Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жаңа қаланың ескі орамдары...

24.04.2020 4070

Жаңа қаланың ескі орамдары 12+

Жаңа қаланың ескі орамдары - adebiportal.kz

«Келбеті керім, кедейлеу қала... Жабырқау, суық, гранит...» деп Пушкиншілеуден аулақпыз. Көресіз. Әлемнің апшысын қуырған covid-19-дың аяғы аспаннан келіп, әлі-ақ астана көшелері, саябақтар мен басқа да сейіл-серуен орындары жанға толар. Ал сіз жаз шыға елордаға барып қайтсам, егер елордалық болсаңыз, карантиннің ыстығы әбден асты, осыдан жр аяғы кеңісін бар ғой, бәйбішемді қолтықтап, бала-шағамды шұбыртып өз қаламның көрікті, көрнекі жерерін түгін қоймай аралап, мауқымды басармын деп отырсыз-ау. Ендеше біз сізге қай-қай жерлерге барып, қандай ракурста селфилетуге боларын нұсқап жібермекпіз.

Қаламгерлер аллеясы. Елордада өткен Азия елдері қаламгерлерінің І форумында ашылған-ды. Аллея хакім Абай атындағы көшенің бойында тұр. Одан да анығы – Абай мен Ә. Сембинов көшелерінің қилясында автобус я таксиден түсе қалсаңыз, атаулы бақтың қақпасы қарсы алады. Аллеяның аумағы ат шаптырым. 1,2 гектар жерге 50 шырша егіп, 428 шам орнатылған.

Айтпақшы, бұл жерге әуелі 125 жылдықтарына орай қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің «Үш арыс» монументі қойылған болатын. Алдағы жылы тап осы арадан Қаламгерлер аллеясы ашылатыны сол жолы айтылған еді.

1895 жылы Ақмола шаһарындағы сол кездегі Церковный көшесінде жаңа мешіт бой көтереді. Оны жұрт кейде «татар мешіті», кейде «жасыл мешіт» дейтін. Алланың үйі Акмолинскінің малды байы, дәрежесі 2-ші гильдияға жататын көпес Нұрмұхамед Забировтың жеке қаржысына салынса керек.

Большевикердің құдайсыз қоғамы орнап, дінді апиынға балаған алас-күлес заманда Жасыл мешіт пионерлер үйіне айналады. Елуінші жылдары мешітті күреп тастап, жұртына үш қабатты үй салыпты. Құдай қарасқанда, жоқ мешіттің ауыласына кіретін сәнді, аркалы қақпасы мен кірпіш бағаналы қоршауы бүлінбей сақталып қалған.

1-ші гильдиялық көпес Қосшығұл баласы Баймұхамед Ақмоладағы кондитерлік фабриканың қожайыны болатын. Қаланың архитектуралық келбетіне бір кісідей қолғабыс еткен Баймұхамед-Байкөп салдырған үйлердің бірі (ХІХ ғ.) мұсылман жастарына арналған мектеп. Күйдірілген қызыл кірпішпен сәндеп өрген бір қабатты ғимарат еді. 1986 жылы үстінен екінші қабат көтеріп, бастапқы тартымды келбетінен жұрдай қылған.

Алапат дәулет иесі, Ақмолаға америкалық «Форд» машинасын мініп келген алғашқы көпес Баймұхамед Қосшығұловтың өзі 1918 жылы оба ауруынан көз жұмыпты. Сүйегі қала ортасындағы мұсылмандар зиратында жатыр.

Елордадағы жүз жылдық құрылыстардың бірі – осы күнгі М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры. Көркіне көз сүйінетін ғимарат жанында 1899 жылы бой көтерген жалғыз қабат қызыл кірпіш үй тұр. Театрдың кассасы мен репетициялық залы сонда орналасқан. Қабырғадағы ескерткіш тақтада «бұл үйде қаланың № 1, 2 соттары жұмыс істеді» деп жазылған ғимаратты 1939 жылы театр меншіктепті.

Бұрынғы мұсылман мектебі қазір Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры. Көпес С. Белов өз қаржысына салдарған бұл үйді татар-мұсылман қауымдастығына сатады. Сөйтіп әуелі қыздар оқитын бірінші мұсылман мектебі, 1907 жылдан қырғыз-татар бастауыш мектебі, содан кейін кәдімгі советтік орта мектеп, 1960 жылдары балабақша орналасады. Айтпақшы, революцияға дейін, анығы – 1912-1916 жылдары осында Сәкен Сейфуллин дәріс оқыған.

ХІХ ғасырда ақша көздеп, Ақмоланы сағалаған кірме көпестердің бір өкілі – И.С. Силиннен қалған екі қабатты тұрғын үйде 2005 жылдан бері Қазақстан Республикасындағы Белорусь елшілігі отыр.

Көпес Матвей Кубриннің1905 жылы іргетасы құйылып, 1907 жылы шатыры жабылған сауда үйі қазір де астанадағы атақты универмагтардың бірі. Рас, төңкерістен кейін ғимаратта қалалық кітапхана, баспахана, экономикалық бөлім жұмыс істеген. Екінші жаһан соғысы жылдары, тіпті, ғимараттың ағаш қаңқалары өртеніп те кетіпті. Бірақ артынан қайта жөндеп, осы арадан нан сатыла бастаған...

1846 жылы ақмолалық көпестер алқасы қала ортасынан бір қабатты үй салдырып, жертөлесін сауда-саттықтың есебін жүргізетін конторға айналдырады. Коммунистермен бірге ол ғимаратқа «Зорька» деген балабақша келеді. Ал 1988 жылы 20 ақпанда осы үйден ақын, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің музейін ашылады.

Музейдің қазір әкімшілік отырған сыңарында ХХ ғасыр басында Ф.И. Благовещенский деген дәрігер тұрыпты. Пациенттерін де осында қабылдаған көрінеді. Кеңес одағы тұсында ғимаратта Орталық облыстық бухгалтерлер мектебі жұмыс істеген.

2008 жылы астанада даңқты қазақ, Совет Одағының батыры Бауыржан Момышұлына ескерткіш орнатылған болатын. Кейін жеңістің 70 жылдығына орай атаулы ескеткіш батырдың өз атымен аталатын саябаққа көшірілді. Бауыржан Момышұлының ескерткіші туған жері Жамбыл облысының бас қалаға тартқан сыйы.

2012 жылы қала күні қарсаңында бас қалада күй атасы Құрманғазыға да еңселі ескерткіш орнатылды. Мүсін Сарыарқа көшесінің бойында, «Думан» қонақ үйінің алдында тұр.

Республика даңғылында тұрған Константин-Елена шіркеуі қаладағы тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі. Көне православ шіркеуінің құрылысы 1854-1856 жылдары жүрген. Құрылысқа Ақмола гарнизонының инженері, поручик Г.А. Воротников жетекшілік етті деген дерек айтылады. Ал қаржы Сібір казак әскерлерінің қазынасынан бөлінген екен.

Астана циркінің ауласын аралай қалсаңыз, ертегі кейіпкерлерін кездестіресіз. Алдар көсе мен Күнікей қыз, Қаңбақ шал мен Қожанасыр, Мақта қыз бен мысық, тіпті ағайынды Гриммдердің «Бремен музыканттарындағы» көше өнерпаздыры әтеш пен есек те сол жерде. Қысқасы, үйдегі кішкентайларды қыдырта барып, жарқыл-жұрқыл селфилететін-ақ жер.

Қазіргі үш көшенің қилысында – Біржан сал, Ақжайық және Жеңіс даңғылында тұрған теміржолшылардың мәдениет сарайы 1956 жылы ашылған болатын. 2000 жылы Мәдениетті қолдау жылы жарияланып, сарай Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры болып қайта жаңғырады. Ал 2015 жылы астананың Жастар театры жаңа маусымның шымылдығын сол сахынада ашады.

Елорданың ескі вокзалы алаңында тұрған Эш-4161 паровоз-ескерткіш 1923 жылы Швецияда құрастырылыпты. Қазақстан шойын жолына алпыс жыл қызмет еткен темір айғыр соғыс жылдары составты сүйреп майдан даласына дейін барып қайтса керек. Кейін Жамбыл депосында қаңсып тұрған жерінен, 2004 жылы Президенттің жарлығымен Қазақстан темір жолының 100 жылдығына орай қазіргі құтты орнынан қойылса керек.

Әсем Құлманова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар