Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жанат Әскербекқызы. Тамыз... Шық мөлтілдеп тұр шөп басында

15.08.2018 811

Жанат Әскербекқызы. Тамыз... Шық мөлтілдеп тұр шөп басында

Балалығым жүр –
Анау Арғанатыны бөктерлеп,
Ғайыпқа мүлде кеткен жоқ...
Мен жүрген жақты бетке алады ол да,
шын айтам,
Оралып соққан көктем боп...

Аңғалдық есіп
Аңқылдай күлген түр қандай!
Тек күлкі кешіп тұрғандай.
Өзенге кел деп, шақырып едім,
келді тез
Сылтауын айтып, бұлданбай...

Таныды мені...
Ойнақтап келген құлын-күн,
Ең ғажап сәті ол бүгіннің!
Өзенді кешіп құлдыраңдайды шаттанып,
Соңынан қалмай жүгірдім...

Асыр салады
Шаттыққа бөлеп көңілді,
Күлкіге көңіл шомылды...
Сағынышымның мың-миллион мөлдір тамшысы
Тұла бойымнан төгілді...

* * *

Іздемеуім керек пе ед... ешкімді де,
Қара түнді қамығып.. кештім, міне...
Азаланып неліктен ай тұтылды -
Жүрегімнің өксігі естілді ме?!.

Әлде мүлде жөн бе еді көрмегенім...
Сезіміме жалындым..."өлме" дедім.
Айдың жүзін бүркеді бір көлеңке
Айсыз түнде...амалсыз сенделемін...

Сағынышпен жеткен ем бүгінге есен,
Сенесің бе бұл күйім - шыным десем.
Ай тұтылып тұр көкте... адассам ба,
Табар болсаң түлейден..түбінде сен.

* * *

Сөзі бөлек,
сөзінен өзі бөлек,
Бір сұлбалар көрінер көзіме көп.
Жүрегімді жұбатып тұрам үнсіз,
Ешкімге емес, обалым өзіме деп...

Жайлау-жаным құлазыр ел көшкендей,
Өтірікке ешбір жан сенбес мендей.
Теңселемін тірліктің толқынында
Жалғандықты тек жалғыз мен кешкендей.

Үміт жүр ме сенімге жүлде тігіп,
Көлеңкесі күдік боп, түнге кіріп?!
Мына белде тұр едім...ес жия алмай,
Анау белде сақылдап күлді өтірік...

Жүрегі де, жаны да сызат ғалам
Әр қадамға байлаулы біз аттаған.
Қараңдаған сұлбаға көлеңке боп,
Шындығымды жылатып...
Ұзап барам..

* * *

Әр сәтін түүу биіктен мұң ғып төккен
Бір жұлдыз... түсті төмен сырғып көктен...
Соңынан жетпек пе екен бір жұмбақтың
Жанымның тереңіне сүңгіп кеткен...

Хал-жайын ол жұлдыздың сұрады кім,
Тағдырдың тосатұғын сынағы мың.
Жанымның жағалауын сұрақ кезіп,
Жүректің түкпірінен жылады мұң...

Биіктен төмен қарай келген із көп,
Жұлдыз жүр өз сәулесін жерден іздеп.
Жұмбағым сыбырлайды тереңінен
"Мен жайлы ешбір дерек бермеңіз", - деп...

Жүйткиді қасымда түн Қарагер боп,
Жұмбағым жасырынып қала бермек.
Сол жұлдыз мұңын тастап аманатқа
Қайтадан биігіне барады өрлеп,
Мен тұрмын...
"Сол биікте қала гөр", - деп...

* * *

Қалам алып xат жазды ол...
"Ұмыт мені,
Мұнарланды көңілдің тұнық көгі.
Тұман-кеуде ішінде бұлқынатын
Тілегені жүректің бүлік пе еді!

Ұмыта сал. Оп-оңай ол дегенің,
Келме маған, маған да кел демегін.
Ештеме етпес. Тағдыр ғой. Азар болса
Үміт тірі қалатын шөлде өлемін.

Сенен кетіп, сонан соң менен де өтіп,
Сезім қайда барады өлеңдетіп?!
Құса болған сағыныш келді маған -
Самал желге алайын оны емдетіп.

Арада - өзен, өзенде өткел бар-ды,
Сол өткелге көңілім текке алданды.
Жүрегімді қалдырдым xатпен бірге,
Ұмыт енді жағадан кеткен жанды".

Қалам алып xат жазды ол бір іңірде,
Өз өзіне ұқсамай түрі мүлде...
Өкпелі өзен толқынын елші қылды
Осы екі жан болсын деп түбі бірге...

* * *

Тамыз...
Шық мөлтілдеп тұр шөп басында,
Жаз өтіп бара жатыр...
Тоқтасын ба...
Бір ойым біреуді іздеп аласұрып,
Бір ойым шөгіп отыр от басында.

Шық түсті.
Жеткені де күзден белгі,
Жаз болса күні өткенін бізден көрді.
Үркер де барады өрлеп... бәрін тастап,
Түсіндім бізден күдер үзген желді...

Сағыныш, қоңсы қонар мұң-шерменен –
Алыстап кете алмадым білсем де мен.
Ілесіп сезіміме бір сен деген
Кеудеңде өлең болып жүрсем дегем...

Шық тұнды шөп басына...
Көрдің бе оны?!
«Жүректен үзілген мұң менмін», - деді.
Шарасыз мөлтілдеген мөлдірімді
Құлатып кетер ме екен желдің демі...

Тамыз...
Шық мөлтілдейді шөп басында,
Жаз өтті дәл тұсынан...
Тоқтасын ба
Бір ойым өзіңді іздер жар жағалап,
Бір ойым өксіп отыр от басында...

* * *

Көрдім бе...
Жоқ па...
Көңілім бе әлде
Елеске қалған елігіп?!
Айналдырам деп өміріңді әнге
Жел ме еді жүрген желігіп...

Өңім бе...
Түс пе...
Арасы ма еді...
Қасыңда жүрген сол бір сәт?!
Түн емес,
көздің шарасы ма еді,
Екеуміз кешкен мөлдір шақ?!

Сағым ба,
Мұң ба...
Сен білесің бе
Соңымнан қалмай жүгірген?!
Сен екеніңе сендіресің бе,
Жаныма үнсіз үңілген?!

Өзің бе
Мен бе...
Барғысы келген
Алыста-а-а қалған күндерге?!
...Мендік сезім-ау қалғысы келген
Тас мүсін болып бір белде...

ҚЫШ ТАҚТАДАҒЫ СЫНА ЖАЗУ

Талай ғасыр кетті өтіп талай дәуір,
Қал-жайыңыз бұл күні қалай, бауыр?!
Үңіле түс, әр белгі, әр таңбадан
Түріп ашып түңлігін қарайды ауыл.

Ақ найзаның ұшымен жазды аламан,
Қуат алып жанына әз-даладан.
Мың белесті, тағы да мың кезеңді
Асып келдім,
бұл ғұмыр аз ба маған?!

Ақ отаудан шығады әппақ айым,
Айым-қыздың үнімен мақтанайын!
Абыз болып сөз кенін ақтарайын,
Жауынгер боп жорыққа аттанайын!

Түсін мені, үңіліп оқы мені,
Ұға алмаған сырымды өкінеді!
Тамшы тұрса бетімде, сүрте салғын,
Мендік тағдыр қамкөңіл жетім еді...

Жазу солай, жазмышқа не қыларсың,
Оқи, оқи жаныңмен мені ұғарсың.
Сәлем айтшы теңселген пенде көрсең –
Мұнда келіп шер-жасын төгіп алсын...

* * *

Өртейді сағыныштың демі мені,
Сағынып көрмеген жан не біледі...
Сізді іздеп көөөп адасқан сезім-ғұмыр
Кеудеме өзін әкеп көміп еді...

Тас қамал секілденген кім едіңіз,
Неліктен суық тартып тұр өңіңіз?!
Көктемді көңілінен өшіре алмай,
Өмірін сағынышпен сүреді күз...

Күз бе едік,
Көктем бе едік,
Шілде ме едік...
Жүздестік. Қимадық та... Үндемедік.
Білмеймін – жатпыз ба әлде жақынбыз ба,
Білмеймін – бөлек пе едік, бірге ме едік?!

Сіз деген...
Сіз едіңіз жөні бөлек,
Тұрдыңыз түстен шығып, өңіме кеп...
Жып-жылы дем құраған бір-ақ сөзбен
Қойсаңыз болар еді мені демеп...

Күй кешіп жүр екенсіз бүгін қандай,
Бір көзсіз көбелек кеп ұрынғандай...
Тынымсыз отты айнала ұшып-ұшып,
Өртеніп кетемін-ау, күлім қалмай...

* * *

Мың бір түнім
Мың бір күнге жүгініп,
Жарық демін өн бойына сіңіріп,
Аялдады қырқасына сәскенің
Қараңғылық ғайып болды
Түңіліп...

Енді осылай қала берер дегем-ді,
Тек күнге арнап жазбақ боп ем өлеңді.
Өңге өкпелеп қараңғымен кеткен түс
Тамырымда тулап жатыр
Неге енді?!

Түн жұлдызын айдар етіп күн тағып,
«Қараңғыны жұттым,- деді, қырқа – анық»
Мен отырмын... күнге сүйеп басымды,
Қаламымнан қара қошқыл
Түн тамып...

* * *

Тау мен тасқа соғылып жаңғырық-үн,
Жариялап жіберді жан күбірін.
Сағынышым ілініп самырсынға
Қарағайға байланып қалды мұңым.

Үрке қашқан ақ марал - сезім еді -
Уақыт деген көкжалға ол кезігеді.
Кеудедегі бір арман күрсініп ап,
Көшкен дәурен жұртында көз іледі.

Жаңғырыққа жар бол деп шатқал тұр ма,
Тау деген ол - ұлы ойға батқан тұлға.
Ілесе алмай мен қалдым амалсыздан -
Жастық кетіп барады мақпал қырға..

* * *

Түн мені іздеп алаңдаған секілді,
Дауысымды таба алмаған секілді.
Түнегінің түбіндегі бір күдік
Қалқып шығып, қараңдаған секілді...

Түн ішінде... ойға батып сезім жүр,
Сол сезімді шын сағынған кезім жүр.
Қарағаштың құшағына сіңді жел -
Жел емес қой, түнді кезген өзім бұл!

Қадамымды бағып тұрар түн екен,
Қараңғыға сүңгіп кеткен кім екен?!
Қарағашты паналаған мен болсам
Жаны мұңлы жапырақтай дір етем...

* * *

Жел бүгін демімен желпіп бір
Тұсыма аялдап, күледі.
Неге екен... Қарағаш толқып тұр,
Лүпілдеп жапырақ-жүрегі...

Қараңдап барады қос сұлба,
Дауыстар ізінен кетті еріп...
Түнім-ау, менімен доссың ба,
Жоқ әлде... қалдың ба жек көріп...

Кеудемнен құлаған бір үнді
Кеудеңе сіңірдің неліктен?!
Жабыққан көңілсіз түріңді
Жабықтым жақыннан көріп мен.

Қарағаш толқып тұр тербеліп,
Ұйқымды кім алды бүгін деп.
...Қараңғы әлемде сенделіп
Қараңдап жүрген Мен...
Күбірлеп...

* * *

Түн іші.
Тұңғиығын кештім келіп,
Артпадым жолығар деп ешкімге үміт...
Қайтер ең тек өзіңді күте-күте
Кеудеңе сезім болып көштім делік...

Қиырын мекен еткен құла дүздің,
Арманын сезінбедің бұла қыздың.
Білемін, айрылмастай қауышатын
Біз емес кейіпкері ұлы аңыздың.

Өзіңді іздеп тапсам деп тілеген
Сезімді көктем алып кетті деп ем...
Айналып түнге қайтам,
Сағыныш боп
Мен оның түнегіне көп түнегем...

Сен де елес, елес қуған мен де елес ем,
Кеткен-ді бұлтқа да есем, желге де есем.
Кел дағы, алып шықшы бір-ақ сәтке,
Сол түннің түнегінде өл демесең...

Түн іші...
Сенделемін әрі-бері,
Іздейді мына түннің жаны нені?!
Бір жетсең болар еді. Содан кейін
Кете бер адастырып тағы мені...

* * *

Саған түк те қатысы жоқ. Саған айттым сонда да,
Кінәлі тек Ол ғана...
Сезім кетті сергелдеңді серік қып,
Бар болғаны сол ғана...

Саған несін мұң шағайын.
Тұмшалайын мұңымды,
Халім осы бүгінгі.
Әлемімді кезіп жүрген мұңайып,
Әуен еді бұрынғы...

Саған айтар көөп әңгіме, бір құпия бар еді,
Басқалардың жаны өлі...
Секілденіп тұрады ылғи мұңымның
Сендік бір сөз - бар емі...

Сені сосын іздедім көп.
Сезімімнің бір белін
Мекен етіп жүр ме едің...
Сол белде өскен қара гүлді көрдің бе -
Мұңым еді бұл менің...

Саған түк те қатысы жоқ. Саған айтам сонда да,
Кінәлі тек Ол ғана...
Кінәсі жоқ сезім жылап қалады-ау -
Бар болғаны сол ғана...

* * *

Қайран Жайық, сыңарың Еділ еді,
Еділ десең қабырғаң сөгіледі...
Жағалауда жайқалған қалың ағаш
Өзің кешкен тағдырдан не біледі...

Жаным Жайық, тулаған бір тамырым,
Тереңіңе мұң қосып жүр тағы кім?!
Бастау алып біз білмес дәуірлерден,
Қилы күнді толқының шырқады мың.

Тереңдік пен нәзіктік өзіңдегі
Толқып жатқан жұмбақ бір сезім бе еді?!
Кермек жас боп көріндің, төгілмеген
Қыз Жібектей арудың көзіндегі...

Шерің болса мына күн кетсін емдеп.
Батыр тумас өмірді тек сүрем деп,
Маxамбетпен тұрғандай қауыштырып,
Шарасыздан арнаңда өксіген кек.

Ақ Жайығым, сендегі арман қандай,
Арман сөзі өзіңе арналғандай!
Тамырыңда тулаған кек пен сезім
Шексіздікке шек болып жалғанғандай...

* * *

Өкпелеме, түн қарғам!
Саған шынын айта қоймас бұл жалған.
Сезіміңді ұғынамын алданған,
Сеніміңді түсінемін тұл қалған...

Көз жасыңды тежегенсің сан рет,
Ұмыт болып қала берер бәрі деп.
Ұзап кеткен өкініштің сұлбасы
Төзіміңді сынға салды-ау тағы кеп.

Өзегіңде өксік қалған шемен боп,
Тұрсың неге бір сәулеге елеңдеп?!
Түнегіңнің түйірі едім өксіген,
Мына күйден айықтыршы мені емдеп...

* * *

Балалықтың белесінде қалып қойған бір сезім,
Жүрегіме барар жолға аттандырып жүр сөзін.
Ақ қанатты xат еді ғой арамызда үн қатқан,
Не дей алам, өзің айтшы...
Не десең де білші өзің...

Ақ қанатты әппақ xатты жадымызға бодан ғып,
Екеуіміз екі тарау жолға түсіп жоғалдық.
Көшкен жұрттан іздедік пе таптырмайтын сәттерді –
Он алты мен он жетінің бір кешіне оралдық...

Екеумізге не демекші...
Қала кезіп жаңбыр жүр.
Беу, көңілім, бердім ерік, түлеші бір, жаңғыр бір!
Сен және мен...артымызда екі соқпақ бұралаң,
Алдымызда – әппақ сағым...
Сағым кешкен тағдыр бұл...

* * *

Бір бозторғай...
Ұясы жүректе оның,
Қанатының сеземін дір еткенін.
Шырылына тұншығар өзі өзінің
Тыңдата алмай қайрылмас күн өткенін.

Шырылдайды,
Шырылын ұғам оның,
Сағынады ол ежелгі-і-і құба жонын.
Құба жонды бетке алып үні ұшады,
Өткен шақтан ізейді-ау, сірә, жоғын...

Өзегінде не жатыр,
Не мұңы бар?!
Келмес күнге болғаны-ай, тегі құмар...
Бозторғайы жылаған кеудесінде
Біз дағы бір пенде едік, көгі мұнар...

Тұрғынына айналып мұң елінің,
Өп-өтірік,
Сыртымен күледі күн.
Бозторғайға қосылып өксіп жүрген
Мендік xалді кім ұқсын...
Біледі кім?!

* * *

...Түнерген бір әлем

Ішінде сезімім тұр әрең.
Ол емес, түн неге күрсінді
"Халіңіз қалай?" деп сұрап ем...
... Түс көріп кетем-ау, сірә, мен.

Тірліктің тыйылып дүрмегі,
Қалғытты дүниені мұң демі.
Тәп-тәтті ұйқымды үркітіп,
Қиырдан...шақырды кім мені -
Қаңғыған белгісіз үн бе еді?!

Түнерген бір әлем...
Бір сәтте тастап-ақ шығар ем,
Сен барсың бұл әлем ішінде -
Құйғытып жетесің Құламен...
Қарсы алам түн болып мына мен...

* * *

Ерекше мендік көңіл түнге деген -
Тұңғиық әлеміне күнде келем.
Қараймын түнегінен шыққан жолға,
Бітпейтін күту еді бұл не деген?!

Не дейін туған айға...үндемеген -
Күткенің ғұмыр бойы кім демеген...
Бұл жолды білмейсің-ау, білген болсаң,
Қақ жарып қараңғыны бір келер ең...

Келер ең... бәрін көріп үлгерер ең,
Түн елін кезер едік бір кемемен.
Ай батар, жұлдыз ағар - соның бәрін
Өзіңмен қатар тұрып бір көрер ем...

Мына жол арбап алды неге мені?!
Туған ай мені тіптен елемеді.
Мені іздер Сен емессің...
Біле тұра
Әншейін...жазылған бір өлең еді...

Ерекше мендік аңсар түнге деген,
Тұңғиық әлеміне күнде келем.
Қасқа жол кінәлі боп жатады үнсіз -
Бітпейтін күту еді бұл не деген!!!

* * *

Әр кеште апам айтқан әңгіменің
Әр сөзі қазынам боп қалды менің.
Арманы әр пенденің аңыз болар,
Ал, аңыз ажалсыз ғой - бар білерім.

Әріден жау қашырған жырды айтатын,
Қалмақты қыр асырып, бір қайтатын.
Жаныма ұя салған сағынышты
Жерұйық - Марқаны айтып ұлғайтатын.

Баяғы... берекелі күнді айтатын,
Өткеннен тағлым болар үлгі айтатын,
"Жарығым, әулетінің шырағы" - деп
Айналып, Төребектей ұлды айтатын.

"Екі ата, екі ананың тентек ұлы,
Естіден асып түсер еркелігі".
Апамның ұлы жайлы әңгімесі
Есіме түсіретін ертегіні...

Әспеттер шаң жуытпай саналы ерді
Әңгіме иен жұртта қала берді...
Айтушы – апам,
Нағашым – кейіпкері,
Аңызды кім тыңдатар маған енді?!

* * *

Жанымның тереңіне шөккен мұңды,
Дариям, сендік толқын көптен білді.
Тоқталмай жөңкіле аққан саған қарап,
Есіме ала берем өткен күнді...

Мұңды да,
Өткенді де сен білесің,
Бізде ерік жоқтығына сендіресің.
Арнаңда тыным таппай тулап-тулап,
Амалсыз тағдырыңа көндігесің...

Дейсің бе өткіншіге мен өгеймін,
Сәл тоқтап, тіл қатпайсың неге деймін.
Құлайсың құшағына қайран Ертіс
Шегі де, түбі де жоқ телегейдің..

* * *

Әйгілі топан судан кейінгі -
Біздің эрамызға дейінгі
Бабам жайлаған бағзы далаға барғым кеп,
Баруға тиіс нәсілі бүгін бармын деп
Обаға келіп жайғасқан желге үн қаттым,
Жолбасшы қылып алғым кеп...
Балбал тастардың тұсына келіп сұрадым
Баяғы күннен адасып неге қалдың деп.

Баба жұртымнан белгі боп қалған жұрнақ бұл
Баяғы күнді өз үніменен жырлап тұр.
Көз ұшындағы көлбеген сағым аңыз боп
Көшпенділердің бөрілі туын бұлғап тұр.
Бұрынғы дала қобыз қылынан күй төгіп,
Бүгінгі дала көкірегі жылап тыңдап тұр...

Бұрынғы дала... жадымды жаулап, есті алды,
Аңсайды жаным сарыны бөлек ескі әнді.
Құба інген боздап құба бір белге шықты ма,
Қырдың астында көлігі сынып, көш қалды.
Керқұла ат мінген Уақыт кері қайрылмай,
Кешегі ғұмыр мінгесе де алмай кеш қалды...

Көнеге барар жолды іздеп жүрген тек мен бе,
Ал, сенде, достым, сағыныш бар ма өткенге?!.
Ескіні еске ап, аңыздың түсіп ізіне
Барып қайтайық бағы таймаған көк белге...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: ЖАНАТ ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ, поэзия
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар