Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Заңғар Еркебекұлы. Сіз – бар ғалам бас иген...

05.04.2020 2379

Заңғар Еркебекұлы. Сіз – бар ғалам бас иген 12+

Заңғар Еркебекұлы. Сіз – бар ғалам бас иген - adebiportal.kz

Түркі жұртының байырғы мекені Бай-Өлгийде Заңғар Еркебекұлы деген ақын ғұмыр кешіп жатыр. Аталған аймақтың қандай екенін, көзбен көрмесек те, ақындардың көркем тілі арқылы танимыз, сезінеміз.

Иә, Заңғар ұлттық құндылықтардың уызына жарыған, дәстүрімізге қанық, мәдениетіміздің мәйегі мен діліміздің дінгенін, жердің қасиетін ерекше сезінетін жан.

Таулардың күрсінісін, Аспанның жылағанына жанын жақын алып, сылқым бұлақтың сыңғырынан да сұлулық көріп, оны көркем өлеңге айналдыратыны тағы бар.

Заңғардың жаны – даламмен егіз. Аңсары да сол. Мөп-мөлдір сағынышы, сынаптай сырғыған уақыттың жанарынан тамып тұрғандай.

Түркілердің тотеміне айналған Көкбөріні де ерекше құрметтейді. Әр өлеңіндегі (біз оқыған) мінезі де соны айқындайды.

Заңғарға шалқар шабыт тілеймін. Ұлт мұрасының уызына жарыған ақын, бүгінгі заман психологиясын қоса жырласа, болашағы зор ақын болатынына сенемін!

Мерей Қарт

ҚЖО мүмшесі,

ҚР мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері

Аспан жылады,

Жаңбыр боп төкті көз жасын.

Таулар күрсінді,

Жан-жүрек кеудем жаңғырып.

Өлең оқыды періште қыз кеп,

Айызымды қандырып!

Жанымды күбірткілеп,

Пенденің бітпес күңкілі...

Жер-ана тағы сілкініп, ауырлап дүние

Естілді әне...

Сылқым бұлақтың сылқылы...

Кетсем бе екен ен жайлауға?!

Қайғы-мұңды ұмытып.

Қысырақтың сары қымызын сапырып,

Тас қала кептірген көнімді -

Кенеземді жібітіп!

Бөрілер ұлиды...

Түн,

Қала,

Мүлгіген үнсіздік.

Мен ғана ояумын.

Жап-жаңа түсімде,

Ақ тұман ішінен ояндым...

Тас қала,

Шырт ұйқы бұзылды.

Тауларға телміріп екі көз,

Жүрегім жылиды!

Ішімде бөлтірік қыңсылап,

БӨРІЛЕР ҰЛИДЫ....

АЙ,

ЖҰЛДЫЗ,

Көшенің шамдары сөнеді.

(Пенделер тірілді)

Ұстаған дүние тізгінін...

Таңсәрі: «Тау-таулап», - күбірлеп,

Алтайға сүйеніп мызғыдым!

Мұң мені меңдетті...

Түн ызғарлы,

Әйнекке ою салады ақ қырау.

Төбемнен төнеді ауыр мұң,

Ал, мен түннен ауырдым.

Түтінге уланып құлаған,

Міскінге ұқсайды тас қала.

Адамдар күйгелек, мінездер – тымырсық..

Жапырақ-жүрегім ем таппай ыңырсып....

Даланы аңсаймын,

Ақ самай, ақ бұйра шыңдарды.

Мұң мені меңдетті,

Жынды етті Бас Қала.

Масқара!

Түсімнің бұлтымен көшеді

Көң иісті тас қора...

Анаға сыр...

Шеше!

Сіз – бар ғалам бас иген,

Бар пенде сүйетін данасыз.

Жоғымды бар еткен әманда,

Сүйенер сүйеушім өзіңіз ғанасыз!

Ақ түсіп, самайға қылаулап,

Қартайтқан жүзіңді мейірімсіз жылдар-ә...

Мейлі, бөлесін күллі әлем нұрына,

Жете ме өзіңнің ажарлы тұлғаңа?!

Ана!

Сіз – қасиет нұрысыз.

Қадірлі жырың боп тұнайын.

Мен сізді сүйемін, басымды иемін,

«Құдайдан кейінгі Құдайым!»

Өлең

Өлең – Шайырдың шыр еткен күнәсіз,

Сәбидей жырысыз.

Күнәлі жандардың қатесін,

Жаңбырдың жасымен жуасыз,

Тілсіз Әлемнің тілісіз!

Өлең – Сүйгендер аңсаған, ынтызар,

Жазылған ғазалды хаттардай.

Тулаған арымсың сен іште,

Көксеңгір шыңына жауатын ақ қардай,

Сен аппақ періште!

Өлең – Алтайым! Бұрқырар жусаны бөктерде,

Сыңғырлы бұлағым.

Жуынған нұрына, ақ жауын нөсерлеп өткенде,

Өлеңім – Тәңірім сый еткен Құраным.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар