Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Жақсы ойларыңды ұмытарың бар, жаман басыңа несіне ...

31.07.2019 5033

Жақсы ойларыңды ұмытарың бар, жаман басыңа несіне сенесің 16+

Жақсы ойларыңды ұмытарың бар, жаман басыңа несіне сенесің - adebiportal.kz

Жазушы Әлібек Асқаровтың қойын дәптерінен.

Партизан жазушы Қасым Қайсенов Халық Қаһарманы атағын алып, “Алтын жұлдызды” кеудесіне таққан күні өзінің жеке хатшысы Еркін Нұразхановқа айтқан алғашқы сөзі мынау болыпты:­

– Еркінжан, ендігі жерде мына Алтын жұлдызды кезектесіп, бір күн сен, бір күн мен тағып жүретін болайық.

Соңғы жылдары ұдайы қасында болған, шашылып жатқан қағаздарын ретке келтіріп, архивін түгендеген, бірнеше кітап етіп бастыртқан хатшы інісінің еңбегін Батыр ағасының бағалағаны, риза болғаны осы да.

Бұдан артық қандай рақмет айтуға болар!

* * *

Біздің ауылда өзі соғыс ардагері, ісмер балташы, өрімші, бастыққа да, басқаға да ой-пікірін турасынан айтып салып қарап отыратын тік мінезді Имаммәлік Қайсенов деген қадірменді қария болды. Сол кісінің бір үйде отырғанда құрдасының шай құйып отырған бәйбішесіне былай дегенін естідім:

– Мал өткен бұлақтай лай суыңды тықпаламай, шайды былай дұрыстап демдесеңші, бәйбіше!

* * *

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге бір топ ақын-жазушыларды дайындап жатырмыз. Қалихан Ысқақов қаламгер қауымның атынан сөз сөйлемек бір әріптесіне:

– Отбасы, ошақ қасының қатын өсегін күйттеп, тышқаншылап кетпе, елдік сөзді айт былай! – деп, сұқ саусағын сілкілеп, қатаң тапсырып жатты.

* * *

“Ақылды философ...” Сонда Қадыр Мырзалиев айтты: “Ендеше ақылсыз философ та болады-ау, тегі?”

* * *

“Аспандаған поэзия биігінен бір сәт жерге түсейікші”, – деді Қадыр ақын қаламгерлер бас қосқан­ бір отырыста.

* * *

Әлдебір журналдан Ақселеу Сейдімбектің (1942–2008) “Өмір осылай өтіп жатыр” деген әзіл өлеңін кездестірдім. Бұл өзі әзіл ғана емес, өлең ғана емес, Кеңестік қоғамға деген сарказм, астарында терең пәлсапа жатыр. Тыңдап көріңіз!

– Уа, Бабай!

Ел-жұрттың халі қалай?!

– Е-е, балам-ай!

Ел аман, жұрт тыныш демесе:

Әйел ерге қарады, ер жерге қарады;

Қартымыз – қақпас, қатынымыз – қақпыш;

Шешеніміз – шерменде, көсеміміз – сергелдең;

Биіміз – жалтақ, батырымыз – қорқақ;

Данамыз – бала, баламыз – шала;

Әйел арыды, келін жеріді;

Бозбала – сайтан, бойжеткен – сайқал;

Азамат – әлсіз, арғымақ – жалсыз;

Сері – селтең, сал – мөлтең;

Көршіміз – кәпір, туысымыз – мүсәпір;

Жауымыз – атарман, досымыз – сатарман;

Тұлпарымыз – жабы, сұңқарымыз – жапалақ;

Өнеріміз – молақ, өнерпазымыз – олақ;

Дініміз – шала, тіліміз – шұбар;

Еліміз – азды, жеріміз – тозды;

Бүгініміз – тұман, ертеңіміз – мұнар;

Сенеріміз – жоқ, секеміміз – көп;

Жан шыққан жоқ; үміт өлген жоқ...

Өмір осылай өтіп жатыр!

* * *

Туваға барған сапарымызда мына бір қызықты естідік: Осы елдің астанасы Қызыл қаласын Орта­лық Ресейде, яғни Мәскеу мен Ленинград жақтарда біле бермейді екен. “Қызыл” десең бетіңе бақырайып бір қарайды да, “Қызылорда ма?” деп сұрайтын көрінеді. Ондайда әсіресе орысшасы нашарлау, жөн-жосықты біле бермейтін тувалықтарға қиын соғып жүрген сияқты. Талай рет Қызылдың орнына, вокзал бекеттерінде ол байғұстарды Қызылордаға баратын пойыздарға отырғызып, бейнет тартқызыпты.

* * *

“Қазақты қыдыртып қойсаң, тозақтың да есігін тоздырады”. Осы сөзді ауылдас әйелдерге реніш білдірген жап-жас келіншектің аузынан естідім.

* * *

Жазушы досым Жолтай Әлмештің сөзі: “Біздің қоғамда мәдениеті жоғары адамдар баршылық, бірақ мәдениеті жоғары ортаға тапшымыз, ондай орта бар шығар, бар болса да тым аз”.

* * *

Кейбір жазушы ағаларымыздан мына құбы­лысты байқадым... Жас кездерінде сәтті бастай-ды, сөйтіп тәуір дүниелер, жақсы шығармалар жазады, тіпті “шедеврлерді” өмірге әкеледі. Атағы шығып, абыройы асқақтап елдің аузына ілінген соң жазуға деген жауапкершілігі солғындай бастайды. Не жазса да өтетінін, әдеби орта да, оқырман да қабылдайтынын біледі. Әрине, талғамы қалыптасқан қаламгер болғандықтан ол жаман дүние де жазбайды. Бірақ бұрынғыдай жақсы шығарма да бермейді. Шығармаларында олпы-солпы тұстары көбейеді, артық-ауыс жақтары молаяды. Ықшамдау, “осы жерім артық болар-ау” деген ой бастарына келмейді. Жазғанының бәрі алтын емесін ескермейді.

Осылайша баз бір ағаларымыз жасында алған атақ-даңқын малданып әлі күнге келе жатыр.

* * *

Баз бір қаламгер достарымның “мен жеңіл жазамын” деп мақтанғанына да куә болғанымыз бар. “Жеңіл жазу” поэзияда түсінікті жайт: жыр жүректен ақтарылып, көмейден құйылып жатса, неге бұрқыратып жаза бермеске... Ал прозада “жеңіл жазамын” дегенге күдікпен қарау керек шығар. Проза – ауыр жанр. “Жеңіл жазылған” прозаның салмағы да жеңіл тартып кетуі әбден мүмкін ғой?

* * *

Кейде сәтті шыққан әлдебір әннің адамға эмоциялық әсері соншалықты, ондай әсерді тәуір хикаят та, жақсы әңгіме де бере алмай жатады.

* * *

Бүгінгі прозамыздың даму тенденцияларын тал­дап, қаламгер ағайынға жөн сілтейтін, әдебиеттің бағыт-бағдарын айқындайтын сын мақалалар мерзімді­ басылым беттерінде арагідік жарық көріп жатады.

Шүкір дейміз. Бірақ, байқап жүрміз, сол зерт­теулердің біршамасы жалғыз адамның қолынан шыққандай, инкубатордың балапандарындай әсер ететіні бар. Шаблон, біріне-бірі ұқсас... Әуезовтен бастайды, Аймауытовпен қостайды, Бейімбетті еске алады, арада Сәбең мен қос Ғабең сөз болады. Ұлттық прозамыздың социализм тұсындағы басқа да алыптарынан мысал келтіріледі. Ақыр соңында бүгінгі әдебиетке ауысқан кезде автордың демі таусыла ма, әлде газет қысқартып жібере ме, мақала бірер қайырыммен бітіп қалады.

Шөлдеп келе жатып, салқын суды енді іше бергенде оқыс төгіп алғандай күй кешеді екенсің.

* * *

Суретшілер арасында “халтура” деген қитұрқы сөз бар. “Халтура тапсаңшы?” деп олар біріне-бірі өтініш жасап жатады. Бұл өтініштің астарын өзге жұрт түсіне бермейді.

“Халтура” – көптеп ақша табатын көлденең жұ­мыс. Кезінде суретшілер елге барып, ұжымшар-кеңшар басшыларымен келісімге келетін. Сөйтіп, кө­ше­лерге плакаттар салып, клубтарды, мәдениет үйлерін­ әлем-жәлем безендіріп, біршама табыс тауып қайтатын.

– Қолым бос емес, халтура жасап жатырмын, – дейді кейде суретші достарымыз. Яғни, “мол ақша табатын шаруаға кірістім” дегені.

Бұдан сіз “халтура” жасап жатқан әлгі суретшіні “халтурщик” деп айта алмайсыз. Ол нағыз талант иесінің өзі болуы мүмкін.

“Халтура” – жеке шығармашылығынан бөлек, жанама жұмыс деген ұғымды білдіреді. Турасында, тапсырыспен (заказ) жасалатын жұмыс.

Амал қанша, ақшаның қызығына түсіп, тапсырыс қуған, яғни әлгіндей “халтурамен” айналысқан суретшілердің кейбірі ақыр соңында расында да “халтурщик” болып шыға келеді. Қалайша “халтурщик” болғандарын олардың өздері де байқамай қалады.

Мәселе “заказ” алған жұмысына жеңіл, немқұ­райды қараудан басталады. “Әй, қалқоз үшін осы да жарайды” деп шеберлігін салмайды, оп-оңай “қағып тастағысы” келеді. Өйткені ұжымшар бастығы олардың жаңашыл үлгідегі дүниелеріне сығырайып әрі үңіледі, бері үңіледі. Сосын жаратпай тастайды. Амалы құрыған суретші ұжымшар бастығына ұнау үшін қайдағы бір сұрқай стильдерге көшеді. Осылайша, сурет өнерінен бейхабар, мұрнына өнердің иісі де бармайтын бөтен біреудің талғамынан шығуға тырысады.

Сөйтемін деп жүріп өз талғамының да бұзыла бастағанын аңдамайды. Көзі де әлгі жөпшеңкі, ортаңқол суреттерге үйреніп, көндіге бастайды. Ақыр соңында “халтураның” өзін дұрыс дүние есебінде қабылдауға көшеді.

Суретші үшін әсіресе көзді үйреткен қауіпті.

Суретшінің көзі әрдайым талғампаз болуы тиіс.

Меніңше, осы бір жайт көркем әдебиетке де қатысты сияқты...

* * *

Ауыл суреттері жылдар өткен сайын көмескі­леніп бара жатыр...

Ел жаққа сапарлаған сайын бейне бір ауылда құрдастарымыз бозбала күнгідей күтіп отырғандай сезімде боламыз. Олар сол баяғы біз қалаға кеткен кездегідей, есеймегендей, өзгермегендей елестейді де тұрады. Ал арада көптеген жылдар жоғалғанын, ғұмырдың жарымы өтіп кеткенін ескермейміз. Алматыда жүрген өзіміздің­ де етжеңденіп толысқанымызды,­ жылдар бітімімізге де, күтімімізге де мықтап ізін салғанын, шашымыз бозғылданып, бетке әжім түскенін ойламаймыз. Туған ауыл десе ет жүрегіміз елжіреп, сол баяғы бала шақтай шақырып тұрғандай болады.

Турасында, ауылдағы достарымыз бізден гөрі көбірек қартая түскенін пайымдасақ етті... Тіршілік тауқыметі астанадағы біздерден гөрі ауылдағы ағайындарды көбірек қажытқанын ескерсек етті.

Жоқ, бәрібір ауылға бара жатқанда ол жақта бізді бозбала жастығымыз, бозбала достарымыз қарсы алатындай әсерден арыла алмаймыз.

“Ауылдан бала боп аттансаң, бала боп қайта орал”, – дейтін Оралхан Бөкей. Бұл да сондай бір түсініксіз сезім шығар...

* * *

“Алла” дейді қазақ. Жүз жерден мұсылман болайын дегенімен бола алмаған, бола алмай жүрген қазақ “Алла” деп нені мегзейді екен? Не туралы ойлайды екен?

Меніңше, көпшілігі бұл мәселеге “реалды шындық” тұрғысынан келетін сияқты.

“Алла” дегенде табиғаттың мәңгілігі, адам ғұмырының сол мәңгілікпен салыстырғанда қас қағым сәт екені еске түседі білем.

“Алла” деп қазақ тәубаға келеді. Көкте бір тылсым­ күш басқарып отыр-ау деп емес, мәңгілік табиғатпен салыстырғанда адамның күнделікті күйкі тірлігінің бейшаралығын ойлап, тәубаға келеді білем.

* * *

Тау өзенінің сарыны.

Бұл ғажайып саз... Өзгеше музыка, мәңгілік музыка. Тыңдай бергің, тыңдай бергің келеді. Ұйисың, маужырайсың, балқисың.

Қандай да болсын өзге музыка көп тыңдасаң, жалықтыруы кәдік. Бес рет, он реттен соң құлағыңды басып, қашуың мүмкін. Ақселеу Сейдімбектің айтқаны бар еді: “Бірде “Сарыарқа” күйін радиодан таңертең, түсте, кешке қайта-қайта қайталап, бес рет тыңдаған кезде мезі боп кеттім”, - деп.

Ал өзеннің бір қалыпты сарыны жалықтырды деген жанды естігем жоқ. Жалпы, өзен сарыны бір қалыпты да болмайды. Мұқият, үңіле құлақ қойсаң, ішінде нелер бір иірімдері бар. Кейде барабан соққандай тарсыл да шығады. Ол су түбінде ағыспен бірге домалаған тастар ғой. Енді бірде қыздың сүйісіндей шөп-шөп үн келеді құлаққа. Ол жағалауды шапаттаған майда толқындар ғой.

* * *

Орыстарда “Адаптация к козлам” деген бейнелі сөз бар.

Осы сөз орыс ағайынды қайдам, қазіргі қазаққа көбірек келетін сияқты.

Біреудің сұмырай, біреудің сұмпайы екенін біле­міз. Біреудің жетесіз, зердесіз сүмелек екенін білеміз. Біле тұра сол адамның қасында түк білмегендей жүре береміз. Әзілдесеміз, қалжыңдасамыз, әңгімелескен боламыз. Өзі ойсыз, санасыз, сөйте тұра қазымыр, жексұрын бастықтардың да талайын көрдік. Оларға да “ләббай, тақсыр” деп иіліп сәлем беріп, өтірік ыржиып кете береміз. Кейде оларды жиналыстарда көзін бақырайтып қойып мақтаймыз, көпіртіп сөз сөйлейміз, көлдей етіп мақала да жазамыз.

Сонда біздің кім болғанымыз?

* * *

Қазақтың сыршыл қаламгері, жазғаны ерек, мінезі бөлек жазушы Рақымжан Отарбаев әлдебір кісі туралы былай дегені бар: “Сөйлеген сөзі түсініксіз, пауза жоқ, түкірігін шашыратып сайрады дерсің... Отыз патронды бірден атып жіберген Калашников автоматы секілді”.

* * *

Қазір қолына қалам алған әрбір жазушының шығармасы еуропалық канон үлгісінде. Роман, хикаят, әңгіме, новелла деп жатамыз. Әр шығарманың бісмілла деп басталуы бар, сосын шарықтау шегі, ақыры түйінмен тамамдалады. Міндетті түрде оның ішінде драма болуы тиіс, оқырманды тартып отыратын динамикаға құрылуы міндет.

Әрине, мұның бәрі дұрыс. Бірақ қазақ прозасының арғы атасы ауыз әдебиеті, фольклор емес пе? Ал, ауыз әдебиетінің болмысы – баяндау...

Бәлкім, әдебиетімізге ұлттық бояуды әкелетін осы жанр шығар? Нағыз қазақ прозасының тінін осы төңіректен іздеген жөн болар?

* * *

Өзі үшін өлең жазатындар баршылық, ал өзі үшін ғана проза жазу мүмкін емес. Бұл абсурд, өтірік.

* * *

Кто он – Герой Нашего Времени. Наверное – кретин или ублюдок. Өз заманымыздың қаһарманын сипаттап, Лермонтовша роман жазар болсақ, “Ублюдок Нашего Времени” деп ат қойған дұрыс болар?

Ал жазушы Жұмабай Шаштайұлы романына “Біздің заманның Аязбиі” деп ат қойыпты. Табылған тақырып!

* * *

Алтайдан Алматыға шықтым пойызбен. Ұмытпасам, Үштөбеге келгенде болар, терезеден есек көрдік. Үстінде қиқайып бір шал отыр. Шалдың аяғы жер сызады. Есек тайпаң қағып кетіп барады. Үстіне қонжиған алпамсадай шалды елер емес.

– Есек! – деді інім Сағидолда.

– Иә, есек... – деп мен де басымды изедім. Ғұмыры есек көрмеген, Алтайдың алыс түкпірі­нен оқуға келе жатқан екеуіміз де ол жануардың есек екенін жазбай таныдық.

* * *

Шыңғыс Айтматовтың “Жәмила” хикаятының қазақ жазушыларының қалыптасуына, жаңа шығармалар жазуына әсері үлкен болды. Соған еліктеп нелер бір әдемі хикаяттар, әңгімелер өмірге келді. Оны қазақ жазушылары мойындаудан қашады, айтқысы келмейді, жасырған болады.

* * *

Бірде Ақселеудің былай дегені бар: “Сәбит Досанов пен Дүкенбай Досжанның ара салмағын, төл әдебиетіміздегі орнын біле білген кез келген шенеунікті мәдениет министрі етіп қоя салуға болады”.

Бұл қадірлі ағамыздың министрліктерде шіреніп, бір-бір креслоны иемденген, бірақ әдебиет пен мәдениеттен хабары жоқ шенеуніктерге айтқан көкірек қыжылы болса керек.

* * *

Төлен Әбдіков бірде әңгіме арасында мынандай ой айтты: “Әдебиет – өмірдің қайшылығы мен шындығын көрсеткенде ғана ол әдебиет. Шындық тәтті болмауы әбден мүмкін... Шын өнер қоғамды сауықтыруға ықпал жасауы керек”.

* * *

Әлдебір тойда қызып алған жұрт шу-шу етіп, әр үстел өзінше болып дуылдасып жатыр еді, асаба: “Жыламасқа жылаған екі көзім, тыңдамасқа сөйлеген есіл сөзім. Тыңдаңыздар!” – деп айғай салды.

* * *

Тағы бір тойда асаба былай деді: “Атам қазақ сиырды саумай тұрып сипап ал деген екен. Сөз бермей тұрып мақтап алсам, Хайдекең де жылы сөз айтар деген үміттемін”.

* * *

Орақ тілді бір асабаның былай дегені есімде қалыпты: “Бару да бармау төркінге байдағы қыздың еркінде” депті біздің халық. Әріптестері бүгінгі тойда мерейтой иесіне қандайлық қымбат сыйлық тартамын десе де өз еріктерінде”.

* * *

“Арыстанның апанына түнеп шыққан ешкіден қорық” дейді қазақ тағы. Бұдан шығар тәлім – үлкен үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жігіттерден сескен деп мегзеу ғой, тегі?

* * *

“Жалаңаштар елінде жамылғысы барды жындыға санайды” деген аталы сөз бар. “Қайта құру” дейтін заманда ескі дәстүрдің қажеттісін қалдырмай әжетке жаратып, пайдаға асырып жүргендерді “консерватор” дейтін болыпты. Бұл жөнінде халқымызда “Байып еді, үйі де тар боп шықты” деген сөз тағы бар. Өмір өзгеріп еді, өткеннің бәрін талақ еттік.

* * *

Алтайдың алыс төріндегі Аршаты ауылына барғанда­ “Ел құлағы елу, әйел құлағы алпыс” деген мақалды­ естіп, қатты риза болдым. Осы мақалды айтқан қушыкеш жігіт әңгіме арасында: “Бұралқы сөз күлмекке жақсы, бөтен әйел ермекке жақсы” , - деп қойып қалып, тағы да ішек-сілемізді қатырды.

* * *

Атырауда, Құрманғазы ауданында жүргенде мамандығы инженер болса да шешен тілді бір замандасым: “Жетім бала жасындағысын ұмытпайды, жесір әйел ашынасын ұмытпайды” дейді ғой. Сол секілді бәріміз де студент болдық, аштық пен тоқтықтың не екенін біліп өстік”, – деп бастады әңгімесін.

* * *

Тарихшы-ғалым Исатай Кенжалиевтің зерттеу­лерін оқып отырып, Патша әкімшілігі 1830 жылдардан бастап қазақтарға үй салуды тежеуге кіріс­кенін­ байқаймыз. Олар үшін қазақтардың көшіп-қонып жүре бергені оңтайлы болса керек... Көк­темде алаңсыз жайлауға көшкен қазақ күзге қарай қыстауына ойысқанда – құнарлы жер, шалғынды жондарын переселендер басып алғанын бір-ақ көреді. Переселендерде түрлі қару, мылтық бар, әрі үкімет те солар жағында. Қашанда олардың іс-әрекеті дұрыс саналған. Мұндай жағдайда қара қазақ жалаң қолмен оларға қайдан қарсы шықсын... Тағдырдың жазғанына амалсыз көнеді.

Осылайша, үй салғызбау мақсатында патша әкімшілігі “қақыра” (орысшасы – мазанка) салығын ойлап тауып, үй салған қазақтардан жылына бір сом елу тиыннан жинап отырыпты.

* * *

“Балдырған” журналының бас редакторы Мұза­фар Әлімбайға ертеректе, бала күнімізде ауылда болған бір оқиғаны айтып берген едім. Ол оқиға Мұзағаңа ұнап, сен мұны асықпай “Балдырғанға” арнап жазып бер деп қолқа салды. “Асықпай” дегесін мен де арқаны кеңге салып жүріп, ол туралы мүлдем ұмытып кетіппін. Тағы бір кездескенде Мұзағаң: “Жақсы ойларыңды ұмытарың бар, жаман басыңа несіне сенесің”, – деп бұрылып кетті.

Мен содан бастап күнделікті жасайтын жұмыстарымды, мақсат еткен алдағы жоспарларымды қағазға түртіп қоюды дағдыға айналдырдым.

* * *

Мұзафар Әлімбайдың жас кезі екен, бірде құдалық жолымен Қызылорда жаққа, Сыр өңіріне барады. Келін түсіріп, той жасаған Күліш атты құдағиы көпті көрген, шешен тілді, көсем сөзді кісі екен. Әңгіме үйдегі келіндер жайына ойысқанда Күліш құдағи ақын інісіне былай депті:

“Бір келін түсірген ене тамағын жатып ішеді, Екі келін түсірген отырып ішеді, Үш келін түсірген жүгіріп ішеді”.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар