Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ұмтыл Зарыққан. Теректер құлаған түн...

10.04.2020 5840

Ұмтыл Зарыққан. Теректер құлаған түн 12+

Ұмтыл Зарыққан. Теректер құлаған түн - adebiportal.kz

(поэма)

Осынау шаһардың

күп-күрең уысында

өзімді өзім жоғалытқам,

мына бір көнетоз пәтердің

үрейлі қуысында

қанатты ойларым

қандалаға жем болған,

қаланың сақардай қайнаған оттары

асқақ армандарымды күйдірген,

қым-қуыт бораны

қатпар-қатпар қиялдарымды

қиратқан

оңды-солды шашқан,

әлі көзін ашып үлгірмеген үркек сезімдерімді

тәрік еткен

жұлып ойнаған,

сұп-суық балконда тұрып ойланамын енді

бұл қала маған нені берді деп

бұл қаладан нені алдым деп

тұп-тұнық әйнекпен тұмшаланған биік ғимараттар қабырғасындағы

тағдырымды аяп

тайғанап бара жатқан...

Ескі жағалаудың бел ортасындағы

көне қорымдар арасында

адасып жүргем,

азу тісі ақсиған аруақтарды да көргенмін алғаш

тас төбемнен сақылдап

күлген.

Күзгі шәркейімнің ізі

бір шығып бір батқан

шым-шытырық жолдар мен

жол жиегіндегі кәрі теректердің біріне сүйеніп тұрғам

баянсыз бозөкпе шағымда,

күңіреніп батқан бозамық күннің

соңғы жалқынына

бір тал шылымымды тұтатқам

ем болар ма деп

жазиралы бағыма?

Көнетоз балконда тұрып ойланамын енді...

жұлдыздай жыпырлаған түнгі оттарға қарап

ештеңемді жоғалтпаппын деймін

жоғалтарлық ештеңем де болмапты

соншалық,

ақ тісті кітаптарды емірене ақтарғанымды есіме алам

опасыз күндерден қалған

қойын дәптерімді

қолыма алып.

Қаһарлы дала қоңыр бояуын баяу қымтанған сәтте

АЛЖИР жаққа қарайтыным да бар

көзімнің алды әнтек

дымданып,

бейкүнә аналарымның

белгісіз бейітінше одырайған

аула алдына долы жел үйген қардай

ақшыл жүзім

сұрланып.

Бізді кешірмейтін шығар дейтінмін іштей

Санамның бір бұрышында аңдаусыз оянған

беймәлім үрей

жан дүниемді шоқтай қарып,

мен мұрат тұтқан ең ізгі ойларым

сүрініп-жығылып құлап бара жататын онда

аяз сорған арулар демінде

ырғалып.

Алты мың жыл бұрын осы далада болған

алты қабат аспанның сілкінісіндей

бүрістіргім келетін сонда

бетін теріске беріп

бүк түсіп жатқан қаланы,

есіңде ме?

қарағайлар құлап

байтеректер боздаған түн,

жел шайқаған жапырақтай қауқарсыз едім ғой өзім де

жанымның зәузатын

мұншалық

қозғаған кім?..

Біз бәрі бір адасқан ұлмыз дегенмін сонда

(өзіме өзім)

қайта оралар ұямыз да

қайрыла қауышар анамыз да жоқ енді,

«біз құрбандыққа қимайтын не қалды!?.» - деп

ышқына айғайлағаның

есімде

«айтшы...

күмбезді болашақ па?

тозған лентадай әуені».

Мен осы қалада сан рет болғанмын

мен осы далаға сан рет қонғанмын

мен осы пәниге мың рет келгенмін

мен осы пәниден мың рет кеткенмін

келместей болып,

қайта-қайта қыстай беретіні несі екен

бірінен біріне жөткеп

сабылысқан

көлік.

Күрт-күрт етіп

күртік қарды кемірген

ақшуландар жайлы ойлайтынмын тағы

мылқау шағым да

жара ма содан қонаса егер бір ем,

ұлыған дауысын да ести алмайтынмын бірақ

қурайлар ызыңынан

жүрегіме кірген.

Кәрі қурайлар ұзақ азынаған сонда

түнеріп

безеріп

бүркеніп

қалтырап

сақылдап сайтаным,

оны да толық ұғына алмайтынмын

бірақ

қанағат тұтып

ғасырлар айтағын.

Бір ауыз арзуым бар еді

кәрі дүниеге

теңіздей теңселген атырап пен

алып аспанның арасын

қалың қарғаға толтырған,

ауызымды ашсам болды

қою көлеңкелер

түрегеліп келе жататын

қаланың қақ ортасындағы

мен тұрған қорымнан.

Ыстық махаббат пен нәзік қорқыныш қана қалды енді

осы қаладан жұққан,

өзіме-өзім ту сыртымнан қарағанымда

бассыз кеудемде булыққан

алып айдаһарларды көретінмін

бассыз адамдарды көретінмін

иттей ылыққан.

Үйшіктей балконымда тұрып ойланамын енді

өмірімнің ең соңғы демі туралы

тірлігімнің ең соңғы сәті туралы

күңгірттік пен жым-жырттықтың құшағында мүлгіген

кәнігі шаһар

көнетоз сағат

бәрін де есіме салған,

мен бұл шаһарда тумаппын

мен бұл шаһарда тұрмаппын

менің отаным –

құсалы арман

құсни жалған.

Қызыл

жасыл

оттардан арыла алмаған қала

тыныш

бейбіт

һәм жым-жылас

мың милион жылқылар шауып өткендей

бұрқ-сарқ етіп қайнаған кеудесі

бастыққан,

иә

түн екені белгісіз

иә

күн екені белгісіз

ұйқысы қанбаған арудың таңғы төсегіндей

тастанды жылдардың

құшағына батқан.

Мұздай қарыған балконымнан түсіп енді

жол жиегіндегі

арзан дүңгіршектің

қаңсыған құмырасын аштым

күлімсі иісі бірден

мұрнымды қапты,

өзіме өзім ту сыртымнан қарай алмаймын енді

ту сыртымда

сен асылған арқандай

жұтынған жолдар

түнеріп жатты.

Қақаған қыста да

қайырымсыз қалған мекенін қия алмай

шықылық атқан

кіл жетім торғай

төбемізде жүрер,

өзіме өзім

ту сыртымнан қарай алмаймын енді

ту сыртымнан

сол

бейуаз торғайлар күлер.

Олар

жазымыш жайлы біздің адами ойларымызды мазақ етеді

түйсінгісі де келмейді

тағдырдың тезін,

өзіме өзім ту сыртымнан қол салардай

төбе құйқамды шымырлатады

осы бір

үрейлі сезім.

Шығыстың момақан түні

қанталаған тұста

мен сол үрей мен өксік ішінде туған баламын,

көргемін және

құса мен құрсау құшағында

булығып

мыңжылдық Мықан ағашының

боздағанын.

Алып бәйтеректер құлаған түн –

көз жасы ішіне тамған,

олар

неге?..

сан ғасырлық сағынышын тәрік етіп

менің аулама

қонған.

Сенің қандай күнәң бар еді

табаны тілік

жүрегі сүлік

ғұмыр кешетұғын,

тастай қараңғы аулама бекер-ақ қондың-ау

бермейді

тыным.

Шашы ағарған

сүйегі сарғайған

төрт мұнарасы

төрт құбылаға

шаншылып,

сені мен мені мазақ еткендей

тап біздің аулада

мүлгиді алып кәрі ағаштар

өз бұтағына өзі асылып.

Алып бәйтеректер боздаған түн –

бәрі есімде

жылы да

айы да

күні де

ең соңғы сәті де

ақырғы демі де

езу тартқаны да

ақсиған бұтақтарының,

жалқын сәтін ғана аңсаймын кейде

терезем алдында булығып

қоңыр көлеңке ішінде тұншыққан

ақ шамғы иріміндей

жауапсыз сұрақтарының.

Алып қарағайлар қираған түн –

бәрі есімде

шоғын маздатқаным

күлін шашқаным

діңін қиратқаным,

өз қабырғасынан қара пышағыммен ақымдап

қабір қазардағы

михнаттарым.

Алып теректер сілкінген түн –

және кебінсіз қалғаны

шашылған жапырақтары

бір уыс матаға жарамай,

менің ызалы қолдарым мен

долы желдің жұлмап жатқаны

көмерге қалқа таба алмай.

Осыдан алты мың жыл бұрын

алты қабат аспанды сілкілегеніндей

бетін батысқа беріп

бүк түсіп жатқан даланы

және өзін сүп-сүйкімді өлікке ұқсатқысы келген

осынау шаһарды

осыдан алты мың жыл бұрын

жұмылмай қалған

жан – ары.

Күн менен түннің жапсарындағы

сиқырлы сәуле

байқадың ба

ішімде өлген итке қарғыбау таққанын?

қоп-қоңыр көлеңкеме сүрініп

кісіней алмайды

неге?..

осыдан алты мың жыл бұрын

айға арқандап қайтқан

арғымақтарым.

Есіңде ме?..

алып бәйтеректер құлаған түн –

қаһарлы аспан,

осыдан алты мың жыл бұрын оянып

парағы жабылмай қалған

азалы дастан.

Есіңде ме?..

табытта талықсып оянған түн

іргеңді ақымдап азынаған дауыл,

осыдан алты мың жыл бұрын

қош деуге хәлі қалмаған

дәуір.

Мұздай суық шекесі

кеуде тұсы сарық-сұрық етіп қайнаған,

кім болды екен дейсің сосын

шеке тамыры бүлкілдеп

өз көлеңкесімен

өзі ойнаған.

Тым ұзаққа соза алмайтынымды білгем

мазаларыңды алған

осы бір хамсамды

жол жиегіндегі көне дүңгіршектен алған

күлімсі құмырадай

кәрі жынын атырапқа шашқан,

ескі қорымнан оянған

мазасыз әуендей

уақыттан уақытқа

белдеуден ендікке

шылбырын сүйретіп

қашқан.

«Анамыз – ағаш» деп жазған еді*

өткен ғасырдан қалған

бозінген текті бір ақын

бір емес екі бірдей өлеңін

ай астындағы аруақтарға арнап,

мырыс еткенім есімде

...

үрейге шомған балконымда тұрып ойланамын енді

көзімнің алды

қара қобыздың беліндей бүкірейген

сол шайырдың

ырысты ұйқастарындай

сарнап.

Шешеміз – ағаш**

әкесіз жетім

«жерде туып,

көкте өлген» олар,

мен сол жасыл теректің түбіне

өзімді өзім арулап көмгенмін

мүмкін,

осыдан алты мың жыл бұрын болар...

Иә,

осыдан алты мың жыл бұрын

бірі батысқа құлап

бірі шығысқа жылап

шамырқанған түн шумақтары,

табытын сүйретіп тасырлата шапқан

көрдіңдер ме сондағы

арғымақтарды?..

Сен екеуміз

аттамасқа аныт еткен ғаршыдан

ақ қанат парақтар

барады асып,

ақсөңке сүйектер

құлайды кеудеме

бейғам

жан – ары

жасып.

Көгілдір тұман ішінде

Көк жасыл бояуын төгіп

бусанған дала

сен бізді кешір,

өзінің табыты өз иығына батқан

өлі өзен үстінде

үзілген көпір...

Осыдан алты мың жыл бұрын болған

өлі өзен үстіндегі

осы бір көпір

осыдан алты мың жыл кейін де болмақ,

сені мен мені қауыштыра алмағанындай

осыдан алты мың жыл кейін де

отырар

қарғап.

Осыдан алты мың жыл бұрын

Тамырымызда

қан емес үрей

аққандай,

ол өзінің уытты бояуын

шаңыраққа да

босағаға да

маңдайымызға да

арылмастай етіп

жаққандай.

Сен бізді баяу үрлегін

алғашқы әуеніңменен

бақбақ гүлдерін

кербез ұшырғаныңдай

жеп-жеңіл етіп,

жүреді екен дейді ғой

кәнігі аруақтар

өз мүрдесін

өзі күзетіп.

Қалың қорымдар арасынан оянған баладай

ай неге өрісте

сұлық жатыр

бүгін,

өлімнің исіндей іңкәр дауыспен

шіңгірлейді бейғам

иесіз құлын.

Еңсемді езеді осы бір ұзақ түн

тумайтын айы

шықпайтын күні

тарғыл мысықтар кереге тұсымды тырнап,

мен мүмкін осы әлемдік емес шығармын

мен мүмкін осы әлемнен алыс қонармын

қайдан келіп ем

...арашаласаңдаршы

сұрап.

Қош...

адамзат баласының аяқсыз қалмаған

қай хикаясы

бір түнді мың түнге жалғап

бір ертегіден мың ертегі туар,

мен өз сүйегімді жонып

алып тостаған жасап алдым

жап-жасыл

жан – арымның

ұятын құяр.

Осыдан алты мың жыл бұрын.

алты қабат аспанның сілкінісіндей

бүрістіргім келетін сонда

бетін теріске беріп

бүк түсіп жатқан қаланы,

есіңде ме?

қарағайлар құлап

байтеректер боздаған түн –

жел шайқаған жапырақтай қауқарсыз едім ғой өзім де

жанымның зәузатын

мұншалық

қозғаған кім?..

* Омарғазы Айтанұлының «Жалғыз ағаш», «Шешеміз – ағаш» өлеңдері меңзеледі.

Ақпан-наурыз, 2020 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар