Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №1 шығарма...

03.03.2023 1157

«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №1 шығарма 14+

«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №1 шығарма - adebiportal.kz

Қадірлі оқырмандар, Janr Жетісу әдеби клубы республикалық «Жетісу көктемі» прозашылар байқауын жариялаған болатын. Байқауға келіп түскен шығармалар, автордың аты-жөні көрсетілмей реттік нөмері бойынша жарияланып, жүлдегерлер қазылардың шешіміміен анықталатын болып белгіленген. «Жетісу көктеміне» келіп түскен алғашқы шығарманы назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

№1. Туранде сарқырамасына келген соңғы жолаушы

Мен таңда оянғанымда ұйқымды 

жалғастыра беру үшін әдейі 

көзімді қайта жұмамын. 

Кейде мен ешқашан оянғым келмейді. 

Себебі, көшеге шықсам бақабастыларға, 

шаянқармауыштарға, шырышқабықтыларға 

жолығамын. Мен үшін ең ауыры осы.

Құс болып кеткім де келеді, 

дегенмен маған оянбаған ұнайды. 

           Оңтүстіктегі ағайыны өзектен тепкен соң Эндрю Гудвин жақтастарымен ол жерден үдере көшті. Рикардо әкесінің ағайыннан алшақтаған қылығын түсінбей, амалсыз көшке ілесіп, қырсық Эндрюдің айтқанына көндіккен. Көш арып-ашып сарқырама түбіне төрт ай, үш апта жүріп әрең жетті. Жол бойы кезіккен жұрттан қаңғыбастар мен кезбелер ілесіп алды. Эндрю көшті сарқырамаға әкелгенде бас-аяғы екі жүздей адам көл маңына қырық лашықтай шағын қала орнатты. Пальма жапырағы мен иілген жас шыбықтардан құралған лашықтар біреше апта жап-жасыл күйінде әдемі көрінсе, кейін күнге қақталып түсі өңіп, ақшыл тартты. Халық еңбекқор еді, лашық жапырағы қурағанша жартысы саздан, жартысы ағаштан үй салып алды. Сарқыраманың гүрілдеген дауысынан басқа ештеңе естілмейтін мекен бірер айда қыз-қыз қайнаған базардай жайнап шыға келді. Саз бен ағаштан бой көтерген өңсіз үйлерді әйелдер жағы етекке оралған балаларымен жүріп, бор езіп, әктеп, аппақ әр берді. Бұл мекенді жұрт аққала, аппақ мекен деп жүргенде, Эндрю әйелі Алана екеуі Туранде деп атады. Туранде – ағайыннан іргесін аулақ салған адамның қыңырлығынан туған қала деп Эндрюдің дұшпандары мазақ етіп айтса, солтүстіктегі билік Туранде тұрғындарының бұрынғы тарихы жоқ, иесіз далаға келіп орнығып алды деп мысқылдады. 

            Қала маңындағы сарқырама балыққа бай. Төбесіне қамыс өскен жатаған жартастарға соғыла, арқырай келіп төгілген сарқырама кең арнаға құйып көлге айналады да, аяғы салаланып әр тарапқа тарайды. Көлдің әр саласы, әр арнасы терең. Тұрғындар ау да тоқыған жоқ, қарапайым имек сымды жіпке орап, жіпті құрыққа байлады да, қысқа қамысты қалтқы ретінде пайдаланып қармақ жасап алды. Имек сымға шегіртке, құрт, ақбас құрт, бұзаубас, инелік, тіпті қызыл құмырсқа ілсе де, балық қалтқыны су түбіне зымыратады. Ақ сазан шоршыған көлден ақ балық та, қызыл қанат та қаба берді. Сымға бақа немесе шаян ілсе лезде жайын балық қармақты қолдан жұлып ала, тереңге сүңгиді. Эндрюмен бірге көшкен жұрт бес-алты жандық, екі-үш қашыр, бір сиыр айдап келсе де, жұт жайласа қырылып қаламыз деп қатты уайымдаған. Сарқырама мен көлде ойнаған балықты көрген ел, алғашқыда есі кетіп, үй маңында көкке жайылып желіні сыздаған сиыр саууды ұмытты. Жасыл желекке жайылған жандықтар әп-сәтте семіріп, ешкі лақтап, қашырлар күйленді. Жұрт алаңсыз үй салумен, үйге бөлме жалғаумен, ғибадатхана мен шіркеу салумен де айналысты. Эндрю халықты жерұйыққа әкелгенін айтып, ашыған бидай суын ішіп, еліріп мақтанды. Туранде халқы  Гудвиндер отбасын сыйлағаны сондай Эндрюға әулие деген атақ берді. 

            Өзге қалалардан безген қаңғыбастар мен кезбелер, келімсектер, диуаналар мен дәруіштер Турандеге келіп тұрақтап қалды. Жай тапты, жұмыс жасады, балық аулап күн көрді. Дүние жаңа басталғандай, әлем енді пайда болғандай, адамзаттың басы бүгін ғана біріккендей әсер қалдыратын әсем қала Туранде осылай бой көтерді. Ел күндіз құрылысқа көңіл бөлді, кешке сиыр сауды, түні бойы әңгіме соғып көше кезді. Түс уақытында ашыған бидай суын ішкен еркектер ит төбелестіріп, қашырларының бөксесі жайлы айтып көпірді.

       – Адам есегінің бөксесімен мақтана ма? Нақұрыс! – деп Эндрю шығатын.

       – Енді ше? Жұмысқа көмпіс, мініске жайлы, арбаға да жегемін, – деп оның досы Мигель қыран-топан күлкіге қарқ қылатын. Қала жер бетінде осы қалпында мәңгі тұратындай, ел жұмақта күн кешкендей алаңсыз күндер өтіп жатты. Тұрғындар үшін уақыт бас-аяқсыз ауысқан күн мен ай ғана, олар күн мен түнді ғана таниды, қайда, қайтіп, қашан деген сұрақтарға бас ауыртпайды. 

      Эндрюдің ұлдарының ішінде ең алғыры үлкені – Рикардо. Жеті ұлының ішіндегі ойланатын, есі бар, көкірек көзі ояу, Туранденің ертеңі үшін алаңдайтын да осы ұлы. Эндрю Рикардодан үлкен үміт күтті, қаланы одан әрі дамытады, шаңырақтың отын өшірмейді деп сенді. Рикардо мұндай аста төк молшылық пен кеңшілікке көңілі толмады. 

   – Эндрю! – деді бір күні қашыр жегіп жатқан әкесіне Рикардо.

  – Сен неге мені әке демейсің есалаң? – деп теріс айналды.

  – Адам әуелі әке деген атқа лайық болуы керек, – деді. 

  – Қырсық неме, не айтайын деп едің? Әлде тағы таяқ жегің келді ме? – деп Эндрю шаруасын күйттей берді. 

  – Көп ұзамай Турандеге зауал келеді. Мынау болмайды, нағыз кесапат жақын қалды, халық тым артық кетті, - деді алаңдаған кейпімен. 

  – Артық кеткен сен, әкеңді атымен атап. 

   –Тыңда! Тезірек жұртқа мұны қойсын де! Еркектер үлкен дәреттен соң нанмен сүртінеміз деп, әйелдер сүтпен дәрет аламыз деп мақтанып жүр, мұның соңы не болатынын ұғамысың? – деді Рикардо әкесіне қашырдың қамытын байласып. 

     –Ештеңе етпейді, Турандені құртса әкесіне қарсы сөйлейтін балалар құртады, - деді Эндрю жайбырақат. 

     –Мен онда сарқыраманың төменгі жағындағы салаларға көшіп кетемін!

     –Бәрекелді балам, қайсар екенсің, бара ғой, - деп әкесі арбаға мініп кетіп қалды. Дегенмен Эндрю өзінің тапқан жұмағы, жерұйығы Турандеге қараса масаттанып, ұлының ақымақ сөзіне күлгеннен басқа жауап таппады. 

         Рикардо бір күні қашырға мініп көлден бөлінген салаларды жағалап жүре берді. Ондағы ойы қонысқа ыңғайлы тағы бір мекен қарау болатын. Салалар маңы әуелі ақ тақырланады да, кейін адам бойынан биік қамыс қоршап өткізбейді. Қашыр ақырып, қамыс арасына кірмеген соң Рикардо жаяу жүруге мәжбүр болды. Қолыңдағы қорағашымен қамысты қайыра жапырып қалың нуға кіріп кетті. Сегіз сағат тоқтаусыз жүрген ол қай бағытқа бұрылса да, батпақ пен қамыстың соңы жоғын түсінді. Келген ізімен кейін қайтып, қашырын тастап кеткен жерге келгенде су жағасында шашын жайып, таранып отырған ақ көйлекті сұлу қызды көрді де, Рикардо есінен танып құлады. 

       Жоғалғанына бір апта болғанда Эндрю екінші ұлы Дугласты ертіп Рикардоны іздеуге шықты. Сарқырама басын, көл жағасын шолып, жүре-жүре қалың қамыс маңында жайылып жүрген қашырды тауып алды. Ұлын таба алмай табанынан тозған Эндрю қашырды жетектеп қалаға қайтып келді. Алана жанын жегідей жеген уайымнан төсек тартып жатып қалды. 

       –Эндрю, қалай да баламызды тап! – деп көзіне жас алған Аланаға күйеуі, іші  қан жылап тұрса да:

       –Рикардо жоғалса не болыпты? Әлі алты баламыз бар, неге еңірейсің? Жасыңды бұламай сүрт те, тұр, маған тамақ әзірле, - деп зекіді. Алананың есіне алты ұлы түсіп, төсектен тұрып, күнделікті күйбең тіршілікке араласып кетті. 

Ұлының жоғалғанын әкесі іштей өзінен көріп, біраз күн көкнәр шегіп, көңілін алдарқатпақ болды. Бәрібір қинаған ары оған жауап бер қақ алдында тұрып алды, Эндрю өкініп, шын қиналды. Себебі осы уақытқа дейін Рикардомен бірге әкесі не балыққа бармаған, не бірге шөп шаппаған, қысқасы көңіл бөлмеген. 

         Түйеге жүк артқан саудагерлер қаланың басты көшесімен жүріп хабар таратып, соңғы жаңалықтар жазылған газет әкеліп, орамал, жібек мата, тоқыма заттарын сатып қаланы думандатты. Орталық алаңға шөккен түйелерден саудагерлер жүгін түсіріп, аппақ жаймалар шығарып, халықты қатты қызықтырды. Алана үйдің пердесіне ақ жаймалар сатып алып, ұлдарына үйге тасыңдар деп ауыр маталарды берді. Төрт-бес жасар балалары балпаңдай басып, шешесінің бұйрығын орындады. Эндрю базар аралап жүріп мылтыққа көзі түсті. Көздеп көрді, дүмбінің қисық-түзулігін өлшегендей болды да, сабын иіскеледі.

      –Жап-жаңа, қолданылмаған екен, - деді саудагерге. 

      –Мырза, біз ескі-құсқы заттарды сатпаймыз, - деді саудагер. Эндрю санай келе ақшасы жетпеген соң Аланаға айтып үйдегі маталарды алдырып, қайта өткізді де, бір мылтық, бір тапанша сатып алды.

      –Осы суық қаруды қайтесің? – деген әйелі матаны қайта тапсырып тұрып.

      –Алана, үй болған соң қару керек. Мен саған мылтықтың құдіретін талай көрсетемін, балықтан жалыққанда үйрек жейсің, шіл мен құр атып беремін, - деп өзі мәз болды.

        Эндрю мылтық алғалы бері күн ұзағы қораға кіріп алып оқ-дәрі жасаумен әуре болды. Оқ қабының біреуі ұзын болса, бірі қысқа болып мылтық дүмбісіне не шүріппесіне шегесі сай келмеді. Мылтыққа үйлесетін, дәл келетін оқ жасап шыққанда алты ай уақыт өтіп кеткенін аңғармаған Эндрю кешкі ас үстінде Аланаға:

        –Рикардо келді ме? - деп сұрады. Алана қазаннан сорпа құйып берді де, күйеуінің сұрағына жауап бермей басқа әңгіме айтуға көшті. 

       –Отағасы, менің аяғым ауыр, құмалақшы кемпір егіз қыз екенін де айтты, - деді. Эндрю бұл жаңалыққа аса мән бере қоймады. Егіз екенін әйелінің ішінің үлкендігінен-ақ сезіп жүрген. Уақыт өткен сайын ұлдар арасында да, ерлі-зайыптылар арасында да Рикардо ұмытылып бара жатты. Оның ескі заттарын Дуглас қоқысқа тастап, тіс тазалағышын да жуынатын бөлмеден ескі-құсқы заттар тұратын қоймаға апарып тастады. 

            Турандеге мылтық пен тапаншадан басқа жаңалықтар бірнен соң бірі келіп, елді елең еткізді. Журнал, қалың кітаптар, басында темірі бар етік, қашырға беретін жем, ең аяғы балық ауызына кірген имек сымды алатын қысқыштар да сатылды. Алана сиыр саууды, су тасуды қойды. Тек төсекте таң атқаннан кеш батқа дейін аһілеп, уһілеп тұрып отырады. Айы-күні жетіп, аман-есен босанып енді ес жия бергенде құмалақшы кемпір келіп, Алананы тағы қуантты. Ол жақында үйге Рикардо оралады деп Гудвиндерден сүйінші сұрады. Өшкені жанып, өлісі тірілгендей болған Алана егіз қыздарға Райна мен Сарина деп ат қойды. Сол жылы Туранде қаласында дүниеге келген ұлдар келбетті, қыздар кербез сұлу болып өсті. 

             Үш айдан соң ертегідегі диюдай кірқожалақ болып кеткен Рикардо үйге келді. Қолына шақалақ бала ұстаған ол Туранде көшесінде кездескен әр бір адамнан Гудвиндердің үйі қайда деп сұрады. Рикардоны әрең таныған ел оны жын қаққан, сайтан арбаған деп үйлеріне безе жөнелді. Үйге кірген соң қолындағы шақалақ баланы егіз қыздарды емізіп отырған шешесі Аланаға ұстатты да, өзі жуынатын бөлмеге кіріп кетті. Рикардо ол жерде алты сағат бойы ысынып, кешкі ас уақытында бір шықты. 

Балаларға да ләм-мим деп жақ ашпайды, үнсіз, сабырлы, осы үйде күнде жүргендей жайбырақат. Кешкі ас кезінде Эндрюдің қаһарынан қорықты ма, әлде есі кірді ме, Рикардо шешесі Аланаға өтініш білдірді.

      –Әлгі бала менің балам. Мен қашырмен жаңа өлке іздеп шыққанда су жағасында сұлу қызға кезіктім. Ол жібектей шашын жайып жіберіп тарап отырды. Қамыс арасындағы үйіне ертіп апарды да, маған қонып кет деді. Біз сол жерде үйлендік. Менің баламды да егіз қарындастарыммен бірге емізіп берші, - деп басын төмен салбыратқан күйі сорпасын ішті. 

     –Баланың шешесі қайда? – деді Эндрю дауыс көтеріп.

     –Ол шашын алдына алып тарайды, яғни қолына алып тарайды. Мен соны көріп талып түстім. Бір жыл бойы осы қылығына үйренісе алмай есімнен адасып, талып қала бердім. Бір апта бұрын енді олай істемесін деп тарағын отқа жағып жіберген едім, ол аққуға айналып ұшып кетті, - деп сорпасын сораптады. Эндрю мен Алана ұлының осындай бейшара, ессіз халге түскенін көріп іші қан жылады. 

      –Мен жолға шығамын, - деді Рикардо кешкі астан соң. 

      –Бүгін тынығып ал балам, ертең таңмен жолға шығасың, - деп Эндрю мен Алана оны алдап, сапарды кейінге қалдыруын өтініп, өз бөлмесіне апарды. Түннің ортасында ұйықтап жатқан Рикардоны әкесі Дугласты ертіп келіп байлап, матап тастады. 

        Ертеңіне Гудвиндер отбасы қала халқын шақырып, ұлының аман оралғанына арнап ас берді. «Көтерілген» ауруын емдеу үшін көк сиырды сойып садақа жасап, сиырдың піскен жіліктері мен сүйіктеріне тіс тигізбей, итке де тастамай, мүжілмеген күйі жерге көмді. Төсекте байлаулы жатқан Рикардо ұйқысынан оянбады, байлаулы жатқанын сезсе де босат деп жұлқынған да жоқ. Көзін де ашып айналаға қарамады, баяу тыныстап жата берді. Оның баласына Гудвиндер отбасы ақылдаса келе Хуан деп ат қойды. Алана егіз қыздарды да,  Хуанды да емізді. Шекесі торсықтай ұл егіз қызға сүт қалдырмай еміп, бақырып жылауды әдет қылды. Үш шақалақты тойдыра алмаған Алана бақырып жылаған оларды ешкі сүтімен қоректендірді. Әр түн сайын терезе түбіне қаншық қасқыр келіп ұлып, қала иттерін шәуілдетіп үргізіп, Гудвиндердің мазасын алды. 

      –Жағы қарысқыр жаман ырым бастап... – деп Алана түні бойы ұйықтай алмай шықты. Келесі түнде қаншық қасқыр үй алдына келіп ұли бастағанда Эндрю мылтығын оқтап аулаға шығып еді, қасқыр көзден ғайып болды. Аспанға оқ атылып, түтін иісі тарқағанда қасқыр қайтып келді. Жаңа көзін ашып, айналаға күле қарап жатқан қыздар қаншық қасқыр ұлыған сайын бар дауысымен аңырайды. Түн ауа ыңырсыған Рикардоның дауысын естіп, ауызына су тамызуға кірген Дуглас ағасының әлдеңе айтқысы келгенін сезді. 

        –Рикардо? Не айтасың?

        – Дуглас, менің баламды әр түн сайын аулаға шығарып, себетке салып қой. Оны қасқыр емізеді, таңда баланы ішке кіргізіп, қараңғы бөлмеде ұста, сонда ол жыламайды, қасқыр да ұлымайды, - деді де қайта ұйқыға кетті. Дуглас жүгіре шығып Аланаға баланы бере тұруын сұрап, жаялыққа орап, себетке салып аулаға шығарды. Бұл шақта Эндрю аулада көкнәр шегіп, мылтығын оқтап, қаншық қасқырды күтіп отырған. Дуглас себетті аула ортасына қойды да, теректің құрығынан құралған шарбақ сыртына қарады. Тасада тығылған әкесіне тіл қатпастан жарығы аулаға түскен есікке кіріп жоғалды. Қасқыр шарбақтан секіре түсіп себетке ақырын басып жетті. Эндрю қасқырды көздеймін дегенше Хуан қозғалып, жаялықтан босап, қаншық қасқырды сылпытып емді. Мылтығын төмен түсіріп Эндрю кейін шегіне берді. 

        Таң ата Дуглас Хуанды кіргізіп, терезесі қалың пердемен жабылған қараңғы бөлмеге себетімен қойды. Ешкінің лағындай бақырған егіз қыздардың да, сүтке тоймаған Хуанның да, сол түннен соң ұйқысы тыныш болды. Азынағандарын доғарды. 

         Туранде халқы күннен күнге сән салтанатқа мән беріп, әр апта сайын кештер мен балдар ұйымдастырды. Алау жағып жастар ән салса, үлкендер ашыған бидай суын ішіп көңіл алдарқатты. Қаланың ойын-сауығына бас ауыртпаған Алана ғана. Ұлының төсекте байлаулы әрі ес-түссіз жатқанын көрген ол қорқайын деді. Эндрю Рикардоның тамырына қан жүрмей қалар деп бірнеше рет оны босатып көрді. Бірақ, ыңырсып, ұйқыда жатқан Рикардо ес жиған жоқ. Алана сонда ұлының махаббат азабын тартып, осыншалық хәлге түскенін сезді. Хуанды аулаға алып шығып қасқырға емізу Дугластың міндеті. Түні бойы тасада тығылып қасқырға қараған Эндрю, Рикардоның махаббаты, Хуанның шешесі осы қаншық деп ой түйді. Қасқырды аңдуды, оны мылтықпен көздеуді де доғарды. Қасқыр Хуанды бір жыл бойы емізгеннен кейін қайтып келмеді. Көкнәр шеккен Эндрю түн ауа шығып себетті қарағанда пырылдап ұйықтап жатқан баланы көрді. Хуан сүт сұрамайды, алдына келген кез келген асты қылғытып салады. Сорпаны сіміріп, сүйекті кеміріп, етті шайнамай жұтады. 

         Шөп басына шық қонған күздің бір күнінде Рикардо із-түссіз жоғалды. Жоғалатын түні оның байлаулы жатқанын отбасы мүшелерінің бәрі білетін. Эндрю шарқ ұрып қала көшелерінде іздегенімен оны көрген жан баласы кезікпеді. Аланаға  ортаңшы ұлдары Якуб пен Део түнде дәрет сындыруға оянғанда Рикардоның бөлмесіндегі терезе алдына қазға ұқсас құстың қонып тұрғанын баяндады. Алана қазға ұқсас құс дегенде бірден есіне аққу түсіп, ұлының онымен бірге ұшып кетті деген өз жорамалына өзі сенуге мәжбүр болды.

       –Балалар түнде қазға ұқсас құстың келгенін айтты, - деді қала көшелерін кезіп келген Эндрюға Алана.

      –Бұл нені білдіреді? – деді күйеуі күртесін шешіп.

     –Аққуға айналып кеткен шығар, олар Рикардоның өзі айтқан қалың қамыстағы үйлерінде болуы мүмкін, - деді. Бұл жорамалды дұрыс деп топшылаған Эндрю он шақты жігітті ертіп, Рикардоның қашырын тауып алған қалың қамысқа келіп, жапыра жүріп іздеді. Үй де, адам да, аққу да табылмаған соң Эндрю қурап тұрған сары қамысқа әр тараптан от қойып, су жағасын қара түтінге тұншықтырды. Өрттен қашып шығар деген оймен жігіттер асықпай айналаны бақылағанымен қамыс арасынан бір жәндік те шықпады. Қамыс түгел жанып бітер шақта қос аққу сұңқылдай ұшып көтерілді де, алысқа қанат қағып, бұлт арасына сіңіп жоқ болды. Рикардо махаббатына қосылып, аққуға айналып кеткеніне көзі жеткен Эндрю, мылтығын иығына аса, басы салбырап үйіне қайтты.

           Қалаға келген жаңа газетте иесіз даладағы сарқырама түбінде бой көтерген Туранде туралы жазылыпты. Түйеге жүк артқан саудагерлермен бірге жүрген жиһанкездердің бірі жазса керек, әйтпесе Турандеге газеттен адам келмеген. Газеттегі қаланың сипаты мен салтанаты елді елең еткізді, қалаға құрылысшылар, саяхатшылар, кезбелер келіп, қала халқына қосыла берді. Эндрю үйрек атып-атып дүмінен түтін сасыған мылтығын тазалап отырғанда қораға сау етіп әдемі, оқалы форма киген үш адам кіріп келді.

          –Гудвин мырза?!

         –Отырыңыздар, - деп Эндрю қора қабырғасына тақала орналасқан сықырылаған ескі орындықтарды нұсқады. 

         –Бізді үкімет жіберді, солтүстегі үкімет. Қаланы және халқын басқару үшін жүйе орнатамыз, құрылыс көбейтіп мектеп саламыз, күзет пен әскер кіргіземіз дегендей... – деді біреуі.

       –Қала халқына жүйе керек емес, ғибадатханамыз бар, шіркеуіміз бар, өз нанымызды өзіміз табиғаттан тауып жеп жүрміз. Қалаға жүйе орнатсаңыздар еркіндікке үйренген халық тоз-тоз болып кетеді, - деді Эндрю Туранде туралы жазылған газет бетіне темекі орап. 

       –Гудвин мырза, Турандені өзіңіз тұрғызғаныңызды білеміз, бұл үшін үкімет сізге бас иіп алғыс айтады. Мұндай сән салтанатқа толы өлкені аз уақытта салып тұрғызу оңай емес. Дегенмен, біз үкіметтің бұйрығын орындаймыз, жүзеге асырамыз. Сізден тек құрметті азамат ретінде ақыл-кеңес қана сұраймыз.

       –Менің ақылым осы, басқа айтарым жоқ.

        Қалаға үкімет тарапынан тәртіп пен жүйе келгеннен кейін саны қырық адамнан тұратын құрылысшылар тобы келді. Олар қаланың орталық көшесіне мектеп салды. Бір қабатты, ұзын дәлізді мектеп құрылысын бес айда бітірді. Ғимарат жанынан үкімет өз үйін ашып, қала тұрғындарының аты-жөнін, туған күнімен жазып журналға тіркеді. Тұрғындар туған күндерін де, жылын да білмейтін. 

Тіркеуші мен шіркеу қызметкері олардың туған күнін бірінші қаңтар деп жазып алды. Қаладағы бар адамның туған күні сол күнге белгіленді. 

          Құрылысты жүргізу, құрылысшылардың көңілін табу оңай емес. Үкімет адамдары құрылысты сәтті аяқтау үшін жан-жақтан ақы төлеп жезөкшелер алдырды. Мектеп салған құрылысшыларға қызмет көрсеткен әйелдер түн ауа қала еркектеріне де ақылы қызмет атқарды. Үкіметтің келгеніне қалада қуанбаған адам Эндрю ғана. Ашыған бидай суын ішкен тұрғындар, қалтасындағы соңғы тиының да мектептің бітпеген кабинеттеріне орналасқан жезөкшелерге төледі. Балық аулап, сиыр сауған жұрт тіршілігі бірнеше аптада астан-кестен хәлге жетті. 

         Он бес жасқа толған Дуглас жігіттерден естіген тыр жалаңаш әйелдер жайлы әңгімені өз көзімен көруге асықты. Мұрты енді тебіндеген, жас әрі келбетті жігіт Эндрюдан журнал алам деп ақша сұрап, түн ауа мектепке тарты. Қаланың жастары да, мастары да сол аймақта жүргенін көрген Дуглас, жүрексіне басып кезекке тұрды. Орта жастан асқан еркектер мынау Эндрюдің баласы ғой деп сөз еткен кезде кезектен сытылып шығып, қараңғы жаққа қашып құтылды. Дуглас сол түннен кейін мектепке аттап баспады. Құрылыс аяқталған соң үкімет адамдары балаларға әріп үйрететін, ақша санауды үйрететін мұғалім іздеп таба алмай дал болды.

          Төрт жасқа толған, қоян мүшел жасына келген Хуанды Эндрю қаладағы темір ұстасына ертіп барды. Темір ұстасы қонақтардың келгенін көріп қуанып, көрік басып, от қыздырды. От әбден қызғанда ұстаханадағы қолына түскен темірді алып, соғып ырым жасады. Ұста Эндрю мен Хуанды аулаға жайғастырды да, үй іргесіне сауыт-сайман, қарулар үйіп қойды. Ұста жылан түстес сұр түсті торқадан шекпен киіп, сауыт-сайман жаққа арқасын беріп тұрып аяғынын арасын ашты. Хуан еңбектеп ұстаның бұтынан әрлі-берлі өтті. Бірінші еңбектеп өткенде сауыт кисе, екінші өткенде қару асынды. Ұста қызған отқа екі алақанын қақтап алды да, Хуанның бетінен сипады. Ол Эндрюға күлімсірей қарап:

      –Нағыз сабаз! – деп риза болды. 

      –Иә, өжет, тек төбелес іздеп тұрады, - деп күлді Эндрю Хуанды мақтап. Хуан ағаларымен сыйыспай төбелесіп өжет боп өсті. 

           Үкімет адамдары жалдап әкелген жезөкшелерді мектепке мұғалім қылып қойған соң, Эндрю Хуанды да егіз қыздарды да мектепке жібермеді. Райна мен Сарина үйде Аланадан әріп, сан үйренді. Эндрю өсіп қалған ұлдары Якуб, Део, Андрия, Диади, Брэндлиді ертіп, үйге бөлме жалғап, кеңейтумен айналысты. Үкімет келгелі Гудвиндер отбасы қаланың тұрмысына араласқан жоқ. Тұрғындар әр жаңалықты өмір сыйындай қабыл алып, әр жаңа затты сиқырлы заттай көріп таң қалды. 

      Үй тазалаудан, қыздарды оқытудан шаршаған Алана кешкі аста күйеуіне:

    –Балаларды жұмысқа жегіп қойғанша маған көмектесуге жіберші, - деді. 

    –Ұлдар бірнен соң бірі өсіп келеді, бөлме жалғап үйді кеңейте беру керек, - дегеннен басқа түк айтпады. 

      –Дуглас сендерге неге қосылмайды? Ол үшін алаңдамайсың ба? – деп сұрады Алана. 

     –Дуглас сондай таза, арам ниеті жоқ жігіт. Мен оған еркіндік бердім, әрі сенемін, - деп сорпасын сораптады. 

           Көп ұзамай Эндрюға Дугластың мектепте көз жұмғаны туралы хабар жетті. Аппақ, қан-сөлсіз жатқан Дуглас жезөкшенің бөлмесінен табылған. Эндрю бірнеше жігіттермен Дугласты үйіне әкеліп, ваннаға салқын су құйып, суға самырсын мен қара тұз салып жуындырды. Дугластың арқасына бірнеше жерден шиқан шығып, ірің қанға араласқан деген ойға келді әкесі. Бұл Гудвиндер отбасындағы Рикардоның жоғалуын есептемегенде алғашқы қайғылы қаза еді. Гудвиндер үйінен сүйек шықпақ. Дугласты сегіз сағат тұз бен сасыған суға жуындырған соң, табытқа салып аулаға қойды. Тұрғындар Эндрю мен Алананың қайғысына ортақтасып, көңіл айтып, кіріп-шығып жатты. Ірің қанға қосылып кеткен, дене шіриді, тезірек көміп тастайық деген шіркеу қызметкерінің сөзіне құлақ аспаған Эндрю, он екі күн бойы мылтығын арқалап, аулада сүйекті күзетіп отырды. Мәйіттен иіс те шықпады, самырсынның ғана ашқымтыл иісі сезіледі. Жұрт Гудвиндер баласын қара жерге қимай отыр десе, енді біреулер біріміз қалмай кіріп, көңіл айтып шыққанымызды күтіп жүр десті. Қала тұрғындарының бірі қалмай Гудвиндерге барса да, табыт орнынан қозғалған жоқ. Ғибадатхана мен шіркеу қызметкерлері келіп Эндрюға мұның күпірлік, құдайға қарсы шыққандық десе де, мылтығын тазалаудан бас алмады. Он төртінші күні үкіметтің үш адамы келді. Қалада Гудвиндерге көңіл айтпаған тірі жан қалмады. 

         Эндрю жігіттермен бірге табытты көтере Дугластың өз бөлмесіне апарып қойды. Алана табыттың айналасына көк өрім бидай, қылқаңжапырақ және гүл отырғызды. Райна мен Саринаға өсімдіктерді күніге екі мезгіл суаруды тапсырды. Әкесі күн сайын табытты иіскеп, маңдайы аппақ, қан-сөлсіз жатқан ұлының шіріген шірімегенің қадағалады. Төрт ай өтсе де Дуглас шірімеген күйі денесі тірі қалпындағыдай сақталды. Сақал-мұрты мен тырнақ-шашы өсіп, оны Якуб пен Део қырқып тұрды. Бұл оқиғадан соң үй ішінде көңілді әңгіме айтылмады, бәрі томаға тұйық, тапсырылған шаруаларына кірісті.

           Хуан күн санап өсті. Бесіктен белі шықпай атасының мылтығын көтеріп, өзі оқтап, қамыс маңынан ұшқан үйректі әп-сәтте жалп құлататын мергенге айналды. Атқан оғының мүлт кеткені жоқ, көзі көргіш, қолы мығым, аяғы ширақ та жылдам болып, ағаларын басып озды. Хуан әрі ақылды, оқымысты, сөредегі екі жүз том кітапты оқып тауысты. Кофе ішіп, отбасы басы қосыла қалса Эндрю немересін мақтап, жер-көкке сыйғызбай, аузынан көбік атқанша сөйлейтін. 

Үйректі қалай атқанын, кембағал көз көрмес тұманда киікті қара жаяу қуып ұстағанын, оған бұғалық лақтырып мойнына дәл кигізгенін айтып, өзге ұлдарын кемсітеді. Якуб пен Део бұл кезде үкімет адамдарына қол бала болып жұмысқа тұрған еді. Әкесі қарсылық білдіре қоймады, үкімет адамдары ұлдарың пысық, нағыз еңбекқор балалар деп қояр да қоймай әкесінен сұрап алды. Жүйеге жұмыс жасай ма деген сөзіне олар, көп ұзамай бұл дүниеден кетесің, сонда бала-шағаң қалай күн көрмек, өз асын өзі тауып жесін деп жауап берген. Дугластың сақал мұртын, тырнақ шашын қыру Андрия мен Диадудың мойнына жүктелді. Табыт маңындағы өсімдіктер күннен күнге жайқалып, қылқаңжапырақтар табытты баса өсіп, көк өрім бидай адам бойындай болды. 

          Тұрғындар мен келімсектер, жезөкшелер мен құрылысшылар үкіметтің жүйесіне бойұсынып, заңына бағынып, әр бұйрықты мүлтіксіз орындауға талпынды. Үкімет бұйрығымен Турандеде ең алғаш ерең еңбегі үшін жезөкшелер марапатталды. Қалада ережелерге бағынбағын Хуан ғана. Ол балаларға мылтық ұстауға, тіпті ұзындығы төрт еліден асатын пышақ алып жүруге болмайды деген заңға пысқырып та қарамады. Гудвиндер отбасына үкімет адамдары мылтықты тартып әкетуге келгенде Хуан олардың біреуін тапаншамен қақ маңдайдан атып сұлатты. Жеті жасар бала қылмыскер деп жарияланған соң, қала халқы бұғалықпен, ағысқа салатын аумен оны байлап матап, үкімет адамдарына тапсырмақ болса да, түк шықпады. Хуан арқанды да үзді, ауды да иіріп тастады. Халық оны байлап жатқанда қарт Мигель ғана елге қарсы шығып, баланы қашырып жіберейік деп даурықты. Қаладан безген Хуан қалың тұманға сіңіп жоқ болды. Кетерінде Эндрюдің тапаншасын беліне қыстырып алды. Мектеп жанындағы кеңседе жиналыс басталып Якуб пен Деоға тапсырма жүктелді.

      –Біздің адамымызды өлтірген Хуан Гудвинді алдап соғып болса да көзін құртыңдар! – деп бұйырды оқалы киімді. Інісін іздеп тұманға сіңген ағалары әр тұстан Хуан, Хуан деп айқай салып, Турандеден ұзап кетті. 

         Қалың тұманда айқайлай жүріп Хуанды тапқан Якуб пен Део, ормандағы жартыкеш еменнің түбіне отырып тамақтанды. 

     –Сенің қылмысыңды біз мойнымызға ала алмаймыз, бізбен жүр, - деді ағалары Хуанға.

     –Жоқ, бірге барып жақтастарымызды тауып, үкімет бөлімін басып алайық, - деді Хуан.

  –Турандені біз басып алғанмен үкіметтің басы да, денесі де, құйрығы да мұнда емес. Солтүстікте! Сондықтан біз тып-тыныш қалаға қайтамыз. Сені өлтіргенімізді дәлелдеу үшін дене мүшеңді кесіп алуымыз керек, - деді Якуб балтасын жалаңдатып. Хуан ағаларының ақымақтығына жырқылдай күліп отырғанда аңдаусызда Део оның көзіне пышақ сұғып алды да, Якуб балтамен қолын шауып түсті. 

Екі ағасы қолын шауып, көзін ойып алған соң, шала жансар қансырап жатқан Хуанды жартыкеш емен түбіне тастап кетті.

          Үкіметке Хуанның бір көзін, бір қолын әкеліп тапсырған Якуб пен Деоға үкімет алтын медальмен марапаттап, қос ауызды мылтық сыйлады. 

          Туранде кесапатқа тап болды. Аптап ыстықтан көз ашпай, әбден шөліркеді. Құдықтағы ауыз су жерге сіңіп, сарқыраманың арқырап кеп төгілуі тоқтады. Сыздықтап, шәйнек шүмегінен су құйғандай әрең жылтырайды. Жезөкшелер де, үкімет адамдары да бұл құбылысқа ештеңе істей алмады. Шіркеуден қызметкер шақырып, кеуіп шалшығы қалған көл жағасына барып, дұға оқытқаннан басқа не шара таппақ? Үй маңындағы шалғын қурап, көл маңынан батпақ иісі сасыды. Топ-тобымен секіре ұшқан шегірткелер қаланы басып кетті. Қаптағаны сондай ұшқанда күн бетін тұмшалап, егінді де, шалғынды да, аулада жаюлы жаймаларды да, есіктің жаңқасын да кеміріп, күллі дүниені тыр жалаңаш етті. Амалы құрыған халық бұл қасіретті әкелген Эндрюдің қарғыс атқан, жер қабылдамайтын баласы Дугластан көріп, Гудвиндер отбасының ауласына жиылды. Қолына мылтық алған, тапанша ұстаған тұрғындар үйді қоршап алды. 

     –Эндрю! Табыттағы ұлыңды бер! Сарқырамадан лақтырамыз. Оның денесін жоғалтпайынша мына шақырайған күн бәрімізді қуырып өлтіреді. Шегірткеге жем боламыз, - деп ышқынды тұрғындар. Тұрғындардың ақымақ ісіне қарсы шыққан тағы да қарт Мигель еді.

     –Есуастар! Дугластың не қатысы бар? – деп аулада айқай салды. Эндрю да сасқан жоқ. Үй есігін ашып айналаға асықпай қарап алды да:

     –Келіңдер, табытты көтеріп кетіңдер, біз отбасымызбен қарсы емеспіз, - деп есікті одан әрі айқара ашты. Жүгіре басқан жұрт Дугластың бөлмесіне кіргенде бір шегіртке тісі тимеген, жайқалған жап-жасыл гүлдерді, қылқаңжапырақты, адам бойындай бидайды көріп таң қалды. Табыттан аңқыған жұпар иіс олардың басын айналдыра, бөлмеге кірген адамның бойын қоңыр салқын леп кернеді.

       –Көрдіңдер ғой, Турандені қарғыс атса Дугластың денесі де іріп-шіритін еді. Бірақ ол күннен күнге жайқалып, жұпар аңқып барады. Турандеде қалған жалғыз гүл де, бидай да табытты жауып бүркеп тұр. Егер қаладағы соңғы гүлді, соңғы бидайды құртам десеңдер табытты алып кетіңдер, - деп Эндрю Дугластың бөлмесінің екінші есігін ашты. Табытты көтеріп кетуге ешкімнің батылы жетпеді. Аппақ күйінде мәңгілік ұйқыға кеткен Дугластың жүзіне қараған жұрт кімді қарғыс атқанын түсінер ме?

        –Арамыздағы қарт Мигель дұрыс айтады. Қаңғыбастан бала таптыңдар, жезөкшеге күніге тоғыз рет барасыңдар, мұндай қаланы қарғыс атпағанда қайтеді? – деп Эндрю дауыс көтерді. Жұрт кері бұрылып апыр-топыр үйден шығып бет-беттерімен кетті. 

             Жартыкеш еменнің түбінде қансырап жатқан Хуан есін жинап, бір қолмен тірей еңбектеп, ылғалдың иісі шыққан жаққа бағыт алды. Сау қолымен ауру көзін жаба, қамыс түбіне келіп тоқтады. Өзен жағасындағы ашықтыққа барып көзін жуғалы  отырып еді, қаны суға араласты. Сол мезетте алып жайын балық шықты да, бір серпіліп Хуанды жұтып, ылғалмен сырғи өзенге қойып кетті. Балық тұңғиық тереңмен жүзе-жүзе желбезегінен көпіршік ауа атып, Хуанды асқазанына қарай ығыстырды. Бір сағат өткен соң жайын жағаға қайта шығып, күн көзіне керіліп қыздырынып жатты да, Хуанды құса бастады. Оның әуелі аяғы, белі көрініп, кейін жайын балық түгел бүгін күйінде ауызынан шығарып тастады. Шырышты қабықта тыпырши қозғалған Хуан қайта туғандай, қайта тірілгендей күйге енді. Ағалары шауып тастаған қолы өсіп, ойып алған көзі орнына түсіпті. 

       Хуан беліндегі тапаншасын алып қалаға келгенде, кеуіп кеткен көл маңында үкімет адамдары мен шіркеу қызметкерлері мал сойып, қанын ағызып, дұға оқып, көкке қолын жайып отырды. Ол жиналған топтың бүйір тұсынан, бірінен соң бірі үш оқты қатар атып екі үкімет адамын сұлатып түсірді. Якуб пен Део Хуанның сап-сау оралғанын көріп, естері шыға шошып кетті. Қызметкерлер бытырай қашты. Көл жағасы астан-кестең. 

         Халық екі үкімет адамын жер қойнына табыстаған сәтте қара бұлт үйіріліп, жаңбыр төпелеп тоқтаусыз жауды. Ағашқа, қураған өсімдікке жабысқан шегірткелер бытырап, балшық сасыған көл толысты. Жаңбыр екі апта бойы тыңған жоқ. Хуан келіп еді жаңбыр жауды деп ел оны қасиетті, киелі адамға теліді. Қала көгеріп, іргеге мүк өсіп, шалғын жайқала бой көтеріп, дүние қалпына келді. Сарқырама төгіле келіп көлге құйды. 

            Хуан Турандеде көп аялдаған жоқ. Алаңға халықты жинады да:

     –Маған еретін жігіттер бар ма? Көп ұзамай үкімет әскер жібереді, өлген жақтастарының құнын даулайды. Оған дейін мен де қарап отырмаймын, әр өлкеден қолдаушылар тауып үкіметке қарсы соғыс ашамын, маған еретіндер бар ма? – деді. Жеті-сегіз жас жігіт және Якуб пен Део қосылып олар сол күні Турандеден бір-бір дорба жүгері алды да, аттанып кетті. Дугластың сақал мұртын қырып отырған Андрия мен Диади Гудвиндер бұл хабарты ести сала, ұстараны еденге лақтыра салып, ағаларына еріп көтеріліске қосылды. 

        Төрт ұлын бір немересін көтеріліске жіберген Эндрюдан бақытты адам жоқ еді. Гудвиндердің самырсын мен мәйіттің жұпар иісі аңқыған үйінде егіз қыздар Райна мен Сарина, кенже ұлы Брэндли және аппақ маңдайлы өлік Дуглас қалды. Үйде адам азайғаннан Алананың да қолы босап, қыздарына көйлек, кенже ұлына жейде тігіп, Дугластың табытының жанына тағы бірнеше гүлдер екті. 

          Брэндли білімге құштар. Хуан оқып тауысқан екі жүз томдық кітаптарды толық аяқтап, жасы жетіге келгенде Парижде оқуды армандады. Эндрю Брэндлиді әуелі солтүстікке, кейін солтүстік арқылы Париж асыруды жоспарлады. 

        Үкімет адамдарын Хуан атып салғанына төрт апта толғанда Турандеге төрт зеңбірек сүйреткен екі мың сарбаз басып кірді. Олар орталыққа келіп зеңбіректерді қалының әр тұсына қаратып қойды да, халықты жинады. Үрейленген жұрт қорқасоқтап, әр жерде үрпиісіп тығыла түсті.

     –Біздің өкілдерімізді қарақшылар атып тастапты, кім екенін айтасыңдар! Айтпасаңдар мына төрт зеңбірекпен қаланың күлін көкке ұшырамын, жермен жексен етемін, - деді басшылары. Халық арасынан Туранденің ең қарт адамы жүз он жастағы Мигель әскерилерге жақындап, таяғына сүйеніп тұрды да:

        –Не дейсің? Құлағым естімейді, - дегенде үрпиісіп тұрған жұрт ду күлді. 

   –Үкімет өкілдерін жайратып кеткен кім? – деп тамағы жыртылардай бақырды әскер басшысы. Мигель саспады, кетік те кемік тістерін ақсита ыржиды да:

     –Мен ән салу білемін, әнді керемет айтамын. Бірақ адам өлтіру қолымнан келмейді, ал үкімет адамдарын кім қырып кетті десең ол – Хуан! Хуан Гудвин! Үкіметке қарсы көтеріліс жасау үшін жақтастар іздеп жолға шығып кетті. Нағыз батыр, қайсар жігіт, - деді Мигель.

    –Хуан Гудвин? Қанша қаруы бар? Қанша адамы бар? – деді басшы.

    –Ол бар болғаны жеті жасар бала ғой, қасында тоғыз жігіт бір тапаншасы бар, - деп Мигель расын айтса да халық күлкіге қарқ болды. 

    –Немене? Мазақ етіп тұрсыңдар ма? – деп әскер басшысы ашуға булықты.

    –Рикардо Гудвиннің періден туған баласы. Оны жеңу мүмкін емес, ағалары көзін ойып, қолын шауып тастаса да, орнына қол, көзіне қарашық қайта өсіп шықты, - деп Мигель қылжақты доғарып ақиқатын айтты. –Ал, қаланы атқылағаннан түк шықпайы, одан Хуан жеңілмейді.

      Халық мазағына қалып әбден зығырданы қайнаған әскер басшысы қос-қостан зеңбіректердің жанында тұрған сарбаздарға атыңдар деп бұйрық берді. Төрт зеңбірек төрт жаққа бір-бірден атылды. Гүрс-гүрс! Жұрт ұлардай шулап, тым-тырақай безе жөнелді. 

           Бұл шақта Эндрю қорасында мылтығын тазалап отырған. Бұрқыраған шаңды көріп сыртқа шығып еді, безіп бара жатқан халықты көрді. Екі мың сарбаз зеңбірегін сүйретіп солтүстікке бет алды. Шаңы бұрқ етіп әр жерден қираған Турандені іңір қараңғылығына дейін жұрт қалпына келтіріп, шытынаған үйлер мен талқандалған қабырғаларды қайта тұрғызып, сылап, бор езіп әктеді. Үкімет жасағының безбүйрек аяусыз әрекетін көрген соң халық көтерілісті қолдаймыз деп келісті.

        Әскери жасақ қаладан кеткен күннің ертеңіне Турандеге сал-серілер келіп, ән әуелеп, қыздар би билеп, базар қайта қызып, халық думандатты. Алаңға қалы кілем төсеп серілерді жайғастырып, ел қызмет көрсетті. Серілер сырнай-кернеймен көңілді әуен ойнап, күні бойы ел ықыласына бөленсе, түн ауа жезөкшелермен уақыт өткізді. Турандеде серілердің өнеріне бұрылып та қарамаған Брэндли еді. Сал-серілер қалада бір ай бойы ыңыранып жүргенде Брэндлидің де шыдамы таусылды. Себебі ол есік терезені тарс жауып алса да, көшедегі шудан, тарсыл-гүрсіл аспаптың даусынан оқуына көңіл бөле алмады. Жүйкесіне тиді. Бала қораға кіріп әкесінің мылтығын алып шықты. Дүмі мен сабынын арасын тізесіне қойып теуіп, ауызы буулы дорбадан оқ алып салды. Мылтықты әрең көтеріп сүйрелеп, алаң ортасына келген ол аспанға гүрс еткізіп бір атты. Дабырлаған аспап та, жырқылдаған жұрт та тына қалды. 

           –Тараңдар! Қойылым бітті! – деді саңқылдап. Жұрт Брэндлиге бір, серілерге бір қарады да, тырқ-тырқ күліп думанды жалғастырды. Ісіне ешкімнің мән бермегеніне қатты қорланған Брэндли әкесінің мылтығын үйіне қайта сүйретіп келді де, Эндрюға жалынышты үнмен Турандеден кетемін деп Дугластың бөлмесінің алдына жата қалып жылады. 

        Сексен тоғызыншы күні серілер аспаптарын жинап, өгіз арбаларына мініп қаладан шығып кетті. Әрине, олардың кетуіне Брэндлидің аспанға атқан оғы әсер етпеді, Турандеде олар ішетін сүт пен олар жататын қыз қалмады. 

         Серілер кеткен күні түсте түйеге жүк артқан саудагерлер алаңға тұрақтады. Есек арба мен қашырға мініп жеткен саудагерлер Турандеде бір апта да аялдаған жоқ. Әкелген жібек маталары мен қыш құмыралары, күміс айна мен жез тарақтары төрт-бес күнде сатылып бітті. Шөккен түйелер түрегеп, есек арбалар қозғала бергенде Брэндлиді ерткен Эндрю саудагерлерге келіп өтініш білдірді. Саудагерлердің бірі Брэндлиді қашырға мінгізді де:

         –Мырзам, біз неше күнде жететінімізді білмейміз. Дегенмен алаңдамаңыз, - деді Эндрюға. Эндрю қалтасынан бүктелген қағаз алып шықты да, саудагерге ұстатты.

          –Жеткен соң мына қағазда көрсетілген адамды тауып аларсыз. Ол да еңбегіңізді төлейді. Баланы сол кісіге тапсыр! Мына хатты досыма бер, ол әрі қарай баланы Парижге аттандырады, - деп саудагерге ақша төледі. 

        –Парижге де! Оқымысты боламын дей ме? – деді саудагер көңілді сөйлей күліп.

          –Өзі солай дейді, - деп Эндрю да жымиды. 

      –Осы күні Парижде еріккен ханымдар мен әлгі біреулер ғана тұрады дейді ғой, әлгі біреулер, кім еді? - деп саудагер басын қасыды.

        –Аяқ допшылар ма?

         –Иә, иә, ішіне жүн тығылған домалақты қуалап жүгіретіндер. Одан да сауда жасамай ма? – деп саудагер күңкілдей қашырын жетектеп кете барды.

        Шөп басына мөлдір шық қонақтаған таңғы мезгіл еді. Алаң маңындағы айқай-шудан құлақ тұнады. Эндрю егіз қызын ертіп қандай думан басталғанын білмек болып бет-ауызын жумастан алаңға барған еді, әр тұрғынның қолындағы газеттерді көрді.

        –Жаңалықты естідің бе? Естідің бе? – деп жан-жақтан тұрғындар жапырлай келіп Эндрюді құшақтап, бетінен, маңдайынан, көзінен сүйіп жатты. Ол газетті жұлып алды да, көзіндегі былшығын сүртіп судыратып оқи бастады. Газетте: «Көтерілісшілер тау бөктеріндегі қалада шайқас жүргізіп, үкіметтің екі мың сарбазын жойып, төрт зеңбірегін тартып алды» деп жазылыпты. 

     –Бұл біздің қалаға Хуанды іздеп келген жасақ, - деді қарт Мигель. –Хуан оларды жойып, зеңбіректерін де тартып алыпты, - деп тісін ақсита күлді. Эндрю біраз үнсіз тұрды да: 

    –Халайық! Мұнда бір күмән бар. Үкімет неге көтерілісшілердің жеңісі туралы жазады? Бұл хабар нағыз араңдату, жалған шығар?! – деді. 

    –Соңына дейін оқы. Мұнда көтерілісшілерді жаншу үшін тағы он екі мың әскери жасақ аттанғаны жазылған. Олар жеңіске алдын ала сенімділікпен жазып отыр. Көтерілісшілерді бір тұсында қылмыскерлер деп те жазыпты, әрине бұл хабар жалған емес, - деді жұрт арасындағы бір еркек ышқына. Эндрю жаңалықты соңына дейін оқыды да, күмәні сейілді. 

         Турандедегі үкімет билігі болмаған соң ел балаларын оқудан шығарып алды. Бұл жылдары Алана егіз қыздары Райна мен Саринаға үстелде тік отыру, шанышқыны дұрыс ұстау, пышақты қырымен қоймау секілді дастархан мәдениетін үйретті. Гүл отырғызғанда топырағын дымқылдау, тамыр тінін бүлдірмей алу керегін нақпа-нақ асықпай түсіндірді. Дугластың қауға сақалын қыру Эндрюдың міндетіне кірді. Егіздер гүл топырағын ауыстырып, суарып, тыңайтқыш салып одан әрі табыт айналасын әрлендіре берді. 

          Райна сыңары Саринамен салыстырғанда ашық, ақкөңіл, жарқын мінезді. Сарина тұйықтау, сұрақ қоймаса өзі ашылып әңгіме де айтпайды. Шешесі оларға көкөніс турауды үйреткенде Райна түсінбегенін сұрап Алананы мезі етсе, Сарина үнсіз тыңдап, миына бар ережені құйып алды. Кешкі ас үстінде Эндрю қыздарының өсіп қалғанын, дастарханда тым сыпайы әрі мәдениетті, бұрынғыдай төгіп-шашпай отырғандарын көріп Аланаға мейірлене қарады. Көзімен аймалап, өбіп, көптен махаббатын бөлмеген жарына жарты минут күлімдеді. Алана да күйеуінің жылы көзқарасына тоймағандай, ыдысына тағы да толтыра тамақ салды. 

     –Қыздар өсіп қалыпты, - деді ауызын сүртіп. 

     –Қорада мылтығыңды тазалап отыра берсең бір күні бұлар тұрмысқа кеткенде есіңді бір-ақ жиярсың, - деді Алана жымиып. Мұны естігенде Эндрюдің кеудесіне қызғаныш сезімі келіп орнықты. 

    –Қайдағын айтпашы. Екеуі де саған ұқсаған хас сұлулар, - деп еді, Алана:

    –Тағы бастамашы, - деп күлді. 

    –Есік ашшы, - деді Эндрю сыртқы есікті әлдебіреу тоқылдатқанда. Алана ас бөлмеге алжапқышын шешіп қалдырды да, іргедегі ілулі тұрған ескі шүберекке қолын сүрте сыртқы есікті ашты.

     –Гудвиндердің үйі ме? – деді қалың қалпақ киген әйел. 

     –Кіріңіз, әбден жауырапсыз ғой, - деп Алана ілтифат білдірді. Әйел кірді де, қалың қалпаған шешіп, кіре берістегі ілгішке ілді. Шашына ақ кірген екен. 

    –Иә, кімді іздеп жүрсіз, - деді қара кең көйлек киген толық әйелге Алана.

    –Мен осында түнеуге келдім. Денсаулығымда кінәрат бар, буындарым ауырады, қан қысымым жиі жоғарылайды, түспейді, - деп бейтаныс әйел шағымын айтып сарнай жөнелді. Ас бөлмеден Эндрю да шықты. 

    –Сәлеметсіз бе, мырза, бұл Гудвиндердің үйі ғой иә? – деді Эндрюға.

    –Иә, сізге кім керек?

    –Түнеуге келдім, екі майшам ала келдім, шырақ жағып түнеймін, - деп дорбасынан ұзын екі шырақ алып шықты. 

     –Ханым, сізді түсінбедім, шіркеу көшенің арғы басында, - деді Эндрю. 

     –Жоқ, маған әулиелер аян берді. Дуглас Гудвиннің басына түнесең құлан таза айығасың деді. Менің түсім өңімде дәл келеді. Алтын сағатымды жоғалтып алғанымда, түсіме оның кім ұрлағаны кірді. Өзім де сол құрбымнан күдіктенген едім. Оңбаған әйелге бардым да, алтын сағатымды қайтарып алдым, - деп әйел сөйлегенде тоқтаусыз ақтарылды. Аян берді деген соң Эндрюдың да амалы құрыды.

    –Жарайды, тек бір түнге, - деді Алана екеуі. 

    –Бір күнге болса да мен ақысын төлеймін, - деді әйел. 

            Сол түннен кейін Гудвиндер отбасына жан-жақтан, тіпті солтүстіктен, оңтүстіктен ағылып адамдар келіп, бізге әулиелер аян берді, Дугластың басына шырақ жағып түнейміз деп табыт қойылған бөлмеде бір қонып, Эндрюдің түсіне кірмеген ақша төледі. Гудвиндер әбден байыды. Алғашында Алана мұншалық көп ақшадан тіксініп, арты не болар екен деп уайымдады. Алана ақша жайында ойланып болғанша қонушылар мен қонақтар, емделушілер ақы төлеп көбейте берді. Эндрю үйді тапаған қарақұрым жұрттан жалықты да, Дугластың бөлмесін тесіп есік орнатты. Келуші үйге кіріп жүрмей-ақ, аула арқылы Дугластың бөлмесіне төтелей кіріп түнейді. Ем алушылар көбейген сайын Райна мен Саринаның да жұмысы қиындай түсті. Бұрын гүл суарып, табыттың шаңын сүртсе, енді тізілген майшамдарды қиып ала жинап, қоқысқа тастап әуре болды. Дугластан күннен күнге жұпар аңқып, бөлмені табыттың өзі-ақ қоңыр салқын күйге бөлейтін.  Мол ақшаға кенелген Гудвиндер отбасы енді қашыр жетектеген, түйеге жүк артқан саудагерлерді сағына күтті. 

         Дугластың ауладан кіретін есігіне күзет қоймаған Эндрю келіп-кетушілерге шүбәсіз сенген. Сүттей аппақ ай туған күні табыт тұрған бөлмеге қара жамылғы жамылған тапал бойлы кемпір келген күні қонып жатқан адамдар бөлмеден шығып тым-тырақай қашқан. Эндрю не болғанын білмек болып бөлмеге кіргенде, жанып тұрған майшам жарығынан жамылғысын шешіп табытқа қарап тұрған жапалақ көзді, қарға бұтты, құс тұмсықты кемпірді көріп, буын буыны дірілдеп кетті. Кемпір Эндрюмен тіл қатысқан жоқ. Табытқа ұзақ қарап тұрған соң жамылғысын қу тақтайға төсеп жатты. Кемпір әр айда бір рет қонуды әдетке айналдырды. Қарға бұтты, құс тұмсықты кемпір үшінші рет қонуға келгенде Эндрю қанша қорықса да, онымен тілдесуге бел буды. 

         –Сіз келген күні мұндағы адамдардың бәрі тым-тырақай қашады. Сіз табытқа емделу үшін келесіз бе? – деді Дугластың мәйітіне қадала қарап тұрған кемпірге.

   – Мені қарғыс атты! Қарғыс пен дуаның кесірінен жайым осындай. Мен ормандағы омарташының қызын дуаладым. Бірақ, ол қыз нағыз пері болып шықты. Сымбатты, келбетті жігіт омарташының қызын қаратып берсең шешемнің алтын тарағын саған сыйлаймын деп уәде етті. Дуа жасап, орманға бардым, қыздың күткені ол жігіт емес екен, қыздың күткені басқа жігіт. Ол өзімді қарғады. Сен мені бұл үйден аулаққа қума, мүмкін қарғыс қайтар деп үміттеніп жүрмін, - деді кемпір құмыға. 

       –Сен мыстансың ба? - деп Эндрю дауыс көтере қыспақтады. 

       –Иә, мыстанмын, қазір бар күшімнен айырылдым. Ешкімге зияным жоқ, - деп жамылғысын төседі де, жата кетті. 

       Жүк артқан саудагерлер келіп қала күйкі тірліктен бір ауық бас алып, тағы да думанға кірісті. Сырнай-керней тартып, ашыған бидай суын ішіп тойлады. Қашыр жетектеген саудагерді іздеп алаңға келген Алана мен Эндрю әуелі ақ маталар, перделер, жақында үйге жалғаған жаңа бөлмеге қажетті құмыралар мен саздан жасалған мүсіндер сатып алды. Қашыр жетектеген саудагер оларды көре сала қуана аяқ басты. 

        –Мырза, мырза! Балаңызды досыңызға тапсырдым. Бүп-бүтін, сап-сау күйінде апарып бердім. Жолда күн ыстығы өтіп, іші кетіп, екі күн қиналды. Ішірткі мен шөп дәрі беріп емдеп алдым, - деп жылмаң-жылмаң іші-бауырға кірді. 

       –Жарайсың! Мен саған сенген едім, - деп Эндрю оны мақтағандай кейіп танытты.

       –Айтпақшы, мынау досыңыз беріп жіберген қағаз, - деп саудагер Эндрюдың қолына досы жолдаған хат ұстатты. Алана елеңдеп күйеуінің қолына қайта-қайта қараған соң, Эндрю хатты сол жерде оқып берді. Хатта Эндрюдың досы Брэндлиді тынықтырып, Парижге баратын саудагерлерден беріп жіберетінін жазыпты. Хат соңында бұл хат саған жеткенде балаң Парижге жетті деп санай бер депті. Көңілі жайланған ерлі-зайыптылар бірнеше қос ауызды мылтық пен ондаған тапанша сатып алып, қапшықпен үйге көтеріп келді.

         Бұл шақта қала құрықтан жасаған шарбақтарын ауыстырып, ылғал жас құбаталдан иіп үй маңың қоршады. Жаңбыр суымен шайылып кеткен үйдің әгін қайта әктеп әрін кіргізді. Алананың бұйрығымен бар әйел шарбақ алдына, үйдің кіре берісіне гүл отырғузы керек еді. Бір аптада бұл бұйрық орындалып, қала қызыл-жасыл гүлге толып жайнап кетті. Еріктілер шіркеу алдына қысқа тақтайдан аула жасап, гүл отырғызып, жас шыбықтарды қадады. Шіркеу қоңырауы қанша соғылса да, өзге қалалардан ағылған жұрт Дугластың табытына асықты. Аз уақыт аралығында шіркеуге барып майшам жағатын адам қалмады. Ол жер қаланың сәні мен көркіне ғана айналғалы қашан. Майшамның бәрі Дугластың табытында және қоқыста. 

      Шіркеу қызметкері Гудвиндерге таң әлетінде келіп, Эндрюмен оңаша сөйлесті.

   – Мырза, бұл барып тұрған күпірлік! Доғару керек, - деп кітаптан үзінділер келтіріп, дәлелдеп әлек болды.

   – Тірі күйінде жатқан баламды қалай көмемін? - деп Эндрю оған киіді. 

   – Ол өлген, - деді қызметкер.

   – Өлсе іріп-шіритін еді. Шашы, тырнағы өседі, бұл тіршіліктің белгісі, - деп Эндрю алған бетінен қайтпады.

   – Олай болса құдай алдында өзің жауап бересің. Сұрақ-жауап кезінде мені айтпады деп жалынба! - деп қызметші шығып кетті. Дугласқа келушілер де мұнымен тоқтаған жоқ. Уағызды да тыңдамады. 

      Өгіз арба жеккен пошташы жаңа газеттер алып келді. Бір-бір газет ұстаған тұрғындар Эндрюдің үйіне қарай ағылды. Түс мезгілі, шақырайған күн ми қайнатардай ыстық. Қоңыр салқын қорада жақында сатып алған қаруларын тазалап отырған Эндрю, ауладағы шуды естіп сыртқа шықты.

        –Мырза, оқыңыз, оқыңыз! - деп даурықты жұрт. Эндрю газетке көз жүгіртіп шықты. Жаңалық Хуанның өз сөзімен жазылған. Ол бірнеше қаланы басып алғанын, үкімет адамдарынан тазартқанын және газет редакциясын да көтерілісшілердің қолына өткенін баяндап, барша халықты үкіметке қарсы тұру туралы үгіт-насихат қалдырыпты. Көтерілістің нәтижелі, жүйелі жүріп жатқанын білген Эндрю қатты қуанса да, Туранде тұрғындарына білдірмеді. 

     – Хуан бүкіл елге тарайтын газет арқылы көтеріліске шақырса, жасақ молайып, қарсылық білдірушілер саны артады деген сөз, - деп Мигель ел-жұртқа түсіндірді.

     – Мигель, ән салшы, - деді жұрт осындай қуанышты хабарды естіген соң.   Мигель елге күле қарап:

   – Жасыл бақтан жаралған

     Күн нұрынан нәр алған, - деп бастап кетті. 

        Кешкі ас кезінде Райна мен Сарина бір-бірімен сыбырласып сөйлесіп, сорпаны асыға ішіп, орындарынан тұрып кетті. Шыпшып терлеген маңдайын сүрткен Алана сүрткішті үстел үстіне қолапайсыз лақтыра салды. Қалың қасы түйіле Эндрю Аланаға сұраулы жүзбен қарады да:

    – Саған не болған? - деді.

   – Сұрақты мен қоюым керек! Сен Хуанды ғана ойлайсың. Якубты, Деоны, Андрияны, Диадиді, Брэндлиді қаперіне де алмайсың. Рикардо жайлы қамыс өртеп келген күннен бері жақ ашпадың. Осы сен балаларың жайлы ойланасың ба? - деп Алана Эндрюға ренішін білдірді.

     –Рикардо жайлы саған баяндап бердім ғой. Ол аққуға айналып кетті, енді адамдар арасына қосылмайды, оралмайды. Бұған көндігуің керек Алана. Рикардо адамдардан жалығып кетті. Хуанды ғана ойлайтыным рас, Хуан аман болса қалған ұлдарым да аман деген сөз. Ол бәрін қорғайды, ол ағаларын қорғайды, - деп бүгінгі газетті жыртып алып темекі орады.

    – Эндрю?

    –Не болды?

   – Жылан етін жегім келеді, жерік сияқтымын, иә, жерікпін, - деп Алана еркелей сөйледі. Жаңағы реніштің бәрі тарқап кеткендей.

   – Неге мың құбылып отыр десем, жерік екенсің ғой. Қарғыс атқыр! Неге бақа мен шаянға жерік болмайсың? Көлден ұстап әкелетін едім. Бақа іргеде қаптап жүр. Жыланды қайдан табамын? - деп көңілді күле сөйледі.

     – Су жыланы емес, еті қалың, ақ тақырдың жуан жыланын жегім келеді. Ертең тауып әкелесің бе? - деді Алана.

           Дугластың бөлмесіне қонушылар таңда тұрып кеткен соң, Эндрю табыт маңын бір тексеріп шықты да, қорадан қаруын алып қалың қамыс жаққа бет алды. Сағаттап жүріп қалың шалғынды, тобықтан келетін көкалды шолып шықса да ірі жылан түгелі құрт та кезікпеді. Рикардоны іздеген күзде өзі өртеген қамыс жаққа көз тастады. Жап-жасыл ну ормандай қаулаған тығыз қамыс одан бетер биіктей, адам өтпеспей қалыңдай түсіпті. Ақ тақырға келіп темекі орап тұтатып,  қырындай жатып шегіп, Эндрю қалың ойға батты. Боқты илей домалатқан қоңызға қарап жатып қалғып кетті. 

           Эндрю түсінде жолақты жолбарыспен алысып, тартысып, мылтықпен атып түсірем дегенше ширақ атылған аң үстіне шығып алып, азуын ақситып өзін жегелі жатқанын көрді. Қонышынан кездік суырып алып жолбарыстың ішек-қарнын ақтарып жібергенде ішінен көкжал қасқыр шыға келіп тарпа бас салады. Эндрю жолбарысты жарып өлтіргендей көкжалды да жайратып, қанын судай шашады. Көкжал ішінен қызыл түлкі бұлғаң етіп бас көтереді. Кездігін тағы осып қалғанда қызыл түлкі ішінен қаптаған бақа мен шаян ақтарылып, қаумалап келіп Эндрюды талай бергенде оянып кетеді.

          Оянғанмен тұрайын десе жуан қара жылан басын тік көтеріп, Эндрюдың кеудесіне орала арбап тұр. Оның ойына түсіндегі әдіс келді де, қонышынан кездік суырып, арбап тұрған жыланнын басын "әп" деп шауып түсті. Бассыз дене Эндрюды қанша буындыруға тырысса да, ирелеңдей-ирелеңдей жан тапсырды. 

          Жуан жылан денесін сүйрелей Аланаға әкеліп берді де, өзі асыға басып қарт Мигельге барды. Тербелмелі орындықта шалқая жатқан қарт, қалпағымен бетін бүркеп қойыпты. Жанына адам келгенін байқап, қалпағын алып, көзін ашпастан кім екенін таныды.

    – Эндрю Гудвин! Сенің мұнда келгенің мен үшін даңқ! Аса мәртебелі ағзам! - деп Мигель ыржиды. 

    – Жағдайым мәз емес, Мигель ақсақал, - деді. Ол үй алдындағы ағаш сандалға отырды. 

    – Түріңнен көрініп тұр, кофе ішесің бе?

    – Жоқ, әуре болмаңыз. Отыра беріңіз, - деді Эндрю.

    – Иттің етінен қуырдақ дайындап қойдым. Соқтырып алайық, - деп тұра беріп еді, Эндрю қолынан демей жүз он жасар қарт Мигельді қайта орнына отырғызды.

   – Сұмдық түс көрдім!

   – Түсте мағына болушы ма еді? Бірақ, сен тегін адам емессің ғой!

   –Жолбарыспен алыстым, көкжал болды. Көкжал қызыл түлкіге, түлкі бақа-шаянға айналып мені талап жеп жатқанда шошып ояндым, - деп үрейден арылмаған кейпінде сөйледі. Мигель оның түс жорытуға келгенін түсінді.

      –Бәрі жақсы, жақсылыққа жориық. Ұрпағың көп болады, бақа-шаяндай құжынап көбейеді, - деп Мигель еш алаңсыз отыра берді. Мигельдің қысқа жауабынан, жорамалынан Эндрюдің күмәні сейілмеді. Қарт оған ақиқат айтудан жалтарып, қашқақтады. 

     –Мен олай ойламаймын, - деп Эндрю күрсінді.

        Алана жуан жыланды бөлшектеп-бөлшектеп тастады да, асып не қуырып әуре болмады. Шыдамағаны сонша шикілей, ауызынан су аққанша айызы қана жеді. Жыланның қабығын да қалдырмады. Мигельдің үйінен келген Эндрю Алананың бұл қылығын түсінбей үрке қарап қалды да, әйелінің жүкті екені есіне түсті. 

      Екі апта сайын шығатын газет бір жыл бойы Хуанның жеңістері, елді-мекендерді үкімет жасақтары мен адамдарынан тазалағаны туралы сүйінші хабар таратты. Үкіметтің Хуанға қарсы аттандырған он екі мың сарбазы көтерілісшілермен әлі бетпе бет кездеспеді. Газет келген сайын Туранде тұрғындары демін ішіне тартып, үреймен ашатын болды. Себебі көтерілісшілер елді толықтай соңына ерте алмады. Уақыт зымырап Хуанның да жылдарға созылған соғыстан жүйкесі жұқарып, өзіне қосылмаған елді-мекендерді өртеп жіберді. Бұл туралы жаңалық соңғы газетте жарияланып, Хуанға қосылмаған елді-мекендер енді отқа оранады деп баяндалған. Алана да Эндрю да көтерілістің алған бағыты мен сарыны өзгеріске ұшырағанын сезді.

       Алана жылан жеген күннен бастап есептегенде он үш айдан соң дүниеге жылан қабықты ұл әкелді. Оны босандырған құмалақшы кемпір жылтыр сауытты, шырыш қабықты баланы алғаш көргенде балық па деп ойлады да, терісінің ерекше сұр түсті екенін байқап байбалам салмай тұра тұрды. Алана есін жиғанда құмалақшы кемпір оның оң қолына жылан қабықты баланы ұстатты. Алана жылтыраған терілі балаға таңырқай қарап, көзінен, мұрынынан, бетіне сүйіп мейірленді. Эндрю жылтыраған терілі, жылан қабықты баладан әуелі қорқып кетті де, көрген түсі көз алдында елес берді. 

Құмалақшы кемпір жаман ырым деп айқай салмағандықтан, қорқатын ештеңе жоқ деп ойлады. 

      –Жерік кезіңде бір жыланды түгел жалмап, жұтып едің, енді қарашы, - деді Эндрю жиіркене жүріп баланың шырыш қабығын сүрте. 

     –Сауытымен туғандай, бұл ұл Туранденің айын аспандатар азамат болады, - деп құмалақшы кемпір құманды алып шығып кетті. 

    –Есімін қойдың ба? – деді Алана.

    –Он үш ай бойы не ойлады дейсің? 

    –Кім?

   –Гиоргос! Есімін Гиоргос деп қоямын! Не деген жиіркенішті қабық, маған ұнамай тұр, - деп Эндрю тағы кейін шегінді. 

    –Қыздармен бірге кешкі ас іш. Олар жабырқап қалмасын. Бара ғой, мен Гиоргосты емізейін, - деп Алана ыңғайланды. 

        Райна мен Сарина әкесіне дастархан жайып, сәбіз турап, жанына балық қуырып берді. Қыздарының қолғабысқа жарағанына қатты қуанған Эндрю олармен көңілді отырып кешкі ас ішті. 

    –Райна? Саудагерлер келсе саған не сатып әперейін? – деді әкесі.

    –Бояулар алып берші әке.

    –Сурет саласың ба?

    –Жоқ, көзімді, ернімді бояймын, - деп еді Сарина мен Эндрю оның сөзіне мәз болды.

   –Сарина саған ше?

    –Жаңа гүл тұқымдары керек. Дуглас ағаның табытына жаңа гүлдер қажет, - деді Сарина. Олар балық жеп, ыстық қара шай іше бергенде сыртқы есікті біреу тықылдатты. Эндрю өзі барып ашып еді пошташы жігіт хат қалдырып кетті. Бұл Эндрюдың сағына күткен хаты. Хатта: «Әке, мен көп жетістікке жеттім. Ақсүйектер мені сыйлайды, жасым кіші болса да кештерден қалдырмайды. Ізденісім өте жақсы, оқуда озатпын, алдыма қара салар емеспін. Достарым да көп, бойым да өсті. Маған жарты жылға жететін қаржы салып жіберуіңді өтінемін! Париж ылғал, дымқыл, суық тигізіп алмай тұрғанда пальто сатып алуым керек. Құрметпен Брэндли, Париж» деп жазыпты. Эндрю хатты алған соң көп ұзамай Дугластың табытына келушілерден түскен ақшаның бәрін саудагерлер арқылы Брэндлиге беріп жіберді. 

        Түс мезгілінде гүрс-гүрс атқан мылтық даусы мен көк түтін Турандеге тұмандай жер бауырлап жатып алды. Қаланы мың сарбазымен шулатып келген Хуан еді. Үйіне жеткен соң әжесі Аланамен, атасы Эндрюмен құшақтасып тұрмастан жұқа, оқ өтпейтін сауытын сыпырып шешіп тастады. Іш көйлегінің жағасынан, белінен бит ақтарылып түсті. Үсті-басы қышыған Хуан ваннаға барып үш сағат бойы суға түсіп болып, ас бөлмеге бас сұқты. Ол құр келмей өгіз арбамен алып қара қазан әкелген болатын. 

         Алып қазанды аула ортасына орналастырған Эндрю от жағып, көк қасқа сиырды асып, әскерді тамақтандырды. Хуан өз отбасымен кешкі ас ішіп, түнді жасақ басшыларымен, батырлармен бірге өткізуді ойлады. 

      –Жеңіске жетеміз дейсің бе? – деп сұрады атасы кешкі ас үстінде. 

     –Білмеймін, біз солтүстікпен соғысты тоқтата тұрамыз. Оңтүстіктегі билікпен соғысамыз, олар нағыз сатқындар! – деді Хуан.

    –Екі соғыс сендерге опа бермейді. Бірімен келісімге келіп, бірін тоқтатсаңдар болмай ма? – деді Эндрю.

    –Жоқ, бұл майдан. Қан қасап. Маған қосылмаған бейбақтарды өртеп жібердім. Біз әуелі сатқындардың жазасын береміз, содан соң өз алдымызға дербес ел құрамыз.

    –Якуб пен Део қайда? Андрия мен Диади сау ма? – деді Алана.

   –Иә, олар басып алған аймақтарды қарауылдап, қайта шапқан әскермен соғысып жүр, - деді Хуан алаңсыз. Сол сәтте Гиоргосты Райна мен Сарина ас бөлмеге көтеріп келді.

    –Апа! Гиоргос жылап көнбей қойды, - деп Райна оны Аланаға ұстата қойды. Жаймасы сырғып түсіп кеткен балаға Хуанның көзі түсіп, бажырая, орнынан тапжылмай, таңырқаған күйі ауызын ашты.

    –Не болды? – деді Эндрю оған.

    –Рас болған ғой, - деді Хуан дауысын көтере.

   –Не рас болған?

   –Оңтүстіктегі бір аймақты басып алғанда мен сол өлкедегі бақсыларға Туранденің болашағын болжаттым. Олар жылан қабықты бала дүниеге келеді, азған Турандені сол қалпына келтіреді деп еді. Рас болған ғой, мынау жылан қабықты бала! – деп  Хуан қол соқты.

    –Гиоргос сенің бауырың, - деді Алана жымиып. 

        Үйіне келіп, бөлмелерді аралап, көңілі жайланған Хуан атасының қорасына келіп қаруларын көрді. Көкнәр шегіп отырған атасы Эндрюға шындық айтпақ болып Хуан жақын келді. 

    –Ата, жақында бәрі бітеді!

    –Қалайша? Күмәнім бекер болмағаны ма?

    –Егіз қыздар он төртке толғанда... Мен он төртке толғанда.

    –Жеңесіңдер ме?

    –Жеңілеміз.

    –Қалайша? – деп Эндрю абыржыды.

    –Шегінерге шара жоқ, соғысамыз. Бірақ, соғыспай-ақ күннен күнге қатарымыз сиреп, азайып барады. Көтерілісшілер арасынан сатқын шығып, жоспарымызды жауға айтып беріп жүр. Енді солтүстіктегі ағайынымыз  қан тілеп отыр, - деп қабырғадағы атасының мылтықтарына қарады. 

    –Гиоргос туралы жорамал тура келер ме?

    –Біздің әулеттің ендігі үміті сол. Гиоргос! Жылан қабықты жігіт! Ол сенің ұрпағыңды жалғайды, адам етеді. Мені Якуб пен Део да сатып кетті. Әжеме ол туралы айтып уайымға салғым келмеді. Якуб пен Део тағы да үкімет әскеріне қосылып, менің бірнеше сенімді жолдастарымды ұстап берді. Оларды ату жазасына кесті, - деді Хуан күрсініп. 

    –Қарғыс атқыр!

    –Қазір олар үкіметтің ең сенімді офицерлері. Екеуі де мерген, біздің сарбаздарды тонадайдан сұлатып түсіреді. Якуб пен Део біз жақта болса үкіметті баяғы да құлатар едік!

     –Андрия мен Диади ше? – деді Эндрю алаңдап.

     –Ата, бұл майдан, қан майдан. Ешкім ол жақта Эндрюдың ұлдары екен демейді, оқ та сарбаздарды талдап ұшпайды, - деді Хуан. Эндрю екі баласының қаза болғанын бірден түсінді. 

        Түн ауа Хуан ас бөлмеге төрт серігін кіргізіп алды да, ашыған бидай суын ішіп, ырду-дырду әңгіме соқты. Серіктерінің бірі масаң күйінде сөзге келіп қалып, аулаға шығып бір-бірімен күш сынасты. Қол алысып, үстелге қойып, әбден қара тер болғанда Хуан олардың тас болып қатып қалған қолдарын ажыратып, үйге кірді. Дәлізден бөлмесіне өтіп бара жатып Дугластың табытына көзі түсті. Майшам жанып тұрған бөлмеге бас сұғып еді, жан баласы көрінбеді. Хуан табытқа үңіліп қарай беріп еді, бөлме бұрышында ары аунап бері аунап дөңбекшіп жатқан қарға бұтты кемпірді көрді.

     –Қайырлы түн!

     –Хуан?! – деп кемпір тұрып жамылғысын басынан асыра жапты. 

     –Кімсіз? – деп Хуан табыт үстіндегі майшамның бірін алып кемпірдің бетіне жақындатты.

    –Сен жылан қабықты бауырың жайында дұрыс жорамал айтқан жоқсың. Гиоргос азған Турандені қалай қалпына келтіреді? Бақсылардың сандырағына сеніп қалдың ба?

    –Сен біздің әңгімемізді тыңдадың ба? – деді Хуан масаң күйінен лезде айығып. 

    –Мен күншілік жердегі әңгімені ести аламын.

    –Мыстансың ба?

    –Хуан, соғысты сен ғана тоқтата аласың. Соғыс аяқталу үшін сенің өлуің керек. Солтүстіктегі биліктің қарулары жаңа, қопарғыш, әскері жинақы, мығым. Сендер тоз-тоз болып жан-жақта жүрсіңдер, - деді кемпір табытқа жақындап.

    –Сандырақтама! Қашан өлетінімді өзімнен басқа ешкім білмейді. Ал Гиоргос туралы сен не білесің?

    –Гиоргосты омарташының пері қызына үйлендіру керек. Гиоргос неке түнінен кейін ағасы Рикардо секілді ұшып жоқ болады. Құсқа айналып кетеді. Бірақ, олардан туған бала Турандені солтүстіктегі билікпен де, оңтүстіктегі билікпен де иық тіресетін, тең өмір сүретін дәрежеге жеткізеді, - деді. 

   –Одан әрі?

   –Одан әрі бәрі бұлыңғыр, одан әрі болжау мүмкін емес, - деді құс тұмсықты кемпір.

    –Мен Гиоргос үшін не істей аламын? – деп Хуан шарасыз күйін білдірді. 

    –Турандеден аттанған соң ормандағы омарташының қызына соғарсың. Гиоргос бес жылдан кейін үлкен жігітке айналады. Сені бес жылдан соң жылан қабықты жігіт алып кетеді деп ескертесің. Перінің қызы бәрін түсінеді, - деп кемпір бұрылып кетті. 

      Хуан екі күн Турандеде аялдап оңтүстіктегі билікпен соғысу үшін асыға аттанып кетті. Жолай қарға бұтты кемпір нұсқаған ормандағы омарташының үйіне соғып, тандыр пешке нан жауып отырған бойжеткен қызға бес жылдан соң Гиоргостың келетінін хабарлады. Қыз да жорамалының дәл келгенін айтып, Хуанға алғыс білдірді. 

    –Кемпірге не болған? – деп сұрады Хуан қыздан.

    –Жылан қабықты жігітті күтіп жүргеніме он екі жыл болды. Мыстан мені алдамақ болып басқа жігітті алып келіп, алдарқатты. Күткен жігітім ол емес еді, мыстанға қарғыс жаудырып сондай хәлге жеткіздім, - деді. 

         Күн құбылып, бірде жауын жауып, бірде ашылып елең-алаң болып тұрған шақ. Турандеге жер бауырлай тұман жатып алады да, түске таяу күн сәулесі тілгілегенде тарайды. Тұман айыққан соң тұрғындар өз шаруаларына кірісіп, тірлігін жалғастырады. Үкіметсіз, биліксіз, жүйесіз өмір сүріп жатқан қала, өзге көштен қалмай күнелтіп жатты. Халық жаңа газетке таласып, көтерілісшілердің қал-жағдайын, алған бағытын біліп отырды. 

         Райна мен Сарина өте сұлу, көрікті болып бойжетті. Эндрю қыздарының он төрт жасына арнап түрлі тәттілер мен ысталған шошқаның етін сатып әкелді. Алана ақ дастархан жайып, жемістер турап, ас әзірлеп егіз қыздарын қуантуға асықты. Тағдыр жазуына мойынсұнған Эндрю Хуанды қанша ойласа да, ештеңе өзгерте алмасын ұқты. 

        Райна мен Сарина бұрынғыдай емес қылық шығарып, бірде бозарып, бірде қызарып әр түрлі сезімді бастан кешірді. Райнаға қарсы беттегі көрші жігіттің көзі түскелі кеудесіндегі жұмыр ет атқақтап, өрекпіп, нендей халге душар болғанын өзі де ұғатын емес. Райна бұл күйді кешкелі көрші жігітті Саринадан қызғанатын болды. Ол жігіттің есімі Кэмерон. Қою қара қалың шашты Кэмерон Дугластың бөлмесі арқылы үйге өтіп, Райнаның бөлмесіне зып беріп кіретін. Алғашында Райна қарсылық білдіріп оны қуып шыққалы тұрғанда Кэмерон сүйдім, күйдім, өртендім, дарға асылып өлемін деген сөздерді айтқанда барып қыз құлаққа оғаш, бірақ көңілге жағатын сөз естігенін аңдады. Сөздің мағынасына түсінбесе де жалынған Кэмеронды қыз сол түні бөлмесіне қондырды. Таң ата Дугластың бөлмесі арқылы табыт басына түнеушілерге қосылып үйден шығып кетіп, Кэмерон Гудвиндердің көзіне түспей айласын асырып жүрді.

Кэмерон Райнаға үшінші рет келгенде оның жамылғы көрпесінің шетін көтеріп, жанына жайғаса бергенде, қолы қыздың ыстық санына тиді. Райна да еш қарсылықсыз етін Кэмеронға сипатып, анарларын ұстатып, өзі де қызыққа батып, ойнап-күлді. Кэмерон екі ай бойы келуін бір үзген жоқ.  Түн жастардың махаббатына куә болып, аспанда кілкіп, қалғып тұратын. Салбыраған меңіреу түндер қос ғашықтың қылмысын жасыра түсу үшін қоюлана түсетін. Ұзақ уақыт ойнап-күлген соң Кэмерон Райнаға үйленетінін айтып, сыр ақтарды. 

     –Анаммен сөйлесейін, - деді қыз жалаңаш денесіне жұмсақ жамылғы жауып.

    –Жақсы, тек тезірек болсын, - деп асықтырды жігіт.

    –Ол Сарина екеумізді бірге ұзатқысы келеді.

    –Олай болса Саринаға да тезірек жігіт табайық, - деді Кэмерон.

    –Сарина саған ғашық сияқты, - деді Райна ренішті үнмен.

    –Не? Жоқ, сен мұны қызғаныштан шығардың, - деп Кэмерон киіді.

        Райна Аланаға әне айтамын, міне айтамын деп жүргенде ішінің төмен тұсы қозғалақтап мұны бір теуіп ұшырды. Төсекке құлаған оның көзіне жас кептеліп қатты қиналды. Бойында болып жатқан түсініксіз құбылысты анасына айтып еді, Алана төбесіне жай түскендей аңтарылды.

    –Кім ол? – деді шешесі есін жия. 

    –Кэмерон, оны сүйемін.

    –Келсін, - деді Алана Эндрюдің қорасына бет алып. Алана Эндрюға болған жағдайды айтып сабырға шақырды. Кэмеронның ата-анасынан келеміз деген хабарды алған соң олар ауланы, үйді тазалап жинауға кірісті. Алана Райнаның жағдайынан кейін Саринаға өш болып алды. Елдің көзіне түспеу үшін аулаға да шығуға тыйым салып, түнде бөлмесінің есігіне құлып қойды. 

        Олар әуелі дәлізге гүл отырғызып, тазалап, еденді және есік жақтауын жуып шықты. Нан пісіріп, сүт қайнатып, түрлі тәттілер жасады. Кэмерон ата-анасымен келіп, қонақ қабылдайтын кең бөлмеде отырып кофе ішті. Бұл уақытта Алана Саринаны бөлмесіне қамады. Олар той уақытын белгілеп, әңгімені созып отырмай жастарды қосу жайлы ақылдасты. Бір мәмілеге келіп Кэмеронның анасы Аланаға Райнаны бүгін алып кетеміз деп көндірді. Бүкіл Турандеге бүгін тойдың болатыны туралы хабар тарап, Эндрюдің ауласына қарақұрым ел жиналып, ашыған бидай суы құйылды. Тақтайдан үстел қойылып, сырнай-керней ойнап, дүбірлетіп той өткізді. Ел қос ғашыққа бақыт тілеп, таң ата оларды Кэмеронның үйіне шығарып салды. Тойға келген жігіттердің арманы Саринаны бір көру болатын. Алана оны алдын ала біліп, Саринаны бөлмесінен шығарған жоқ. 

          Гиоргос бұл мезгілде қашырдың мойынына жабыса мініп орманға келді. Оны сарыла күткен пері қыз қарсы алып, қашырдан түсіріп алып балмен шай берді. Олар сырласып, әңгімелесіп болған соң Гиоргостың қашырына мінгесіп Турандеге келді. Бес жылда ержеткен Гиоргос елді бір таңырқатса, сұлулығын адам тілімен суреттеп бере алмайтын перінің қызын қашырына мінгестіріп әкеліп тағы естен таңдырды. Эндрю ауласындағы Райнаның тойынан қалған жұқа тақтайдан жасаған үстелге ашыған бидай суын қойып, елді тағы жинады. Туранде халқы Гудвиндерді құттықтап келіп, ысталған шошқанын майын жеп, екі күн, екі түн думандатты. Тойда Мигель ән салып халықтың көңілін көтерді. Сарина тағы да қамауда отырды.

          Жылан қабықты Гиоргос неке түнінде ақ шымылдық ішінде ұзыннан жатты да, перінің қызына қабығын сипатып шешінді. 

      –Таңда қарлығашқа айналып ұшып кетемін. Соңымнан келерсің, - деді Гиоргос. 

      –Тоғыз ай тоғыз күннен соң толғатып ұл табамын да, мен де ізіңнен барамын, - деді қыз.

       Таң қылаң берген шақта Гудвиндер шаңырағынан ақ бауыр қарлығаш ұшып шықты. Перінің қызы Гиоргостың бөлмесінде қалды. 

        Соңғы келген газет Туранде қаласын дүр сілкіндірді. Ел есінен айырылып, жынданып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Соңғы жаңалық Гудвиндер отбасына өте ауыр тиді. Оңтүстік билікпен соғысқан Хуан бірнеше қаланы қиратып, жақтастарымен таудың басына жасырынған. Якуб пен Део әскері тау бөктерінде зеңбірекпен атқылап көтерілісшілердің көзін жойып, оқ дарымайтын Хуанды қақпанға түсіріп, қыл мойнынан басын кесіп алыпты. Хуанның басын оңтүстіктегі ағайыны қуана-қуана солтүстік билікке тапсырып, марапат пен атаққа кенеліпті. Газетте енді көтеріліс болмайды, олар толық жойылды деген хабар анық жазылып, үкіметтің мөрі басылыпты. Алана ұлдарын ойлап, Хуанды сатып кеткен опасыздықтарына күйінді. Екі ұлы жоққа сіңген, екі ұлы көтерілісте оққа ұшқан, немересінің басы жауда кеткен, екі ұлы сатқынға айналған Эндрю қорасында көкнәр шегіп отырып, өзінің қос ауызды мылтығын сүрткілеп асықпай тазалады. Үкімет газетті қолға өзіміз алдық деп жариялап, Хуан Гудвин үкіметке қарсы төрт жүзден астам көтеріліс ұйымдастырып, ондаған қалалар мен елді-мекендерді өртеп жібергені туралы жазыпты. Хуанның өзі "Азаттық көтерілісі" деп атаған бұл майдан осылай жеңіліс тауып, Туранде аспанына қара бұлт үйірілді.

          Алана мен Эндрю үй-жайға қараудан қалды. Сарина оларға ас әзірлеп, Дугластың бөлмесін де тазалап, гүлге су құйып, жұрт әкеліп жаққан майшамдарды қоқысқа лақтырып тастады. Алана оған түскі ас кезінде ер адамдарға жолама, олар сатқын әрі қауіпті деп айтып, Саринаны ойландырып тастады. 

          Түс ауа Дугластың тырнағын алуға кірген Сарина оның шұлығын шешіп жатып, ағасының жынысын көрмек болды. Бөлмені іштен құлыптап, Дугластың шалбарын шешіп қарады да, ұзақ ойға шомып, қайта кигізді. Сол күні Сарина ұстаханаға барып өзіне арнап темір, кілтенетін ішкиім жасауға тапсырыс беріп, ақшасын төледі. Ұстаға өлшем үшін Сарина жібек ішкиімін шешіп беріп, өзі лыпасыз үйіне қайтты. 

Екі күнде дайын болды деген хабар келіп, Сарина өлшемге берген жібек ішкиімі мен темір ішкиімін ұстаханадан алып келді. Бөлмесін іштен жауып, киіп те көрді. Сол кигеннен Сарина темір іш киімін шешкен жоқ. 

           Эндрю көкнәр шегуді жиілетіп, қорадан он күн бойы шықпады. Алана есі кіргенде дәретханадан келе жатып қора есігінен қарап қояды. Бір орында тапжылмаған Эндрюдің шашына, киімінің жиегіне және қора есігіне өрмекші шылау құрып тастапты. Тек көкнәр түтіні ғана бұрқырайды. Үйге кірмегеніне он екінші күн дегенде Сарина қораға барып есіктегі шылауды сыпырғымен алып, әкесіне қарап еді, орындықта отырған күйі өз-өзін атып өлтіріпті. Мықтықты кеудесіне тақап, аяғына жіп байлап, бір ұшын шүріппеге байлап, аяқ сермеп атқаны көрініп тұр. 

         Алана шіркеу қызметкерлері мен қала тұрғындарын шақырды. Аспаннан тұңғиық гүлі жауып, аппақ гүлдер Туранде көшесінде төсек болып жайылды. Эндрюді жуындырған еркектер дененің болбырап борсып бара жатқанын хабарлап, күн ысымай көмуге асықты. Тұңғиық гүлдерді кеше жүріп, нөпір халық Эндрюді табытқа салып көтеріп, Туранденің батыс бөлігіндегі төбе басына жерледі.

         Эндрюдің қазасынан кейін Алана мүлде үй тіршілігіне араласпады. Екі күннен соң төсек тартып жатып қалды. Гиоргостың әйелі бөлмесінен шықпаған күйі босанатын мезгілін күтті. Келушілерді күтіп алу, Дугластың бөлмесін тазалау, Аланаға ас әзірлеу, сиыр сауу, әкесінің мылтығын тазалау секілді бар тірлік Саринаның мойнына артылды. Ол таңғы төртте ұйқыдан тұрып Дугластың табытының үстіне, жанына, бас жағына қойылған шырақтарды кесіп алып, қоқысқа тастап, сиыр сауа бастайды. Одан соң қора қабырғасында ілулі тұрған әкесі атылып өлген қос ауыз мылтықты сүртеді. Таңғы ас әзірлеп, сүт пісіріп арбаға таңылған шешесіне ботқа езіп береді. Кеше ғана той тойлаған Гудвиндер отбасының шаңырағы ортасына түсіп, қайғы жамылды. Сарина мүгедек шешемен, пері жеңгемен және денесі шірімейтін табыттағы ағасымен қалды. Шаруаға үлгермей қатты шаршап, Брэндлиге хат жазып, үйге келуін өтінді. Парижге хабар жолдаған Сарина Брэндлиге өткір иісті әтір әкелуін де тапсырды. Қыз оны сән салтанатқа барғанда себу үшін емес, темір ішкиімнің арғы жағынан шыққан иісті басу үшін алдырмақ еді.

          Жылан қабықты Гиоргостың әйелі босанғанын айтып бөлмеге Саринаны шақырды. 

       –Еркем, бала саған аманат! Мен кетіп барамын, - деді де, қарлығашқа айналып, торлы терезеден шығып ұшып кетті. 

        Гиоргостың ұлы жылан қабықты емес, адам. Кең маңдайлы, қоңыр көзді, тынымды әрі сабырлы. Сарина оны ешкі сүтімен бағып, өзі өсірді. Ұл тоймай қалса жақында босанған Райнаға апарып емізіп алып жүрді. Мүгедек Алананы да тамақтандырып Сарина ертелі-кеш босамады. Алана жарты қасық асты жұтса, жарты қасықты ауызынан шығарып тастап иегін, мойынын, көйлегінің жағасын бүлдіреді. Одан соң дәретханаға апар демейді, бұтына жіберіп, арбаға дәрет сындырып отыра береді. Үйдің тірлігі мен бала бағып, мүгедек шешені қарап отырған Сарина темір ішкиімін шешіп тазалауға уақыт таппады. 

           Үш ай өткен соң үйге Брэндли келді. Қатты қуанған Саринаның қуанышы су сепкендей басылып, жүзі жабырқау тартты. Өкпесі қабынған оқымысты Брэндли күн ұзағы көк жөтелден көз ашпады. Брэндли бас жағына қойған темір легенге түкіріп таңға дейін қанға толтырады. Ауру жанына батса да ол жазуын, оқуын, ізденуін тоқтатқан жоқ. Оны қарауға келген дәрігер әйел Саринаға үміт үзе бер, таңға дейін қан түкірсе, енді өкпесі жазылмайды деп кетті. 

         Брэндли бір аптадан соң созылмалы туберкулезден көз жұмды. Күллі Туранде жұрты зарлай жоқтау айтып, қыршын жас Брэндлиді қара жердің қойнына тапсырды.

         Турандеге үкімет адамдары мен қырыққа жуық жезөкше қайтып келді. Қаңырап тұрған мектепте күндіз оқу, түнде еркектерді қабылдау басталып, үкімет өз жұмысына кірісті. Олар әскер ертіп келіп, казарма салып орналастырып, көтерілісшілерді қолдағандарды ату жазасына кесті. Туранде жұрты көтерілісті ашық қолдады деп үкімет адамдарына жүз жиырмадан асқан қарт Мигельді ұстап берді. Олар мектепте сот өткізіп, Мигельді өмір бойына түрмеге қамаймыз деген шешімге келді. Осылай Туранде қалашығында ең алғашқы түрменің іргетасы қаланып, оған Мигельді қамады.

      Түс кезінде үкімет адамдары және бірнеше сарбаз Гудвиндер отбасына келді. Оларға Сарина есік ашты.

      – Брэндли Гудвин осында тұра ма? - деді үкімет адамы Эйден. Ол отыз жасар жас әрі келбетті жігіт. 

      – Иә, - деді Сарина.

      – Қолымызда үкім бар. Брэндлиді алып кетуіміз керек, - деп Эйден бір жапырақ мөр басылған қағазды көрсетті.

     – Ол қаза болды. Туберкулезден, кеше ғана жерледік, - деді Сарина. Эйден  Гудвиндер үйінде уыздай жас, елде жоқ асқан сұлу қыз тұратынын сонда білді.                     

    – Не үшін іздедіңіздер?

    – Парижде білім алған екен, - деп Эйден одан әрі ештеңе айтпады. 

    –Менің солтүстік үкіметте қызмет ететін офицер екі ағам бар. Якуб пен Део, отбасымызды сол екеуі қорғайды, біле жүріңіздер, - деді Сарина қорқынышты үнмен дауысы дірілдей. 

      – Бізді сол екі ағаңыз жіберді. Брэндлиден жауап алу үшін. Ендеше, қайыр хош, сау болыңыз бикеш, - деп Эйден шығып бара жатты.

      – Егер Брэндлиді қазып аламыз десеңдер мола батыс жақтағы төбе басында, әкемнің бейтінің жанында, - деді Сарина. 

       Гиоргостың баласы Мариус бұл шақта өсіп қалған еді. Тұлымы желбіреп, аяғын басып, әрлі-берлі шапқылап жүрді.

        Кешкі астан соң Сарина Дугластың бөлмесін қарап шықты. Бөлмеде дені орта жастан асқан әйелдер мен шал-кемпірлер екен, бірі денсаулық тілесе, бірі бала тілеп келіпті. Мариус ұйқыға жатқан соң Сарина сирек, жұқа шашын жайып жіберіп айна алдында тарап отырған. Сыртқы есік бірнеше рет тоқылдады. Өзі барып ашып еді, күндіз келген үкімет адамы Эйден екен. 

     –Сізге кім керек? - деді Сарина дөрекі сөйлеп.

     –Әуелі қонаққа кофе бермейсің бе? - деп Эйден үйге кірді. Сарина кофе даярлап іргеде отырған Эйденге ұсынды.

      – Якубтың үріп ауызға салғандай сұлу қарындасы бар екенін естімеппін. Сізді көрген жан, сұлулығыңызға таңырқап, талып түсетіндей, - деп Эйден сыпайы көрініп кофе ішті. Сарина оның сөзіне мән бергісі келмесе де, тағы сондай сөздер естігі келгендей елеңдеді. 

     –Турандеде емес, күллі құрлықтағы мінсіз ханшайым сіз боларсыз, - деп үстемелей берді. 

      –Шаруаңызды айтыңыз, - деді Сарина. Эйден орнынан тұрып оған жақын келіп қыпша белінен қыса ұстады. Саринаның демі дірілдеп, жүрегі дүрс-дүрс соғып қоя берді. 

     –Иісін қандай! Қане, сенің бөлмеңе барайық, - деп Эйден күшпен қызды тарта дәліз бойымен сүйреді. 

     –Мұның не? Тарт қолыңды! - десе де, Эйден қайтқан жоқ. 

     –Үкімет адамына, бұйрығына қарсы келесің бе? Әлде ағаларыңды ойламайсың ба? - деп әкіреңдеді де, есігі ашық тұрған қараңғы бөлмеге кіргізді. Бұл Саринаның бөлмесі еді. Қыз жауап қайтарамын дегенше Эйден оны керуертке лақтырды да, көйлегін жырта үстіне отырды. Сарина қарсылық танытпады, ол Эйденнен құтылудың жолын оңай тапты.

     –Шам жағайықшы, жарық болып тұрғанын қалаймын, - дегенде Эйден тәлтіректей басып шам жақты. Саринаның еркек көрмеген аппақ етін анық көрген Эйден өң мен түстің арасында елірген адамдай, қыз үстіне тағы шығып алды. Ол қыздың мойынынан сүйе-сүйе енді ішкиімін шешем деп қолын төмен жүгірткенде темірге барып тоқтады.

    – Бұл не? - деді жігіт шошып.

    –Темір ішкиім, - деп Сарина тырқылдап тоқтаусыз күлді.

    –Қалай шешеміз?

    –Кілтін жұтып қойдым, - деді қыз одан бетер күліп.

    –Дәретке қалай шығасың?

    –Осылай шыға беремін. Дәрет санымнан, ішкиімнің жанынан ағып, сорғалап түсіп қалады, - деді қыз. Эйден есінен адасқан адамдай көзі бақырая шегіншектей берді.

   – Ненің иісі? - деді жігіт.

   – Парижден алдырған әтір. Немене? Сасық па? – деп қыз енді оны мазақ етуге көшті. – Міне, қара, - деп Сарина екі аяғын аша көтеріп еді, темір ішкиімнің ашық тұсынан ондаған бит ақтарылып түсіп, ақ төсек үстінде өре жөнелді. Үсті-басы дуылдап қышыған Эйден алды-артына қарамай бақыра қашты. 

        Бір күнде Туранде халқына бұл әңгіме тарап, темір ішкиім киіп биттеп кеткен Сарина туралы сөз желдей есті. Сарина сол күні темір ішкиімін шешіп, тазаланып, жуынып, барша еркектің зорлығынан құтылды. 

         Ол күнделікті күйбең тіршіліпен жүргенде көзді-ашып жұмғанша бес жыл өте шықты. Якуб пен Деодан хат келді. Олар Мариусты саудагерлерден беріп жіберуін өтініп жазыпты. Ағалары Мариусты солтүстіктегі қалада оқытып, заңгер қылып шығарамыз деп шешіпті. Сарина шалбар, костюм тігіп беріп, қалтасына біраз ақша салып, жылан қабықты Гиоргостан туған Мариусты саудагерлер арқылы солтүстікке жіберді. Саринаның ендігі бар тірлігі Алананың бұтын ауыстыру, астын құрғату, ботқа әзірлеп беру болды. Алана таңнан қара кешке дейін арбада отырған күйі әрнені сөз қылып, мәз болады. Аққуға айналып ұшып кеткен ұлы Рикардо мен қарлығашқа айналған Гиоргоспен сөйлесіп отырғандай қабырғаға қарап сұрақ қояды. Бірақ, бөлмеде Аланадан басқа ешкім болмайтын. Жылдар жылжып өте берді, Саринаның жағдайын сұрап Кэмерон ғана соғып тұрды. 

          Үкімет Турандеге орнығып, өзі қалағандай билік жүргізді. Туранде халқы молшылық пен тоқшылықта өмір сүріп, қалаған ісін жасады. Құмар ойнады, сыра жасады, ашыған бидай суын ішті, жезөкшелерге ақы төледі, балаларын мектепке берді. 

         Бір күні солтүстіктегі билікте төңкеріс болып, бұл оқиға Турандеге де әсер етті. Солтүстіктегі билік құлаған соң Турандедегі үкімет адамдары да қашып жоғалды. Мариус бұл шақта солтүстікте оқып жүрген білімді азаматтардың бірі еді. Төңкеріс басталған күні-ақ Турандеге барып, қала билігін өз қолына алды. Мариус бірден іске кірісіп жақтастарын жинады. Олар оқу-ағартуды бастап, қаладан жекөкшелерді айыр-күрекпен сабап қуып шықты да, мектепті өз қолдарына алды. Туранде балаларын физика, математика, философия, химия, географияға баулыды. Жан-жақтан білімді мұғалімдерді алдырып, солтүстікте азамат соғысы болып жатқанда Мариус Турандені автономия деп жариялады. Қаланың газетін шығарды, журнал мен кітаптар бастырды. Ең әуелі сауат ашумен айналысқан оның жақтастары көп ұзамай саясатқа араласып, қаланы дербес Республика етіп жариялауды көздеді.

         Жеті жүз алпыс төрт күнге созылған азамат соғысында шаруалар мен кедей тапты қолдағандар жеңіске жетіп, жаңа үкімет жаңа заңдарын жария етті. Ақсүйектер мен байлар енді жоқ, қарапайым шаруалардың ақысы, құқығы ғана бар деп ұран салды. Туранде автономиясының жаңа билікпен қарым-қатынасы тығыз болып, олар өзара санасуға дейін жетті. Мариустың басқаруындағы беделі мен билігі көшбасшылығы солтүстікте құрылған жаңа билікті өзімен санасуға мәжбүр етті. 

        Солтүстіктегі жаңа билік Туранде билігін шақырып, шарт жасасып, шекара бөлісті. Мариус атасы Эндрюден қалған өлкенің шекарасын заңды етуге күш салып, көлді, сарқыраманы, қалың қамыс пен ақ тақырды, ну орманды Туранденің байырғы мекені, Турандеге тиеслі деп таныды. Солтүстіктегі жаңа үкімет Мариустың ұсыныстарымен келісті. 

           Бұл шақта Туранде елең-алаң күйді бастан кешіріп жатты. Әр өлкеден жиналған білімді азаматтар қалаға келіп, ағартумен айналысты. Ешкім күтпеген жаңалық болды. Туранде тарихындағы алғашқы роман жарық көрді. Бұл роман газет арқылы тарап Саринаның да қолына тиді. Мүгедек ана бағып отырған Сарина романнан өз тағдырын көріп, көз жасына ерік берді. Мариус болса үй бетін көрмей күндіз-түні кеңседе жұмыс жасап, Туранденің әскерін, қаржылық саласын құруға күш салды. Оның жанына күн өткен сайын инженерлер, математиктер және дәрігерлер, заңгерлер топтаса берді. Солтүстіктегі билік Турандемен қарым-қатынасты жақсарту үшін және егін мен ауыл шаруашылығын дамыту үшін темір жол салды. Үш жылға созылған үлкен құрылысқа Туранде халқы да қатысты. Алғашқа паровоздарды көрген ел, қала ертегідегі қамалға айналып бара жатқандай күйге бөленді. Туранде жұмаққа айналды. Мектепке білімді мұғалімдер келіп, шаруаның да, кедейдің де баласын оқытып ешкімді бөліп жармады.

          Солтүстіктегі жаңа үкімет көп ұзамай уәдесінен тайқып, Мариус және жақтастарын құртуды жоспарлады. Мариустың тобы Туранденің әр үйіне, әр түпкіріне үгіт-насихат таратып, қыз балаларды мектепке оқуға шақырды. Бұл хатты алғанда Сарина қатты қуанды. Бірақ оның жасы мектеп жасынан асып кеткен еді. Сарина Мариуспен ақылдасып бос уақытында мектепке баруға болатынын білді. Әуелі ол түйеге жүк артқан саудагерлерден түрлі-түсті бояу, бірнеше дәптер, қызыл түсті қаламсап сатып алды. 

           Алананың астын құрғатып, тамағын беріп, Дугластың тырнағын алып, үйден асыға шыққан Сарина мектепке бет алды. Оны көрген жұрт алыстан үрке қарап пыш-пыш әңгіме соғып, сыбырласып, сыпсыңдаса түсті. Сарина олардың не туралы айтып жатқанын анық түсінді. Әрине, темір ішкиім, бит деген сөздерді құлағы шалып қалды. 

        Мектепке кіріп орындыққа жайғасқан соң, жиырма жастан асқан ер мұғалім келіп амандасты. 

        –Әріп танисыз ба? – деді.

        –Хат танимын, газет оқимын, жаза аламын, - деді Сарина түрлі түсті бояуын шығарып. 

        –Есеп шығара аласың ба? 

        –Ақша санау білемін, саудагерлерге желініп қалған кезім болмады.

        –Көбейту кестесін ше? – деді мұғалім қабырғада ілулі тұрған кестені нұсқап.

        –Білмеймін, - деді Сарина төмен қарап.

        –Олай болса сабақты осы жерден бастайық, - деп мұғалім жұмысқа кірісті. Сарина бұл күннен соң күніге екі сағат уақыт тапса да мектепке баруын үзген жоқ. Алана мазасызданып, көнбей жылаған күндері Сарина шешесін қарап үйде қалса, кешкі уақытта жас мұғалім үйіне келіп те оқытып жүрді. Үйде отырған да жайлы еді. Көшеде елдің көзіне түсіп, өсекке қалмайтынына да қуанды. Мұғалім екеуі кофе ішеді, қиын мәтіндерді оқиды, жұлдыз аттарын жаттайды, ай мен күн туралы мәліметтерді шолады. Дәріс қызды өзгертіп жіберді. Ол қала алдындағы адамзат алдындағы жауапкершілігін түсінетіндей халге жетті. 

         Автономия ұзаққа бармады. Жаңа үкімет әл жинап алған соң, өзі бекіткен шекараны да, Туранде қаласын да бір билік астына қаратуға күш жұмсады. Ол үшін Мариуске және оның жақтастарына айып тағып, жазалау жағын қарастырды. Қауіптің болатынын сезген Мариус, топты таратып жан-жақтағы, әр өлкедегі қалаларға кетті. 

        Жаңа билік Турандеге көп әскермен басып кіріп мұғалім жігіттерді жарға тақап, қақ маңдайдан атып тастады. Мариусты іздеген олар Гудвиндер үйіне келіп әр бөлмені, әр затты тінтіп ақтарып зерттеді. Арбаға таңылған Алананы да көтеріп, арба астын қарады. Сұйық боп аққан жасыл зәрден басқа ештеңе таппаған әскерилер Мариустың бөлмесін, Саринаның бөлмесін тінткіледі. 

        –Мариустың құжаттары, қолданған заттары қайда? – деді басшылары Саринаның кереуетін төңкеріп. 

        –Құжаттарын Мариус өзімен бірге алып кетті, - деді Сарина. Қыздың сөресін қотыстыра шашқан әскерилер Парижден алдырған әтірді көрді.

        –Міне, офицер мырза, Париждің өзінен келген, сыртында жазулы тұр, - деді біреуі.

        –Мариус француз тыңшысы, көзін құрту керек, - деп олар әтірді алып үйден асыға шығып кетті.

        Өзін қорғансыз сезінген Сарина жуынатын бөлмеде ұстарамен шашын тықырлап сыпырып тастады. Жылтыр басы әр тұсынан көгеріп, көрген адам жиіркенетіндей еді. Сарина орамал тақпады, жасанды шаш та кимеді, жалаңбас жүрді. Туранде жұртының Саринаны аңдып жүрген еркектері тағы безіп, қыз екінші рет қорлықтан аман қалды. 

        Дугластың тырнағын ала бергенде жиырма шақты әскери адамдар келіп Саринаға бір жапырақ қағаз көрсетті.

        –Жаңа үкіметтің бұйрығы! Табытты сарқырамадан лақтырамыз, - деп Дугластың бөлмесін қирата бастады. Қыз қанша қарсылық көрсеткенімен, жалғыз өзі не қайрат қылсын? Шуды естіп жиналған Туранде халқы сырттан бақылап қана тұрды. Дугластың бөлмесін әскерилер әп-сәтте қиратып, табыт маңында жайқалған гүлдерді жұлып, астан-кестең қылды. Табыттың бетін жауып, бірнеше жігіт көтеріп кетті де, сүріне-қабына жүріп сарқырама басына шығарып лақтырып жіберді. Ауыр табыт күмп етіп, суға түсті де, қара тереңге батты. Гудвиндердің қираған үйін қалпына келтіруге бірде бір адам көмекке келмеді. Үй маңына жоламады. 

       Уақыт өте Саринаға шаш шыға бергенде, ол қасын қырып тастады да, елдің көзіне құбыжықтай көрініп, үшінші рет зорлықтан құтылды. Қорғансыз қалған қыз енді не шара жасаймын деп жүргенде ағасы Якуб оралды. Жалғыз келмеді, жеті жасар ұлын ертіп келді. Кешкі ас үстінде Якуб:

     –Қасыңа не болған? – деп сұрады.

     –Пешке күйіп қалды, - деді қыз. 

     –Сарина, мен үйде болған бар жағдайдан хабардармын.

     –Брэндлиді  өлтіруге неге бұйрық бердің? – деді ағасына сенбеген қыз.

    –Ол Парижде білім алған. Біздің үкімет үшін бұл қарапайым жағдай емес, дегенмен бәрібір құрыдық қой, - деп күрсінді Якуб.

    –Мына бала кім?

    –Менің балам. Антонис! Антонис, танысып қой, бұл Сарина әпкең, саған қарайды, сабағыңа, күтіміңе жауап береді, - деп сорпа ішіп отырған балаға таныстырды. 

    –Шешесі қайда? – деді Сарина.

    –Шешесі солтүстікте. Ол маған тұрмысқа шыққан жоқ. Маған бала туып берді, ал баланы осы уақытқа дейін күтушілер бағып-қақты. Үкіметіміз жеңілген соң тоз-тоз болып жан-жаққа кеттік.

   –Шешесі немен айналысады?

    –Қалай айтсам екен, ол еркектерге бала тауып берумен айналысады, соған ақы алады, - деді Якуб.

    –Немене?

   –Иә, солай, мен тұрайын. Әкемнің қорасына барып қалған-құтқан қаруларын көрейін, - деп Якуб орнынан тұра берді. 

    –Дугластың бөлмесі талқандалған күні әскерилер барлық қаруды тәркіледі. Әкемнің атылып өлген мылтығын да алып кетті, - деді Сарина.

     –Мейлі, онда көкнар шегейін.

         Якуб  бөлмесінен шыққан жоқ. Көк түтін бұрқыратып көкнәр шегеді де жатады. Антонистің тәрбиесіне, сабағына, тамағы мен киіміне де бас ауыртқан жоқ. Оның бөлмесін тарақан басып, сөредегі кітаптарды, сандықтағы перделерді күйе жеп тауысыға айналды. Якубтің тірлікке араласпаған себебі бар, ол жазасын күтіп жатыр еді. Іштей өлімге дайындалды. 

           Бір аптадан соң Якубты жаңа үкіметтің әскерилері алып кетті де, бір жапырақ қағазға қол қойып, Мигель жатқан түрменің қабырғасына тақап тұрып атып тастады. Кеудесіне тиген оқтан сеспей қатқан Якубтың көзі бақырая, шексіз аспанға қадала қалыпты. 

        Сол күні түрмедегі Мигель, туыстары арқылы Саринаға хат беріп жіберді. Сарина Алананы арбадан көтеріп, төсегіне жатқызған соң хатты оқып шықты. Мигель хатқа: «Әкең Эндрю маған түсін жорытқан еді. Мен удай ащы шындықты оған айта алмадым. Эндрю түсінде бақа-шаянға жем болып жатқанын көріп, маған баяндады. Мен оны алдадым. Сарина, қызым, тыңдашы! Жақсылап ұғып ал! Гудвиндер отбасында ендігі әрі бақа басты, шаян қармауышты балалар дүниеге келеді. Олар Турандені жер бетінен тып-тыйпыл жойып жібереді. Гудвиндердің бұл ұрпағы Якубтан тарайды. Якубтың баласы әлі күнге тірі болса бұл жақсылық емес. Тезірек өлтір де, бәрін аяқта! Мигель, Туранде түрмесі» деп жазыпты. 

       –Алжыған қақпас! Оттаған кәрі теке! Түрмеде шіріп өл! – деп Сарина оны қарғап-сіледі. 

        Ойынан сонда да Якубтың баласы Антонис шыққан жоқ. Баланы біраз бақылады, ұл зерек, алғыр, сабырлы, ұстамды, артық іс-әрекеті, жаман ниеті жоқ. Әпкесі оған мұғалімнен үйренген тақырыптарды айтып, алғырлығына тәнті болды. Антонис күннен күнге Саринаның ой-күдігін сейілтті. Мигельдің ойы қанша жерден дұрыс болса да, Сарина бауырын өлтіре алмас еді. 

         Якубтың өлімінен соң жаңа үкіметті қолдамағандардың басы дауға қалды. Әуелі Турандедегі ешкілерді, өгіздер мен қашырларды, сиырларды солтүстікке айдап әкетті. Мариустың «Француз тыңшысы» деп айыпталып атылғаны, жақтастары да түгел өлтірілгені туралы хабар желдей есті. Туранде халқының балық аулап күнелтіп жатқанын естіген жаңа үкімет сарқырамаға бөгет салдырып, суды тоқтатып, көлді шалшық етті. 

       Антонис бұл шақта он жеті жасқа толған еді. Турандені аштық жайласа да Софи атты қатар қызға үйленді. Айтонис махаббат оқиғасын бастан кешіп, күйіп пісіп көп жүрмеді. Қатары Софиді ұнатты да, қылқылдап жүріп сол қызды алды. Сарина Софи келгенде қапшық түбіндегі соңғы ұннан бес күлше нан пісіріп күтіп алды. Бұл Гудвиндердің ғана емес, күллі Туранде жұртының ауыз тиген соңғы наны еді. 

         Аштан әбден қалжыраған Гудвиндер бөлмелерінен шықпай бірнеше апта жатты. Аштан түгел қырылған отбасылардың үйіне үкімет адамдары келіп, есік терезесін тақтаймен шегелеп кететін. Гудвиндерге де соқты, үкімет адамдары есікті қаға-қаға  ешкім ашпаған соң, терезені тақтаймен шегелеп, «бұл үйде бәрі өлген» деген жазуы бар тақтайша ілді. Жиырма алты күннен бері орынынан тұра алмаған Антонис еңбектей барып Саринаның есігін қақты.

     –Тірімін, - деген дауыс әлсіз шықты.

     –Қандай ойың бар, Сарина? Мықты едің ғой, бірдеңе ойлап тапшы, Софи да талып жатыр, - деді Антонис. Сол сәтте Дугластың қираған бөлмесінен бақаның бақылдаған дауысы естілді. Тәлтіректей жүріп Сарина есік ашты.

     –Дугластың бөлмесінде бақа өріп жүр. Асып сорпасын талғажау етсек қалай болады? – деді. Антонис сөзге келместен Дугластың бөлмесінен бұрыш-бұрышқа барып ылғалға ығысқан бес-алты ірі бақаны ұстап алып шықты. Сарина су қайнатып, тірі бақаларды қазанға салды да, қақпағын жаба қойды. Софи, Сарина, Антонис үшеуі сорпа ішіп әл жинаған соң, тарбиып пісіп қалған бақаны терісінен ажыратып, етін жеді.

     –Антонис? Апамды қарап келе аласың ба? Өлсе иісі сасып кетеді, жерлеу керек, - деді Сарина. Антонис ырғатыла басып Алананың бөлмесін ашып еді, бұрышта тарақан теріп жеп отырған әжесін көрді. Сарина да тез келіп, Алананы жуынатын бөлмеге апарып суға түсірді. Дәретке былғанған кемпірдің арқасын ысқылады. 

    –Сендер қайда болдыңдар? Менің қарным ашты қызым, - деді Алана. 

   –Апа, жаңа ғана тамақтандың ғой, - деді Сарина. Алананы жуындырып болған соң, оған ыстықтай бақа сорпасын беріп әлдендіріп, төсегіне жатқызды. 

          Антонис күш жинап, шалшыққа айналған көл басына барып бір дорба бақа, бір дорба шаян теріп әкелді. Жолай келе жатып әр үйге анықтап қарап еді, көп үйдің есігінен «бұл үйде бәрі өлген» деген жазуды оқыды. Тірі жан бар үйлер болғанымен, терісі қабырғасына жабысқан, әр жерде күн шуақтап отырған бірлі жарым тірі-өліктерді байқады. Қалған адамның бәрі қарны үріліп, шыбын үймелеп іріп-шіріп жатты. 

         Бір дорба бақа, бір дорба шаян Гудвиндерге біраз уақытқа жетті. Сарина уақыты болғанда ескі диірмеге барып тышқан аулап келеді. Қарсы бетте тұратын Райна мен Кэмерон да адам қалпына келіп қалыпты. Сарина оларға піскен тырбық шаян апаруға үсіне барғанда, бұрқылдап қайнап жатқан еттің иісін сезді. Ол Райна көзін ала бергенде қақпақты ашып көріп еді, қазанда қайнап жатқан жас нәрестенің денесіне көзі түсті.

    –Мынау не сұмдық? – деп Сарина шошып ала үрейлі дауыс шығарды. 

    –Сәбидің еті. Ұлымыз күнде қаланы аралап тауып әкеледі. Мынау көршінің баласы. Ата-анасы аштан өліп қалған, алаңдама, ешкім жазаламайды. Жейсің бе? Сорпасын құйып берейін бе? – деп Райна тәрелке ожау алып ыңғайлана бергенде Сарина үйден қашып шықты.

       Аштық сегіз жылға созылды. Тірі қалған адамдарға үкімет шағын жер беріп, егін еккізді. Антонис пен Софидің тойынан кейін нан ауыз тимеген ел нан жеп, жырғап қалды. Олар тоқ болмаса да, тойғандай күйде, жаны аман қалғанына қуанып жүрді.

       Егіс мол шыққан жылы Алана қайтыс болды. Қабырғада қаптаған тарақанды тірілей жұтқан оның ішін тарақан мен күйе тесіп шығыпты. Ел кемпірді арбаға таңылған күйі сыртқа алып шықты да, табытқа салып Эндрюдің жанына жерледі. Алана өлген күні қып-қызыл түсті гүл күлтелері жауып, Турандені басып қалды. 

         Туранде енді ес жия бергенде солтүстіктегі билікке ұлтшылдар соғыс ашып, ылаң салды. Ұшақтар мен зымырандар елді-мекендер мен аймақтарды түгел қиратып, бомбалап, әлемнің зәресін алды. Үкімет әскер қатарына Турандедегі барлық еркек кіндікті алып кетті. 

        Антонис соғысқа кеткенде Софидің іші шығып, айы күні жақындаған мезгіл еді. Саринаның ойына Мигельдің жорамалы қайта оралды. Ол Софидің босанатын күні жақындаған сайын жаны байыз таппай, құрсақта тепкілеген баланы көрмейінше көңілі көншімеді. Антонис соғысқа аттанып кеткен күні Сарина Софиге:

     –Софи, қалай ойлайсың, ішіндегі бала кімге ұқсар еді? – деді. 

    –Кімге ұқсағаны несі? Әрине бақа мен шаянға ұқсайды, - деп қойып қалды Софи. Ботқа қайнатып тұрған Сарина ыдысты төңкеріп алды. –Не болды сізге?

      –Неге олай дейсің?

     –Солай, бақа мен шаян асып жегенімізге сегіз жыл болды. Бала енді кімге ұқсайды? – деп уәжін айтты.

          Сол түннен бастап санағанда Сарина он жеті күн бойы ұйықтамады. Мигельдің айтқаны ойға оралған сайын алай-дүлей ішің тыныштандыру үшін «бұл тағдыр жазуы», «тағдыр жазуы», «адам ештеңе өзгерте алмайды» деген сөздерді қайталаумен болды. Ол он сегізінші күні қатып ұйықтап қалды. Толғағы басталған Софи Саринаны оята алған жоқ. Әрлі-берлі сілкілеген соң, өзінің әлі құрып еденге жатып шыңғыра бергенде, Кэмерон келіп қалды. Жағдайды түсінген ол Райна мен акушерді ертіп келіп, Софиді өз бөлмесіне апарды. Дүниеге ұл бала келді. Антонистің баласының есімін Кэмерон мен Райна Нуха деп қойды. Нуха Гудвин!

         Он төрт күн ұйықтаған Сарина көзін ашып, есін жинап, Софидің бөлмесіне жүгіріп барды. Нәресте жатқан себетті қарап еді, бақабасты баланы көрді. Бақабасты бала көзін әрең аша Саринаға қарағандай болып, қарашығын айналдыра-айналдыра қайта ұйықтады. Сарина баланың үсті басын көру үшін жаялығын ашқанда оның қолының орнындағы шаянқармауышты байқады. Нуханы орап, бөлмеден шыққан Саринаның мұрнына ас бөлмеден бұрқыраған ботқаның иісі келді. Ол жақта Райна мен Софи әңгімелесіп отыр екен. 

      –Мигельдің жорамалы дәл келді, - деп Сарина мұздай суды қылғыта берді. 

     –Есің ауысқан ба? Он төрт күн ұйықтадың, есалаң! – деді Райна. Саринаның Мигель айтқан бақабасты бала жайлы сандырағын ешкім елемеді.

           Соғыс аяқталды. Жаудың беті қайтқанмен Антонис соғыстан оралмады. Софи Нуханы Турандедегі бір қабатты ескі мектепке оқуға беріп, өзі үкіметтің тапсырған жұмысы картоп егуге шықты. 

          Сарқырамаға бөгет салғалы көл кеуіп, орны сасық шалшыққа айналып, құрт-құмырсқа қаптады. Адамды жұмыс күші ретінде ғана пайдаланған үкімет Туранде халқының миын айналдырып, жынды адамның хәліне жеткізді. 

          Көп жылдар бойы Туранде халқын есалаң күйде ұстаған үкімет бір күнде дым болмағандай жым-жылас тарап кетті. Револияция да болған жоқ, қарсылықтар мен күрес те күшеймеді, бірақ билік құлап, Туранде жетім баладай жалғыз қалды. Халық анасы өлгендей аңырап, жер сабалап жылап, ашыған бидай суын ішіп, уайымнан жүйкесі жұқа адамдар асылып қалды. 

             Жетімсіреген Турандеде тағы аштық бастала бергенде білімді әрі көшбасшы Нуха Гудвин билік тізгінің өз қолына алды. Ол Мариус Гудвин секілді ақылды, алғыр, білімді адамдарды жанына топтастырды. Азаматтар Нуха секілді бақабасты емес еді, кәдімгі адамдар болатын. Туранденің туын көтерген бақабасты Нуха, Мариус кезіндегі заңды шекараны бекітті. Бірнеше жылда аштық пен жоқшылықты жеңіп, елдің әл-ауқатын көтерді. Билігі нығайған Нуха айналасындағы адамдарды атып өлтіріп, жанына бақабасты, шаянқармауышты, шырыш қабықтыларды жұмысқа алды. Адамдарды бақабастылар Мигель жатқан түрмеге тоғытты. 

         Нуха ең әуелі Дугластың бөлмесін қалпына келтіріп, кепкен көлдің орнынан оның табытын тауып алдыртты. Бет-ауызы батпақ болған Дугласты жуындырып, жаңа табытқа салып, бөлмесінің тақтай еденін алып тастап, астына жерледі. Туранде халқы Дугластың басына ағылып келіп жатты. 

         Нуха Турандені әлемдегі ең ұлы қалалармен теңестіру үшін барын салды, білімі мен өмірін арнап, көмірін қазуға, орманын игеруге, егісін оруға да шетелден жұмысшылар тартты. Он бес жылда Турандені жұмақ мекенге айналдырды. Нуха ән жазды, өлең шығарды, атқа мінді, ұшақты өзі басқарды, ғарышқа зымыран жіберді, сырнай-керней тартты, киноға түсті, кітап жазды, теннис ойнады, жас сұлулар мен сүйріктей ханшайымдарды жар етіп алды. Жүз алпыс екі ұл-қыздың әкесі атанды. Бірақ, бәрі бақабасты еді. 

         Сарина өзіне табыт жасатып, оған темір ішкиімін салып, жан-жағын жасанды гүлмен әсемдеді. Қаланың алаңына барып, шіркеуден қызметкер шақырып, пәк күйінде өліп бара жатқанын жариялады. Туранде халқы бұған шүбәсіз сенді. Саринаның етегін көтердім деген бір еркек әлі күнге кездеспеді. Ондай адам болса бұл күнге дейін әңгіме желдей есер еді. Сарина қала халқымен қоштасып, түрмеде жатқан Мигельдің сөзіне сенбегеніне өкініш білдірді. Оны ешкім түсінген жоқ. Ол әкесі Эндрюдан қалған кездікті шығарып, жүрек тұсына қадады. Туранде халқы өз-өзін өлтірген Саринаға қол соғып, қошеметтеп, ақтық сапарға шығарып салды.

      Бақабастылардың билік тобы жыл өткен сайын көмірді де, темірді де, орманды да сатып бітірді. Адамдарды жұмысқа жегіп, олардың бар байлығы сарқыраманы қалпына келтірмеді. Бөгетті бұзамыз, жарамыз деп ондаған жылдар бойы уәде беріп, алдарқатып келді. Соңғы жылдары Турандеде он екі мың сәби дүниеге келсе, соның бәрі бақабасты, шаянқармауышты ұрпақ болды. Нуха халқын орталық алаңға жиып тойлады.

        –Халқым, Туранде адам айтса нанғысыз жұмаққа айналды. Мұның бәрін біз бірге жасадық! Туранде мәңгі! Қаламыз күн сөнгенше сөнбейді! – деп қошеметке бөленді. 

       Туранде тарихында болмаған ерекше құбылыс басталды. Қаланы үскіріп аяз қарып, қар басып, боран соғып, халықты қалжыратып жіберді. Қаһарлы қыс мезгілі қалада жиырма жылға созылды. Жиырма жыл бойы қыстың азабын тартқан халық алаңға жиналып бақабастыларға мұңың айтты. Халық сарқырамадағы бөгетті жарсақ, бәрі қалпына келеді, Турандеге жаз орнайды деп ұран салды. 

       –Бөгетті жар! Сарқыраманы қайтар! – деп талап қойды. 

       Алты күнге ұласқан адамдар шеруін бақабастылар оқ жаудырып таратты. Қарша бораған оқ адамдар тобына тіке ұшып, жан-жаққа бытыратып, бала демей, әйел демей қырып салды. Қан судай ақты. Нуха салдырған ауруханалар мен мәйітханалар өлікке толды. Мұз үстіндегі екі жүз отыз жеті адамның денесі, ыстық қаны, Турандеде жиырма жыл бойы сіресіп қатқан мұзды жібіте алған жоқ. Екі жүз отыз жеті адам қар астында мәңгіге қалды. 

          Бір жылдан соң солтүстіктен ерлі-зайыпты Яннис пен Катрина келді. Яннис Туранде жұртына өзінің Гудвин екенін, ескі үкімет ауысқанда жоғалған Деодан тарайтынын мәлімдеді. Бұл шақта Туранде жұртына бәрібір еді. Қатқан мұз бен сірескен аяздан әбден қалжыраған халық әрең күн көріп жүрді. Яннистің келгеніне Нуха да мән берген жоқ. Яннистің жары Катринаның аяғы ауыр болатын. 

        Температура елу жеті градусқа дейін төмендегенде барып Нуханың кеңесшілері оның ақ сарайына кірді. 

         –О, Бақабасы! Қыстың созылғанына жиырма жылдан асты. Халық сарқырамадағы бөгетті бұзсақ, Туранде қалпына келеді дейді. Бір шешімге келіңіз, - деді Нуханың сегіз мың тоғыз жүз тоқсан алты кеңесшісі. 

        –Халық не біледі? Алаңға жинап қырып салыңдар, Турандеде тек ғана бақабастылар қалсын! – деп бұйырды. 

         Алаңға жиналған халыққа оқ жаудырып бір жан баласын тірі қалдырмай қырып салған бақабастылар сарайға қайтты. Қанша аяз болса да қанның иісі мүңкіді. Алаңда, шіркеуде, сарайда да, сарқырама бөгетінде де сасыған қан иісі. Таң ата ақ сарайдағылар алаңға жиналғандарға кешірім беріп, ғасырдан астам уақыт түрмеде отырған Мигельді де түрмеден шығарды. Бақабастылар кешірім бергенмен, алаңға жиналғандар арасында тірі қалғаны жоқ еді. 

           Мигель түрмеден шыққан күні бөгетте алапат жарылыс болып, жылдар бойы сақталған су арқырай тасыды. Әп-сәтте көл толысып, ағысы қатты су қаланың алқымынан алды. Турандені су шайып кетті. Жылдам, ширақ қозғалған адамдар қала шетіне шығып үлгеріп, қашуға тырысты. Яннис Катринаның қолынан қыса ұстап сүйрелей сарқырама басына бет алды. Олар мойынына жеткен суды бойлай жүріп, әрең дегенде төбе басына шығып, жартас жолы арқылы сарқырама басына жетті. Арқырай төгілген сарқырама дауысынан құлақ тұнады. Яннис төмендегі қалаға қарап еді, су астында қалмаған үй жоқ. Адамдар балықтай шүпірлеп, суды шылпылдатып әуре. Сарқырама басына қарай қашқан жүздеген адамдар ғана аман қалыпты. Яннис арғы бетке көз тастады. Бөгет басынан бір аққу мен бір қарлығаш ұшып шықты да, Яннис пен Катринаның төбесінен айналып, батысқа бет түзеді. 

      –Катрина, қара! Мынау Туранде аңызындағы Рикардо мен Гиоргос! Иә, менің аталарым! Бірі аққуға, бірі қарлығашқа айналып кеткен аталарым! Бөгетті жарған осылар! – деп ышқына айқайлап секірді. Бұл сәтте Катринаның толғағы басталып, қиналып жатыр еді. Есі шыққан Яннис жартастан төмендегі аман қалған елге айқай салды.

       –Дәрігер бар ма? Дәрігер? Әйелімнің толғағы басталды, - деп сарқыраманың дауысын басардай бар даусымен бақырды. 

        Төменнен екі әйел сарқыраманың басына шықты да, Катринаны мұз үстінен көтеріп, қара жайдақ тастың бетіне жатқызды. Басын ұстай, көзін жұма Яннис теріс қарап отырғанша іңгәлаған дауыс шықты. Жүрегі өрекпіп Яннис қара тас үстінде жатқан әйелге қарай жүгірді. 

Оны босандырған әйел баланы шарқатқа орап алды да, кіндігін кесіп, Катринаның оң қолына ұстатты. Яннис аязды да елемей шарқатты ашып жіберіп нәрестенің басына, қолына қарады. Кәдімгі адам екен. Адам! 

           Тірі қалғандар сарқырама басына келіп Гудвиндердің адам баласына қарай бергенде жарқырап күн шықты. Лезде мұз еріп, сел боп ақты. Катрина жатқан қара тас қайнап, айналаға қылтиып көк шөп шықты. Қала шетіндегі ағаштар бүрлеп, жемістер гүлдеді. Осы сәтте жаңа туған нәресте бақырып жылап жіберді. Катрина нәрестенің ауызына емшегін тыққыласа да, ембей жылады. Яннис жиылған елден:

     –Адамды, адамды қалай жұбатады? – деп сұрады. 

     –Мен білемін! Мен жұбата аламын, - деп қарт Мигель келді. Баланы қолына алған Мигель қатты таңырқады.

 –Апыр-ай, мынау кәдімгі адам ғой, - деді. Содан соң баланы ақырын қолымен тербетіп ән салды. 

Неге өмір сүремін?

Неге өлемін?

Неге жылаймын?

Неге күлемін?

Бұл апат дабылы,

Жер тұрғыны апат астында!

Мен ешқашан жерде тұрмағанмын,

Құс болғанды қалаймын.

Өз тәнімді өзімді жайсыз сезінемін.

Әлемді керісінше төңкеріп көргім келеді.

Бұл жоғарыдан әдемірек,

Жоғарыдан!

Мен әрдайым өмірді суреттермен шатастырдым.

Мен өзгерістерді сағындым.

Бір нәрсені сеземін.

Бұл мені жоғарыға тартады.

Әлемнің үлкен ойыныңда

Бұл жоғарыдан әдемірек!

Жоғарыдан!

Неге өмір сүремін?

Неге өлемін?

Неге жылаймын?

Неге күлемін?

Мен басқа әлемнен келген толқындарды ұстап алатын сияқтымын!

Мен ешқашан жерде тұрмағанмын!

Бұл жоғарыдан әдемірек!

Жоғарыдан!

Ұйықта сәби...

Ұйықта сәби, ұйықта…

Мигель әнін аяқтағанда сәби уанып, ұйықтады. 

Туранде жер бетінен мәңгіге тып-тыйпыл жойылды. 

Гудвиндер әулетінде дүниеге келген адам, бақабастылардың тұқымын үзді.      


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар