Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №5 шығарма...

02.04.2023 2056

«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №5 шығарма 14+

«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №5 шығарма - adebiportal.kz

Нүкебайдың жұмбақ кітабы

повесть

Қадірлі оқырмандар, Janr Жетісу әдеби клубы республикалық «Жетісу көктемі» прозашылар байқауын жариялаған болатын. Байқауға келіп түскен шығармалар, автордың аты-жөні көрсетілмей реттік нөмері бойынша жарияланып, жүлдегерлер қазылардың шешіміміен анықталатын болып белгіленген. «Жетісу көктеміне» келіп түскен №5  шығарманы назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

 

I тарау. 

Сыр

         Көктемнің соңғы айының мамыражай күнінде төртінші сыныпты тәмамдаған оқушылар жазғы демалысқа шығып, жан-жаққа тарасты. Бірі ауылға аттанса, енді біреулері шетелге демалуға кетті. Нүкебай мен қарындасы Керім екеуі қалада, ата-анасының қасында қалған. Көрші Дәкен таңнан кешке шейін домофонды басып, бұларды көшеге шығара алмай-ақ қойғаны. Нүкебай мен Керім таза ауаға шығып асыр салғаннан гөрі компьютерде отырып, ойын ойнағанды жақсы көреді. Әке-шешесі «жазғы демалыста оқысын» деп үйге небір кітапты әкеліп қойған. Керім кейбіреуінің ішіндегі әдемі суреттеріне қызығып оқыса да, Нүкебай бірінің де бетін ашқан емес. «Оқы» деген сөзді естісе, қырсығып: «Кітап оқудың қажеті қанша, қалаған ақпаратты интернеттен де тауып аламыз ғой», - дейді. Ата-анасы қанша тырысса да, оған кітап оқыта алмады. 

   Бүгін ағалы-қарындасты екеуі шешелерінің айғайымен тысқа шыққан. Екі бала ойнағылары келмей, әлден зеріге бастады. Атысып-шабысып жататын компьютердегі ойын кейіпкерлерін қимай, подъезд алдынан кері қайтқылары-ақ келеді. Бірақ оған шеше көнсін бе?! Балалардың дені жан-жаққа сапарлатып кеткені анық байқалады, аулада Дәкеннен өзге ешкімнің қарасы көрінбейді. Еріксіз әткеншектің қасында айналшықтап жүрген Дәкенге қарай жүрді. Бұлардың қасына келгенін байқаса да елемеген сыңай танытып, көрші бала бұрылып қарар емес. Сірә, осыған дейін қанша рет шақырса да жауап ала алмағаны үшін көршілеріне ренжулі сияқты. Пысылдап, құмырсқа илеуіне су құйып жүр, жанталаса сыртқа ұмтылған жәндіктердің әрекеттерін қызықтап, өз-өзінен күліп қояды. Жаны үшін жанталасып, жан-жаққа жапа-тармағай қашқан құмырысқаларды аяп кеткен Керім:  

 – Есің дұрыс па өзі, Дәкен? Нең бар байғұс құмырысқаларда? – деп шыр-пыры шықты.

 – Шаруаң болмасын. Неменеге шықтыңдар? Үйлеріңде қамалып отыра бермедіңдер ме? – деді бұрқ етіп. 

 – Әй Дәкебай, ренжулісің ғой, одан да Сайрам көліне барып шомылып қайтайық та, - деді Нүкебай. Дәкен оның сөзіне елең етсе де, сыр білдірмей:

 – Өздерің бара беріңдер, шаруам бастан асып жатыр, - деп күңк етті. 

 – Сондағы шаруаң байғұс жәндіктерді қинау ма? – деді Керім жылағысы келіп. Дәкен болса ағаштың түбінде жатқан өлген торғайды иегімен нұсқады:

 – Ол аз десең, анау жатқан торғайды рогаткамен атып, жалпасынан түсірдім жаңа ғана. Таңертеңнен бері шөп арасындағы инелік біткенге қырғидай тиіп, мына банкіге жинап қойдым, кейбіреуі әлі тірі, қарашы, - деп сақ-сақ күлді.  – Аа, айтпақшы, кеше ұстап алған жыланды, атам айтқандай, жетіге бөліп жерге көмуім керек.

 – Аяушылық деген жоқ па сенде? – деді Керім аузына басқа сөз түспей қызарақтап. Ашуланып, Дәкенге жек көріп қарады.

 – Ой, қойшы, басқа не бітіремін, ішім пысты... 

 – Компьютер ойна.

 –Ата-анам рұқсат бермейді. 

 – Онда кітап оқы.  

 – Сен айтпасаң да оқимын, ал өздерің демалыс басталғалы кітап бетін аштыңдар ма?

 – Оқимыз ғой, жаз әлі алда, - деді Нүкебай көрші баланың мысқылын ұнатпай.

 – Өздерің білесіңдер ғой, менің анам біздің мектептің қасындағы кітапханада істейді. Қалаған кітапты кез келген уақытта алып оқи беремін. Бірақ менің ойымша, жазғы демалыс кезінде кітап оқу – бос уақыт өлтіру ғой, - деді Дәкен мұрнын тыржитып.

 – Ақылдысын қара, кітап – сенің рухани азығың... анам күнде осылай дейді - деді Керім. 

 – Ой, сен де бір жаттап алған сөздеріңді айтпашы, – деді Дәкен. Сосын ойына бір нәрсе түскендей:

– Сендерге бірер күн бұрын бір қызық айтам деп едім, соның реті енді келген сияқты, - деп қулана қарады. Нүкебай мен Керім елең етіп:

– Иә, ол не? – деп сұраған.

– Өте маңызды нәрсе!

 – Енді айтсайшы?

 – Қалай  айтарымды білмей тұрмын...

 – Айтпасаң қой! Жүр, Керім, көлге шомылайық, - деп бұрыла бергенде:

 – Тоқтаңдар, айтайын, - деді көрші бала кергігенін сап тыйып. – Өткенде анамның  жұмысына барған едім, кітап сөрелерін қарап жүріп бір таңғажайып оқиғаға тап болдым. Сендерге өтірік, маған шын. Әлгі өзіміз ылғи көретін кітапханадағы біртүрлі апай бар ғой?..

 – Ергежейлі ме?

 – Иә, балалар  «ергежейлілер әлемінен келген» деп айтып жүретін ше...

  –Ой, оны кейбіреулер кішкентай апайдың біртүрлі мінезінен, өзін алабөтен ұстауынан қорқып шығарып алған ғой. Соған сенетіндер оны көргенде қаша жөнелетінін де көргенбіз, - деді Нүкебай.

 – Ал мен керісінше ол кісіні аяймын, балалардың «ергежейлі» деп мазақтауы әдепсіздік қой.

 – Өзі де бір қызық адам, бала көрсе өші бардай көзі ежірейіп шыға келеді.. 

 – Дәкен, саған ұрыспайтын шығар, қайткенмен анаңмен бірге істейді ғой?

- Ол кісі менің бір орнымда отырмайтын тынымсыздығымды ұнатпайды.

Анамның қасында жай жүрсем де, мені аңдумен болады. Кітаптарды бүлдіріп қояды дейді ме екен. Мен енді кітап жыртатын бала емеспін ғой ғой, - деді Дәкен күліп. – Сендерге қызық айтайын, сол кітапхананың астыңғы жертөлесінде бір құпия жер бар. Есігі ылғи да құлыптаулы тұрады. Соған бір кіріп көруді ойлап жүретінмін. Әлгі ергежейлі апайды аңдып-бақсам, сол жаққа кіріп-шығып жүреді әрі ол мені сонда кіріп кетеді деп қорқатын сияқты. Құдды сол бөлмедегі кітаптардың күзетшісі секілді есігін торитыны тағы бар. Мұнысын тіпті менің анам да байқамайтындай.  

 – Анаңнан сұрадың ба?

 – Сұрағанда қандай! «Білмеймін» деді. «Шаруаң болмасын, тыныш жүр» деп өзіме дүрсе қоя берді. 

 – Сонымен?

 – Мен сол құпия бөлменің кілтін ергежейлі апайдың үстелінің тартпасынан таптым. Шалынып-сүрініп, жертөле жаққа жүгіріп жеткенде алдымнан біреу шыға келетіндей кенет бойымды үрей билеп алды. Қара көлеңкеде есікті әрең ашып, ішке зорға кірдім. Қарасам, айналам тас қараңғы. Телефонымның шамын жаққан едім, қабырға сірескен кітап екен. Бір-екеуін алып қарап көрсем, кілең балалардың жеке-жеке аты-жөні жазылған кітап болып шықты. Енді шеті мен шегі жоқ. Әріп реті бойынша «Д» қарпінің бойын жағалап жүре беріп едім, о тоба, өзімнің аты-жөнімді көзім шалмасы бар ма? Ашып қалсам, адам ұғып болмайтын түсініксіз тілде жазылған. Содан қызық көріп сендердің аттарыңды іздедім... Керімдікін таптым...

 – Менікін ше?

 – Ал сенікін...

 – Иә?

 – Қызығы сол, сенікі жоқ боп шықты...Кітап сөресінде бір орын бос тұр. Яғни сенікін біреу жымқырып кеткен. 

 – Енді не болады?

 – Меніңше, ол кітапты табу керек!

 – Қызық екен. Мен туралы жұмбақ кітап бар екен... әрі ол жоғалып кетеді... мұндай аңызға сене алмаймын. 

 –Сенбесең, өз көзіңмен көр, кеттік сол жаққа. Айтпақшы, жалғыз сенікі емес, тағы да бірнеше сөреден бос қалған жерлерді көрдім. Мен бұлардың құпия кілтін таппайынша жаным жай таппай жүр. Анам демалысқа шығып кітапханаға бара алмай қалған едім. Әйтпесе соның сырын ашпай, маған тыным жоқ. 

 – Олай болса, бірге іздейік.

 – Ендеше, жүріңдер, кітапханаға. Кішкене апайдың кілтін алайық та, ішіне кірейік, - деді Дәкен асығып. «Барсам ба, бармасам ба» деп екі ойлы боп тұрған Керімді де әуестік жеңіп, баратын болып келісті. 

         Олар кітапхана ішіне кірген кезде бір бума газетті қолтықтап алған кітапханашы Кристина алдарынан шықты. Бұлар жамырай амандасқанда, әдеппен басын изеп өте берді. Балалар оқырман бөлмесіне бас сұғып еді, әр жерде кітап, газетке шұқшиып отырған бірен-саран оқырманды көрді. «Еріңдер соңымнан» деген белгі берген Дәкен қасындағы серіктеріне иек қақты. Екеуін соңынан ертіп, бір төр бөлмеге кірді. 

             Осы кезде алдарынан ергежейлі апай шыға келген. Күтпеген жерден тап бола кеткендіктен, ә дегенде балалардың үрейі ұшып кетті. Ергежейлі өңменінен өтетін шегір көздерін бұларға қадап:

 – Сендерге не қажет? – деп шаңқ етті. 

 – Бізге «Геклбери Финнің саяхатын» бере аласыз ба? - деді Дәкен аузына басқа сөз түспей.  

 – Үшеуіңе де ме?

 – Іііі... жоқ, маған ғана. 

 – Қазір, - деп ол қысқа-қысқа адымымен бүгжеңдеп, кітап сөрелерінің ішін аралап кетті. Сол арада Дәкен бұларға сыбырлап:

 – Бізде бар жоғы екі минут бар. Мен білсем, жаңағы кітаптан бұл жерде бір ғана дана бар. Тезірек кілтті суырмадан тауып алып келейін. Ал сендер ергежейлі апай келіп қалған кезде белгі беріңдер, - деді де, екі аттап барып қаракөлеңке қуыста тұрған үстелдің суырмасын ақтара жөнелді. Суырма толы қағаздар арасынан іздегенін таба алмай, шып-шып терлеген маңдай терін білегімен сүрте салып, асығыс қарап жатыр. Сол арада ергежейлінің мипаң басқан аяқ дыбысы жақындап қалғанын естіген Нүкебай «псс-псс...» деп белгі беріп, Дәкен қасына келгенше жүрегі суылдап, тыпырши бастады. Анау болса бұларға көз қиығын да салмастан суырманы әлі ақтарып жатыр. Ергежейлі сөренің артынан бой көрсеткен кезде ғана Нүкебай қасына жетіп келіп, түк білмегендей тұра қалды.

 – Сендер де бір оқымайтын кітапты тауып бер деп, әзер дегенде таптым ғой, - деді ергежейлі апай күңкілдеп. Дәкен жүзі боп-боз болып, қалтырап тұрса да ішкі қобалжуын жасыруға тырысып:

 – Тауып бергеніңіз жақсы болды! Өткенде бір қызық жеріне келіп, асығып оқи алмай кетіп едім. Көп рақмет, - деп, ергежейлі апайдың қолындағы кітапты жұлып алғандай ала салып, «енді жылдам тайып тұрайық» дегендей бұларға ым қақты да, өзі асығыс шыға жөнелді. Ұзын дәлізді бойлап келе жатқан үшеуі із жасырған тыңшыдай аяқтарын аңдап басып, жан-жақтарына алақтап қарап қояды. Бір кезде дәліздің түкпіріне жеттік-ау дегенде жертөлеге бастайтын баспалдақпен төмен қарай тапырлатып жүгіре жөнелді. Күңгірт жертөлеге түскен соң, телефон шамын жағып, түкпірдегі кішкентай темір есіктің қасына келді. 

 – Іздегенің табыла қалғаны қандай жақсы! Нүкебай, сенің жолың болғыш екен, - деп Дәкен салбыраған ұзын бауы бар кілтті қалтасынан суырып алды. 

            Есікті оп-оңай ашып, ішке енген балалар өз көздеріне өздері сенбей аңқиып тұрып қалған. Сиқырлы әлемнің кітапханасына тап болғандай күй кешкен балалар парақтары өздігінен ашылып-жабылып, қозғалысқа түсіп,  тылсым мен жұмбаққа толы әлемдерінде өзбетінше еркін өмір сүретін кітаптарды көріп таңданыстарын жасыра алмады. Ауадағы тозаңдардың өзі жеп-жеңіл қозғалып, әртүрлі сәуле шашып, көз арбайды.  

 – Бұл не ғажайып? - деді Керім көзі жана түсіп. – Бұл кәдімгі ертегі ғой!

 – Айтсам сенбедіңдер! – деді Дәкен масаттанып. – Жүріңдер, мына жерден Керім сенің кітабыңды көрсетейін, - деді де, жоғарғы сөреде тұрған «К» әрпінен басталатын кітаптарды бойлай жүріп, біреуін суырып алып шықты. 

 – «Керім Бақытбекқызы» деп тұр. Аты-жөнің дәл солай ғой?

 – Иә, - деді кішкентай қыз көзін ашып-жұмып.  

 –Ал енді мазмұнын қарайықшы, түсініксіз бір шимай-шатпақ. Адам ұғып болмайды, - деп кітапты ашып қалғанда, парақтардан алқызыл түсті жап-жарық сәуле шашырай түсті. Үшеуі зейін салып қарап еді, расымен де, түсініксіз таңбалар екен. 

 – Иероглиф сияқты, - деді Нүкебай өз болжамын айтып.  

 – Құдай біледі ол да мүмкін, енді бері қарай келіңдер, - деген Дәкен кітапты орнына қойды да, бұларды «Н» әрпінің тұсына бастап әкелді. 

– Мына, жерді көріп тұрсыңдар ма, сенің есімің жоқ, құрметті Нүкебай Бақытбекұлы. 

 – Көрдім. 

 – Енді, не істейміз? – деді Керім.

 – Айттым ғой, кітапты табу керек. 

– Дұрыс айтасың. Ергежейлі апай жертөле кілтін жасырын ұстайтынына қарағанда, мұнда бір құпия сыр бар сияқты. Енді бұл жұмбақты өзіміз шешпегенде, кім шешеді?

 – Олай болса, қайдан іздейміз? Барлық жерді қарап шығайық.  

 – Іске кірісейік, достар.   

Олар қабырғаға ілінген көне картиналар мен сөрелердің ара-арасын шолып шықты. Ештеме таппаса да, Дәкен алған райынан қайтпай, анда бір, мында бір жүгірумен болды. Бұрышта жатқан сатыны тауып әкеліп, сөренің үстіңгі жағындағы үлкен кітаптарды ақтара бастады. Кенет бір кітапты сырғытқаны сол еді, бұлар тұрған сөре баяу қозғалып, екі жаққа ысырыла бастаған. Тепе-теңдікті сақтай алмаған Дәкен құлай бергенде, сатыағашты Керім мен Нүкебай ұстап үлгерді.

 – Қызық-ау! Бұл не боп кетті? - деді Нүкебай таңданысын жасыра алмай. 

 – Мен сендерге айтқан жоқпын ба, - деді болжамы дәл келгеніне ерекше масаттана түскен Дәкен. Керім мен Нүкебай айқара ашылған ғажайып қақпаға қарап, келесі сәтте не істерін білмей кібіртіктеп қалып еді:

 – Осылай тұра береміз бе? Нүкебай, сенің кітабыңды табуымыз керек, қане жандарың барында басыңдар аяқтарыңды, - деп ұрысқандай болған соң, ана екеуі оның соңынан ере берді. Балалар жүрексініп тұрса да, алда болар қызықтың құпиясы еліктіріп әкеткен.  Ішке аяқ басқандары сол еді, айқара ашық қақпа желке тұстарынан тарс етіп жабылды да, үш бала тас қараңғылықтың тұтқынында қалды. Бойларын үрей билеп, тас түнекте ауаны қарманып бір-бірін әрең тауып алған кезде «адасып қалмайық» дегендей дереу қол ұстасып алған. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, бөгде әлемге табандары тигенде, оларды бір тылсым жақындастыра түскен.

– Саспаңдар, бір амалы табылар, жарық жағыңдаршы, қайда тұрғанымызды көріп алайық, - деді Дәкен. Нүкебай қалтасын қарманып, телефонын алып шықты. 

        Телефон шамын жаққан соң балалар айналаны шола бастады. Бұл жерде де бөлме толы кісі бойындай кітаптар екен. Сол кітаптарды бойлап жүріп келе жатып, түкпір жақта оқшау тұрған былғары мұқабалы кітапқа көздері түсті. Парақтарының арасынан көрінген әлсіз сәуле балаларды белгісіз сиқырымен арбайтындай. Кенет әуестігі ұстаған Дәкен мұқабаға қолын тигізіп қалып еді, кітап айқара ашыла кеткені. Баяу тербетіле, өз-өзінен ашыла бастаған кітап парақтарының қозғалысынан көтерілген әлсіз самалдан балалардың кекіл шашы желбіреп кетті. Үшеуі ауыздарын ашып, көздерін жұмып, мына қызыққа аңтарыла қарайды. Арасынан әртүрлі көріністер, түсініксіз таңбалар, жазулар мен суреттер бірінен кейін бірі шыққан сайын қызыға түседі. Алып кітаптың ауыр парақтары баяу қозғалғанда арасынан өздеріне етене таныс мейірімді кейіпкер құшақ жайып шыға келетіндей бір елестесе, енді бірде қорқынышты құбыжық атып шығып, құдды бұларға тап беретіндей болады. Бір кезде шам жарқ еткендей болды да, парақтардың сусылдап ашылуы кілт тыйылды. Осы кезде төңірек те самаладай жарқырап қоя берген. Алдарынан табиғаты көз тартқан көрікті мекен пайда бола кетті. Алқап толы гүлдерге ұшып-қонып жүрген түрлі-түсті көбелектерді қызықтай бергені сол еді, әлгілер легімен бері қарай ұшып шығып, балаларға: «соңымыздан ілесіңдер» дегендей, жұмбақ әлемге бастай берді. Бұл аса сұлу көріністің балаларды өзіне тартқаны сондай, үшеуі көп  ойланып тұрмастан парақ ішіне қойып кетті. Бұл кезде телефон шамының жарығы керек те болмай қалған. Төңіректен нұр төгіліп тұр. Балалар жан-жағын тамашалап, алға қарай жылжи берді. Осы кезде қарсы алдарынан ызыңдап ұшып келе жатқан жылтырақ қанатты аралар үйірі көрінді. Бір қарағанда ара деп ойлаған екен, сөйтсе, кәдімгі әріптер болып шықты. Көздерін ашып-жұмып тұрғанда, бұлардың алдында мәтін құралып, тұтас бір абзац пайда бола қалды. 

 – Мына әріптер бізге әлдене түсіндіргісі келетін сияқты, - деді балалар бір-біріне сыбырлап. Бір кезде тізілген әріптер жаңа бір шепке тізіле қалды да, ирелеңдеп алға оза жөнелді. 

– Бізге «соңымыздан еріңдер» дейді, - деген қағылез Дәкен достарын алға бастай жөнелді. – Әттең, оқи алмадық қой, әйтпесе бізге бір нәрсе айтқысы-ақ келіп тұр. Ақымақ басым, латын таңбаларын үйренбегенім осындайда көрініп қалады ғой. Бірақ меніңше, бұл көне латын қарпі сияқты, - деді Дәкен басын қасып.

 – Біздің де телефонға телміріп, ойын ойнай бергеніміз бекершілік болған екен, - деді Керім Дәкенді құптағандай. – Кітап оқып, тіл үйреніп, уақытты текке өткізбеген дұрыс екен.

          Балалар әріптердің артынан ере берді. Бір кезде көкорай шалғыны жайқалған ашық алаңға шықты. Алыстан көздеріне адамдар тұратын үй сияқты болып көрінген екен, сөйтсе, қаз-қатар тізілген үй бойындай кітаптар болып шықты. Айналасының бәрі қыз-қыз тіршілік. Үшеуі көздеріне көрінген кереметтерге қайран қалып жүргенде, о баста бойларын билеген қорқыныш жоғалып, енді ертегілер еліне тап болғандарына еш өкінбейтіндей күй кешті. Бақтағы жеміс ағаштарының арасында үйдей болып бой түзеген кілең кітап мекені екен. Парақтары сусылдап, арасына небір кейіпкерлердің бірі кіріп, бірі шығып жатыр. 

 – Мен білсем, біз кітап әлеміне келдік, - деді Керім.

 – Иә, мына үй тәрізді кітаптар ішінде оның кейіпкерлері өмір сүріп жатқаны айтпаса да түсінікті. Алақай, мұндай да ғажайып болады екен-ау, - деп Дәкен қолын шапалақтап қуанып кетті.

 – Мен өзім бір кітап оқымаған соң, қайдан білейін. Бірақ анау біреуі біз мектепте өткен «Аяз би» деген ертегіге ұқсайды екен, - деді Нүкебай.

 – Әә... мен енді түсінгендеймін, сенің кітабыңның жоғалуы мен сенің кітап бетін ашпайтыныңның арасында бір байланыс бар сияқты.

 – Бәрі де мүмкін, детектив Дәкен, - деді Нүкебай. – Қайтсек те сол кітапты табайық.

          Осы кезде олардың маңайында ұшып жүрген қанатты әріптер тағы да мәтін құрап тізіле қалды. Алайда олардың не айтқысы келетінін балалар түсінер емес. Осы кезде Нүкебай:

 – Біз латынды түсінбейміз, кирилл әріпі бар ма? Соны оқи аламыз! - деді. Таңбалар оның айтқанын түсінгендей, бір жерге топтала қалды да, кенет зу етіп көзден ғайып болды. Балалар көгал жиегінде сылдырай аққан бұлақтың басында төңіректі қызықтап тұрғанда, өздеріне қарай ұшып келе жатқан ара үйірінің ызыңын естіді. Алайда бұл ызыңдап ұшып келе жатқан қанатты әріптер болатын. Ызыңдап келді де, алдарына сөйлем құрап тұра қалды. Балалар зейін салып қарап еді: «Сендердің қызметтеріңе дайынмын!» деген жазуды оқыды.  

 – Пәлі, мынау сиқырлы әріптер екен ғой! Бізбен тілдесіп тұрған түрін қара. Ал енді, біз қайдамыз, соны айтыңыздаршы? – деп жарыса тіл қатты балалар.

«Әрине. Бірақ мұнда не үшін келдіңдер? Бұл жер – адам санасы, жаны мен сезімі мекен ететін Кітап патшалығы. Адамдарға мұнда орын жоқ. Тек қиялы ғана ғұмыр кешеді. Егер ертерек қайтпасаңдар, сендерді бұл мекенді құлдыратуға келген дұшпанға балап, тұтқынға алулары бек мүмкін» деген ақпарат берді әріптер.

 – Оқып үлгере алмай жатырмын. Тез қозғалып жатыр. Не дейді? – деді Дәкен. Керім оған түсіндіріп жатыр. 

 – Біздің келген себебіміз мынау, досым! «Нүкебай Бақытбекұлы» деген кітап  жертөледегі жұмбақ кітапханадан ізім-ғайым жоқ болды. Ал біздікі өзінің орнында тұр. Сол кітаптың жоғалу себебін білейік деп, мүмкін болса, орнына кері апарып қояйық деп келдік. 

 «Сендердің көргендерің – арман кітаптары. Өздерің табалдырығынан аттаған біздің кітап патшалығында арам пиғылды виртуалды қарақшылар пайда болғанына біраз уақыт болды. Олар өздерің келген адамдар әлемінде қатігез қаламгерлердің ой-қиялдарының жемісі деп түсінсеңдер болады. Балалар ізгілік мазмұндағы кітаптарға әуес болмай,  зұлымдық жайлы шығармашылыққа көңілі көбірек аууы үшін сол виртуалды қарақшылар олардың арман кітаптарын ұрлап әкетеді. Ал баланың арман кітабы жоғалса, жер мекенінде оның арман-қиялы өмір сүре алмайды. Кәдімгі адамдар қатарында өмір кешкенімен, шынайы қиял-арманы өмірлік мақсатымен ұштаспай, бір робот немесе мәңгүрт сынды күй кешіп, есіл өмірі босқа өтеді. Жер бетінде күйзелістің ауыр түріне ұшыраған ондай адамдар қазір көбейіп бара жатқаны рас!», - деп жазылған мәтінді бұлар асықпай оқып шықты. 

 – Сонда мен өзімнің арман кітабымды таба алмасам, мәңгі бақи мәңгүрт күйін кешпекпін бе?

 – Өкінішке орай, солай сияқты.

 – Оны табу үшін бізге көмектесесіз бе?

 «Әрине, біз кітап патшалығының күзетішлеріміз. Бұл біздің міндетіміз».

 – Виртуалды қарақшылар кімнің тапсырмасын орындайды? 

 «Виртуалды әлемді зұлымдық патшасы билейді. Ол әлемнің тұрғындарын «Қара кітап кейіпкерлері» деп атаймыз. Әлгі зұлымдардың образын ойлап тауып, қиялынан тудырғандар жерде өмір сүретін зұлым пиғылды ғалымдар мен арам пиғылды қаламгерлер екенін тағы да айтқым келеді. Сендерге ізгі жандардың ізгілік кітаптары ғана көмектесе алады. Менің соңымнан жүріңдер», - деп, әріптер бұларды алға қарай бастады. Балалар соңынан томпаңдап ілесе кетті. Біраз жүрген соң мөлдіреген айдын көлге тап келді. Сол жерде аздап аялдап, көл жағасында тұрған бірнеше кітап-үйлерге көздері түсті. Ол жерде де өздеріне таныс кейіпкерлер кітап ішіне кіріп-шығып айналсоқтап жүр. 

 – Мыналарды шырамытып тұрмын, бірақ кейбіреуі есіме түсер емес, - деді Керім.

 «Анау бір бала – Қожа, ал анау – Аян. Әне, бір бұзық баланы танып тұрған боларсыздар, ол – Том Сойер. Ал анау беттегі Қобыланды батыр, ар жағындағысы отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын Алпамыс батыр»...

 – Е-е-е, біз оқып, естіген кітап кейіпкерлері екен ғой, - деді оқымысты Дәкен. 

 – Қожа мен Том Сойердің фильмін көргем, - деді Нүкебай.

 – Қобыланды мен Алпамыс ше?

 – Мектепке бармай тұрғанда ауылдағы әжеміз ертегі қып айтушы еді.

 – Әй, Нүкебай, осы сенің кітабың табылатын сияқты, тіпті «дымбілмес» емес екенсің, - деп сақ-сақ күлді Дәкен. Өзі тентек бала болса да, кітапханашы анасының қаталдығының арқасында көркем кітапты көп оқитын Дәкенге Нүкебай:

 – Ал сен дәл Қожадан аумайсың, бәлкім, осы кітап елінен оны кездестіріп қаларсың? – деді әзілдеп.

 – Бұл жерде әлі талай қызыққа бататын сияқтымыз, жүрегім сезеді, - деді Керім. 

 «Иә, сендер білмейтін жұмбақ қаншама бұл маңда. Бұл патшалық шексіз. Біз өзіміз қалаған жерімізге жету үшін сансыз қақпалардан өтуіміз керек. Виртуалды әлемде ондай қақпаны «портал» дейді. Кітап-үйлер қалашығындағы ең қызық жер Кітап сарайы. Сол жаққа аяңдайық, егер Шаһдат патшамен жолығудың сәті түссе, жоғалған кітап туралы бір ақпарат табылып қалар. Соңымнан еріңдер». 

              Балалар ызыңдап ұша жөнелген қанатты әріптердің соңынан үнсіз ере берді. Көп ұзамай  бір дөңнен аса бере жасыл желекке оранған жаңа бір алаңға тап болды. Алаңның қақ ортасында алтын-күміспен көмкеріліп, талғаммен безендірілген салтанатты Кітап сарайы көз жауын алып, менмұндалап тұр. Айналасын қоршаған қымбат мұқабалы кітап-үйлердің төңірегінде де тіршілік қыз-қыз қайнап жатқаны көзге бірден түседі. Қақпа алдындағы жасыл бақта бір топ қарлығаш ұшып жүр. Құстардың әдемілігі сондай, онсыз да сұлу маңның көркін кіргізе түскендей. Кітап-үйлерге салған ұяларына кіріп-шығып жүрген айыр құйрықтарды қызықтап қараған балалардың жүрегін кенет қуаныш кернеді.

– Мына қарлығаштарды қалада кездестірмеуші едік, осы жаққа ауып кеткен екен ғой, - десті балалар. 

 – Қаланың лас ауасынан безіп кеткен болар?

 «Бұлар тегін қарлығаштар емес – бақыт құстары. Баяғыда Кітап патшалығының да мамыражай, бақытты дәурен кешіп тұрған кезеңі болған. Ол кезде қарлығаштар да өте көп болушы еді. Патшалығымызға «қара кітап кейіпкерлерінің» ойран салғанына бірталай жыл болып қалды, бақыт құстары басқа әлемге безіп кетті, қалған бірен-сараны осы маңды паналап жүр».

Үш бала қалықтаған қарлығаштарға қызықтап қарап тұрғанда жандарынан сауыт-сайман асынған алып баһадүр пайда бола кетті. 

 – Сендер кімсіңдер? - деді алдаспан асынған баһадүр бұларға төбеден төне қарап. Әріптер оның алдына тізіле қалды да, мынадай ақпарат жазылды:

«Бұлар жертөледегі құпия кітапхана сыртындағы әлемнен келіп тұрған құдайы қонақтар. «Ақық» қақпасынан Кітап сарайына кіруге рұқсат сұрайды. Бұл кітап патшалығы қанша ғасырдан бері адамзат ой-қиялын қорғап келген еді. «Қара кітап кейіпкерлері» адамдардың ой-қиялын тонай бастағаннан бері кітап патшалығы да азып-тозып, мәңгіліктің құрдымына қарай кетіп барады. Егер Шаһдат патша дереу әрекет етпесе, жер бетіндегі адамзаттың қиял-арманы мүлдем жоғалады. Қиял-арманы жоғалған адамды құлдық сана билейді. Күллі адамзат құлдық сана қамытын кисе, артынан біздің де кітап патшалығы жермен жексен болып, мәңгілікке жойылып кететіні рас. Бұл әлем ол кезде толық виртуалды қарақшылардың қолына өтеді деген сөз. Біз сол үшін алаңдаймыз».

                Мұны оқыған баһадүр бір сәт ойланып қалып:

 – Балалар, өздеріңмен бірге үмітті ерте келген екенсіңдер. Кітап сарайына жол ашық. Бір жол бар – алыс, алыс та болса жақын; Екінші жол бар – жақын, жақын да болса алыс. Сендер қайсысын таңдайсыңдар? 

 –  Мына қақпадан кірсек болды, Кітап сарайы таяқ тастам жерде тұр емес пе? Шаһдат патшаға дереу кіріп шығамыз! – деді Дәкен.

       Баһадүр болса миығынан күліп:

 – Олай болса, алдымен Шаһдат патшаға хат жолдап, мән-жайды баяндайық. Содан кейін «Ақық» қақпасына кіре берсеңдер болады. Бірақ бір нәрсе айтайын, хат патшаға жетіп, жауабы келгенше бір күн күтуге тура келеді. 

 – Бі-і-і-р кү-ү-ү-ү-н? - деді таңданысын жасыра алмаған балалардың көзі бақырайып. – Біз бір күн де күте алмаймыз. Бізді ата-анамыз іздеп, уайымдап қалады. 

«Қорықпаңдар, бұл жақтың бір күні сендер жақтың уақытымен салыстырғанда бір апта болады» – деді әріптер. Керім болса:

 – Бір апта-а-а-а, онда тіпті, кешіріп қойыңыз. Біз мұнша уақыт күте алмаймыз, - деп шорт кесті. Нүкебай өзінің ой-арманын құтқарғысы келіп, әзір жер бетіне қайтып оралғысы жоқ. Дегенмен, ол да ата-анасын уайымдап, қандай шешім қабылдарын білмей дал болып тұрғаны.

«Сонымен...  Бұндағы бір апта сыртқы әлемдегі бір секундқа пара-пар. Демек, мұнда бір жыл болсаңдар, сендердің әлеммен салыстырғанда 48 секунд, яғни 1 минутқа жетер жетпес уақыт болады. Сол үшін еш қам жемеңдер». 

          Үшеуі «енді не істейміз?» дегендей бір-біріне қарап қалды. 

 – Жарайды, – деді Керім өз-өзін қинағандай зорға сөйлеп. – Нүкебай ағамның болашағы үшін ойға алған мақсатымыздан бас тартпаймыз.

          Қарындасынан мұндай батылдықты күтпеген Нүкебай арқаланып қалды. 

 – Олай болса жіберетін хатыңызды жібере беріңіз, – деді балалар алып баһадүрге қараймыз деп, мойындарын жоғары созып. 

             Баһадүр «Ақық» кітап қақпасы жаққа ишарат белгі беріп еді, ол жақтан дабыл белгісі шықты. Сол-ақ екен, жел тұрып, кенет ауа райы бұзыла бастаған. «Жауын жауа ма?» деп, балалар аң-таң болып тұрғанда, тау жақтан найзағай жарқ еткендей болды. Кенет дауыл күшейіп, төбеден ауаны тіліп, төмен құлдилап келе жатқан үш басты айдаһар самғап келе жатты. Алып құбыжық тура өздеріне қарай беттеп келеді. Балалар зәрелері зәр түбіне кетіп, жасырынар пана іздеп тым-тырақай қаша жөнелген. Бұны байқаған әріптер үшке бөлініп, үшеуін алдарынан қаумалап: «Тоқтаңдар! Тоқтаңдар!» деп ызың қағып қуып барады. Бас сауғалап қашқан балалар тоқтар емес.  Алып еменнің түбіне барып жасырынып, сығалап қарады. Әлгі үш басты айдаһар жерге қонған соң, бастарын жерге иіп, балаларға еш қауіп төндірмейтінін аңғартты. Сосын маңайды жаңғырта:

 – Әмірлеріңе құлдық, – деп гүр етті. Осы кезде апандай ауыздарынан ыстық от шарпыды. Осы сәтті күтіп тұрғандай, баһадүр «Ақық» кітап қақпасын қағып еді, қақпа ашыла кетіп, арғы жағынан шашын төбесіне түйген, көзіне көзілдірік таққан орта жастағы арықша әйел төбе көрсетті. 

– Болып жатқан оқиғаларды естідің, Шаһдат патшаға бәрін түсіндіріп жазып берсеңіз, ханым, – деді баһадүр. Қақпадан шыққан ханым қолына баһадүрдің білегіндей үлкен қаламсапты лып еткізіп алды да, аю терісіндей қалың тері параққа әсем жазуымен әлдене жаза бастады. Хат жазылып болды-ау дегенде, баһадүр оны жеті-сегіз мәрте орап, айдаһардың қанаты астына байланған қалтаға салды. Алып қаламсапты шыбық құрлы көрмей, сол күйі орнына қоя салған әйел ләм деместен кері бұрылып, қақпаға еніп кетті. Әуестігі ұстаған балалар қаламсапты көтеріп көрейін деп еді, қанша тыраштанса да, орнынан қозғалта алар емес.

 – Осы хатты Шаһдат патшаға дереу жеткіз. Аманат, – деп баһадүр айдаһарға шегелеп тапсырып жатқан еді.

             Айдаһар басын иді де,  қанатын кең жазып, қағып-қағып қалғанда манадағыдан да бетер қатты дауыл көтеріліп, аспан асты жаңғырып кетті. Бұршақ аралас жауын жауып, төңірек алай-түлей болды. Баһадүр балалардың үстіне қалқанын төсеп, қорғаныш жасады. Айдаһар аспанға көтерілгенде ғана айнала тыншыды. Алып жануар бір басы алға қараса, екіншісі артына, үшіншісі оң мен солына бұрып, бағыт-бағдарын болжап барады. Оның үстіне шабуылды тұтқиылдан жасауға әуес виртуалды дұшпандардан сақтанатын да сияқты. Баһадүр енді бұларға бұрылып:

– Ал балақайлар, енді «Ақық» қақпасына кіре берулеріңе болады. Патшаға айдаһар бұрын жете ме, сендер бұрын жетесіңдер ме, көрейік, – деді қарқ-қарқ күліп. 

 – Онда не тұрыс, кеттік! - деп шу етті балалар. 

 – Менің бір шартым бар, баратын жерлерің қауіпсіз емес, сондықтан бір жауынгерімді ертіп жіберейін, – деді баһадүр. – Ал әріптер сендерді осы жерде күтеді. 

            Қара шыбындай құжынаған таңбалар кітап патшалығының бас қолбасшысына қарсы ештеме дей алмай, ақырын ғана ызың-ызың етті. Осы кезде қастарына бастан-аяқ сұр киім киген жауынгер пайда бола кетті. Ол қару-жарақ асынып алғаны болмаса, бет-әлпеті өздеріндей бала екен. 

 – Бізді қорғайтын жауынгер осы ма? – деді оған Дәкен менсінбей қарап. Нүкебай да мырс етіп күлді. Анау болса, ләм демей, қабағын қарс түйіп тұра берді. Сол түрімен өзіне берілген тапсырманы орындауға сақадай сай екенін білдірген.

               Балалар «Ақық» қақпасынан енгені сол еді, «Кітап сарайының» бұлар ойлағаннан алыстау, дөң үстінде орналасқанын байқады. Қақпа мен «Кітап сарайының» екі арасын тас жол бөліп жатыр. Жап-жасыл бақ арасында өзен мен көл жағасына жағалай бой көтерген кітап үйлер көзге шалынады. Балалар сүт пісірімдей уақыт жүргенде, қол созым жерде тұрған «Кітап сарайы» оңайлықпен жеткізе қоймайтынына көздері жетті. Бұларды қорғауға бұйрық алған жауынгер де соңдарынан қалмай ілесіп келеді. Ұзақ жолдан жалыққан балалар енді Кітап үйлерге зер салып қарап келе жатқан беті. Осы кезде Дәкен:

 – Мыналардың ішіне кіріп көрсек қайтеді? – деген ой айтты. 

 – Мен де соны ойлап келемін, - деді Нүкебай.

 – Жолымыздан қалмай алға жылжығанымыз дұрыс шығар, баһадүр «қатер бар» деп ескертті ғой.

 – Қорықпашы, мына жауынгер қорғайды деді ғой, – деді Дәкен артта ілесіп келе жатқан күзетшілерін келекетіп. Сөйтті де, еті тірілігін көрсетіп, шеткері тұрған біреуіне жүгіріп барды да, ішіне қойып кетті. Нүкебай да қарап тұрсын ба, қасындағы кітапқа қарай зуылдап бара жатып, артына бұрылып:

– Керім, кеттік! –деп айқай салды. 

 – Біздің мақсатымыз Шаһдат патшаға жолығып, сенің арман кітабыңды кері қайтару. Ешқайда бұрылмағанымыз жөн, – деп қырсықты. 

 – Үлгереміз ғой, жүрсеңші!

 – Жоқ, мен осы жерде тосамын. Тез келіңдер!

 – Онда мына күзетші сенімен қалсын, біз тез келеміз, – деді де жауынгерге:

 – Мен тез ораламын. Ал сен қарындасымды күзетіп қала тұр, – деді. 

            Нүкебай да Дәкеннің соңынан бір кітапқа қойып кетті. 

            Басқа әлемге тап бола кеткенде, аяғы тиген жер – бір аралдың құмы екен. Айналасы шет-шегі көрінбейтін мұхит. Нүкебай жан-жағына алақтап қарап тұрғанда, сонадайдан әлдекімнің жалғыздан жалғыз ағаш бөренелерін көтеріп, мықшыңдап, құрылыс жасап жатқанын көріп, өзінің қандай кітаптың ішіне тап болғанын аңғара қойды.

 – Оо, Робинзон Крузо!

           Кітабын оқымаса да, киносын көрді емес пе!

           Нүкебай Робинзон өмірін беске білетіндіктен, онымен мылжыңдасып уақыт жоғалтпай, иесіз аралды жалғыз барлап көрмекші болды. Ол Робинзонның көзіне түспеуге тырысып, жар жағалап, қалың өскен ағаш арасына бой жасырды. Осы кезде ағаш арасынан өздерінің жұмбақ ритуалдарын жасап, зікір салып жүрген адамжегіш тайпаны көрді де, зәресі зәр түбіне кетіп, тезірек бұл кітаптың арасынан шығуға асықты. Келген ізімен кері жүгіріп отырып, кітап ішінен сыртқа шықты. Керім бұл кезде жауынгер баламен тіл табысып, әлденеге сықылықтап күліп тұрған. Жауынгер бала ұсынған түймедақты мұрнына тақап, иіскеп қояды. 

 – Аға, келдің бе? Жаңа ғана Дәкен де келіп кетті. 

 – Ол өзі қайда?

 – Білмедім, ештеме деместен, анау дорбаны әкеліп, ағашқа ілді де, анау Кітап-үйге қайта кіріп кетті, – деді.

             Нүкебай Дәкенді алып шықпақ оймен Керім нұсқаған мұқабасы қоңырлау кітаптың арасына енді. Айналасы толған жап-жасыл желек пен шүйгінді жайлаудың көз тартар сұлулығы тілмен суреттеп жеткізгісіз. Өзінің қайда келгенін толық аңғарып болмаған Нүкебай Дәкеннің қарасы көрініп қалар деген оймен көгал арасындағы жалғызаяқ жолмен жүріп келеді. Әлден уақытта бойы өзіндей болатын бірнеше баланың күресіп, ойнап жүргенін көрді. Жақындай бере арасында Дәкен бар ма екен, деп қарап еді, бейтаныс балалар күрескендерін доғара салып бұған назар аударды. «Ее, шетел әдебиетіне кіріп кеткен екем ғой», - деп топшылады Нүкебай. Бұл балалардың кім екені, қай кітаптың кейіпкерлері екені енді ойына оралды. Кітаптың өзін оқымай, желісі бойынша түсірілген фильмді көргені есіне сап ете түсті. Толкиеннің «Сақиналар иесі» фильміндегі Хоббиттар ғой!

               Нүкебай білген ағылшыншасын есіне түсіріп, оларға досын іздеп келгенін әйтүп-бүйтіп түсіндірді. Мұны ұққан жас Хоббиттар Дәкенді Орктардың алып кеткенін ыммен айтып берді. Орктарды бейнелегенде түрлерін мыжырайтып, тістерін ақситып, тіпті қалай көтеріп алып кеткеніне шейін бір-бірін арқалап тұрып көрсетіп берген. Нүкебайдың денесі түршігіп кетті. «Оларды қалай табуға болады?» деп сұрады сосын. Хоббиттар болса жерден шыбық алды да дымқыл, қара топырақтың үстіне: «328 page» деп жазды. Бұл сөзді қайдан, қашан естідім деп тұрғанда, оның есіне ағылшын пәні мұғалімі «Open the book. Page of …» яғни «кітапты ашыңдар, пәленшесінші бет» деп айтатыны  есіне сап ете қалды. Бұл енді бір орнында бұлай тұра берсе досынан айрылып қалуы мүмкін, соған қам жеп, келген жағына кері қайтты. Сыртқа шыққанда Керім:       

 – Дәкенді әлі таппадың ба? – деп сұрады.

 – Жоқ. 

Дәкеннің қатерге тап болғанын қарындасы уайымдамасын деп жасырып қалды. Сосын жүрелеп отыра қалды да, үйдей биік кітаптың парақтарын мұқият қарай бастады. «328-бетті таптым-ау» дегенде, жауынгерге қарап:

 – Сен менімен бірге жүр, - деді. 

                Екеуі бірден айдалаға тап бола кетті. Көз жетер-жетпес сонадайда бірнеше адамның қарасы көрінеді. Олар орманға қарай бет алып барады екен. «Осылардың соңдарынан ерейік» деп ымдады жауынгерге. Бой тасалай отырып, әлгілерге жақын келгенде, олардың құбыжық тектес Орктар екеніне көздері жетті.  Ну орманнан Дәкенді табам дегенше қас қарайып кеткен. Орктар от жағып отырған тайпаластарына қосылды. Осы кезде Нүкебай олардың Дәкенді ағашқа байлап қойғандарын байқады. Орктардың өздері кешкі астарын алдарына алып, бейғам отыр. «Сен осы жерде қарауылдап қал» дегенді ыммен түсіндірген Нүкебай, діңі жуан ағашты айналып барып, Дәкенді ту сыртынан түртті де, сұқ саусағын ерніне қойып, «үніңді шығарма» дегендей белгі берді. Досы болса мұны көріп қуанып кеткен. Дереу «арқанды шеш» деп ымдап жатыр. Орктар бөтен дыбыс шыққанға елеңдеп, жан-жағына сақтана қарап еді, ештеме көрінбеген соң қайта ас-ауқатқа бас қойған. Нүкебай Дәкенді ораған білеудей арқанды олай бір, бұлай бір жұлқып шешуге тырысып бақты, әттең, шамасы келетін емес. Осындайда өзімен бірге бәкі де алып шықпағанына іштей өкінеді. Ырс-ырс етіп бар күшін сарқып жатқанда үстіне әлдекімнің көлеңкесі төніп тұрғанын сезді де, жалт қарағаны мұң екен, қорқынышты, тажал көз бұған алая қарап тұр. Нүкебайдың жүрегі тас төбесіне шықты. Ол  «біткен жерім осы шығар» деп ойлап үлгергенше, алып күш иесі оны тұрған орнынан іліп алып, аяғын аспаннан келтірген. Есін жоғалтып алып, тағы бір жиғанда ана дәу мұны екінші ағашқа байламақшы болып жатты. Дәл осы кезде Орктың арқасынан ым-жымын білдіртпей жеткен жауынгер семсерін жауырына қадап алды. Жанды жеріне тисе керек, әлгі дәу кескен томардай жерге гүрс етті. Онымен бірге әлгінде байлап үлгермеген Нүкебай да мұрттай ұшты. Қалған Орктар бұларға қарай жүгіре бергенде жауынгер Дәкен байланған арқанды алдаспанымен кесіп үлгерді. Жауынгер екі баланы жаңқа құрлы көрмей жерден іліп алып, ұшқан құстай зулай жөнелді. Дәкен мен Нүкебай өздеріндей бала деп менсінбеген жауынгердің алып күш иесі екенін осы кезде бір-ақ түсінді. Сол жүгірген екпінімен кітап ішінен сыртқа қарғығанда үшеуі ұмар-жұмар құлады. Әрең естерін жиып, орындарынан қисалаңдай тұрған балалар үстерін қағып-сілкіп жатқанда, өздерін құтқарған жауынгер түк болмағандай, ендігі қастарында тұр еді. «Әй, жарайсың» деп екі бала ризашылығын білдіріп жатса да ештеме естіп, көрмегендей меңірейіп тұра берді. 

            Екі дос енді айналаға қарап Керімді іздей бастады. Қыз болса, сонадай жерде әлдекіммен сөйлесіп тұр екен. Абайлап басып, қастарына барды.

 – Міне, өздері де келді! – деді Керім күліп. – Нүкебай, Дәкен, мына баланы таныдыңдар ма? Бұл кәдімгі Қожа ғой! 

          Екі бала анықтап қарап еді, шынында да, бұзау жетектеп алған Қожа екен.  

 – Бұзауым кітап ішінен қашып кетіп, іздемеген жерім қалмады. Сөйтсем, мынау Керім деген сүйкімді қызды айналсоқтап жүр екен, – деп қара Қожа тырқ-тырқ күледі. Тентектігімен аты шыққан Бердібек Соқпақбаевтың баршаға таныс кейіпкері. 

–  Әй, бір дауыс естіп тұрған жоқсыңдар ма? – деді Қожа кенет бұларға көзін бадырайта қарап. – Ойбай, мынау әжемнің дауысы ғой, мені шақырып жатыр. «Сабаққа кешігесің» дейді. Мен кеттім, - деді де жүгірейін деп барып, артына жалт бұрылды: 

 – Қолдарың босап жатса біздің кітапқа келіп қайтыңдар, бірге ойнаймыз. Сұлтан деген досым бар, жақсы бала. Керім, сені Жанармен таныстырамын, – деп айғай салды да, кітап ішіне еніп, ғайып болды. 

               Бұлар қызық қуып жүріп қарындары ашқанын енді байқады.  Асқазандары шұрылдай бастаған. «Енді не істейміз?» деп екі бала бір-біріне қарады. Осы кезде Керім оларға ағаш  бұтағына ілініп тұрған дорбаны көрсетіп, «оған бекер қам жемеңдер» дегендей, күлімдей қарады. 

 – Жүріңдер әл жинап алайық, әйтпесе біздің сапар әлі ұзақ, – деді. 

 – Тамақты қайдан алдың, Керім?

 – Дәкен-ау, бағана өзің бір кітаптан шығып әкеп тастап едің ғой? 

 –  Әә, Орктардың қолына түсіп, қорыққаннан бәрі есімнен тарс шығып кетіпті. Бұл дорбаны қайдан алғанымды айтайын. Мана кітапқа бірінші кіргенде Хоббиттарды жолықтырдым емес пе? Олардың мекендеріне тап болған кезде 

ас та төк тамақты көріп, көзім жайнап кетті. «Ұрлап алайын» деп бір ойладым да, бірақ олай етуге болмайтынын ата-анамыз құлағымызға құйып тастаған соң, өз-өзіме тоқтау салдым. Алайда бар болғыр асқазаным ұлып қоймады.  Сосын сол жерде жүрген хоббиттерге өз тілімде түсіндіруге тырыстым. Олар келген қонақты құрметтейтінін аңғартты. Алайда өздерінің бір жоралғылары бар екен. Араларына бөтен біреу келсе, өздерінің арасынан біреуді шығарып күрестіреді. Бұл күресте жеңілсем жайыма кетем, жеңсем қалағанымды алады екенмін. Ақыры, әлсіздеу деген бірін таңдап алып, күресе кеттім. Әлсіз деген әлгі хоббитім тым шымыр болып шықты. Мені олай да, бұлай да бүктейді-ай келіп. Қанша тырыссам да бой берер емес. Күшім сарқылып, әл-қуатым кеткенде «біткен жерім осы шығар» деп ойладым. Әлгілер жамыраса күліп жатыр. Орнымнан баяу тұрып жөніме кетіп бара жатыр едім, олар маған әлдене деп, қонаққа шақырғандай болды. Сөйтіп, жаюлы дастархан басына ертіп апарды. Қасқырдай аш қара басым тамақты тоя жеп алсам ба, деп бір ойладым да, сендерсіз өзім жалғыз тойып алғаным дұрыс болмас деп, көтере алғанымша бір дорба ас-ауқат салып алдым. Міне, көріп тұрғандарыңдай, алдарыңда тұр. Ал не қарап тұрсыңдар? –деді күліп.

            Балалар қуанып, тамаққа бас қойды. 

            Бұлардың қасына еріп жүрген жауынгер болса, астан алмады. Өз ойымен өзі, сонадайда қарауыл қарап тұрды да қойды. Бұл кезде қарны тойған Дәкен кітап-үйлердің әрқайсына бір қызығып, кемінде бір-екеуіне кіріп-шығуға бір айла таба алмай отырған. Жауынгер болса, бұларды енді көзден таса қылмауға тарс бекінгендей. Онысын қабағымен ұқтырып, өңменнен өтердей өткір көздерімен атып қояды. Үш баланы алдына салып, сүре жолмен асықпай жүріп келеді.  Дәкен мойнын бұрып, жауынгерге қарағыштайды. Сосын  басын салбыратқан күйі шарасыз алға жылжиды. Әлгінде ғана Орктар тұтқынына түсіп қалып, өмірлеріне қауіп төнгені қаперіне кіріп шығар емес. Жауынгер болса, балалардың өмірі үшін жауапты бір өзі екенін жақсы түсінеді. Ал Дәкен шетел мен қазақ фольклоры, әңгіме-ертегі, дастандарының кейіпкерлері менмұндалаған осынау Кітапстанға есіл-дерті ауып, түрлі қызығына тояр емес.  

          Жан-жақтарына қарап бейғам келе жатқан балалар кейбір кітап үйлердің қасынан өткенде, олардың парақтарының тозып, мұқабаларының жыртылғанын байқады. Айналасында жүрген кейіпкерлердің тірлігі де мәз емес сияқты. Көбінің халі тіпті мүшкіл. Тоз-тозы шыққан кітап-үйлердің кейбіреуі құлап, қайсыбірі тіптен іске жарамай, күресінде жатыр. Кітап-үйлердің ара-арасындағы көше қиылыстарының бойы ішек-қарыны шыққан, лай-батпақ. Тіпті, кейбір кейіпкерлер ана кітаптан мына кітапқа енбек болып, қайыршының күйін кешіп, тентіреп жүр. Оларды Кітап патшалығының сақшылары тәртіпке салмақ боп, азаптың түр-түрін көрсететін сияқты. 

              Бұны көріп шыдай алмай кеткен Нүкебай:

 – Неге сонша мұндағы халықтың халі мүшкіл? – деп сұрады жауынгерден.

 – Оның себебін әділ патшамыз ғана біледі, мен бұйрық орындаушы ғанамын, – деп дүңк етті анау.

                 Кейбір кітап кейіпкерлері әлгі бұлардың тамақ іздегені секілді бір кітаптан екінші кітапқа кіріп, тонаумен, ұрлықпен айналысып жүр. Хоббиттердің Дәкенді көргенде дүдәмал күй кешкендері де содан болса керек. Оқуға жарамсыз деп танылған тарихи кітап-үйлерді құлатып, орнына патшаға арналғандай бірнеше қабатты кітап сарайлар тұрғызылып жатқанын көрген балалар жауынгерден:

 – Мынау қымбат мұқабалы кітап сарайлар кім үшін салынып жатыр? – деп сұрады.

 – Бұл патшамыз бен оның бай министрлеріне мадақ келтіретін кітап-сарайлар, – деп жауап берді жауынгер. 

            Балалар «солай ма?» дегендей таң қалысып қалды. 

            Кейбір орталық көшелерде құлаған кітаптарды жасырып, бет жағын картонмен қаптап қойыпты. Патша кортеджі жүретін көше жолдары тақтайдай тегіс те, басқа қалтарыс көшелердің жолдары адам көргісіз. Кенет патша мен министрлері келіп қалса көз байлау үшін қолданылған тәсіл сияқты. Ол аздай екі көше сайын бір баланың ескерткіші көзге ұшырайды. 

–Мына бала кім? Неге сонша мүсіні көп? – деп сұраған балаларға Жауынгер:

–Бұл біздің патшамыз, – деп әр сөзін салмақтап жауап берді. Балалар көкейіндегі мың сұрақты қоя бергісі-ақ келді, алайда жауынгер тұшымды жауап бермесін білді ме, қоя салды. Ең қызығы – әрбір ескерткіштің қасына бір-бір күзетшінің тұрғаны. Осының барлығына куә болған үш бала мұндай әділетсіздікті көре тұра, жауынгердің өз-өзін соншалықты бейғам ұстайтынына қайран қалды. Кітап патшалығы күннен күнге құлдырап бара жатқаны соншалық, адамзаттың ой-қиялын құтқару қалайда қажет екенін бұлар іштей түсінеді. Егер мына ғажап кітаптардың орнын жаңа ғана өздері көргендей патшаға арналған ода, мадақ-мақтау мен өмірін насихаттау сияқты мазмұны арзан кітаптар басатын болса, рухани құлдырау сонда болатынын бала болса да сезеді. 

Оқылмай, күтім көрмей сарғайған, қоқысқа лақтырылғандай күйдегі кітап-ғимараттар кездескенде, үш баланың жандары жабырқау тартты.  Тағдыры аянышты кітаптарға жандары ашыды. 

             Осы кезде балалар «Ақық» қақпасына қайта келгендерін аңғарды. 

 – Шаһдат патшаға жолыға алдыңдар ма? – деп күлді баһадүр әбден шаршаған балалардың алдынан шығап. 

 –Бұл жол өзіңіз айтқандай жақын, жақын да болса алыс екен, жаяулап жете алмадық, – деді Дәкен. 

 – Ол сөзді мен емес, қазақтың қазыналы шешендері айтқан, – деді баһадүр, –ал сендер анау шатырдың ішіне кіріп тынығып алыңдар. Таң алдында үш басты айдаһар да оралады.

          Баһадүр жауынгерді жөніне жіберіп, өзі «Ақық «қақпасын күзетіп қалды. 

          Ертеңінде таң сыз бере балалар дабыл дыбысынан оянды. Далаға шыққан кезде «Ақық қақпасының» алдына қар жауып қалғанын көрді. Балалардың бойы тоңазып, қалтырап барады. 

 –Сәл шыдаңдар. Бұл қар емес, таңғы шық қой. Қазір күн көтерілгенде еріп кетеді, - деді бұларды қарсы алған баһадүр. Күншығыстан күн көтерілген сайын расымен де сызды ауа жылына бастады да, көзді ашып-жұмғанша қардың ізі де қалмады.  

                 Жауһар-жақұтпен көмкеріліп, ою-өрнекпен безендірілген қақпа алдына келген үш бала мен жауынгер көкке қарайлай айдаһарды күтті. Қара шыбындай құжынап алғашқыда өздерін қарсы алған қанатты әріптерді көздерімен іздейді. Аз уақыт ішінде оларға бауыр басып қалғандай. Таныс әріптер бұларды қақпа алдында: «Бір Аллаға сыйынып, кел, балалар, оқылық», - деген жазумен қарсы алды. Бұлар ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің өлеңін жатқа білетін, алайда осы кезге дейін мағынасына терең бойламаған екен. Өлең сырын енді түсінгендей. Әріптер енді тізіле қалып: «Сапар қалай болды, балақайлар?», - деп сұрады.  

 – Біз ойлағандай емес, - деп күрсінді Керім.

«Не болды, кітап кейіпкерлерінің жай-күйін көріп жабырқап қалдыңдар ма?»

Үшеуі бастарын изеді. 

«Жалғыз Нүкебайдың қиял-арманы жинақталған кітап тоналып жатқан жоқ. Жер бетінде Нүкебай сияқты қаншама бала кітапсыз күн кешіп,  компьютер мен телефондағы ойындардың тұтқынына айналған. Ересек тартып,  қызметке кіріскендері өмірдің мәнін ойланбастан принтерден күніне қажет емес сансыз парақтарды басып шығарып, сол әрекетін жылдар бойы мақсатсыз қайталай беретінін, бәлкім, өздерің ойланып, қорытынды шығарарсыңдар. Бұл патшалық та сендер келген әлемнің көшірмесі. Себебі, біздің патшалық кітап мекені болғанымен: кітап, негізінен, сендердің әлемдеріңде жазылады ғой. Соңғы кезде жақсы кітаптар жазылмай жатыр. Кітап оқуға деген қызығушылық та күрт кеміп кетті. Сондықтан да кітап патшалығында да қатты дағдарыс болып жатқаны рас. Оны өздерің көздеріңмен көрдіңдер». 

              Балалар «жағдай түсінікті» дегендей бастарын изеді. Сосын барып:

 – Біз тек өзімізге ғана емес, мына патшалыққа да пайдамыздың тигенін қалаймыз. Бірақ бұл кітап патшалығының қасында біз тозаңдай ғанамыз. Біздің қолымыздан не келеді? - деп Нүкебай дүдәмал пішінмен қанатты қаріптерге қарады. 

«Алыптардың барлығы бастапқыда өздеріңдей бала болған. Кішкентай жүректерде үлкен батылдық болмайды деп сендерге кім айтты?»

            Үш бала тағы ойланып қалды. 

            Осы кезде сонау аспаннан патшаға хат әкеткен үш басты айдаһар да көрінді. Ол борандатып, дауылдатып келіп, қос аяғымен жер тірей қонды да, қанатын жазып, тына қалды.  

 – Патша сендерді тез арада дәргейіне шақырып жатыр, - деді сонсоң гүрілдеп. Аузынан, танауынан шыққан от жалын айдаһардың қобалжулы екенін білдіргендей. Үшеуі бір-біріне қарасып, «енді қайтпек керек» деп тұрғанда, әріптер:

«Не де болса барып қайтыңдар!» деді. 

 – Жол алыс, қалай барамыз? – деп аңтарылды балалар.

«Жаяу емес, айдаһарға мінгесіп барасыңдар! Алдыда түрлі кедергілер кездесіп жатса, құлап қалмайтындай жайғасып отырып алыңдар. Біз де сендермен біргеміз». 

           Үш бала айдаһардың қанатына жармасып, тырбаңдап жатқанда, жануар еппен қанатын көтеріп, олардың үстіне мінуіне көмектесті. Жоғарыдан Кітап патшалығы алақандағыдай көрінеді екен. Әріптер қап-қара бұлттай құжынап, төменде ұшып жүр. «Ақық» қақпасынан өтсең, қол созым жерде тұрған Кітап сарайға ұзақ жүріп жете алмай қойғандарын естеріне алған Дәкен:

 – «Жақын, жақын да болса алыс» деп шешен бабамыз айтқан сөздің бір шешуі осы Кітап сарайы болса керек, – десті. – Бір күн жүріп, сол күйі жете алмадық қой, енді айдаһарға мініп бармақпыз.

 –  Дұрыс айтасың, сағым сияқты арбайды, бірақ жеткізбейді екен, - деді Нүкебай.

Осы кезде үш қарлығаш ұшып келіп, балалардың иығына қона қалды. Ә дегенде балалар иықтарына келіп қонған құстарды қызық көрді, ертегілер елінде жүргендері естеріне түсіп, алда әлі талай ғажайып болатынын ойлап, езу тартып қойды.

           Осы кезде әріптер төменде тізіле қалып: 

«Иықтарыңа қонып отырған –  сендердің бақыт құстарың. Олар қаншама уақыттан бері ешкімге жолаған емес. Кітап патшалығының аңыз кітабында – түбінде бұлардың үш батыл баланың иығына қонатыны туралы анық жазылған еді». 

 – Мәссаға-а-а-н! – деп балалар бір-біріне таңырқай қарасты. – Сол аңыздарда тағы не айтылған екен?

«Олардың зынданға тасталатыны туралы».

Бұны естігенде, балалардың қол-аяғы дірілдеп кетті.

«Алда не болатынын ойлап қайтесіңдер? Қиындық кездессе, қайла-тәсіл, ақыл-қиялдарыңды қару етіңдер. Біз әрқашан сендердің қастарыңнан табыламыз. Қамқор болатын достарың көп. Қам жемеңдер!»

             Осылай деген әріптер алып жануардың қанаты астындағы қоржын ішіне кіріп жайғасты.

             Өз әлемдерінде бұлардың таңғажайып саяхатынан ешкімнің хабары жоқ үш бала қауіпті де,  жауапты үлкен сапарға аттанып кетті. Иықтарына қонған кішкентай қарлығаштар да олармен бірге тәуекелге бет қойғандай, мығым отыр. Айдаһардың арқасына жайғасқан балалар қиындығы да, қызығы да мол жаңа оқиғаларға қарай асығып, ақшулан бұлттардың арасына сіңіп кетті. 

 

                                                     II тарау. Зындан

 

               Айдаһарға мінгескен күйі бір күн, бір түн ұшқан бұл сапар кішкентай саяхатшыларға оңайға соққан жоқ. Балалар ұзақ жолдан зеріккенде, бар бітіретіндері төменге көз тастап, тарыдай боп көрінетін кітап патшалығы тұрғындарының тіршілігін қызықтайды. Әлгі алып кітап-үйлер де биіктен қарағанда параққа түскен ноқаттай ғана екен. «Биіктен қарасаң тіршілік иелері құм түйіршігіндей ғана» екен-ау деп ойға шомды. Әрбір жан иесінің өз бақ-соры, сан қилы тағдыры бар. Біздің кейіпкерлерімізді де алда не күтіп тұрғаны әзір белгісіз еді.

                Соңғы күні балалар ұзақ жолдан әбден шаршаған еді. Дәкен: «ішім ауырды», - деп қыңқылдаса, Керім: «биіктен басым айналды», - деп мазасы кетті. Әйтсе де төзімділік танытып, ақыры патша сарайына да жетті-ау. Айдаһар жерге қонған соң, бұлар оның қанатынан сырғанап-сырғанап түсті. Алып жануар «осымен менің жұмысым бітті» дегендей, өзінің үйреншікті тұрағына беттеді. Ол жерде алыс сапардан шаршап келген айдаһардың үш басына арнап үш астауға салынған ас-суы дайын тұрған-ды.  

          Айдаһарға қарап тұрған  Нүкебай Дәкенге: 

 – Қалай ойлайсың, үш бастың біреуі ғана тамақ жесе, айдаһар тояды ма? – деді.

 – Кім біледі, асқазаны жалғыз болса тояды, екі-үшеу болса аш қалуы мүмкін.  

               Бұл кезде әріптер де қара түтіндей бұрқырап қоржын ішінен шығып жатқан. Ұзақ жол соғып, мең-зең болған күйі ызыңдап, естерін жиғанша бір орындарында ұйлығып тұрып қалды. Бір кезде естерін жинап, үш саяхатшының қасына да жетті. Балалар болса, алда өздерін не күтіп тұрғанын ойлап, қобалжығандарын жасыра алмады. Патша сарайына кіре бергенде күзетшілер бұлардың жолын кес-кестеді. Тексере келе артық еш нәрсе таппаған күзетшілер балалардың иықтарына қонған қарлығаштарға «ішке кіруге рұқсат жоқ!» деген. Қарлығаштар амалсыз, сарай алдындағы сәмбі талға қонып, балаларды осы маңайда күтетін болды.     

                Ұшатын әріптерге кітап патшалығының басты таңба белгісі ретінде қайда барса да есік ашық еді. Үш бала сарай ішіне кіріп келгенде – қазына-байлыққа тап келді. Жарқ-жұрқ еткен сарайдың ішкі қақпалары,  қабырғалары жақұт тастармен безендіріліпті. Үш дос мұндағы салтанатты Кітап патшалығы сапарында көрген мүшкіл жағдайлармен салыстырып, бір күрсініп қойды. Алдарынан шығып бұларды қарсы алған уәзір кітап патшалығында тұрса да, кітап оқымайтын тоңмойын екені бірден байқалды. Ол астамсып, асқақ сөйлеп, ә дегеннен өзінің дымсезбес надан екенін білдіріп қойды. Оның қасындағы министрлері де бұларға паңдана қарап, ә дегеннен менсінбеді. Келген қонақты кішіпейілділікпен қарсы алу ойларына да кіріп-шыққан жоқ. Балаларды патша алдына алып барған бас кеңесшісі тақ алдына келгенде мүләйім күйге түсіп, мүлдем басқа кейіпке ене қалды. Біреуі патшаға жағынып, қол-аяғын уқалап, шырын-шарабын әперіп, әбігерленіп жатқан кезде, енді біреуі оның құлағына әлдене деп сыбырлап жатыр еді. Осыдан кейін патша қолын көтеріп ишарат жасады. Сарай іші шыбынның ызыңы ғана білінердей тым-тырыс бола қалды. Осы кезде балалардың байқағаны, Шаһдат патша өздері күткендей ата сақалы аузына түскен ақсақал емес, әлі ана сүті аузынан кеппеген өздеріндей бала екен. Тіпті түрі Нүкебайға келетіндей.

 – Бұл жерге неге келдіңдер? - деді бала патша өз бойына тән емес зор дауысымен ақырып. – Менің патшалығыма келгендегі мақсаттарың не? 

Жоғарыдағы тақ үстінен төменге көз тастады.  Осы кезде:

«О мәртебелі патша ағзам! - деп тізіле қалды әріптер. – Балалардың алдыңызға келуінің бірден бір себебі, мына тұрған Нүкебай Бақытбекұлы деген баланың қиял-арманы жинақталған «Арман кітабы» екі әлемді түйістіретін кітапхананың құпия қоймасынан ізім-ғайым жоғалыпты. Соны іздеп келіп отыр». 

 – Жоғалса, тауып бермейсіңдер ме? Сол үшін мені мазалағандарың не? Әлде мені ерігіп отыр деп ойлайсыңдар ма?

 «Жо-жоқ, біз олай демедік, мәртебелім! Тек сол жоғалған кітапты табу бізге қиынға соғып тұрғаны. Баршаңызға мәлім, біздің патшалықтың қаншама жылдан бері виртуалды әлем патшалығына жер телімі сатылып, оның үстіне оларға салық та төлеп келе жатырмыз. Бұл солардың қолынан келген іс деп ойлаймыз».

 – Ей, құжынақ көп әріп, патшаға қалай-қалай сөйлейтін болғансың? Қараңды батырайын ба! - деп патшаның оң жағында тұрған бас қолбасшы оларға қылышын ала ұмтылмақ еді, патша оны белгі беріп тоқтатты.  

 – Бір баланың қиял-арманы жоғалды екен деп, виртуалды әлеммен қанша жылдан бергі татулық келісімшартын бұз демексің бе?

 «Жалғыз бұл баланың ғана емес, ол жақта сан мыңдаған адамдардың арман кітаптары тоналып жатыр. Бірақ бұлар бірінші болып іздеп келгендер. Қаншама жылдан бергі тоналудан соң ол әлемде қазір кітап оқитын адам қалмай барады. Кітап оқымаған адамдар дүние-байлықтың құлы болып, кеңсе мен үй арасында робот құсап із салып жүрген зомбиға айналғаны рас. Есесіне кеңселерде күніне жасалатын есеп-қисап анықтамалары том-том кітаптарға айналуда. Бұлай жалғаса берсе, патшалықтағы көркем кітаптар жойылып, олардың орнын нәрі мен дәмі жоқ мемуарлар баспай ма?»  

           Осы жерде Нүкебай сөзге араласты.

 –Сөз бөлгеніме кешірім өтінем, жоғары мәртебелі патша. Мен «Арман кітабын» жоғалтқан көп баланың бірімін. Енді менің болашағым не болмақ? Арман-қиялсыз мен қандай адам болып өсемін? Өнертапқыш немесе ғалым бола аламын ба? Арман-қиялсыз әлем дағдарысқа ұшырап, құлдырамай ма? Тағы бір айтарым... сіздің патшалықтың тұрғындарының да халі мүшкіл екен. Біздің әлемде танымал деген кітаптардың тозығы жетіп, кейіпкерлері жалбырап, жыртылған парақтар мен мұқабалар арасында сенделіп жүр. Ол кітапты бүтіндеп, жаңадан басып шығару керегі анық. Олардың бар үміті – бір өзіңізсіз, аса мәртебелім. Егер кітаптар жаңартылмаса, бейшара кейіпкерлері күннен күнге жойылып, жоғалып кетуі ғажап емес. 

 – Тағы айтарың бар ма? Ештемені жасырып қалмай, ойыңды бүкпесіз айт! – деді Шаһдат патша. 

Нүкебай батылданып:

 – Патша деген атыңыз бар, солардың қамын ойласаңыз не етті? Тек көзбояушылық қылып, азып-тозған мұқабалардың бет жағына уақытша картон жапсырып, сіз жүретін жолдарды ғана жөндеп, тазалап қоятын жандайшаптарыңызға қалай сеніп жүрсіз? – деп, көзімен көргенін  жайып салды.

        Бар шындықты патшаның бетіне айтқан ағасының қайсарлығына іштей сүйсінген Керім министрлер мен қолбасшыны жанарымен шолып шығып еді, олардың көздеріне үрей ұялағанын байқады. Кітап патшалығын билегелі ащы шындықты естімеген патшаға бұл сөз айтылған кезде әлгілер өздеріне дүре соғып жатқандай қиналып, терлеп-тепшіп кетті.

          Қолбасшы мен сақшылар енді патшаның: «Мына баланың басын ал!» деген бұйрығын күтіп, қылыштарын қындарынан суырып алуға сақадай сай тұр еді. Бірақ патша асығар емес. Сарай ішін ауыр үнсіздік басты. Ұшатын әріптердің арасында  бұзықтау деген «Ү» әрпі ғана әркімнің мұрын ұшына барып бір ызыңдап, тыныштықты бұзып жүр. Біресе біреудің үстіне қонып, ол қуып тастаса басқасына ұшып барып, маза берер емес. Алаңғасарлау «Ө» әрпі бір кезде «Ү» әрпін қуалап кетті. Сарай ішіндегілердің назары енді еріксіз соларға ауған. «Ө» әрпі мен «Ү» әрпі бір-бірін олай бір, бұлай бір қуалайды. «Ә», «Ү», «Ұ», «Қ» әріптері бауырларына «тыныштықты бұзба» деп, қастарына қайтарып алмақ еді, қолбасшы тұрып:

 – Мәртебелі патшаның ойын бұзған мына әріптердің көзін жою керек! – деп күшенді.

       Сол-ақ екен, дайын тұрған бір топ сарбаз тәртіп бұзған әріптерді көбелек аулайтын аумен ауламақ болып, лап қойды. Әріптер болса қайда бой тасаларын білмей, Дәкеннің жейдесінің ішіне кіріп кетті. Қытығы келген Дәкен әріптер жыбырлатқан денесін ырыққа көндіре алмай, шек-сілесі қатып жерде домалап қалды. Бір кезде әріптер Дәкеннің күртесінің ішкі қалтасын тауып, сол жерге жайғасты да, тыныштала қалды. Сарбаздар сыртқы әлемнен келген балалардың еркіндігіне таң қалып, аңқиып тұрып қалған. Бір жағынан басқа әлемнен келген балаға қолдарын тигізуге батпады. Осы кезде Дәкен тұрып:

        – Шынымен, қанатты әріптердің көзін құрту керек деп ойлайсыңдар ма? Бұл әріптер жойылса тұтас бір тілге қиянат жасалған болып саналмай ма? – деді. 

            Нүкебай оның сөзін қостап:

 –Досым, дұрыс айтады, бұл әріптерге тиісуге болмайды! – деді.

 – Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін мен шешемін, себебі, бұл жерде мен патшамын! – деген патша кенет тағынан тұрды да, бұлардың қасына келді. Ол үш баланың қасына жеке-жеке тоқтап, көздеріне үңіліп қарады. Біздің батырлар болса, патшаның түрі өздері сияқты бала болған соң, бойларына батылдық кіріп, өздерін тым еркін ұстады. Нүкебайдың қасына келгенде, екеуінің шынымен ұқсайтындары енді анық көрінді. «Мұнда не сыр бар?» - деп Дәкен терең ойға батқанда бала патша көзіне жылылық ұялап, Нүкебайға қарады:

 – Сен ержүрек бала екенсің! Бірақ патшаға қарсы шығатын батыл жандардың өмірі қысқа болатынын да жақсы білуің керек. Десе де, мен саған «қиял кітабыңды» табуға мүмкіндік беремін, - деді. 

           Патша қызметкерлері оның ұйғарымын түсінбей, бастары салбырап төмен қарады. Олар өз патшалықтарының тыныштығын бұзған балалардың жазалануын іштей тілеп тұрған еді.

 – Бірақ менің бір шартым бар, ержүрек балақай! – деді. –  Мен көптен бері ойын-қызыққа батпаған едім. Соның сәті келіп тұрған тәрізді. Менің қалауым мынау: сен бала айдаһарға мініп жеті қат аспанға ұшуың керек. Межелі жерге  жеткенде айдаһар сені жерге тастап жібереді... Тірі қалсаң, қиял кітабыңды табуға жол көрсетем. Тірі қалмасаң, дәм-тұзыңның таусылғаны, - деді патша алда болатын қызыққа аңсары ауып, алақанын уқалап. Қызыққұмар қызметкерлері де жан-жақтан: «дұрыс», «сазайын беру керек» деп шулап, жамыраса бастады. 

 – Үкім дәл бүгін түскі астан соң жүзеге асырылады. Бұны көруге бүкіл шаһар жұртшылығы мен патша әкімшілігі келуі керек, - деп хабарлады уәзір.  

            Патша орнынан тұрғанда, бәрі кері ығыса бастады. Нүкебайды бірнеше сарбаз ұстап алды да қолын артына қайырып, бұрыштағы бір есікке қарай алып кетті. Көзі жәутеңдеп, жылап жіберуге шақ қалып тұрған Керімді иығынан құшақтаған Дәкен:

 – Қорықпа, бәрі жақсы болады, - деп басу айтты. Сосын терең ойланып:

 – Бізге тиіспей, тек Нүкебайды ғана алып кетулерінде бір сыр бар сияқты, бұл қалай? - деп ойланып қалды.  

 – Мыналар бізді жайымызға қалдырып, өздері тарап кетті. Нүкебайды да темір есіктен асырып қайда әкеткені белгісіз. Енді не істейміз, Дәкен? Маған үйге ағамсыз жалғыз қайтуға болмайды! – деп жылап жіберді Керім.

 – Біз үйге бәріміз бірге ораламыз, сөз беремін, – деді Дәкен. – Қазір Нүкебайды қайда әкеткендерін білуге тырысайық. 

 – Кімнен білеміз?

 – Қажет болғанда қабырғалардың өзіне тіл бітеді, кеттік!

        Екі бала қол ұстасып, қақпаға қарай жүгіре жөнелді. 

                                                            ***

        Зындан – тас қараңғы. Күлімсі иіс, қоңырсыған ауа. Қол созым жердің өзі көрінетін емес. Нүкебай тың тыңдай қалып еді, бұрышта әлдекім дем алып жатқандай болды. Қараңғыға көзі үйренген кезде әлгі жерде ақ сақалды қарияның жатқанын көрді. Қабырғаның саңылауынан түскен аз ғана сәуле күңгірт зындан ішіне әлсіз жарық беріп тұр. Қария бір қырымен бұған қарап жатыр екен. Сақал-мұрты мен шашы аппақ қудай. Үстіндегі киген киімі ескі, шоқпыт бірдеңе. Зынданда көп уақыт өткізсе керек, шапанының тоз-тозы шығыпты. Нүкебай қаусаған қарияны көргенде жаны ашып кетті. «Басқа-басқа, бұл патшалықта қарттар мен балалар да жапа шегеді екен-ау, – деп ойлады бала. – Бұл қария не бүлдірді екен, әлде бір кітап ішіндегі патшаға қарсы шыққан бақытсыз кейіпкер болды ма? Бейғам жатқан жатысын қарашы, ал менің бірер сағаттан соң өлім құшатыным, немесе тірі қалатыным белгісіз», – деп Нүкебай ойға беріліп тұрғанда, қарияға тіл бітті:

 – Қарағым, жортқанда жолың болсын! 

 – Әлей болсын! 

 – Өзімнің бірнеше ғасырлық тәжірибеме салып қарасам, сенің бүгін өлім құшатыныңа сенбей тұрмын. 

 – Мен әлгі ойымды дауыстап айттым ба? – деп Нүкебай қарияның сөзіне таңырқап қалды. 

 – Адамдардың ойын оқи алатын қабілетім бар еді, – деді қарт байыппен ғана. 

 – Қайдан білесіз, Қыдырсыз ба, бақсысыз ба? 

 – Жәй ғана бір бейбақпын. Мені жұрт Өмірзая деп атайды.

 – Сонда өмір сүруге берілген уақытты зая кеткен уақыт деп есептейсіз бе?

– Өзің ақылды бала екенсің, берілген ғұмырды текке өткізу, міне – зая кеткен уақыт!

 – Бұл жерде не үшін жатырсыз?

 – Бұл қапаста мен жатпасам, орныма басқа біреу жатар еді, сондықтан мұнда тұрған ештеме жоқ...  

 – Философияңыз қызық екен.

 – Әй балам, менсіз де өмірдің қам-қарекеті жетіп артылады. Бармын ба, жоқпын ба, соншама маңызды емес, таң атып, іңір түсе береді... Сол үшін мені жұрт Өмірзая деп атайды.

 – Кім өлсе де таң атып, кеш бата береді демексіз ғой, – деп ойланып қалды Нүкебай. – Егер ерте ме, кеш пе, адам өліп қалатын болса, өмір сүрудің нендей мағынасы бар?

 – Өмірге келдің екен, маңыздысы – мағыналы өмір сүру, уақытты бос өткізбеу. Сен өміріңде біреуге жақсылық жасадың ба? Кімге нендей жақсылық жасап, қандай биікті бағындыра алдың, мәселе сонда, балақай.

 – Сіз мен туралы ештеме білмейсіз ғой, ата?

 – Дұрыс айтасың, дәл сенің өзің туралы ештеме білмейтінің секілді... 

 – Ата, мен сізді түсіне алатын емеспін. 

 – Бойыңда жасырынып жатқан қабілеттеріңді ақиқат жолында құрбан еткеніңде ғана өмірің мәнге ие. Ал басқа жағдайда олар сенің арыңның тікенектері болып өсіп, жаныңа қайта-қайта батып мазаңды қашыратын болады.  

 – Жасырын қабілеттерім барын қайдан білемін, ата?

 – Ол қысылтаяң сәтте өз әрекеттеріңнен көрінеді, балам. Тек ақылың серік болсын!

          Нүкебай ойланып қалды. Оған мына дариядай терең, асқардай биік қарияның жанында әңгіме-дүкен құрып отыру патша қабылдауынан мың есе артық көрінді. Тар қапас салтанатты сарайдан да жарық сияқты болып кетті. Ол үнсіз ғана қарияның аузынан төгілген сөз маржандарын теріп отырып, уақыттың қалай өткенін білмей қалды. Бір кезде қария төс қалтасынан әлдебір түйіншекті алып шығып, орауын жазды да:

 – Бұл тұмар, балам. Сені қорғайтын, қатерден сақтайтын еш қасиеті жоқ. Күштің бәрі адамның өз жүрегінде. Соны ұмытпағайсың. Бұл тұмар –  жүрегіңнің қызметшісі болсын. Қандай да бір қиындыққа тап болсаң, жәй ғана осы тұмарды жүрегіңе тақап, қысып ұста да мен айтқан сөздерді есіңе ал. Жортқанда жолың болсын! – деп қария Нүкебайдың мойнына тұмарды тағып, ақ батасын берді.

 – Рақмет, ата.  – Әдемі тұмарды қызықтап, аударып-төңкеріп қарады. Сосын: 

 – Ата, тағы бір сұрағым бар, сіз бұл жерге қалай тап болдыңыз?

 – Өзім келдім. 

 – Қалай? Мына зынданға ма? – деп, Нүкебай қартқа таңдана қарады.

 – Енді ше? Сыртта болып жатқан әділетсіздіктерді көріп тұрып, ештеме істей алмайтын өз әлсіздігіңнің тұтқыны болғанша, осы жер жақсы. Ал сыртта не бар? Толған бүлік, азғындық пен надандық. Дәурені өткен Кітап патшалығы кейіпкерлерінің аш-жалаңаш күйі жаныңды ауыртады. Патшалық билеушілері өздерінің қара бастарын ғана күйттеп, мына кітап қалашықтарының ертеңін ойлаудан қалды. Сәл болмаса соғыс оты да тұтануға жақын. Виртуалды әлем Кітап патшалығын біртіндеп жаулап келеді. Жауланған жерлерге ие болған оларға  өз жеріміз үшін салық төлеп отырмыз. Осы ақылға сиятын нәрсе ме? Ал сол виртуалды әлемнің пайда болғаны кеше ғана емес пе еді? Ол да адамзат миының өнімі. Десе де, жүйрік технология мен компьютерлік жылдамдық өз дегенін жасамай қоймайды екен. Оларға қарапайым кітап әлемі ілесе алсын ба? Ғылым мен техниканың тілін меңгеріп алғандар енді соны руханияттың нәзік жаратылысына қарсы пайдаланып отыр. О баста бұл есептік технологияны ойлап тапқандар да кітаптан нәр алған еді ғой? Енді, міне,  өздері су ішкен құдыққа түкіріп, қаныпезер роботтарын кітап патшалығын күйретуге жіберіп, тажалдай жалмап келеді. Олармен ымыраласқан би, уәзірлер патшаның миын улап, теріс ақпарат беріп, дегенін білдіртпей істетіп отыр. Бай-манаптар соларға жағымпазданып, жалтақтап, байлығымызға тиіспесе болғаны деп қана қарын қамымен жүр. Кітап патшалығын, тіпті патшасын да уәзірлер мен кеңесшілер тырп еткізбейді.  Балам, қазір өзіңді көріп, бойымда болашаққа деген үміт пайда болды. Адамдар әлемінен келіп, мынау әділетсіз тірлігімізге араласқандарың қандай жақсы болды. Не де болса осының қайыры болғай! 

 – Иә, менің «қиял кітабым» жоғалғалы бері компьютер әлемі тартып, геймер болып кеткенім рас. Алайда достарымның арқасында көзім ашылып, бір  соқыр үміттің жетегінде келдім. Көріп тұрғаныңыздай, зынданда жатырмын. Келесі сәтте өлім құшам ба, өмір сүрем бе – тағдырым белгісіз. Дегенмен, берген тұмарыңызды ақ батаңыз деп қабылдадым, аман болыңыз, ата! 

         Осы кезде патша сақшылары да темір есікті ашып, кіріп келді. Олар Нүкебайды алдарына салып әкетіп бара жатқанда, Өмірзая қария:

 – Үмітім қайта жанды, енді мен өмірге қайта тірілдім, балам! – деп саңқ етті. 

                                                               ***

              Түс ауа шаһар жұртшылығы алаңға тегіс жиналды. Иін тірескен көпшіліктің арасынан әрең өтіп, Дәкен мен Керім бас алаң жаққа әрең жол салып келеді. Діттеген жерге жеткенде, осындай «ойын» үшін арнайы үйретілген қара жалды айдаһар көздеріне шалынды. Оның үш басы болмағанымен, түрі әсте сұсты, апандай аузынан жалын шашып, аяғымен жер тарпып тұр еді. Атшаптырым алаңның төріндегі мінберге патша мен оның әкімшілігі жайғасыпты. Олар алдағы болатын қызыққа естері кетіп, бір-бірімен бәс тігісіп әбігер. 

              Осы кезде қақпа ашылып,  патша сақшылары Нүкебайды алдарына салып әкеле жатты. Керім ағасына қарай жүгірмекші еді, көпшілік пен алаң ортасына тұтылған темір тор оған мүмкіндік бермеді. Нүкебай аса сабырлы көрінді. Өмірзая қартпен кеңесіп шыққан оның бойына беймәлім күш дарығандай. Ол өзінің надандық ойынының бір бөлшегіне айналғанына налыса да, «ақылыңды серік ет» деген қарттың сөзін бір сәт ойынан шығармады. Тұмарды жүрек тұсына басқан сайын, бойы қорқыныш, үрейден арыла түскендей. Ол тордың арғы жағында өзінен көздерін алмай қарап тұрғандарды шолып тұрып, арасынан Дәкен мен Керімді байқады. Көздері мен көздері түйісіп, бір-бірлерін үнсіз ұққандай. Кенет Дәкендер жақтан өзіне қарай заулап келе жатқан әріптерді көрді. 

          «Бұл сыннан мүдірмей өтудің жолы бар, оның құпия кілті сенің жүрегіңде», – деген жазуды оқып, Нүкебай басын изеді.  

              Осы кезде қара жалды айдаһардың қанаты ақырын жайыла беріп, бір ұшы мұның дәл алдына келді. Нүкебай баспалдақпен жоғары көтерілгендей құбыжықтың үстіне шыға берді. Ол үшін бәрібір шегінер жол жоқ еді. «Не де болса, тәуекел» деп, ендігісін тағдыр жазуынан көріп алмақ болып бекінді. Соңғы минутта бойы бір сәт мұздап қоя берген. Аяғына  қорғасын байлап алғандай, адымын зорға ашып, әрең дегенде айдаһардың арқасына отырды. Шама шарқынша, ыңғайланып отырғаны сол еді, айдаһар да қанатын қағып қалып, бірден көкке қарай ұмтылды. Құдды ұшу жолынан көтерілген ұшақ сынды гуілдейді. Көзді ашып-жұмғанша бұлттарды асып бара жатты. Төменге көз тіккенде төмендегі құжынаған көпшілік алдымен құмырысқадай ғана болып көрінді де, біраздан кейін сірескен бұлттан көрінбей кетті. «Аз уақытта бауыр басқан қарлығаштарым қайда екен, бақыт құсы деп еді, мені тастап кеткені ме?» деген ой жылт еткенде, баланың көңіл-күйі түсіп кетті. Айдаһар заңғар көкке құлаш жайған сайын бойын ызғар, суық қарып барады. Үстіндегі киімі дәтке қуат болмай қалды. Айдаһардың жалына жармасып, қарысып қалған қолдары қызарып, домбығып кетті. «Соңына дейін шыдаймын. Шыдап бағам», - деп өз-өзін қайрап келеді. Осы кезде айдаһар төңкеріліп түскендей күрт қимыл жасады да, мамықтай жеңіл балақай оның үстінен ауып қалды. Бір уақ есін жиғанда жерге қарай зуылдап, құлап келеді екен. Дем жетпей, тұншығып, ауа қармайды. Денесіне инедей қадалған мыңдаған мұз түйіршіктері оның бойындағы соңғы күш-қайратын біржола алып кеткендей. «Біткен жерім осы болды-ау» деп көзін бір ашқанда өзімен бір деңгейде төмен құлдырап келе жатқан қара жал айдаһардың көзімен көзі түйісті. Айдаһар арандай аузын ашып, көмейінен шыққан ыстық жалыны баланы өзіне тарта берді. Осы сәтте Нүкебайдан әл-дәрмен кетіп, есінен танып қалды. 

           Нүкебай төбесі де, едені де, қабырғалары да аппақ бір белгісіз бөлме ішінде оянды. Айналасында қарлығашы ғана ұшып-қонып, мұның аузына қанатымен су тамызып жүр екен. Нүкебай өз-өзіне келген соң, орнынан тұрды. Айналасына көз жүгіртіп шығып еді, ештеменің мәнісін түсінбей, таң-тамаша қалды. Осы кезде қайдан пайда бола кеткені белгісіз, сонадайдан сұр шекпен жамылған біреудің қарасы көрінді. Ол балаға тым тақау келмей, сонадай жерден тоқтады да, басындағы жамылғысын шешті. Нүкебай таңданысын жасыра алмай, айқайлап жіберген. 

              Оның алдында ергежейлі апай тұр еді.

 – Ойындарың осылғыр жүгермектер! Бізді де, өздеріңді де қиындыққа тап қылғандарыңды түсінесіңдер ме? Мұндай жүгенсіздік құпия кітапхана тарихында ешқашан болмаған. Адамдар мен кейіпкерлер бір-бірінің әлеміне ешқашан баса-көктеп кірмеген. Сендер сол бұлжымас заңдылықты бұздыңдар. Енді екі әлемде хаос басталады! Хаос! – деп ергежейлі апай сүйкімсіз дауысымен шаңқылдай бастады.

              Нүкебай кінәсын мойындап, басы салбырап кетті. 

 – Қазір сенің өмірің қыл үстінде тұр, байғұс бала. Үш сұрағыма жауап бересің. Жұмбақтың жауабын таба алмасаң, өз обалың өзіңе, - деп сұрқия күлкісімен кеңістікті жаңғыртып жіберді. Бірінші жұмбағым:

 – Сен патшаға қарсы шыққаныңа қарамастан, жоғары мәртебелім саған осы сыннан аман қалған жағдайда «қиял кітабыңды» табуға мүмкіндік беремін» деп уәде берді. Қазір сенің өз өмірің өз қолыңда тұр. Бұл сынақтан аман шығу үшін саған қандай қасиетің көмекке келеді?

             Нүкебайдың ойы сан саққа жүгіріп кетті. «Адам қасиеттері бойында жасырынып жатады» деген Өмірзая қарттың сөзі ойына оралды. «Ондай қабілет әрекет үстінде көрінеді» деген. Ал енді патшаға келсек, ол не деп еді... «Патшаға қарсы шығатын батыл жандардың өмірі қысқа болады» демеді ме? Мен оған қарсы шықтым, сондықтан өмірім қыл үстінде тұр. «Сен өзің ержүрек бала екенсің...» дегені тағы бар, демек...

 – Уақыт бітті! – деп шаңқ етті ергежейлі. 

– Оның жауабы... батылдық! –деп саңқ етті аз кідіріп қалған Нүкебай.

             Ергежейлінің түрі әлем-тапырық өзгеріп, шекпенін қағып жіберіп еді жын ұрғандай ерсілі-қарсылы зуылдап ұша жөнелді. Бір кезде тоқтай қалып, сабырлы кейіпке енді де, манағы тұрған жеріне келіп: 

 –Жауап дұрыс! – деді. – Енді келесі кезеңге келейік: батылдық сын сағатта қажет қасиет делік. Дегенмен, эпостарда: «батыр аңғал келеді» деген идея бар. Ерен күш иесі Алпамыс мыстан кемпірдің арбауына түсіп, жеті жылын зынданда өткізді емес пе!? Сен оны білесің бе, Нүкебай? Бір кітаптың бетін ашпасаң, оны қайдан білмекшісің? - деп мыстан кейіпті ергежейлі қарқ-қарқ күлді. – Келесі сұрақ мынандай: қара күш алдау, арбауға тұтылмас үшін оған дұрыс бағдар нұсқаушы адам қасиеті қандай?

              Нүкебай тағы ой түкпірлерін аралап кетті. Ол қайта-қайта Өмірзая қартпен кеңесу сәтін есіне алып, әр сөзін еске түсіруге тырысты. «Қысылтаяң сәтте адам бойына батылдық келеді», - деп еді-ау. Оған қоса, «ақылыңды серік қыл» демеп пе еді? Нүкебай кенет жерден жеті қоян тапқандай қуанып кетті: 

 – Аңғал батырды жарға жықпайтын қасиет – ақыл! Батыл адам ақылды серік етуі керек! – деп жүзі бал-бұл жанды. – Дұрыс жауабы – ақыл!

              Ергежейлі оның жауабын естіп, енді бұрынғысына қарағанда салмақтырақ көрінді. Жүзіне өзіне тән емес сүйкімділік ұялап:

 – Жауап дұрыс, балақай! – деді ақырын ғана. – Соңғы сұраққа дайынсың ба?

 – Дайынмын!

–Ендеше тыңда: Ой-қиялсыз адамның болашаққа құлшынысы болмайды, ондай адам мәңгүртше зәңгіп күн кешпек. Ғұмырын кітап оқуға арнап, білімді болу да аз. Адамзатты алға жетелейтін күш генераторын атай алсаң, осы жерден тірі шығасың!

          Бұл сұраққа Нүкебай әдеттегіден ұзағырақ ойланды. «Осындайда ақыл айтатын әріптердің жоғын қарашы!» деп өкінді. Осы кезде әріптердің соңғы сәтте: «Бұл сыннан мүдірмей өтудің жолы бар, оның құпия кілті сенің жүрегіңде» дегені есіне сап ете қалды. «Ойбай-ау, Өмірзая атай не деп еді? «Жақсылық жасамасаң – өмір зая кеткені» демеп пе еді? Ал жақсылықты жүрегі жұмсақ адам жасайды. Қарт: «Күш – жүректе!» деген! Демек...

 – Таптым! – деп айқай салды Нүкебай. – Мұның дұрыс жауабы – жүрек!

         Нүкебайдың жауабын естіген ергежейлінің екі көзі шарасынан шыға, түрі өзгеріп, бетінің еті дірілдеп кетті.  

 – Әй, Нүкебай, сыннан мүдірмей өттің! Бірақ біліп қой, біз әлі кездесеміз! - деп қарқ-қарқ күлді. – Қара кітап сақшыларының достарыңа әлі келмесе де, сен олардың уысындасың! Неге екенін білесің бе? Себебі, сендей кітап оқымайтын балада ой-арман жоқ! Ой-армансыз адам мәңгүрттің күнін кешпек!

            Осыны айтып, зым-зия жоқ болып кетті. Нүкебай «ух» теп терең дем алған. Манадан бері әлдеқайда жоғалып кеткен қарлығашы кенеттен пайда болып, мұның иығына қонды. Қанатын қағып-қағып жіберіп, қуанышын білдірген. Құйтымдай қарлығашы «соңымнан ер» деген белгі беріп, әппақ лабиринт ішінен жол көрсетіп ұша жөнелді. Біраз жүргеннен кейін Нүкебайды бір есіктің тұсына алып келген. Әлгі есіктен шыға келген Нүкебай бірден алаңға тап бола кетті. Оның қақпадан аман кіргенін көрген шаһар жұртшылығы у-шу болып, қошемет көрсетіп жатты. Дәкен мен Керім жанына жүгіріп келіп құшақтап жатыр. Ал қара жал айдаһар болса, дәл қасында таудай болып төніп тұр еді. Нүкебайға барынша риза сияқты. Қол шапалақтап, ысқырып жатқан халықтың қуанышымен көңілі көтерілген балалар патшаның алдына келіп бір-ақ тоқтады. Патша бет-әлпетінен ештеме білдіртпей, пұттай қатып отыр. Ал қасындағы нөкерлерінің көңілдері түсіп, меселі қайтып қалғандай. Жылтырақ қанатты әріптер болса, қуаныштарын жасыра алмай:  «Жарайсың, Нүкебай!» деп жазды. Осы кезде Шаһдат патша орнынан тұрып:  

 – Мен саған уәде бергендей, «қиял кітабыңды» табуға көмектесемін, балақай! Бірақ бұл оңай шаруа емес. Мұнымен сын аяқталған жоқ. Әлі біраз терлеуіңе тура келеді! – деді.

             Патша осылай соңғы сөзін айтқан соң, әріптерге қарап, қабағын тарс түйіп: «Орындарыңа барып, тырп етуші болмаңдар!» деген белгі берді. Сосын басын асқақ көтеріп: «сөз осымен тәмам» дегендей бұрылды да, соңынан нөкерлерін ертіп шығып кетті. 

             Патша кеткеннен кейін сақшыларын артынан шұбыртып Нүкебайдың қасына келген бас қолбасшы:

  – Зынданда жатқан қарт әулиемен ауыз жаласқаның белгілі болды, балақай. Оның көмегі болмағанда айдаһардың аранынан аман қайтпас едің, - деп, көзін сығырайтып, бұған тесіле қарады. Сосын Нүкебайдың мойнындағы тұмарға көзі түсіп, қабағын қарс түйді де, былғары бауын үзе-мүзе жұлып алды:

 – Енді сендерге ешқандай сиқыр көмектеспейді, өз күштеріңмен жол тапқандарың дұрыс! – деп, жөніне жүре берді. 

            Нүкебай мен достары оны көзімен ұзатып салған соң, бірін-бірі аман-есен көргеніне қуанып, құшақтаса берді. 

 –  Нүкебай, қалай болды, досым, сен үшін қатты қорықтық қой! – деді Дәкен оны иығынан сілкіп.

 – Ол ұзақ әңгіме, жүріңдер бұл жерден кетейік! –деді Нүкебай.

           Үш бала көпшілік арасынан жылыстап, шыға берді. 

                                                          ***

 – Қалайша? Бұл мүмкін емес! – деді Дәкен мен Керім аң-таң қалып. – Ергежейлі апайдың сонда кім болғаны? Бізге жау ма, дос па?

 – Айтып отырған сөзімнің бір өтірігі жоқ, - деді Нүкебай. – Сендерден бөліп, мені жалғыз алып кеткендері де сол, кітап патшалығында ой-қиялын жоғалтқан мендей балаға олардың әлдері келеді де, сендердей «оқымыстыларға» ештеме істей алмайтын сияқты. Маған ергежейлі апай қайтып келетіндей көрінеді. Өйткені ол: «Біз әлі кездесеміз, Нүкебай!» деп анық айтты. 

 – Не дегенмен, бұл жерде жұмбақ сыр көп.

        Нүкебай Өмірзая қарт берген тұмарды бас қолбасшының алып алғаны есіне түсіп, өкініп: 

 – Шіркін, осындайда ақыл сұрайтын Өмірзая қарт болғанда ғой, берген тұмарын да қолды қылдым, - деді. 

           Осы кезде өздері отырған бақтың ішіндегі бір көнетоз кітап-үйдің ішінен қақырынып-жөткірініп Өмірзая қарт шыға келген. 

 – О ата, жаңа ғана сізді ойлап тұр едім, - деді Нүкебай өз көзіне өзі сенбей қуанып. 

–«Болар істің басына, жақсы келер қасына», ойға алған ісің оңалайын дегені болар, балам! – деді қарт.

 – Қайдам, ата, патша екіұшты жауап беріп, нөкерлерін ертіп кетіп қалды. Оның бұл әрекетін еш түсінбедік, - деп мұңайды Нүкебай. 

 – Түсінбейтін несі бар, билеушіміз виртуалды әлем қарақшыларымен әбден ауыз жаласқан. Егер сенің «қиял кітабың» қайтарылатын болса, бұл «олардың» күйреуінің басы болмақ. Сондықтан «олар» неғұрлым уақыт ұтқысы келеді. 

 – Ол ол ма, сіздің берген тұмарыңызды бас қолбасшы тартып әкетті, сонысын түсінбедім, - деді Нүкебай.

 – Қап! – деді қарт өкініп. – Тұмар  бетінде ойылып таңбаланған белгіні байқап па едің? Ол виртуалды әлемге енетін жалғыз қақпаның кілті болатын. Бас қолбасшы мұны біледі, сондықтан ертеңгі сапарларыңа кедергі келтірмек болған ғой. 

 – Онда ол кілтті бүгін қалай да қолымызға түсіруіміз керек! – деді Дәкен көзі жанып.

 – Иә кілт ұрлаудың шебері өзіңсің ғой, досым! – деді Нүкебай күліп.

 – Бізге жақсы бір жоспар керек, дұрыстап ойланайық.

 – Айтарым, ақылды серік қылыңдар! – деді қария. 

        Осы кезде құстар сайрап, жан-жануар, жәндік біткеннің тіршілігі жанданып, көбелектер билеп, төңірек гүлденіп сала берді. Балалар айналада болып жатқан табиғаттың думанын тамашалап, зейіндері бөлінген. Олардың көңілдері күрт көтеріліп:

 –  Несіне ойланамыз, патша сарайына қайтып барайық! – десті. 

 – Ата, сіз бізбен барасыз ба? – деп сұрайын деп бұрыла бергенде, Өмірзая қарттың ұшты-күйлі жоқ болып кеткенін көрді. Тіпті бұлармен бірге отырып сұхбат құрды деген еш белгі де білінбейді. Төңірек те кенет тыныштала қалды. Тек қарлығаштар ғана ұшып-қонып, бейғам жүр. Алыстан айдаһардың ақырғаны естіледі.

 – Қандай ұсыныс бар? – деді Керім. Дәкен ойланып тұрып:

 – Уэллс деген автордың «Көзге көрінбейтін адам» деген романын оқып едім. Сондағы Гриффин деген ғалымнан барып көмек сұрасақ ше? – деді.

 – Ертегі кітаптарында көзге көрінбейтін шекпен, тақия да бар емес пе? – деді Керім.

 – Сонда да ғылымға жүгінгеніміз дұрыс-ау.

 – Он жасыңда небір кітаптарды оқып тастапсың-ау, Дәкен, - деді Нүкебай қызығып. – Осыдан үйге барсақ, мен де кітапханадан шықпаспын!

          Қарлығаштар шықылықтап, балаларды беймәлім жаққа бастап жүрді. Олар Кітап патшалығының кітапханашыларын да, айтылған кітап-үйге адастырмай алып барды. Мұқаба, парақтары тозып тұрған Уэллс кітап үйінің бірден алтыншы тарауына еніп еді, ерлі-зайыпты Холлдардың «Көшір мен оның аттары» трактиріне тап болды. Миссис Холл пысылдап ас мәзірін даярлап жатыр екен. 

– Қайырлы күн, ханым! Біз Гриффин мырзаны іздеп жүр едік, - деді балалар байыппен сәлемдесіп.

 – Өз бөлмесінде болар. Сол жерден шықпай, ғылыми тәжірибелерін жасап отырғанына екі жүз жылдан асты. Оған ас әзірлеумен күнім өтетін болды, – деп мұңын шақты миссис Холл.

 – Серуенге де шықпай ма? – десті балалар.

 – Қайдан білейін, шығатын болар? Бәрібір тірі жанның көзіне көрінбейді ғой! – деп иығын қиқаң еткізді ханым. 

            Балалар Гриффиннің бөлмесіне бас сұғып еді, алдарынан ғалымның өзі шықты. Оған амандасқан соң Дәкен таңданысын жасырмай:

  – Сіз көзге көрінбеуші едіңіз ғой, маған анық көрініп тұрсыз, - деді. 

 – Балақай, менің бұл тәжірибемен айналысқаныма екі ғасырдан асты, мен ендігі өз тәжірибемнің шыңына жеттім десем болады: көрінгім келсе көрінем, көрінгім келмесе жоғалам, - деді марқайып. 

 – Біз сізге бұйымтаймен келдік, Гриффин мырза. Кітап патшалығының бас сарайына кіруіміз үшін сақшылардың көзіне түспеуіміз керек, көмектесе аласыз ба?

 – Әә, - деді ғалым. – Бұл залымдар кітап патшалығын мүлдем күйретуге жақын. Оған патшамыздың басын дуалап қойған жемқор уәзірлер мен кеңесшілері кінәлі. Патшалығымызды аяқтан тік тұрғызуымыз үшін қаншама уақыт керек екен? – деді мұңайып. – Бірақ сендерге көмектесейін. Адамды кісі көзінен тасалайтын сұйықтық қажет пе, дәрісі қажет пе, бәрі бар, - деді. 

             Балалар ғалымнан сиқырлы құтыны алып, рахмет айтып қоштасты. Олар енді ойланбастан сарайға қарай бет алды. 

            Сарайға жақындаған кезде сиқырлы құтыдан тілдеріне тамшыдай сұйықтық тамызып алып еді, көзге көрінбейтін кейіпке енді. Сөйтіп сақшылардың қасынан еш кедергісіз оп-оңай өтіп, патша отырған қабылдау залына кірді. 

             Есік алдында найзаларын айқастырып ұстап тұрған екі сақшының қасына келгенде:

 – Егер амалын таппағанда, мыналар бізді тұтқындар еді, - деп шиқ-шиқ күлді Дәкен. Нүкебай оны түртіп қалды. Сақшылар дауысқа елеңдеп, бойларын жиып ала қойды. Осы кезде Дәкен қалтасынан тиын алып ұзын дәліздің тас еденіне лақтырып жіберді. Сақшылар дыбыс шыққан жаққа жүгіргенде, бұлар зып етіп есіктен ішке еніп кетті.  

 – Тұмарды қайдан іздейміз? – деді Нүкебай.

 –  Оны бас қолбасшы мойнына іліп алатын болар, немесе қалтасында жасырады. Өйткені бұл кілттің маңызы ол үшін аса зор. 

 – Мойнына ілмейді ғой, тұмардың сиқырлы күші бар емес пе?

          Осы кезде балалар Шаһдат патшаның Өмірзая қартпен сөйлесіп отырғанын байқады. 

 – Меніңше баланың «Қиял кітабын» тауып беруге көмектесу керек. Уәденің аты уәде ғой, - деді қарт.

Қарттың бұл сөзін естігенде патшаның министрлері мысқылдап күле бастаған. Араларындағы бәзбіреуі әжуалап:

 – Мүмкін біз адамзат өз бейғамдығынан жоғалтқан бүкіл кітаптарын қайтарып бергенімізді қалайтын шығарсың? – деп жатты.

             Патша оларды қабағымен тыйып тастап еді, әлгілер жуасып:

 – Уа, біздің аса құрметті патшамыз! Сіздің қандай да бір шешіміңіз мемлекетіміздің одан әрмен гүлдене түсуіне септігін тигізбесе, зиянын тигізбек емес. Сіз не десеңіз, сол жөн болады, - десті. 

         Енді патша сөз алып:

 – Ей, ақылсыздар, онсызда сөздің қадірі кеткен мына заманда, патшаның сөзден тайқуы абырой-беделіне жараса ма? - деді. – Ертең дәл осы уақытта мен әлгі балақайларды виртуалды өлкенің елшісімен жолықтыруға пәрмен беремін. Яғни, екі әлемді жалғайтын қақпаға жетулеріне көмектесуіміз керек, әрі қарай қалай жол табатыны тек қана өздеріне байланысты. 

 – Алдымен виртуалды әлемнің бас қақпасынан өте ала ма, жоқ па, мәселе сонда, - деп мырс-мырс күлді бас қолбасшы.

 – Ақылды балалар ғой, миларын жұмсап көрсін, – деді патша ағзам. – Әлгі жылтырақ әріптер қайда? Қорапшасынан босатыңдар, солар хабаршы болсын!

 – Бәріне тағдыр төреші, - деген Өмірзая қарт. Ол патшаның рұқсатымен  шығар есікке беттегенде, үш бала да аяқтарының тықырын білдірмей, оның соңынан ерді. Қарияны олар сиқыр қолданып, жоғалып кетер деп еді, олай болмады. Ол асықпай, сарай қақпасына қарай бет алып бара жатты.

            Балалар енді бас қолбасшының артынан аңдып, кілтті қолға түсірмекші болды. Оны қыр соңынан қалмай аңдып, барлық қимылын бақты. Кеш түсе бастағанда бас қолбасшы өз сарайына келді. Жатын бөлмесіне кіріп, қару-жарағын шешіп, беліне байланған бума кілт пен әмиянын үстел үстіне қойды. Сол кезде Нүкебайдың да тұмары бірге түсті. Ол бірден бұрышта тұрған темір сандықтың қасына келіп, қақпағын ашты да, ішіндегі жасыл ақшаларды санауға кірісіп кетті. Сандық ішіндегі ақшаның көптігі сонша, одан шыққан шаң-тозаң мұрнын қышытып, Дәкен түшкіріп қалды. Уәзір басын көтеріп алып:

 –Бұл жерде кім бар? – деді көзі алақтап.

          Осы кезде балалар есікке жалт берді де, қаша жөнелді. Дәкен үстел үстінде жатқан тұмарды іле кеткен. Бас қолбасшы болса: «Ұстаңдар! Ұрыны ұстаңдар!» деп айқай салып қала берді. Көздеріне ешкім түспеген сарай сақшылары алақтап, кімнің артынан жүгірерін білмей тосылып тұрғанда, балалар сарайдан шығып та кеткен. Өкпелерін қолына алып, сыртқа шығуын шыққанмен, қайда бағыт алуды білмей естері шығып тұр еді, бір топ қарлығаш жол көрсеткендей, алға қарай ұша берді. 

           Қарлығаштар оларды кітап үйлер арасымен бір алаңқайға бастап келді. Осы жерде көздеріне ескі лашық шалынды. Есігінің алдында өздері білетін Өмірзая қарт отыр еді. Осы кезде бойларынан дәрінің күші қайтқан балаларды қарт та байқаған. 

 – Әп-бәрекелді, келіп қалдыңдар ма? – деді қария күліп. – Менің жаман лашығым осы, төрлетіңдер!

           Осы кезде жылтырақ әріптер әлдеқайдан шыңылтыр ауаны тіліп, зу етіп олар да келіп жетті. Кішкентай қанаттарының жиі қағысынан әріптердің  қуанышты екені білінеді. Олар:

«Ертең сендерді виртуалды әлем елшісі күтеді, таңертең дайын болыңдар!» – деген ақпарат ала келген екен. 

 – Барамыз! – деп шу етті балалар.

 – Ата, тұмарды қолға түсірдік.

 – Жақсы болған екен, - деп Өмірзая қарт риза болды. 

     Қарияның лашығы қарапайым болса да, сиқырлы дастарханынан тоя ауқаттанып алған балалар шаршағандарын бір-ақ сезді. Аз уақытта небір оқиғаларды бастан кешіп шаршаған үшеуі киіз үстіне қисая кетті де қорылға басты. Түн ортасында уайымнан оянып кеткен Нүкебай біраз дөмбекшіп еді, Керім де көзін ашып алды. 

 – Не болды, аға, ұйқың қашты ма?

 – Сен де оянып кеттің бе? 

 – Ертең өте маңызды күн. 

 – Иә, ертерек «қиял кітабымды» тауып үйге аман-есен оралсақ екен. Уайымым сол. Ата-анамыз біздің қайда жүргенімізді білмей, ендігі алаңдап жатқан болар. 

 – Олар біздің мына әлемде жүргенімізді білмейді.

 – Ересектер қашан да көп дүниеден бейхабар...

 – Қалай ойлайсың, мүмкін олардың да бала күнінде осындай қиял кітаптары тоналған шығар?

 – Кім біледі, ол да мүмкін. 

 – Біз енді көз алдымызда балалардың армандары тоналып жатса, біле тұра  қалай жүрмекпіз?

 – Біздің сыныпта бір баланың анасы бар, сол кісі ылғи да баласына: «ешкімге бермей, өзің же, өзің ки, әуелі өзіңді ойла, өзің-өзің...» деп жататыны ойыма түсіп кетті. Ондай адамдар өте көп. 

 – Ондай ересектер өздерімен қоймай, балаларының да арман-қиялдарының жоғалуына өздері сеп болатыны рас екен. Ең дұрысы, сенің «қиял кітабыңды» тауып, ертерек қайтайық. Бұл жақ өте қауіпті көрінеді.

 – Расымен де...

 

                                                 ***

         Ертеңінде балалар елең-алаңда оянса лашық алдында күйме тұр. Айтылған уақыттан кешігуге болмайтынын ескерткен патша сақшылары балаларды күймеге отырғызып, жолға шықпақ болды. Өмірзая қартты қимай қоштасқан балалар:

 – Ата, енді қашан көрісеміз? – деген.

 – Қажет кезде қастарыңнан табыламын, – деді абыз қария.

           Бір қызығы күймеге ат орнына екі кентавр жегілген екен. Мұны көріп, балалар көне миф кейіпкерлерінің алды-артына шығып, таңдай қағып жүргенде, Өмірзая қарт Нүкебайға ым қақты. Қарттың өзіне бір нәрсе айтқысы келетінін түсінген Нүкебай бар зейінін аударды. 

 – Балақай, тұмарыңның бетіндегі таңбаларды көрдің ғой? – деді.

 – Иә, ата!

 – Ендеше, өздерің іздеген құпия кілттің сыры сол таңбаларда жасырулы екенін ұмытпағайсың!

         Нүкебай үнсіз басын изеді. Өздеріне әрқашан қамқор болып келе жатқан  қарияға деген оның алғысы шексіз еді. 

         Балалар күймеге жайғасқанда, Өмірзая қарт батасын беріп, лашығының алдында қала берді. 

          Күйме орнынан қозғала бергенде сақшы: 

  – Қауіпсіздік белдігін тағыңдар, жолда шұқыр-төмпешіктер көп кездеседі, – деп ескертті. Бұлар белдіктерді тағып үлгермей жатып, күйме зуылдай жөнелді. Күйме екпінінің қаттылығы сонша, таңғы шыңылтыр ауадан ызғар есіп, балалардың ұйқысын шайдай ашып жіберді. Қарсы алдарында қайратты шашы желмен желбіреп кентаврлар құстай ұшып барады. Олардың жылдамдығы трассада құйғытқан автокөліктен бір де бір кем емес. Расымен де жол бойы ой-шұқырға толы. Бір көтеріліп, бір түсіп, шайқалып, аударыла жаздап, әйтеуір не керек, күйме жапан түзде зымырап келеді. Бір уақытта балалар күйме өздерін патша сарайына емес, беймәлім бір жаққа апара жатқанын байқады. Ғажайыптарға бойлары үйреніп қалған жасөспірімдер алда болатын қызықты күтіп, бәріне тәуекел етіп отыр. Біраз уақыттан соң жүйіткіген кентаврлар бір белгісіз аймаққа келіп тоқтады. Күймеден түскен балалар көкжиектен көк пен жердің жігі білінбей жымдасқан жапан түзге тап болғандарын аңғарды. Айналада тырс еткен тіршілік белгісі жоқ. Аспан мен жердің түйіскен жерінде болар-болмас сәуле шашқан сызат көрінеді. 

 – Қазір Кітап патшалығы мен виртуалды әлемнің арасындағы жалғыз қақпаға келіп жеттік, – деді сақшы. – Ары қарай бізге баруға рұқсат жоқ. Егер қақпадан ішке ене алатын болсаңдар, ол жерде сендерді виртуалды әлемнің елшісі күтіп алмақ.

          Балалар сымдай ұзын сызық болып жатқан «қақпа» алдына келіп жетті. 

 – Мен бұл жерден қақпа көріп тұрған жоқпын, – деді Дәкен.

– Мен де бос кеңістіктен өзге дәнеме көріп тұрғаным жоқ, – деді Керім. 

 – Оның үстіне бізде ешқандай кілт те жоқ.

 – Не істейміз?

 – Өмірзая қарт тұмардағы таңба қақпаны ашатын кілт деп еді, – деп ойланып қалды Нүкебай. Тұмар бетінде шаңыраққа ұқсас дөңгелек белгі болатын, бірақ оны қалай қолдану керектігін білмей, желкесін қаси берді. Сосын бір нәрсе ойына түскендей:

 – Мен компьютер ойындарын ойнаған кезде осындай бір «кезеңнен» өткен тәріздімін, – деді Нүкебай. Ол көзге көрінбейтін «қақпа» бойын жіті зерттеп жүріп, бір таңбаны тапқандай болды. Ол да шеңберге ұқсас белгі болатын. «Міне, табылған сияқты» деп Нүкебай аз ғана ойланып тұрды да, мойнындағы тұмарын қолына алды. Тұмар мен қақпадағы таңба бір-біріне сәйкес келгенмен, формасы сәйкес келмейтін көрінеді. Тұмарды қанша жақын тақатса да, қақпа ашылмады. 

 – Алыстан сканерлеп көрші, – деп ақыл айтты Дәкен. Нүкебай бір-екі қадам кейін шегініп, тұмардағы таңбаны дәлдеп еді, қақпадағы сәйкес белгі қып-қызыл болып жанды да, портал ашыла кетті. 

 – Мінеки, қақпа да ашылды, – деді балалар қуанып.

               Осы кезде олар маңдайларына диодты шам таққан түрлері біртүрлі жан иелерімен бетпе-бет келіп қалып, бойлары дір етті. Бұлар андроидтар – виртуалды әлемнің сақшылары еді. Біреуі оларға қапталдағы есікті нұсқаған. Космос кемесінің ішіне ұқсайтын бөлме түкпірінде мың сан мониторды көздері шалып, солай қарай жүрді. Жан-жақтарына таң қалып қарап тұрғанда жақындап келе жатқан әлдекімнің аяқ дыбысы естілген. Тыпың-тыпың қаққан бұл аяқ дыбысын балалар бұрын да бір жерден естігендей. Арттарына жалт бұрылғанда, балалар:

 – Ее-е-е-р-р-р-г-е-е-жей-лі апай! - деп кекештене дауыстары шығып кетті. Тыпың қағып жақындап келген ергежейлі апай үлкен монитордың қарсы алдына келіп тұра қалды.

 – Бізге виртуалды әлем елшісімен кездесесіңдер деп еді, сол сіз болдыңыз ба? – деп сұрады балалар. 

 – Көріп тұрғандарыңдай, Жер беті мен Кітап патшалығын һәм виртуалды әлемді бір-бірімен байланыстырып, келісімге келтіріп жүрген бітімгер боламын, – деді ергежейлі апай. – Сендердің мына жаққа баса-көктеп келулерің қаншама шу жасағанын білесіңдер ме? Әр өркениет өз жолымен дамуы керек, бұлайша уақыт заңдылығын бұзуға болмайды, – деді ол басын шайқап. Сосын сықсиған суық жанарын бірден ортада тұрған үлкен мониторға бағыттап, қасына келді де, сол жерде жатқан көзілдірік пен құлаққаптарды көрсетіп:

 – Мынаны киіңдер! – деді бұйырып. 

          Балалар айтқанын істеп еді, виртуалды әлемге тап бола кетті.

 –Бұл – болашақтың кітабы, – деді ергежейлі апай. – Көріп отырғандарыңдай, әріп-таңбаның еш қажеті жоқ, арман-қиялдың да қажеті шамалы. Бәрін компьютердің өзі дайындап береді. Ой-сананы шамалы жұмсау арқылы адам баласы ойынның барлық кезеңдерінен өздері өтеді. Бұл да кітап сюжеті сияқты шытырман да қызықты. Бұл жерде шексіз еркіндік бар. Нүкебай, ол нәрсе саған жақсы таныс болуы керек!

 –Иә, ойындарды еңсеру әр геймердің басты мақсаты ғой, – деді «Detroit» ойындарын жақсы меңгерген Нүкебай. – Бірақ адамда таңдау бар емес пе? Сондықтан да мен арман-қиял кітабымды қайтарып алғым келеді. 

 –Бас кезінде ғана таңдау бар, артынан адам басыбайлы компьютерге бағынышты болады. Сенің басыбүтін бағынышты болуыңа сәл қалып еді, мына Дәкен досың көзіңді ашты. Сөйтіп осы кітап патшалығына сапарың басталды. 

           Осы кезде компьютер ойындарында болатын жағымды дабыл дыбысы естілді де, жолкөрсеткіш белгі бұларға сан алуан сюжеттерді көрсете бастады. 

 –Виртуалды әлемге еніп, оның бір бөлшегіне айналу үшін арнайы көзілдірік пен құлаққап жеткілікті. Сосын әр адам осы жерде өмір сүріп, өз тағдырының сюжетін өзі жасай алады, – деп түсіндірді ергежейлі апай. – Мысалы, сендер мені өмірде сүйкімсіз ергежейлі ретінде көресіңдер. Виртуалды әлемде мен өзімді қандай кейіпте көргім келсе, сондай кейіпке ене аламын. 

 –Алайда ойынның аты – ойын ғой. Кітаптың жөні бір бөлек, – деді Дәкен ойланып. 

 –Айырмашылық көріп тұрған жоқпын, екеуі де сюжетке құрылмай ма?

 –Өз таңдауыңды жасап өмір сүрудің жолы бөлек емес пе?

– Мұнда да таңдау бар, мұнда да өмір бар, сол сияқты көріп тұрғандарың – болашақтың моделі, – деп, алған бетінен қатпайтынын білдірді ергежейлі апай. – Енді келген жұмысымызға көшейік. Менің сендерге жақсы ұсынысым бар. 

 – Қандай?

 – Үшеуің осы виртуалды әлем идеясына жұмыс істейсіңдер. Қарымына қалағандарыңның бәрі қолжетімді болады, әлем билеушілері өздерің боласыңдар.

             Балалар естіген құлақтарына сенбей күліп жіберді.  

-  Әке-шешеміз рұқсат ете қояр ма екен, – деп мырс етті Дәкен. 

- Оның да шешімін табуға болады, алаңдайтын ештеме жоқ, – деді ергежейлі

апай. Сосын қолын сілтеп белгі беріп еді, балалар киіп тұрған компьютер-көзәйнек жалп етіп сөнді де, бұлар бөлме ішіне қайтып оралды. 

             Әншейінде балаларды көрсе жоғалған, қайтарылмаған кітаптарды талап етіп, үнемі ұрыс салып жүретін ергежейлі апайды кітап патшалығының ең шыңырау түкпірінен кездестіреміз деп ойлап па? Соңғы кезде бастарынан әртүрлі оқиғалардың жылдам өтіп жатқаны сонша, балалар ойланып та, таң қалып та үлгермей жатқаны рас еді.

             Енді ергежейлі апай бұларды тағы да жеделсатыға бастап кірді де,  лифт төмен түсе бастады. 

 –  Аспанның бірінші қабатына келдік, - деді осы кезде жеделсаты ішіндегі екі нөкердің біріне тіл бітіп.  

 –Қалайша аспанның? Біз үнемі төмен түскен жоқпыз ба?

 – Сиқырлы әлемде жүргендеріңді естен шығармаңдар, – деді ергежейлі апай. 

 – Енді не істейміз?

 – Осы жерден аспанның екінші қабатына рұқсат карта алу қажет.

               Үш бала жеделсатыдан шығып, жан-жақтарына көз тастады. Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Тек алыстан әлдебір дабылдың дыбысы үзіліп-талып естіледі. Айнала көгілжім түске боялып тұр. Анықтап қарағанда, әлдебір қозғалыстар мен тіршіліктің өзге де белгілері елес құсап ерсілі-қарсылы жүргені байқалады. Аяқ астында толып жатқан электр тоқтарының түрлі-түсті ораулары жатыр.  Тізілген компьютерлер, теледидар, қол телефондарының ескі үлгілері қисапсыз көп көрінді.

 – Біз қайда келдік?

 –Кітаптар сияқты техника да тозады. Кітап патшалығынан тозығы жеткен кітаптарды көріп тәнті болдыңдар ғой, енді виртуалды әлемдегі ескірген техникалардың моласын да көріңдер! – деп ергежейлі апай жексұрын күлкісімен қарқ-қарқ күлді. – Мына жүрген елестер істен шыққан роботтар һәм виртуал ойындардың жарамсыз болып қалған кейіпкерлері.

          Балалар ауыздарын ашып, көздерін жұмып тұрғанда, әлдеқайдан  эскалатор пайда бола кетті де, бұлар соған мініп алған соң, құрылғы қозғалысқа түсіп, алыс түкпірге қарай жылжи бастады. 

               Ергежейлі апай бұларға қайда бара жатқандарын түсіндіріп: 

 – Анау қара жолақты тоқтарды көріп тұрсыңдар ма? Соның арғы жағында бағдаршам бар. Одан жүз жиырма метрдей алға қарай тағы жүреміз. Сол жерде алдымыздан сарқырама кездеседі. Бұл шын сарқырама емес, компьютерлік бағдарлама жасаған оның имитациясы. Бірақ одан өткенде абай болу керек, оның үстіндегі аспалы көпірден оқыста құлап кетсең, сарқыраманың иіріміне дөп түсесің. Сосын оның құрсауынан тірі шығу мүмкін емес. Сондықтан абайлаңдар!

          Эскалатор алға жылжыған сайын балалар виртуал әлемде де тіршіліктің қайнап жататынына куә болды. Тек адамдардың орнын роботтар мен техникалар алмастырған. Эскалатордан түсіп, сарқырама үстіндегі көпірге шығатын тұстағы турникеттен өткенде роботтар бұлардың қолына алтын түсті ID картаны ұстатты.

 –  Бұл не?

 – Екінші қабатқа апаратын рұқсат карта осы. Қазір көпірден өтіп, жартастар арасымен сарқырама астына түсесіңдер. Сол жерде жеделсаты тұр, – деді андроид. 

         Жартас та, сарқырама да виртуал имитация болғанымен нақ табиғаттың жаратылысынан айнымайды. Дәкен жартасқа біткен қызыл қынаға саусағын тигізіп қалып еді, «бызз...» еткен дыбыс шықты да саусақ батырған жерден ұсақ иірімдер пайда болды. Ергежейлі апай бастап, балалар сарқырама астындағы жеделсатының қасына келгенде, бұларды қара ала белгісі бар андроид күтіп алды. Пластмассадан жасалған бетіндегі шүңірейген көзінің ұясынан қып-қызыл диод шамы жанып тұр.  

 – Сендер қайдан келген тіршілік иесісіңдер? Құжаттарыңды көрсетіңдер! – деді темір білегін бұларға соза беріп. Бұлар оған қолдарындағы ID картаны ұсынды. Робот картаны сканерлеген кезде көз орнындағы қызыл шамның орнына жасыл түс жанды. Сол кезде жеделсаты есігі ашылып, бұлар ішке кірді. Жеделсаты ішіндегі экраннан виртуалды өмір тыныс тіршілігі үздіксіз көрсетіліп жатыр. Құдды жер бетіндегі жарнама дерсің.

           Жас саяхатшылар бұл жолы ұзақ жүрмеді. Жеделсаты есігі айқара ашылған кезде самаладай жарық бөлмеге аяқ басты. Қарсы алдарында ағын су арнасы тәріздес лазер сәулесінен тұратын мөлдір лента пайда болды. Оның бетімен түрлі таңбалар сырғып ағып жатыр. Балалар қасына келіп тамашалап тұрғанда, өздеріне таныс белгілерді шырамытты. Көк түсті «f» белгісі – facebook желісі болса, жасыл түсті «@» белгісі whatsApp екені аңғарылады. Басқа да толып жатқан әлеуметтік желі таңбалары сарқырап ағып жатыр. Соңғысына Дәкен қолын тигізіп қалуы мұң екен, кеңістікте кісі бойы мөлдір сенсор пайда болды да, өзінің whatsApp желісіндегі байланыстар тізімі шыға келді. Ішінде кейінгі сөйлескен «Сары теке» – қасында тұрған Нүкебай досы да жүр. Басқа да өздері сақтап қойған таныс нөмірлер тұр. Осы кезде: «Балам, қайдасың?» деген анасынан хабарлама түсті.

«Ергежейлі апаймен біргемін» деп терді Дәкен. «Кітапханада екенсің ғой, үйге кешке кешікпей кел» деп жауап берді анасы. Дәкен болса оған «мақұл» деген смайлик жіберді. Оның хабарламасына көзі түскен ергежейлі апай:

 – Менімен бірге екеніңді бекер айттың, бұзық балақай. Енді пәле шықса қашып құтылмаспыз, – деп шаңқ етті. Оның үнінен өкініш байқалды. Ол қолына ұстаған қондырғының тетігін басты да, бұларға естіртпей, бірдеңе айтып жатты.

         Нүкебай болса, Дәкеннен көргенін істеп жасыл таңбаны түртіп еді, оның да алдынан сенсор пайда бола кетті. Өзінің whatsApp желісіне бірталай хабарламалар келіп қалғанын көзі шалды: «Е, аулаға шықсаңшы, ойнайық!», «Балам, тоңазытқыштағы тамақты жылытып ішуді ұмытпаңдар» деген сыңайдағы хаттар тұр. Бұл да Дәкен сияқты таныс, жора-жолдастарының аты-жөндерін әжуалап түрліше сақтап қойған, ішінде: «Талтақ Болат», «Қоңыр қозы», «Жылаңқы Жәмила», «Сопақ Талшын» т.б. толып жатыр. Нүкебай Дәкеннің өзін телефонына «Сары теке» деп сақтап қойғаны үшін кәдімгідей шамданып қалды.  Келесі сәтте ол жер бетінде қалған достарын сағынғанын сезінді. 

 – Балақайлар, көп аялдамай, аяқтарыңды басыңдар! – деді осы кезде ергежейлі апай ежірейіп. 

Үшеуі оның артынан ере беріп еді, күлгін түсті лазер жарықтары пайда бола кетіп, сол сәтте көз алдарынан түрлі реңктер мен бейнелер өте бастады. Бір кезде түнекке құлап бара жатқандай күй кешкен. Бойларын билей алмай, әл-дәрмендері құрып, естерінен танып бара жатты. 

Үш бала қанша ұйықтағаны белгісіз, бір белгісіз лабороторияда оянды. Олар орындарынан тұрып, не болғанын түсінеміз дегенше, сырғымалы есік ашылып, өздері жақсы танитын кітапханашы Кристина келіп кірді.

 – Қалдарың қалай, балалар? – деді ол жылы жымиып. – Мұнда қалай тап болдық деп таң қалып жатқан шығарсыңдар?

 – Дәл солай! Алайда қазір ештемеге таң қалмайтын болдық қой...

 –Бұл жерде сендерді сканерледі.

 – Не үшін?

 – Клондарыңды жасау үшін.

 – Түсінбедік, - деп үш бала енді шынымен аң-таң қалды. 

 – Жер бетінде күн кешкіріп қалды, сендер үйлеріңе оралмасаңдар, ата-аналарың іздеп қалады. Менімен келісесіңдер ме?

          Балалар аңтарылып тұрғанда, Кристина сол бөлмеде тұрған құрылғыны қосты. Балалар экраннан өз аулаларын, басқа балалармен бірге ойнап жүрген өз-өздерін көрді. 

 –  Енді алаңдамай, бұл жақтағы жұмыстарыңды бітіре берулеріңе болады, – соңымнан еріңдер! – деді Кристина. Олар бөлмеден шыға бергенде, келесі есік пен екі арада түбі жоқ құрдым жатқанын көрді. Құдды ұшып келе жатқан ұшақтың есігінен кеңістікке аяқ басатындай. Кристина болса еш саспай:

 – Артымнан жүріңдер, тек төменге қарамаңдар, – деді де өзі алға озды. Олар қорыққандарынан естерін жинап үлгермей, қарсы есікке де жетті. 

 – Бұл – виртуалды әлем кітапханасына бастайтын есік, – деді Кристина. – Бірақ біздің миссиямыз – кітапхана емес, сендердің виртуалды әлем билеушісімен жолығуларың екенін есте ұстаңдар. 

               Бұл электронды кітапхананы басқаратын жер болғандықтан,   бөлме іші шағын екен. Бірақ балалардың назарын адам бойындай комикс кітаптар аударды.

 – Мынаның біреуінің ішіне қойып кетсек қалай қарайсыңдар? – деді Дәкен сыбырлап. Ол артына қарамастан, қарсыдағы есікке қарай кетіп бара жатқан Кристинаны алдап соғып, біраз уақытын комикс кейіпкерлерімен қызықты етіп өткізуге аңсары ауды.

–О, мына жерде Гравити Фолз да тұр екен, соның ішіне кірейік, - деп есі кетті.

 – Дәкен, бұл қауіпті әлем екенін есіңнен шығарма. Қазір біз өз қауіпсіздігімізді ойлауымыз керек, егер бірдеме болса, ата-анамыз да іздемейді, себебі, үйде клондарымыз жүр, – деді Нүкебай сабырмен. Ол бір өзі ғана емес қарындасы Керім үшін де жауапты екенін осы сәтте жақсы сезінді. 

         Бұл бөлмеде Кристина бұларға назарын салмастан компьютер алдына барып отырды. Оның саусақтары құдды белгісіз таңбаларды теріп емес, пернетақтаны тарсылдатып ұрып жатқандай-ақ. Бояп алған сояудай тырнақтары жазуға кедергі жасар ма деп ойлайсың, жоқ, олай емес, керісінше басқа әріптерді басуға көмектесетіндей көрінеді. Монитордан төменнен жоғары қарай белгісіз таңбалар тасқыны ағып жатыр. 

 – Бұрын виртуалды әлемге ешқашан адам аяғы баспаған, сондықтан қауіпсіздік шифрларын біраз өзгертуге тура келді, - деді Кристина.

         Балалар болса:

 – Кристина тәтей, біз бұл жерге келіссөз жасап, арман кітабын қайтарып алу үшін келдік. Тілегімізге жетсек, тезірек жер бетіне қайтсақ деп едік, - деді. Осы кезде Кристина қарқылдап күле бастады. Күлкісі жер жарғаны сонша, артынан қарғаның қарқылына ұқсап кетті. Бір кезде балалардың құлағына таныс үн жетті:

 – Күлкімді келтірмеңдер, виртуалды әлемдегі саяхаттарың әлі қаншаға созылатыны бір Құдайға ғана аян. Бұл жерде уақыт – шексіз!

            Кристина шаң басқан архивті аралап кеткен соң, балалардың алдына ергежейлі апай келді. Ергежейлі көзәйнегін сояудай, сарғыш тартқан тырнағымен төменге, сүйір мұрынының ұшына шейін түсірді де:

 – Дәкен, сенің тұмсығыңды әр жерге тығып жүретін әуесқойлығың жертөледегі екі әлем арасындағы порталға алып келді. Нүкебай мен Керімді ерте келгенің де жоспардың бәрін бұзды. Нүкебайды айдаһардың аранында қалдырайын деген ойым жүзеге аспай қалғаны өкінішті, әрине. Бала кітап оқымаса да миын жұмсай алатын алғыр болып шықты. Алайда, мұның ендігі жерде еш маңызы жоқ, – деді. – Бүгін сендер виртуалды әлемнің әміршісімен жолығасыңдар. Ескертемін, ешқандай арандату болмасын. 

Сөйтті де, балалардан ID карталарын сұрады. Оларды бір қондырғыға басып еді, төбелерінен тағы бір аппарат төніп, іске қосылды. Осы кезде экраннан үшеуінің ми формалары шықты. Арнайы аппарат олардың ми қатпарларын тексеріп, «жарамды» деген мөр басып берді. 

          Ергежейлі ханым бұларды жеделсаты деген аты болмаса, біртүрлі аппараттың алдына бастап келді.

 – Әлі көп жүреміз бе? - десті балалар.

 – Үндеріңді шығармаңдар, – деп жекірген ергежейлі олардың белдеріне қауіпсіздік белдіктерін тағып алуын қатты қадағалады. Сосын барып үшінші түймені басты. Бұл жеделсаты америкалық горка сияқты зулай жөнелгенде, балалардың жүректері ауыздарына тығылып, шаштары желбіреп кетті. Аттракцион тәрізді жеделсаты ой мен қырға, биік пен төменге зуылдап, балаларды әбден қызыққа батырды. 

           Сәлден соң жеделсаты есігі ашылып, олар виртуалды әлемнің жаңа бір кеңістігіне аяқ басқан. Бұл жерде сап түзеген робот әскерлерінің қарасынан көз сүрінердей. Оларды қызықтап қарап тұрған балалар алдарына құйғытып ұшатын көлік жеткенде бір-ақ естерін жиды. Ергежейлі апай қабағымен көлікті нұсқап, бұларға «соған отырыңдар» деп ымдады. 

 – Мен осы жерде қаламын, - деді ергежейлі апай. – Біз әлі жолығамыз! Сәтті сапар тілеймін!

Балалар оған жауап қайтарып та үлгермеді, көліктен екі андроид түсіп, балалар ішке кіргенше күтіп тұрды. Әуе көлігі көкке көтерілді де, ерекше жылдамдықпен зымырай жөнелді. Ергежейлі апай болса, бұларға ермей қала берген. Ұсқынсыз жексұрыннан құтылғандарына қуанып, балалар терең тыныс алды. Олар енді әуе көлігінің терезесінен сыртқа зер салды. Виртуалды әлемде қатаң тәртіптің айнымас белгілері байқалады. Қол созым жердің бәрі техника мен аппараттар. Бір де бір жанды табиғат кездеспейді. Өсіп тұрған не бір ағаш, жүгіріп жүрген бір де бір аң көрінбейді. Ашық кеңістікте биотіршілік қайдан болсын? 

 – Сонда біз тыныстап отырған ауа қайдан келеді? – деді Керім.

 – Біз ертегілер елінде жүрміз, басқа жауап жоқ, – деді Дәкен.

 – Тіпті таңертеңнен бері қарнымыз да ашқан жоқ.

       Расында да, балаларға көп нәрсе түсініксіз еді. Олар құпиясы мол әлемге тап болған соң, алда не болатынын болжай алмаған. Тек уақыт арнасымен аға беруден басқа амалдары жоқ еді. Әуе көлігінің терезесінен қарағанда көзге шалынып қалатын есік-терезесіз, жұмыр ғимараттардың не екенін біле алмай әуреленгенде, Керім: 

 – Осындайда не нәрсені түсіндіріп беретін әріп достарымыз қасымызда болғанда ғой, – деп күрсініп салды.

          Кенет алюмин сөренің үстіндегі жәшік қозғалып қоя берді де, ішінен ызыңға ұқсас дыбыстар естілді. Дәкен сол жәшіктің тиегін ағытуы мұң екен, ішінен жылтырақ қанатты әріптер шыға келді.

 – Сендер қайдан шықтыңдар? – деп таң-тамаша қалды балалар.

«Бұл әлемде де жазу құрып кеткен жоқ қой! Жазу бар жерде біз бармыз!»

 – Ергежейлі апай бұл әлемге жазу-сызу мүлдем керек емес деді ғой...

«Оған күмәнім бар...»

Балалар ескі достарын көріп мәз-мейрам болды.

 – Мына «аузы-мұрны жоқ отаулардың» дерегін білесің бе? – деп сұрады Дәкен.

          Әйнекке қанаттарын тақаған әріптер:

«Бұны, естуімше, адамзат ойларының лагері деп атаса керек. Әлгі тоналған адам қиялдарын осында тұтқында ұстап, ешқайда шығармайды. Түбі кітап патшалығының біраз жер телімдерін салыққа алып, әрі жаулап алу ойлары болғаны секілді, бұлардың Жер бетін де бағындыру жоспарларында бар. Ол үшін алдымен адамдарды тегіс мәңгүрттендіру қажет». 

           Үш бала бұл ақпаратқа қайран бола қоймады. Өйткені, әуелден естулері бар-тұғын. 

 – Жер мен Кітап патшалығын құтқара аламыз ба?

 «Егер адамзат интернетке жаппай тәуелділігін тыйып, табиғатқа жақындай бастайтын болса, бүкіл даналық оған қайта даритыны рас. Онда қол телефонды тастап, кітапты қайта қолға алар еді».

              Балалар ойланып қалды. Не дегенмен, әріптер сөзінің жаны бар. Шынында да, интернет деген қызылкөз пәле адам баласын өзіне сиқырдай тартып бара жатқаны рас. Бірнеше жыл ішінде виртуалды әлем адамзатқа осындай үстемдік жүргізіп тұрса, жүз жыл өткенде не болмақ?

           Осы кезде әуе көлігі жаймен ғана тоқтай қалды. Есігі ашылып, балалар жерге түскенде, тағы бір таңғажайып әлемге келгендерін көрді. 

            Бас орнында қызыл, күлгін, сары түсті диодтары орналасқан андроидтардың қасынан өткен сайын бұлардың өне бойын сканерлейді. Осы рәсімнен өткеннен кейін ғана сырғымалы есік ашылып, балалар шағын кинотеатрдың ішіне кірді. Бөлмеде үлкен экран мен жұмсақ орындықтардан басқа басы артық зат көрінбейді. Осы кезде экран жарқ етіп қосылды да, ондағы жағымды дауыс:

 – Виртуалды патшалыққа қош келдіңдер! - деді. 

 – Қош көрдік, - десті балалар. 

– Мен виртуалды әлем билеушісі, профессор Гейтс болам. – Ал сендердің аттарыңа қанықпын, виртуалды әлем табалдырығынан аттағалы әр қимылдарыңды жіті қадағалап отырмын. 

 – Менің атым – Нүкебай, арман кітабымды іздеп келдім! Өзіңіздің рұқсатыңызбен кітабымызды алып жөнімізге қайтсақ. 

 – О-о, әрине, Нүкебай балақай. Сені жақсы түсінем, түсінгендіктен де көмегімді аямаймын. Оның үстіне Шаһдат патшамен арамызда бейбіт келісім бар. Оны бір өзіңе бола бұза алмаймын. Кітабыңды ал да, үйіңе қайт, - деді. 

 – Осылай оп-оңай бере саласыз ба? – деп аңтарылды Дәкен. 

         Осы кезде экраннан түрлі түсті бояулар қылаң берді. Сосын профессор Гейтстің дауысы қайтадан:

 – Ал енді кітабың қайта жоғалып жатса, өзіңнен көр. Екінші рет тоналған арман-қиялды қайтып ала алмайсыңдар! 

 – Жер бетіндегі балалардың «арман кітаптарында» не жұмыстарыңыз бар? Осы кітапты іздейміз деп қаншама қауіп-қатерге тап болдық, жер әлемін жайына қалдырыңыздар!

 – Балақай, мұны жаңа ғылыми-техникалық революция дейді, - деді профессор Гейтс сабырмен. – Жүйткіген поезды орта жолдан тоқтата алмайтының сияқты  зымыран жылдамдығымен технологиялар дамуын да тоқтата алмайсың.

 – Жер бетіндегі адамзат дамуы жайымен жүруі керек, – деді Дәкен. – Әсіресе балалардың руханият әлеміне жасалған виртуалды қарақшылықты қалай ақтап алмақсыз? 

 – Машинада жүрек болмайды, балақай!

 – Сізге жер бетіндегі тіршіліктің дамуын өзгертуге кім рұқсат берді? Әр компьютерлік ойынның аяғы катастрофа, аппокалипсиспен аяқталатыны адамзат тіршілігін болашақта не күтіп тұрғанын білдірмей ме? Олай болса, бәріне кінәлі мына сізсіз! 

 – Балақай, оның жауабын өз әлеміңнен ізде. Мен ешкімді мәжбүрлемеймін. Ақылымен дос болған адам интернет торының шырмауына түспейді. Ал Нүкебай, сенің мәселеңе келетін болсақ, арман кітабың қайтарылды, оны өзіңнің миыңның қатпарларынан іздерсің!

          Осылай деді де, экран шырт етіп сөніп қалды. 

 – Адам сенгісіз! Профессор Гейтс сөзіне сеніп қайта беруімізге бола ма? - деді Керім таң қалып. – Бұл бізге құрылған кезекті тұзақ болып жүрмесін.

– «Жүре берсең – көре бересің» деген бар, не де болса, алға қарай жүре берейік, – деді Дәкен.

           Олар келген іздерімен кері қайтпақ болып, есіктен шыққан кезде, бірден қысқа дәліздің түкпіріндегі жеделсатыны көздері шалды. Басқа бұрылар жер болмаған соң, сол жаққа беттеген. 

 – Кітапты қайтарған-қайтармағаны бір жұмбақ болды, өзіміз барған сайын шытырман лабиринтке еніп бара жатқандаймыз, - деді Нүкебай.

 – Аға, бәрі жақсы болатынына сенейік, - деді оған Керім. – Кітап расымен орнына қайтарылған шығар. Адамның ой-қиялы расында да, оның миында ғой!

 – Ғаламдағы кеңістіктің қожайыны адам деп ойлап келіп едік. Ол жер әлемін, қиялдағы кітап патшалығы мен виртуалды әлемді басқаратынына сеніп келдік. Сөйтсек, тепе-теңдік бұзылыпты, енді адамзат бір-бірімен емес, қиялдағы әлемдермен соғысады. Жер беті мен кітап әлеміне аштық пен құлдық кезеңі келеді, – деді Дәкен мұңайып. – Ендігі бәріне дайын болуымыз керек. 

             Бұлар жеделсатының алдына келді. Есік ашылып, оларды қарсы алған андроид бұлардың түгелі мініп болды-ау дегенде, 4-ші нөмірлі түйме басылды. Лифт төртінші аспан қабатына көтеріліп бара жатты. 

            Төртінші аспан қабатына жеткенде, балалар Кітап патшалығына қайтып оралғандарын көріп, тап бір үйлеріне келгендей қуанып кетті. Адамзат ойы мен сезімі мекен ететін Кітап патшалығының бұл да бір ең керемет мекені екен-ау. Көздеріне жылыұшыраған кітап кейіпкерлері бұлардың қауіпсіздігіне кепіл болып тұрғандай. Бірақ балалар ерте қуанған екен. Кітап үйлердің арасымен роботтар аяқ-қолдарын кісендеп әкеле жатқан кітап кейіпкерлерінің колоннасын көргенде көңілдері су сепкендей басылды. Робот-траптиондар байғұстардың арқаларын дүрелеп, малша айдап әкеле жатыр еді. Кітап патшалығынан тартып алған жерлерден тұрғындарды айдап әкетіп,  кітап үйлерін өртеп кетіпті. 

 – Енді бұл кітаптардың дерегі адамзат санасынан да біржола өшеді деген сөз, – деп күрсінді балалар. – Бірақ біздің қолымыздан не келеді?

 – Енді бұларды қайда апарады?

 – Есік-терезесі жоқ жұмыр капсулаларға қамайтын болар? Кеңістікте сондай бір колониялардың ұшып жүргенін көрген едік қой...

             Шындығында, виртуалды әлем қарақшылары бұларды тегін күш ретінде пайдаланатын. Жаңа технологияның құралдары мен бөлшектерін өндіретін өндіріс пен шахталардағы ауыр жұмыстарға салатын. Осындай тегін жұмыс күшіне ие болған виртуалды әлем күннен күнге дамып, кітап патшалығы құлдырап бара жатыр. 

 – Тұтқындар саны трактиондардан көп екен, ендеше неге бәрі жабылып оларға қарсы шықпайды екен? – деді Нүкебай көрген көрініске наразылығын білдіріп. 

 – Шаһдат патшаның саясаты кітап қоғамына да әсер етеді. Егер патша мен билік иелері әлсіз болса, халық күші қалай біріксін. Кітап кейіпкерлері арасында да «виртуалды әлемге тойтарыс береміз» деп,  қарсы шыққан ержүрек батырлар бар шығар. Алайда бірлік болмаған жерде  халық саны рөл ойнамай, күш-қуатынан айрылады, - деп түсіндірді Дәкен.

 – Сонда бұларға көшбасшы жетіспейді ме?

 – Дәл солай.

 – Онда маған бір идея келіп тұр. Мәртебелі патша ағзамның маған ұқсайтынын байқадыңдар ма?

– Иә.

 – Онда дереу екеуіміздің орнымызды ауыстыру керек. 

 – Сонда қалай?

 – Егер мен патша болсам, бір өзгеріс жасауға тырысып көрермін.

 – Бұл қауіпті емес пе? – деді Керім алаңдаушылық білдіріп.

 – Онысыз да отпен ойнап жүрміз ғой, - деді Нүкебай. 

 –Онда байқап көрелік…

                                                      ***

           Балалар енді қайда бағыт алуды білмей тұрғанда, бір траптион бұларға жақындап келіп:

 – Кімсіңдер? Рұқсат қағаздарың бар ма? – деп сұрады.

      Балалар алтын түсті ID карталарын алып шықты. Оны алақанының ту сыртына орнатылған аппаратқа тақағанда, жасыл түс жанды. 

 – Рұқсат қағаздарың бар екен, алайда бұл жер виртуалды әлем иелігіне өткен, тезірек кетіңдер, – деді де бұрылып жүре берді. 

        Балалар өздерін айдалада қалғандай сезінді.

 – Бұл қалай? Бастапқыда патша нөкерлері мен ергежейлі апай бізге жол сілтеп еді. Енді қайтар жолда бір өзіміз қалғанымыз ба? – деді Керім.

 – Кітап патшалығына аяқ басқанда, біздің қауіпсіздігіміз үшін ешкім кепілдік берген жоқ қой, өзіміз бірдеме қылып жол табармыз, – деді Нүкебай. – Мені мынау кітап патшалығы тұрғындарының мүшкіл халі алаңдатып тұр.

         Расында да, шарасыз кейіптегі тұтқын кейіпкерлердің аянышты жанарларына қараудың өзі оңай емес еді...

         Осы кезде қанатты әріптер пайда бола кетті де, оларды көріп балалардың көңілі орнына түскендей болды. 

«Патшалығымызға қайтып оралуларыңмен! Біз сендерге жол сілтеуге келдік» деді әріптер жылтырақ қанаттарын қаға түсіп, қуаныштарын білдірді.

 – Ендеше тезірек кетейік бұл жерден, - десті балалар. – Бізге жылдам қимылдау керек. 

          Олар жылтырақ қаріптердің соңынан еріп жүре берді. Бұл мекенді қанатты әріптер жақсы білетін болса керек, алға түсіп алып, ызыңдап ұшып келеді. Кенет қарлығаштар да көрініп, сапардан аман-есен оралған кішкентай достарының иықтарына қонды. Олар сол күйі жүріп отырып, орман шетіне де ілінді. Көкке қол созған баладай жас талдар, кәрі емендер, тізілген қарағай, қайыңдар жапырақтары сыбдыр қағып, бірдеме дегісі келетіндей.

            Бір кезде жазық алаңқайға тап келді. Суы тартылған сайдың арғы жағына көз жіберіп еді, мұнда да өртенген кітап үйлердің күл үйіндісі ғана қалған екен. Кейбір күйік шалған мұқаба-қабырғалар жерде сұлап жатыр. Ішіндегі кейіпкерлері мен парақтары зым-зия жоқ. Жан-жақта шашылып жатқан түрлі әріптер мен таңбалар. Одан әрі жыртылған парақтардың қиындылары да аяқ астына тапталып жатыр.

Осы бір көңілсіз мекенді жылтырақ әріптер ары-бері ұшып, айналсоқтаумен болды. Балалар қанатты әріптерге қайта-қайта «жүрмейміз бе, не тұрыс?», - деп қанша жерден шақырғанымен, әріптерден еш жауап болмады. Аздан соң қайта оралған әріптердің ауаға өрнектеле қалған жазбасын аңғарды. 

         «Біздер – жылтырақ қанатты қаріптер кезінде осы кітаптың тұрғындары едік. Кітап кейіпкерлерін жермен жексен еткен робот әскерлері, қаріптердің де көзін жоюда аянып қалмады. Ал біз мекендеген парақтар отқа оранып жатқанда, мына қалған біздер қашып үлгердік. Сонда соңымызға көз тастағанымызда лаулап жатқан кітап-қабырғаларының арасынан қашуға ұмтылған қаріптердің денін тұтқындап торға қамап жатқан-ды. Олардың кейінгі тағдыры беймәлім. Ұзын құлақтан естуімше олар «Қара кітап» қалашығының тұтқынында десе, енбі бірілері оларды құстарға ілесіп қайта оралмас жылы мекенге ұшып кетті деседі. Ал біз сонда күн-түні бойы самғап жүріп ақыр аяғы патша сарайына талықсып әзер жеткенбіз. Онда Шаһдат патша – жанашыр, әділ болатын. Маған ол патшалық шекарасына хатшылық қызметін ұсынған. Мен қабыл алдым. Міне, сіздер білмейтін менің ғұмыр тарихым осындай... – деген қаріптер сәл үзілістен соң, – ал мына  көріністерге қарап, жүрегің ауырмауы мүмкін емес. Осының бәрін Шаһдат патшамыз біледі. Алайда зұлым министрлерінің айтқанынан шыға алмайды. Әділ де мейірімді патшамыздың сонша құбылғанына қайранбыз...» – деді әріптер кері бұрылып өздерінің туып-өскен кітап-үйлері мен ауыл аймақтарына көз салып.  

          Кішкентай саяхатшылар біраз жүргеннен кейін арнасы кең өзенге тап болды. Жағада тұрған қайықты көздері шалып, солай қарай аяңдады. «Қайыққа отырыңдар» деді әріптер. Балалар қайықтың үстіне мінгендері сол екен,  қайықтың желкені өздігінен көтеріліп, батысты бетке алып жүзіп кетті. Кенет алдарынан жалғыз емен ағашы өсіп тұрған аралшық көрінді. Ағаштың зәулім өскені сонша, ұшар басы бұлтқа тіреліп тұр еді. Қайық осы аралшыққа келіп тоқтады. Балалар жағаға түскен соң, емен ағашының түбінен кісі бойынан сәл ғана аласа есікті көрді. Сол жерде таң-тамаша болып тұр еді, есік ашылды да, арғы жағынан Өмірзая қарт шыға келді. 

 –О-о, ата! – деп қуанып кетті балалар.

 – Аман-есен жеттіңдер ме? Сапарларың сәтті болған шығар?

 – Айтар болсақ, әңгіме көп, ата!

 – Олай болса, үй ішіне кіріп ауқаттанып, демалып алыңдар, балалар!

         Көптен көріспеген Өмірзая қария мен балалар қауқылдасып, көпке дейін мауықтары басылмады. «Қонақ келсе дәйім, дастарханым дайын» дегенде, сиқырлы дастархан жайыла қалып, балалар қарындарының қатты ашқанын сезді. Виртуалды әлемде ұзақ кідіргендей еді, сөйтсе, кітап патшалығында түс мезеті болыпты. Ас үстінде балалар абыз қартпен өз идеяларын бөлісті. Қария ойланып қалған. 

 – Ойларың дұрыс екен, әрекет қылмай болмас, - деген қария бұларға көмектесуге уәде берді. 

            Асқазандарына ас қонған соң, қария қолына бір ағаш кесегін алып: «мамық болсын кесек, жайылсын төсек» деп еді, жұмсақ төсек пайда бола қалып, балалар сонда қисая кетті де, бірден ұйқыға басты.       

             Бір-екі сағат көз шырымын алып оянған балалар есік алдына шыққанда, көздеріне Өмірзая қарт көрінбеді. Діңі жуан кәрі еменді айнала беріп, арқаннан есілген баспалдақты байқады.

 – Жүріңдер, өрмелеп шығып көрейік, - деді Дәкен.

 – Кеттік! – деді Нүкебай. Үшеуі биік еменге өрмелей жөнелді. Ұшар басы жеткізсін бе, бір уақытта шаршап, жуан бұтаққа отырып, ентігін басып, дем алды. Зер салып қарағанда, емен ағашының өне бойында кішкентай ұяшықтар орналасқан екен. Әлгілерді бастапқыда тиіннің ұясы ма деп те қалды. Алайда кәдімгі есігі бар. Бірінің есігін ашып қарағанда ішінен парақтары жапырақтай балғын, иісі жусан аңқыған кішірек кітаптар шықты. Әлгі кітаптар бір жағынан бесікте балбырап ұйықтап жатқан сәбиге де ұқсайды екен. Балалар бірнешеуін алып қарады да, қайтадан орындарына жайғастырып, есіктерін мұқият жапты. 

          Балалар ерінбей еменнің ұшар басына шығып, төменге көз тастағанда, ондағы тіршілік құмырысқа илеуіндей болып көрінді. Еңкейіп бара жатқан қызыл иек күннің сәулесі арнасы кең өзенді, ондағы аралшықты, жағаны бойлай орналасқан кітап қалашығын алқызыл нұрға көміп, ұясына қарай жүзіп барады. Осынау сұлулыққа таңдай қаққан Керім:

 – Егер зұлымдық әлемі Кітап патшалығына бюрократия мен жемқорлықты енгізбегенде, бұл жер ғажайып мекеннің бірі болар еді. Бұл жерде қалып, өмір сүруге қарсы болмас едім, - деді.

            Балалар енді бастарын көтеріп, жоғарыға қарағанда, алып бұлт емен басына шөгіп тұрғанын байқады. Бұлт төмен түсе бергенде, балалар оның үстінде малдас құрып отырған Өмірзая қартты көрді. 

 – Ата, сізді таппай қалған соң, ағаш басына шығып кеттік, - деп күлді балалар.

 – Бұл емен – өмір ағашы. Сендерді бұл жерге арнайы алдырттым, - деді қария. – Екі әлемдегі тіршілікке нәр беріп, бойына қуат бітіріп тұрған осы кәрі ағаш. Бұл жерді әлі виртуалды қарақшылардың аяғы баса қойған жоқ. Бұл ағаш адамзаттың соңғы арман-қиялы ұрланған кезде барып құлайды. 

 – Ата, еменнің өне бойындағы ұяшықтардан көп кітап көрдік, ол не? – деді Дәкен.

 – Ее, балалар, - деді абыз қария жел желпіген әппақ сақалын салалап. – Бұлар өздерің сияқты жас балалардың пісіп-жетіліп келе жатқан ойлары мен арман-қиялдары. Кітап патшалығын пәле-жаладан қорғайтын бейкүнә періштелер де осылар. Егер ертең зұлым роботтардың тұтқыны болып, құлына айналмаса, Кітап патшалығына, адамзат ойына риясыз қызмет етеді, - деді. Сосын жылы жымиып:

– Қане, тезірек қасыма жайғасыңдар, Кітап сарайына аттанайық! – деді. Балалар қуанып, бұлт-кемеге секіріп мініп алды. Сол-ақ екен, ақ бұлт жүзе жөнелді. Балалар аяқ астындағы мамық бұлтты қызықтап, батутта секіргендей секіріп асыр салды. Бір-біріне бұлттан «қар» жасап лақтырып, Дәкен мен Нүкебай күресіп, мәре-сәре. Тіпті қанша уақыттан бергі уайымдарын ұмытып та кеткендей. Оларға қарап кім-кім де баланың қашан да бала болатынын, тіпті кез келген жерді ойынға айналдыра алатынын түсінгендей болар еді. Ақ бұлтқа мініп, аспан – көлде жүзіп келе жатқан саяхатшылардың көңілдері жай сияқты еді, бір кезде алыстан шатыр-шұтыр найзағай ойнап, ұясына батайын деп қалған күннің бетін қалқалап, күнбатыс жақты қап-қара бұлт торлап алды. 

 – Ауа-райы бұзылайын деді, қазір түу биікке көтерілеміз, дайындалыңдар, - деді Өмірзая қарт. Ақ бұлт көзді ашып-жұмғанша зу етіп, зәу биікке тік көтерілді. Күн бататын мезгіл болса да, кеңістік әппақ нұрға боялып тұр. Осы кезде балалар төменнен белгісіз бір аралды байқады. Кеңістікте робот-тікұшақтар әлдебір жәшіктерді сол аралға әкеліп тастап жатыр. 

 – Мыналар виртуалды қарақшылар ғой. Өздері не істеп жүр? – деді Дәкен.

 – Жарамсыз деп тапқан кітаптарды қоқыс аралына әкеліп төгіп жатыр, -деді Өмірзая қария көңілі пәсейіп. 

 – Бұл жерде жоғалған арман кітаптардың болуы мүмкін бе?

 – Әбден мүмкін. Кейбір арман кітаптары анау шексіз кеңістік мұхитына ағып кетіп жатыр. Ол жақтан ешбір арман-кітабы қайтқан емес. Турасын айтқанда, олар мәңгіге «өлі кітаптар» тізіміне енеді. 

 – Жақын келіп көрсек қайтеді?

 – Болады, - деді Өмірзая қарт.

         Робот-ұшақтар кері қайтып кеткен кезде бұлт мінген саяхатшылар қоқыс аралына жақындап барды. Күлімсі, жағымсыз иіс ә дегеннен мұрындарын жарып жібере жаздаған. Балалар тыжырынып, жиырылып қалды. Тозығы жеткен кітаптардан аяқ алып жүргісіз, тау-тау болып табан астында қор болып жатыр. Көре тұра адамның жаны ашиды.  

 – Керексіз кітаптар қоқысы осы. Ішінде арман кітаптары да болуы мүмкін. Виртуалды әлем қарақшыларының мақсаты да сол – адамзат қиял-арманын жойып, Жер беті мен Кітап патшалығын рухани тып-типыл ету, күлге айналдыру. Егер біздің патша әділ саясат жүргізіп, кітап патшалығы мен  виртуалды әлемді тепе-теңдікте ұстағанда, адамзатқа еш зияны тимеген болар еді-ау, – деді қария өкінгендей. 

            Қаншама арман мен мұраттың керексіз қоқысқа айналғаны көңілге кірбің ұялатты. Адамзаттың ұлы ойлары тоналып, жоғалып жатқанына жандары ауырды. Осы кезде қария:

– Жүрейік, – деп пәрмен берді де, балалар үнсіз орындарына жайғасты. Сол-ақ екен, бұлт-кеме бұлтың етіп көкке көтеріле жөнелген. Бұл жолы әрқайсы өз ойымен болып, керексіз кітаптар аралы жайлы ойлап келеді. Олар Кітап сарайына жақындай бергенде, жер бетінен қап-қара түтін көтерілген. Төменге көз тастағанда, Кітап сарайы маңындағы кітап-үйлердің өртеніп жатқанын көрді. Кейіпкерлер мен басқа тұрғындар басы ауған жаққа босып барады. Бәрінің еңселері түсіңкі. 

 – Қарақшылар тағы да шабуылдаған екен, - деді абыз қария мұңайып. – Қазір бірден Кітап сарайына барайық, қас қарайып кетті, сарайдағылар ендігі демалып жатқан болар. Мен білсем, олардың сыртта не болып жатқанымен шаруалары шамалы...

            Бұлт-кеме саяхатшыларды сарай сақшыларынан көлегейлей, биік мұнараның терезесіне дейін жеткізді. Саяхатшылар терезеден секіріп, ішке еніп кетті. Өмірзая қарт шапанының етегін сілкіп қалып еді, төртеуі де көзге көрінбейтін кейіпке ене қалды. 

 – Қазір менің соңымнан еріңдер, - деді қарт. Сөйтті де, балаларды жас патша ұйықтап жатқан бөлмеге бастап келді. Есік алдындағы екі сақшының бетіне алақанымен желпіп қалғаны сол еді, екеуі терең ұйқыға кеткен. 

             Патшаның жатын бөлмесіне енген соң, Дәкен оның қасына келіп, иығынан түртті де:

 – Тұр! –деді бұйырып. Патша ұйқысынан оянып, «түс көріп жатырмын ба?» деп көзін уқалаған. Сосын ғана мән-жайды түсініп:

 – Қалай ғана дәттерің барды? Мен – патшамын! - деді.

 – Сен патша емес, қылмыскерсің. Кітап патшалығын осындай күйге түсіргенің үшін қазір сені соттаймыз, - деді Нүкебай.

             Жас патша қалтырап қорқып кетті. 

 – Ал енді кіналаушы тарап бұл адамның қылмысын айтыңдар! – деді сосын.

 – Кітап патшалығының елу пайыз жерін қарақшыларға сатып жіберді, - деді Дәкен.

 – Жер бетіндегі адамзаттың арман-қиялы ұрланып жатқанын көріп-біле тұрып, әрекет жасамады, - деді Керім.

 – Ендеше, мұның жазасы – өлім! –деді Өмірзая қарт қабағын түйіп.

 – Қалайша өлім? – деп патша шошып кетті. Осы кезде Өмірзая қарт патшаның бетіне бір тозаңды бүркіп қалып еді, ол кішірейе беріп, пішіні қоңыздай болып қалған кезде құтыға салып алды. 

 – Нүкебай, біз жүрейік, сен патшаның жоқтығын білдірмей осы жерде қала бер, - деді Дәкен. – Ертең жолығармыз. Олар Нүкебайды патшаның жатын бөлмесінде қалдырып, өздері шығып кетті. 

          Қос әлем тіршілігіне нәр берген өмір ағашы – алып еменге жеткеннен кейін Өмірзая қарт қалтасындағы құтыны алып, ішіндегі көлемі кішірейген мәртебелі патша ағзамды алақанына отырғызды да, еппен кітап ұяшықтарының біріне кіргізіп жіберді.

 – Мынадай кейіпте енді бұл да бір ғаріп, өмір ағашының бойындағы ізгілік қуатынан нәр алып, ұяшықтардағы балғын кітаптарда жазылған өмір заңын асықпай зерделесін, - деді әулие қария. – Сендер емен ағашының бойындағы ұяшықтардан балғын кітаптарды ғана көрдіңдер, ондағы ізгілік патшалығында да өмір қыз-қыз қайнап жатыр...

Екі бала «солай екен-ау» дегендей бастарын изеді.

 – «Жазасы – өлім» дегеніңізде шошып қалып едім, - деді Керім. – Неге ондай кесім айттыңыз?

 – Өлім деген – шартты нәрсе. Адам өз бойындағы ар-ұят заңдылығы бойынша күніне мың өліп, мың тіріле алады. «Менің сотым – менің ар-ұятым» деп ежелгі дәуірде өмір сүрген бір ғалым айтқан екен.  Егер осындай жазадан кейін патшамыз бар ізгілікті бойына жиып, Кітап патшалығына қайта оралған кезде елін ақылмен басқарар. Ал енді Нүкебайда 24 сағат бар, осы уақыт ішінде сиқырдың қуаты бітіп, бәрі орнына қайтып келеді, - деді қарт.   

– Ертең кешке уақыт та бітеді екен ғой, онда тезірек қимылдауымыз керек-ау, - деді Дәкен.

 – Нүкебай ақылды бала, 24 сағат оған жетіп қалады деп ойлаймын, - деді Өмірзая қарт. 

          Кітап патшалығына іңір қараңғылығы түсіп, мұндағы тіршілік тегіс ұйқыға кеткен еді. Тек алыстан байғыз үні ғана естіледі. Нүкебай Кітап сарайының биік мұнарасында орналасқан патшаның жатын бөлмесінен патшалыққа зер салып қарап тұрып, терең ойға батты. Ол ертеңгі күнге жоспар құрып, әр сағатын бос өткізбеуге бекінді. Бұл кезде абыз қарияның қарапайым лашығанда екі бала алаңсыз ұйқыға кеткен болатын. Өмірзая қарт болса, мәртебелі патшаның көлеміндей кішірейіп, патша ағзаммен таң атқанша кеңес құрды. Олар емен ағашының бойындағы ұяшықтарды аралап, тіршілік жүйесінің тамырларына қан жүгіртетін ақыл мен ізгілік қайнарларынан сусындаумен болды. Патшаның көкірек көзіндегі қара шілтер сыдырылып түскендей, ол енді дүниеге басқа көзқараспен қарай бастаған. 

 – Ей, қарт абыз, -деді ол. – Сен бұл жолы маған үлкен сабақ үйреттің. Қолыңда дүниенің кілті тұрса да, осы кезге дейін мені қатаң жазалауға батпаушы едің. Жер бетінен келген балалар сенің де бойыңа батылдық кіргізгендей. Сиқыр күшің 24 сағатқа ғана жететінін біле тұра, осы жолы үлкен тәуекелге бардың. Алайда қазір менің көзім ашылып, жағдайға басқаша қарап отырғанымды айтқым келеді, - деді патша ағзам.

 – Оның рас, патшам, Кітап патшалығының өрісі тарылып келе жатқанын бұрын қанша айтсам да, құлағыңа ілмеуші едің. Виртуалы әлем қарақшылары кейінгі кезде тым қатыгез болып кетті. Бұлай бара берсе, өзіңе де тықыр таянатынын жақсы түсінуің керек. 

 – Оның рас, қария. Нүкебай мені жер бетіндегі сыңарым болғандықтан, оның арман кітабын ұрлаттырған мен едім. Егер ол мынадай ақылымен кітапқа жақын болса, өскен соң үлкен дана тұлғаға айналып, ширек ғасырда жер бетінде тәртіп орнататын қайраткерлердің біріне айналушы еді. Ол кезде виртуалды әлеммен келісіміміздің тағдыры қыл үстінде тұрушы еді. Дегенмен, мұның арты жақсы болмайтынына менің дәл қазір көзім жетіп отыр. Сондықтан бұдан былай виртуалды әлеммен арадағы саясатты өзгерту керектігін жақсы түсініп, соған бекініп отырмын. 

 – Мәртебелі патшам, мен де Кітап патшалығын мың жыл басқарғанымды білесің. Біз – даналық иелері мәңгі өмір сүретіндердің қатарынан болғандықтан, ізгілік жүйесінің өзгермеуіне дәнекер болып жасай беретініміз рас. Енді мың жылдан кейін сен де менің орнымда, менің күйімді кешетініңе шүбәм жоқ.  Біздің миссиямыз – қандай жағдайда да рухани бұлақ көзін сақтап қалу. Егер ақыл біріктіретін болсақ, бізді жеңетін күш жоқ. Мен сенің даналығыңа сенім артып, қолдауымды аямаймын!

              Патша мен даналық шырақшысы әулие қарт екеуі осындай мәслихатпен отырып, таңның атып қалғанын да байқамаған еді.

              Нүкебай болса, бұл күні ерте тұрып, малайлары әзірлеп берген патша киімін киіп, таңғы асын ішіп болған соң, бүгінгі күннің тәртібімен таныстыруға кірген бас уәзіріне:

  –  Өмірзая қарт пен Жер бетінен келген саяхатшыларды сарайға алдырыңдар, - деп пәрмен берді. Екінші кезектегі пәрмені:

  – Дереу виртуалды әлем елшісін алдырыңдар, кеңесетін әңгіме бар, – деген. Оған дейін ол мәслихат бөлмесіне барып, өзіне виртуалды әлеммен екі арадағы бүкіл келісімшарт, қағаздарды әкелуге бұйрық берді. Содан кейін күн тәртібіндегі барлық көңіл көтеретін іс-шараларды кейінге қалдырып, бүгін тек қана мемлекеттік іспен айналысатынын жеткізді. Министрлер патша бойындағы өзгерістерді көріп, аң-таң болса да, әр бұйрығын қалт еткізбей орындап жүр. Патшаның қабылдауына күнделікті дат айтып келетін патшалық тұрғындарын қабылдай бастады. Патшалықтағы тозығы жеткен кітап үйлердің тұрғындарының көпшілігі тұратын жаңа жай сұрап келсе, бір парасы виртуалды әлем қарақшылары тартып алған жерлерін қайтарғысы келіп, өтініш айтады. Барлық министрлерін жинап, қазынадан ақша бөлгізіп, тұрғындардың мәселелерін сол жерде шешіп беруге тырысты. Түске дейін осындай қауырт мәселелермен айналысып, көп істі оң шешіп берген Нүкебайдың қабылдауына Өмірзая қарт пен серіктері де келіп жетті. Виртуалды әлем елшісі Ергежейлі ханым мәслихат бөлмесіне кірген кезде, олар патшамен қызу кеңес үстінде отыр еді. 

  – Елші ханым, мен екі әлем арасындағы келісімдерді қайта қарап шықтым. Кейбіреуіне өзгерістер енгізіп, екі жаққа да тиімді болатын ортақ жаңа шарт ұсынбақпын. Кітап патшалығы Жер әлемі мен виртуалды әлемнің тікелей дәнекері – бейбітшілік елшісі болғандықтан, кемел дамудың жаңа үлгісін жасап шығып, соған қол қою екі жақты да қызықтырады деп ойлаймын, - деді. 

 –  Әрине, мәртебелім. Осындай бір игі бастамаға көптен бері қол жеткізе алмай жүр едік. Виртуалды әлем әміршісі өзіңізбен келісім үстелінде кездесуден ешқашан бас тартпайды, - деді Ергежейлі ханым. 

 – Виртуалды әлем әміршісі ең алдымен, Кітап патшалығы жерлерін заңсыз тартып алып жатқан виртуалды қарақшыларына тиым салсын дейміз. Өз тарапымыздан, біз сол қарақшылармен ауыз жаласып, жерді сатып жүрген жемқорларымызды тыюға күш саламыз. Екіншіден, виртуалды қарақшылар жер бетіндегі балалардың арман кітаптарын ұрлауды қоюлары керек. Тоналған арман кітаптары дереу орнына қайтарылсын.

  – Біз виртуалды билік әміршісімен осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатқанымызға көп болды. Алайда Кітап патшалығының теріс пиғылды шенеуніктері виртуалды қарақшылармен келісіп, осы жат іспен айналысуда. Сондықтан бұл індетпен күресуге екі жақ та бірігіп күш салса деген тілегіміз бар, - деді елші. 

 – Үшіншіден, мына балалар бүгін кешке Жер бетіне оралмақшы, олардың үйлерінде жүрген клондарды кері қайтарсаңыздар.

 – Әлбетте, оның жарасы жеңіл, -  деді Ергежейлі ханым.

 – Олай болса, кітап патшалығы әкімшілігі виртуалды әлем әміршісімен бірігіп, осы індеттермен күресуге дайын. Қазір осы талаптар жазылған құжатқа қол қойып, мөр басып, өзіңізге тапсырайық. Келесі жолы профессор Гейтспен келісім үстелінде бас қосамыз деген сенімдемін. 

            Айтылған рәсімдер орындалған соң, олар виртуалды әлем елшісімен жылы қоштасты.  Бұл кезде Кітап патшалығы әкімшілігі жазылған құжаттың көшірмесін виртуалды әлем концеляриясына жіберіп те қойған болатын. Барлық жерде «көзі мен құлағы бар» виртуалды әлем әкімшілігі бүгінгі болған өзгерісті өз кеңселерінде талдап та жатқан. Екі әлемге ортақ проблемаларды шешу жолға қойылған соң, профессор Гейтс те қатаң шараларды қолға ала бастады. Бір күнде орын алған бұл өзгеріс қара кітап кейіпкерлеріне – виртуалды әлем қарақшыларына ұнамағаны анық. Олар өз әлемдерінде азаматтық соғысты бастап кетті. Виртуалды әлем әміршісінің әскері мен қарақшылар текетіреске кіріскенде, Кітап патшалығында тұтқынға түсіп, мәжбүрлі құлдықта жүрген кітап кейіпкерлері көтеріліп, соғыс оты әр жерде бұрқ еткен. Кітап патшалығы әкімшілігіндегі шенеунік жемқорлар болса, виртуалды әлемде жанданған соғыстан қорқып, өз байлықтарын қорғау үшін патшалықтан қаша бастады. Бас қолбасшы мұнда да революция ұйымдастырмақ еді, қорқақ жемқорлардың бастары қосылмай, әркім өз қара басын күйттеп кеткенін көріп әрі өздері соғысып жатқан виртуалды әлемнің қарақшылары бұларға көмекке келе алмайтынын білген соң, шарасыз қаруларын түсірген. Осы кезде Кітап патшалығының адал сақшысы – баяғы өздеріне жақсы таныс баһадүрді шақырып алған Нүкебай оған жауынгерлері мен айдаһарларын алып, әр жерден орын алған тәртіпсіздіктерді тыйып, ұйымдастырушыларын тұтқындауға бұйрық берді.  Бас қолбасшы мен бірталай министрлер тұтқындалып, кешке қарай Кітап патшалығында мамыражай тіршілік орнаған еді. Ымырт түсе, Кітап сарайы алдына кентаврлар жегілген жылдам күйме келіп тоқтады да, ішінен патша ағзам мен Өмірзая қарт түсті. 24 сағат өтіп, бойынан ендігі сиқыр күші жойылған патша өзінің бұрынғы кейпіне келген екен. Алайда бұрынғыдан сабырлы, салиқалы көрінді. Алдынан шыққан Нүкебай, Дәкен мен Керімге жылы амандасып, хал сұрасты.

 – Біздің Кітап патшалығындағы саяхатымыз осымен аяқталып қалды, рұқсат болса, үйімізге қайтайық, - деді Нүкебай.

 – Сендерге алғысымыз зор, бұдан былай дос болып қаламыз деп ойлаймын, - деді патша ағзам. 

 – Әрине кітап патшалығын біз де қимай барамыз, - десті балалар. Өмірзая қарт болса:

 – Ертегі мұнымен аяқталған жоқ, біз әлі кездесеміз, кішкентай достар! – деп көзін қысқан. 

             Осы кезде қақпа алдында балаларды баяғы айдаһар күтіп тұр еді. Кентаврлар жегілген күймеге мінген балалар көзді ашып-жұмғанша қақпа алдына жетіп келді. Бұл жерде оларға қарлығаштары қуана ұшып келіп, иықтарына қонған. Әріп достары да пайда бола кетіп:

«Достар, біз әрқашан сендермен біргеміз. Өздеріңмен қоштаспаймыз. Кітап бетін ашып, қаріптерді оқи бастағаннан-ақ біз қастарыңдамыз деп есептеңдер» деп жазды. Сосын шекараға дейін шығарып салмақ болып, айдаһар қанатының астындағы қоржынға кіріп жайғасқан.

          Айдаһарға мінген кезде Керім:

 – Аға, сонымен, арман кітабың не болды? – деп сұрады. 

 – «Қайтарылды» деген сөзден басқа дерегін білмедім, - деді Нүкебай мұңайып.

  – Бұл ертегі әлемінің жұмбағы таусылмас, оны жүре көрейік, - деді Дәкен.

          Айдаһар көкке көтерілген кезде балалар төменде қалып бара жатқан Кітап патшалығына қимай қарады. Көңілдеріне мұң ұялады. Ұзай бере, кітап үйіндісі жатқан арал мен кеңістік мұхитына ағып бара жатқан адамзаттың өлі қиялдары тағы көздеріне шалынып, денелері түршігіп кетті.

            Олар айдаһар үстінде бір күн, бір түн ұшып, ең алғаш келген Ақық қақпа тұсына келіп қонды. Өздері кітапхана жертөлесінен Кітап патшалығына аяқ басқан кезде алғаш сезген самал жел желпіп өткенде, «үйге қайтамыз» деген тәтті ой жетегінде тұрған балалардың қуанышы қойындарына сыймай тұр еді. Бұларды шығарып салып тұрған әріптер: «Қош болыңдар, сүйікті достар! Сендермен өткен осы бір сапар біздің патшалықта алтын әріптермен жазылмақ. Егер де қайта ораламын десеңдер, есігіміз әрқашан ашық. Сендер қайтып келгенше көп дүние өзгеруі де мүмкін. Бұл жақтың уақытын білесіңдер, сендердің әлемдеріңдегіден әлдеқайда жылдамырақ», - деді. Бұлар да жылтырақ қанатты әріптерді қия алмай, айтарға сөз таппай тұрған-ды. Әріптер қайтадан тізіле қап: «Айтқандай, Ергежейлі апайларыңды көрген кезде түсіністікпен қарым-қатынас жасарсыңдар. Ол кісінің миссиясы жеңіл емес екенін көрдіңдер ғой. Ол екі әлемнің жалғыз дәнекері. Сендерді кітапхана ішінде күтіп те тұрған шығар», – деді. 

          Бұлар бастарын изеп, әріптерге рақметтерін айтып, жертөле есігіне бұрылды. Шаршап-шалдыққандары соншалық, ендігі әл-дәрмендері де қалмаған еді. Тек іште бір қимастық бар. Нүкебай осы кезде өзін осы кезге дейін қара басын күйттеген менмен болғанын ойлап, ұялып кетті. Өзінің арман кітабын тауып, кері қайтару үшін досы мен қарындасының басын қиындыққа тіккен екен-ау. Ал қалған адамдардың арман-кітаптары ше? Оларды кім құтқармақ? Бір жағынан іштей: «қайтем енді, қолымнан келгені осы болды» деп ақталған да болады. Осылайша бұлар кітапхана жертөлесіне кіретін порталға да жақындады. Осы кезде иықтарындағы қарлығаштарға тіл бітіп:

 – Біз осы жерден қоштасамыз. Жер бетінде көзге көрінбегеніміз болмаса, қашан да өздеріңмен біргеміз, - деді.  Қанаттарын қайта-қайта қағып қоштасып қала берді. Бұлар да қарлығаштарына бауыр басып қалған екен, арттарына қарай-қарай портал есігіне енді. Жертөле ішіне кіргенде, көздеріне таныс сурет оттай басылды. Балалар сиқырлы сөрелерге қарап еді, ол жердегі қиял кітаптарының көбі орнына оралғанын көрді. Нүкебай «Н» әрпі тұрған сөрені жағалап кетті де, өз арман кітабы да орнына қайтқанын көріп, көңілі жайланды. 

 – Рахмет сендерге, - деді ол қарындасы мен досына дән риза болып. Осы кезде біреудің аяқ дыбысын естіп, арттарына жалт бұрылған. Көздеріне Ергежейлі апай түскенде не айтарларын білмей, тұрып қалды. Ергежейлі ханым болса, сөрелерді шолып, орнында дұрыс тұрмаған кітаптарды реттеп, күңкілдеп сөйлеп қояды. Ол өзіне қарап тұрған үш баланы байқамағандай кейіп танытып, кері бұрылып, қысқа аяқтарымен баяу басып, шығар есікке көтерілді.

Ергежейлі кеткен соң, Керім: 

 – Ергежейлі апай бізден бұрын қашан келіп үлгерген? – деді.

 – Ұмытып қалдың ба не? Ол жақтың уақыты мен бұл жақтың уақыты салыстыруға келмейді. Әлдеқашан келіп қойған шығар. Анау әлемдегі бірнеше ай бұл жақтағы бірнеше минут қана. Сондағысы ешкім де байқамай қалады. – деді Дәкен даусы жарқын-жарқын шығып.

 – Жә-жә, жарар, үйімізге баралық! Әлде ата-аналарыңды сағынбадыңдар ма? – деді Нүкебай қулана қарап. Сосын «қиял кітабым орнында дұрыс тұр ма?» дегендей телефон шамын жағып тағы бір қарап шықты. Кітап орынында тапжылмастан тұр. Дәкен мен Керім: «жер бетіне шығайық», «жоқ, қазір шықсақ көзге түсіп қаламыз, кешті күтейік», - деп дауласып жатқанда, Нүкебай өз ойымен әлек боп үнсіз тұр еді. Соны байқаған екеуі шешімді сол айтар дегендей оған назар аудара бергені сол, ол төбеге тесіле қарап:

 –  Бері жақындаңдаршы, - деді жоғары жақ сөредегі көп балалардың «арман кітаптары» жоғалған бос сөрені нұсқап. Дәкен мен Керім Нүкебайға бір, бос сөрелерге бір, кезек-кезек қарады. Олар Нүкебайдың ойын түсінбей, үнсіз қалды. 

Осы кезде жертөлеге түсіп келе жатқан аяқ дыбыстары естілген. Үшеуі сөрелердің артына тығыла қалды. Демдерін іштеріне тартып, тілдерін тістеп қимылсыз отыр. Бұл келген виртуалды әлем қарақшылары еді. Бірі ұзын, бірі қысқа бойлы, қара киінген екеу қарсы беттегі есіктің құлпын ашты да, іш жағына көз тастап,  сәл кідіріп тұрып қалды. Осы кезде біреуінің телефонына хат келген. Ызың еткен дыбысқа құлақ түрген ол ұялысын ашып қарады. Сол-ақ екен, бойын жиып ала қойды. Құдды бір кезекті тапсырмаға дайын жауынгер секілді. Сосын жылдам басып сөрелерге сүйенген сатыға шығып, жоғарғы сөредегі бір баланың кезекті қиял кітабын қолтығына қысып төмен түсті. Бұларға таныс түймені басқан олар портал ашылған кезде кітап патшалығына қарай шығып кетті. Олардың ұшатын көліктеріне отырып, жоғарыға көтерілгенін балалар мотор дыбысынан долбарлады. 

 – Не істейміз? Сыртқа шығатын есік жабық, - деді Нүкебай.

 – Менде кілт бар ғой, - деп осы кезде Дәкен баяғыда Ергежейлі тартпасынан алған кілтін қалтасынан алып шықты. Балалар енді бұ жерден тез кетуге асыққан-ды.

 

IІІ тарау. 

Үйге оралу

         Кітапхана сыртына шыққан соң балалар екінші тыныстары ашылғандай, арқалары кеңейіп, бойлары жеңілдеп, үйлеріне қарай асыға жөнелді. Бір істің басын қайырғандай өз-өздеріне дән риза. Шаршағандікі ме, айналаларына мең-зең күйде немқұрайлы көз тастап, үйлеріне де жетті. Керім шаршаған ағасы мен досын бір сергітіп алсам деді ме екен:

 – Үйге барған соң ең алдымен не істейсіңдер? – деді.  

 – Дәл қазір бір қойдың етін жалғыз жейтіндей ашпын, анам дайындаған кешкі асты жеп алған соң, мультфильм көріп жатамын. Аулаға да шықпаймын, - деді Дәкен күліп.  

 – Мен де ең алдымен төсекке қисая кетіп, алаңсыз ұйықтамасам. Қатты шаршадым, – деді Нүкебай да.

 – Мен болсам анашымды сағындым, қатты құшақтап, мауқымды басамын, - деді Керім. – Үсті-басымыз да кірлеп, әбден қожалақ болдық. Жуынып, ас ішіп, демалғанымыз дұрыс-ау.

Екі ұл үсті-бастарына мән беріп қараса, расымен де, шаңға бөгіп қалған екен. – Ал одан соң не істейміз? Мысалы ертең... – деді Нүкебай сөзінің аяғын жұтып.

 – Сабаққа, жаңа оқу жылына дайындалуымыз керек, - деді Дәкен байсалды ғана. 

 – Басқа-басқа сен сабаққа дайындалады дегенге илана алмай тұрғаным. Жаз бойы ойын соғатын шығарсың, - деп қағытты оны Керім.

        Осы кезде Нүкебайдың әлденеге мазасызданып тұрғаны жүзінен білініп тұрды. Қайта-қайта саусақтарын майыстырып, қабағын шытып, ішкі ойын шығара алмай әлек. Кілт орынында тоқтай қап, кері бұрылды да кітапханаға көз тастады. 

 – Білмеймін, қарындасым, білмеймін...

 

                                                         ***

Балалар қиын да қызықты сапардан оралған соң, үйлерінде тапжылмай жатып біраз уақыт демалды. Бірақ осы уақыт ішінде олар әлемде болып жатқан әлдебір өзгерісті байқаған болатын. Теледидарды қосса болғаны, әсерсіз, әзілсіз тек жаттанды жаңалықтар мен сұхбаттар болып жатады. Айтатындары тек қана қағазбастылық пен жұмыс қана. Ал қиялды қарыштатып, арманға ұмтылдыратын кинотуындылар мен мультфильмдер атымен жоқ. Интернетке кірсе де қызықтыратын еш нәрсе таба алмады. Ешкімді ешкім сағынбайтын, керек қылмайтын, тек әлеуметтік желі арқылы бір-екі ауыз тілдесетін шақ туғаны байқалды. 

Осылайша Нүкебай мен қарындасы бірнеше күн бойы аулаға шықпай, тек үйде терезе алды сыртқа  көз тастаған еді. Олар өздерінен басқа есік алдына шығып, таза ауамен тыныстаған еш жан иесі байқалмағанына таң қалды. Тек қолдарына портфель немесе ноутбугын алып, жұмысқа бара жатқан немесе қайтып келе жатқан көңілсіз адамдарды көздері шалады. Осы бір өзгерісті қызық көрген бұлар аулаға шығып көше-көшені аралап қайтты. Расымен де, әдеттегідей баласын жетектеген ата-ана, итін қыдыртқан көрші-қолаң,  шулап ойнаған балалар, тіпті қол ұстасқан жас жұбайлар да көзге ұшырайтын емес. Қолдарындағы телефонға үңіліп, әлдеқайда  асығып бара жатқан жолаушылар қарасы көрініп қалады. Тіпті көп қабатты ғимарат терезелерінің ар жағында бір-бірлерімен тілдесіп жатқан ешкімді көрмейсің.  Аулаларда отырған жастар да бір-біріне тіл қатпастан, тек телефон арқылы үндеседі. Осының бәрін көрген ағалы-қарындасты екеу сүлдерлерін сүйретіп, үйлеріне қарай көңілсіз қайтып келе жатты. Тек алдарынан ойламаған жерде атып шыққан әлдекімнің қарасы бұлардың жанын ұшыра жаздаған:

 – Уа-ха-ха, мен үш басты айдаһармын, сендерді қазір жеймі-і-ін, - деп, сайқымазақтанып шыға келген Дәкенді көргенде ғана езу тартты. Нүкебай оған қарап, амандасқан соң: 

 – Түк те күлкілі емес, Дәкен, - деген. Керім болса:

 – Адам зәресін ұшырдың ғой! – деді жүрегін ұстап.

 – Қалай дауысым аждаһаның даусынан аумай қалды ма? – деп күлді Дәкен. – Қайдан жүрсіңдер? 

 – Серуендеп шыққанбыз, - деді Керім. Осы кезде Нүкебай Дәкеннің білегінен қыса ұстап бір бұрышқа қарай икемдей берді. Құлағына аузын жақындатып сыбырлай бастады:

 – Байқаймысың, әлгі патшалықтан келгелі мына жақта көп дүние өзгеріп кеткен сияқты ғой?

Дәкен иегін қасып аз-кем ойланып тұрды да:

 – Дұрыс айтасың. Бір өзгеріс бар. Бірінші қабаттағы Нұрайым апайдың дүкеніндегі пиццаға бұрынғыдай дәмдеуіштер қоспайтын болыпты, солай ма?

 – Әй, жоға-ей! Түсіндірші Керім... – деді Нүкебай қолын бір сілтеп. «Бұлар не деп тұр өзі» дегендей, екеуіне жалтақ-жалтақ қараған Дәкен ештеме түсінбей, басын қаси берді. 

 – Біздің айтпағымызды дұрыс түсін. Алдымен айналаңа дұрыстап қарашы...

 – Не дейсіңдер, күн бұрынғысындай шығыстан шығып, батыстан батып жатыр. Құстар баяғыдай сайрайды. Көліктер жүріп, адамдар жұмыстарына әдеттегідей асығып жүр. Оқушылар жазғы каникулда... Тұра тұр... Оқушылар... Олар бір-бірлерімен ойнамайтын болды. Ол аздай...

 – Иә, ол аздай?..

 – Ересектердің де бір-бірлерімен сөйлесіп тұрғанын көрмейсің. Бәрінің қолдарында телефон. Адамдар арасында перде бардай, тек техника құралы арқылы сөйлеседі. Құдды бір вирус жұғып кете ме дейтіндей. Ондай нәрсе жоқ сияқты еді ғой. Осы ма айтып тұрғандарың?

 – Иә, айтпағымыз сол. Бағанадан бері сені нағыз ақымақтың өзі екен деп ойлап қала жаздадым, – деп Нүкебай оның иығынан қағып қойды. 

 – Ә-ә, олай болса мен мұны сендерден бұрын аңғарғам. Ойсыз, көңілсіз жүрген адамдар бұрын да көп еді, сен бұрын солардың бірі болғандықтан аңғармаған шығарсың? 

 – Онда сен неге бұрынырақ маған айтып, «көзімді ашпадың»? 

 – Шынымды айтсам, айту керегін ойламаппын да. 

 – Мына әлемде бірдеңе дұрыс емес екеніне енді көзім жетіп келеді. Бұл жоғалған арман кітаптарына байланысты сияқты. Мен өзімнің ғана арман кітабымды даулап, қайтарғаным дұрыс болмады, ұят болды. Басқа адамдардікі ше? Олар күресінге кетіп, мен ғана дұрыс өмір сүргенімнен не пайда? Олар мәңгүрт болып басқаларымыз соларды билеуіміз керек пе? Бәріміз де арман-қиялға мұқтажбыз. 

 – Енді қайт дейсің? Ол жерде біздің өмірімізге қауіп төніп тұрған жоқ па еді?

 – Кітап патшалығына қайтадан баруым керек. Мен өзімшіл болғым келмейді.   Өзгелерге пайдам тимесе, қалай ғана жер басып бейқам жүре аламын? Жоқ, мен қайта баруым керек.

 – Тоқта! Біз ше? – деді Дәкен тағы бір шытырманға толы сапарға шығудың сәті түскеніне қуанып кетіп. 

 – Сен осы жолы бармай-ақ қой, Керім де бармасын. Сендерге бірдеңе болып қалса ше? Ондай қатерге қайтадан бастай алмаймын. Сендердің көмектеріңмен менің кітабымды таптық. Бірақ осы жерден қалыңдар. Өзім барайын. 

        Дәкен мен Керім екеуі екі жақтап оны көндіруге қанша тырысып баққанымен ол райынан қайтар болмады. Керім ақыры жылап қалды. Көзінің жасын бұлап отырып:

 – Сен бізді, отбасыңды ойламайсың. Саған бәрібір, өзімшілсің.

             Осыдан соң Нүкебай сабасына түсіп «мақұл» деп басын изегендей болды. Сонымен Дәкен үйіне кетіп, бұлар өз үйлеріне тарасты. 

            Бұл түні Нүкебай ұзақ уақыт ұйықтай алмай дөңбекшіп жатты. Ай да перде шетінен сығалап, қиылына қиял қосқандай бұның жүзіне төніп тұр. Не де болса бір шешімге келді. Таң білінер-білінбес ол кезекті сапарына жалғыз аттанып кетті. Ағасын таңғы асқа оятпақшы болған Керім оны бөлмесінен таппады. Үйді бір сыпыра аралап та шықты. Ата-анасы оның қайда кеткенін сұраған кезде дегбірі қашып, уайымдай берді. Сөйтті де: «Ағам Дәкенмен кітапханаға кеткен, мен де шұғыл баруым керек. Жоғалған кітаптарды қайтаруымыз керек еді» деп үйден шықты да, Дәкенге қоңырау соқты. Ол ұйқылы-ояу телефонды бір алған. 

 – Нүкебайдың кешегі айтқаны рас болып шықты. Ол қалжыңдамапты. Тезірек шық. Біз оны құтқаруымыз керек.

 – О, рас па? Олай болса, біз оны ғана емес, күллі адамзаттың арман-қиялын да құтқарамыз. Міне, шығып барамын.               

***

Нүкебай әйтіп-бүйтіп, амалдап ешкімге білдірмей кітапхана жертөлесіне енді. Өзіне белгілі сөреге жасырылған қақпаны ашып, Кітап патшалығына шықты. Алайда бұлар кеткелі виртуалды әлемде басталған соғыс ушығып, патшалықта жалғасын тауып, бұл әлем бұрынғыдан әлдеқайда жұтаң тартып, баяғы көгерген белдер, ой-қырлар мен ашық аспанның белгісі еш қалмаған. Айнала өртке оранып, табиғатты қара тұман жұтып алыпты. Көзге әлсін-әлі көрінетіні әлдекімдердің әлдеқайда көшкен қарасы. Алыстан шошыған, үрейленген дауыстар еміс-еміс талып жетеді. Бұл баяғы шыға берістегі тербелген алып парақтардың шетінде тұрып «қайта өз әлеміме кетсем бе, жоқ, әлде алдыға адым атсам ба»  деп екі ойда қалды. Алайда, өзінің құлдырап бара жатқан әлемін көз алдына елестетіп, «олардың келешегі үшін жауаптымын» деген оймен батылданып, алдыға қадам басқан. Жан жағын қанша барлап қараса да өзінің достары – қарлығаштары мен қанатты қаріптерін таба алмады. Олар мені қарсы алуы керек еді ғой, деп топшылады. Не де болса қарындасы мен Дәкенсіз, тек бір өзі ғана бұл істі соңына дейін жеткізу мақсатымен  алдыға қарай жүре берді. 

         Біраз асуды асып өткенде алыстан жарылыстар мен дүмпулр естіліп, өртенген патшалық өңірлері көзге анық ұшырай бастады. «Құдай-ай, патшалықта не болып жатыр өзі? Кітап тұрғындары сау-сәлеметте болса игі болар еді», деп іштей күйзеліп, белден ылдиға қарай ирелеңдеген сүрлеумен түсе берді. Орман ішіне жақындағанда, тұман құрсауындағы ағаштардың арасынан бірдеме атып шығардай кеудесін үрей билей кетті. Әрі-бері жүгіріп өткен әлдене қарасы байқалып қалады. Анықтап қараса тиін болып шықты. «Уфф» деп, терең тыныс алып, жолын жалғастырды. Бұл жолы тағы да бір тіршіліктің баяу белгісі білінді. «Тағы да сол тиін шығар» деп қам жемей жүре беріп еді, аяқ астында бірдеңе «тарс» ете қалды. Зәре-құты қалмай, көзін тарс жұмып алған Нүкебай тапжылмай, орнында қатты да қалды. Бар ойы «мина басып кеттім бе» деп ойлаған. «Жарылды. Қазір жарылады. Жоқ, қозғалсам жарылады» деп, аяқ астына күмәндана қараса кәдімгі шіріген қарағай бұтасы екен. Орнында тұрған күйі жынды адамша өз-өзімен күле берді. «Көлеңкесінен қорыққан» деген осындай болса керек. Қайта бұнымды достарымның көрмегені қандай жақсы болды. Әйтпесе, күлкіге қалдым дей бер», - деп адым аттай бергені мұң екен алдынан аппақ қорқаудың нақ өзі шыға келмесі бар ма? «Енді, міне, біткен жерім осы болған екен» деп ойлаған балақай алды-артына қарамай зыта жөнелді. Жүгіріп бара жатып «жетіп қалды-ау, қазір бас салады» деп артына қарап еді, әлгі бөрі сол орнында тапжылмастан бұған қарап әлі тұр екен. Бұл сонда да жылдамдығын үдетіп, қашып барады. Шаршады ма, аяғы талды ма, қарқыны баяулай бастап, қолын тізесіне сүйеп, ентігін басып аз тұрды. Соңына көз тігіп қояды, бірақ бозғылт тұман арасынан бөрінің қарасы мүлдем көрінер болмады. Басын көтере бергені сол еді, қарсы алдында әлдекімнің тұрғанын сезді. Ақшыл шапан киінген, қауғадай сақалы кеудесіне төгілген баяғы досы – Өмірзая қарт. Өз көзіне өзі сенбеген күйі, «Ата-а» деп құшақтап алды. Қария да баланың арқасынан қақты. 

 – Дер кезінде келдің-ау, құлыным. Кітап патшалығында не болып жатқанынан хабарың бар шығар?

 – Не болып жатыр? Дүние төңкеріліп асты-үстіне түскендей, айналаның бәрін өрт қаулапты.

 – Кітап тұрғындарын виртуалды әлемнің роботтары басып алып жатыр. Соғыс өрті тұтанып, кітаптар құл-құтан болып итжеккенге кетіп барады. 

 – Ал патша ше? Ол қайда?

 – Ол қайда болушы еді. Баяғы позициясына көшіп, министрлерімен бірге сарайға қамалып алып шықпай отыр. Әскері жан-жағын қоршап, сарай маңынан құс ұшыртатын емес. – Нүкебайдың есіне жаңа ғана көрген қорқау түсіп кетіп:

 – Әлгінде ғана қасқыр көрдім, соңымнан қуа жөнеле ме деп едім, жоқ, сол орынында қалып қойды. Құдай сақтады.

 – Мен туралы айтып тұрғаныңа еш күмәнім жоқ, – деді осы кезде әлдебір дауыс тұман ішін жарып шығып. Нүкебай артына бұрылса, әлгі ақ қасқыр бұған жақындап келе жатыр еді. Адамның осындайда болатын рефлексі ме екен, қарияның құшағына кіріп, тығыла түсті. 

 – Қорықпа, балам. 

 – Мені жеп қоймай ма?

 – Уа-ха-ха, - деп қарқылдай күлді бөрі. Өмірінде бірінші рет күліп-сөйлеген қасқырды көруі. 

 – Бұл кезінде патшаның уәзірі болған Көкбөрі. Патшаны қара ниетті дұшпандар дуалап алғалы бері бұл қудаланып бүгінде жапан түз бен орман ішін аралап күнелтіп жүр. Қалай қала маңына кіреді, солай патша әскері көзін жоямыз деп шешім қабылдаған-ды. 

 – Патшаны дуалағаны қалай? Ізгілік ағашына түнегеннен кейін ол өзгерген еді ғой?

 – Қара сиқырдың күші одан да күшті болып шықты. Қазір билік  виртуалды әлем қарақшыларының қолында қалып, Кітап патшалығының халі нешік екенін өзіңнің де көзің жетіп отыр. 

 – Қара кітаптың қызметкерлері кімдер? 

 – Олар да сол адамзаттың жоюға, жымқыруға бағытталған қиялдарының жемісі. Олар да сендердің әлемдегі секілді, кітап патшалығының тұрғындары. Алайда ниеттері виртуалды әлемнің роботтарымен сәйкес болғандықтан соларға қызмет етіп, патшалықты өз қолдарына алудың төте жолын ойлап тапқан, – деді Өмірзая қарт қамыққан пішінде. –  Айтқандай, сенің қасыңдағы балалар қайда жүр? Аман ба әйтеуір?

 – Олардың амандықтары үшін қам жемеңіз, өз әлемімізде қалдырып кеттім. Жалғыз келдім. Бұл патшалық пен біздің әлеміміз арасында қылдай нәзік болғанымен көзге көрінбес үлкен байланыс бар екен. Ол жақта да бәрі өзгеріп, адамдар бұрынғы қабілет-сезімдерін жоғалтқан. Яғни, арман-қиялсыз күн кешіп жатыр. Былай қарасаң бәрі жақсы сияқты, бірақ адамдар өзгеріп барады. Мен соны реттеу үшін осында келдім. 

 – Келгенің сондай дұрыс болған екен. Бірігіп бір шешімін таппасақ бәріміздің ертеңімізге үлкен қауіп төніп тұр. – деді. Осы кезде қарияның артынан тұманды жарып жан-жануар, аң-құстар мен кітап кейіпкерлерінің қарасы көріне бастады. 

– Біз басымызды осы орман-тастың арасында біріктіріп, келіссөз жүргізіп жатырмыз. 

          Осы кезде айналаны жаңғырықтыра, кітап патшалығының бейбіт тұрғындарының ұранды дауыстары жаңғыра шықты. Нүкебай да Өмірзая қартпен бірге Көкбөріні ертіп, орман ішімен тұман құрсауындағы шәрге қарай беттеді. 

 – Ата, біздің достарымыз қарлығаштар мен қанатты әріптердің қайда екенін білесіз бе? Оларға ештеме болмаған шығар деп үміттенемін.

 – Қаланы роботтар мен қара кітаптар кейіпкерлері басып алған кезде кімнің қайда қалғанын білмей, бәріміз құмалақтай шашылдық та қалдық. Оларды соңғы рет көрген кітап кейіпкерлерінің айтуынша, тұтқында қалып қойған сияқты. 

 – Ата, мен оларды құтқаруым керек!

 – Оған шүбәм жоқ.

 – Қара кітап кейіпкерлерінің лагерін көрсетіп жіберсеңіз.

 – Олар әншейінде бейбіт халықпен бірге қара нан мен қара суды бөлісіп жүрді де, билік ауысқан кезде бөлініп шыға келді. Нағыз екіжүзділер. Қазір анау Абақ деп аталатын жардың сайы мен үңігірін мекендеп жатыр. Сен ол жаққа жалғыз барма, біз мына қаладағы мәселелерді шешкенге дейін, қасыңа серік қылып бірнеше аң-құсты алып ал. Ал жарандар, - деп көпшілікке қарады. – Нүкебайдың достарын құтқаруға ерікті түрде кім барады?

           Керуен көштегі жан-жануарлардың улап-шулаған дауыстары жан-жақтан естіле түсті. Нүкебай қарияға сұраулы көзбен қарады. 

– Бәрі сенімен бірге барамыз деп жатыр. Біз бәріміз түгел барсақ не ондағы жаумен айқасуға күшіміз жетпес, не мына қаламызды дұшпаннан тазалауға шамамыз келмес. Біздің хәл: қанатымен су сепкен құстың кейпі ғой, балам. Ең дұрысы, екі-үшеу болып барыңдар. Кісі қарасы көп болса, көзге түсіп қалу қаупі бар. Ал аз боп барсаңдар көзге көп шалынбайсыңдар. Дұрысы, өзің бірін серік қып таңдап ала ғой. 

 – Ата, мен анау тұрған дөненді таңдадым. «Ер қанаты ат» демекші бір жағынан жолда қалдырмас, екіншіден, Абақ жарына жаяу жетем дегенше қай заман? Соған мініп барайын. 

 – Мейлің, қалауың болсын, – деп көшке қарап басын изегені еді, қасқа дөнен кісінеп, құлағын қайшылап, аяғымен жер тарпып, екпіндеп бұның қасына келді. 

 – Ал тез мін, достым, – деді кісінеген қасқа дөнен. 

           Нүкебай жылқыға секіріп мінді де, керуен көшке, тұман мен өртке оранып жатқан шаһарға ойлана  қарап, аз тұрды. 

 – Ата, біз қарлығаштар мен әріптерді құтқарған соң дереу қатарларыңызға қосыламыз, – деді де атын тебініп ұйытқыған желдей құйғытты. Шапқылаған тұлпар тұяғынан шаң бұрқырап көрінді. Керуен көш сапарын жалғастыра түсті.         

Тұлпар ызғыта шауып келе жатып арасында бірдеме айтқысы келетіндей. Нүкебай оның бір сөзін ұқса, бір сөзін ысқырған жел жұтып қойып, ұқтырмайды. Сондағы түсінгені: 

 – Жолай қайыңдар қалашығы бар. Өздері нәзік, әрі әнші қайыңдар. Күндіз-түні сызылып ән салып жатады. Соларға мына соғыста бізге жәрдемдессін деп қолқа сала кетейік. 

 – Олар келіседі деп ойлайсың ба?

 – Келіспеуі де мүмкін. Өз-өздерімен томаға тұйық жатқан тоғай тұрғындары. 

Осы кезде Нүкебайдың қойын-қонышын жылан жүгіріп өткендей түршігіп кетті. Мойны, жон арқасы мұздап барады. 

 – Сәйгүлік мен жаурап жатырмын. 

 – Ә-ә-ә, ол ерке Самал ғой. Осы жапан түзде мекен ететін Желдің қарындасы. Оның нәзік қана қимылы кім-кімді де болмасын баурап алады. Бірақ, баршамыздың басымызға түскен мына нәубетте оның бейқам жүргеніне қарап таңғаламын. 

 – Қарағым, біле білсең, мен анда бір, мұнда бір мағынасыз еспей, қалаға шаппақ болған дұшпандардың талайы алдынан шығып, адастырып жібергем. Көздеріне топырақ, құм шашып, қаншамасын жолдан жаңылдырдым. Ал бұны бірің білсеңдер, бірің білмейсіңдер. – деді аттың жалына жармасып алған ерке Самал. 

 – Самал, бізбен Қара кітаптар аймағына жүрсеңіз. Менің достарымды тұтқындап, сонда ұстап отырса керек. Сіз көзге көрінбейсіз, бір көмегіңіз тиетін еді, – деді Нүкебай.

 – Мен сен баланы білемін, біраз уақыт бұрын осы патшалықты улатып-шулатып кеткен сендер емес пе едіңдер? Ал өтінішіңе келер болсақ, Жел ағамнан рұқсат сұрап көрейін. Аға, аға-а-а-у, – деп бар даусымен айқайлады. Осы кезде қатты жел екпіні үдей түсті де алдарына Жел де жетіп келді-ау. Оның жаңғырған дауысы жоғарыдан естілді: 

 – Не болды? Тыныштық па? 

 – Аға-а-а, мына баланы білесіз  ғой!

 – Ә-ә-ә, бұны бәріміз білеміз, әлгі ержүрек Нүкебай емес пе!?

 – Достарына көмек керек боп жатыр екен, мен барайын, рұқсат берсең. 

 – Қарындасым-ау, білесің ғой, менің сенен өзге ет жақын бауырым жоқ. Қайтесің, осында қал. 

 – Аға, біз де осы патшалықтың бір мүшесі емеспіз бе? Айналамызда не болып жатқанын көріп-біліп тұрып, қалай ғана тыныш жата аламыз? 

 – Мақұл делік, ал ертең Қиыр шығысқа кеткен Дауыл әкеміз бен Боран шешеміз келгенде не деп жауап береміз?

 – Меніңше, бәріміз бұл майданнан қалыс қалмай, күресуіміз керек.

           Жел ары-бері соғып, ана ағаштың басын бір, мына төбенің үстін бір құйындатып жүрді де, ойланып келіп:

 – Олай болса, бірге кеттік. Мен сені мұндай қауіп қатерге жалғыз жібере алмаймын, – деді.   

 – Ағатайым менің!

Жел мен Самал тұлпар мінген Нүкебайдың соңынан ілескенде жылдамдықтары екі есе үдей түсті. Әлден уақытта қасқа дөнен айтқан қайыңдар қалашығына да жетті. Қайыңдар сызылып, ырғалып, тербеліп хормен ән салып тұр екен. Қасқа дөнен олардың алдарына келіп:

 – Бикештер! – деп еді қайыңдар еш назар аудармады да.

 – Бикештер, – деді бұл жолы Нүкебай тамағын қырнап. Ал қайыңдар болса биі мен әнін доғаратын емес. Осы арада Жел оларды ырғап-ырғап бір құйындатып алды. 

 – Бұларды бір сілкілеп алмаса ән салуын оңайшылықпен доғармайды. Білемін ғой! Жұртқа ұйқы бермеген соң, ылғида сабасына түсіріп қайтатын жәйім бар. 

 – Ал мені олар жақсы көреді. Мен олардың әнін одан да әсерлі қыла түсемін, – деді ерке Самал. Жел қаттырақ қайың-бикештердің үстінен бір соғып өтіп еді қисайып, жапырақтарының бірнешеуін шашып алған қайыңдар естерін демде жинап алғандай болды. 

 – Әй, жел, сен осы бізге тыным бересің бе, бермейсің бе? Бір ән айтқанымызды көп көріп қалдың ба? Әлде шаңқай түсте жұрт ұйқысын бұзып жатырмыз ба?

 – Бикештер! – деді осы арада қасқа дөнен қайыңдар алдында басын иіп. Қайыңдар болса, оған «бұл кім болды екен?» дегендей, назарын сала түсті. 

 – Мен де сіздер секілді осы Кітап патшалығының тұрғынымын. Патшалықтың қазіргі халін жақсы білесіздер. Олай болса, бұл маң бәріміздің үйіміз. Егер виртуалды әлем мен анау қара кітаптардың қолында қалатын болсақ, бәріміздің күніміз қараң. Олар жасты да, кәріні де, табиғатты да, басқаны да аяп қалмайды. Құлша жұмсап, керегіне пайдаланып, табиғатты ластап өз биліктерін жүргізе береді. Ал сіздер, қайың ханымдар, томар-томар отын болып олардың құрбанына айналатын боласыздар.

 – Ойбай, не дейді-ей, мынау! 

 – Бізге отын боласыңдар дейді. 

 – Енді қайттік? – деп қайыңдар сыбырласып, өзара кеңесіп кетті.

 – Мені тыңдаңыздар! Сіз болып, біз болып үйімізді дұшпаннан қорғап қалуымыз қажет. 

 – Құдай-ау, оған біздің қауқар жете қояр ма?

 – Неге жетпесін, әйтеуір тамшыдай болсын әрқайсысымыз үлесімізді қоссақ түбі теңіз болмас па?! 

         Қайыңдар өртке оранып жатқан қалаға қарап ұза-а-а-ақ ойға қалды. Олар ақылдасып бір шешімге келем дегенше, Нүкебайлар көп күте алмай, жолға шығып та кетті. 

 – Қалай ойласыңдар, қайыңдар келісім бере ме? 

 – Келіспей қайда барады, ел басына күн туғанда ешкім қарап қалмас!

Қара кітап кейіпкерлері қалашығына келгенде бұларды алдынан шығып қарсы алған қарғалар тобыры болды. Қалашық үстін қара бұлт торлап алған. Көз жетер жердің бәрін қарғалар айналып ұшып жүр. Құдды аспанды қоршап алған қап-қара бұлт – қарғалардың нақ өзі ме дерсің. Бұлар жардың шетін жағалап жүріп үлкен тастың шетіне келіп тығылды. Ерке Самал мен Жел саябырси басылды.  

 – Осы жерде тырп етпей күтіңдер, біз қалашық ішін барлап қайтайық. Ненің бар, ненің жоқ екенін, достарың сонда ма екен, көріп білеміз, – деді де кетті. 

Нүкебай мен қасқа дөнен бастарын изеп қалғанымен, қанша уақыт өткені белгісіз, күте-күте іштері пыса бастады. Бір жағынан бойларын үрей билегені және бар. Әлден уақытта жартас үстіне қонған барлаушы қарға, бұларды байқап қалды. 

 – Дұшпандар-р-р, қар-р, келді қар-р, - деп дабыл шақырды да көкке ұша жөнелді. Айналаны жаңғырта барлық қарғалар оған қарқылдай қосылды. Дөнен кісіней түсіп:

 – Қара кітаптың қайырымсыз кейіпкерлері келе жатыр, тығылайық, - деді де Нүкебайды үстіне мінгестіріп алып, шапқылай жөнелді. Қолында қару-жарағы бар жүздері солғын, түрлері қорқынышты, кейбірі жалғыз көзді, базбірінің тістері ақсиған кейіпте құбыжықтар бұларды қуып келеді. Қасқа дөнен алдында кездескен үңгір ішіне еніп кетті. Нүкебай құбыжықтардан бой тасаладық-ау деген оймен жан-жағына қарап еді, үңгір іші айнала тас қабырға екен. Желдің қайдан соққаны белгісіз, ақ құм түйіршіктері көзімізге кірмесін деп, кірпік айқастыра берді. 

 – Жел мырза, бұл сіз бе?

 – Қайдан жүрсіңдер? Сендерге күт демедім бе?

 – Олар бізді тауып алды.

 – Өй, сендерде бір... әне, достарың анау бір қапастың ішінде, - деді. Дөнен екпіндеп әлгі темір тордың қасына жақындай бергені сол еді, жел келіп үш қарлығаш қамалған тор құлпын бар күшін салып жұлып алды. Қарлығаштар Нүкебайды көріп қуанып кетсе керек, тар қапастың ішінде қанаттарын қағып, сабалап жатыр. 

 – Қанатты әріптер қайда? Оларды таппадыңыздар ма?

 – Өкінішке орай, таппадық.

             Нүкебай дүдәмал кейіпте айналаның бәріне көз салып шықты. Көзге күмәнді болатындай ешбір белгі көрінетін емес. Тек бұрышта тұрған ескі кітап қана көзге шалынады. Есіне әлдене сап ете қалғандай: «Әріптер кітап ішінде болмай, қайда қамалушы еді?» деген оймен әлгі ескі кітапқа жақындады. Ауыр кітапты қолына алып, асты-үстіне қарап еді, темірмен шынжырланған екен. Бұл бар күшімен темірді шешуге тырысса да, темір кісенді аша алмады. Бұның әрі-сәрі болып жатқанын байқаған тұлпар:

 – Бала, тұр былай, - деді де тұяғымен темір кісенді теуіп қалды. Тұяқ пен кісен соқтығысқанда отты ұшқын жарқ етті. Осылай бірнеше соққы тигенде, темір кісен шорт үзіліп түсті. Нүкебай екіленіп барып кітапты ашып қалғанда, кәдімгі әріптерден басқа ештеме көре алмады. Парақтың жан-жағында бейберекет жатқан әріптердің ешбірінде тіршілік белгісі білінетін емес. Кітаптың әр парағын парақтап отырып Нүкебайдың көзінен жас парлап кетті.

 – Мүмкін емес, олар ұша алатын еді ғой, - деді жыламсырап. Өзі кітапты парақтауын доғаратын емес. Жел де, самал да, тұлпар мен қарлығаштар да тілін жұтқандай үнсіз. 

Ойда жоқта қанатты қаріптер парақтардың тозаңын қаға ұшты. Өз көздеріне өздері сенбегендей қуана түскен балалар, қанатты қаріптердің «семазен» биіне ұқсас самғауын бақылап, ауыздары ашыла қалды.

–Аман екенсіңдер ғой, әріптер, – деді Нүкебай қуанышы қойнына сыймай. 

«Бізді құтқару үшін бастарыңды қатерге тіккен сен және мына патшалық тұрғындары нағыз жау жүрек екенсіңдер» деген әріптер ауаға өрнектеле қалды. Әлгі қара кітап тұрғындарының аяқ гүрсілдері жерді жаңғырта естілді, олардың бұларды іздеп жақындап қалғанын байқаған Нүкебай:

–Қашуымыз керек, – деді дауыстап. 

Барлығы қайда бет алып бара жатқандарын білмесе де жүгіре берді. Тек Самал ғана есіп жүріп үңгірдің іші сыртын бақылап келсе керек, «былай жүрейік, олай бұрылайық» деп жол көрсетіп отыр. Бұлар оның ізімен жау қолына түспеу үшін бар күштерімен алға ұмтылып келеді. Әйтеуір дегенде үңгір ішінен сыртқа шықты-ау дегенде бұларды күтіп тұрған қара кітап тұрғындары қаруларын сайлап сақадай сай алдарында тұр. Адамның тойымсыз құмарындай болған жалғыз көзді Дәу солардың ортасын хақ жарып бұларға қарай жақындады. 

–Әй, Адам баласы. Біз де, мына қастарыңдағы достарың да, сендердің қиялдарыңның жемістеріміз. Ендеше, қиялдар арасындағы соғыста сен бала не істеп жүрсің? Өздеріңмен соғысқандарың аздай өз ойларыңмен де соғысайын дедіңдер ме!? – деді даусы айналаны түгел жаңғырта. Нүкебай мынандай көріністен көзі шарасынан шыға жаздап, сасып қалды. 

–Дұрыс айтасың. Мені жайыма жібер. Мен өз әлеміме қайтайын! 

–Жо-о-қ, енді кеш. Біз мына қара кітап тұрғындары мен виртуалды әлемдіктер сендер ізгілік санаған кітап патшалығын да, сендердің әлемдеріңді де жаулап аламыз. Біле білсең біздің де, виртуалды әлемнің де ұстыны – о, адамдар, өздерің барсыңдар. Сендердің айлалы, зұлымдыққа толы ойларың мұнда да өз билігін жасап жатыр. Мархабат, куә бол! Ал сен адамзат ішіндегі біздің алғашқы құрбанымыз боласың. Ұстап, бәрін зынданға лақтырыңдар, – деді жалғыз көзді Дәу жандайшаптарына әмір беріп. Олар енді ұмтыла бергенде тағы бір дабылдың белгісіндей жамырай қалған қарғалар қарқылдай бастады. «Қар-р-р, жау келеді, жау-у, қар-р-р». Мұны естір-естімес жоғарыға қарағандары сол, қара бұлтты қақ жарып үш басты айдаһар төніп келді. Аждаһа апандай аузын ашып заһарын лақ етіп төккенде қалашық көшелері жалынға көмілді де қалды. Ешкім ешкімге болыспастан жан-жақа тым-тырақай қаша жөнелді. Тек жалғыз көзді Дәу ғана өз жоспары орындалмағанына іштей нала боп тұрса керек. Әскеріне бұйырды.

–Орындарыңнан тапжылмаңдар! – деді. Ал аждаһаның үстінен әлдекімнің қарасы және білінеді. Жақындай бере айдаһар тағы бір рет заһар-отын құсқанда әлгі Дәу мен жандайшаптары амалсыз тұра қашты. 

Нүкебай Аждаһа жерге қонған соң үстіне мінген қарындасы Керім мен досы Дәкенді аңғарды. Бұларға «отырыңдар» дегендей белгі беріп, қолдарын сермейді. Барлығы шапшаң қозғалып, аждаһаның үстіне мінгескенде, қанатын қағып қап зау көкке ұша жөнелді. Тағы бір ақырып қалғанда бұлтты қуған желдей қарғалар бір шетке үймеле қалса, Қара кітап тұрғындары жар мен тас ішіне тығыла түсті. Аждаһа қанатын қағып  бұлт пен тұманға бөккен шаһарға қарай бет алып ұшып бара жатты. 

–Сендер қайдан жүрсіңдер? – деді Нүкебай таңырқағанын әлі де жасыра алмай, әрі Қара кітап қалашығынан ұзап кеткен соң. – Сендерге «қалыңдар» деген жоқ па едім? – деп өзін ересек адамша ұстады. 

–Өй, сенде бір, өзіңше болып. Сені жалғыз қалай жіберем? Әрі-беріден соң достығыма сын емес пе, – дей бергені мұң екен, құлай жаздап барып, қолын тіреп қалды, – Мына аждаһа да ұшақтан кем ұшпайды екен, ә!

–Ал менің бауырмашылдығыма сын? Саған бірдеме болып қалса ше, құдай бетін әрмен қылсын. Сонда да сақ болайық. Ал мына жаққа қалай келдіңдер?

Дәкен аузын ашам дегенше Керім сөйлеп үлгерді:

–Біз жер бетінде түс көргендей болдық. Сені мұнда жалғыз жіберіп қойып, бейқам жатуымыз жарамас еді. Бір жағынан біздің әлем өзің білесің қатты өзгеріп кеткен. Сол себепті, әйтүп-бүйтіп амалын тауып, Кітапхананың екі әлем арасындағы порталынан бері қарай өттік. Кейін соғыс өрті тұтанып жатқан қалаға жақындай бергенімізде алдымызды кескестеп бұғылар жүгіріп өтті. Олар бізді қоршап алып адам тілінде «кімсіңдер» деді. Шынымызды айттық. Арасындағы бір бұғы жүгіріп әлдеқайда кетіп сүт пісірім уақыттан соң қайта оралып бізді әлдекімнің шақырып жатқанын жеткізді. Бір жағынан дүдәмалданып, бір жағынан үміттенген күйі оларға ере жөнелдік. Бізді мүйізімен түйреп алды да жон-арқсына лақтыра салып, шапқылады. Әлден уақытта қалаған межемізге де жеттік. Өз көзімізге өзіміз сенер болмадық. Аждаһаның қанатын сипап тұрған Өмірзая атаны көрдік. Ол бізді барлық жан-жануарлармен таныстырып шықты. Сосын сенің қайда, не үшін  кеткеніңді айтты. Бізді мына аждаһаға (өздері мінген аждаһаның арқасын қағып) отырғызып жіберді. Өмірзая ата бізге сендерді алыстан барлауымызды тапсырған. «Шұғыл көмек қажет болмаса жақындамағын» деген-ді. Біз ұзақ күттік. Сендерді құтылып кететін шығар деп едік, бірақ олай болмады. 

–Қап, сендерді әуреге салғанымды қарашы...

–Ал рақмет қайда? – деп Дәкен сөзге араласа кетті. 

–Әрине, рақмет, бірақ сендер үшін уайымдап тұрғаным.

–Түу-у саған дауа жоқ екен деп, - Дәкен теріс қарап отырып алды. Теріс отырғаны сол бәрін селт еткізді:

–Мәсссаған! Ананы қараңдар! Қайыңдар көшіп бара жатыр. 

–Менің әлгінде айтқаным жөн шықты. – деді әлдебір дауыс.

–Нені айтасыз аға? – деді Керім ойында ештеме жоқ. 

–Не айтып едің, - деп Дәкен Нүкебай мен Керімге қарады. – Даусың жуандап кеткен бе? –Нүкебайға расымен де сен сөйледің бе дегендей таңдана қарап тұр.

–Біз ғой, балалар, - деді әлгі дауыс қайтадан әлдеқайдан естіліп. 

–Кім? Кім? Қайдан сөйлеп жатыр, - деп басы айналып жан жағына қарағыштап бұл әлек. 

–Біз, - деді де Жел маңдайынан бір шертсе керек, Дәкеннің кекілі көтеріліп барып құлай жаздады. 

–Жел мен Самал! Тұлпар екеуміз жолға шыққанда бізге көмектескен де осылар, – деді Нүкебай дөненінің жалын тарап тұрып.  

–Еее, бәсе, солай айтпасыңдар ма. Есім ауып қалды ма деп зәрем зәр түбіне кеткені, – деді иығындағы қарлығашқа көзін қысып. 

Аждаһа мен саяхатшылар патшалықтың шәріне жақындағанда соғыс отының тіптен  өршіп кеткенін аңғарды. Көздері шарасынан шыға жаздап қарайлайды. Тұтанған өрт арасында қараң-құраң еткен қаралардан кімнің кім екенін ажырату оңай емес. 

Балалар қара кітап өңірінен алыстап кеткен соң, ұзақта жер қайысқан робот әскерлерін байқады. Мұншалықты қалың қолды көруі де бірінші рет. Олардың бірдей басқан адымы кім кімнің болмасын үрейін туғызары анық. Гүрс-гүрс. Кенет дұшпандардың нақ төбесінен ұшып бара жатқан аждаһаға демде, бір сәтте көз тастаған роботтардың бетіндегі экранда қызыл түс жана кетті. Ал бұларға қарай қарама-қарсы беттен ұшатын әуе көліктері зымырап келеді. 

–Біз қара кітап мекенінен келем дегенше мына өңірге дұспандар қаптап үлгерген екен!

–Біз де қол жинап үлгеруіміз қажет, – деді Нүкебай Дәкеннің қойған сауалына жауап қатқандай. – Қане, зымыра зымырандай Аждаһа!

Аждаһа да бұларды ұққындай жылдамдығын үдете түсті. Балалар аждаһаны мықтап ұстап алған. Аждаһаның ұшқаны отракционға мінгендегі адреналинді еске түсіреді. Не дегенмен ол кезде қауіпсіздік қамтылады, ал қазір ше?! Жоқ, төменде дұшпан, өздері көкте. Қалайда құлап қалмаулары керек. Осы ойлардың жетегінде келе жатқан балаларды тосын өзгерген қозғалыс бұзды. Аңдаса төменге аждаһамен бірге құлап келе жатыр екен. Робот әскерлері бұларды байқай салысымен интернет желісі арқылы патшаға хат жолдайды. Виртуалды әлем патшасы бұларға «аждаһамен бірге балаларды да тұтқындаңдар» деп бұйрық береді. Осы бұйрық орындалу үстінде болатын; Роботтар Аждаһаның үш басына құрық тастап тартып қалған беті еді. Аждаһа шыр-пыр болып ауада қанша бәйек қаққанымен, роботтардың саны көп болды ма, қанша қарсыласқанымен түбі жерге жығылды. Ақырында қолға үйренген асау аттай жуаси қалмасы бар ма. Шарасыздан үш басты аждаһа жан-жағына көз тастайды. Ал балалардың қасына жуыған роботтар бұлардың қол-аяғын кісендеп, әлгі әуе көліктеріне мінгізе бастады. Дәкен оларға қарсылық танытып көріп еді, алдындағы роботтың бірі бұған:

–Сізге әуе көлігіне отыру бұйырылды, – деді де әй-шәй жоқ қолынан шап беріп ұстап алып, сүйрелей жөнелді. Бұны көрген Нүкебай мен Керім қарсыласудың еш пайдасы жоғын түсініп үнсіз еріп кете берді. Әуе көлігі керіге бағыт алып, ұшып бара жатты. Балалар виртуалды әлемнің бұған дейінгі көрген жері бер жағы болса керек, біраздан соң көрмеген, естімеген ұзын-сонар елдімекенге тап болды.  Әр жерде жарқ-жұрқ еткен толқын сәуле-желісі көз тартады. Бірақ бір шошырлығы кітап патшалығының тұрғындары да көзге ілінеді. Бірілері патшалықтың сатқындары болған-ды, ендігі виртуалды әлемнің жандайшабы боп жүр. Қой терісін жамылған қасқыр дерсің. Осылардың арасынан Нүкебай Шаһдат патшаның қаржы жөніндегі министрін танып қалды. Ол құрдай жорғалап алып экрандағы әмірші алдында әлдебір есебін беріп жатыр. Әуе көлігінен түскен бұлар солай қарай бет алып бара жатты. Министрдің қолында шеті мен шегі жоқ есептеме қағаз. Құдай біледі нешінші тармағына келгенін, әлі оқып жатыр;

«Шаһдат патшаның сиқырын одан әрі күшейте түсу үшін біздің тыңшылар  күнара ауқатына дуаланған арнайы сусынның бір тамшысын шәрбәтына қосып береді. Ол аздай оның құлағына күні-түні өзіміздің уәсуәсамызды айту арқылы жолдан тайдырып, дегенімізді орындатамыз. Бүгінде кітап патшалығы тұрғындарының хал-ахуалы жылдағыдан 20 пайызға төмендеген. Алдағы уақытта көрсеткішті бұдан ары төмендетуге бар күшімізді жұмсаймыз. Кезекті атқаратын жұмыстардың тізімі мынандай:

  1. Кітап патшалығының әр өңіріне надан басшыларды отырғызу;
  2. Ол басшылар тәжірибесіз жұмысшыларды пара алу арқылы жұмысқа орналастырады;
  3. Патшалық тұрғындарына көптеп виртуалды әлемнің кереметтігі мен ғажайыптығы жайлы ақпар тарату;
  4. Үздіксіз телеэкрандардан той-томалақ пен ду-думан көрсету арқылы соғыс пен аштықтың, патшалықтағы күрделі саяси оқиғалардан халық назарын бұру;
  5. Парасатты кітап кейіпкерлері мен талантты тұрғындардың беселін басып, олардың орнына сатқын, пайдакүнемдерге қолдау көрсету т.б.» 

Бұл тізім тоқтаусыз айтылғаны сонша балалар зерігіп, жан-жағына назар аудара бастады. Виртуалды әлем әміршісі қай жақта экран, қай тұста интернет желісі бар, соның барлығынан бас сұғып қарап тұрады екен. Бірақ, негізігі  отырған тағы – мына, алып экран болса керек. Бер жағындағы ноутбук ешкімнің көмегінсіз, министрдің есептемесін жазып, сызып, өзгертулер енгізіп жатты. Алыс тұстардан кітап патшалығының кейіпкерлері көзге ұшырайды. Анықтап қараса, жоқ, мүмкін емес. Олардың қол-аяқтарын байлап, бірінің маңдайына, енді бірінің білегіне чип орнатып жатыр. Жаңа ғана бұлқан-талқан боп қарсылық көрсетіп жатқан кейіпкерлер, чип орнатқан соң момақан, елгезек бола қалыпты. Роботтардың айтқандарына көніп, айдауларына еріп жатыр. Тұр десе – тұрып, жат десе – жатады. «Не деген бассыздық» деп ойлады Керім. Кенет министр әміршінің бұйрығымен даусын бәсеңдетіп, ақыры сөзін тоқтатты. Үлкен экраннан қатқыл дауыс өктем шықты:

–Министр мырза, мына балаларды танып тұрсың ба?

–О, мәртебелі әміршім, әрине, танып тұрмын. Бұлар – әккі, сотқар адамзат әлемінен келген дұшпандар. 

–Ендеше, мені дұрыстап тыңда! Мына балаларды саған қосып жібереміз. Бұл балалар бастарын шұлғып, айтқаныңды екі етпейтін болады. 

–Сіз бұл балаларды білмейсіз, мәртебелі тақсыр. Бұлар деген...

Үлкен экран қызыра-бөртіп жана қалды. 

–Қалғаны менің еншімде. Балаларды аласың да қас дұшпан Өмірзаяның жанына жөнелтесің. Ол және оның достары бізге арнап жаңа жоспар құрып жатқан болса керек. Балалар естіп көрген әр нәрсені біз де біліп отыратын боламыз...

–Бірақ, қалай?

–Қазір көресің! – дегені мұң екен, жан-жақтан роботтар қаумалап балаларды көз алдарында темір орындыққа отырғызды да қолдарына штамп баса қалмасы бар ма. Кірпік қағып болған жоқ білектерінде штамптың белгісі тұр.  Зың етіп, маса шаққандай ашығаны болмаса бәлендей әсер ете қоймаған. Тек әлден уақытта балалар орындарынан қарғып тұрып құдды бір роботша үшеуі бірге «Не бұйырасыз?» - деп министр алдына тұра қалды. 

–Міне, осылай! – деді тақсыр министрге үзілген сөзін жалғап. Осы кезде жалғыз балалардан өзге үлкен әуе кемесінен түсірілген чип орнатылған аждаһаны да алдарына әкелді.  Министр өзіне бағынышты болған аждаһа мен балаларды құлша жұмсайтынына дән риза болып, әміршінің дәргейінен жылыстады. Сөйтті де аждаһаға балалар мен бірге мінгесіп кітап патшалығына қарай жол тартты. Алайда, патшалыққа жетер-жетпес орман маңындағы алаңқайға келіп қонды. Жерге түскен балалар солдаттай қаз-қатар тізіліп тұра қалды.

–Н-е б-ұ-й-ы-р-а-с-ы-з? - деді әр әрпін бөліп, жарып. Осы кезде қайдан пайда болғаны беймағұлым, бірнеше жебе кезенген перизаттар мен кітап кейіпкерлері шыға қалмасы бар ма! Оларға балалар еш әсерсіз қарап тұр.   

–Балаларды жаның барында босат, әй, миністір! – деді Көкбөрі оған қанталаған жанарын аударып. Балалар еш әсерсіз міз бақпады. Осы кезде миністір қалтасынан шишадағы сұйықтықты алып аузына тамызды да, қара плащына тығыла қалды. Қайтадан плащын сермеп ашып қалғанда жарқ еткен сәуле арасынан Өмірзая қарт шыға келді. Басқалар бұған сенер-сенбесін білмей дағдарып қалған-ды. Өмірзая шишадағы дәрі тамшысын балалар мен аждаһаның кеберген еріндеріне тамызып шықты. Сол-ақ екен олар дереу естерін жиып, ұйқыдан енді оянғандай жан жақтарына мең-зең боп қарап тұр.

–Ата, – деді Нүкебай көзін уқалап, – біз қайдамыз?

–Жаңа ғана виртуалды әлемде жүрген едік, - деді Керім Дәкеннің әлі ештеме ұқпай тұрған түріне қарап. Қолдарындағы штамптың да бояуы өше бастады. Қарт даусын көтере айқайлады:

–Министірді әкеліңдер! – Көкбөрі мен тұлпар сүйрелеп міністірді әкеле жатты. Міністір басына қара қап жабылған, қолы байланған, аяғын әзер сылтып басып келеді. 

–Мына, пәтшағар, бізге тұзақ құрмақ болған. Бұның ой айласын мен мына қарлығаштардан естіп білдім, – деді Өмірзая қарт айналып, еркелей ұшып жүрген үш қарлығашты нұсқап. Бұл министір өзінің сатқындығымен қоймай, мына,  сіз бен біздің көзімізді жою үшін виртуалды әлемнің патшасымен келісімшартқа отырып қайтпақшы болған. Оның арам пиғылын жүзеге асырмау үшін мен оның бейнесіне еніп, виртуалды әлем патшасына министір боп бардым. Ал өзін үңгірде байлап, тұтқында ұстадық. Ол өзімен ала бармақшы болған мемуар мен хаттарды қоса апардым. Ойлағанымдай-ақ жоспарымыз жүзеге асты. Сонымен бірге біздің мына кішкентай қаһарман достарымызды да тауып алдым. Міне, төрт көзіміз түгел алдарыңызда тұрған жайымыз бар, – деді Өмірзая қарт балалардың арқасынан қағып. Бәрі оқиғаның мән-жайын түсінген соң, бір ауыздан келісімге келді. Олардың айтуынша, патшаны сиқырдан айықтырып, виртуалды әлеммен соғысу керек.

–Онсызда соғыс өрті тұтанып жатыр, – деді Көкбөрі бір адым алға жылжып. – Бұл шайқаста біз жеңеміз бе, жеңілеміз бе, белгісіз. Бірақ, осы жолда, әділет пен ақиқат жолында жанымыз құрбан болып кетсе, демек, өміріміздің зая кетпегені, – деді ол Өмірзая қартқа қарап. 

–Біздің күш – бірлікте. Жұдырықтай жұмылсақ қана дұшпанға қарсы тұра аламыз, – деді қарт көпшіліктің ерік жігерін оятып. Орманның көлеңкесі мен саясынан жан-жануарлар мен кітап тұрғындары шығып, жинала түсті. 

–Біз ақиқат әскеріміз, біздің жол – даңғыл жол. Біздің мейірім-махаббат Күн сәулесі түскен жердің бәріне жайылмақ. Кітап патшалығы қайта түлейтін күн де алыс емес. Кі-тап! 

–Кі-тап! Кі – тап!     

–Кі-тап! Кі – тап!     

–Кі-тап! Кі – тап! – деген ұранды үн кітап патшалығын жаңғыртып жатты. Осы сәтте сарайдың балконынан тау баурайына көз тастап тұрған Шаһдат патша мұнда бір гәп жатқанын аңғарғандай-ды. Жан жағында шибөрідей жайлаған сатқын уәзір-әкімдер мына ұранға қынжылып-ақ қалды. 

–Патшам бұл жақсылықтың нышаны емес. Бәрін ұйымдастырып жүрген анау шал мен әлгі Көкбөрі. Әмір етсеңіз, біз олардың ит терісін бастарына қаптар едік. 

–Өмірзая қарттың пайдасынан басқа зиянын көргем жоқ. Ал анау балалар, әсіресе Нүкебай, менің қытығыма тиіп жүр. Қайдағы жоқ бір адамзат әлемінен келіп алып бізге ақыл айтатынына не дерсің! Өз жеріне кетсін әрмен! Болмаса зынданға тастаңдар!

–Ләппай тақсыр!

–Тақсыр, - деп тағы бір әкім оң жағынан шыға келді, – Сізге әдеттегідей ұнататын шырыныңызды әкелдім, - деп стақанды ұсына берді. 

–Әп, бәрекелді! Менің адал уәзірлерім. Сендер болмағанда қайтер едім, – деді де стақандағы сиқыр араласқан шырынды қолына ұстап тұрып:

–Қаржы бөлімінің міністірі қайда?

–Ол виртуалды әлем патшасына есептеме беруге және салық төлеуге кетті. 

–Қашан келеді?

–Бүгін-ертең келіп қалады патшам!

Шаһдат патша қолындағы шырынын төңкере ішіп алды. 

 – О-о-о, қандай рақат! – деді де кенет көзі алайып, даусы қатқылданып кетті. Удың күші демде бойға тараса керек.

– Өмірзая шал мен Көкбөрі күшікті, анау жүгермек балаларды алдыма алып келіңдер. Көздерін құртпасақ болмас, – деп жарлық берді. Айды жұтқан бұлтты түнге қарады да бар даусымен айқайлап жіберді. Патшаның айқайынан ормандағы құстар ұшып барып, қайта қонды. Өмірзая қарт тарқаған мәжілістен қайтып бара жатып әлдене сезді. 

–Шаһдат патшаның сиқыры қайта күшіне енді, – деді ауыр күрсініп. 

 

IV тарау. 

«Уақыт» эксперессі

 

Өмірзая мен балалар кітап қалашығының тоз-тозы шыққан көшелерімен ылдилап келе жатып, алдынан кесе көлденең тұрған биік қақпаны аса таяғымен қайта-қайта соқты. Ар жақтан «кім бұл?» деген өктем дауыс естілді. 

–Құдайы қонақ, - деді қарт. 

–Айналайын, қолым тимей жатыр, - деді әлгі дауыс арғы беттен. – Кейін кел!

–Дарбазаң биіктеп, күннен күнге қамал боп барады екен. Үйіңді безендіріп, жан жағын әрлеп әлексің. Дұспан қиратамын десе – түк емес. 

–Әй, сен өзі не деп шатып тұрсың! Әкеңді танытып жіберейін, - деп есікті айқара ашып қалғанда Өмірзаяның алдынан қабағын шытқан бойы аласа, қарыны қампиған, шашы таз еркек шықты. Нүкебай бұны өзі оқып көрмеген бір кітап кейіпкері шығар деп ойлады... Кенет әлгі аласа бойлының әжім қабағы жазылып, жүзіне күлкі үйіріле түсті. 

–Әй, сен өзі менің бала күнгі ұстазым Өмірзая емеспісің?

–Ал сен сол баяғы тентек Жансірі емессің бе. Үйіңе құдайы қонақты кіргізбеймін дегенің қай сасқаның?

–Кешірім өтінем! – қартты құшақтап алды. Үйге кіріп бара жатып:

–Әнеу бір үй сыртындағы мәрмәр тастарды көрші Кітап берді. Ол көршімнің кейіпкерлері Мысырда тұрады. Сол жақтан әкелген. Ал анау бір шыны-әйнекті Қытайдан алдырттым. Ең қымбат деген жиһаздармен үй ішін көмкердім. Жүріңіздер, қазір көрсетем. Мынау ағаштар пальма. Біздің патшалықта бұндай ағаштар некен-саяқ. Қателеспесем патша сарайы мен менің үйімде ғана бар...

–Жансірі-і, - деп Өмірзая қарт тамағын қырнап қойды. 

–Ал анау монша. О-хоу, ыстық буын көрсеңіздер, енді сөз жоқ тамаша. Бастан-аяқ өзім салып шықтым. Моншаны ысытайын ба, қаласаңыздар бір түсіп алыңыздар? – деді қарынын қасып тұрып. 

–Жансірі. Әрине ақжарма пейіліңе рақмет. Үйің де тамаша екен. Мен мұндай жайлы үйді бірінші рет көруім. 

–Рас па? 

–Дегенмен, бір бұйымтаймен келіп ек. Бізге көмегің қажет...             

–Қандай? – деді де Жансірі оның не айтатынын іштей бағамдағандай. – Жо-жоқ, атай көрмеңіз, мен ол саладан кеткелі қашан. Мен қазір тек үй шаруасымен ғана айналысамын. Картоп, қызанақ, қияр өсірем. Шағын бақшам бар. Жүр, көрсетейін бе? Ой, дәмін көрсеңіздер енді, ауыздарыңыздың суы құриды.

–Жансірі? 

–Өмірзая, өзіңіз білесіз, бұл өте қауіпті жұмыс. Виртуалды әлемнің бүгінде қолы ұзын. Олар менің үйімнен не жасап жатқанымды демде-ақ біліп қояды. Кезінде жылдар бойы салған үйім не болғанын білесіз. Олар онда нендей іспен айналысып жатқанымды біліп қойды да, күл талқан етті. Енді, мына үйімді маңдай термен жылдап салып жатқанда... Жо-жоқ, айтпаңыз, мен ондай тәуекелге бара алмаймын.

–Жансірі? – деді Өмірзая қарт қатулы қабақпен. – Соғыс болып жатыр. Қайдағы үй, қандай бау-бақ? Ертең виртуалды әлем кітап патшалығын жаулап алса, үйің де, бағың да тып-типыл болады.

–Жарайды, бірақ, өзіңіз ғана кіресіз. Балалар осында қалсын, – деді ол шарасыз басын салбыратып. Ал балалар бұлардың не айтып, не қойып жатқандарын түсінетін емес.       

–Дәл осы балалар баруы керек. 

–Ал жүріңіздер, - деді басқа айла таппаған Жансірі. Әлгінде ғана мақтаныш кернеген оның әр қимыл әрекеті, енді амалсыз қозғалысқа көшті. Есіктің тұтқасын түсіріп, есікті ашқаны, әрбір жүрісі, дем алысы бәрінде де қиналыс, тартыныс бар. Балалар Өмірзая қарт пен Жансірінің жұмбақтап сөйлеген сөз мәнісін жабық тұрғанына көп болған бір бөлмені ашқанда ғана барып ұғынды. Іші лық тола компьютер. Жерде шашылып жатқан тоқтан аяқ алып жүргісіз. 

–Кіріңіздер, – компьютерлерді қосқан ол кенет қонақтары барын ұмытып кетсе керек, экранда қылтиып шыққан ойынын ойнай кетті. Балалар да не үшін келгендерін ұмытып кеткендей-ақ айналасын қаумалап жаңағы ойынға еніп кетердей үздіге қарайды. Дәкеннің даусы жарқын шықты.

–Оңға-оңға, енді солға. Бәрекелді!

–Беріңізші біз де ойнайық, – Керім компьютерді сағынса керек. 

–Таласпаңдар, кезекпен ойнаймыз. Көрдіңдер ме, бұндай компьютер білдей патшалықта менде ғана бар, – деді ол ойыннан көзін алмай.  Балалар да экранға шұқшиып. 

–Неге жалғыз сізде ғана бар. 

–Себебі, мен патшалықтың ең сенімді айтишнигі болғанмын. Уақыт өте келе патшалықта патша өзгерген соң... – жан жағына жалтақ-жалтақ қарап, – тш-ш-ш, саяси көзқарасым үшін жұмыстан шығып кеттім. 

–Сонда сіз хаккерсіз бе, аға? 

–Тәйт. Тыныш. Біреу-міреу естіп қоймасын мына сөзіңді, – қайта мониторға тесіліп, – иә, – деді масаттанып. 

–Жолдастар! – деді осы кезде таныс дауыс. Төртеуі монитордан бұрылып қараса Өмірзая қарт тұр. Оның бар-жоғын ұмытып кетсе керек. – Не үшін келгенімізді ұмытып қалдыңыздар ма? 

–Не үшін келдік? – деді осы кезде балалар жамырап.

–Мына хаккер мырзаның көмегімен сіздерді виртуалды әлемге жібермекпіз. Олар біздің арамызға нешеме тыңшылар жолдады. Ол тыңшылардың тамыры тереңге кеткені сонша, сарайдан бір-ақ шықты. Сондағысы олар біздің патшалыққа нендей қитұрқы жоспар құрып жатқанынан бейхабармыз. Сендер виртуалды әлемге тыңшы болып аттаныңдар, әрине, қарсы болмасаңдар?

–Қарсылығым жоқ, – деді Нүкебай. Дәкен мен Керім оны қостап бастарын изеді, – бірақ қалай барамыз?

–Қалған жұмысты мына Жансірі ағаларыңа қалдырыңдар?   

Ол қалған мониторларды қосып, әрқайсысының пернетақтақтасын сатырлатып әлдебір жазулар жаза бастады. Әлден уақытта қабырғадағы интерактивті тақтаға әлдебір сандар мен QR шықты. 

–QR-ды сканерле! 

–Қалай, – деп сасқан Нүкебай қалтасынан жоқ телефонын іздей бастады. Өмірзая қарт сақалын салалап тұрып:

–Бойтұмарыңа қара! – деді. Ол тұмарына қараса, қақ ортасында ақшыл түс жанып тұр. «Демек, бұл тұмар порталдың кілті боп тұр ғой» деп ойлаған бұл интерактивті тақтадағы QR-ға тұмарын тақады. Сонда жарқ еткен сәуле ар жағында бір кеңістік пайда бола кетті. 

–Барыңдар! – деді Жансірі. – Ал Керім сен осында қал! Достарың өздері-ақ бұл мәселені шеше алады, – Қорқақтап тұрған балаларға Өмірзая қарт тіл қатты. 

–Нендей хабар болмасын бізге бәрі маңызды, - деді. Екі дос порталдан аттап өтіп, виртуалды әлемнен бір-ақ шықты. Үлкен залда роботтар, қара кітап кейіпкерлерімен қатар жалғыз алып экран жиналыс өткізіп жатыр. Сөздерінің төркіні кітап патшалығы жөнінде. Кенет араларынан бұларға таныс адами дауыс шықты. 

–Мәртебелі әміршім! Біздің керемет жоспарымызды бұзған әлгі үш бала. Сатқын министр ақыры балаларды ұстап, тұтқындағаныңыз жөн болған екен. Ендігі жоспар қандай?

Алакөлеңкеде тығылып тұрған балалар бір-біріне «таныдыңдар ма, мына дауысты» дегендей көздері шарасынан шыға қарады. «Ергежейлі». Виртуалды әлем әміршісінің дауысы естілді артынан.

–Ендігі жоспар мынандай. Әрқайсысың жұмыстарыңды мұқият атқарыңдар. Ең алдымен, Шаһдат патшаның орнына қаржы жөніндегі министрін патша етіп қоямыз. Соғыста жеңіске толықтай жету үшін кітап кейіпкерлерінің санасын улап, үздіксіз өз әуездерімізді тыңдата береміз. Саяси жалған ақпараттарды БАҚ арқылы тарататын боламыз. Бізге қарсы шыққандарды халық жауы етіп көрсетеміз. Қысқасы, кітап патшалығын толықтай уысымызда ұстасақ, Жер бетіндегі адамзат санасы өздігінен-ақ біздің құралға айналмақ. 

–Керемет, – деді сонда Ергежейлі оны қолдап. Роботтар мен қара кітап кейіпкерлері де кезекті тапсырмаға сақадай сай. 

–Бүгінге дейін берілген тапсырмалардың дені өте жақсы орындалып келе жатыр. Аз-маз қателіктер демесең, жалпы жаман емес. Енді алда істейтін жұмыстарың: Роботтар шығыстан, қара кітаптағылар батыс қапталдан патшалыққа шабуыл жасап, бәрін, жас па, кәрі ме қарамасатан, жермен жексен етіңдер.            

–ҚҰП!

–ЛӘППАЙ!

–Ергежейлі, сен патшалық пен жер бетінің арасындағы порталды мәңгілікке жап. Жер бетінен енді бір де бір адам мұнда аяқ баса алмайтын болсын. Сенің жер бетіндегі миссияң біз кітап патшалығын толық жаулап алған соң аяқталады. Ал адамзат арман-қиялы онсыз да күйреп, мәңгүрттене түседі. Сен сонсоң кітап патшалығының емес, виртуалды әлем патшасының кеңесшісі атанасың. Ешқандай да кітап патшалығы болмайды. Ешқандай адам армандамайды, қиялдамайды. Ізгілік атымен жойылады. Тек, мені мен менің әскерім ғана қалады, – деді әмірші даусы зорайып. 

Осы кезде балалар мәжілістің таяп қалғанын сезіп, ұсталып қалмау үшін, өздері келген жақ; ала көлеңкедегі қабырғада көрініп тұрған QR-ға тұмарды сүйкеп қалды. Кітап патшалығына енетін портал қайта ашыла бергенде Ергежейлі әлдене сезгендей жан жағына қарағыштай берген-ді... Ойламаған жерден бұлардың қасына Ергежейлі бір топ жасыл андройдтарымен жетіп келді. Екеуі дағдарып тұр. Бұлардың сасқанына сын көзбен қарап тұрған Ергежейлі кенет:

–Мені бір рет тұзақтарыңа түсірдіңдер, ендіге менің тұзағымның қандай екенін көресіңдер, - деді миығынан күліп. Басын бір жанына қисайтып, қолтығына  әлдебір кітап қыстырған күйі бұлардың қасынан өтіп бара жатып, қолын көтерді де андройдтарға бұйрық берді.

–Соңымнан ертіп жүріңдер! 

Жасыл, мүйізді андройдтар бұларды қаумалап алдыға қарай сүрелеп келеді. 

–Тапқан екен ақымақты. Менімен ойнағыларың келген екен, ендеше ойынның көкесін көрсетейін! – деді де бұларды сүйрелеп отырып жазық бір аймаққа алып барды. Тек бірер шоқы ғана көзге ұшырайды. Тастақ жердегі жартасқа Ергежейлі көз тастады. 

–Мына жар – ұйықтап жатқан айдаһар. Бұл осы мекеннің тыныштығын күзетіп жатыр, – деді кәдімгі жартастың кедір-бұдыр тасына көз тастап тұрып. Расында да бұларға төніп тұрған тас айдаһарды елестетеді. Ал мына жазық ми дала кезіндегі кітап патшалығының жер телімі болса керек. Виртуалды әлемнің меншігіне өткелі бері бір шетінде сынақ тәжірибелері өтіп жатыр: ұшатын көлік пен велосипедтер, ол аздай әуе кемелері кеңістікке зымырап барады. Ары-бері айналсоқтап жүрген роботтардың санында есеп жоқ. «Оларды басқарып отырған Виртуалды әлемнің әміршісі мен профессор Гейтс» деп ойлады Нүкебай. Анықтап қараса  зымырандарға әлдене тасып жатқанын көзі шалды. Жақындай бере не істеп жатқандарын енді аңғарғандай болған. Том-том есепсіз кітаптарды әуе көліктеріне тиеп жатыр. 

–Мына кітаптар басқа планеталарға, ешкімнің қолы жетпейтін мекендерге кетеді. Неге? – деді Ергежейлі бағанадан бері оң жақа қисайтқан басын, енді сол жақа еңкейте бұрып. – Себебі, бұндай кітаптарды оқып алған адамдар жаңалық ашуға, ақылдымсынуға жаны құмар. Ал, бұйрық пен билікке көнбейтініне не дерсің. Олар сендер секілді еркіндікті қалап тұрады. Ал біз үшін ең тиімдісі қоғамды өзіміздің ыңғайымызға қарай бұру. Оның оңай жолы адамзат санасын өзгертетін мынадай кітаптардың көзін жою. Кейбір кітаптар бос аралдарда қоқыс болып жатса, енді бірілерін жат планеталрға осылайша тасып, құртамыз, – деген Ергежейлі ханым қолындағы пультті басып қалып еді, иесі шақырған күшіктей компьютер-көліктің бірі жетіп келді:

–Қайда барасыз? – деді жасанды дауыс.

–Бізді ойын алаңына апар!

Компьютер көліктің есіктері ашылып бұларды ішке кіргізді. Шәй қайнатым уақыт жүрер-жүрмес бұлар ескі бір қала қирандысының тұсынан түсті. Шәр айналасы қамалмен қоршалған. Көз жетер-жетпес жердің бәрінде  мұнара мен күмбездер білінеді. Ешкімсіз, бос қаланы қарап отырып екі достың көңілдері құлазып-ақ кетті. 

–Бұл шар Кітап патшалығының астанасы болған. Ең үлкен кітапхана осы қалада болған деседі. Енді көріп отырсыңдар халі нешік. Бүкіл қала тұрғындары қуықтай ғана Шаһдат патшаның шаһары айналасына үйірілді де қалды. Мына жапан дала, көз жетпес, құс қанаты талар мекеннің бәрі енді біздікі. Ал енді Шаһдат патшаны тақтан құлату сөз емес. Соңғы бір соққы ғана қалды, – деді Ергежейлі айтқан сайын айызы қанып. Қала қақпасын ашып бір топ андройдтар мен балалар ішке кірген соң, қаладан көрінгені мынау болды: Қала ортасындағы алаңқайда амфитетардың орыны білінеді. Ал бергі жағында сауда орынының орталығы болған базар болса керек. Ал анау бір атызда кезінде сарқырап аққан өзен болған сыңайлы. Алып анау бір ағаш қана құламай тұр. Өмір ағашына қатты ұқсас. Тек бұл жапырақсыз, қурауға шақ қалған. Үлкен бір сарайдың алдына бұлар жуықтаған соң Ергежейлі қолтығындағы кітапты қолына алды. Кітап ішін ашып еді, ішінде кітап парақтарын ойып кілтке орын қалдырған қуыс тұр. Соның арасынан бір көне кілтті шығарды.     

–Менімен ойын ойнағыларың келген екен, – деді балалардың кезінде кітапхана порталының кілтін алдап алып, жертөлеге жасырын кіргенін есіне түсіріп, – ...олай болса, ойнайық, - деді де мысқылдап, қолындағы кілтпен сарайдың көкшіл есігіндегі құлыпты ашты. Есік сықыр-сықыр етіп, ыңырана ашылды.

–Ал кіріңдер! 

Нүкебай Дәкенге, Дәкен Нүкебайға қарап ойланып тұр. Бәрібір бұлардың басқа таңдауы да жоқ. Қаумалап тұрған андройдтар екеуінің әрбір адымын мүлт жібермей бақылуда ұстап тұр. Екеуі демдерін іштеріне тартып, шешелері үйреткен дұғаларын қайталап ішке енді. Тарс етіп соңдарынан есік жабылды. Бірден екеуі есікке қарай ұмтылып, ұрғылап, айқайлай бастады. Өйткені айналаның бәрі тас қараңғы болатын. Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Құдды бір мына маң үнсіздікті жұтып алғандай. Екеуі есіктен алыстамай тұрған беті сол екен, кенет жарық қосылды. Кәдімгі театр іші секілді. Оң жақ дәліздің шетінде фуршет тұр. Дастархан үстінде шоколодтан бұрқақ атқылап жатыр. Одан өзге неше түрлі дәмді тағамдар мен тәттілердің есебі жоқ. Екі бала қарындары ашса керек қалай дастарханға жетіп барғандарын аңдамай да қалды. Енді, фуршеттегі бұрқақ шоколадқа бармағын батыра беріп Дәкен кілт тоқтап қалды.

–Нүкебай?

–Не?

–Мынау сағым екен, - деді төбеден түсіп тұрған лазерге көз жіберіп. 

–Қап, білгем осындай бірдеме болатынын.

Кенет жоғарғы там бұрыштарына орналасқан дыбыс бағаналарынан таныс дауыс естілді:

–Ал ендеше ойынымызды бастайық! – Ергежейлінің үні. – Ойынымыз бірнеше кезеңнен тұрады. Егер аман-сау өтсеңдер кітап патшалығына қайтарамыз. Ал егер өте алмай қалсаңдар осы ойын ішінде айналсоқтап жүресіңдер де қоясыңдар. Ойын шегіне жеткенде зындан сендерді қарсы алады. Ха-ха-ха-ха, – деп айналы жаңғырта үрейлендіре күлді. 

«Ойын» дегенде әншейінде оттай жанатын екеуінің көзі бұл жолы өлімсіреп тұрған білтедей еді. Себебі, бұл ойынның ар жағында өз өмірлерінен бөлек Өмірзая қарттың жауапкершілігі тұрған. 

–Ендеше бастадық! – делінді дыбыс бағаналарынан. – Бірінші тур сендерге оңай болсын: «Көксерек» деп аталады. Бұны аулада балалармен күнде ойнап жүрген боларсыңдар. Екеуің сахнаның екі шетіне тұрасыңдар. Сендерден аумайтын лазер сәулелелері әр қимыл-әрекеттеріңді бұқпай қайталап тұрады. Бір-бірлеріңді тапсаңдар ғана келесі турға өтесіңдер. Ал таппайынша ойын бірнеше мәрте қайталанып, соңында жеңілсеңдер, зынданға тасталасыңдар. Келістік, кеттік. 

–Дәкен, мына ойынды сен білесің бе? 

–Білмегенде ше?! 

–Әйтеуір, қыздар ойнап жатушы еді ғой есік алдында.

–Сен де бір... – деп Дәкен оған назын айта бермекші еді:

–Сахнаның екі шетіне тұрыңдар, - деген дауыс естілді. Екеуі екі шетке тұрған соң дәл өздерінен айнымайтын он шақты лазер сәулелері бұларды торлап алды. Шындап келгенде тіпті өздерінің егізі ме дерсің. Әрбір қимыл әрекетін қайталап жатыр. Бұлар сөйлеген сайын жан жақтан қосылған үнтаспа дауыстарын теңдей бөліп кім айтып жатқанын біліп болмайсың. Осы кезде қолдарыңнан ұстаңдар деді. Сахнаның мына шетінде он Нүкебай, ана басында он Дәкен егіз сәулелелердің қолдарынан ұстап сақадай сай тұр. Кенет дыбыс бағанасынан:

–«Ақ серек, көк серек, бізден сізге кім керек», - деді.

–Маған Дәкен керек, - деді Нүкебай сасқалақтап. 

–Қай Дәкен?

–Оң жақтан үшінші тұрған... Жо-жоқ оң жақтан төртінші... Жоқ... мейлі... сол болсын... 

–Таңдау қабылданды. – дегені сол әлгі Дәкен жүгіріп келе жатып бұның қолын қағып өту керек болған. Ол болса, жылтырап өтті де кетті, сөйтсе лазерден түскен сәуле екен. Қателескені үшін сан соғып қалған Нүкебай біраз уайымдай түсті. Таңдау енді Дәкенде. Ол қипақтап біраз тұрған.

–Сол жақтан екінші, - деді әр сөзін шегелеп өзіне сенімді түрде. Осы кезде Нүкебайдың егіз сәулесі жүгіріп барып ол да жоқ болып кетті. Осылайша ойын ұзаққа созылды.  Не керек, біраз уақыт өткен соң балалар жалығып, шаршай бастады. Кенет Нүкебай үміті үзілгендей басын салбыратып тұрғаны сол еді, қолы қағылып өтті. Жүгіріп келген шынымен де Дәкеннің өзі. 

–Бәрекелді!  - деді осы кезде дауыс, – келесі турға қатысу үшін шымылдықты ысырыңдар, - деді. Бұлар дауыстың дегенін екі етпей шымылдықты ысырып қалғаны сол, бұларды қараң-құраң еткен роботтар күтіп алды. «Need for speed» ойынына қош келдіңіздер!» деген жоғарыда тақтайша ілініп тұр. Бұлардың алдында су жаңа porsche.

–Мәссаған, мына көлікті қара! Не деген әдемі. Ойынын ойнаушы ек, енді шынымен айдайын деп тұрмыз. 

Шет жақтағы экраннан Ергежейлінің бейнесі көрінді. 

–Ал балалар екінші турды бастайық. Бұл ойынды білетін шығарсыңдар. Жылдамдықты барынша асырып, басқа көліктермен жарысқа түсесіңдер, – дегені сол бұлар айналасына бажайлап қараса өздерінікі сияқты көптеген көліктер тізіліп тұр. Бірақ оларды айдап жатқан ешкім жоқ. Компьютермен жүретін болса керек. Ал компьютер монитордың ар жағында отырған Ергежейлінің қолында. 

–Демек біз ойын ішіндегі кейіпкерміз де, ал ергежейлі компьютер ойнап отырған ойыншының нақ өзі ғой, – деген Дәкен қызыға бастады. Әлгінде ғана шаршап тұрғандары басылса керек. 

–Көлікті мен жүргізейінші, - деді Нүкебай жалынғандай. 

–Жоқ, мен жүргізейін. 

–Сен өзі бұл ойынды ойнап көріп пе ең?

–Иә, сенің үйіңде екі-үш рет ойнап едік қой...

–Ал мен мың рет ойнағам. Трассаны жатқа білемін. Қай көше, қай көшемен қиылысатынына шейін жадымда. – деді Нүкебай өз-өзіне сенімді түрде.  

–Жарайды, отыршы, көрелік! – екеуі көлік ішіне жайғасқан соң көліктің іші-сыртына қарап алды. 

–Мына мәшинені айдап біздің аулаға кіріп барсаң ғой, шіркін! Достардың барлығы үйіліп қасыңнан шықпайтын еді, – деді Дәкен көз алдына елестетіп. 

–Ал мен осы темір тұлпармен мектепке келер ме едім. Әмбе оқушының ішін мысық тырнап өткендей болатын шығар, – деді Нүкебай өз ойына өзі қуанып кетіп. 

–Әзір болсаңдар, бастаймыз! 3-2-1, кеттік, – дегені сол, ойларын жинап үлгермеген балалар күмілжіп тұрып қалды. 

–Мынаның қайсысын басады-ей? – деді Нүкебай соншама көп тетіктердің қайсысынан бастарын білмей. 

–Өй, сен жаңа білемін деген жоқ па едің? 

–Білуін білемін ғой, тек қолымда компьютер тышқаны мен пернетақта болса... 

–Орын ауысайық, тұршы былай, - деп екеуі орын ауыстырды. – Жолды айтып отырасың. Мен де қатырып білемін деп айта алмаймын. Ауылда бір-екі рет ағамның көлік айдап үйреткені бар еді. Мынау енді автомат-коробка екен, түк те қиыны жоқ. Газ бен тежеуіш қана. 

–Енді, біледі екенсің тез-тез болсаңшы. Қалып қойдық қой, - деді Нүкебай шыдамсызданып. 

–Тұра тұршы. Орындығымды жақындатып алайын. Газ-тежеуішке аяғым жетпей жатыр. Белдігіңді тағып ал. – деді де көлікті оталдырып газды басып қалғаны сол екен, зымырандай зу ете қалмасы бар ма.

–Жәй-жәй айда, - деді Нүкебай шошып кетіп. 

–Қазір-ақ қуып жетіп аламыз.  Қайда бұрайын?

–Оңға бұрыл, көпір астына!

–Мәссаған, мынау өзі жалт-жұлт еткен түнгі қала көрінісі не деген тамаша еді. 

–Техас та ма, Лас-Вегас та ма, әйтеуір шетелде жүрміз ғой. 

–Осы қарқынмен Қазақстанға айдап барсақ қанша сағат?

–Әй, қатырасың, ол мүмкін емес қой. 

–Неге?

–Енді өзің ойлап қарашы; Біз кітап патшалығындамыз... Маған емес жолға қара... Одан соң, Виртуалды әлемге келдік, сонсоң мына компьютер ойынының ішіне өттік. Енді ойлай бер мына порталдың ар жағына шығу үшін қанша шақырым жүру керектігін...

–Міне, саған айттым ғой қуып жетіп аламыз деп, – қараса алдарында әлгі бұлармен бірге шыққан жарыс көліктері қаз-қатар зуылдап келеді. Кенет олардың арасын бұзып-жарып өтіп те кетті. Бір уақта бұларды қуалап келе жатқан әлдебір сары түсті көлік келіп бұлардың артқы бамперін соғып қалды. Намыстанып қалған Дәкен тежеуішті тез басып қалып, оны жолдан тайдырып кетті. Не керек, екі бала  «Олай қаш, бұлай қаш» деп отырып әйтеуір мәреге де бірінші болып жетті-ау. 

–Міне, көрдің бе, көлікті өмірде айдаған мен ойында айдаған – екі түрлі, – деді Дәкен мұрнын көкке көтеріп, иығын қиқаң еткізіп. 

–Біз сонда қай жақтамыз қазір? – деген Нүкебайға не дерін білмей ойланып қалған Дәкен:

–Әрі ойында, әрі өмірдеміз, - деді жауап тапқандай жұлып алып. Кенет барлық шам жарықтары сөніп, айналаны түнек басты. Бұларды сүйрелеп әлдебір көлікке отырғызып басқа бір мекенге апара жатты. Жасыл түсті мүйіздей антеналардың ғана сәулесі көзге шағылысады. Бұлар – қарақшы-андройдтар екені шүбәсіз. Әлден уақытта шам қайта жанып алдарындағы кішігірім монитордан Ергежейлінің бейнесі тағы білінді:

–Сендер өзі нағыз ойынпаз екенсіңдер ғой! Тағы да кітапқа жандарың ашып қояды. Үшінші турдан қалай өтер екенсіңдер, көрейік, бәлем! Бұл ойын сендерге таныс «Құпия қазына аралы» деп аталады. Ойын барған сайын күрделеніп келеді. Бұл ойынның ендігі бір ерекшелігі таймермен есептеледі. Яғни, дәлме-дәл 10:00 болғанда уақыт тоқтайды. Дер кезінде үлгеріп, қазынаны тапсаңдар, бұл ойыннан да өттім дей беріңдер. Ендеше, басталды! – деген Ергежейлі таймерін қосып қойды. Балалар айналасын бір шолып шықты. Үлкен бір арал. Қазына қай жерінде екенін Құдай білсін. 

–Қазынаны табу оңайға соқпас.  

–Менімше, алаңдаудың қажеті жоқ, – деді Дәкен қашанғы өзінің барлаушылық қызығушылығы ояна түсіп, – бізге қажеті қарита. Ол бізге қажетті қазынаны табуға көмектеседі. Сонымен болды. Түк те қиыны жоқ, – деді өзіне сенімді дауыспен. 

–Ал картаны қайдан табамыз?

–Білмедім. Әйтеуір іздеп тапсақ болды. 

–Оны іздегенше уақыт жоғалтпай қазынаны  бірден іздемедік пе? – деді Нүкебай оның не айтқысы келгенін әлі түсіне алмай. Дәкеннің де миы ашып кетсе керек:

–Қайсысын іздесең де, әйтеуір тапшы, – деді расымен де уақыттың шектеулігі есіне түсіп кетіп, – ең бастысы қазынаны табу үшін бір де бір ишарат-белгіні көзден таса қып алмау керек, - Дәкен орман ішін аралап әр жерді тінтіп кетті. Ал Нүкебай оның сөзін саралап тұрып іштей «ишарат» деп қайталай берді. Аяқ астына қараса қап-қатты. Бірақ, басып тұрғаны топырақ. «Топырақ мұндай қатты болмаса керек» деп ойлады да, кірлеген красовкасымен тепкілей түсті. Қос қолдап жерді тырмалай бастағаны сол екен, қап-қатты тас шықты. Бұны көрген ол Дәкенді шақыруға асықпады. Көз жеткізіп алуды ұйғарды. Осылай қазбалап отырып кәдімгідей үлкен шеңбер шыға келді. Шеңберде жалғыз-ақ белгі тұр, ол сызық. Сызықтың ұшы жарды көрсетіп тұр.     

–Дәкен? – деді шыдамсызданған Нүкебай. Алыстан оның да даусы естілді.

–Не болды? 

–Келші мұнда?

–Мазаламашы. 

–Мен тапқан сияқтымын.

–Мен де... – деген ол сәлден соң қолына бір қарағайдың қабығын ұстап алып келді. – Мынаны қарашы. Мұнда бірдеңе жазылып тұрған сияқты. Үлкен қарағайдың қақ ортасындағы қабық жерге сұлап түседі. Ал ол қабықты бір тірі пенде баспай, бұзпай өтеді. Не шіріген жері жоқ. Демек, оқи алған адамға карта осында жасырулы, – деді терең ойланған адамша қабағын түйіп. 

–Қан-і, - деп қараған Нүкебай қабықтан түк те ұқпады. 

–Бұдан көрі маған мынау түсінікті сияқты, - деп оған сызықтың ишаратын көрсетті. Дәкен оның бұл тапқырлығына қуанып кетіп.

–Сонда... қазына мына жартаста болған боп тұр ғой. Қалай, ә! Тез таптық. Жүр, көрейік, – деді де екеуі жартастың ар жақ, бер жағын айналып, тасын ұрып көрді. 

–Түсінсем бұйырмасын, – деп Дәкен басын қасып қойды. Осы кезде күн қызылиектеніп ұясына қонып бара жатқан. Сол сәтте әлгі сызықтың ишараты тұрған тұсқа Нүкебайдың көзі байқаусызда түсе қалмасы бар ма. Алғашында аңғармай, кейін қайта қарағанында байқағаны – таңбаланған түрлі жазулар білінді.   

–Ананы қарашы, мынау қай тілде! Құдай-ау біз қазақ тілінен басқа тіл білмейміз ғой, – деп Нүкебайдың жан даусы шығып кетті. 

–Бір білсем мынау көне түркі жазуы. Анам ежелгі дәуір тарихы пәнін қинап оқытқан болатын. Қателеспесем Күлтегін дастанында кездесетін сөз. Содан есімде қап кеткен. Сол таңбалардың біреуіне ұқсап тұр.

–Ол таңбаның мағынасы қалай еді?

–Мен нақты білмеймін, тек ұқсап тұр.

–Енді айтшы?

–«Сеңгір көк» - деген сөзге саятын болса керек.       

–Сеңгір көк, сеңгір көк, – деп қайталай ойланып тұрған Нүкебай тау шатқалдарына көз жіберді. Қараса таулардың  арасынан бірі менмұндалап тұр, ең биік, шыңы көкке жетер-жетпес. 

–Сен айтып тұрған сөз рас болса меніңше анау тұрған шыңға шығуымыз керек, – деп таудың бұлт басқан биігін нұсқады Нүкебай.

Екі бала орман жағалап таудың шыңына қарай жол тартты. Алдарынан итқұс келіп қалар ма деген үрей де жоқ емес. Не керек тау шыңына жетем дегенше жарым түн болды. Таңғы 10:00-ге дейін үлгеру керек. Сәл мызғып алған екеу жолдарын қайта жалғады. Таң қылаң беріп айнала нұрға шомылған шақта, діттеген жеріне де жетті-ау. Алайда құз басында тұрған жалғыз бәйтеректен басқа ештеме білінетін емес. Ал бәйтеректе қыранның ұясы және байқалады. Дәкен не де болса осы ұяда болар деп қараса, қателеспепті, алақандай ғана карта алып шықты. Бұны көріп қуанған ол:

–Жарайсың, Нүкебай! Сенен кәдімгідей жақсы тыңшы шығатын түрі бар, - деп досын көтермелеп қойды. Ол да мәз болып, бір марқайып қалған. Алайда, екеуі картаны ары-бері аударып, оқи алмай дал болды. «Әкел, маған берші », «Жоқ, маған бер» деумен зерттеп-зерделеумен біраз әуреленді. 

–Уақыт өтіп бара жатыр? – деді Нүкебай өздерінің әлі қазынаны таппағандары үшін қынжылып. 

–Бұл жақтың уақытын білмейсің бе? Тасбақаның жүрісі сияқты баяу емес пе?

–Ол кітап патшалғының уақыты. Ал біз қазір ойын алаңындамыз. Ұмытпа, мұнда уақыт біздің әлемдегідей. Сол себепті бізде бар-жоғы бірер сағат қана қалды. 

Екеуі картаны айналдырып зерттеп-зерделеумен әлек. Сөйтсе картаның қақ ортасындағы шеңберге бір үйлесімді нәрсе сұранып тұрған сыңайлы. Нүкебай кезінде қарттың берген тұмарын картадағы шеңберге қойғаны сол, жоғарғы жақтағы нүкте жанды да қалды. 

–Міне, ғажап. Мынау, сонда оңтүстік шығысты көрсетіп тұр ғой, – деп қуанып кетті Дәкен. Екеуі солай қарай жүгіре түсті. Асығу керек, әйтпесе, таймер таяп қалды. Келген жерлеріне жетсе алдарынан айнадай ғана көлшік көрінді. Екі дос көлшікпен жүзіп өтіп, тереңін тінтіп әбігер. Десе де, ештеме табылатын емес. Тек көкке шағылысқан көлшік үстінде өздерінің бет-әлпеттері ғана қараңдайды.

–Енді не істедік? Қазынаны таппадық. – деп Дәкен күйгелекетенді. 

–Мұнда бір сыр бар. Соны таппай тұрғаным... – деп Нүкебай қанша мәрте ойланғанымен ойы онға, санасы санға бөлінді. 

Таймердегі секунд таусылса керек, ауада сәулеленген экран шықты да ар жағынан Ергежейлі көрініп:

–Сонымен, қазынаны таптыңдар ма?

–Картаны табуын таптық. Ол осында алып келді. Бірақ қазына жоқ. Мына көлшік түбінде шығар деп ек, онда да болмай шықты, – деді Дәкен өзінің ұтылып қалғаны үшін жыламсырап. 

–Ойын шарты бойынша мен сендерге сұрақ жасырам. Дұрыс жауап берсеңдер, ойын аяқталып, жазаларың жеңілдейді. Ал қате жауап берсеңдер, жаза қатаң қолданылып, зынданға тасталасыңдар. Ендеше, қазына қайда? – деп сұрағын қайта қойды. 

–Қайта-қайта бір сұрақты қоя бергені несі, – деген Дәкен шамданып қалды. Осы сәтте сұрақтың мәнін түсінгендей Нүкебай Дәкенге қарап ойланып тұр.

–Бері келші, көлшікке жақындашы, – деді оның қолын өзіне қарай тартып. Екеуі айнадай судан өздерінен басқа ештемені көрмей әлі тұр. Жұлып алғандай Нүкебай:

–Қазына дегеніміз – адамның қара басы, және қасындағы жақсы жолдасы, – деді дұрыс жауап берген шығармын деп үміттеніп. Ергежейлінің осы кезде «мына, бәле, қалай ғана тауып қойды» дегендей түр-әлпеті бұзылып кетті. 

–Қазынаны дұрыс таптыңдар. 

Екеуі қуанғаннан орындарында секіріп, бір-бірімен алысып-жұлыса кетті. 

–Ал мына аймақтан шығу үшін тікелей теңізге қарай тартыңдар. Содан жүзіп отырып келесі жағалауға бір-ақ шығасыңдар, – деді де күлгін экран жоқ боп кетті.

Бұлар Кітап патшалығы қайдасың, деп кезекті саяхатына қарай бет бұрды. Алдарында не күтіп тұрғаны белгісіз, жұмбақ. Тас жағалауға жеткенде ауыздары ашылып, аңқайды да қалды. Екеуі қиыры жоқ теңіздің арғы бетіне жүзу ақылға қонбайтынын түсініп, қарап тұр. Қарындары ашса керек, амалсыз ежелгі дәуір адамдары құсап балық аулап, тасты тасқа ұрып от жақты, ормандағы түрлі-түрлі жемістерді жинап талғажау етті. Сөйтіп бойларына қан жүгіріп, асқазандарына нәр барып көңілдері көтеріле бастады. Теңіз толқыны жағаға қарай үздіксіз соғылып, жайылып жатыр. Арқырап, сарқырап, бұрқырап келеді де жағаны көме қалады. Төсектегі көрпеге  таласқандай теңіз толқыны – бірде алдыға ұмтылып, бірде артқа шегінеді. Осы көрініске енді назар аудара бастаған балалар, теңіз толқынындағы тұлпар бейнесінің рас-өтірігін аңдай алмады. 

–Жүр, жақындап көрейікші, – деді Дәкен жағаға қарай жақындап. Ал жағадағы толқын – кәдуілгі қазанаттар екен. Шауып келеді де тұяғымен жағадағы жартасты бір теуіп қайта шегініп кетеді. Қызыққаны сонша Нүкебай қазанаттың бірін жалынан тартып, үстіне қарғып мінді. Сол екен, әлгі толқын-ат алды артына қарамай шапқылады-ай кеп. Артына көз тастаған Нүкебай өзінің соңынан тағы бір толқын-тұлпарға мінгесіп келе жатқан Дәкенді көзі шалды. Ал жағалау барған сайын алыстап барады. Жан-жағы – шетсіз теңіз. Көз алдына ауылда жалаң аяқ жаңбырдан кейінгі лай-суды кешіп жүгіргені есіне түсіп кетті: Толқын-тұлпардың тұяғы теңіз бетінде шолп-шолп етеді. Ал көкшіл теңіз көгілдір аспанның көбесімен астасып, матасып кеткендей. Құдды бір аспанның өзі теңізге айналып кеткен бе дерсің. Осы кезде ұшатын көлікке мініп алған Ергежейлі бұларға дүрбімен қарап көкте ұшып келе жатты. Ауын дәлдеп бұлардың үстіне тастап жіберіп еді, балалар бұғып үлгерді. Бұл айла бірнеше мәрте қайталанды. Жаңа үлгідегі әрі көлік, әрі қайық ендіге су бетімен бұларға қарай жүзе ұмтылды. Тұлпар-толқындарға да жан керек болды ма, шабыстарын баяулатып тоңқып қалып екеуін тоңқалаң асырды да теңіз бен теңіз боп кетті. Теңіз астының өзі бір әлем екен; сегізаяқ, медуза, акула, сан мың түрлі балықтар мен теңіз жәндіктері бұларды қаумалап алды. Ал алыстан сүңгуірқайық және көрінеді. Ергежейлі тағы бір әскерін соңдарынан жібергені күмәнсіз. Адам болған соң екі дос су астында тұншыға бастады. Тұлпар-толқындары тек теңіз бетінде ғана шығатын болса керек, теңіз астында екеуі шарасыз халде қалды да қойды. Нүкебай қол-аяғын қимылдатып, арпаласып жатыр. Оның жүзе алмайтынын көрген Дәкен қолынан тартып теңіз бетіне шыға бермекші еді, сүңгуірқайық ауын тастап қалды. Ауына енді іліне бермекші болған бұларды су перісі келіп тартып кетті. Қараса ай десе аузы, күн десе көзі бар бикеш екен. Су перісі боп жүргені болмаса, жер бетіндегі сандаған жігіттердің арманы ма дерсің. Тұншығып, аласұрып жатқан бұларға не қажеттігін біліп-ақ тұрғандай, екінші бір су перісі екі акваланг әкелді де мұрындарына тақай берді. Уф, ауаға жеттік пе дегендей екеуі екілене ауа жұтып, бір жарып-ақ қалды. Су перілері бұлардың қолдарынан тартқан күйі теңіз тереңіне бата берді, бата берді. Кенет құлақтарына сыбырлады:

– Біз де кітап патшалығының тұрғынымыз. Теңіз тереңінде виртуалды әлемнен тығылып қалдық. Сіздерді мына теңіз асты түнеліне алып келдік. Осы жерден қала орталығына шыға аласыздар. Бұл жер дұшпандардан сақтану үшін кезінде салынған,  – деді су перілері жанашырлық танытып. Құбырлы құдықтың темір есігін ашып, екі балаға қол бұлғап су перілері қалып қойды. Екеуі құбырды жағалап ұзақ уақыт жүріп отырды. Бір-біріне қарап: «Қандай жақсы болды, патшалықтың орталығынан бір-ақ шығамыз» деп мәз болысты. Құбырлы құдықтан аман-сау әлгі қураған діңгектің  ішінен бір-ақ шықты. Ағаш ішіндегі ойықтан бастарын қылтиып шығарғандары мұң екен, әлгі патшалықтың бұрынғы орталығы болған қала қирандысына  тап келді. Қуаныштары су сепкендей басылды. Су перілері бұл шәрдің әлдеқашан жермен жексен болғанын, астана басқа қалаға ауысқанын білмесе керек. Сонда да, әйтеуір, бас аман шыққандары үшін шүкірлерін айтып екі дос сапарларын жалғастыра түсті. Алайда бағана Ергежейлі алып келген ізден ауытқып, басқа жолға түсіп, ұзақ уақыт адасып қалды.  Кісі қарасы көрінбейді. Айнала тып-тыныш. Тек алыстан жүрдек пойыздың тарс-тұрс еткен екпінді үні құлаққа әнтек жетеді. 

–Нүкебай, жақын маңда пойыз жүретін секілді. Жүр, жапан далада арам қатқанша, соған міне кетейік. 

Екеуі жолсызға жол салып, соны із тастап ақырын адымдай берді. Темір жол рельстеріне жеткенде Нүкебай жата қап құлағын рельс теміріне тақады. Көзін жұмып алған. Стетоскоппен науқастың кеудесін тыңдап отырған дәрігер құсап тың тыңдап отыр. Басын көтеріп «жақындап қапты, мініп үлгерейік» деді. Әлден уақытта жүрдек пойыздың жүйткіп келе жатқанын көрді. Жылдамдығы бәсеңситін түрі жоқ. Екеуі қолдарын қайта-қайта бұлғай береді. Ал пойыз жақындай бере жүрісін баяулатып, ақыры тоқтады-ау. Төбесінде әлдене жазулы тұр. Екеуі анықтап қараса: «Уақыт экспрессі» екен. 

–Мына, қызықты қара!

–Бұған мініп, мүлдем адасып кетпейік, - деді Нүкебай сәл мүдіріп. 

–Бізде бұдан басқа таңдау бар деп ойлайсың ба? Біз кітап патшалығына ертерек баруымыз керек. Қария мен Керім де күтіп қалды.

–Оның үстіне виртуалды әлемнің уы барған сайын жайылып бара жатқан жайы бар. Кеттік, мінсек, мінейік. 

Пойызға кіргенде ішінде кім жоқ дейсің, жас-кәрісі – бәрі бар. Купелерінде отырған бөтен жанарларға анықтап қарасаң жүздері таныс сияқты. Бірілері терезе маңын торуылдап әңгіме дүкен құрып отыр. Қараса Гитлер мен Перғауын. Өз заманаларындағы саяси жүйе туралы аз-кем ой бөлісіп тұр екен. Ленин мен Сталин болса қорқорларын түтіндетіп отырып, терезеден өткен шаққа көз тастайды. Ал Д.Қонаев болса керісінше терезеден болашаққа қарай көз тастап тұр.  Ал анау бір жерде қабағы қатулы, көзінен қаһар ұшқындап тұрған бірі, шыны аяқ кофені ұрттап отыр. 

–Мынау Шыңғыс хан шығар.

–Кім біледі? Сол болуы да мүмкін...

Оның ар жағында тағы бір хан уәзірімен ақылдасып отыр. 

–Нүкебай мына отырған біздің ата-бабамыз Тәуке хан... 

–Сен қайдан білесің?

–Анықтап қарасаңшы алдында тұрған мемуар – жеті жарғы емес пе? Қазақстан тарихы пәні мұғалімі бізге көрсетіп еді ғой, есіңде ме?

–Расында да, сол сияқты...

Осылайша екеуі «Уақыт экспрессі» пойызындағы сан мыңдаған адамзат тарихындағы тұлғаларды көріп, қайран қалды. Кейбіреуі өмірде жасаған азды-көпті қателік пен кемшіліктері үшін бастарын ұрғылап өкініп отырса, басқа бірілері жақсылық көп жасасам етті деп бармағын тістеп отыр. Кейбір ғалымдар ой-толғаныстың ішінен әлі шыға алмай, әлденелер зерттеп отыр. Соған қарағанда олар әлі де тіріміз деп ойласа керек.  Әр вагон – әр мемлекеттің тарихынан  хабар беріп тұрғандай. Сол елдің мемлекет басшыларынан бастап, данагөй ойшылдарына шейін әлдебір сапарға аттанып бара жатты. Осындайда, бұрыннан өзіне тән қызығушылығымен Дәкен сонда отырған, басына сәлде орағанның бірісіне жақындап барды. 

–Ата, мына пойыз қайда бара жатыр? 

Жауап жоқ. Ақылгөй қаламы мен қағазынан бас алмай жазуын жалғастыра берді. Дәкен өзінің сұрағына жауап қатпағаны үшін кәдімгідей ренжіп қалса керек, бірнеше кісілерге барып сол сұрақты қайта қойды. Бірақ, ешкімнен ешбір, тұщымды жауап болмады.

–Нүкебай, байқайсың ба, мұндағы адамдардың бәрі тарихта бұрын қайтыс боп кеткен жандар екен. Біз өлілер әлеміне тап болған сыңайлымыз. 

–Біз осы қара басып өліп қалған жоқпыз ба? – деп кенет Нүкебай селт ете қалды. 

–Құдай сақтасын, сен де бір қайдағы жоқты айтып. 

–Енді, басқа не? – деді Нүкебай өзінің өне-бойын қайта-қайта тінтіп, қол-аяғын ұстап көріп. 

Екеуі ары қарай вагон-вагонды аралап жүре берді. Ең соңғы бір вагонға жетіп тірелгенде, ары қарай қайда барарын білмей абдырап қалды. Алайда, бұл вагонда өздерінен басқа ешбір жанның қарасы білінбейді. Терезе маңында отырған екеуі бір уақ терезеден сыртқа үңілді. Оң жақтағы терезеден қарап тұрса, өзгеше, сиқырлы, ғажап бір дала маңынан өтіп бара жатыр екен. Дала – жапан, түз. Бірде бір тіршілік белгісі көрінетін емес. Ал сол жақтағы терезеге қарағандары сол, ол жерде кәдімгі көне шаһарды көрді. Шаһардан зұлым патшаны бағамдады. Ал халқы құл-құтан болып, патшаның бұйрығымен өмір сүріп жатыр екен. Халықтың ішінен жалғыз бір бала ғана әлдене іздеп жүргенін көреді. Өзінің не іздеп жүргенін, өзі де білмейтін секілді. Таң атысы, күн батысы ол бала жер бетін аралап, табиғаттың сұлулығына тамсанумен болды. Ағаштардың сыбдырына, жайқалған гүлдерге, аспандағы жолсілтеуіш жұлдыздарға, жер бетіндегі барлық сырлы қозғалысқа, бәрі-бәріне қызығып қарайды да  тұрады. 

–Мына бала не істеп жүр? – деді Дәкен сұраулы жүзбен терезеге бір,  Нүкебайға екі қарап. 

–Менің ойымша мына қалада кітап атаулы атымен жоқ сияқты. Сол үшін бала ізденгісі келіп, ел мен жер кезіп кеткен секілді. 

–Табиғатты тамашалап отырғанына қарап, бірдеңе оқып жатыр ма деп ойлайсың.

–Бұл әлемді ол үлкен кітап көріп, таң атысы мен батысын – кітап парақтағандай аударып, солай ғаламды оқып жатқан сияқты.   

–Мәссаған, сонда ғаламшардың өзі бір кітап болғаны ма?

–Мына баланың зерттеп қарағанына  қарасаң солай сияқты. 

Кенет терезенің ар жағындағы әлгі ізденімпаз бала, қалам мен қағаз алып әлдебір дүние жаза бастады. Сол жазғаннан тынбай күндіз-түні жазды. «Уақыт экспрессіндегі» екі бала пойыз терезесінен осы бір көріністерден кино қарап отырғандай ұзақ уақыт көз алмады. Терезе ар жағындағы әлгі бейтаныс бала тоқтаусыз жазып жатыр, жазып жатыр. Ал оң жақтағы терезеге қайта қараса, жапан түздің ортасында жалғыз шыбық өсіп, бүрлеп келеді. Қос терезеге кезек-кезек қараған балалар әлгі ізденімпаз бала жазған сайын, оң жақтағы ағаштың үлкейіп бәйтерекке айналып бара жатқанын көріп, таңырқауда. Кенет әлгі ізденімпаз бала ержетіп, ұлы ғалымға айналып қала өркениеті мен руханиятының өсуіне себепкер болды. Соңынан мыңдаған шәкірт еріп, қаланың тыныс-тіршілігі жақсы жаққа өзгере бастады.  Ал оң жақтағы бәйтеректің саясында күллі қала сыйып кеткені сонша, ағаш аспанмен астаса жайқала түсті. Ал әр шыбығында кішкене кітаптар бүрлеп, олар да өсіп, күн өткен сайын ұлғая берді. Күні жеткенде жемісін беріп, әлгі кітаптар жерге үзіліп түсе бастады. Осылайша кітаптан түрлі кейіпкерлер шығып, жаңа қаланың құрылысын бастап та кетті. Жолдар салынды, үйлер тұрғызылды, бау-бақшалар өсірілді. Ал әлгі сол жақтағы терезедегі ғұламадан тараған шәкірттер де шәкірт тәрбиелеп, үздіксіз жазу үстінде болды. Кенет екі терезеге кезекпен қарап отырған балалар енді мұның мәнін түсіне бастағандай. Сол жақтағы терезедегі әлем – жер бетіндегі өткен өмір, оң жақтағы әлем болса – кітап патшлағының тарихы.

–Анау бір ортада жайқалып тұрған ағаш Өмірзая қарт кезінде бізді  апарған «Өмір ағашы» емес пе? – деді кенет Нүкебай даусы жарқын-жарқын шығып. 

–Мен де солай ойлаймын. Қарасаңшы екеуміздің ойымыз бір жерден шығыпты. Демек, мына пойыз – уақыт болса, біз уақытпен саяхат жасап барамыз. 

–Яғни, өлмегенбіз, – деді Нүкебай енді көзі жеткендей қуанып.

Кенет балалар сол жақтағы терезеде адамзат тарихындағы түрлі оқиғаларға куә болды. Ату жазасына кесілген ғұлама-ғалымдар, зынданға тасталған ойшылдар, жаңалық ашқан тапқырлар, бәрі де қамалып, айдалып жатты. Ал оң жақтағы терезедегі кітап патшалығында кітап кейіпкерлері арасында түр-түрлі түсініспеушілктер мен құлдыраулар орын алды. Алайда, патшалық күн өткен сайын жайқалып, жер телімі ұлғая берді. Сол жақтағы терезеде; Адамзат тарихын соғыстар жалмады, бір-бірімен қырық пышақ болған ел мен ел бір-бірінің қанын аяусыз төгіп жатты. Жер шекаралары ұлғайып, кішірейді. Бірлік туын көтергендерді мазаққа айналдырған партиялар мен ұйымдар өздерінше болашаққа жаңа жоспар құрды. Оң жақтағы терезеде; кітап патшалығына сол аралықта сан мыңдаған адамзат арман-қиялдары тура жердегідей бір-бірлерімен алысып-жұлысып  жатты. Жақсылық пен жамандықтың күресі жүріп жатқаны анық еді. Көлеңке мен жарық, ақ пен қара, ақыр аяғы кітап патшалығы мен виртуалды әлем соғысына ұласты. Екі әлемнің хақ ортасында, шекарасында уақыт экспрессінде кетіп бара жатқан балалар кітап патшалығының өткенін өз көздерімен тамашалады. Бір кезде өз көздеріне өздері сенер болмады. Кітап патшалығына үш бала кіріп келгенін көрді. Олар патшалықтың өзгеруіне әжептәуір ықпалын тигізіп жатқан-ды. Ал оң жақтағы терезеде болса, әлгі үш бала жертөледегі кітап патшалығының порталына еніп бара жатқанына куә болды. Кенет, олармен көздерімен көздері түйісе кетті. Нүкебай мен Дәкен өздеріне қарап тұрған өздерін көрді... Сонсоң әлгі сол жақ терезеде жер бетіндегі адамдар тіптен өзгеріп, өзді-өздерімен ымырасыз ғұмыр кешіп жатты. Кітапханалар өртеліп, руханият атаулы құрдымға кете бастады. Жер бетінде хаос басталды. Зұлымдық, азғындық, қылмыс белең алып, қоғам білгенін істеп жатқанына екі бала таңқала қарап қалыпты. 

–Біз кеткенде жер беті соншалық мұндай емес еді ғой... 

–Адамдарға  не болған, – деді Дәкен Нүкебайдың сөзін құптап. 

–Ананы қара, мынау таныс жер ғой, – деді кітап патшалығы жасырынған кітапхананы өртеп қиратпақшы болып жатқан адамдарды көріп. Беттерін қарамен орап алған, қолдарында қару-жарақ. Олар бұзақылық жасап, көшедегі барлық сәулет өнерлерін қиратып жатыр. Кітапхананың алдында қолдарына қару ұстап тұрған бірнеше адам кіре бермекші болғанда есіктің ар жағынан аласа бойлы бір ханым шыға келді. Екі бала бір-біріне «мынау біздің Ергежейлі апай ғой» дегендей жалт қарасты. Әлгі бұзақылар оны көргенде абдырап қалды да, кешірім сұрағандай бастарын изеп, кері қайтты. Ергежейлінің сонда екі әлемде де абырой беделі бары аңғарылды. Ал оң жақтағы терезеде Өмірзая қарт, Керім және Жансірі компьютер алдында бұларды күтіп, абдырап жатқандарын аңғарды. Өмірзая қарт күрсініп, аса таяғына сүйеніп үнсіз отыр. Бәлкім бұларды енді кері қайтара алмаймыз деп ойлаған болса керек. Осы кезде оң жақтағы терезе алдына өздерінің достары жылтырақ қанатты қаріптер ұшып келді де:

 «Қазір «уақыт экспрессінен» түсіп үлгермесеңдер кеш болады. Болашаққа кетіп қаласыңдар. Ал ол жақа кеткен соң кері қайту мүмкін емес. Сендерді Өмірзая қарттың іздеп, сұрастырмаған жері жоқ», – деді. Бұлар бірден әлгі көріністі жоғалтып алмайын деп тезірек есікке қарай ұмтылды. Ал басқа вагондардан бұларға қарай әлдекімдердің келе жатқан гүбірін және естіді. Аяқ-асты у-шу шығып, «Уақыт экспрессі» астаң-кестең болды да қалды. Бұлар отырған соңғы вагонның есігін қиратып ішке бір топ жасыл андройдтар мен роботтар кіріп келді. Ал балалар сасып қап, жылдам вагон есігінен сыртқа секірейін десе мынандай жылдамдықтан қорқақтап тұр. Нүкебайдың көзі бір кезде сол жақтағы терезедегі өз әлемдеріне көзі түсіп кетті; Адамдар жиналып алып бүткіл қала ғимараттарын қиратып, үлкен лаң бастап жатқанын көрді. Ешбір тәртіп пен бірлік көрінетін емес. Кімнің ақ, кімнің қара екенін ұғып болмайсың. Нүкебай Дәкенге қарап: 

–Бізге асығу керек, Жер беті қауіп-қатерде, – деді. Ал бұларды роботтар енді ұстай бермекші болғанда екеуі пойыздан ыршып, секіріп түсті. Бірден ашылған портал арқылы өздері келген Жансірінің үйіне қайта тап болды. Секірген кезде аяқ-қолдары ауырып қалса керек домалап келген екеуі тақтай еденде ойбайлап жатыр. Көздерін ашып қараса Өмірзая қарт, Жансірі және Керім үшеуі төбелерінен төніп тұр. Бәрі бір-бірлерін аман-сау көргендері үшін арқа-жарқа боп қуанысып қалды.  Өмірзая қарт сақалын салалап отырып:

–Ал балалар көрген-білгендеріңнің бәрін айтып беріңдер, – деді бұларды мұқият тыңдау үшін орындыққа ыңғайлап отырып. Балалар бұқпасыз жеткізді. Өмірзая қарт ендігі адым не боларын толғанғандай қабақ арасындағы әжімі ұлғайып бара жатты... Осы сәтте Жансірінің жан даусы шықты. Бәрі не болды деп оған жалт қарағаны мұң екен, ол компьютердің пернетақтасындағы «Enter» батырмасын басып әлек. Нүкебайлар «ойын ойнайтын уақытты тапқан екен» деп ойлап үлгерді. Ал Жансірі болса діріл аралас даусымен:

–Қашыңыздар, олар жақындап қалды, – деді бұларға қарамастан. Не болғанын көру үшін монитордың маңына жақындаған балалар, көк жәшік экранның ішіндегі қызыл жолақтың дың-дың етіп қайта-қайта көрініп, белгісіз бір сандардың шыға бергенінен басқа ештеме ұғынықсыз. 

–Олар біздің интернет желісі арқылы виртуалды әлемнің кодын бұзып кіргенімізді біліп қойды. Алғашында сендер виртуалды әлемге тыңшы боп енгенде вирус деп алдарқатқам. Кейін сендерді тауып алған соң іздеріңді аңдып отырып, біздің мекенжайды біліп алды. Енді, Ергежейлі бір топ роботтары мен қара кітап тұрғындарын ертіп бізге қарай аяңдап келеді. Қашып үлгеріңдер, қане, – деді Жансірі енді бұларға қарай бетін бұрып. Жүзі өрт сөндірген адамдай. Өмірзая қарт балаларды алдына салып алып үйдің артқы терезесінен сыртқа шыға бастады. Жансіріге қараған қарт «сен де жүр» дегендей басын изеді. 

–Мен жаңадан тұрғызған мына үйімді қорғауым керек. Обал ғой... Оның үстіне моншаға бүгін түсем бе деп едім. Жоспардың бәрін құртты ғой мыналар...

–Рақмет саған Жансірі, сен нағыз адал доссың, – деген Өмірзая қарт  балаларды ертіп терезеден секіріп, жолға қарай бет алды. Біршама уақыт жүрген соң қарт балаларды орман ішіндегі жасырын бір алаңқайға апарды да сандық көлеміндей кітаптың ішін ашып қалды. Кітапқа қараған балалардың ұққаны мына кітаптың авторы үшеуі екен-мыс. Осы күнге дейін бастарынан кешкен оқиғалар түп-түгелімен жазылған. Қай бетін ашып қараса да дәлме дәл бұлардың сөйлеген сөздері.

–Мына кітап біздің кітап патшалығындағы ғұмырымыз ғой, – деді Нүкебай қартқа таңданып қарап. 

–Бұл – сендер патшалыққа қалай келдіңдер содан бері жазылып жатқан кітап. – деді де қарт соңғы бетін ашып қалғаны сол, бұлардың осы жерге дейін келген жолдары, оқиғалары жазылған екен. – Кіріңдер, - деді қария кітап ішін нұсқап. Үшеуі аң-таң. – Кіріңдер деймін. 

–Ата, кітапқа қалай кіреміз, түсінбедік, – деді Дәкен басын тыр-тыр қасып. 

–Бұл сендердің кітаптарың, қалай кірсеңдер де зияны тие қоймайды. Әрі бұны сендердің достарың жан жақтан қорғап тұр, – деді ағаштардың арасынан бастары жылт етіп көрінген аңдар мен құстардың, Көкбөрінің, қарлығаштардың жүзін аңғарып. – Ал мен Ергежейлілердің жолын кесіп, ізімізді суытып қайтамын. Оларды адастырып кетпесем, Жансірі досымызға зияны тиіп жүрер. Әрі оның бізді моншаға түсіріп дәмді тамақ пісіріп берем деген уәдесі бар, – деді сөзінің соңын қалжыңға айналдырған болып.  

Амалсыздан үшеуі өздері туралы жазылған кітап ішіне еніп кетті. Айналасы – кеңістік. Сансыз қаріптер мен жазу таңбаларынан көзің талады. Ал анау бір маңда парақтар қалықтап ұшып жүр. Бұлар кеңістіктен құлап келеді. Кенет Керім кілем көлеміндей бір параққа отырып ап, қалғандарына қол бұлғады. Бұлар да Керімнің істегенін қайталап парақ үстіне жайғаса қалды. Теңізде жүзген қайықтай үшеуі үш параққа отырып алып әйтеуір ұшып келе жатыр. Кенет көз алдарына өздерінің таныс достары қанатты қаріптер жылт етіп шыға қалды. 

«Балалар, сендерді көргенім үшін сондай қуаныштымын. Жүріңдер мен сендерді бір жерге алып барамын», – деді олар алдыға түсіп. Бұлардың ойында ештеме жоқ қанатты қаріптердің соңына ілесе берді. Алдарынан тамыры кеңге жайылған кішкен ағаштар менмұндалап тұр. 

«Бұлар сендердің кітаптарыңның тамырлары. Сендер бұл патшалықтан бір күні өз әлемдеріңе кетіп жатсаңдар да, осынау кітап тамырын тереңге жайып, ғұмырын жалғастыра бермек. Сендердің жер бетінде жасаған игі істеріңнің барлығы мұндағы кітап әлемдеріңде жазылып, үлкен алып ағашқа айнала түспек. Ал жер бетінде Виртуалды әлемнің тұтқынына айналып, зұлымдық қылатын болсаңдар, ендеше бұл кітаптарыңның тамыры солғын тартып, күзгі жапырақтай кітаптарың қурап, парақтарын жел ұшырып зымзия жоғалып кетеді. Ендеше осы бір кітаптың авторы да сенсіңдер», – деді қанатты қаріптер бұлардың алдында қауырсынынан жып-жылтыр сәуле шашыратып. Балалар алдарындағы тамыры тереңге тартқан бүрлеген ағашқа қарап тұр. Кішкене шыбықтарына құстар ұя салып үлгеріпті, айналасын айналып пәруаналар ұшып-қонып жүр. 

Дәкен, мына, өздері амал-қарекеттерімен жазған кітап ішін аралап шыққысы келді. Деседе, астындағы алып парағы ұшатын емес. Қаріптерге қарап:

–Мынаны қалай жүргізсем, болады бір жерінде тетігі бар ма әлде, - деді парақтың асты-үстіне көз тастап. 

«Ол үшін саған есу керек»

–Немен есемін, ескек бар ма, бар болса, берші, - деді ол басқа балаларды қызықтырғандай қарап. Олар да жамыра қап:

–Бізге де беріңізші, біз де көрейік, - дей түсті. Осы сәтте қанатты қаріптер әлгі ағаштың бір бұтағын нұсқап көрсетті.  

«Міне, мына, бұтаны тартыңдар» деді. Бұлар әрқайсысы өздеріне тән ағаштың әріптер көрсеткен бұтасын тартып қалғандары сол, қолдарында кәдімгі қой айдайтын таяқ көлеміндей қалам шыға қалғаны. 

–Мәссаған, менің мынандай үлкен қауырсын қаламды көруім бірінші рет, – деді Керім таңырқап. Екі бала да қауырсын қаламдарын ары қозғап, бері қозғап қарап тұр. 

– Енді бұл қаламмен не қылмақшымыз? – деді Нүкебай қаламды ауада ары бері аударып көріп. 

«Бұл қаламдарың енді сендердің – қаруларың болмақ. Қаламдарың – күштерің мен ерік-жігерлерің. Бұны семсер мен алдаспан орнына қолданасыңдар. Қаламдағы сия – оқ пен бомбадан да қауіпті. Қалам – сендердегі мақсат пен мұрат. Ендеше қаламдарыңды абайлап қана қолданыңдар», - деді қанатты қаріптер. Дәкен тыпыршып орнында тұра алмайтын әдетіне басып ауаға қаламымен әлдене сызықты сызып қалғаны бекер екен, астындағы парағы он айналып, ары бері ұшып жүріп әйтеуір дегенде ғана орнына қонды-ау. 

«Айтып тұрмын ғой сендерге қаламды қолдана білмесеңдер, қауіпті. Ең алдымен парақ бетінде жүзу үшін қаламның қауырсынымен ескек ескендей есеміз. Оңға, сосын солға». Балалар қайталай бастады. 

«Міне, дұрыс, дәл солай оңға және солға». Кеңістікте параққа мінген балалардың жүзіп бара жатқаны яки ұшып бара жатқаны белігісіз. 

«Қауырсын қаламдарың мен мына парақтарыңды өздеріңмен бірге кітап патшалығына ала барыңдар. Виртуалды әлеммен болған соғыста қорғанып әрі жауға қарсы шапқанда қаруларың болмақ. Естеріңде болсын қаламдарың мен ауаға не жазып, қандай белгі тастасаңдар, сол – дұшпанға сермеген соққыларың болмақ. Қолданбаған кездеріңде қаламдарыңды қынына салып, парақтарыңды орап арқаларыңа байлап алыңдар», - деген қанатты қаріптер бұларды кітап ішінен сыртқа шығатын есікке алып келді. Балалар ашылған кітап есігінен парақтарымен қосыла ұшып, сыртқа шықты. Сыртқа шыққаны сол парақтары оратыла бір уыс боп қалды. Парақты алып Нүкебай қанатты қаріптердің айтқанындай арқасына асынып, қаламын қынына салып қойды. Басқалары да сөйтті. Үшеуі бес қаруы сақадай сай батыр құсайды. Қаракөлеңкеден Көкбөрінің қарасы көрінді. 

–Балалар, сендерді күтіп тұрмыз. Қарлығаштардан хат келді. Өмірзая қарт сендермен бірге бізді де, – деп айналасындағы кітап тұрғындарының мен деген баһадүрлерін көрсетті, – тезірек қалаға жақын мәжіліс орманына  қарай шақырып жатыр екен. 

–Олай болса не тұрыс, кеттік, – деді Нүкебай алдыға қарай екілене түсіп. 

 

V тарау. 

Күрес

 

         Өмірзая қарт қарапайым кітап тұрғындарын орманға жинап мәжіліс жасады. Жанарлары сауалға толы көпшілік ақсақалға үмітпен қарап тұр.

–Халайық, жеңіліп жатқан жайымыз бар. Қанша жерден халық та, әскер де мықты болсын, патша халқымен бірге болмаса жеңіліске ұшырары кәміл. Сол үшін патшаны виртуалды әлем тыңшыларынан құтқарып алып, сиқырынан айықтыру қажет. Өз-өзіне келген соң, кітап патшалығына жан бітіп, қайта түлей түсер деп ойлаймын. Қазіргі таңда менің одан басқа амал-шара таппай тұрғаным. Ал... – деп ол жан-жануарлар мен басқа да тіршілік иелеріне, сонсоң енді қосылып жатқан Қайыңдар керуеніне даусын соза: – Ортақ үйіміз  патшалықты жау қолынан құтқарып қалу барлығымыздың мойнымыздағы борыш. Ертеңіміз үшін, бейбітшілік үшін мынандай қиын-қыстау заманда жұдырық болып жұмылу бізге уәжіп. Олай болса қала бекінісін қиратып кітап тұрғындарын жермен жексен етіп жатқан анау, қара ниетті дұспандарымызға қарсы тұрайық. Күні ертең қалың қол тағы да патшалығымызды ойрандамақ. Оларға қарсы тұру үшін үштен біріміз батыс тарапқа, тағы бір бөлігіміз шығыс тарапқа, ал қалғанымыз патшалық орталығын қоримыз. Әрқайсысыңыз ерекше талант пен күшке иесіздер. Демек, біздегі бұндай қабілет олардан табылуы екіталай. Олай болса, бізге жеңіс таңы жуық деген сөз, – деді қария асасын көкке көтеріп. Асадан шашыраған сәуле күллі мұнар мен түнекті бір сәтке сейілткендей болды. Сол бір шуақтан ба, әлде қарияның сөзінен бе, бәрінің көкірегінде үміт оты жанданып, жігерленіп қалғандай. Сонсоң нағыз керемет орын алды: қайыңдар, жел мен самал, жан-жануарлар һам кентаврлар, жәндіктер, кітап кейіпкерлері, одан қалды көкте ұшып бара жатқан кітаптар мен парақтар да алдыға, дұшпандар еніп жатқан қамалға қарай ұмтыла жөнелді. Осыған қараған үш баланың бойында намыс оты тұтана түсті. Тек бұларға бейтаныс әлдебір дүние  ұшырасты. Қастарынан әлдебір дүбір естілгені мұң екен, жерге қараса ұзын-сонар көлеңкелер жүгіріп бара жатыр. Небір тіршілік иелерінің көлеңкелері. Бұның мәнісін қариядан сұрағандай үшеуі қартқа енді тіл қата бермекші еді, ол бұлардың ойын оқығандай:

–Көлеңкелер! Байқұс, көлеңкелер-ай! Ғайып болған, дұшпандардың қолында жан тапсырған тіршілік иелерінің қашып шыққан көлеңкелері. Өз иелері үшін кек алу жолында бұлар да майданға аттанды.

–Олардың қолынан не келеді, ата? – деді Керім аяқ астында көшіп бара жатқан көлеңкелерге зер салып.        

–Әсілі, бұлардың қолынан аса көп дүние келуі екіталай. Десе де бұлар жауды жаңылыстырып, көздерін арбап, адастыра алады. Сол себепті бұлардың бары еш артықтық етпейді, – сонсоң үнсіз мұнартып тұрған орман ішінен келе жатқан әлдебір дыбысқа құлағын тосты. Қарасы көрінбесе де: – дер кезінде келдің ғой, мен де сенің келетініңді тағатсыздана күтіп тұр едім, – деді қария. Бұлар кім екен деп әлгі дыбысқа құлақ түріп тұрғанда көлеңкесі сонсоң денесі көрінді. Нүкебай оны таныды – Көкбөрі.  Ол бұлардың қатарына қосылғанда алғашында Дәкен мен Керім жатырқап, бірінің арқасына бірі тығыла қалған-ды. Кейін оған тіптен үйренісіп кетті. Тіпті, екеуі қайта-қайта басынан, жонынан сипап, ерекелете бастады. Тұрыстары ұзаққа созылып кеткенін аңғарған қария:

–Ал, жүріңдер аждаһаға отыралық. Виртуалды әлем патшасының жоспарын бұзып Шаһдат патшаны құтқаруымыз қажет, – деді бұйырып.  Бұлар аждаһаға отырып патша сарайына қарай бет алды. Кенет батыс пен шығыстан анталаған жау келіп қалды. Кітап патшалығының тұрғындары Өмірзая қарттың ақылымен оларды алдарынан күтіп алды. Жан алып, жан берісіп соғыса бастады. Бірақ дұшпандардың көптігінен бе, бір бөлігі қала орталығына жетіп үлгеріп, астан-кестеңін шығарды. Көзді ашып-жұмғанша осының бәріне куә болған Нүкебай аждаһаны патша сарайына қарай асықтырды. Бірақ патша сарайы «алыс та болса жақын, жақын болса да алыс» жер болатын.   Жердегі кітаптардың өртенгенін, ішіндегі кейіпкерлердің жан-жақа қашып, бас сауғалап жатқанын көрген балалар жұртты қалай қорғарын білмей дал. Дәкеннің делебезесі қозып кетсе керек, айқай салды:

–Қап, мыналарды ма! Қайтеді-ей, өздері! Жіберіңдер, тиіспеңдер! Әкелеріңді танытамын, қазір бір айналып келейін! Өй, өңшең робот болмай қалғыр, темір-терсектер. Сен білесің бе Нүкебай... – деп арынмен бақырып-шақырып отырып Нүкебайға жалт қарап қалғаны мұң екен, досы мен Керім селт ете қалды. 

–Айта бер, - деді Нүкебай терең тыныстап. 

–Ата, сіз де тыңдаңызшы, - деді өз ойымен өзі әлек болып жатқан қартқа қарап. 

–Айт, айналайын!

–Біз Керім екеуміз осында келер жолда біздің әлемнің тіпті өзгеріп кеткенін байқадық. Мына жақтағы, патшалықтың жеңіліс табуы біздің әлемге, адамзат руханиятына көптеп зиянын тигізіп жатыр екен. 

–Иә, - деп оның сөзін іле кетті Керім. – Жолай біз мынандай масқараға куә болдық. Біршамасын әрине Нүкебай да біледі. Адамдар қиял-арманын жоғалтып алғаны және бар. Телефон мен техниканы бәрінен жоғары қойып соларсыз бір елі адым аттамай жатқаны да белгілі. Одан бөлек, адамдар кітаптарда өші бардай оларды қоқысқа тастап жатыр. Жақсылық жасау – әлсіздерің ісі болды. Ал мейірімділік – қорқақтардың әдетіне айналды. Тіпті, білімді болу – ұят.  Тіпті, біз қайта келерде кітап патшалығы орналасқан кітапхананың жертөлесіне оп-оңай кірдік. Неге? Себебі бірде бір оқырман жоқ. Жалпы, қала бойынша. Әлем бойынша. Интернетте де солай деп дабыл қағып жатыр. Олар кітапты «адамзат санасын неше мыңжылдықтар бойы улап келген бабалар қателігі, ақыл-естің сарқыншағы», - деп тұжырым жасауда. Жұрт бір-бірін мұқату үшін кітап береді екен-мыс. Кітап сыйланылған жан өзін қорланғандай сезінеді екен. Тонна-тонна кітаптарды әлемнің әр түкпірінде үйіп өртеп жатыр. «Адамзат осы күнге дейін алданып келді, енді кітап оқуға жол бермейміз» деген бейбіт шерушілер де аз емес. Автордың қаншама жылдық ойы мен сығымдалған сезімін күлкіге айналдырған тобыр, оларды заң тұрғысынан қудалап  жатыр, – деген Керім сәл үнсіз ойға шомғаны сол екен:

–Міне, осындай масқара біздің Жер атты планетада орын алып жатыр, – деп Дәкен оның сөзіне нүкте қойғандай болды. 

–Демек, балалар сендердің мойындарыңда үлкен жауапкершілік тұр екен... – деп абыз-қарт терең күрсінді. Аждаһа сарай маңына жете бергенде оқ жаудырған садақшылардан қашамын деп үстіндегілерді төңкеріп ала жаздады. Ақырып апандай аузынан қып-қызыл жалынын лақ еткізгенде әлгі атылған садақтар ауада күл болды. Патша мен оның әкім-қараларын қорғаймыз деп жандарын бәйгеге тіккен әлгі әскер-жауынгерлер аждаһаны көргенде жандарын шүберекке түйіп қаша жөнелді. Балконда тұрып-ап әлгі патшаның министрі бұларға бақырып-шақырып: «Кетіңдер, бастарың кетеді» дегеніне де қарайтын емес. Аждаһа сарай күмбезіне кеп қонғанда әлгі министр ішке қарай зыта жөнелді. Кенет қайдан тап болғаны белгісіз қанатты қаріптер сарайдың қуыс-қуысынан не болып, не қойып жатқанын білу үшін ішке еніп кетті. Кезекпен балконға секірді. Енді ішке ене бергенде қанатты қаріптер алдарына көлбеңдеп тұра қап:

«Сақ болыңыздар! Патша маңын ең мықты жауынгерлер торуылдап тұр», – деді. Соған қарамастан бұлар ішке енгенде расымен де иығына бір кісі мінгендей-ақ небір ірілерден көзің сүрінеді. Анықтап қараған Нүкебай олардың Қара кітап тұрғындары екеніне көзі жетті. Тек қана олар емес, мына патшаның айналасындағы барлық би-қазы, жандайшаптарына шейін түгел сол бір қорқыныш кітабының тұрғындары екенін енді ғана аңғарғандай еді.  Патшаның басын айналдырып өз биліктерін жүргізіп жатқаны түсінікті. Күңгірттеу сарай ішінде олардың жүздері тіптен қорқынышты көрінеді екен. Бала патша тақ үстінде бұларға өктем сөйлейді.

–Өлімдеріңмен қауышуға қош келіпсіңдер! Хахаха! – дей қарқылдай күліп еді оның күлкісін министр, әкімдері  ілестіре әкетті. Сарай іші үрейлі күлкіден  жаңғырып жатты. Қолдарындағы қаруларын ауада әрі-бері сілтеп бірнеше дәу бұларға қарай үрей тудырып келеді. Балалар да қарап қалмай қындарынан кішкене алдаспандарын суырып шығарды да, аспашамдағы шыраққа жалт-жұлт етіп шағылыса оларға қарай ұмтыла жөнелді. Алайда, терезеден қораланып түскен Ай астында әлдебір қорқау ұлып ұзақ тұрды. 

–Көкбөрі, сарайыңа қош келдің! – деді Өмірзая қарт зор, қоңыр  даусымен сарай ішін жаңғыртып. Сарайдың еденіне секіре енген Көкбөрі тістерін ақситып Дәулерге қарай төне бергенде, Шаһдат патшаның кеңесшісі көзін одан айырмай:

–Мүмкін емес, сен өлгенсің, жоқ... - деп орынында тұрған күйі артқа шегінем деп қараптан-қарап өз аяғына өзі шалыныса тоңқалаң асты. Дәулерді де Көкбөрінің мысы басты ма, олар да шегіншектей бастады. Ақыра төніп, Дәудің ең мауыздайына атыла түсіп, айқаса кетті. Дәуді мұрттай ұшырып келесісіне атыла бергенде қорыққаннан ба, шамалары жетпесін білген соң ба, тым-тырақай жан-жақа тарасты. Бала патша ғана тағын қимады ма, әлде барар жер, басар тауы болмады ма, орынынан еш тапжылатын емес. Көкбөрі ол отырған тақтың айналасын ары, бері айналсоқтап:

–Патшам, мен сізге адал болдым! Кітап патшалығын бірге нешеме ғасыр гүлдеттік. Ақыр аяғы не болды? Мені сабаттырып, зынданға тастатып, түбі итжеккенге айдатып жібердіңіз. Ар-р-р-р-р... – деп тісін ақситып оның тізесіне алдыңғы қос аяғын қойып жүзіне отты көзімен қарай беріп еді, патшаның өне-бойы үрейден дірілдеп кетті. 

–Тоқтағын, Көкбөрі! – деді кенет қария асасымен жерді бір соғып. – Оның бәрін істеуіне себеп болған әлгі зымысқы министр-бектері. Олар бала патшаны сиқырлап алғалы бері, патшалықты қара кітаптағылар мен виртуалды әлемдегілер басқарды десек те болғандай. Енді, міне, патшаның әділ таңы қайта атар деген үміттеміз. Ол үшін біз патшаны сиқырынан айықтыруымыз абзал, – деді қарт қорқаудың бір ақымақтық жасап қоюынан дүдәмалданғандай. Көкбөрі де ашуынан тез тарап Өмірзаяның сөзіне құлақ асып бір шетке үнсіз тұра қалды. Қария патшаны жерге отырғызып солған жүзі мен нұрсыз жанарына көз тастап, тізесін тізесіне түйістіріп шекпенінің жан қалтасынан кәусар суын алып, дұға оқып, ұрттатқызды. Бала патша ұзақ уақыт бойына тілсіз, үнсіз күйде тапжылмастан отырды. Әлден уақытта бәрі бітті-ау дегенде қария орынынан тұрып:

–Қалғанын Тәңірге тапсырдық, - деп патшаны қайта тағына отырғызды. Бұлтты сыпырып күн шыға келетіндей патшаның дидарынан көз айыратын емес. Оның жүзіндегі әрбір қозғалысты бағып, қалт жібермей отыр. Бір уақта Шаһдат патшаның жанарынан перде ашылып, ақиқатқа көзі жеткендей айналасына бажайлап қарай берді. 

–Мен қайдамын? – деді алғашқы сөзін байыппен, аспай-саспай. – Мұнда не болған? – деп сөзін қайта жалғады да орынынан түрегелмекші болып еді басы айналып барып қайта орынына отырып қалды. Өмірзая оған аптықпастан оның және патшалықтың басынан өткен барлық оқиғаны айтып берді. Патша бір бозарып, бір қызарып түрлі сезімдерде күйіп-жанып отыр. Ақыры бәрін түсініп болған кезде орнынан демде атып тұрды да тақ тұсындағы семсерін қынынан суырып, балконға атып шықты. Оның «Біз патшалықты дұшпандардан қорғауымыз керек» деген ұранды дауысы күллі патшалыққа жеткендей болды. Сол сәтте үш басты аждаһа әмірін күтіп тұрғандай қайдан келгені белгісіз алдына ұшып келіп қонды. Аждаһаға мінген патша: 

–Мен қайта оралдым, халқым, - деді де роботтардың арасына қойып кетті. Мұны көрген кітап патшалығының бейбіт тұрғындары бір сәтке естерін жия алмай рас па, өтірік пе дегендей аңырайып қалған-ды. Әлден уақытта патшаның жан алып, жан берісіп шайқасып жатқанын көргенде олардың да жігер оттары бойларында жалындай түсіп, рухтары қайта оянғандай барлығы біріге түсіп, көш ілгері жүре бастады.

Балалар арқаларына асынған ұшқыш парақтарын ашып жіберіп, қою түтін көтерілген соғыс алаңына қарай ұша жөнелді. Нүкебай қаламын көтеріп алып ауаға шеңбер сызғаны сол, өзіне қарсы келе жатқан робот әскерінің оқтары жетпей қалды. 

–Қалқан жасап алдың ба? – деді Дәкен оның бұл тапқырлығына тамсанып. – Ендеше менің өнерімді тамашала! – деген ол қаламымен парақ бетіне бірнеше тамшы нүкте сызып, соларды гольф шарын ұрғандай ұрып қалғаны сол екен, оған қарсы келе жатқан бірнеше андройдтар томардай сұлап түсті. Қолына ноутбук ұстап алған, хаккер Жансірі де ойын алаңының бір шетіне отырып алып, роботтардың программасын бұзып бір-бірлеріне қарсы қойып жатыр. Ал Керім болса ауада бұған қарай ұшып келе жатқан жарғанаттай вирустардың алдын кес кестеп айқаршық*(крестик) сызып қалғанда олар мұрттай ұшты. Не керек әркім қолынан келген өнерін аянып қалмады. Орман тұрғындары аң-құстар виртуалды әлем тұрғындарын қаумалап, тіпті ағаштардың өзі қара кітап тұрғындарымен алысып-жұлысып жүр. Жоғарыда Өмірзая қарт атап өткен көлеңкелер де дұшпандардың көзін байлап, ізін жаңылыстырып жатты. Осылайша кітап патшалығы мен виртуалды әлем арасындағы соғыс өрті қырық күн, қырық түнге созылды... Бұл соғыста патшалықтың кішкентай, жас оқырмандары Нүкебай, Керім мен Дәкен де аянып қалған жоқ. Олар қолдарынан келгенін жасап бақты. Не керек патшаның оралуымен халықтың ерік-жігері түлеп, болашаққа деген сенім ұялады. Роботтардың күлі көкке ұшып, қара кітап тұрғындары жер жастанды. Соғыстың соңғы күнінде кітап патшалығының тұрғындары виртуалды әлемнің топырағына басып кіріп үлкен экрандағы патшасын тұтқынға алды. Оның көзін жою тіпті қиынға соққан жоқ. Жәй ғана қуаттағышын тоқтан суыра салғаны мұң екен, жалғыз көзді экранның үні өшті де қалды. Алайда тоққа сұғулы қандай техника бар болса содан қылаң беріп, қайта-қайта шыға бергені бар. Басын қанша шапсаң да өсіп шыға беретін әбжылан тақілеттес. Бұның айла шарғысын Шаһдат патша ойлап тапты. Бүкіл кітап әскерлерін барлық техника энергия алатын батарейка, зауыттардың маңына тұруына әмір берді де, виртуалды әлем патшасына бұйыра сөйледі.

–Сендерді жоққа шығара алмаймыз. Сендер де адамзаттың ең жемісті ойларының бірісіңдер. Алайда, сендердің тойымсыз арындарыңның кесірінен Кітап патшалығы түгілі күллі адамзат қиял-арманына үлкен қауіп-қатер төнді. Жер бетінде кітаптар қоқысқа тасталып, өртеліп, оның орнын тек техника басты. Соның кесірінен адамзат өзінің кім екенін, түпкі болмысын ұмытты. Ойлаудан, армандап-қиялдаудан мақұрым қалды. Бұл қасірет жер бетін күннен күнге жайлап барады. Дер кезінде тоқтатпасақ соңы ақырзаманға алып келері анық. 

–Біздің көзімізді жою мүмкін емес. Біз еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейінгінің қажетіндеміз. Олар бізсіз өмір сүре алмайды. Біз көшедеміз, жолдамыз, аспандамыз, үйдеміз, адамның ойындамыз, біз – барлық жердеміз. Біз телефон, ноутбук, теледидар, сигнал болып түрлі түсті пішінде келеміз. Біз тіпті, сендер, иә сендер, яғни кітап та бола аламыз. Біз адамзаттың ең қажетті затымыз. Бізсіз өмір – қараң. Бізді жоғалтып алған адам – өмірдің мәнін жоғалтып алады. Сеніңше өмірдің мәні, адамның көнерген, тозған, қиналған, ауыр ойларын оқу ма? Неткен сандырақ!

–Біз адамзаттың сан ғасырлық қажеттілігін өтеп келдік. Адамзат руханиятын, санасын қанағаттандырдық. Олардың қиялы қанаттана түсіп, сендердің де пайда болуларыңа септігін тигіздік, – деді Шаһдат патша Виртуалды әміршіге қарсы уәж айтып.

–Демек, біздің пайда болуымызға өздерің кінәлісіңдер. Енді, кітаптар, сендер керек емессіңдер. Адамзат терең ойлап шаршады. Оларға демалу керек. Жеңіл, тез, әрі қысқа дүниелер керек. Өмірлері онсызда аз, іштері пыспау керек. Өмірден ләззат алу қажет. Ал біз соған қызмет қыламыз.

–Біз сендерді жоққа шығарып тұрған жоқпыз. Сендер де керексіңдер. Бірақ адам қиялын кітап емес, мына, сендер билесеңдер онда адамзат арманы тас-талқан болады. Тың идеялар өледі. Балалар қиялдамайтын, арманға  ұмтылмайтын болады. Олар ендіге ертегіге, жақсылыққа, махаббат пен ізгі сезімдерге сенбей өседі. Сонсоң ойды құлқын билеп, құлдырау, аштық, соғыс, жеккөру мен кек, азғындық билейтін болады. Ал біз бұған жол бере алмаймыз. Сендерді қажетінше, керегінше қолданып қана тепе-теңдікті сақтай аламыз. Барлық әлем үйлесімдікте, бақ-берекеде, ең бастысы рухани еркіндікте ғұмыр кешсе дейміз. Онсызда, жеңіс туы біздің қолда. Сендерді жоймаймыз. Алайда жер телімдеріңді өлшеп қойдық. Біздің патшалықтың қол астына қарайсыңдар. Әр адымдарың қадағалауда болады. 

–Бүгінгі жеңіс сендердікі, жақсы, келістік. Күн келеді, біздің таң атады...

–Ол таң атар-атпасын уақыт көрсете жатар. Ал әзірге келісімшартқа отырдық. – деп Шаһдат министріне қарады, – Басқа алып қосарың бар ма, Көкбөрі:

–Бұл жеңістің, бейбіт күннің орнауына анау үш кішкене баланың үлесі етене мол. Оларды және, - деп тұтқында кісендеулі тұрған ергежейліні  нұсқап, – өз әлемдеріне, жер бетіне қайтарайық. Енді бұл әлемге қайтіп кіре алмайтын болсын. Бұлар шыққан соң Кітап патшалығына кіретін жолдың құпия кодын өзгерту керек, – деді патшаға ақыл қосып. Шаһдат патша оның ұсынысын мақұлдады. Соғыстан ентігіп шаршаған, деміккен, сілікпесі шыққан барша кітап тұрғындары мен патша әскерлері өзді-өздерімен құшақтасып, жеңістерімен құттықтасты. Кітап патшалығында отыз күн ойын, қырық күн той болып барлық тұрғындар шат-шадыман ғұмыр кеше бастады. Кітап патшалығының алтын дәуірі қайта жалғасын тауып, кітап кейіпкерлері мен тұрғындарының өмірлері өзгеріп, бақытты да баянды ғұмыр қайта бастау алды; Кітап патшалығының үйлері күрделі жөндеуден өтіп, жолдар тегістеліп, су тапшы өңірлерге су жетіп, кітап тұрғындарының барлық қажеті өтелді.

Тойдан үйлеріне қайтар жолда үш кішкене батыр иықтарындағы үш қарлығашты көкке ұшырып жіберді. 

–Аспанның ерке құстары сендер еркіндікке бола туғансыңдар. Кітап патшалығы аспанын безендіре түсіңдер, – деді Нүкебай құстардың бірді бірін қуалап, көкте ұшып, самғап бара жатқанына зер салып. 

–Біз қандай сапардан қайтып барамыз, ата? – деді Дәкен бұларды шығарып салып жатқан Өмірзаяға назар салып.   

–Кейін аталары немерелеріне түн баласы айтып беретін ғажап шытырман оқиғаға толы сапардан оралып барасыңдар, қарақтарым.

«Және Кітап патшалығына жаңа бір  кітап оқиғасын жазып кеттіңдер» – деді қанатты қаріптер бұлардың алдын кескестеп. 

–Қош болыңыздар, - деді Керім патшалықтың шекарасына келіп өз әлемдеріне кіретін алып парақтардың қасында тұрып. Көзіне жас ала қимай-қимай қарағыштайды. – Мен сіздерді сағынамын. 

–Қош!

–Қош! – деді Нүкебай мен Дәкен де тілдерін жұтып қойғандай. Тамағында әлдене түйін боп тұрғандай. Өз өзін қинап зорға: – Біз енді жолығамыз ба? – деді Нүкебай!

«Біз енді кітаптарда ғана жолығатын боламыз. Уақиға болып, кейіпкер және қаріп болып, кітаптарда кездесеміз. Әрине, кітапты жиі парақтап тұрсаңдар», – деді қанатты қаріптер.

Соңдарына алып бір әлемді қалдырып бұлар Жер бетіне қайта оралды. Кітапхана жертөлесінен бір-ақ шықты. Барлық сиқыр мен жұмбақ перделеніп, арман-қиял кітаптарынан зәрре де қалмаған. Үшеуі жертөледен мең-зең күйде әлі де болғанға сенер-сенбес халде жоғарыға көтеріліп келеді. Ойламаған жерде алдарынан Ергежейлі  апайлары шыға қалғанда бұлар шошып кетіп, артқа шегіншектей берді. Ергежейлі  апайы да қобалжып барып өз-өзін демде жинап алды. Балалардың өне бойына зер салып, әлденеден күдіктенгендей: 

–Әй, сендердің де бір жүрмейтін жерлерің жоқ екен... – деп орталарын кесіп бара жатып, кілт тоқтай қалды. Бұлар да оның ізін ала демдерін іштеріне тартып тұр, – Дәкен, әлгі Гекклбири Финн бе еді, соның саяхаты туралы  алған кітабыңды қашан қайтарасың?   

–А.а.а, иә, қайтарамын, апай, ертең...

– Ертерек әкел. Бұдан былай үйге кітап бермейміз, – деді де қарлыққан даусын қайта созып: – Нүкебай сен, сен кітабыңды қайтарып қойдың ғой, солай ма? 

–Қандай кітап? Мен кітап алғам жоқ, – деді дауысы дірілдеп. Ергежейлі апай бұның әлгі «Қиял кітабын» меңзеп тұрғанын іштей сезінді.

–Ә-ә-ә, иә,– деді қулана жымиып, – Жарайды барыңдар. Өй, жүгермектер,  қайда жүрсем де аяғыма оратыласыңдар да жүресіңдер, – деп өз жөніне қайта түсіп күңкілдеп бара жатты. Кітапхана ішінде азды-көпті ересектер мен балалар кітап оқып отыр. 

Бір істің басын қайырғандай өз-өздеріне дән риза. Балалар кітапханадан шыққанда жер-жаһан сол бәз баяғы қалпында екен... Ештеме өзгермеген: Көкте бұлттар көшіп барады. Құстар қанаттарын еркелей қағып аспанда билеп жүр. Гүлзар-бақта гүлдер жайқалып жатыр. Жолаушылар өтіп барады. Аялдамадағылар автобус күтіп тұр. Әдеттегідей кешіккен бірі автобусқа қарай жүгіре ентелей түсті. Гүл дүкенінен бір жігіт гүл сатып алуда. Оқушылар сөмкелерін асынып, әлденеге сөз таластырып сабақтан қайтып келеді. Бақшадағы орындықта егде кісі газет оқып отыр. Телефонмен әлдекіммен гүбір-гүбір сөйлесіп бара жатқан бір бикеш те асығатын емес. Самса сатушысы кезекті қамырын жайып жатыр. Кептерлер де саябақ ортасында дән жемдеп жүр. Ал біздің саяхатшы балалар бастарынан өткен оқиғаны жарыса айтып келеді. Расымен де, бұл қалада, тіпті, бұл ғаламда ештеме өзгермегендей. Бірақ, бәрі өзгерген-ді...      


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар