Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
В. Левитке жасалған қиянат қаламгерлердің қанын қы...

17.08.2016 2423

В. Левитке жасалған қиянат қаламгерлердің қанын қыздырды

В. Левитке жасалған қиянат қаламгерлердің қанын қыздырды - adebiportal.kz


450_57b25a989f0ea.jpg

Олимпияда – күллі әлемнің алдында өз туыңды желбірету, әлеуетіңді көрсету! Иә, мұнда жеткен жеңіс қуанышы мен жеңілістің өкініші өзгеше. Бұл бұрыннан белгілі әрине. Ал, бір-екі күннен бері ондағы әділетсіздікке қайнаған қанның да температурасы әдеттегіден басқаша болатынын көрдік.


Қазақстан атынан сайысқа түскен боксшыларымыз Олжас Сәттібай мен Василий Левитке шынайы баға берілмеді деген көрермен қауымның төрешілерге өкпесі қара қазандай. Оны Олимпияда залынан және әлеуметтік желінің дауылдай бораған, жаңбырдай нөсерлеген пікірлерінен көріп отырмыз. Көп түкірсе көл! Әсер етпей қоймады.


Айқайымыз AIBA-ның пікірін өзгерте алмаса да өз елімізде өте нәтижелі болды. Міне, Рио Олимпиадасының күміс медалін еншілеген Василий Левитке 250 мың доллар сыйақы берілетін болды. Аталған қаржы Олимпиада алтынын алған спортшыға берілетін сыйақымен тең. Балам дейтін ел деген осы шығар. Әділетсіздікке жаны төзбей әлеуметтік желіні жарып жібере жаздаған жұрттың бел ортасында ақын-жазушылар жүр. Біз осы орайда Левиттің Риода алған күмісін, елінде алған алтынын құттықтай отырып, Левитке қолдау көрсеткен бір қатар ақын-жазушылардың пікірлерінен үзінділер беруді жөн санадық.


Есболат Айдабосын, жазушы: Осы екі жігітті қайта жұдырықтастырса қалай болар екен?! Промоутерлік компаниялар қолға алып 5-6раундтық кездесу жасаса құдай біледі даңқы мен дақпырты Мейвезер мен Пакьяодың жекпе-жегінен кем түспес еді. Табысы да аз болмайтыны анық. Әлде әуесқой рингтің серкелерін промоутерлік компаниялар сүзістіре алмай ма?!


Жанарбек Әшімжан, ақын: Жарайсың, Левит! Риодағы сайқымазақтың алды бұл емес. Ең бастысы сен ана бір ұзынтұраны қуалап жүріп ұрғаныңды күллі дүние көрді. Нанға сатпайтын намысыңнан айналдық! Тәмәм! Осымен AIBA атты алып цирктің ақырғы көрермені бола отырып, бұдан кейін аталған цирк мекемесінің манежы жер шарының қай нүктесіне қойылмасын шетіндегі ақ жағалы клоундардың ойынын тамашалау үшін кішкентай балаларыма билет алып беріп ұдайы аттандырып отырам! Бұл бір ғажап, кішкентай бүлдіршіндерге шексіз әсер сыйлайтын өнер екен... Құры, Чинг Куо Ву! Омалып отырғанша сол жерде ноқта-жүгеніңді сыпырып тастап кетпеймісің!.. Жасасын, бір ісі оңға баспаған одақтастарым менің!.. Біз сендермен қандай ұйыққа да батуға бармыз... P.S. Беделің бес құрлыққа өткен қайран Бекет көке Маxмұтов! Бір сөзін өткізе алмайтын талтаңдап жүрген мына миллиардерлерден қалтаңда көк тиының жоқ сенің орыныңның ошақтай болып тұрғаны-ай...


Ұларбек Дәлейұлы, ақын: Озбыр одақтасымыздың көзіне шыққан сүйел... Бәселей бауырым, Рио басталғалы бері сенің әр шайқасыңды қадағалап, адымыңды санап, сенімен бірге ұмтылып келдім. Алла біледі, сен алғаш шайқасқа түскенде-ақ, Рионың жеңімпазы болатыныңды жүрегім сезді. Ұлтың басқа болса да, Сен біздің елдің намысын соңына дейін қорғадың! Ұлтың басқа болса да, Сен Қазақтың батырысың! АИБА аяғыңнан шалса да, Күллі әлемнің жұдырық жанкүйерлерінің көзайымы болдың!


Бауыржан Берікұлы Сегізбаев, ақын: Видеоны асықпай тағы бір қарап шығыңыздар. Біздің батырдың танк сыяқты жапырғыш қасиетін байқайсыздар. Сұмдық! Ризамын! "Жеңілсе" де, біз оны төбемізге көтере құрметтейік, ағайын! Ел намысын еңкейтпеген Ер!!! Біз сенімен мақтанамыз! Ал аналар "жеңген" батырларымен мақтана берсін! Көне ғасыр емес, шүкір, видео - тарих таспасында мәңгі қалады! Күндердің күні Тищенко бұл "жеңісіне" тікелей өзінің қатысы болмағандығын мәлімдейді!


Ақын Ерболат Баятұлы, өзінің қыжылын жыр шумақтарымен өрді:

Спортыңда саясат!!!

Дініңізде саясат,

Тіліңіз де саясат.

Күніңізде саясат,

Түніңіз де саясат.

Іріңізде саясат,

Тіріңізде саясат

Күлгеніңде саясат,

Жүргеніңде саясат,

Үргенің де саясат.

Ақшаңызда саясат,

Басқаңызда саясат.

Әділеттің күні жоқ,

Спортыңда саясат.

Барлық жерде соны ұқтым

- Пара бер де май асат!


Ал өз кезегінде айтулы ақындарымыз телеарналардан тікелей эфир жүргізген комментаторларды да сынға алды. Ақынның пікірін алдағы уақытта ескерілуі тиіс түйткілді мәселенің бірі осы екені де қаперде болса екен деген үмітпен ұсырып отырмыз.


Ұлықбек Есдәулет, ақын: Біздің бокс комментаторларының жиі қолданатын сүйікті сөздерінің бірі: "Боксшы аяғымен жақсы жұмыс жасауда" деген сөйлем құлағымда әлі ызыңдап тұр.

Қалдарбек Найманбаевтың "Даңқ тұғырында" дейтін кітабында Әбдісалан Нұрмаханов пен Әбілсейіт Айханов, т.б. боксшыларымыз бен палуандарымыздың сан алуан шайқастары туралы шебер суреттелгені есімде. Сол шығармалар да бүгінгі тіл білмейтін спорт комментаторларына таптырмас көмекші құрал бола алар еді.



adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар