Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Жамиғ-ат-тауарих» және «Зикзал» кітаптарының бета...

01.11.2018 10348

«Жамиғ-ат-тауарих» және «Зикзал» кітаптарының беташары

«Жамиғ-ат-тауарих» және «Зикзал» кітаптарының беташары  - adebiportal.kz

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының аясында Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған «Жамиғат-ат тауарих» және «Зикзал» кітаптарының тұсаукесері өтті.

Аталған кітаптардың беташарына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, қоғамдық қайраткерлер, ғалымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Рашид ад-диннің 5 томнан тұратын «Жамиғ ат-тауарих» еңбегі парсы тілінен тұңғыш рет қазақ тіліне аударылып отыр. Ортағасырлық тарихи әдебиеттің энциклопедия дәрежесіндегі аса маңызды ескерткіштерінің бірегейі. Бұл «Жылнамалар жинағы» әртүрлі тайпалар мен халықтар туралы тарихи деректерді қамтиды. Онда ертедегі Моңғолия, Шығыс Түркістан, Иран, Орталық Азия, күнгей Кавказ, Поволжье мемлекеттері мен халықтары туралы құнды тарихи мәліметтер бар.

Атаулы кітаптарды парсы, көне шағатай тілдерінен аударған араб, парсы тілінің білгір маманы Зәріпбай Жұманұлы: «Осындай маңызы зор кітапты аударуды Алла маңдайыма жазғанына шүкір деймін. «Зикзал» кітабы Қазан төңкерісінен кейін Қазан қаласында жарық көрген. Ерекше тәсілмен, асқан шеберлікпен жазылған. Ұқсасы да, теңдесі де жоқ қайталанбас туынды. Еңбек негізінде шағатай тілінде жазылған және араб, парсы тілдерін де кеңінен қолданылған. Кітаптың мәтінін аударып отырған кезімде қазақ руханиятының алып тұлғасы Мәшһүр Жүсіптің бұл еңбекке қатысты сипаттама айта келіп: «Жеті жұрттың қамын жеп, жеті ұлттың тілімен өрілген дүниеде не жоқ дейсің. Арабтың да, парсының да, түріктің де тілін ұғып, сөз маржанын тізген дүние» деп баға бергені бостан бос емес екеніне көзім жетті. Кітапқа адам өміріне қатысты барлық сала қамтылған. Және бұлардың қандай еңбектерден алынғаны жайлы деректер келтірген. Бұл еңбектегі шешімдері мен әдіс тәсілдері айтылған тақырыптар мен мәселелер қай дәуірде болса да өз құндылығын жоғалтпайды. Әсіресі қазіргі кездегі діни теріс ағымдар мен жалған әулие бақсы-құшыныштардың алдауына көніп, жетегіне еріп жүрген халыққа ес болады дегенге сенемін», – деді.

Орта ғасырларда жазылған «Жамиғ ат-Тауарих» еңбегі Ұлы даламыздың тарихы, Шыңғыс ханның өмірі мен шежіресі, Қазақстан мен Орта Азия жерінде өмір сүрген ата-бабаларымыздың тегі, дамуы, мемлекеттігіміздің қалыптасуы жайында нақты деректерді қамтитын терең, ғылыми тұрғыда маңызы зор туынды екенін баса айтқан Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев сөзін: «Әлемнің біраз тілдеріне аударылған еңбектің Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен тікелей парсы тілінен ана тілімізге аударылуы біз үшін үлкен жеңіс. Бұл оқулықтар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нақты жемісі және жеңісі. Сондықтан осы игі істің басы-қасында жүрген Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәліге және басқа да азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Академияның ұлттық кодымызды сақтауға, дәріптеуге, руханиятымызды дамытуға бағытталған еңбектеріне сәттілік және табыс тілейміз» - деп түйіндеді.

«Тарихты жазу, тарихты жасаумен бірдей маңызды. Себебі тасқа жазылмаған тарих өшеді немесе соны жазғанның несібесіне көшеді. Кезінде ұлы дала төсінде айтулы із қалдырған айбарлы бабаларымыздың даңқты шежіресі ұлт жадында көмескі тартқан еді. Тәу етер тәуелсіздігіміз бен бірге тарлан тарихымызбен де қайта қауыштық. Соның жарқын айғағының бірі бүгін сіздерге таныстырылып, тұсауы кесіліп жатқан алдарыңыздағы сүбелі еңбектер. Бұл екі кітап Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасына айтылған ұлттық кодпен сәйкеседі. Бірі біздің санамызды сілкіндіріп, жадымызды жаңғыртса, екіншісі жүрегіміз бен рухымызға азық болады.

Рашид-ад-дин бұл кітабын 1300 жылы бастап, 1316 жылы тәмәмдаған. Энциклопедиялық сипаттағы шығармада ұлы дала жылнамасы ғана емес дүние жүзінің тарихы да кең ауқымда қамтылған. Мұндай іргелі де күрделі еңбек оған дейін жазылған емес. Іргелі еңбектердегі деректер мен мәліметтерді жинақтау үшін сол дәуірдегі түркі, парсы, араб, қытай, тибет, үнді және т.б халықтардың тарихшылары мен білгір шежірешілері жылнамашылары мен асқан оқымыстылары жұмылдырылған.

Қарахан дәуірінен бастап қазақ жерінде ислам діні кеңінен тарала бастады. Ұлы далада көптеген ғалымдар, ғұламалар өмір сүрді. Олардың еңбектері көне түркілік дәстүр мен дінді жымдастырып үйлестіре білген. Кейінгі ғасырларда көз жазып қалған осы дәстүрді бізге Бекасыл Биболатұлының кітабы арқылы жетіп отыр» - деді Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.

Атаулы шара соңында Зәріпбай Жұманұлы осынау ерен еңбегі үшін Халықаралық Түркі академиясының күміс медалін тағынды.

Adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар