Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Үміт Шәріпова. Өмір деген – бір махаббат, мың қайғ...

30.07.2019 10127

Үміт Шәріпова. Өмір деген – бір махаббат, мың қайғы... 16+

Үміт Шәріпова. Өмір деген – бір махаббат, мың қайғы... - adebiportal.kz

Уа, өлеңім!

Таңдайыма дəмі келсе өлеңнің,

Жанарымның сəулелері төгер мұң.

Сезімімнің еліктерін үркітсем,

Мен өзімнен көрермін.

Ғарыштағы тылсым күйді аралап,

Пана болмай жұмақтағы сая бақ.

Түйсігіме тақалғанда бір əуен,

Күтіп алам аялап.

Уа, өлеңім,

Ажыратпа бақыттан,

Бабалардан бізге жеткен сарқыттан.

Қоңыр кеште пенделердің ішінде

Қалғып кетсем түйсігімнен тартып қал!

Өмір деген – бір махаббат, мың қайғы,

Көңілімнің тыныштығын ұрлайды.

Менің барлық қуанышты сəттерім,

Бір өлеңнің азабына тұрмайды!..

Ертіс

Тағы келдім Ертістің жағасына,

Пана болған Алаштың баласына

Ел көшкендей көңілім құлазып тұр,

Ем табылмай жанымның жарасына.


Ертіс, Ертіс, барасың жылдам ағып,

Сұлулыққа айнала тұнғаны анық.

Үнсіз ғана отырмын жағалауда,

Өлеңімнің қанатын мұңға малып...


Анау көпір жалғап тұр арманымды,

Құптар емес ащы жыр жазғанымды.

Бірақ менің жанымның пернелері,

шүпілдеп тұр мөлдіреп сазға мұңды.


Бұлт та көшіп барады, қала алмай ма,

Түйілгенмен жел соқса тарар майда.

Қапырық ой сезімді құрсаулап тұр,

Сүйетұғын бетімнен самал қайда?


Жыр да жазып көргенмін құмға барып,

Өлеңімнен отырсыз сырға қанып...

Жалқы көңіл, жабықпа жыр жазайын,

Жалғыз қаздың қаңқылын тыңдап алып..

Сəуле ғұмыр

Жазайық дейсің өлеңге айтып бар сырды,
Сағыныш, аңсау күн менен түнге жаншылды.
Ақ арман сағым жеткізбей қойды қуғанмен,
Сəйгүлік мініп бассам да талай қамшымды.

Жалғыз-ақ ғұмыр еншімде менің, сенің де,
Өтеді бəрі тəкаппар, кердең, керім де.
Аларын алып болған соң мынау жалғаннан,
Қысқа деп тағы өкпелейміз-ау өмірге.

Дүние - жасыл алдайды жүзі құбылып,
Жалғыздық басса кетпейді жаның жылынып.
Сыртынан күліп, ішінен жылап арман жүр,
Тірліктің құлы өтеді ол да жүгіріп.

Аспанның асты, ғаламның үсті керісті,
Қомағай көңіл талғамай шіркін жеп-іштік.
Пейілдің аппақ ниеті кетті ауырлап,
Қалайша бəрін көтеріп тұрсың, кеңістік?!.

Жанары күлген өтірік саған жалған бар,
Жарық əлемге ұмтылған сан мың арман бар.
Жоғалған жылдар ішінде кетті талайлар,
Жақсы көремін, жанымнан кетпей қалғандар!

Аялап едім...

Жұбатшы гүлді сүйгені үшін кешіріп,
Қателесіпті, отыр ғой енді кеш ұғып.
Қиылған гүлдің сабағы қалды өзі жоқ,
Аялап едім өсіріп.

Аялап едім, жайнаған еді, ой, қандай!
Əдемі еді-ау жүрекке жұпар толғандай.
Опасыз қолдың қатыгез қатал уыты
Жайылып əбден қойғандай.

Үзіліп түсіп солдың ба, қайран гүлдерім,
Қарашығыңның қалаушы едім күлгенін.
Өкінішімнің нөсері көзді аштырмай,
Жүзімді жуып тұр менің...

Аямайды екен бұл өмір қатал осыны ұқ,
Ақ пенен қара өтеді екен жосылып.
Тарқасын бұлты, көңілдің көзі ашылсын,
Жас төгейікші қосылып.

Қарашы маған, күнің бар əлі шығатын,
Кездерің емес жаманға бола сынатын.
Өзіңе қарап түңілсін мені демесең,
Басыңды көтер, қуатым!

Жапырақпен қоса жылап...

Жапырақтың жанарынан жас тамды,
Нені сезді, неге жаны жасқанды?
Жарқыраған күн сəулесін сағынды-ау,
Пана тұтып келіп еді аспанды!..

Жасыл еді, жарқын еді реңі,
Үзілмеген үміті де гүл еді.
Суық ұрып, жел ұшырса қайтеді,
Тағдыр солай, солай өмір сүреді...

Үнсіз қарап тұрдым ұзақ қасында,
Көктем-өмір солады екен расында...
Жапырақпен қоса жылап аспан да,
Мұңын төкті жұрт көзінен жасырған...

Күн де батты... үміттерім көз ілді,
Көз алдымда боз жапырақ төзімді.
Аялайтын сəуле тілеп тəңірден,
Аяп тұрдым жапырақты, өзімді...


БАР мен ЖОҚ

Тəкаппарсыған кеуденің іші-ай жылу жоқ,
Сезімге серттей тұрақты көңіл тұру жоқ.
Өшпестей болып көрінген сонау күндерде,
Ажырамастай сенісіп алып жүру жоқ.

Алғашқы лүпіл, жанардан ұшқан жалын-шоқ.
Əуенге толы əдемі сыршыл сарын жоқ.
Бақыттан басым айналып тұрып қуанып,
Сезімге толы елжірей сүйген жаным жоқ.

Алдамшы күлкі жылмиған түлкі құйрық бар,
Тəңірден келер асқанға бір күн бұйрық бар.
Толағай көріп жүргенмен Алатаудай ғып,
Жүрісін көптен жасырған "сері, жүйрік" бар.

Сұп-суық болса құшақта қандай пана бар,
Жылтырағанмен көз алдап тұрған жаңа бар.
Қызылды-жасыл тірлігі бола тұрса да,
Шулы тірлікті меңіреу үнсіз қала бар.

Айқаспай кірпік ататын мəнсіз таңдар бар,
Күлгенмен көзі күлмейтін өзі жандар бар.
Осының бəрін көтере беріп жалғаннан,
Кететін сенде, жүрегім, қандай "арман" бар?!.


Жүрек саған...

Көңіл қалай ұмытады...білмедім,
Түсіп еді отқа, суға, күйге мың..
Ұмытамын дегенімен жүректің
Ұмытуға дəрмені жоқ сүйгенін.

Жаттың сөзі аямады, жылатты,
Ақ жаныңды күншілдерге сынатты.
Өзгерсе де бүкіл əлем құбылып,
Сен өзгермей соғып тұрсың, тұрақтым.

Мейлі дейсің мазаласын тылсым дем,
Сүйем дейсің үнсіз ғана дүрсілдеп.
Ұзақ түнге мен көз ілмей жатқанда,
Сен емес пе ең жалын ата күрсінген?..

Кешір мені, қинадым-ау мазалап,
Бəрін өзің көтересің азап-ақ.
Жанарымнан сырғып аққан жасын жыр,
Мұң кеудемді жатырсың ба тазалап?..

Бір көтеріп тағдырымның салмағын,
Қарсы алыппыз сағыныштың таңдарын.
Аялайын енді сені кел, күнім,
Сен де мені жеккөрмеші, ардағым!

Жүрегім...

Аппақ екен, жарығым, жанымыз да,
Өлең екен таңдаған барымыз да.
Сүйіп тұрып мəпелеп жүрек гүлін,
Өсіріппіз аялап бағымызда.

Жүрек шіркін соғады үндесіп бір,
Жалғыздықпен ол дағы күн кешіп тұр.
Қарашықта іркілген көздің жасы,
Сүйетіні сағынып шын десіп тұр.

Іздеп едім бейнеңді табылмайды,
Мына жүрек ақылға бағынбайды.
Айдынында шарқ ұрған шағаладай,
Қарашығым қалайша сағынбайды?

Ризамын, түсінем, бағамдармын,
Əлі-ақ бізден білемін, тарар бар мұң.
Жер бетінде болғаны қандай жақсы,
Жүрегі бар өзіңдей адамдардың!

Ай - жалғыз, мен де...

Еріксіз қимай батты күн,
Түн келді үнсіз қарсы алдым.
Ұзатып салып жолдарды,
Шамдары жанды вокзалдың.

Қараңғы жүзін жасырды,
Сағыныш, сағым, арманның.
Түнменен бүркеп сезімді
Сағынышыммен қалғанмын.

Айқаспай қойды кірпігім,
Жанымды торлап кесте мұң.
Қалады жаным, жүрегім,
Самалдың еппен ескенін.

Ай - жалғыз, мен де - жалғызбын,
Мұңайып батты күн бүгін.
Көтеріп тастап келші енді,
Сағынышыңның түндігін...

Қиын екен...

Көңілім-ау, қайтесің күдік теріп,
Қуаныш та жоғалды күліп келіп.
Аппақ əлем алдымнан қарсы алғанда,
Жақсылықтан, шіркін-ай, үмітті едік.

Жоғалды ма тазалық қайда кеткен,
Сезім қайда шынайы жайдары еткен?
Самал да жоқ сол күнгі еркелеп кеп,
Сүйетұғын жүзімнен майда леппен.

Арман қолын бұлғайтын биік шыңнан,
Гүлім қайда əкелген жиып қырдан?
Ғашық жардың еліткен сезіміне,
Махаббатым бар еді тұнып тұрған.

Жалғандық-ай өмірдің сыйы ма екен,
Жүректен мұң кетпейді күйі бөтен.
Таба алдым ба білмеймін, о, дүние,
Бар нəрсені іздеген қиын екен...

Сенсіз

Несін мені мазалайсың, құлын жыр,
Жүрегімде онсыз дағы мұңым жүр.
Сенсіз өткен есебі жоқ күндердің
Көтерісіп кетсең етті жүгін бір.

Көңілсіздеу күндер өтіп барады,
Тырс етпейді домбырамның шанағы.
Мейлі мені сағынышым өртесін,
Мерт қылсыншы жүрегіңнің садағы!

Жылуы жоқ түндер өтіп барады,
Ашылмайды сұр аспанның қабағы.
Сол тəтті шақ келмейтінін білсем де,
Жол қараумен қарашығым талады..

Қайта оралмас сағат өтіп барады,
Сағыныштың мұңайып тұр жанары.
Талай уақыт үнсіз қалдық десек те,
Жүрегімде жұбанышым бар əлі.

Сағынышым, мазалай бер мені сен,
Тауға сүйре, тасқа сүйре, келісем.
Көздерімді жұмып тұрып еремін,
Жарам да - сен, сол жараның емі - СЕН!

Автор туралы:

Үміт Оразамбайқызы Шәріпова - 1969 жылы 13 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Тасбұлақ ауылында дүниеге келген. Семей қаласындағы педагогикалық институтты қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша оқып бітірген. 1991 жылдан Семей педагогикалық институтында, 2000 жылдан М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжде ұстаздық қызмет еткен. Өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып келеді. «Жарығым» жыр жинағының авторы. Бүгінде «Ертіс өңірі» газетінде журналист.

Суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар