Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Виктор Гюго мен Таласбек Әсемқұлов...

31.05.2021 5712

Виктор Гюго мен Таласбек Әсемқұлов 12+

Виктор Гюго мен Таласбек Әсемқұлов - adebiportal.kz

(сыни эссе)

Таласбек марқұм түйдей құдасым әрі әріптес замандасым еді.

Алматыда онымен алғаш танысқанымда «А.а. а. Таласбек сен екенсің ғой! Біраз жыл бұрын Жұлдыз жұрналынан сенің «Шымдан» деген повестіңді оқып қатты таңқалып едім. Қазақы өмірді дәл осындай көзге елестетіп шынайы жазған бұдан бұрын мұндай шығарма оқымағам, басқа көптеген кітаптардың бәрі байды жамандап, кедейді мақтап жазған болушы еді...» деп.

Таласбек менің риясыз пікіріме қатты назар аударып қуанышын білдірді. «Расында, ол өз ауылымда болған нақты оқиға еді» деді. «Оқиға сылтау ғана ғой, сондағы өмірді ақ-қара демей суреттеп жазу ең қиыны емес пе! Көп жазушы өйте алмайды, бір жағына бұра тартады...» Осылайша, жазушылық жайлы біраз ойлардың қырқаларына барып қайтқанымыз есімде.

Содан жақсы тіл табысып кеттік. Кезіккен сайын «Абай, менің ана жазғанымды оқыдың ба?» деп сұрайтын, оқығанымды, ұнаған, ұнамаған тұсын дәл айтсам, қатты әсерленіп қалатын.

Егер, оның қолыма түспей қалғанын айтсам, ерінбей-жалықпай жұмыс орнындағы суырмасынан шығарып, (Ол кезде «Жұлдыздың» реадакциясында істейтін-ді) «ксерит етіп берейін» деп, жақын жердегі көшірме жеріне барып маған арнайы шығарып берген эссе мақалалары менің суырмамда әлі де сақтаулы жатыр.

Таласбекпен әр кезіккен кездерімді осылай тізбелесем әдемі бір эссе-естелік болар еді, бірақ бұл жолғы жазбағым, қайтыс болғаннан кейін порталда жарияланған бір әңгімесінен туған ой-толғамымды ортаға салудың сәтінің түсуі.

Француздың данышпан жазушысы Виктор Гюго бірнеше романында мансапқорлықтың қасіретін шегіне жеткізе көрсетіп суреттегені бар. Жазушының отыз жасқа жетпей жазған «Париждегі әулие ана собары» романында, («Парисын дар эхийн сүм» дейтін, Ж.Намсрайдың француз тілінен тікелей моңғолша аудармасынан оқып едім) шексіз билікті қолына жиған француз Королі, әдемі ешкісімен көшеде цирк өнерін көрсететін Эсмеральда атты әсем бойжеткенді дарға асып өлтіруге бұйрық береді.

Осы әдемі қыз ғашық болып жүрген король офицерінің құпия қазасы әсем Эсмеральдаға жала болып жабылады. Тектеп-тексеруге жол берілмейді, король бұйырды ма, болды дейтін, соқыр мансапқа құл болған жасақтардың әпербақан іс-әрекеті оқырманның жан күйзелісін өртке айналдырып, әркімің ішкі жан-дүниесінен шырылдап әділет сұрайды!

Сөйтіп, ғажап туындының естен кетпес жанды оқиғалары ар-ожданыңыздың жан-жолдасына айналады, өзің басыңнан кешкендей өмір бойы ұмытылмай санаңыздың бір мүйісінде жүреді.

Өйткені, осы кітапты оқыған сәтте-ақ біреуге қызындай, біреуге қарындасындай, біреуге ғашығындай болып кеткен жаны нәзік әсем Эсмеральданы қалай ұмыта алмасаңыз, бала дегені бауыр еті болған жанкешті ананың қасіретін де естен шығару қолыңыздан келмейді.

Өршіген оқиға барысында анасы он бес жыл бойы тас үйшікке қамалып, қайғы жұтып, бір жасында жоғалған қызының сыңар башмағын ғана медеу етіп жүргенде, ғайыптан-тайып әлгі ешкі ойнататын жас қыздың мойынына таққан сыңар башмақты таныйды, күдерін үзген күпті көңілі жарқ етіп, сүріне-қабына жетіп барып жан-қызын еңіреп бас салады. Міне, осындай қас-қағым сәт ғана теңдессіз қуанышқа кенелген кезде сорлы шешенің қолынан жауыз жасауылдар қызды тартып әкетіп дарға асады.

Жаңа тапқан қызына жан ұшыра ара түсіп, жасауылдардан жалына сауға тілесе де қайыр таппаған бишара ананың жүрегі сол сәтте-ақ сұмдық қасіреттен жарылып өледі. Аққудай әдемі нәзік сұлудың дар ағашында салбырап тұрған жансыз мүсінін көргенде «Әулие ана» собарының қоңыраушысы бүкір, дүлей, құбыжық пішінді болса да, асқан ержүрек, жаны нәзік жанашыр Квазимодо өкініштен өкіріп жылайды.

Ол осы қайғылы көрініске биік собардан қан жылап қарап тұрғанда, қызғаныштан офицерді өзі әдейі өлтіріп, жетім қызды ұстап берген қараниет, қаскүнем поп Клодтің де өлім алаңына беті бүлік етпей қарап тұрғанын көрген Квазимадо оның артынан жетіп барып биік соборден құлатып өлтіреді. (Кейін Корольдің бұйрығымен өлтірілгендердің мүрдесі тасталатын жерден бірі екіншісін жабыса құшақтап алған екі мүрденің сүйегі табылады. Тектей келе өте арзан пұлдан жасалған әшекей мойынтақтың сұлу қыз Эсмеральданыкі екені, ал оны аялай құшақтаған мүкіс-бүкір дененің Квазимодо екені мәлім болды)

Асқан мансапқор, адамшылықтан ада королдің дүмше бұйрығының алдында шарасыз қалған панасыз бишараларды көп тобыр көріп тұрса да, олардың мұндай сұмдыққа ара түсуге адамшылығы жетпейтінін, осындай шектен шыққан әділетсіздікке қоғамның селт етпейтінін жазушы жеріне жеткізе жазған. Әділет үшін күрескен бар-жоғы екі-ақ адам, бірі жанашыры жоқ жесір әйел, бірі көпке көзтүрткі бишара бүкір-міскін. Осылайша, әділет ісінен қалың көпшілік қалыс қалуда. Қалыс қалды деген сөз, жауыздыққа үнсіз жақтасуда дегенге саяды.

Себеп, асқан мансапқорлықтан туындайтын әділетсіздікке жақтасу яки күш көрсету тобырдың да жасырынып жатқан ішкі арманы, пасық тілегі, мысық тілеуі болу керек. Тобырдың ұзақ жылдар рухани құл қамытынан шыға алмайтыны тек билеушінің ғана емес, тобырдың да өз кінәсі екені осындай оқиғалардан айпарадай ашылады.

Міне, дәл осындай тақырыпты марқұм замандасым Таласбек Әсемқұлов «Бекторының қазынасы» деген туындысы арқылы көтере білген екен. Соны оқып отырып, өте ертеректе оқыған Виктор Гюгоның жоғарыдағы сөз қылған кітабы есіме түскен-ді. Ал, Таласбек осы тақырыпқа мүлде жаңа қырынан келгенін байқадым.

«Бекторының қазынасында» оқиға желісі мейрамханада күнкөріспен ғана қызмет етіп жүрген Қайырболды деген жомарт пейілді жігіттің, ғайыптан-тайып ірі банкир болысымен-ақ, адамдардың аянышты халіне бүйрегі бүлк етпейтін тасжүрек, жанашырлықтан жұрдай қатігез мансапқорға айналуымен өрістейді.

Шарасыз адамдардың кредит үшін кепілікке қойған үй-жайын аямай тартып ала береді. Талай адамның зары құлағында қалса да Қайырболдының жүрегіне ол мүлде естілмейді. Өзінің асқан зорлығы заңды, біреулердің көрген қорлығы заңсыздық секілді саналып, санаға әбден сіңіп алған.

Алайда, күндерде бір күні мәшине жуып күнін көріп жүрген қаршадай ұлдың көлікке соғылып жатқан аянышты қалін көргенде, Қайырболды өзінің таршылықта өткен балалық шағы есіне түсіп, көктен әмір келгендей мейірімі оянады.

Әлгі жаралы ұлға аянбай көмек жасап жүргенде Қайырболдының баяғы адами жұмсақ жүрегі кеудесіне қайтады. Сөйтіп, банкирліктен баз кешіп, тақыр кедейлікке түссе де, адамшылық қасиетті қайта тапқанында жаны жай тауып, өзінің ең бақытты адам болғанын сезінеді.

Қияли-пәлсапалық тәсілмен суреттеген осы оқиғалар тізбегі мансапқорлық дерті меңдеген біздің қазіргі қазақ қоғамының бет пердесін аямай ашқаны сонша, түңілген көңілдерді жібітіп, қатігездікке үйрене бастаған сананы оятады, ойлантады.

«Ел» дегенміз халық өзіміз - бүтін дене болғанда, біздің «билік» деп атап жүргеніміз, бар-жоғы соның жүрегі екендігі. Сондай, жәй қызметші жүректі «мансап» деген мағынасыз атауға айналдырудан «мансапқорлық» деген пасықтық дерті туып шығады екен. Ол пасықтық, енді елге қызметші болуды емес, елді өзіне қызметші болдыратын, соған масаттанатын, насаттанатын ұждансызқа жол ашады.

Сөйтіп, адамдар өзінің адами жүрегін биік мансап жолында шайтани Бекторыларға сатып жібереді де кеудесінде аяушылықтан ада тек қана қан айдап тұратын насос секілді тас жүрек қалатындығын, адам өзін өзі жоғалтатындығын, ал соны көріп тұрған қалың қауымның да сондай темір-бет қатігездерге бағынып, жалпақай жағымпаздарға айналатындығын «Бекторының қазынасында» айқара ашады.

Осылайша, Таласбек Әсемқұлов мұндай рухани дерттің диагнозын да қойып, емін де айтты. Алайда, қоғамды жайлаған «мансапқорлық» вирусы қаламгердің өзінің жанын жаралап, жұмсақ жүрегіне жүк түсіргені анық.

Олай десек, «Мансапқорлық» деген рухани дерт біздің қоғамдағы қазіргі эпидемияға айналған ескі рухани дерттің жаңа атауы, жаңадан жайылған түрі. Оның емі әр адамның көкейінде жасырынып жататын «жанашырлық» дейтін иммунитетте. «Жанашырлық» деген иммунитеті жоғалған адам адам пішінді залым құбыжыққа айналады.

Біздің қазіргі қатты сақтанып жатқан «короноврустан» да қатерлі «мансапқорлық» вирусы адамзаттың соның ішінде қазақ қауымының қазіргі пандемиясы.

Әр заманда атауы өзгергенмен адамзаттың көбі қызығып, азы қарсы шығып келе жатқан ем қонбаған кесірдің нақ өзі. Асқан мансапқорлық адамдардың ауруы да әрі арманы да.

01.01.2021

Абай МАУҚАРАҰЛЫ,

жазушы-журналист


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар