Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Ұшқысы келетін тауықтар...

17.02.2021 3526

Ұшқысы келетін тауықтар 12+

Ұшқысы келетін тауықтар - adebiportal.kz

Бір жолы талантты жас жазушылармен әңгімелесіп отырдық. Дәл сонда жас жазушының бірі әдебиет туралы айта келіп, қазіргі қазақ әдебиеті туралы менің пікірімді сұрады. Оған берген жауабымның ішінде «қойшылар әдебиеті» деген сөз айтылып қалған еді. Соған орай осы арада постмодернизмнен сөз ашпас бұрын ойымды «қойшылар әдебиетімен» сабақтағанды жөн көрдім.

Жұрттың көбі дипломы бар адамдар әдебиетті бағалауы керек деген ұстанымға берік сенген. Әрине білім болу керек, алайда диплпом да ескі, әдебиет те ескі болса, сол ескі біліммен ескі сананы өлшемге салса одан не шығады. Қараңғы түнде «соқыртеке» ойнаған деген сол болар.

Жаңару үшін толысу керек. Бұл әрбір заттың жаңаруына қойылатын алғы шарт. Бізде жеті жүзден астам ақын-жазушы бар деседі, ол тағы көбейе түсетіні сөзсіз. Нақты тіркеуге алынған сол ақын-жазушылардың жазатыны бір-ақ нәрсе - мал бағудың айналасындағы өмір. Қойшылар әдебиеті дегеніміз міне осы. Бұдан ешкім қашып құтыла алмасы анық, өйткені біздің қоғам солай. Бұл арада жеке адамдарды кіналаудың қажеті жоқ.

Енді постмодернизмге келейік, дамыған елдер әдебиетіндегі бұл ағым постиндустриалды қоғамның жемісі. Өйткені бұл қоғамда сананың кеңістігі өзгеше болады. Оны Үшінші дүние елдерінің адамдары қабылдай алмайды, тіпті түсіне де алмайды. Ал сол Үшінші дүние елдері ішіндегі өзімізді іздейкші. Көшпенді малшылық, аңшылық қоғамнан жадағай отырықшы қоғамға өткенімізге көп болса бір жарым ғасыр әрең толды, одан кейінгі ойдан жасалған социализм, кейінгі мәнерлеу деңгейіндегі индустриалық қоғам біздің санамызға не орната алды. Әрине ештеңе де. Осындай қоғамнан шыққан адамдар постиндустриалды қоғамның ерекше дамыған өнерін көрген жерден түсіне қояды дегенге сенудің өзі қиын.

Бұл арада біз әдебиет туралы сөз қозғап отырмыз, сол үшін әдебиетке қайта оралайық. Біздің әдебиетіміз фольклорға жуық әдебиет, көзбен көргенді, құлақпен естігенді грамматиканың тәртіптерімен қағазға түсіру ғана. Былайша айтқанда адамның тіке түйсігінің нәтижесі. Ортада ХІХ ғасыр орыс әдебиетінің әсерімен қарапайым романдар, поэмалар жазылғаны рас, осы бір жай дүниелер бізге ғажайып болып сезілді және бір ғасыр бойы әдебиетіміздің өлшем бірлігі болып бекітілді. Санадағы кеңістік тарылды. Тағы да айтайын, бізде ғасырлар бойы жалғастық тауып келген жазбаша әдебиет жоқ. Біздің аталарымыз домбырамен ат үстінде ән айтып жүргенде батысымыздағы және шығысымыздағы елдер кітаптың астында бастырылып жатыпты. Біз қашанда елдің заманы өтіп кеткен әдебитімен өзімізді салыструға әуеспіз. Тіпті өзімізді әлемдегі керемет қаламгерлердің қатарынан іздейміз. Өзімізді жоғары көтеріп жүреміз, бірер ақындардың шығармалары шетел тіліне аударылып, бірер ақындардың және жазушылардың еңбегі туралы шетелдерде еске алулар болса жерге симай кетеміз, ісжүзінде оның барлығы саяси дипломатиялық байланыстардың аз күндік жемісі ғана. Бізде Байрон, Пушкин, Гёте сияқты жеті жұрт жатқа білетін ақын-жазушы бар ма?!

Батыстың постиндустриалды қоғамы бізге компьютер, интернет, смартфон сияқты бір қатар ерекше өнімдерін сиға тартты. Сыйлық біздің идеологиямызға өзгерістер әкелді, соның нәтижесінде белсенді топтар жалпы қоғамның модернизациялануын қалады. Соның бір көрінісі әдебиеттегі модернизм ағымын таңдайтын қаламгерлердің талпынысы. Бұл арада оны постмодернизммен шатастыруға әсте болмайды, себебі бізді сондай санаға жеткізетін қоғам әлі қалыптасқан жоқ.

Модернизмді шын түсінетіндер бар да, атын білгенімен өзін мүлдем танымайтындар да бар. Көп адамдар мәтіннің формасы, баяндау тәсілі, сөздердің орналасуы сияқтыларда өзгеріс болса ол модернистік ағымдағы әдеби туынды деп қабылдайды. Ешқашанда олай емес. Біздің әдебиеттегі ұзақ жылдық ұстанымымыз ‒ реализм. Ондай болса реализмнің эстетикалық шарттары да бар. Сол шарттарды бұзып шыққанда ғана модернистік шығарма туралы сөз ашуға болады, дәстүрді бұзу дегеніміз міне осы.

Адамзат ең алғаш тас бетіне сурет (пеотроглиф) салғаннан бастап өз ойын жалпыға жариялай бастады. Кейін сай-саланың барлығы суретке толған шақта барып жұрт одан жалықты, содан белдеріне тері-терсек байлап, дұмбақ қағып би билеп, ән салып кетті, сол дәстүр әлі жалғастығын тауып келеді. Артынша қауымдасқан топтар, атап айтқанда озық құрал-жабдық өндіре алатындар алғашқы болып тасқа сурет салудан құтылып, эволюциясындағы ең маңызды кезең дыбыс таңбасын немесе жазуды ойлап тапты, абстракты заттар жазу арқылы таныстырыла бастады. Ары қарай адамның танымы өзгеріп, ой өрісінде кең жолдар ашылды.

Қазіргі қазақ әдебиеті де дәл сол петроглиф заманына ұқсайды, түрлі жанрларда жазылған әдеби туындылар кезіндегі сай-салаға симай қалған пеотроглифтер сияқты, бүгінгі таңда екінің бірі жазушы, екінің бірі ақын болуының себебі ой өрісіміздің дамымай бір орында тоқтап қалуынан. Заманы өткен өнерді кім көрінген алақанында ойната жөнелетіні де содан. Сондықтан ақын-жазушы санының еселеп артуы мен көркем шығармалардың таудай болып үйіліп қалуын әдебиетіміздің дамуы деп қарау қате. Керінсінше өнер өлшемінің аласа деңгейде екенін аңғартады.

Мұндай жағдайда жаңалықты қалайтындардың қатары молаяды, бұл - бұлқыныс. Қанша күшті бұлқыныстар болғанымен оның керемет идеасы болмаса нәтижесі неғайбыл.

Болашақтық жаңарудың қажеттілігін сезіну адамдардың мәдениет деңгейінің жоғары-төмендігімен байланысты. Біздегі жаңалық қабылдаушы тараптың санасында ешқандай өзгеріс жоқ деуге болады, тіпті олар жаңалықтан бетбұрып, кері шегініп, рулық, қауымдастық қоғамның ыңыршағын арқаларына таңып алған. Оған мысал ретінде ру таңбаларының зерленіп жасалуы, сол зерленген таңбалардан өрден жасап ру жыршысының кеудесіне тағу, рубасын жырлап бақсы сарын айту сияқтыларды атап өтуге болады.

Әдебиеттегі жаңашыл (формализм емес) топтардың жарыққа келуі қуанарлық жағдай. Оларды кеңістікті аралап жүрген құстар деуге болады. Өзге әлемдегі жаңалықтарды біліп, өз әлемінде де сондай жаңалықтардың болуын аңсайды, бұл топтардың еңбектері туралы айырым тоқталатын боламыз.

Қазір жастар арасында модернист болғысы келетін ақын-жазушылар көбейіп келеді, бірақ оларға қоғам дамуының сылбырлығы кедергі. Сондықтан олардың жолы ашылуы үшін бүкіл сана мен түйсікке әсер ететіндей біздің қоғамда модернизация болса деп тілейміз.

Тауық та құс, бірақ тауықтың он бес мың жылдық қорада бағылу тарихы оны ұшу қабілетінен айырған. Тауық та ұшқысы келеді, ал оның ұшуы үшін қанаттың қабілетін қалпына келтіру шарт. Біз де адамбыз, бірақ алты мың жылдық мал бағу тарихымыз бізді жеке дара өркениет жарату қабілетімізден айырған, біздің де өнердің биігіне көтерілгіміз келеді, ол үшін «тілдің» қабілетін қалпына келтіру шарт.

Ең керемет қойшы ешқашанда театрға барып опера көруді ойламайды. Егер оған мәжбүрлі түрде Италия операсын көрсетсе дым түсінбей шығатыны айдан анық.

Постмодернизм де солай.

Қалбан Ынтыханұлы

Көрнекі сурет: Василий Кандинский


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар