын сұрап қалдым. Міне, сол кезде домбыра жасаудың қыр-сырларын бізге түгелдей үйретпегенімен, шетін шығарып айтып қалды. Домбыра жасау үшін алдымен дыбысы жақсы шығатын ағаш таңдап алу керек екен. Кез-келген ағаштан дыбыс шыға бермейді екен. Кез-келген адамның әнші болмайтыны сияқты, кез-келген ағаш та әнші, күйші болмайтын көрінеді. Яғни, кез-келгені күй дыбысын шығара бермейді. Дыбыс шығатын арнайы ағаштар бар екенін, дыбыс шығатын ағаштың еркегі, ұрғашысы болатынын, күнгей жақта өскен ағаштардың дыбысы бір бөлек, теріскей жақта өскен ағаштардың дыбысы мүлде бөлек болатынын сол Жолаушыдан естіп-білдік. Соның бәрін ескеріп келіп, ең үнді деген ағашты таңдап, оны кептіру, кесу, қырнау-жонудан басқа да түрлі кезеңдерден өтетін жасалу процесі болады екен.

Домбырашылар мен домбыра жасаудың биік деңгейіне жеткен ұсталардың дыбысты есту, ажырату қабілеттері басқалардыкіне қарағанда аса сезімтал, мықты жетілген болып келеді.

Мысалы, менің үйімде бес домбыра бар. Секең сол домбыралардың әрбірінің қандай дыбыс шығаратынын, қай құрылымын өзгерткенде қай дыбысының қалай өзгеретінін мықтап ажыратып береді. Домбыра жасайтын ағаш шебері болмаса да, әрбірінің жасалуындағы артықшылығы мен кемшілігін өте жақсы біліп тұрады. Шеберліктің шыңына жеткен адам ғой. Бұл жағынан да ол қамшы салдырмайды. Өз домбыраларына да сондай зор талғаммен қарайды. Ел арасында жүріп, ерекшеліктері мен артықшылықтарына қарай таңдап, арнайы сұрап, аттай қалап алған домбыралары да бар.

– Аға, Секен ағаның күйлерінде қандай заман, қандай қоғам бедерленген? Жалпы, күйдің тууына қандай жағдайлар түрткі болады екен?

– Секеңнің күйлерін тыңдап отырғанда тарих қойнауына сүңгіп кетесің. Адамды еріксіз сонау өткен ғасырларға жетелеп алып кетеді. Көне сарындарға құлақ түргенде, көз алдыға сол ескі заман елестейді. Жаугершілік жорықтар, халықтың басынан кешкен зұлматы мен зобалаңы көп кезеңдер қайта жанданып, бейне бір сол ортаға еніп кеткеніңдей күйге бөлейді. «Күлтегін» заманынан бастап, кешегі «Желтоқсанға» дейінгі кезеңге арнаған күйлері халқымыздың бір-бір құндылығын арқалап тұр. «Ұлы дала» күйінің өзі сонау түпсіз тарихқа бір апарып, бір әкеліп, бір-ақ сәтте қаншама кезеңді көз алдымызда тірілтеді. Иманғали Тасмағамбетовке арнаған «Көкбөрі» күйінде де бір үлкен шиыршық атқан, ұшқындап тұрған сезімдер бар. Бір күйі бір күйіне ұқсамайды. Әрқайсысы жеке-жеке, өз алдына бөлек туындылар. «Көңіл толқынынан» кейін туған «Ақ жауында» «Көңіл толқынының» бір элементтері бар. Екеуі тұтас бір шығарманың екі бөлімі секілді көрінсе де, бірақ екеуі екі бөлек сарынға ие.

Секеннің кейбір күйлерінің тууына өзім де куә болдым. Бірде Алакөлге демалуға барғанымызда, екі отбасы бір қабырғамен ғана бөлініп, қатар тұрған екі үйге орналастық. Сонда Секең күнде таңға жуық, домбырасын тыңқылдатып отыратын. Сол үн құлағыма әбден сіңісті болып алды. Сөйтсем, бұл «Ұлы дала» күйінің туу барысы екен. Бұл күйде «Қара жорғаның» екпіні бар. Күйді тыңдап отырғанда кең дала, сол даланың тарихы, сол даладағы әртүрлі тарихи оқиғалар көз алдыға келеді.

Уақыт бір арнасында тоқтап тұрмайды ғой. Төңкеріс болды, қоғамдық құндылықтар алмасты, жаңа заман келді. «Ақ жауын» - осындай өзгерістердің барысында аңсау сезімінен туған күй. Күй сарынынан ақ жауын төпелеп құйып, кір-қоқыстың, заман бедеріндегі баттасқан нәрселердің бәрін жуып-шайып, тазартып кетсе екен деген ой мен құндылықтарды аңсау секілді леп есіп тұрады. Секең қоржынындағы әрбір күйдің қоғамдық, әлеуметтік салмағы өте зор.

– Секен Тұрысбек ағаның күйлерінің жастар арасында, өскелең ұрпақ арасында насихатталу деңгейі қандай? Өз дәрежесінде ұлықталып жүр ме?

– Бір мезгіл жақсы насихатталып келе жатыр еді. «Ақ жауын» дейтін керемет оркестрі болды. Мемлекеттік оркестр ретінде Астанаға барып, қаншама домбырашылар, күйшілер, өнерпаздар сол оркестрдің аясында өз өнерлерін көрсетіп жүрді. Өзіміздің елге, шетелге гастрольдік сапарларға шығып ұлт өнерінің дамуына орасан зор үлесін қосты. «Ақ жауын» оркестрінің репертуарында Секен Тұрысбектің өзінің күйлері ғана емес, қазақтың күллі мықты композиторлары мен күйшілерінің ән-күйлері орындалды. Бұл өзі өте іргелі, өте ауқымды және халық сүйген мықты оркестр еді. Соны қазір бізде жүріп жатқан оптимизация, оңтайландыру, қысқарту деген сияқты бірнәрселердің сылтауымен, «дағдарыс, кризис» деген желеумен жауып тастады. Бұны біздің мәдениет үшін үлкен трагедия десе болады. Оркестр бір күнде құрылған жоқ қой. Оны құрып, репертуарын толықтырып, брендттік дәрежеге айналдыру қаншама күш-жігер мен еңбекті қажет етеді. Сондай күшпен құрылған оркестрді бір-ақ күнде құлата салды. Бейне бір, зәулім сарайды алдымен салып алып, оны бір күнде бомба қойып жарып тастай салған секілді нәрсе... Бұл – білгеннің жұмысы емес. Өнерге жаны ашыған адам олай істемейді. Басқаға жетіп жатқан қаржының «Ақ жауындай» керемет оркестрге жетпей қалғаны мені қатты қынжылтады.

Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

(«АҢЫЗ АДАМ» журналы, №9)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар