Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кіта...

24.10.2013 9776

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана «Ашық есік» күнін өткізді

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана «Ашық есік» күнін өткізді - adebiportal.kz

07cf73f73cbacb30a47f316aab8e9690.jpg


Астана. 24 қазан. Алматыдағы Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана жыл сайынғы дәстүрлі «Ашық есік» күнін өткізді. 
 


Шара барысында зағип жандарға арналған техникалар мен құралдар көрмесі ұйымдастырылып, кітапхананы екінші үйіндей көрген зағип жандарға арасында байқау өтіп, жұртшылық кітапхана жұмысымен танысты. Республикалық кітапхананың қызметін пайдаланып жатқан зағип жандардың қатары 3 мыңнан асады екен. Олардың көзбен көруге мүмкіндігі болмаған соң әрнәрсені қолмен ұстап, дыбыс арқылы тыңдап, сезім мүшелерімен түйсінеді. Аталмыш кітапханада зағип жандар мен көзі нашар көретін азаматтардың ыңғайына қарай кітап оқуға барлық жағдай қарастырылған. Шара аясында кітапхана қызметкерлері қонақтарды бөлімдер бойынша аралатып оңалту кабинетінде «Саусақ ұшындағы әлем» атты тифлоқұралдар және «Біздің басылымдар» атты кітап көрмесі мен дыбыс жазу студиясының жұмысымен таныстырды. Педагогикалық, медициналық оқу орындарынан, «Зағип және нашар көретін Н. Островский атындағы арнаулы мектеп интернаттан» келген оқушылар мен студенттер еліміздегі ескерткіштердің тарихы мен мәдениеті тактильді кітапта» атты көрмесімен қатар зағип мамандардың жұмыс орнын көріп, «Daisy» форматындағы кітаптарды жасау, редакциялау жөнінде мағлұмат алды. «Daisy» форматындағы деп отырғанымыз – көру қабілетінен айырылған жандарға арнап арнайы студияда дыбыс арқылы жазылатын диск-кітаптар. Кітапханаға келетін зағип жандар осындай дыбысталған кітаптардың көмегіне жүгінеді. Сондай-ақ ондағы көптеген кітап Луи Брайльдің жүйесі бойынша бедерлі-нүкте әріптерімен әзірленген. Зағип жандар кітаптағы бедерлі нүктелерді саусақ ұшымен сезіну арқылы оқиды. Кітапхана Алматыдағы Қазақ зағиптар қоғамы филиалымен бірлесе отырып, зағип жандардың арасында Брайль жүйесі бойынша ең үздік оқырман, саусақ ұшымен сезіну арқылы тиын үлгілерін анықтау, бедерлі графикалық құралдарды ажырата білу сияқты конкурстар ұйымдастырды.


Сонымен қатар «Ашық есік» күніне арналған көрмеде тактильді кітаптағы Айша бибі, Жошы хан, Қарахан, Қожа Ахмет Йассауи, Қозы Көрпеш – Баян Сұлу сияқты кесенелері қойылды. Жалпы, тактильді кітап – ескерткіш түпнұсқасының пропорциясынан жасалған шағын мүсін іспетті. Бұл зағип жандардың еліміздегі ескерткіштерді қолымен ұстау арқылы танып білуіне мүмкіндік береді. Кітапханашылардың айтуынша, мұнда көзі нашар көретін оқырмандар мен зағип жандардың кітап оқуы үшін барлық жағдай жасалған. Брайль жүйесі бойынша жасалған кітаптармен қатар көзі нашар көретіндермен бірге еріп келетін ата-аналарға, басқа да оқырмандарға арналған кәдімгі қаріппен жазылған басылымдар мен кітаптар бар. Оған қоса екі газет шығып тұрады. Бірі ай сайын «Daisy» форматында шықса, екіншісі екі айда бір бедерлі-нүкте әріптерімен және соңғы беттері кәдімгі қаріптермен басылатын газет. Негізі басқа аймақтарда осындай 10 облыстық, 4 қалалық кітапхана мен арнайы екі бөлім бар. Газеттің шығуына барлық кітапханалар мен бөлімдердің қызметкерлері атсалысады.


–Мұндағы зағип жандар қазір компьютерлерді де меңгеруде. Мысалы, барлығы қолданатын пернетақтаның орнына олар Брайльді дисплей бойынша жұмыс істейді. Ғаламторды да пайдаланамыз. Ол үшін дыбыстап айтатын арнайы шетелдік бағдарламалар бар, – дейді кітапханашы Алмас Мырзабеков. Одан басқа кітап оқитын арнайы құрал бар екен. Сканерге ұқсаған аппаратқа кітапты салсаң, оқулық ішіндегіні қазақ тілінен өзге барлық тілде дыбыстап оқып бермек.


Зағип жандар өнерден де құралақан емес. Олардың өнерлерін дамытып, шахмат, тоғызқұмалақ сияқты спорттық ойындар ұйымдастыратын бөлімге де бас сұғатындар бар. Ал алты айлық курстарда олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне, далада еркін жүре алуына үйретеді. Тіпті тастардан, кафельден, жұмсақ шөптерден, резеңкеден жасалған шағын рамкалы жолдар дайындалған. Зағип жандар сол жолдарды таяқпен түрту арқылы сезім түйсігімен, сыңғырлап шыққан дауыстан жолдарды ажыратпақ екен.



Қайнар көз: baq.kz порталы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар