Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Жабалдың жаласына тойтарыс......

25.08.2020 3253

Жабалдың жаласына тойтарыс... 16+

Жабалдың жаласына тойтарыс... - adebiportal.kz

Таяуда Жабал Шойынбет деген адамның сұхбаты «Түркістан» газетіне шықты. Қойылған алғашқы сұраққа берген жауабы соңында Жабекең: «Мен қазіргі күні телеарна, радио, баспасөз беттерінде, сайттарда көп көрініп жүрген ағайынды Досым және Асан Омаровты, «жұмбағы» мол Омар Жәлелді нағыз абайтанушы деп мойындамаймын. Олар мен үшін қазақтың, Абайдың мүддесін емес, өздері үшін қымбат әлдебір топтың мүддесін көздеушілер секілді көрінеді». Бұл жерде «нағыз абайтанушы – мына мен!» деген ойдың құлағы қылтиып тұрғаны анық. Тек өзін ғана абайтанушы ғалым санайтын Жабал інім Сталин тұсындағы прокурор құсап, «әлдебір топтың мүддесін көздеушілер» деген жаласын біздерге жаба салыпты. Ұят-ай. Қалай ғана дәті барды екен?! Ғалымдық – тазалықтың символы емес пе еді.

Жабал Шойынбет жалған жаланы қардай боратып, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап келе жатқалы қашан. Кемінде жиырма жылдың жүзі болды. Жабал анау-мынау емес, өте ауыр қылмысқа парапар айыптар тағады. «Ағайынды Омаровтар қазақтың қас жауы, халықаралық астыртын ұйымның тыңшысы (шпионы)» деген сияқты. Жаңылмасам, осы жылдың басында Президентіміз Қ.К. Тоқаевтың атына арыз-хат жолдап, онда ондаған зиялы адамдардың есім-сойын атап, түгелдей қатаң жазаға тартуды өтінген болатын. Сол тізімде аталғанның бірі, оқу-ағарту ісінің үздігі, еңбек ардагері Роза Мұхаметжанқызы Батталова апай маған телефон шалып: «Оқу-білім саласында қырық жыл адал еңбек еттім, мына Жабал деген абыройымды айрандай төкті-ау, еш жазықсыз күйдім-ау?!», – деп қатты күйзелген хәлде кемсеңдей берген-ді. Шүбәсіз, әр адамда бала-шаға, орта, дос-дұшпан бар, Жабалдың жаңағы жалалы хаты, онда аталған жандар жүрегіне терең жара салғаны анық. Бүкіл өмірін ғылым деп, ұлт мүддесі деп сарп еткен адамға жаңағы күйзелісті түсіну қиынға соқпас деген ойдамын.

Әттең-айы, Жабал Шойынбетке біреуді қаралай салу түкке де тұрмайды. «Шіркінде ес болсайшы сезед деген» (Абай) демекші, есі әлі кірмеген баладай шоқпарын оңға да, солға сілтей салады сабаз. Паронойя ма, әлде шектен шыққан қызғаншықтық па? Шыны керек, осылай ойлап, аң-таң қаласың. Әйтеуір, ғалым адамның қылығы я ісі емесі айдан анық.

Айтқан сын – шын, таққан айып – дәлелді болғанға не жетсін. Әсіресе, ғылым саласында болмай қалмайтын пікірталас, түсінбеушілік әділет пен ізгілікті тірек еткені маңызды. Өз жайымды ғана айтсам, соңғы отыз жылдай өмірім «Шәкәрімнің өмірбаяны» (2008), «Шәкәрім және Мұхтар» (2010), «Бүгінгі абайтану» (2011), «Абай: ашылмай келген қырлары» (2015), «Абай шығармаларының хронологиясы» (2017), «Цензурасыз Абай» (2020) атты зерттеу кітаптарды жазумен өтті. Сондай-ақ, «Абай. Жаңа үлгідегі басылым» деген Абай шығармаларының екі томдық толық жинағын баспаға дайындаған жайымды да айта отырайын (мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларым өз алдына бір төбе).

Міне, Жабал шіркін осы аталған көл-көсір еңбектің арасынан әлдебір ұлтқа қауіп төндіретін қатені тапса, мінеки, бұрмаланған я қасақана жазылған жері деп сынаса, тіпті көзіме шұқыса да арманым болмас еді. Жо-жоқ, атамаңыз, ондай әділетті сын болса, бұйырмасын. Жабал пақыр тек жалалы хат жаудырудың ғана хас шебері болып көрінді маған. Құр сөз болмауы үшін жоғарыда аталған сұхбатынан бір мысал алайын. Жабал: «...Омаровтар Абай туралы жазғандарында мынандай ойлар айтады: «Абайды бір діннің шеңберінде қойып түсінуге болмайды, ол – бір діннің шеңберіне сыймайды» депті. Көрдіңіз бе, жау ғып көрсеткен, әшкере еткен сиқы осы. Әлсіз тұсты таптым деген түрі де осы. Ғалым емес, прокурор ма дерсің...

Ей, жарығым Жабалай, Абай бір діннің я бір мәдениеттің шеңберіне сыймайды. Мұны алғаш айтқан – Мұхтар Әуезов. Дәлелге «Абай Құнанбайұлы» атты монографиясында: «...Абайдың діні – ақылдың, сыншыл ойдың діні болуға бет алады. Ислам схолостикасы көзімен қарағанда, Абайдың бұнысы – мұсылман ғұламалары ұсынған дін жолы емес, күпірлік. Шариғат ойланбай илан десе, Абай илану үшін ойланам, – дейді» немесе: «Сонан ары Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дейді. Бұндағы мұсылманшылықтың өзі ауызға алып келген Алласы, пайғамбары, кәләмшарифі, иманы нұсқаған жолдың бәрінен Абай бөлініп, шет жайылып кетеді. Ислам үгіті бойынша, бар адам баласын сүймек түгіл, мұсылман еместің, дін қарындасы еместің барлығын кәпір деп, жау деп санау керек» деген пайымдарын алсақ та жеткілікті. Ұққан адамға Мұхаң бұл жерде Абай дін қағидасы шеңберіне қамалған дінші фанатиктер түгіл, мұсылман ғұламалары санасынан да жоғары сатыға шыққан хакім екендігін көрсеткен.

Егер, сен айтқандай, Абай бір дін шеңберіне қамалған ғұлама болса, онда несіне «Әлемнің Абайы», «Бүкіл адамзаттың кемеңгер ұстазы» деп кеуделеп жүрміз. Оған жол жабылмай ма. Абай адамзатқа ортақ болатынының дәлелі – Құдай тану, жантану, үш сүю ілімдері! Қазіргі таңда мына пандемия көрсетіп отырғандай, адамзат, әсіресе, ойшылдың «толық адам» іліміне зәру. Абай – толық адам, яғни толық білімнің иесі. Әрбір хакімнің санасы қай діни конфессияның болмасын (ислам, христиан, мейлі, буддизм) шариғатынан жоғары. Осындай оқушы балаға да аян ақиқатқа күмәнмен қарауың жарамас, Жабал! Сен үнемі ислам діні тасасына тығылып тұрып, қойныңа тыққан тасты атасың. Соңғы сөздерді соның үшін де айтып отырмын.

Сұхбат тақырыбы – «Көпшілікке Абай туралы «адасқан» қазақтардың түсіндірмесі жетіп жатыр». Па, шіркін, атойлап тұр! Оқырманға түсінікті болу үшін айтайын, бұл жерде сөз «Абай болмаған» деп жазған Зәуре Батаеваның мақаласына түсіндірме беру жайында. Мен таяуда жазған қарсы мақаланы – «адасқан қазақтың түсіндірмесі» дейсің, міне, халыққа сол да жеткілікті дейсің. Батаеваның жазбасы үш тілде бүкіл жер-жаһанға таралды. Сен болсаң, оған қарсы жазғанды жазғырасың, ал өзің түсіндірме беруден бас тартасың. Бұл қалай? Абайды, халықты қор, ал өзіңді зор санағаның ба? Менсінбейтін деңгейге шыққан, тым биікке әуелеген әулиесің бе?

«Абайды зерттеген 30 жылдың ішінде университеттің «Ұлағат» баспасынан бірінші рет «Абайдың қарасөздерінің ерекшеліктері» кітабын шығарып едім, кітабым университет ішіндегілер мен таныстарыма ғана жетті. ...Мен өзімді абайтанушы деп айтуға батылым жете бермейді, ал жоғары оқу орындарында ұстаз болғанымды мақтаныш етемін». Бүкіл сұхбат барысында айтқан сөздеріңнен шындық ауылына жақыны осылар ғана.

Не зерттеп жүр осы Жабал деген жігітім деп жүретінмін. Сонан өткен қыста елордалық Ұлттық кітапханада жаңағы аталған кітабыңды тауып алып, танысқаным бар. Масқара, оның мазмұнынан төбе шашым тік тұрды, бір түйір жаңалық болсайшы, тіпті өз пікірің де жоқ, өңкей анау айтты, мынау айтты деп өзгенің сөздерін тізе беріпсің. Имандай шыным, өте таяз, студенттің дипломдық жұмысы деңгейінде орындалған осы еңбекпен кандидаттық атақ алғаныңа қайран қалдым. Оның таралмағанына шүкір де, таралса, ұятқа батасың, бауырым. «Өзімді абайтанушы деп айтуға батылым жетпейді» дегеніңді енді жақсы түсінем. Сол шала білгеніңмен жоғары оқу орындарында Абайды оқытсаң, жастардың санасы қайтіп жаңғырмақ, ә?

Ең жаманы, аярлық пен жалақорлық қылықтан арыла алмадың. Ондай пенденің ұстаз болуға моральдік құқысы күмәнді. Шенеунік сияқты шіренген сөзіңнің соңында: «Көпшілікке Абай туралы кімнің түсіндірмесі тез жатып жатыр, әрине, қаржылай демеушісі бар «адасқан» қазақтардікі» депсің. Бұл жалақорлық емей не? Өзгені «сатқын», «адасқан» деп ұпай жинайсың, қоғамда сенімсіздік уын себесің. Мұнан асқан жөнсіздік бола ма? Көпшілік қайдан білсін, абайтанушы дегеннің сықпыты мынау болса, өзгелерден не қайыр деп түңіліп, жерге бір түкірері сөзсіз.

Осымен, Жабал шырақ, сөзімді сабақтайын. Кезінде Абай атамыз:

Ортаға көп салдым,

Өзімде барымды.

Япырым-ау, неңді алдым,

Сау қоймай арымды?

...Жасырдым, жасырдым,

Енді айттым зарымды, –

деп налығантұғын. Сөз басында айтқандай, сен де аттай жиырма жыл болды, талай жазықсыз жандарды күйдіріп-ақ келесің. Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос көр», я болмаса «Пендесіне қастықпен кінә қойма» дегенін түсінер, қояр деп сендім. Бірақ, олай болмады. Соңғы сұхбатың, қайткен күнде қара тақтаға жазбақшы теріс ниетің, тостағанды толтырған соңғы тамшыдай, еріксіз қолға қалам алғызды. «Тентек Құдайын танымас». Соқтықпалы бауырға берген тойтарысым да, жаңағы Абай айтқан, жасырған, айтылмай келген зарым да осы, оқырман қауым.

Асан Омаров,

абайтанушы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар