Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қаламгер - қайраткер
Жабал Ерғалиев. Ел мәселесінде тартынып қалған жер...

30.10.2021 3203

Жабал Ерғалиев. Ел мәселесінде тартынып қалған жерім жоқ 12+

Жабал Ерғалиев. Ел мәселесінде тартынып қалған жерім жоқ - adebiportal.kz

«Әдебиет порталы» Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қаламгер-қайраткер» жобасын қолға алған болатын. Тәуелсіз жас мемлекеттің нығайып, алға басуына лайықты үлес қосып, ел басқару, заң шығару ісіне атсалысқан қаламгерлердің өмір жолы мен іс-қызметі арқау болған жоба аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі, жазушы-драматург Жабал Ерғалиевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

- Тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде Қазақстан мемлекеттілігін нығайту жолында ҚР Парламент Сенатының депутаты ретінде билік құрылымы іс-қызметіне тікелей атсалыстыңыз. Ең әуелі, Парламент Сенатының депутаты болып сайланғанға дейінгі қызметтік жолыңыз туралы қысқаша тоқталып өтсеңіз?

- Мамандығым журналист болғандықтан бар ғұмырым осы саламен байланысты жалғасып келеді. 1973 жылдан бастап бұрынғы Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» деген газеттің кіші әдеби қызметкерлігінен бастап редактордың орынбасары қызметі аралағында, журналистиканың қазанында қайнап пістік. 1997 жылы Көкшетау облысы таратылды. Осы кезеңде Көкшетау қалалық «Көкшетау» газетін ұйымдастырып, соның редакторы болдым. Ал, 2005 жылдан бері Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетіне бас редактор болу бұйырды. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Парламент Сенатына депутат болып сайландым. Сенатор болып қызметте жүрген жылдарда да қолымнан қаламым түскен жоқ. Былайша айтқанда қаламыммен де, мандатыммен де шама-шарқымша елге қызмет еттік.

- 2011-2017 жылдары ҚР Парламент Сенатының депутаты ретінде қызмет істедіңіз. Осы жылдарда Парламент Сенатындағы Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі ретінде әріптестеріңізбен бірге жұмыс жасадыңыз. Бұл комитеттің жұмыс ауқымы қандай еді?

- Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті – Сенаттағы ең бір жүгі мен жауапкершілігі мол комитеттердің бірі еді. Өйткені барлық әлеуметтік салаларды, білімі мен ғылымды, өнер мен мәдениет бар, руханияттың барлық саласын қамтитын осы бір ауқымды комитеттегі қызметімді жемісті болды ғой деп ойлаймын. Қабылданар заң жобаларын оқу, талдау, одан қалды өзіңінің ойың мен пікіріңді айту, ұсыныстар енгізу жағына келгенде мен ананы істедім, мынаны істедім деп жату – әбестік болар. Дегенмен, ерекше тоқталатын, шамамызша мұрындық болған істер аз болған жоқ. Бір ғана айтар жай – Кеңес Одағының батыры, филология ғылымдарының докторы, академик жазушы Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығына орай бірнеше ұсыныстармен бес рет депутаттық сауал жасадым. Осы ұсыныстардың, сауал жасап қозғаудың нәтижесінде Көкшетауда Мәлік батырға еңселі ескерткіш тұрғызылды. «Елордамызда да ел қорғаған Ер Мәліктің еңселі ескерткіші тұруы керек», - деген ұсынысыма Үкімет үндемей қалды.

Ал енді Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданына Біржан салдың атын беру мәселесі туралы облыстық мәслихат 2006 жылы шешім қабылдаған болатын. Соған дейін аяқсыз қалып келген осы шешімді архивтен тапқызып алып, он жылдан кейін, яғни 2016 жылы ҚР Үкіметі алдына мәселе көтеріп, сауал жасадым. Тіпті бір емес, екі қайра жасауға тура келді. Осы екінші сауалдан кейін барып іс ілгері жылжыды. Ақыры Еңбекшілдер ауданының аты Біржан сал болып өзгертілді.

Сенат депутаты болып жүрген кезімде Абылай ханның 300 жылдығын атап өту жөнінде де Үкімет алдына мәселе қойған болатынмын. Сонымен бірге, Көкшетаудағы Ақмола облыстық филармониясына Үкілі Ыбырайдың атын беру мәселесі ұзақ жылдардан бері, сөз жүзінде ғана айтылғаны болмаса, мәселе жабық күйінде тұрған болатын. Міне, осы жайлы да депутаттық сауал жасау арқылы бұл мәселені де шешкен едік. Айта берсек, халықтың көкейінде жүрген біраз өзекті мәселені көтердік, уәж келтіре отырып айттық, көбін шамамызша атсалысып шешкендей болдық. Облыс орталығы Көкшетау қаласын газбен, жылумен қамтамасыз ету, ТЭЦ (жылу электр орталығы) салу жайын да билікке айттым. Кезінде Бурабай кентінде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен казинолар мен түрлі құмар ойын алаңдарын Бурабайдың сыртына, демалыс, тұрғын аумақтан шалғай жерге көшіру жөнінде де мәселе көтеріп, осы істі аяғына дейін жеткіздім. Қазір Бурабайға бара қалсам, осы істі көтергендігімізден хабары бар сол кенттің адамдары алғыстарын айтып жатады. Сондай-ақ әуе апатын жиілетіп жіберген «СКАТ» әуе компаниясының лицензиясын тоқтату керек дегенді де айттық. Жалпы тұжырымдай айтқанда, елдің мәселесін айтуға келгенде тартынып қалған жерім жоқ. Елдің алдында жүзім жарқын, қолым таза! Менің ғұмырымдағы қол жеткізіп келе жатқан басты жетістігім осы!

Алайда, қазір таза жүрейін десең де жүргізбейтін қоғам пайда болып келе ме қалай өзі?! Жақсы жүріп, жақсы болып өмір сүру қазір ең қиынға айналды. Шұқылайды, түртеді. Бір биікке жетсең болды, әлдекімдерге жаусың! Алысады, жалған жаланы үйіп төгеді, жоғары-төмен арызды бұрқыратады! Кейде тіпті қайда барып өмір сүреріңді біле алмай, дал боласың. «Арыстандай айбатты болсаң да, сақ бол, айналаң толы шибөрілер», - деп ортаға бір ой тастауым да тегін емес.

- Парламент Сенаты депутатының өкілеттілігі аясында мемлекеттің, ұлттың тұтастығы, тіл, діл, руханият аясында қандай маңызды ұсыныстар мен мәселелерге бастамашы болдыңыз немесе оң ықпал жасадыңыз?

- Кезінде қазақ қыздарын шет елге оқуға жіберуді шектеу керек деген мәселе көтердім. Бұл үлкен әңгіме тудырды. Алайда ұлттың мүддесі үшін осыны айтуға тура келді. «Қазақстанда жетпей жатқан дүние атаулыны мұнайымыз бен газымызға, басқа да байлығымызға сатып алармыз, ал қазақтың қара домалақ баласын еш елден, ешбір байлыққа сатып ала алмасымыз анық, оны дүниеге әкелетін тек қазақтың қыздары!» - деп шырылдадым. «Қыз балаға ұлттың алтын қоры есебінде қарайық!» - дедім.

Сонымен бірге: «Бір жыныстылардың бірімен бірі үйленеміз, ал енді заң қабылдау керек десе не істейміз?» - деген қаупімді де кезінде Парламент мінбесінен айтқанмын. Сол келді ме қазір?! «Бұған дейін талай сөз көп айтқанмын, түбін ойлап уайым жеп айтқанмын», - деп Абай дана да кезінде осындай қауіпті сезіп айтқан ғой. «Діни наным сенім бостандығы туралы» Қазақстан Республикасының заңын әзірлеу барысында «Қазақстандағы барлық жұмыс істеп жатқан діни бірлестіктерге өздерінің асханаларын ашуға, емханаларын салуға рұқсат етіледі» дегенге қарсы тұрып, заң жобасындағы осы бапты алғызып тастауға ықпалым тигенін атап өткен жөн болмақ. Себебі, Қазақстанда қаптап кеткен сол түрлі діни ағымдар күні ертең өздерінің жеке асханалар мен емханаларында тегін қызмет көрсетеміз десе, біраз қазақ соларға барып, ақыры өзге дінге өтіп кетулері кәдік еді ғой. Қайсыбірін айтарсың?! Әйтеуір ел мен ұлт мүддесіне қатысты жайларды қозғау мен қолдаудан тартынған жерім жоқ қой деп ойлаймын.

- Өз шақырылымыңыз бойынша бірге қызмет істеген әріптес депутаттар арасында іс-қызметі, үлгі-өнегесі тұрғысында кімдерді ерекше атаған болар едіңіз?

- Мен үшін Сенатта қатар қызмет атқарған әр әріптес депутаттың орны бір төбе. «Парламент – парасат мектебім!» деп өкілеттілігім аяқталғаннан кейін жазған ой-пікірім кезінде «Айқын» газетінде жарық көрген де болатын. Расында да Парламент ол – ақыл-парасаттылықтың мектебі! Әрине, алдымызда Қазақ елінің аттарынан ат үркетін мәртебелі ағалар болды. Мысалы, Оралбай Әбдікәрімов, Қайрат Мәми, Мұхтар Алтынбаев, Икрам Адырбеков, Нұртай Әбіқаев, Ләззат Қиынов, Орынбай Рахыманберді, Қуаныш Айтаханов, Қожахмет Баймаханов, Серік Ақылбай, Асхат Күзекбаев, Нұрлан Оразалин, Ақан Бижанов, Ертарғын Астаев, Талғатбек Абайділдин, Иран Әміров, Серік Ақылбай сынды абыройлы ағалардан үйренген жайымыз көп болды. Әлі де хабарласып, амандық-саулық сұрасып тұрамыз. Сонымен бірге Ақмола облысынан қатар депутат болған Светлана Жақияқызы Жалмағанбетованың өзіндік мектебі болды. Светлана Жақияқызының кез келген мәселені жетік білетіндігі, соны жасқанбай батыл айта білетіндігі көңілімізден шығатын. Ал, енді қазақтың абыройлы бір қызы Бірғаным Сарықызы Әйтімованың өзінен адами қарым-қатынастың, сыйластықтың қаншама этикасын үйрендік. Бірғаным Сарықызы біздің комитеттің төрайымы болды. Сол кезде ең аяғы алдымызға келіп кетіп жататын адамдарды қарсы алу мен шығарып салуға дейінгі аралықтағы әдепті бойымызға сіңірді. Сол әдеп үлгісі қазір де кәдемізге жарап тұр.

- Қазіргі уақыттағы қызметтік, шығармашылық жолыңыз жайында тоқталып өтсеңіз.

- 2017 жылы депутаттық мерзімім аяқталғаннан кейін: «Есің барда, еліңді тап!» - деген қазақы ұғыммен Көкшетауға оралдық. Рақмет, азаматтарға! Елордада қалуымды қалады. Қызметтерін де ұсынып жатты. Тіпті сол кездегі Сенат спикері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мені депутат етіп қалдыру жайын Елбасымен де ақылдасқаны болды. «Қазір Парламентті жасартуды бастағанымызда зейнет жасындағы Жабалдың жалғыз өзін алып қалғанмыз жөн болмайтын шығар. Қызмет беріп, жұмысқа орналастырыңдар», - деген Елбасының тапсырмасымен ҚР Президент әкімшілігі аппараты басшысының сол кездегі орынбасары Оразалин Оңдасын Сейілұлы шақыртты. Ол кісі қазір Ақтөбе облысының әкімі. «Зейнетке кетіп бара жатқан сенаторлардың арасынан Президентіміз Сізді қызметке орналастыру жайлы тапсырма берді. Қандай ойыңыз бар деді?», - Оңдасын Сейілұлы. Сол арада Елбасына рақметімді айтып, әзірге ешнәрсені ойламағанымды айттым. Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Қызметке орналастыру жайы шешілмей жатса, біз бармыз ғой осы арада!» - деген бір ауыз сөзі осы күнге шейін жанымды жылытып тұрады. Қазіргі қызметке тұрғанымша өз бақылауына алып, қамқорлық жасады. Алғыстан басқа айтарым жоқ!

Шығармашылыққа келетін болсам, соңғы жылдары драматургияға бет бұрған жайымыз бар. «Қилы жол» драмалық шығармамды Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры қазақтың аңыз адамы Асанәлі Әшімовтың жетекшілігімен 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығында Тараз қаласының стадионына жиналған отыз мыңдай көрерменнің назарына ұсынған болатын. Осы театр «Қас қағым» атты пьесамды сахналап, ол 2015 жылы Қырғызстанда өткен V халықаралық «ART-ORDO» байқауында бас жүлдеге ие болды. Және Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі мен қазақстандық театрлар ассосиациясы өткізген халықаралық мамандандырылған «EXPO-2017» көрмесі аясында Қайрат Сүгірбеков атындағы жас режиссерлер байқауында да үздік деп танылып, сөйтіп екі мәрте бас жүлдеге ие болған еді. Бұл қойылымның режиссері – талантты өнер иесі Елік Нұрсұлтан болатын. «Есігімді қаққан кім?» (режиссері Нұрлан Жұбаниязов) драмалық шығармам Қазақстанның біраз тетарларында әлі де қойылып жатыр.

Жуырда елімізге танымал өнер иесі Қанат пен Светлана Айтбаевтармен кездесіп, олар менің осы драмалық шығармамның қуаты жайлы жақсы бір әңгіме айтты. Қанат ол кезде Ақтөбе облысы мәдениет басқармасының басшысы болатын. Сол тұста Ақтөбеде діни радикалдардың белсене бас көтеріп, аумақта атыс ұйымдастыруға дейін барып отырған шағы еді. Міне, сол тұста осы спектаклім Ақтөбе облысының театры актерлерінің күшімен сахналанып, ол ауыл-ауылды, аудан -ауданды былай қойып, ең аяғы түрмелерде де қойылым көрсетілген көрінеді. Қанат айтады: «Сол спектакльдің әсері кез келген үгіт, насихаттан артық болды. Тіпті театрлардан бастарына жамылған қара жамылғыларын шешіп тастап шығып жатқан жас қыздарды да көрдік», - дегені, әрине мерейімді өсіре түсті. Сол кездегі Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мырза да осы шығармам үшін өз ризашылығын білдірген болатын.

Биылғы жылғы маусым айында «Жұлдыз» журналында «Құшағы суық дүние» атты повесім басылды. Қазіргі уақытта «Кешкі мұң» атты повесімді жазып, бітіріп отырмын. Арасында әңгіме жанрында да қалам тартып қоямын. Жуырда «Қазақ әдебиетінде» «Онлайн құдалық» атты әңгімем басылып шықты. Құдай қаласа әлі де жазар дүниелер ойда жүр.

Ел аман, жұрт тыныш болсын деңіз! Тәуелсіз еліміздің 30 жылдығы құтты болсын! Осынау басымыздағы бақ – тәуелсіздігіміз мәңгілік те баянды болсын!

- Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі аясында еліміздің егемендігін баянды ету жолында күш-жігер, білім-білігін арнаған қаламгерлердің өмір жолынан сыр шертетін «Қайраткер-қаламгер» жобасы бойынша сұрақтарымызға лайықты жауап алдық деп білеміз. ҚР Парламент Сенаты мандатына ие болған жылдарыңыз турасында тұщымды сұхбат құрғаныңыз үшін алғыс білдіре келе, өзіңізге зор денсаулық, ел үшінгі еңбекте қажымас қайрат, шығармашылығыңызға мол табыстар тілейміз! Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы құтты болсын!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар