Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Якуп Өмероғлу: «Түркі жұртының бірлігі Мағжанның з...

28.09.2018 4802

Якуп Өмероғлу: «Түркі жұртының бірлігі Мағжанның заманында күшті еді…»

Якуп Өмероғлу: «Түркі жұртының бірлігі Мағжанның заманында күшті еді…» - adebiportal.kz

Якуп Өмероғлу – жазушы, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы. Шығармалары өз елінен бөлек, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Молдовия, Өзбекстан, Иран, Ресейде жарық көрген. Астанада өткен «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форумда Якуп мырзамен аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді..

Якуп мырза, Cіз басқаратын Еуразия Жазушылар одағы Түркі Әлемінің жазушыларын қаншалықты біріктіре алып отыр?

Еуразия Жазушылар одағына мүшелікке көп адамды қажет етпейміз. Деңгейі жоғары, халықаралық байланыстарға маңыз берген адамдарды ғана қалаймыз. Өкінішке орай ақын-жазушылардың көбі халықаралық деңгейде белсенді емес. Шығармаларын әлемге танытқысы келсе де, басқа тілге аударылып, өзін басқа халықтың оқығанын қалап тұрса да, табиғаты (мінезі) жар бермейді. Талпынбайды. Ал біз ақын-жазушысы арқылы оның елімен байланыс құрып, сол халықтың әдебиетін әуелі бір-біріне, сосын – әлемге танытуға тырысамыз.

Қазіргі аударма ісінің хал-ахуалы жайлы не айтасыз?

Түркі халықтарының арасындағы аударманың хал-ахуалы сын көтермейді. Оның бір себебі – аударманың кенжелеп қалуы. Түркі халықтары арасындағы әдеби аударма енді-енді қанат жайып келеді. Біраз мысалдар келтіруге болады. Жаңа шығып жатқан аудармашылардың қабілет-қарымы, білімі мен тәжірибесі аз. Сондай-ақ, өкінішке орай, талантты әдебиетшілердің аудармамен айналысатыны некен-саяқ. Әлем түркі халықтарының әдебиетін мүмкіндігінше тезірек танып-білуін қалаймыз. Ол тұрғыда нашар аударма ұятқа қалдырады, ал деңгейлі, эстетикалық дәрежесі бар аудармашылардың еңбектерін тауып жариялайық десек, онда көп дүниелерді шығара алмай қаламыз. Бірақ осы мәселе туралы сөз қозғауымыздың өзі аударманың дүние екенін аңғартып отыр.

Якуп мырза, қандай да бір одаққа немесе ұйымға жазушы керек, ал керісінше жазушыға одақ қаншалықты қажет?

Жақсы жазушыға одақтың қажеті жоқ. Еуразия Жазушылар одағының төрағасы ретінде айтарым, жақсы ақын-жазушы болу мен Жазушылар одағына мүше болу арасында міндетті байланыс болмайды. Бірақ, кейбір мүмкіндіктерді пайдалану, ортақ мәселелердің шешімі үшін бас қосу, ынтымақта болу қажет-ақ. Жазушылар одағы сол үшін қажет.

Түркі әлемінің әдебиеті күллі түркі дүниесін біріктіруге қаншалықты ықпалды? Жалпы түркі халықтарын біріктіруге оның әдебиетінің қауқары жете ме?

Күрделі сұрақ. Кезең-кезеңімен жауап беріп көрейін. Түркі жұртының бірлігі Мағжан Жұмабаевтың заманында күшті еді. Ол кезеңдегі ақын-жазушылар түбі бір түркі жұртының туын ұстанған еді. Олардың бірінің қаламынан туған дүние басқаларына рухани тұрғыда әсер ететін. Қазір де тап осы сезімдегі ақын-жазушылар көп. Бірақ олардың арасында халыққа тап сол замандағыдай әсер етер шығарма жазатындары кемде-кем.

Түркі халықтарын біріктіруге әдебиеттің қауқары жете ме дегенге келсек, бұрын өнерпаздар мен әдебиетшілер халық арасына іріткі салып немесе керісінше басын қосатын еді. Меніңше, қазір оның жұқанасы қалды. Соның өзі халықтар мен мемлекеттердің бір-біріне жақындай түсуіне ықпал етер еді. Ал ол жақындық бауырлас елдердің баршасына пайдалы.

Қазіргі Түркия әдебиетінің ахуалы қалай?

Түркияда әдебиет даму үстінде және дами береді деген үміттеміз. Басқа халықтарда болғаны секілді Түркияда екі әдеби бағыттың бірі – поэма дамыған-ды. Қазіргі таңда роман жазу алда. Нағыз роман жазушылар баршылық. Поэма өте эмоциялы жанр. Ал проза ойлау мен қорытындыны қажет ететін күрделі сала. Бүгінгі ғаламдық мәселелер жағдайында түрік жазушылары роман жанры бойынша дамып келеді. Мәселен өткен жылы Түркияда жарық көрген романдар саны 450 мыңға жетті. Әрине көбін халық сүйсініп оқып жатыр демесек те, белгілі бір деңгейдегі жақсы туындылар. Болашақтан үмітіміз зор.

Түрік әдебиеті қаншалықты саясиланған әдебиет?

Түркия әдебиеті мен саясаты бір-біріне өте жақын. Бұрын қазіргіден де жақын еді. Әсіресе ХХ ғасырдың 70-жылдарында әдебиет пен саясат қатты қабысты. Бұдан әдебиетіміз көп зардап шекті. Әдебиет саясиланбады деген күннің өзінде кейде саясатты қамтиды, яғни бұл мақұлданған. Меніңше бұдан құтылу да қолайсыз. Еліміз бұрынғыдан бетер саясилануы себепті, бұл қалып «іштей булығуға» әкеп соқты. Саясаттың әдебиетке араласқаны соншалық, әдебиетшілер белгілі бір саяси топтар үшін жаза бастады. Ал олар керісінше саяси топ үшін емес, ғаламдық деңгейде жазуы қажет еді. Олар аспандағы жұлдызға көз салудың орнына аяғының астына қарап қалды. Шынтуайтында, мұндай жағдайлар әдебиетіміздің дамуына қиындық туғызады.

Қазақ әдебиетін де шама-шарқыңызша бақылап отыратын шығарсыз?..

Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиет дамып кетті дей алмаймын. Әйтсе де өте дарынды ақын-жазушылар бар. Мені «Қоғам әдебиетшіні қалыптастыра ма, әлде шығармашыл тұлға қоғамды қалыптастыра ма? Яки, бұл екеуі де бірге қалыптаса ма?» деген сұрақ мазалайды. Сондағы пайымым мынау – жазушы мен қоғам бірін-бірі қалыптастырады. Қоғамның басынан өткен мәселелер – қаламгер арқылы ортаға шығып отырады. Сөйтіп ол қоғамға әсер етеді. Тәуелсіздік жылдарындағы тәуелсіз қазақ рухымен, түсінігімен қалыптасқан әдебиет енді-енді келе жатқан тәрізді.

Сіз Түркі әлемі әдебиетін одан әрі дамыту үшін қандай әрекеттер жасау керек деп ойлайсыз? Еуразия Жазушылар одағының алдағы жоспарлары қандай?

Бүгінгі күнге дейін Түркі әлемі әдебиетінің дамуы үшін ойлаған іс-шараларымызды жасауға тырыстық, мүмкіндігімізге қарай жасап та жатырмыз. Әдебиетке қызығушылық танытушылардың басын қосатын байқаулар, форумдар ұйымдастыру қажет және ұйымдастырып та жүрміз. Мәселен, Түркі әлемі әдебиетінен сыр шертетін «Dil Araştırmaları» журналымыз жарық көреді. Жаңа «Kardeş kalemler» журналы бар екенін айттым. Қырғызстанда «Tүрк дүниясы адабияты», Әзірбайжанда «Чынар» атты журналдар аударма саласында жарық көреді. Өзбекстанда «Туран» журналы бар. Бұлардың саны, тираждың артуы бір-бірімізді танып, өзара ынтымақтасуымызға негіз болады. Мақсатымыз бен қажыр-қайратымыз барда Еуразия Жазушылар одағы ретінде барша әдебиетшілер мен әдебиет әлемі қызметтерден басқа да шараларда табысты еңбек етіп келеміз. Оқиғалар біздің қабілетіміз бен табыстарымыздан тәуелсіз түрде бұл халықтарды бір-біріне жақындатуға септігін тигізеді. Күн өткен сайын халықтардың бір-біріне деген қызығушылықтары мен жанашырлығы одан әрі арта беретініне сенім білдіремін.

Әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар