Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Үміт Жәлеке. Қайыптың әні...

21.04.2022 4782

Үміт Жәлеке. Қайыптың әні

Үміт Жәлеке. Қайыптың әні - adebiportal.kz

(Хикаяттан үзінді)

Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе...

Абай

Бақытсыз махаббат болмайды. Қосылсаң да, қосылмасаң да, тіпті, қаншама қасірет шексең де махаббат атаулының бәрі - бақыт. Бақытсыз махаббаттың өзі ғажайып бақыт.

Мұхтар Мағауин

Бойында қара судың арал бар ма,

Жайылған сол аралда марал бар ма?

Ант ішкен айырылмасқа қимас қалқа,

Тағдырдың тәлкегіне амал бар ма?!

Қара өлең

Амал туғалы ауыл арасы көріс қамымен абың-күбің. Бар-бақуат үйлер жемге байлаған бойдағын сойып, көрші-көлемге наурызкөжеден дәм татырып, жарлы-жақыбайлар «Жыл құтты болсын!» айтып есік ашқан кісіге сақтаған сүрін, жас уызын ұсынып, Жаңғақтың ойын жайлаған жұрт «Ұлыстың ұлы күнін» жадырай, жамырай қарсы алып жатты.

Мезгілі жеткесін тоңы жібіп, түлей бастайтын түз табиғаты жаңарып, жасара бастаған. Әсіресе арайлап атқан таң аспан астындағы жанды жаратылысты тербеп оятар шақтағы дала дидары ажарлы-ақ. Әуеде бозторғай шырылдап, жерде саршұнақтар шиқыл қағып, «Ояныңдар! Көктем келді!» деп айналаға қуана жар салатындай. Ауыл арасында асыр салған қозы-лақтар, көздері қақтай жарқыраған ұлпа ботақандар, күннің жылуы молайғалы бұрынғыдай от басына қамалмай белсеніп ойынға шыққан балақандар – бәрі көңілді.

«Бесқонақ» өткен соң құм арасының ақшотау, мортық, сарғалдақтары бүр жара бастады. Жұрт жаңартып, көктеуге көшкелі етек-жеңі кеңіп, арқа-басы жайылған елдің еңсесі көтеріңкі. «Сәуір болмай, тәуір болмас» дескен жұрт қыс бойы ат ізін салмаған ағайын-жекжатын сағынып жайлауға асығады. Өз ауылында өткеретін соңғы көктемі қыз көңіліне кірбің түсірудің орнына жастық желік жетегімен әлдеқайда алып-ұшып көз жетпес қияға шарықтатып әкетеді. Жер-көктің аясынан тұрақ тапқан жанды тіршіліктің бәрі жаңа әуенмен тербеліп, таза леппен тыныстап жатқан осы бір айдың туысы, бұдан бұрынғы дүниені мөлдір нұр, көгілдір бояуға бөлей келген талай көктемнен бөлек секілді. Әлде тек Ақбөбектің көзіне солай көріне ме, әйтеуір көңіл құсы көкке далпып, алдан бір асу-арман қол бұлғап, балауса жусан исі аңқыған жазғытұрымғы далаға қарай ала қашқысы келіп тұрады. Жас жүрегі тайдай тулап, жаны тыныш таппағасын, бір ауық немере сіңлісі Ақкөзтаймен ауыл сыртына шығып бой сергітеді. Онда да жайбарақат жүре алмайды, жасыл мақпалдай жұмсақ көкке қонған қызыл-сары көбелекті жас балаша қуалап, көздің жауын ала бастаған қыр гүлдерін қызықтайды. Әйтеуір өз өміріне өзгеше өрнек, жаңаша түр сала келген осы бір көктемге Ақбөбек елден ерек қуанышты еді.

///

Күн жылына ырғалып-жырғалып Түгердің түйдек-түйдек құмынан шыққан Есжан аулы Аунамас бетіне ауған. Мамыртай ішіндегі іргесі ажырамайтын ағайынды Есжан, Қыдыр - берісі Бәйімбет, әрісі Адайға белгілі байлар. Мал-басы толық бір қауым елдің алты ай жаз еркін жайлауына тарлық ететіндіктен, ол арада көп кідіре алмай, аяқты малдың соңынан ере көшіп, құдық басы сайын ерулеп атакүлдіктен ұзай берген.

Қазақ үшін көшу де бір қызық дәурен. Кеңге шыққан соң көңіл көтеріліп, жас-кәрі жайдарман мінез табады. Ұлан-ғайыр дала төсінде тізбек-тізбек боп қанаттаса ұшқан жыл құстарындай қырға беттейді. Ұбақ-шұбақ көш бастап, ата қаздай мамырлаған нар түйелер салқын самала сақараға қарай төрт сирақты көсіле сілтейді. Қызық қуған қыз-бозбала бір бөлек, жібек жабулы қызыл нарларға тең-тең жүк артқан бәйбішелердің сән-салтанаты өздерінше бір бөлек, атан қомынан бастары қылқиған бала-шаға, кемпір-сампыр, үйші-малай бір бөлек - у-шу болып, тұтас бір ауыл түйе үстінде теңселіп бара жатады. Жолшыбай еру болып, мал суарып, аяқ суытқаны болмаса, со бетінше Маңғыстаудың құба жонына жеткенше көш басын ірікпейді. Үстірттің мидай ала дөңіне тұяқ іліктіргенше тізгін тартпайды.

Көш бойы қыз-бозбала, жасаңдау қатындар думандатып, сауық құрады. Ақбөбектің айналасына үймелесетін дәмелі жігіттер арасында өкшелес келе жатқан ауылдардан жырылып шығып өзеурейтіндер де жоқ емес. Жастар жүрген жер ән-жырсыз болар ма, пысықтау бозбалалар домбыра тартып, қыз-қырқын қоштай ән салып, көш дырдуын қыздыра түседі.

Жігіт-желеңнің айтатыны:

Үстінде қара нардың ырғалған қыз,

Батсайы қызыл мақпал шұлғанған қыз...

Молданың көзің қара сиясындай,

Қасыңа келсе жігіт кете алмайды,

Төсегің ақсұңқардың ұясындай,-деген секілді әуейі сөз болса, кейбір тіс қаққан жылпыстар:

Сымбатың сұлу сыртыңнан,

Сөйлесең бал тамады ұртыңнан.

Тату бір құрбы сен болсаң,

Сүйіп бір алшы-ау мұртымнан,-деп, желөкпелеу қатындарға ашықтан-ашық жабысады. Әзіл-қалжыңға құлағы қанық ел мұндайды ұят көрмейді.

Батымдырақ бозбалалар:

Ақбөбек, сен де мендей, мен де сендей,

Байлардың мінілмеген тентегіндей,

Шашың бар үштен өрген құла қара,

Арқаның бой жасаған еркегіндей,-десіп, Ақбөбекке тікелей тиісіп, сөзбен сыр тартуға құштар. Ондайларға қыздың бір ауыз жауабы әзір.

Есігі үлкен үйдің айқабақтай,

Ағекем айдарыма маржан тақты-ай.

Аулақ жүр қырындамай, қарағым-ай,

Өзіңе көз салар ма біздей жақсы-ай,-деп, сөз аяғын зілсіз әзілге бұрып, жақ-жақ болып айтысып бара жатқандары.

Жол бойы қыз-жігіттердің әзіл-қалжыңы, ойын-күлкісі үзілмейді. Жастардың жарасымды сауық-думаны үлкендерге де жат көрінбейді. Кеше ғана өз бастарынан кешкен қызық дәурен қайта оралып келгендей көңілдері көтеріліп, жастық қуаттың жалынды жігері жазғытұрымның жылы шуағымен толысып, шалықтағанына шаттанысады.

Осы шаттықтан тып-тыныш жатқан тұйық қырға тіл біткендей, бұйығы даланы әсем әуен тербеп оятқандай айнала тегіс сілкініп, сергіп сала береді. Жұпары мұрын жарғанқыр гүлдері қызылды-жасылды қыз-келіншектердей құлпыра түрленіп, жастар әуеніне елтіген көшпен бірге тіршілік базары қайнап, қыр үсті жайнап жүре бергендей болады. Жері шұрайлы, ауасы райлы шыңыраулы шалғайға жетісімен қаптай қонатын төменгі Адайлардың алды жаз жайлауы Жем-Сағыз бойына жетіп қалғанмен, Жаңғақтың ойын қыстайтын Мамыртай-Жақау ауылдары қыс аяғы ұзаңқырап кеткен жылдары Арқаға шығып арқа-жарқа бола алмай, Ырғызбай-Қарасай маңынан қыр самалымен желпініп қана қайтатын. Кейде жер отты болса, тісі тітірге тиісімен көшке ере алмай келе жатқан көтерем тайлақтың ойнақтап шыға келетінін білетін кәрілердің кеңесімен Қызылсай, Құланды бетінде отырып қалатын.

Бұл ойдағы, құмдағы елдің қыр төсінде тоғысып, алыс-жақынның басы қосылып, бір жасап қалатын кезі. Мал қоңданып, жылқы жонданып, қозы марқайғасын іргелес қонған ағайын-жекжаттың қызық тамашасы басталып жүре береді. Ат баптаған бәйгеде бақ сынап, жыршы-жырау шаршыға түсіп, балуандар белдесіп ас пен тойдың көрігін басатын.

Табиғаттың төл перзенті – көшпенділердің көк аспан – жамылғысы, көк шалғын – төсеніші. Тойын тойлап, ойынын ойнайтын ағайынның қоян-қолтық араласып, кәрі-құртаңның құнтыңдап әңгіме-дүкен құрысып, жас-желеңнің танысып-дидарласып, сырласып-сыбырласып қалатын - бар қызығыжайлауда өтеді.Осындай жайдары жаз басында Ешкіқырған-Елекажы құдығына қонған Есжан аулына жырақтан жалғыз атты жігіт келіп түскен. Нәпақасын ел ішінен табатын етікшіге ешкім елең ете қоймады. Ақбөбек те сұңғақ бойлы, қыр мұрынды, қияқ мұртты, бидай өңді, қызыл шырайлы, тәуір киінген жұқалтай жігітті көргенде ішінен: «Етікшіден гөрі тойшыға ұқсайды екен» – деп ойлап үлгермеді. Тап сол мезетте бұның ойын сезіп қойғандай-ақ әншінің әдемі қара көздері жарқ етті. Сол бір қарас қыз көкірегіне шоқтай қарылып, отты таңба болып басылып қалды. Түпсіз терең судай тұңғиық жанардың жай отынан жүрегі дір-р-р етті. Көздері қайта түйісер болса, жаны шыдамастай жігіт маңынан ұзай берген. Ауылда жасырын сыр жатар ма? Көп кешікпей-ақ етікшінің жай-жапсары мәлім болды: «Бұл жай етікші емес, жасы жиырманың бесеуіне келгенмен бойдақ жүрген атақты Қайып Сері екен».

///

Ағаларына арқа сүйеп, арда құлындай аржайы өскен Ақбөбектің ақыл-ұстамын, ажар-көркін ұнатқан үлкендер жағы: «Есекеңнің осы бір баласы бала-ақ қой,– деп ырзалық танытса, қыз-қырқын: «Шіркін-ай, осы қыздың да арманы бар ма екен?» – десіп қызығатын. Ал жігіт-желең екібастан бір ауыз сөзіне арзу. «Құдай қыз қылып жаратқан соң, аузыңмен құс тістесең де, әке төрінде отыруға бұйрық жоқ» - бұл анасының қаршадайынан құлағына құйған сөзі еді.

Барған жерінде бай қызына сыншы көп болатыны бесенеден белгілі. Жаз шығысымен қыздың жасау-жабдығына бүкіл ауылдың жұмыла кіріскені соны ескеріп, өздерінше елдік танытып жатқандары. Әшейінде, бәсі төмен болғанмен бұндайда ауыртпалық әйелдерге түседі ғой: жүн сабау, киіз басу, жіп иіру, өрмек жүгіру – бәрінің басы-қасында жүретін солар.

Күмбіреген ақ отаулар жанында жетім тайлақтай жарбиып тұратын төрт қанат қоңыр үйде ертелі-кеш етігін тігіп, тарамысын есіп, Қайып отырады. Айналасында: былғары, қайыс, біз, пышақ, қайрақ, қысқаш, қалып, мұрындық, балға – етікшінің бар керек-жарағы жайрап жатады.

Кейде тарамыс есуге қолғабыс берген болып қасына қолы бостау қатын-қалаш, қыз-қырқынның иіріле қалатыны бар. Сондайда бойдақ жігіт дегесін сөз тартпақ болған ауызды қатынның бірі: «Қағынғыр-ау, қыз қарамайтын жігіт емессің ғой, осы уаққа дейін салаңдап бос жүруіңнің мәнісі қалай?» – деп сумаңдаса, көңілшектеу біреуі: «Қайным-ау, арасында әу дей отырсайшы» – деп ән бұйымшылайды. Ойхой, домбыра қолға бір тигесін іс жайында қалады...

Бай үйі қонақсыз болар ма? Келген кісілер жөніне қарап отырмай: «Ауылыңызда Қорабайдың Қайыбы бар дей ме? Серінің даусын бір естуге құмартып жүр едік» – деп, ауыздарының суы құриды. Қазақ қонаққа «қой» деген бе, дереу етікшіге шақырушы жүгіртеді.

Қайып бір қағылез адам екен, хабар тиісімен ісін тастай беріп, шашақты домбырасын алып жетеді. Құданың құдіреті, Қайып ән айтса, жұрт аузын ашып, көзін жұмады. Оның даусын естігенде жылаған бала жұбанып, төсектегі кәрі басын көтереді. Ауылдың тірі жаны қалмай, әнші отырған үйдің есігінен ентелесіп, жабығынан сығаласып итіс-тартыс.

Қалқатай, сен де ақ маңдай, мен де ақ маңдай,

Қосылса екі ақ маңдай – шам жаққандай...

Қайыптың әнін естігенде, Ақбөбек өзін-өзі ұмытып, өзге дүниенің есігін ашқандай әсем әуенге елтіп, сырлы саз мұнарына сіңіп кеткендей ғажайып күйге түседі. Жүрегіне жеткен ән біржолата қыздың сана-сезімін жаулап, ақыл-ойын шырмауықша шандып тастағандай домбыра шегі дың етсе, құлағын түре қояды. Қайыптың бір әуезі – бір дүние! Сол әуенге құмарта берді, құмарлығы күннен-күнге арта берді.

///

Байдың қызы болғаны не керек, Ақбөбек те басы байлаулы көп мұңлықтың бірі еді.

Ұзатылған қыздардың:

Кім мұңлық дүниеде қыз-ай мұңлық,

Қыз болып шешемізден неге тудық? – деп сыңсығанын талай естіп жүрсе де мәнін ескермепті. Енді ойлап қараса, жарық дүниеге келген сәтінен төбесіне «жат жұрттық» деген тұлым байланатын қыз байғұстың мұңлық екені рас екен. Ата салты, ел жоралғысымен ботасында басына ноқта түскен қыз үйінен ұзатылып шығысымен - «жоғалған түйе!»

Құдалар жақтан: «Биыл қыстауға қонғасын келінімізді берсін!» – деген хабар жеткелі көңілі жұртта қалғандай құлазитынды шығарды. Бата жасалып, бет сипасқан соң, әке кесіміне қарсы тұрар қауқар қайда?!Е-е-е, еріксіз ұзатылған қыздың жыламай кеткені бар ма?!

Әжекем таппай кеткір қайдан тапты-ай,

Бір жылғы жұтап қалар малға сатты-ай,-деп зар еңіреп кеткен бейбақтың талайын көрген. Міне, әке дәулетінің арқасында дала қызғалдағындай жайнап өскен өзінің де қыз-ғұмырының ақыры таянып қалыпты. Осыны ойлағанда көзіне жас толып, жүрегі шымырлайды.

Қарап тұрса, қыз ғұмыры тым қысқа екен-ау?! Кеше ғана қуыршақ ойнап, тұлымшағы желпілдеп жүретін бала қыз біреуге келін, біреуге қатын атанбақ. Байсымағы бір бозөкпе жас көрінеді. Апыр-ау, бұл сонда бәлиғатқа енді ілінген балаға қалай жар болмақ?! Сөзі жарасатын қатар-теңінің табылмағаны ма? Көкейін тескен осы бір сауалға жауап таппай ақылынан торыққан қыз болашақ күйеуін жек көріп кетті. Өзін сарсаңға салып, ата-ананың аялы алақанынан ажыратуға себепші болмақ бейтаныс жаннан жазықсыз жиреніп шыға келді.

Қыз бала ата-анаға үш күн қонақ,

Таранып тоты құстай бір күн ұшар,-демекші, Ақбөбек өзінің ұядан ұшар уақыты таяғанда, жанына жарық түсіріп, жүрегін діріл қақтырған Қайыптың әнімен танысты.

///

Он жетіге аяқ басқан Ақбөбектің өз ғұмырында көрген асқан әншісі де, алғаш аңсары ауған асығы да Қайып еді. Үлкен қара көздері жалтылдаған ақжарқын жігіттің өнеріне сын таға алмаса да ауыл адамдары оның қулық-сұмдықтан ада мінезіне таңырқап жүрді.

«Өнер деген осындай таза жанға бітеді ғой, харамдық пен қасиет қайдан үйлессін?!» – деп, етікшіні жақтағанның бірі өз әкесі болса, анасы: «Өзі бір жаны жоқ, ақ көйлек жігіт екен» – деп, мақтаған. Кіші ағасы Есқуатқа Қайыпсыз ас батпайтын болыпты, қашан көрсең әнші сол үйдің қонағы.

Өзін тұңғыш көрген сәтте жігіт жанарының жай отындай жарқ ете қалғанын Ақбөбек қалт жібермеген. Кейінірек, кездескен жерде көп ішінен алдымен өзіне көзі түсетінін, тілдескен кезде әуелі өзінің аты аузына ілігетінін тағы түйіп қалған. Сол бір жарқ еткен жанардан шашыраған сиқырлы ұшқынның өз жүрегіне де жарықшағы түскенін көп ұзамай мойындауға мәжбүр болды...

Мамыртай ауылының майда жібек мінезімен аты шыққан бұрымдылары шетінен ажарлы келетін. Әсіресе, топ жұлдыздың арасында толған айдай жарқыраған Ақбөбектің сипаты өзгеше. Дөңгеленген аппақ жүзіне аялы қара көздері нұр шашып тұратын, құлағынан күн көрінгендей қылықты бойжеткен тал шыбықтай бұралып, күн өткен сайын Қайыптың есін алып барады.

Ақыр түбі оның айнадай жарқыраған көзін көрмесе, күміс қоңыраудай сыңғырлаған даусын естімесе сабыр сақтап отыра алмайтын халге жетті, бірақ басының бос еместігін бетке тұтқан қыз бойдақтан бойын аулақ сала берді. Қайыптың ынтық лебізіне жауап қатпай, сынаптай сусып қолға тұрмаса да, әккі сері сезеді - кет әрі емес.

///

Қосқұдық жазығын жайлаған жалпақ ел жаз ортасында бір желпініп қалды. «Ақтығымның алды» деп Аязбай ақсақал шақырған шілдеханаға Есжан аулы да атсалысқан. Ауыл арасына ат мінбей жаяулаған қызылды-жасылды тойшылар жол бойы ойын-күлкі, әзіл-қалжыңға ырық беріп, жастар жағы өзара алыс-жұлыс. Бозбалалар бірде орамалын, бірде тақиясын ала қашып, арсалаңдағанмен бойжеткендер ауыл-үйдің телі-тентегіне теріс мінез көрсетіп, сөз шығындауды жөн санамайды. Бұндайда сыпайылық сақтап, инабатты көрінуге тырысады. Сырт көз – сыншы! Бөтен ауылға келе жатып сыр алдырып, топтың сәнін бұзғысы келмейді-ақ.

Алдарынан қарсы алған жігіттер бұларды алыстан шырамытты.

  • Е, Мамыртай ауылының арулары, бері жүріңдер. Өзіміз оңаша отыралық,-деп, көңілді топты шеткері тігілген ақбоз үйге шақырды. Қыз-келіншектің басшысы Есжан ауылының би келіні Ақерке. Қара көздері жарқыраған, орта бойлы, оқтаудай, ақ құба - ажарлы әйел. Қой бастаған серкедей қашан да қыз-қырқынның алдында жүреді.

Тойға арнап тігілген сәнді, салтанатты отау оңаша екен. Ауылдың қазақы қалжыңымен қағыса-жұғыса отырып, шай ішіліп бола бергенде, үстіне Сері келіп түскен отырмақ қыз-қыз қайнап жүре берді. Шай еселенді, әңгіме өңденді, шаңырақ астындағы шырай өзгерді. Көптің қолқасымен домбырасын қолға алған Қайып әнге басқанда отаудың есігінен тыным кетті. Үй толып, жабықтан сығаласқан көз қатар қойған шырадай жыпырласа жанды. Әсем әуен әркімнің жүрек қылын қапысыз шертіп, сезім пернесін дөп басқандай. Жұрт үн шығармай, ұйып қалған. Әншінің даусы зарлы, мақамы мұңды екен, бей-жай тыңдай алмайсың. Қай-қайдағыңды қозғап, көзіңе жас үйіреді.

Ән біткенде демдерін бір шығарған тыңдаушылар:

– Өй, өлме!

– Мың жаса, Қайып!

– Өйт, деген-ау!

– Күнде бұндай жиын-той бола бермес, Қайып біздің қолымызға түсе бермес. Кәнеки, тағы бір ән салып жібер! – десіп жатыр.

Қайып бұлданған жоқ. Жүзі нұрланып, жазық маңдайын ақ бәтес орамалмен бір сипап тастап, мұңлы қоңыр дауысы дірілдей бастаған әнін әуелете шырқап кетті. Ақбөбекті көрген жерде жүрегін кернеген сүйіспеншілік дертін сазға қоспақ болған әншінің көкейінде түйіншек боп жатқан сыры сиқырлы сөз-өлең болып төгіле берді.

Ақбөбек, сайқылықпен бұраңдайсың,

Сұм жалған өтер десем, тіл алмайсың...

Шаршы топтың ішінде өз атын Қайып аузынан естігенде Ақбөбек өн бойын аяз қарығандай дүр сілкінді. Апыр-ау, не дейді мынау?! Дүниенің жалғандығын Ақбөбек жаңа түсінгендей болды. Бұл кез-келген бозбала айта беретін «Ойналық та күлелік» емес, беті жылтыр қыз көрсе - «сұлуды сүймек сүннет» деп бәйіт соғатын бәдіктің де сөзі емес. Бұл іңкәр жүректің сыры! Қайып кім көрінгенге көз сүзетін жыртақай жігіттердің сойынан емес. Не болса да, аузын ашса, қолқасы көрінетін ақ жүрек әншінің өзін бір көргеннен құлай сүйіп қалғаны анық. Ақжарма ақын айтса, ақтара салады. Көптің алдында айтқаны - ғашықтық лебізіне мойын бұрмаған қызға қылған назы шығар. Әйтпесе, бұл Ақбөбектің естімей жүрген сөздері емес, бірақ басы бұйдалы бейбақ оған жауап айта алды ма?

Өзіңе арналған әнді көпшілік көзінше бей-жай тыңдау қиын екен, Ақбөбектің құлағына дейін шиедей болды. Әншінің мысы басып, әшейіндегі өрлігі әдірем қалғандай. Жүнше түтіп бара жатқан сыншыл көздердің қуатынан қорғанған қыз қысылғаннан назарын төмен сала берді. Құлағында Қайып даусы. Ақбөбек, айтшы-ау менің мінім қандай?

Ән салса, аңқытады тіл мен таңдай.

Сөзіңе жалғыз ауыз зәру болып,

Көкірек аласұрып өрт боп жанды-ай!

Төбе құйқасы шымырлап барады.Тосын, жаңа ән.

Біреулер:

– Өйдөйт, батыр Бегей, қапы қалма! – деп, қолпаштай қағытты.

Иә, батыр десе дегендей! Батырлығы емес пе, шаршы топта Ақбөбектей аруға қолқа салып отырғаны. Әуенмен бірге әнші зары құлағының тығыны атылып кеткен қыздың жүрек құтысына құйылып жатты.

Рас-ау, Қайыптың бір басында кедейліктен басқа не міні бар? Өмірдің жалғандығы рас болса, пенде пақырдың міні болар ма, сыны болар ма? Бүкіл ғұмырың елес-ғайып бұл жалғанда адамға қазына-мал, дүние-мүлік жолдас бола ма? «Өзінің жалғыз ауыз сөзіне зәру болып», жүрегі оттай жанып тұрған жігіттің алтын басынан садаға кетсін бәрі! Бар ғұмырына бір ауыз сөзі азық боларлық Қайыптай жанды маңдайына жазған Бөбек бақытты екен ғой!

Бойжеткеннің жүзі жайнап кетті. Жұрт «тағы айт, тағы айттың» астына алып, кеу-кеулеп барады. Әншінің де жұқалтаң жүзі күреңітіп, аққұба өңі нұрланып алыпты.

Құдайға бір мінәжат қыламын-ай,

Өзіңе қоса гөр деп сұрадым-ай.

Зар болдым бір сөзіңе, жандырмашы,

Тіл қатшы ең болмаса, шырағым-ай!

Аяғын үзеңгіге салып отырған қызға көптің көзінше бұндай ән салдырған ғашықтық ғаламаты-ау! Кейбіреулер осыны түсініп бастарын шайқаса, енді біреулер бұл әнді неге жорырын білмей дал.

Ақбөбек те қара жаяу емес-ті. Екі ауыз сөзді құрастыру қолынан келеді. Қасындағы қыз-келіншектер түрткілеп:

– Сен де бір ауыз жауап айтсайшы, – деп мазасын ала бергесін «Айтсам, айтайын» деп бір ауыз сөзге бекінген. Әкесінің төрінде отырғанда Ақбөбекті аузынан қағатын кім бар?

Қайып ғашықтық сырын, қалтқысыз сезімін қаймықпай әнге қосып отыр ғой, ендеше Ақбөбек те ағынан жарылуға тиіс. Ақ жүрек әншіні бұдан әрі қинай берудің жөні жоқ. Осы оймен Ақбөбек Қайыпқа өзінің көп зарықтырған жауабын берген.

Кигенім камзол, бешпент алтын жаға,

Сөзіңді қош аламын, Қайып аға!

Есебін өзің білші қосылудың,

Қол артсам сендей жанға арман бар ма?!

Қайыптың езуі екі құлағында. Жігіттің мәз болғанын көргенде көкірегі оттай ысып, екі бетінің дуылдап өртеніп бара жатқанын сезді Ақбөбек. Үй іші араның ұясындай гулей жөнелді. Осы сәтте белбеуін шарт буынып, орнынан ұшып тұра келген Ақерке саусағының ұшын есікке қарай сілтеп қалды.

– Кәнеки, бикештер, алдыма түсіңдер! Әйтпесе, әлпештеп отырған Еркежанымыздың басын сиқырлап, есігіміздегі етікші ертіп кетіп жүрер.

Ауылға бәрі бірге қайтты. Қайып пен Ақбөбектің ортасында су арасына үйген шымдай болып Ақерке келеді. Тілді, шайпау әйелдер қыз түгіл ауылдың кексе қатындары қаймығады. Ақбөбектің де бата алмайтын бір адамы осы жеңгесі еді. Қанша кедей болса да, талай қыздың көкейіне құрт боп түскен сері Қайып емес пе? Ақеркенің ақ таяғы арқасында неше қайтара ойнаса да біресе оң жағына, біресе сол жағына шығып, Бөбектің білегіне жармасумен ауылға жеткен.

Араларына тосқауыл болам дегенмен, әншінің аузына қақпақ бола алмасын білгендей Ақерке бір түрлі тауы қайтып, жасып қалыпты. Оның есесіне, қыздың бір ауыз сөзінен соң, сері жігіт атқа мінгендей арқаланып шыға келген. Ақыры Ақбөбектің ақтық жауабын көп көзінше алған Қайып аса қуанышты еді.

///

Ақерке Қайып жайына көптен қанық еді. Қыз бен жігітті жарастыру оған қиын шаруа емес, бірақ тәуір көретін қайын сіңлісін «қайдағы бір қаңғырған» сері бойдаққа қимады. «Ақбөбекке жолықтыр» деп қыңқылдаған етікшіні емексітпей, «аулақ жүр» деп, бастан тыйып тастау себебі сол еді, бірақ Сері жолығысудың жолын бұнсыз да тапқан сыңайлы, қыздың еркі кетіңкіреп қалыпты. Қайып бар жерден қалмайды. «Басы байлаулы бала ғой, қайда барар дейсің?» дей ме екен, бай-бәйбіше қыздарының еркіндігіне көңіл аудармайды.

Әшейінде де кигені жібек, мінгені жорға бай қызы Қайып келгелі ақсұңқар құстай түлеп, тотыдай түрленіп алған. Баста шоқ шашақты шоқтай барқыт орамал. Өңірі зер жіппен кестеленген ақ атластан қос етек көйлек. Күрең мандаладан тігілген қынамалы бешпеттің белін түрме белбеумен қылдырықтай қылып буып, көк сауыр етікті киіп, қызғалдақтай құлпырып кетіпті.

Іске бір кіріссе, Қайыптың ертеден кешке дейін нәр сызбастан шаншылып отырғанын көрген жұрт: «Құнты жоқ кісінің қолынан іс келе ме, өзі бір табанды жігіт екен» – десті. Іс үстінде «Кебісін киіп көрсін, қонышын өлшетіп кетсін» деп Ақбөбекті күніге әлденеше шақыртумен жүретін шебердің қызыл мақпалмен қошқар мүйіздеп ойған шоңқайма етік, күміс бауырдақты, жиегін жібек жіппен қайып тіккен бес тақа кебістің бірінен-бірі өтеді. Бір сыңары дайын болса, екіншісі апталап бітпей жатады. Сәндікке тігілген іске асығыстық жүре ме? Тігісі қолмен су моншақ тізгендей өнімсіз. Аянбайтын секілді, бар өнерін салып шұқынып отырып отыз өлшеп, қырық қарайды. Біткен істі көргендер етікшінің шеберлігіне мін таға алмады. Қызықтай келе қызғанышын жасыра алмаған бір жеңіл ауыз жеңгесі: «Еркемнің не бәлесі бар осы? Етігіне дейін әп-әдемі болып аяғына құйыла қалады» – дегенде, Қайып та қарап қалмай: «Етік әдемі болу үшін әуелі әсем аяқ керек-ау!» – деп жұртты ду күлдірген.

Жұрттың бәріне өзімсіне сөйлейтін Қайыптың үстіне үнемі үлкен-кіші үйірілетін. Қасында «қағыңғырлап» кемпір-сампыр, қатын-қалаш отырады. Олар бос келмейді: бірі мәсін, бірі кебісін ұстай келеді. Қайып болса, кісінің көңілін жықпайтын жүрегі жұқа жігіт. Іс арасында біреуінің кебісінің табанын ұлтарып, бірінің мәсінің сірісін жаңартып, бұйымын бітіріп сауапқа қалып отырады.

Екібастан Есқуат үйімен етене болып алды. Күн ұзақ іс тігіп, жұмыс басты болып отыратын жігітті сауықшыл мырза кешқұрым өз отауына алдырып, оңаша сыйлауды әдет қылғалы, сондайды аңдып жүретін жігіт-желең Қайыпты ортаға алып, бастаңғылатып жіберуге дайын тұрады. Ойын ойналады, ән айтылады, араларында Ақбөбек те жүреді.

Ақбөбек бетің айдай, белің қындай,

Қарасам ту сыртыңнан тартқан сымдай,-деп Сері жігіт сүйіктісінің сыр-сипатын әнге қосқанда, көп көзінше сыр бермегенмен қыздың жүзі оймақтай бұлттың тасасына батып шыққан айдай күреңітіп барып, қайта жарқ ете қалады. Қыздың жан-толқынысын жүзінен сезе қойған жігіт екеуі оңаша қалса, аш белінен құшақтай алады, бірақ ол темір құрсауша қапсырған қарулы құшақтан ақ сазандай бір бұлқынып босанып кетеді.

Ақбөбек ауыл-үйдің бозбаласына айтатын ащы сөзін Қайыпқа айта алмайды. Неге екенін өзі де білмейді, қапелімде аузына сөз түспей, абдырап-дабдырап қалады. Әйтеуір, сөзінің зілі жоқ аржайы әншіге келгенде тілі байланып, дымы құритынды шығарды. Онысына өзі де таң, өзге де қайран.

Жан сарайын сұлу сазымен жаулап алған әншінің өзіне деген риясыз көңілі, баладай пәк сезімі бей-жай қалдырмағаны ғой, әншейіндегі паң бойжеткен қарапайым етікші жігітті көргенде жуасыған асаудай кібіртіктеп қала беретін болды. Бірде бикешінің бұл қылығы әбден қытығына тиген Ақерке: «Еркежан-ау, ауыл-аймақтың небір сыпа-сері, бай-бағыланын бетіңе қаратпайтын едің, осыған келгенде бұйдалаған тайлақтай қайқаң қаға жөнелетінді шығарыпсың ғой?»-деп қойып қалған. Қыз мән бермегенсіді...

Бастаңғылатып жататын жастардың ажары – Ақбөбек пен Қайып. Ақбозүйдің төрінде аққудай таранып Ақбөбек отырмаса кештің сәні, қайқайтып Қайып ән шырқамаса жиынның мәні жоқтай. Іргені түріп қойып, қоңыр салқын үйде таң атқанша ойын-сауық дүкенін қыздыратын қыз-жігіттер ара-арасында бой жазысып, түнгі ауамен тыныстауды ұмытпайды. Айсыз түнде ақсүйек жасырылады. Қараңғылықты пайдаланып, тышқан аңдыған мысықтай бұта түбінде бұғып отырған бір-бір жігіт көңілі кетіп жүрген күлімкөздермен тілдесер сәтті тосады. Орайы келсе, Қайып та Ақбөбектің білегінен ұстап, бұрымынан сипап қалуға құмар. Қыз жуас емес, білегінен ұстатқанмен бетінен сүйгізбейді.

///

Аязбай үйіндегі «айтыстан» соң, Ақбөбек Қайыпты көргенде бұрынғыша сырғақтамай, салмақты сөз алмасуға көшіп еді. Ақеркенің аңдуы қос ғашықтың аяғына тұсау бола алмады. Ендігі жерде бір жерден табылуды қалайтын жастардың ортақ тілекшілері – Есқуаттың келіншегі Нұрсұлу. Жаздың бір мақпал түнінде ауыл сыртында қос асықты оңаша жолықтырған сол еді, бірақ бұл жайдан жұрт бейхабар. Есқуат қана соңғы кезде бұлардың ымы-жымы бірігіп кеткенін ептеп сезіп жүргенмен, көңіліне бәлендей күдік қашпады.

Әнеу күнгі Қайыптың әні ауыл ішіне тегіс тарап, қазір бала-шағаға дейін жатқа айтып жүр. Екі жастың тілегі бір арнаға құйылып, жүректері бірге соққалы, жұбын жазбайтын болған. Алды-артын абайлатпайтын ғашықтық дерті екі жүректі де меңдетіп, әбден асқынып алған сыңайлы. Ең болмаса жігітті қолының қысқалығы, қызды басының ноқталылығы елең еткізер емес, махаббат сиқырымен дуаланған қос ғашық ессіз Мәжнүндей шалықтап жүр.

Бөбектің түсінде көретіні бойлай бір көрініс. Азат дүние! Айнала мүлгіген тыныштық. Боз жусанды буалдыр дала. Шаңқан бозға мінген қос атты ашық жазаңмен ағызып келеді. Жалғанда екеуінен өзге жан иесі жоқтай. Айдалада ақ боз үй ағараңдайды - армандағы ақ отау...

Кірпігін қимылдатса жұмақтай суреттің қиюы қашатындай біразға дейін көзін ашпауға тырысады. Ашар болса, арман тұлпарынан айырылып қалардай қорқады. Өмір бойы жұбы жазылмас болса, солай самғай беруге әзір. Сүйгенін тапқалы біржола бекінген шешімі, бар тілегі осы!

///

Мизам шуақтың мезгілі өтіп, қазанның қара суығы түскелі ауылдың аймағы азып, жердің түгі тоза бастаған. Мыңдаған жылқы, мыңғырған жандық жайылымының тоз-тозы шығып, тозаңы бұрқырап, азынаған жел, қаптай соққан қара суық қыбырлаған мал-жанды қыстауға қарай ықтырған. Шығандап шалғай шығып кеткен ел қара жұртқа бет түзеген тұста қарбалас қимыл, көші-қон қамы қауырт басталып кетіп еді. Жылқыны Жаңғақтың ойына құлатуға асыққан ауылдың іргесі сөгіліп, қыстауды даярлауға күні бұрын ілгері озған ер-азамат соңынан мал айдасқан қажарлы қатын-қалаш ерген. Бай үйінің бау-шуы, жасау-жабдығы буылып-түйіліп, қыз шешесі мен жеңгелері үйші-жалшысымен бүгін-ертең қозғалғалы отыр.

Бай ауыл оңаша. Қаптай қонған қалың ел, сыңсыған малдан айырылған қырдың жалпақ жоны жетімсіреп қалғандай жүдеу. Бұрынғыдай ашық аспан, жарқын күн жоқ. Көктің жүзін қалың қара бұлт тұтас қаптап алған. Таңертеңгілікте айналаға боз шымылдығын тұтып, тұман түседі. Көзден бұл-бұл ұшқан қайран жаз бар қызығын өзімен бірге ала кеткендей. Ала жаздай дүбір мен думанға тойған қыр томсырайып қана қыраулы қысты сазара тосып жатқандай.

Қыз бен жігіт байласқан уәде, беріскен серттің орындалар уақыты жеткенін түсінді. Көліктерін сайлап, білдірмей жол жабдығына кіріскен жастар бұдан оңтайлы сәттің енді тумасын сезді. Қашу керек!

Ақбөбек, әкең сүйіп қойған атың,

Ақ сүйек, асыл сүйек арғы затың.

Жігіттің ат жеткізер мұратына,

Менің де сүйенерім жалғыз атым.

Отырған қарсы алдымда Ақбөбегім,

Болған соң өзім жалғыз, жоқ көмегім,

Ісімнің істеп жүрген бәрі қиын,

Ия, Құдай, жеткізе гөр бір себебін,-деп Қайып байғұс күні-түн жаратқанға мінәжат етеді.

Аттанар түні қай-қайдағы қорқыныш пен күдік есін алып, таң атқанша кірпік айқастыруға мұрша бермеген Ақбөбек тұсынан Қайыптың даусын естігенде орнынан қалай ұшып тұрғанын білмей қалды. Туған үйден ата-ананың ақ тілеуімен аттанбай, есіктегі қара күңше қашып-пысып бара жатқаны жанына батады-ақ. «Алақанда аялаған ағайынның сүйегіне таңба салатын болдым-ау» деп өкінгенмен алған бетінен қайту оның ойына кіріп-шықпады. Қанша қорланса да қашқан қыздың алды-арты Бөбек емес. Өзінің алдағы өмірі тек қана Қайыппен базарлы, Қайыппен ажарлы болатынына көзі әлдеқашан жеткен. Жер бетіндегі жанын түсінетін жалғызы – Қайып!

Шұғыл қимылдап, боз тайлақтың биязы жүнінен оңқай-солақай иіріп, құстаңдайлап тоқыған ағима шекпенін қызыл бешпентінің сыртынан киіп, белін түрме белбеумен мықтап буды. Шоңқайма шығыт етігін де киіп алды. Қама бөрікті бастырып шашағын төгілдіріп аймақы қызыл шарқатты тамағының астынан орай тартқан қыз көп кідірместен сүйгенінің соңынан ерді. Қайыптың қабағы қатыңқы екен. «Қара басын қатерге тіккен қасқаның не жаны жүр екен?» Ақша маңдайына қанжардай қадалған қара суықтан Ақбөбектің өн бойы қалтырап кетті.

Күн шығысты қызылға бояп, қарашаның қаңтардағы қара темірдей тағы бір таңы атып келеді. Жарауы жеткен қос арғымақ ауыздығын қарш-қарш шайнайды. Ауылдан қара үзіп кеткенше қатты желіспен үзеңгі түйістіріп келе жатқан қос атты елсізге шыққасын аздап тізгін тартқан. Бөбектің үрпиіп кеткен үркек кейпін көріп, күлімсіреген сері ат үстінен ұмтылып көзінен сүйді. Жігіттің ыстық демінен ынтық жүрегі жібіп сала берген Ақбөбек еңсесін тіктеп, есін жиып алды. Өздерін алды – мұнар, арты – тұман талайсыз ғұмыр сапары күтіп жатқанын ғашықтар сол мезетте сезген жоқ...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар