Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жадыра Байбұланова. Құлыбы жоқ бұл өзі қандай қамау?

09.12.2018 1075

Жадыра Байбұланова. Құлыбы жоқ бұл өзі қандай қамау?

Жадыра Байбұланова 1990 жылы 9-желтоқсанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Жаңатоған ауылында дүниеге келген. Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің түлегі. Әлеуметтік ғылымдар магистрі. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты. «Қағаз жүрек» жыр жинағының авторы.

Жазылмастан қалды іште қаншама өлең,

Өткен күннен белгі боп қалса деп ем...

Бәлкім, кейін, дәм-тұзым таусылғанда,

Бір шумақ жыр жазуды аңсап өлем...

Боялғандай бұлыңғыр түске маңай,

Тірі жүріп, тіл құрғыр тістеледі-ай!

Көздің жасын көрсету - қандай бақыт

Менің жасым ағады ішке қарай...

Құлыбы жоқ бұл өзі қандай қамау?

Жазылған ба бітпейтін маңдайға дау?

Менің жазам - мәңгілік махаббатты

Мүлдем естен шығару - мәңгі ойламау!

Адастырар деді ме осы көпті,

Маған тағдыр неге олай шешім етті?

Білсеңдер ғой, сайраған бұлбұлға да,

Алтын торда ән салу - қасіретті...

***

«Сізге» айналып кеткелі «Сен» дейтінім,

Өлең болып барамын өң-кейпі - мұң...

Махаббатты сол шығар, жырлайтыным,

Махаббатқа сол шығар, сенбейтінім...

«Сәлеметсіз...» - жалғыз сөз сенен естір,

«Амансыз ба?..» - мендегі елемес түр.

Тағдыр, саған түк емес екі жүрек,

Егілерін білсең де, ерегестір!

Бәрі мәңгі деуші едік, қалды онымыз,

Бақыттымын сенсіз де - ал, көріңіз:

«Кетпешінің» орнына – «Көріскенше!»

«Сағындымның...» орнына – «Сау болыңыз!»

Жазғанымен қалуды бір жүздесіп,

Тірлік кешіп келеміз - тілсіз кешіп...

Өмір өтіп барады, өкініш - сол,

Сен екеуміз жүргенде «Сіз-Біз» десіп...

***

Мен ауылдан кеткелі көп жыл өткен...

Қарсы алар ма жатсынбай жол гүл еккен?

Арман қуған көңілмен аттанып ем,

Қайтып келдім сол көңіл, сол жүрекпен!

Қазір маған жанары от қыз арман,

Не күтерін білген де жоқпыз алдан.

Бұл ауылда алғаш рет ғашық болып,

Бұл ауылда алғаш рет бет қызарған...

Мен кеткелі қанша рет қиыр гүлдеп,

Қаншама отау тігілді - иілді ілгек.

Аунап-қунап кетер ем әрбір үйде,

Әттең, қазір үйлер аз...

Үйінді көп!

Қанша жақын тартсам да қала бөтен,

Қайтсем оны жаныма бағалы етем?

Арман қуып кетіп ем, шындығында,

Арман деген ауылда қалады екен...

***

Мендегі жалғыздық - бітпейтін жалғыздық,

Біткенше қан-сорам...

Ешкімнен ештеңе күтпейтін жалғыздық -

Күтуден шаршаған.

Мендегі жалғыздық - дерт те өзі, ем де - өзі,

Әлегі, әлі көп.

Мұңлықтың мұңлығы, кербездің кербезі -

Дос түгіл, жауы жоқ.

Әлдекім әлдене айтуға оқталса,

Келеді кеңескім.

Ол бірақ:

«Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» - дейді көп болса,

Мен - Құдай емеспін...

***

Босаттым ішімдегі бір адамды,

Кешірдім кінәларды, күнәларды,

Сөйтті де өмір мұңнан бір тазарды,

Сөйтті де көңіл кірден бір ағарды...

Арылып күллі қоңсық, кір-қоқыстан,

Шаттандым!

Жүрегім де күлді оқыстан.

Күтпеймін енді өзгеріс Көктем келсе,

Күтпеймін енді хабар жылда құстан...

Орын жоқ тіпті, ішімде енді мұңға,

Көз күліп, көңіл тасып, сел қылуда.

Әлемді құшып, сүйіп алғым келді -

Өкпесіз ғұмыр - маған, мен - ғұмырға.

Болса екен ұзағынан осы күндер,

Бәлкім, ел қателік-ау шешімің дер...

Ей, адамдар, бақытты болғың келсе,

Бақытсыз қылған жанды кешіріңдер!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар