Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

30.09.2017 5194

«За-ла-тая га-ла-ва»

«За-ла-тая га-ла-ва» - adebiportal.kz

Сергей Есенин ана тілінен өзге тілді ешқашан мойындамаған. Айседора Дункан тек ағылшын тілін меңгерген. Оның орыс тілінен сөздік қоры жиырма сөзден ғана асып-жығылатын. Дегенмен, бұл фактордың өзі ақын мен биші отау құрып, бүкіл әлемді аралап шығуына кедергі бола алмады.

Құдай жаратқан жалаң аяқ қыз

Бұл көрікті әйел 1878 жылдың мамыр айында Америкада дүниеген келген. Шығынға батқан әкесі тіршілік етуге мұршасы болмай төрт баласы мен әйелін тастап үйінен қашып кеткен. Сондықтан, ер адамдармен Айседора Дунканның жолы жас шағынан кедергісіз болмағаны айқын. 13 жасында Айседора мектепті тастап, музыкамен және бимен шындап айналысуға кіріседі. Бес жылдан кейін өнер шыңын бағындырып, танымалдылық пен табысқа жету мақсатында үлкен қала Чикагоға кетеді. Мұнда ол алғашқы махаббатын кезіктіреді. Жирен сары поляк Иван Мироскийдің өзінен ширек ғасырға жасы үлкен болса да, сонымен бірге отбасын құрады. Алайда, махаббат майданында жеңіліске ұшырай берген Айседора, алғашқы табысына да би арқылы жеткен еді. Классикалық балет мектебін жоққа шығарған жас биші, өз сезімдерін әрбір қимыл-қозғалысы арқылы жеткізді. Жалаң аяқ жұқа киіммен билеген жас Дункан ақсүйектер қауымын тәнті етеді. Жас биші қалай табыс көзіне қол жеткізеді, солай өзі танып-білмеген тылсым әлем күтіп тұрғандай Еуропаға жол тартады.

Грекияда антикалық өнермен айналысады, содан бастап оның өнер көрсетуінде ажырамас атрибут болып туника танылады. Грекияға дейін Будапештте болғанда мұхиттың арғы бетінен келген жұлдызды австриялық тақ иесінің мұрагері – эрцгерцог Фердинандтың өзі байқап, баға береді. Дунайда Дункан жаңа махаббатын жолықтырады, бұл жолғы махаббат та қысқа ғұмырмен аяқталады. Айседораның таңдауы жас венгер актері Оскар Бережи еді. Оскармен қарым-қатынас - сүйікті адаммен қарапайым отбасылық өмір кешу мүмкін емес деген қайғылы шешім шығаруға әкеп тіреді.

Ол Германияда, Вагнердің ұлы музыкасымен шұғылданып, өзінің пластикалық импровизацияларында кейбір элементтерді қосуға тырысып бақты. Германияда жергілікті өнертанушы Генрих Тодемен қарым-қатынасында платондық сезім лап ете қалды. Бірақ оның да ғұмыры ұзаққа бармады. Іссапарда жүрегн кезінде Ресейге алғаш табан тіреп, тағы бір өнер өкілі – ол кезде үлкен танымалдылыққа ие режиссер Константин Станиславкийдың жүрегіне жол табады. Алайда, бұл қарым-қатынас нәзік сүйіспеншіліктен әрі аспады.

Алғаш рет және шынайы, тұрақты қарым-қатынас Дункан үшін Берлинде өрбіді. Ол жерде ұлы ағылшын театрының режиссері Гордон Крэгпен танысады. Дунканның өнеріне, өзіне, тартымдылығына режиссер бірден тәнті болады. Бірге тұрып бастаған алғашқы апталар бақытқа толы болғанымен, уақыт өте келе Крэг Айседораны атақты әртіс ретінде емес, қарапайым үй бикесі ретінде көргісі келетіндігін байқатады. Мұндай жағдайға биші келісе алмайды. Тіпті, Крэгпен араларында Дидрэ есімді қыздары дүниеге келгенімен, екі шығармашылық тұлғаның одақтары ыдырайды.

Бұл арада Айседора Дунканның есімі күллі әлемге танымал еді. Оны «Құдай жаратқан жалаң аяқ қыз» деп атаса, оның би машығын Еуропаның жетекші мәдени астаналарында, сонымен қоса Петербургте сәнді санады. Айседора Дунканның би машығы – пуантсыз, корсетсіз, жалаң аяқ, жеңіл грек хитонымен билеуі хореграфияда нағыз революция деп есептелінді. «Құдай жаратқан жалаң аяқ қыз» деп бишіні бағалап, оның пластикасы мен машығын қайталап, сәнді сауық кештерінде қыздар Дунканша қимыл-қозғалыс жасауға тырысып бақты.

Оны заманауи би өнерінің негізін қалаушы деп таниды. Десе де, «Құдай жаратқан жалаң аяқ қыздың» шығармашылық ғұмыры жеке өміріне қарағанда бақыттырақ болғанын көбісі білмейді.Феминизмді жақтаушы Дункан ешқашан тұрмысқа шықпауға өзіне уәде берген. 44 жасына дейін ол бірнеше сәтсіз романды артта қалдырды. Биші некеден тыс үш рет дүниеге сәби әкелді, бірақ олардың барлығына жарық дүниеде ғұмыр кешу жазбай түрлі себептермен өмірден өтеді. Алдымен алапат автокатастрофа орын алып, үлкен ұлы мен қызы бар автомобиль Сена көпірінен құлап суға кетті. Балаларымен қоса үй күтушісі де суға кетеді. Есік тартпасы істен шығып ажал тұзағынан ешбірі тірі қалмайды. Бұл қасірет бүкіл Парижге жайылды. Алайда, сот барысында Дункан отбасылы адам болғандықтан шоферді ақтап шығады.

Арада біршама уақыт өткен соң Айседора ана атануға тағы бір мәрте шешім қабылдайды. Ол дүниеге ұл әкеледі. Өкінішке орай, бұл сәби бар болғаны бірнеше сағат өмір сүреді. Кезекті қасіреттен кейін биші ешқашан балалы болмауға белін бекем буады. Оның барлық уақыты билеу мен би сабақтарын өткізуден тұрды. Дункан қыздарды хореография өнеріне бейімдеді. Сондықтан, Совет одағында өз мектебінің іргетасын қалау туралы Анатолий Луначарскийдан шақырту келгенінде таңданғанымен, келісім береді. Мәскеуге теңіз толқынымен жол тартқанында, кемеде балшы әйелді жолықтырады. Жирен шашты жолаушының өзге елдегі өмірі жайлы болашағын айтқан бұл балшыға Айседора тек күліп қана жауап қатады. Үлкен өмірдің тауқыметін ерте тартқан Айседора үшін бұл бұлыңғыр болашақ тым қорқынышты емес еді.

«За-ла-тая га-ла-ва»

Бұл уақытта Сергей Есенин халық ақыны саналды. Бар болғаны 26 жасында ол «қызу қарқынға» толы ғұмырдың иесі еді: 18 жасында әке атанады, ақын ол кезде тіпті отбасылы да емес болатын; ал бірнеше жылдан кейін ресми некеде тағы екі баласы дүниеге келеді. Замандастарының естеліктерінде, Дункан мен Есенин алғашқы кездесуінде бірін-бірі бұрыннан білетін сыңай танытты деп жазылады. Суретші Георгий Якуловтың үйіндегі сауық кешінде әлемдік би жұлдызы қызыл хитонында пайда болғанда, Есенин оған айрықша көңіл бөледі. Бір журналистің айтуынша, ақын оның алдында тізерлеп тұрғанында, биші ақынның шашын ақырын сипап, шала орыс тілінде: «За-ла-тая га-ла-ва» деген екен. Бүкіл кеш бойына бейтаныс ақынмен қарым-қатынасы осы «Алтын бас», «Періште», «Тчорт » деген сөздермен шектеледі. Сол жерде-ақ биші оны сүйіп алады. Және көп ұзамай Есенин Пречистенктегі оның зәулім үйіне көшіп келеді. Оларды тілдік барьер де, жас арасындағы едәуір айырмашылық та тоқтата алмайды.

Біршама уақыт өткен соң Дункан Совет одағында оның шығармашылық әлеуеті сондайлық табысқа ие еместігін байқайды. Биші Америкаға, үйіне оралмақшы болып шешеді. «Алтынбасты» сүйіктісін өзімен бірге әкеткісі келгенімен, ақынның визасы болмауы себебінен күрделі мәселелер туындап кетуі мүмкін деп қауіптенеді. Есенин оны Изадора деп атаған.Десе де, Изадора өзінің негізгі қағидасынан бас тартып, ғашықтар шаңырақ көтереді. Бұл жайт таныстықтың жарты жылынан соң орын алады. Жас жұбайлар Мәскеудің Хамовнический неке сарайында отбасылық одағын заңдастырады. Дунканның хатшысы әрі аудармашысының айтуынша, салтанатты рәсім барысында туған күні жайлы ақпаратты аздап өзгертуді де өтінген екен. «Бұл Езенин үшін» деген ол: «Біз екеуміз он бес жастық айырмашылықты сезінбейміз, алайда мұнда ақиқат жазылған... ертең бұл құжатты өзге қолға береміз.. Сол кезде оның бойында ыңғайсыздық тууы мүмкін... Құжат маған жақын арада қажет емес. Мен басқасын аламын» деген (ерлі-зайыптылардың жас айырмашылығы 15 жасты емес 18 жасты құраған). Аудармашы бұған келісім береді. Солай ақынның әйелі «бар болғаны» 9 жылға үлкен әйел атанады. Дегенмен, Есенин-Дункан (жұбайлардың екеуі де қос текті алған) отбасылық өмірі бірқалыпты тыныштықта болмады. Алкогольге қызығушылығы артқан ақынның қызуқанды мінезі «оянып»: Айседораны қызғанып, ұрып, тіпті барлық заттарын үйден алып кетуге де барды. Рас, көп ұзамай қайтып келіп, барлығы қайтадан басталатын. Дункан оны әрбір жолы кешіретін. Олар 1922 жылдың 2 мамырында некеге тұрып, сол айда Одақтан тыс кетті. Айседораға алдымен Батыс Еуропаға, сосын Штаттарға жол тартуы қажет болады. Есенин барлық жерде жұбайының қасында жүрді. Алайда, бұл сапар сәтсіздікке ұшырайды. Өзге елде Есенин қайталанбас Дунканның қасында елеусіз қала береді. Ал Отанында танымалдылыққа үйренген ақын үшін бұл жайсыз жайт еді. Ұрыс-керіс, қақтығыстар жиі орын ала берді. Бірде Дункан қызуқанды ақынды тыныштандыру үшін полиция да шақырады. Ессіз ғашықтықтары барған сайын жоққа айналып, ақын әйелі туралы жағымсыз пікірлер айтуға дейін барады, мысалы, достарына: «Мынау да бір кене құсап жабысып алды!» дейді екен.

«Мен өзгені сүйемін. Отбасылымын. Бақыттымын. Есенин»

1923 жылы, тойларынан бір жылдан астам уақыт өткенде, ерлі-зайыптылар Мәскеуге оралады. Бұл уақытта отбасындағы қарым-қатынас шиеленіске толып, бір айдан соң Айседора Одақтан кетеді. Бұл жолы жалғыз. Содан кейінгі жақын арада оған жедел хат келеді. Онда: «Мен өзгені сүйемін. Отбасылымын. Бақыттымын. Есенин», - деп жазылған екен. Бұл сөз Галина Бениславская жайлы еді. Есенин ол әйелмен Дунканмен таныстығына дейін бірге тұрған және Айседора кеткен соң қайта табысқан. Расында, Есенин Бениславскаяға үйленбеген. Бірақ мұны Айседора білмей кетеді.

Осылайша қиын әрі шиеленіске толы махаббат хикаясы аяқталады. Айседора Дункан өзінің жалғыз күйеуінің тарабына ешқашан дөрекі сөздің айтылуына жол бермеген. Айседорамен айырылысқанына екі жыл өткенде Сергей Есенин өз-өзіне қол жұмсап көз жұмады. Бұл уақытта ол тағы бір мәрте әке атанып, тағы үйленіп үлгерген болатын. Ақынның өлімінен кейін жарты жыл уақыт өткенде өмірден Изадора да өтеді... Ұлы бишінің өмірінің соңғы күндері туралы мәлімет кемде-кем. Оның соңғы сүйіктілерінің арасында орыстың пианист-эмигранты Виктор Серовтың есімі аталынады. Ол әйелден екі есе кіші болған. Айседора оны көзсіз қызғанғаны сонша өзіне-өзі қол жұмсауға дейін барған. Алайда тағдыр өзгеше тәртіппен өз үкімін шығарады.

...Сол күні Айседора Дункан өзінің сүйікті алқызыл шәлісін тағынып, ашық автомобильмен серуенге шыққан. Машина орнынан қозғалғанда, шәлінің бір ұшы дөңгелектің астына түсіп, оралып, Дунканды тұншықтырады. Бұл уақиға 1927 жылы 14 қыркүйекте күндіз орын алған. Міне, осылай тағдыры тәлкекке салған Есениннің Изадорасы көз жұмады. Атақты биші және ауыр тағдырдың иесі болған әйел Париждің әйгілі зираты Пер-Лашезде жерленген.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар