Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҚСЫНЫҢ КӨЗІ
Жанболат Аупбаев. Мəшһүр-Жүсіптің əулеті...

04.05.2019 9472

Жанболат Аупбаев. Мəшһүр-Жүсіптің əулеті

Жанболат Аупбаев. Мəшһүр-Жүсіптің əулеті - adebiportal.kz

Мəшһүр-Жүсіп Көпеев! Осы бір ғазиз жанды еске алғанда оны бізге Құдайдың өзі берген, Алла тағала халқымызға арнайы жіберген адам деп айтуға болады. Олай дейтініміз, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ жұртының ауыз əдебиеті үлгілерін, тарихын, мақал-мəтелдері мен тұрмыс-салт дəстүрлерін жəне өнерін дəл осы кісі секілді тірнектей жинап өткен ешкім жоқ. Бұған Мəшекеңнің ақындығын, аузы уəлі шешендігін, көріпкелдігін қосыңыз. Сондай-ақ шағатай, парсы, араб тілдерінен хабардарлығын, “Дала уəлаяты” газетімен арадағы тығыз байланысын жəне атақты түркітанушы В.В.Радловпен шығармашылық тұрғыдағы қарым-қатынасын еске алыңыз…

“Өмірі – аңыз, мұрасы – мұхит осы адамнан ұрпақ бар ма? Бар болса олар кімдер? Қайда тұрады, не істейді?”– деп сұрақ қойғаны бар өткен күздегі баспасөзге жазылу кезіндегі жүздесуде оқырмандарымыздың бірі бізге. “Бар,”– дегенбіз біз сонда. “Ендеше неге жазбайсыздар? Сондай мақалаларды оқығымыз келеді”. “Жарайды, жазайық. Күтіңіздер!”

Төмендегі сұхбатқа міне, осындай өтініш себеп болған еді, құрметті оқырман. Сонымен танысып қойыңыздар, əңгіме иесі – Мəшһүр-Жүсіптің немересі, филология ғылымының докторы, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, профессор Қуандық Мəшһүр-Жүсіпов.

– Мəшекеңнің кіндігінен қанша бала болған. Сіз қай ұлының ұрпағысыз?

– Атамыз Шəрепиден, Мұхаммед-Əмин жəне Пазыл атты үш перзент көрген кісі екен. Үлкен ұлы Шəрепиден əкесінің жинаған рухани мұрасының жанашыры əрі ақсақал қайтыс болғаннан кейін ол кісінің зиратының шырақшысы болып жүріп, 1936 жылы өмірден озған. Одан кейінгі перзенті Мұхаммед-Əминнің тағдырын көзі қарақты жұрт арғы-бергі баспасөз беттеріндегі мақалалардан жақсы біледі ғой деп ойлаймын. Қысқа қайырып айтсақ, оқу-білімді жақсы меңгеріп, соның арқасында ел жұмысына ерте араласқан ол Ташкенттегі педучилищеде сабақ беріп жүріп, 1921 жылы тап жауларының қолынан қаза тапқан. Мəшекеңнің одан соңғы перзенті менің əкем Пазыл. Бұл кісі өмір бойы мұғалім болып өткен адам. Ұзақ жылғы ұстаздық еңбегінің жемісі елеусіз қалған жоқ. Кеңестік замандағы ең жоғарғы награда – Ленин орденімен марапатталып, 1969 жылы бақилыққа аттанды.

Ал енді бабамыздың жоғарыдағы осы үш перзентінен кімдер туған дейсіз ғой. Айтайын. Ақсақалдың үлкен ұлы Шəрепиденнен Төлеубай мен Сүйіндік деген немерелері болған. Мəшекеңнің жанында біреуі 14 жасқа дейін болып, ол кісінің көзін көріп қалған, ал екіншісі атасы көз жұмғаннан кейін бір жылдан соң дүниеге келген бұл ағаларымыз қазір өмірде жоқ. Екінші ұлы Мұхаммед-Əминге келсек, жастай қайтыс болған одан ұрпақ қалмаған. Кенжесі Пазылдан мына мен, содан кейін Шегендік жəне Қажымұқан бармыз.

Қуандық Мәшһүр-Жүсіпов

– Өткенге ой жіберіп қарасақ, біздің халқымыздың тарихындағы атақты тұлғаларға “Əл”, “Əз” немесе “Мəшһүр” деген сөздерді қосып айту болған ғой. Бірақ олар өте аз, санаулы ғана адамдарға бұйырған. Мəселен: Əл-Фараби, Əз Тəуке, Əз Жəнібек, Мəшһүр Жүсіп… Əңгіме ұзарып кетпеуі үшін алдыңғы бабаларымызға анықтама бермей-ақ , тек өз атаңыз туралы айтыңызшы. Ол кісіге əу бастағы азан шақырып қойған атының алдындағы “Мəшһүр” сөзі тұңғыш рет қалай, қай жерде нендей нəрсеге байланысты айтылып, жазылды екен? Осы жөнінде Мəшекеңнің қолжазба мұраларында немесе ел аузында бір дерек бар ма?

– Бар. Ол туралы бірінші мəліметке ден қойсақ, атамыз бес жасында хат танып, жеті-сегіз жасында қисса-дастандарды өз бетінше оқи аларлық дережеде болған. Оның үстіне ауылға келген қонақтардың өзін əдейі сөйлету үшін тілін қызықтап қойған сұрақтарына бала Жүсіп əрі қысқа, əрі нұсқа түрде тақылдап тұрып нақпа-нақ жауап береді екен. Бір күні Көпей бабамыздың үйіне атақты Мұса Шорманов келіп ат басын тірейді. Шай ішіп отырған болыстың назары кенет о замандағы мүл-дем сирек əдет, тіпті жоқ деп айтуға болатын жəйт – қолтығына кітап қыстырып шауып жүрген бүлдіршінге ауады. Қызығып ананы-мынаны сұрайды. Жеткіншек сол жерде қонаққа “Ер Тарғын” жырының бір тарауын жатқа айтып береді. Бұған қайран қалған əрі қойған сұрақтарына ойлы да орнықты жауап берген кішкентей Жүсіпке риза болған Мұса Шорманов кетерінде: “Мынау өзі бір болайын деп тұрған бала екен. Тіл-көз тимес үшін тақиясына үкі тағып қойыңдар. Аман-есен ер жетсе бүкіл елге танылып, мəшһүр болады əлі. Иə, мəшһүр!” – деп аттаныпты. Бұл ойдан шығарылған немесе қиялдан құрастырылған бос əңгіме емес. Рас сөз. Болған оқиға. Өйткені ол атамыздың:

Бес жаста бісміллə айтып, жаздым хатты,

Бұл дүние тастан маған қатты батты.

Сегізден тоғызға аяқ басқан кезде,

Мұса еді қосақтаған Мəшһүр атты, – деген өз өлең жолдарында да бар.

Екінші. Мəшекең 1886 жылы Бұхарадағы медресені бітіріп елге келген соң “Дала уəлаяты” газетімен тығыз қарым-қатынаста болады. Міне, сонда ол кісі аталмыш басылымға жіберген шағын дүниелерінің соңына Юсуф Көпеев деп қол қойғанымен, негізгі əрі маңызды еңбектерін Мəшһүр-Жүсіп Көпеев деген ныспымен шығарып отыруды берік əдетке айналдырған. Оған атамыздың 1907 жылы Қазан қаласынан жарық көрген “Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз”, “Хал-ахуал” жəне “Сарыарқаның кімдікі екендігі” атты алғаш рет баспа жүзін көрген үш кітабының сыртындағы толық аты-жөні анық дəлел.

– Ел аузында: “Мəшекең қайтпас сапарға аттанатын уақытын ерте бастан білген, сондықтан да өмірден озатынынан бір жыл бұрын қабірін қаздырып, зират үйін салдырып қойған. Мұның үстіне өзін қалай жерлеу керектігін айтып, денесінің топыраққа көмілмей, лақатта ашық жатуын өтінген”, – деген сөз бар. Ғажабы сол, марқұмның сол өсиеті бойынша жер қойнына берілген тəні кейін көп жылдар бойы бүлінбей, бұзылмай дін аман күйінде жатқан. Бұл не? Аңыз ба жоқ əлде… Осы айтылған жəйттерге не деп жауап берер едіңіз?

– Оның бəрі де рас. Ол өзі айна қатесіз дəп солай болған нəрсе. “73-ке дейін балталасаң да өлмеймін, 73-ке келген соң майға бөлеп қойсаң да өмір сүрмеймін”, – дейді екен жарықтық үлкен баласы Шəрепиден мен келіні Ақзейнепке. Айтқанындай солай болып, қария 1931 жылдың күзінде тура 73 жасында көз жұмған. Ал, оның алдында, яғни, 1930 жылы ол кісі Дұсжан деген құда жігітке өзінің қабірін қаздырып, Олжабек атты шеберге екі бөліктен тұратын зират үйін салдыртады. Сөйтеді де кіре беріс бөлмеге кітаптарын, ыдыс-аяқ, ер-тұрманын апарып қойғызып, күз бен қыста жаурап келе жатқан жолаушылар болса осы жерде жан шақырып, ес жисын деп пеш соқтырып, іргесіне тамызық отынға дейін кіргіздіріп қояды. Ал төргі бөлмені құран оқуға арналған орын деп белгілейді де тепкішекпен түсетін оның астындағы жерге денесін ақыретімен ашық қоюды өтінеді. Осының бəрі жасалып болғаннан кейін өзіне арнап дұға оқиды. Баласы Шəрепиденге: “Мен өлгеннен соң 40 жылға дейін денем бұзылмайды. Тірі адам көзі көреді, серт етем. Тек жаз болып, күн ысығанда ақіретімді ауыстырып отырыңдар, қыс керегі жоқ. Сонда көздерің жететін болады”, – деп оған шырақшылықты өсиет етеді. Расында да жарықтықтың сол айтқан сөздері кейін шын болып шықты ғой. Олай дейтінім, зират үйін күштеп бұздырған өкіметтің 1952 жылғы əпербақан əрекетіне дейінгі 21 жыл бойы атамыздың денесі еш жері бүлінбей, сол қалпында дін аман жатты да қойды.

– Ол құбылысты өзіңіз көрдіңіз бе?

– Иə. Бір-ақ рет. 1951 жылы. Он бір жастағы кезім. Ауылдағы жасы үлкен екі шал: “Жүр балам, атаңның басына барып қайтайық”, – деді. Зират үйі ішіне келіп кірген соң қариялар ұзақ отырып құран оқыды. Содан соң: “Бісміллə!” – деп еденнің қақпағын ашып төменге түсті де маған ондық шамды ұстап тепкішекте отыруды бұйырды. Елегізіп қараймын, қаракөлеңке бұрышта аппақ матамен жабылған адамның сұлбасы көрінеді. Еден асты қоңырсалқын. Топырақтың сыз лебінен басқа бөгде иіс жоқ. Мəйітке жақындап барған екі шал атамның үстіндегі ақ сейсепті жиып алды да оны өздері апарған жаңа ақіретпен ауыстыра бастады. Бір мезетте құлағыма олардың: “Бір бақайы кетіпті. Бақайы… Басқа жері дін аман екен. О, алла!..” – деп күңгірлеген үндері естілді. Сол сөз əлі күнге дейін жадымда.

– Естуімізше кейбір өкімет адамдары мен біраз жазушы-ғалымдар Ұлы Отан соғысының алды-артында Мəшекеңнің басына барып, жұмбақ сырға толы зиратты өз көздерімен көріп қайтқан дейді. Əрине, олардың арасында жай қызықтаушылар да, сонымен қатар іштей пір тұтып зиярат етушілер де болғаны анық. Олар кімдер еді? Бұдан не хабарыңыз бар?

– Ол уақытта мен жас баламын ғой. Ауылға кімдердің келіп-кетіп жатқанын жөнді ұға бермейтін кезім. Бірақ екі нəрсе есімде. Ол Мəшекеңнің келіні, шешем Нұрила мен атамның үлкен баласы Шəрепиденнен туған Сүйіндік ағаның мен есейген кезде айтқан əңгімесі. Анамның сөзіне қарағанда 1946 жылы Баянауылға ҚК(б) Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов келеді де Ескелді мекеніндегі Мəшһүр-Жүсіп зиратына соғады. Зират үйдің ішін аралап көргеннен соң ол кісі жөн білетін ақсақалдардың бастауымен мəйіт жатқан жерді көрмек болады. Осы оймен төменгі қабатқа түсе бергенде Жұмекеңмен қабаттасып, əлде оның көмекшісі ме, əлде жүргізушісі ме, əйтеуір бірінші басшымен ілесіп келген бір орыс жігіті подвалға қоса кірмекке ыңғайланады. Сонда діні де, ділі де бөлек жанның мына əрекетін аруақ алдында лайық көрмеген менің шешім: “Сен орыс, түспе! Ол жерге кірме! Жолама!” – деп айғай салады. Ышқына шыққан мына дауыстан əлі жігіт іркіліп қалады да жер астындағы Мəшекеңнің денесін сол жолы Жұмабай Шаяхметовтің тек өзі ғана көріп шығады.

Ал Сүйіндік ағаның айтуына қарағанда 1950 жылы мұнда атақты жазушы Сəбең, Сəбит Мұқанов та келіп қайтады. Бұл туралы Сүйекең өзінің Павлодар қаласындағы осыдан 4 жыл бұрын жарық көрген “Мəшһүр-Жүсіп өмірі” атты кітабында сол сапарға жолбасшы болған Тұрсын Болағасыновтың айтқанын негізге ала отырып былай баяндаған.

“Біз зират басына жақындадық, – деп еске алады куəгер. – Зират тік көтерілген дөң басында болатын. Сəбең машинаны етекке тоқтаттырды да жоғары жаққа қарай жаяу көтерілді. Мəшекеңнің бейіті “зират” деп аталғанмен есік, терезесі бар кəдімгі екі бөлмелі қызыл кірпіш үй еді. Сəбең байыппен оған қарап тұрды да: “Гриша, б əрін жақсылап түсіріп ал”, – деп фотографына бұрылды.

Осыдан соң барып ішке кірдік. Төрде ағаш сөре толы кітаптар тұр. Ең жоғарыға аттың ер-сайманы қойылыпты. “Мынау “сарт ері” ғой, – деді С əбең оны көрген бойда. – Бұл өзі сирек кездесетін дүние. Қырғыз, үйсіндерде ғана болады. Жарықтық жүрген жерінің бə рінен белгі алып отырған екен”, – деп ерді орнына қайта қойды.

Ол кісі енді сөрені ақтарыстырып қарай бастады. “Араб, парсы, түрік тіліндегі кітаптар”, – деді күбірлеп. Сөйтті де: “Мынау шағатай тіліндегі дүние. Мұны да оқи білген ғой. Əйтпесе, осыншама жинамаса керек еді. Бұл бізге қиындау тиеді”, – деп орнына қойды.

Қайыра сыртқа шықтық. Сəбең жан-жағына көз тастап тұрды да: “Кереку өңіріне келіп қалған соң, əдейі осында соғуды жөн көрдім. Хош-сау болып тұрыңдар жігіттер”, – деп машинасына қарай беттеді. Бұл 1950 жылдың шілде айы болатын”.

Менің білетінім де, естігенім де міне, осы екі дерек. Басқасынан хабарым жоқ.

– Ал, зиратты өкімет адамдары қалай бұзып жүр? Оған не себеп?

– Көнекөздер біледі, 1948 жылы тарихшы-ғалым Е.Бекмахановтың “ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарындағы Қазақстан” деген монографиясы жарыққа шыққаннан кейін біздің республикамызда “ұлтшылдықты”, “ескі өмірді көксеушілік” пен “діни нанымдарға еліктеушілікті” түп-тамырымен жою жөніндегі сойқан науқан басталған болатын. Қып-қызыл идеологиялық ұраннан ғана тұратын ұрдажық осы əрекет халқымыздың рухани өміріндегі құндылықтардың бəрін ланаттады дейсіз. Əсіресе сол кездегі трибунадан түспей қойған “тұрақты” шешендердің Абылай, Кенесарыны сүмірейтіп болып, эпостағы батырлардың соңына шырақ алып түскендігі жағаңды ұстатар сұмдық жағдай еді. Сондай солақайлықтың салдарынан мектеп оқулықтарындағы “ халықтық мəні бар шығармалардан” тек “Қамбар батыр” жыры ғана қалды. Қалғандары: “Алпамыс”, “Қобыланды”, “Ер Тарғын”, бəрі-бəрі феода-лизмнің қалдығынан тұратын реакцияшыл дүниелер болып шықты.

Осындай “əшкерелеуші” жиындарда “мазарын кейбіреулер əлі пір тұтатын”, “зиратының басынан діндарлар үзілмейтін” Мəшһүр-Жүсіп Көпеевтің де аты аталмай қалған жоқ. Келе-келе сыншылар оның баяғыдағы ел арасынан жинаған шығармаларының бəрі зиянды, бұлар бүгінгі социализм дəуіріне сай келмейтін “реакцияшыл бағыттағы бірдеңелер” деуге дейін барды. Соның бір көрінісі мəселен, Қ.Көпбаевтың “Мəшһүр-Жүсіп Көпеев – ұлтшыл, діншіл ақын” деген атпен “Социалистік Қазақстан” газетінің 1952 жылғы 1 тамызда шыққан мақаласы. Қойшы, содан не керек, “жоғарыдағыдай мəселені ескере отырып” ҚК(б) П Орталық Комитеті Баянауыл өңіріндегі дін ошағы – Мəшһүр-Жүсіп зират үйін бұзып-құлату туралы шешім қабылдайды. Бұл нұсқауды орындау Павлодар облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Трошихинге жүктеледі. Ол оны Баянауыл аупарткомы басшыларының активіне тапсырады. Ақыры не керек, олар көп кешікпей зират үйінің жермен-жексен етіліп құлатылғаны туралы обкомға “рапорт” береді.

– Сонда мұндай əпербақандық əрекетке кімдердің батылы барды екен? Егер айып болмаса өзіңіз білетін жəйттің бəрін жасырмай айтсаңыз…

– Жасырып қайтемін. Бəрі де болары болып, бояуы сіңген нəрсе ғой. Ақсақалдардың айтуынша, жоғарыдағы бассыздыққа қатысы бар үлкенді-кішілі басшылардың бəрінің өмірі кейін дұрыс болмаған. Өкілдердің күштеуімен баба зираты үйіне бірінші болып қайла сілтеген колхоз бастығы Жұмайділда деген кісі сол күзде қатты ауырып дүние салған. “Қателік жасадым. Ауызғы үйдің қабырғасына қайланы алғаш сілтеп қалғанымда, оң жақ бүйірімнен бір шаншу қадалғандай болып еді. Ақыры ұлғайып мына халге жеттім. Адам қатарына қосылмаспын енді,” – депті ол көз жұмарының алдында əжеміз Ақзейнептен кешірім сұрап. Ал, аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Қасым Акошевке келсек, əйелі, баласы қазаға ұшырайды да аудандық милиция бастығы Малаев қызметінен айырылып, көше кезіп кеткен. Аудандық хатшы да жоғарыдағы оқиғадан кейін суға кетіп өліп, обком басшысы Золотухин 1955 жылы кенеттен көз жұмған.

Бұл нала ма, жоқ əлде жаза ма, оны енді тап басып айту қиын. Бірақ болған жағдай осылай, бар шындық та осы.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының кесенесі

– “Баянауыл” атты фотоальбомнан біз Мəшекеңнің зираты басынан күмбез тектес үйді көреміз. Сонда ол кейін қайтадан тұрғызылған ба?

– Иə. Бұл атамыздың көзін көрген келіндері, біздің аналарымыз Ақзейнеп пен Нұриланың еңбектерінің арқасында бой көтерген ғимарат. Ол кісілер өкіметтің үнсіз қарсылығына қарамай жүріп, 1976 жылы осы құрылысты салдырып, үлкен іс тындырды деп айтуға болады.

– Енді Мəшһүр-Жүсіп Көпеевтің республика Ғылым академиясындағы “Мес” атты қолжазбасы туралы бір сұрақ. Бұл қазына кезінде Алматыға қалай жеткен? Оны Мəшекең ғылыми қорға өзі əкеліп тапсырған ба, жоқ əлде елге шыққан өкімет экспедициясы барып алып келген бе?

– Атамыздың 1931 жылы қайтыс болғанын естіген жазушы Ғабит Мүсірепов Алматыдан Баянауылға хат жазады. Онда Мəшекеңнің ел арасынан жиған мұрасының бəрін Қазақстан астанасына жіберіңіздер, кітап етіп бастырып шығарамыз деген дұғай сəлем айтылыпты. Ол кездері ақын Диқан Əбілев аудандық газетте қызмет істейді екен. Жоғарыдағы хабардан кейін міне сол кісі атамыздың үлкен-үлкен 4 дəптерін Алматыға жібертеді. Ол тиісті адреске аман-есен жетеді. Бірақ бұл “Мес” емес. Ал 1934 жылы өзіне бір ой түскен Шəрепиден атамыз Мəшекеңнің барлық қолжазбаларын қоржынға салып алып Семейге тартады да сол жерден пойызға отырып Алматыға жетеді. Міне, академия қорындағы қазіргі нағыз “Мес” сол! “Өкінішке қарай астанаға оның өзі түгел жетпеген, – деуші еді марқұм Зейтін Ақышев ағамыз. – Себебі, Шəкең қолжазбаларды бұл жерден екі қоржынға салып алып кеткен болатын. Семейге барған соң пойызға билет аламын деп жүргенде, қос қоржынның біреуін ұрлатып алған”.

– Тағы бір сауал… Айтыңызшы, ақсақалдың тақиясына үкі қадап түскен фотосын кім, қашан, қай жерде түсірген? Ол кісінің бұдан да басқа рəсімдері бар ма, жоқ əлде бүгінгі күнге дейін жеткені осы жалғыз жəдігер ме?

– Иə, қолда бар бірден-бір бейне осы. Сопы адам емес пе, суретке түсуді қаламаған. Үнемі қарсы болып отырған. Дегенмен құрдасы Əбдіразақ ретін тауып, өмірінде бір рет оны осындай қадамға баруға көндірген. Біздің қолымыздағы фотода Мəшекең жалғыз емес. Онда замандасы Əбдіразақ, оның баласы Алдажар жəне атамыздың өзі отыр. Ақсақалдың қазіргі елге мəлім жеке фотосы осы жəдігерден бөлініп алынып жасалған. Сурет Кереку қаласында 1923 жылы түсірілген. Ол уақыт Мəшекеңнің 65 деген жасқа келген кезі. Суреттің авторы – бүкіл Ертіс өңіріне белгілі фотограф Багаев.

– Сөз соңында оқырмандарға Мəшһүр-Жүсіптің бүгінгі ұрпақтарынан, олардың тіршіліктерінен хабардар ете кетсеңіз…

– Атамыздың үлкен ұлы Шəрепиденнен туған Төлеубайдың балалары: Абай Екібастұз қалалық салық басқармасының бөлім бастығы, Даниал туған ауылымыз Жаңажолда суретші, Айтжан фермер болып жұмыс істейді. Сүйіндіктің ұлдары Жастілек, Рамазан, Қонақбай жəне Ақжолға келсек, бұлардың бəрі де сол Жаңажолда кəсіпкер, мұғалім, шаруа қожалығының иесі деген тірлікпен өмір кешіп жатқан жайы бар. Ал Пазылдан тарайтын менің балаларым Нартай, Ертай, Естай – ғылым кандидаттары. Павлодар мен Астанада тұрады. Менен кейінгі Шегендіктің перзенттері Арғын, Ақан, Бегендік, Мұрат əртүрлі жұмыста. Кенже інім Қажымұқанға тоқталар болсақ, оның үлкен ұлы Əсет мұғалім де Əділеті – студент.

Мақала соңында сіздерге сұхбат иесі Қуандық Мəшһүр-Жүсіпов туралы қысқаша мəліметті де келтіре кетуді жөн көріп отырмыз, құрметті оқырман. Өйткені бəріңіз болмасаңыздар да кейбіреулеріңіздің ойларыңызда: “Ғалым адам дейді… Сонда ғылымда қандай қолтаңбасы бар?” – деген сұрақтың туып қалуы мүмкін.

Қуандық Пазылұлы 1959-1964 жылдар аралығында ҚазПИ-дің тіл-əдебиет факультетінде оқып, оны үздік бітірген. Содан соң Семей педагогика институтына барып еңбек жолын бастап, сонымен бір мезетте ҚР Ғылым академиясындағы М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтының аспирантурасына түседі. 1969 жылы осы жерде академик Қ.Жұмалиевтің жетекшілігімен “Қазақ прозасындағы тартыс жəне жаңа адам” атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Семей педагогикалық институтында табан аудармай 25 жыл жұмыс істеп, 1994 жылы тағы да Алматыда “Қазіргі қазақ лирикасындағы стиль мен бейнелілік” деген монографиясымен филология ғылымының докторы атағын алады. Қуандық аға қазір Павлодарда тұрады. Осындағы С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте кафедра меңгерушісі. Жоғарыдағы ғылыми еңбектерінен басқа “Өлең – сөздің патшасы”, “Көркем сөздің құдіреті” атты зерттеу кітаптардың авторы ол кісі көркем дүниелер де жазады. Оған кейіпкеріміздің əр жылдары жарық көрген “Бір əйелдің өмірі”, “Армандастар”, “Қыздар-жігіттер” деген повестер мен əңгімелер жинағы анық дəлел.

2003 жыл.

Авторлық анықтама.

Қуандық Пазылұлы Мəшһүр-Жүсіпов Павлодар қаласында аман-есен тұрып жатыр.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар