Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Венецияндық шебер Джанбаттиста Тьеполо

05.03.2022 825

Венецияндық шебер Джанбаттиста Тьеполо 12+

Венецияндық шебер Джанбаттиста Тьеполо - adebiportal.kz

Өз халқы ұлы санап, төбесіне тұтқанмен, өзге жұрт біле бермейтін өнерпаздар өте көп. Солардың бірі Джованни Баттиста Тьеполо. Венециян мектебінің өкілі саналатын ол италия суретшісі әрі гравер, офорт жанрының шебері, декоратор әрі фрескашы.

Джанбаттиста Тьеполо 1696 жылы 5 наурызда Венецияда, кемеші кәсіпкер Доменико Тьеполоның көп балалы жанұясында дүниеге келеді. Алайда жеті айлығында әкесі көз жұмып, анасы Орсетта Марангон шиттей алты баламен жесір қалады.

Күндердің күні жергілікті шіркеу каноны Доменико Монеллоның ақылымен Джанбаттиста венециялық суретші Грегорио Ладзаринидің шеберханасына барып, шәкірт атанады. Әуелі алақандай икондар сызумен шұғылданған балақай, он төрт жасқа толысымен өзгеге ұқсамайтын еркін ойын кенепке түсіре бастайды.

Бастапқы жылдары Тьеполоға Себастьяно Риччи, Паоло Веронезе и Джованни Баттиста Пьяцетта шығармашылығы қатты әсер етіпті. Ал 1717 жылы жас суретші Ладзаринидің шеберханасынан кетіп, жергілікті суретшілер корпорациясының (fraglia pittorica veneziana) мүшелігіне қабылданады. 1719 жылы Франческо, Джанантонио және Николо сынды Гвардилар отбасына жататын танымал суретшінің қарындасы Мария Чечилии Гвардиге үйленеді. Сөйтіп Тьеполо мен Мария тоғыз бала сүйеді. Айтпақшы, болашақ суретшілер Джандоменико мен Лоренцо да осы шаңырақта дүниеге келген болатын.

Джанбаттиста венециялық патрициялардан тапсырыс алып, фрескалар мен картиналар салатын. 1723 жылы ол Санти-Джованни-э-Паоло базилигіндегі Сан-Доменико капелласының төбесін көмкеретін эскиздерін ұсынады. Бірақ ол тапсырыс ақыры Дж. Б. Пьяццеттеге бұйырады. Есесіне Тьеполо 1725-1729 жылдары Аквилей патриархы Дионисио Дольфиноның тапсырысын орындайды. Әуелі шіркеуді безендіріп, артынша Удинадағы Архиепископ сарайында жұмыс істейді. Онда ол Удинадағы патриархалдық семинария кітапханасының төбесіне арнап кенепке әлденеше панно түсіреді. Ал 1726 жылы Удинаның Қасиетті Қауым бауырларсыты өз шіркеулерінің капелласын да басқаға емес, тап біздің кейіпкерімізге сеніп тапсырады.

Венецияда патриархтың бауыры Даниэле III Дольфино 1726 жылы 30 сәуірде Константинопольдегі елшілікке жүргелі тұрып, венециялық әйгілі суретшілер өзінің Палаццосына (Ка’ Дольфино) арнап картиналар сызғанын қалап өсиет хат қалдырады. Сол бұйымтай негізінде тек Тьеполоның бір өзі ғана Ежелгі Римнің ерлік тарихы тақырыбында кенепке он панно түсіріпті. Ол үшін Тит Ливий мен Плутархтың кітабы бойынша «триумфтар», шайқастар, римдіктердің ерлігі мен адалдығы сынды сахналарды таңдайды.

Джованни Баттиста Тьеполоның кейінгі картиналары мұрагерлерінің қолында кеткен. «Карфагенді алу», «Верчелли түбіндегі шайқас» және «Югурттар триумфы» сынды үш композициясы осы күні Нью-Йорктегі Метрополитен музейінде тұр. «Гастурбалдың басын ойлаған Ганнибал» және «Фивама түбіндегі Этеокл мен Полиник» сынды екі еңбегі Венадағы өнер тарихы музейінде. «Гай Марияның триумфы», «Рим қабырғасының түбіндегі Кориолан», «Диктатор билігі кезіндегі Цинцинаттың қызметі», «Карфаген Сенатындағы Квинт Фабий Максим», «Порсендер лагеріндегі Муций Сцевола» – Петербордағы Эрмитажда тұр. Ал соңғы бес картинаны 1876 жылы Парижде өткен аукционда Петербордағы барон Штиглицтің техникалық сурет Училищесіне деп А.А. Половцов сатып алады. Қазір бұл туындылар да Эримтажда сақтаулы.

Осы арада өнерпаз Тьеполоның орыс империясымен аздаған байланысы туралы айта кетсек. 1758 жылы Петерборда жұмы істеп жатқан архитектор Бартоломео Франческо Растрелли канцлер М.И. Воронцовтан Тьеполоға сәлем айтады. Өйткені Елизавета патшайым сарайдағы Үлкен залдың плафондары мен Императорлық Қысқы сарай шіркеуін суретпен көмкеруге тапсырыс берген болатын. Алайда бұл тапсырыс сол күйі орындалмай қалды. Сөйтіп «Хисттің мінәжаты» плафонын Ф. Фонтебассо орындап шығады. Бірақ ол еңбек біздің заманымызға дейін сақталмаған.

XVIII ғасырдың елуінші жылдарынан бастап Еуропада аса танымалдыққа жеткен Тьеполоның артында бір өзі жиырма үш беттен тұратын «Еркелік фантазиясы» сынды отыз бес офорт қалған. Өнерпаз ғұмырында өзі іргесін қалаған Падуан суретшілер академиясының мүшесі болды. 1750 жылдан Венецияның талғампаз өнер академиясының алғашқы президенті. Ол өмірінің соңғы жылдарын Мадридте өткізеді. Шәкірттері көп еді. Сөйткен Тьеполо 1770 жылы наурыздың жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні Испания астанасында дүниеден өтеді. Сүйегі Сан-Мартин шіркеуіне жатыр.

Көрнекі суреттер ашық интернет көзренінен алынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар