Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Зайда Елғондинова: Жалғыз қалсам өлеңмен сырласамы...

25.05.2016 5015

Зайда Елғондинова: Жалғыз қалсам өлеңмен сырласамын...

Зайда Елғондинова: Жалғыз қалсам өлеңмен сырласамын... - adebiportal.kz

11124455_981128725265111_562850404_n.jpg

«Ақын – нағыз адам».

Шиллер.


 

«Мен өлгенде ғана өлең жазуды тоқтатамын».

Петрарка.


 

 

Қо­лымда талантты ақын қыз Гүлбақыт Қа­сено­ваның «Алуа» атты жыр жинағы. Алға­ш­­қы бетін ашып оқығаннан-ақ, ақынның еш­кімге ұқсамайтын қолтаңбасы, жүрек лү­пі­лі, өмірді зерделеуі, ішкі мәдениеті мені тарта жөнелді. Гүлбақыт не туралы жырласа да, ерекше бір көңіл-қошымен өзінің таным-тағылымына лайық жыр кестелейді екен. Кітаптағы өлеңдер тақырыбының алуан­ды­ғы­мен, рухының биіктігімен, тіл байлығымен жүрегіме жылы тиді. Мені ең басты қуантқаны – ақынның ешкімге ұқсамайтын өзіне тән нәзіктігімен қатар, жан-дүниесінің, таным-та­лайының кеңдігі болды. Оның поэзиядағы ұстамдылығы, ой түйіндеуі, тіпті сабырлылығы мені ойға қалдырды. Яғни Гүлбақыт поэзияға үлкен дайындықпен келген.


 

 

Өмір – дана,

ізгі ойдан тұрады,

Саналыға тұнып ағар бұлағы.

Парасатпен өлшей білсе ғұмырын,

Есті жанға мәңгі болар тұрағы.


 

Өмір. Өмір...

Кімдер сенде өтпеген?

Болашақ бар саған қарай беттеген.

Келте тағдыр ете көрме өтінем...

Пенделер көп арманына жетпеген.

Иә, ақын қыз философиялық ой түйіндейді. 


 

Әрбір ақын өмірге келген сәтінен бастап әлемнің шексіздігін сезінеді. Уақыт тасқы­ны­на қарсы жүзеді. Ақынның адами өмірінен бас­қа шығармашылық тағдыры бар. Осының бар­лы­ғы да ақынға сыйлаған Алла-Тағалам­ның ұлы сыйы. 


 

Іліктірмей сұқ көздің садағына,

Нұрын төккен әр басқан қадамыма.

Жаратқан Аллам менің – шексіз Ізгі,

Жанымды жамандықтан ада қылған.


 

...Иманжүзді пендесін сүйікті еткен,

Сынақ беріп, бақты да үйіп-төккен.

Жаратқан Аллам менің – шын Төреші,

Ақ туын адалдықтың биіктеткен. 


 

Польшаның ұлы жазушысы, әдебиет зерт­теу­шісі Ян Парандовский ақындықты екі түр­ге бөледі. Бірінші топқа жататын ақындар – ерте туып, ерте бастап, ерте сөнетіндер. Екін­ші топқа жататын ақындар – асықпай туып, асық­пай сөйлеп, құлашын кеңге сермеп, ай­та­тын ойын тоғыз толғап, он рет ойлап жазатындар һәм түқымы текті сәйгүліктей ұзаққа шабатындар. Мен Гүлбақыттың жыр жинағын оқып отырып, ақын қызды екінші топтан кө­ре­тінге ұқсаттым. Оның сыршыл­ды­ғымен қа­тар, ойын көркем тілмен астарлап жеткізуге деген шеберлігі де байқалып тұр. 


 

Ақылды болса азамат,

Ары боп мәңгі өтер ем.

Ақылсыз болса азамат,

Қайғысын қалай көтерем?..

Білімді болса азамат,

Бас ұрар едім жығылып.

Білімсіз болса азамат,

Намыстан өлем булығып...


 

Бүгінгі күнде халқымыздың мұңы мен мұқ­тажына айналған көзіқарақты, жүрегі ояу азаматтарымызға терең ой салған, жас­та­­рымызға парыз болған бір мәселе бар. Ол – ана тіліміз­дің мәселесі. Осы сәтте сонау 999 жылдан басталып, 1140 жылға дейін созыл­ған ағылшын халқының, ағылшын тілінің басына түскен нәубет есімізге оралады. Ол кездері әлемді билеген ағылшын тілі сынақта тұр еді. Англияның билеуші топтары өлі тіл латын тілін­де сөйлесе, бай-манаптары француз тілінде сөйледі. Тек кедей ағылшындар ға­на өз тілінде сөйледі. Осындай қиын сәтте хал­қына ақын-жазу­шылары көмекке келді. Олар бүкіл Ұлы­бри­­тания­ны аралап, үй-үйдің есігін қағып, кө­ше­­лерде ел, жер, халық, тіл ту­ралы жырларын оқып, әңгімелерін оқып, ағыл­шын халқы­ның ру­хын оятты. Бүгінгі таң­да­ғы бүкіл әлемнің қа­тынас тіліне айналған, мәйегі аузынан аққан ағылшынның әдеби тілін қалыптас­тырды. Осынау бір орта ғасырда өтпелі кезеңнен сүрінбей өткен сұң­ғыла ағылшын халқының ерлігі мен па­расат­тылығы, сол кездегі ақын-жазушылары­ның рухани тереңдігі мен қайсарлығы жа­ныңа үл­кен үміт ұялатады. Осындай қиын­­дық­тардан сүрінбей өткен ұлы халықтың ұлы тіліне Жаратушы Иеміз ниетіне қарай үл­кен кеңістік, яғни адамзат әлемінің кеңістігін сыйға тартты. Біз­дің ақын қызымыз Гүлбақыт та өзінің туған тілі жайлы терең тебіреніспен, перзент­тік жана­шыр­лық­пен, ұлттық рухпен жырлапты:


 

Тілім менің – баға жетпес ырысым,

Тілім менің – ақтық демім, тынысым.

Тілім менің – ғасырлардың маржаны,

Бізге жеткен бабалардың үнісің.


 


 

 

***


 

 

Гүлбақыт рухы биік ақын. Замана көшінен тайсалмай, өз пікірін білдірумен қатар, бүгінгі қоғамның, бүгінгі адамның ой-пікірін зерделеп жеткізе біледі. Әр ақын өзі өмір сүрген дәуірінің жақсысын да, жаманын да, сынағын да жүрек сүзгісінен өткізуге тиіс. 


 

Гүлбақыт туған жер тақырыбына қалам тарт­са да, махаббат тақырыбына қалам тартса да, өзінің жорға жүрісінен жаңыл­май­ды. 


 

Өзің жаққа...

Өзің жаққа үнемі қарап өтем,

Тілекшімін, ойым жоқ алабөтен.

Қиын кезде қолұшын берген адам,

Жанашыр боп жүректе қалады екен.


 


 

 

***

 

Сағынып тұрам арайлы таңда,

Сағынып барып көз ілем.

Аңсарым ауса аяулы жанға

Жасырам неге өзімнен?..


 

Сібірлеп атқан таңда, іңірде, 

Іңкәрлік сезім кетпейді.

Жұбатқандардың мені бірі де

Сағынған жанға жетпейді...

Ақынның махаббат лирикасы таңғы шықтай мөлдір, көздің жасындай жүрегіңе тырс-тырс тамып, ұйықтап қалған сезіміңді оятады. Ақынның поэзиядағы адалдығы, тылсымын жасырған дариядай тереңдігі болашағынан үлкен үміт күттіреді.

Қазақ поэзиясына тағы да бір қиялы жүй­рік, тілі орамды, жүрегі шын сөйлеуден танбайтын адал сөз сарбазының қосылғанына қуаныштымыз. Иә, ақын туғаннан жалғыз. Ақын пенде бола алмайды. Ол қарабайыр тіршіліктен жоғары. Бірақ тірлік заңы мүлде басқа... Қалай да асау ақынды ноқталап, жүгендеп пенделік текетіреске түсіреді. Сондай кездері оның жүрегін ешкім де түсінбейді. Тек қана өлеңі түсінеді. 


 

 

 


 

Зайда Елғондинова,

ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар