Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Жанболат Аупбаев. Потаниннің туысы...

11.06.2019 4172

Жанболат Аупбаев. Потаниннің туысы

Жанболат Аупбаев. Потаниннің туысы - adebiportal.kz

Владислав Гаврилович ПОТАНИН

Шучье қаласы мен Астананың арасы артық-кемі жоқ 230 шақырым жер. Мұндағы екі ортаға жүріп тұратын ең ыңғайлы көлік жергілікті жұрт “тоқылдақ” деп атап кеткен электричка. Иə, ол тоқылдақ десе тоқылдақтың нағыз өзі. Бар-жоғы үш үйшіктен тұратын осы бір арзан, қарапайым, жайдақ вагон тіркемелері ені тар біртабан жолға түсіп алған соң, дүк-дүк етіп алға қарай тартады да отырады. Оның қатқыл орындығындағы жолаушылардың ішінде кімдер жоқ дейсіз. Қаз-үйрегін шыбық себетке салып қаңқылдатқан кемпірлер мен тұмылдырық кигізген итін жетектеген аңшы, қап арқалаған саудагер қыз-келіншектер, бəрі... бəрі де бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Жанболат Аупбаев. Антрополог

Вагонға солармен қабаттаса кіріп, күн түспейтін жақтан орын алған мен енді көзіммен кондукторды іздей бастадым. Бұл жерге Астанадан таңертең келген едім. Мақсатым – осы Шучьеден онша қашық емес Қазгородок поселкесіне барып, сондағы Сейфүлмүліков атты адамның туыстарын іздеу. Ол жазушы Рафаэль Мұстафиннің айтуынша атақты Мұса Жəлилмен Моабит түрмесінде бірге отырған қазақстандық татар. Білмей келіппіз, неміс тұтқынында жүріп, оларға қарсы ұйым құрған, сөйтіп гестапо гильотинасында басы шабылған 11 бейбақтың бірі. Оның жақындары күні кешеге дейін осы Қазгородокта тұрыпты. Бірақ... иə, бірақ іздеген жоғым табылмады. Олар осыдан он бес жыл бұрын Қазанға көшіп кетіпті. Содан бері оралып келе жатқан бетім ғой баяғы.

– Сəлеметсіз бе? Егер айып етпесеңіз...

Жоғарыдағы жəйтке байланысты өз ойыммен өзім болып отырған мен селт етіп, дауыс шыққан жаққа қарадым. Жас шамасы елулерге келіп қалған орыс азаматы екен. Терезеге қарай жылжуымды өтініп, орын сұрап тұр. Жайғасып бола бере:

– Танысып қоялық. Владислав Потанин, – деді қолын ұсынып.

Өз кезегімде аты-жөнімді айтып үлгерген мен оның бетіне таңдана қарадым. Көз алдыма бір елес келе бастағандай. “Ол ма, жоқ ол емес пе? – деймін абдырап,

"Дəл соның өзі болуы да ғажап емес-ау...”

Ойыма осыдан жеті жыл бұрынғы Шота Уəлихановпен арадағы бір əңгіме түсті. Сонда: “Шоқанның орыс достарының ұрпақтарынан хабарыңыз бар ма? Бар болса нендей кəсіптің иелері? Олармен байланысыңыз қандай?” – деп сұрағаным есімде. Бұған Шөкең: “Достоевскийдің шөберелері Дмитрий мен Татьяна гуманитарлық ғылымның өкілдері. Санкт-Петербургте тұрады. Алматыға келгенде олар менде, Санкт-Петербургке барғанда мен оларда қонақ болғанмын. Ал, Потаниннің ұрпағы Көкшетау облысының Шучье қаласында еңбек етеді. Мамандығы – сəулетші” – деген-ді.

– Неге қарай бересіз? Біреуге ұқсатып отырған жоқсыз ба? – деді мазасызданған маған назар аударған көршім.

Мен оған жоғарыдағы əңгімені айттым.

– Иə. Соның... Сол Потаниннің өзімін, – деді ол маған сабырлы түрде. – Бірақ мен жұрт білетін Григорий Николаевичтің кіндігінен емес, ағасы Гаврилден тараймын.

...Міне, осыдан кейін əңгіме қызып кеп берді дейсің. Ол – айтушы, мен – тыңдаушы.Жолсерігімнің сөзіне қарағанда Потаниндер əулетінің Қазақстанда тамыр жайғанына екі жарым ғасырдың жүзі болыпты. 1755 жылы Елизавета патшайымның жарлығымен Ертіс бойындағы Ямышево қамалына қоныс тепкен бұлардың ең үлкен бабасы үш əйел алған адам екен. Одан 12 ұрпақ өрбіген. Солардың ішіндегі біреу Ильядан 1829 жылы Пе-тербургтен шыққан орыс елшісін Қоқан хандығына аман-сау жеткізген, сол қызметі үшін Баянауыл дуанындағы линиялық отрядтың бастығы болып тағайындалған ержүрек казак Николай Потанин туады. Ал ол аты Омбы өңіріне мəлім темір ұстасы Гаврил мен саяхатшы-ғалым, Шоқанның досы Григорийдің əкесі еді.

Владиславтың айтуына қарағанда атасының інісі, болашақ жиһанкез Григорий Николаевич үш айлық сəби кезінде шанадан түсіп қалып барып табылыпты. Кейін ержеткенде ол: “Мен өмірге сығалап есік ашқан үш айдан соң əлемді кезбек болып шанадан түсіп қалып, жоғалып табылғанмын. Дүниені кезіп білуді міне, сол кезден бастадым”, – деп елді күлдіреді екен.

Потаниндер əулетінің арасында оның өз тұқымдарының ішінде бірінші болып кадет корпусында оқығандығы, 1865 жылы Сібірді Ресейден бөліп əкету жөніндегі Омбы жастары ұйымының мүшесі болғандығы, 1874-1888 жылдары Орталық Азиядағы бейтаныс та бəймəлім өлке Гоби мен Хинганға саяхат жасағандығы ерекше құрметтелініп, бағаланған.

– Ал, сіз сол Григорий Николаевичтің қазақ халқының ұлы адамдарымен пікірлес, ниеттес болғандығын білесіз бе? – дедім мен əңгіменің бір ұрымтал тұсында көршіме.

– Жоқ, тек Шоқан Уəлихановпен арадағы достығынан ғана хабарым бар, – деді ол ойлана тіл қатып. – Атап айтқанда олар мыналар. Бірінші, Григорий Николаевич өзінің жерлесі, кадет корпусындағы жан жолдасы Шоқан Уəлиханов қайтыс болғаннан кейін ғалым Н.М.Ядринцевпен бірлесе отырып, оның мұраларын жинақтаған алғашқы адам. Екінші, Шоқан Уəлихановтың табылған еңбектерін баспаға берерде ол туралы тұңғыш өмірбаяндық мақала жазған жан. Үшінші , бұл кісі Шоқанды білетін орыс зиялыларының ішінде қазақтың ұлы перзентінің əкесі, полковник Шыңғыс Уəлиұлын 1895 жылы арнайы іздеп барып көріп, ең соңғы жазба дерек қалдырған ғалым. Менің білетінім, міне, осылар. Ал ол кісінің басқа қазақ зиялыларымен арадағы байланысынан хабарым жоқ.

“Иə, Владиславтың бұл мəселені білмеуі əбден мүмкін”, – деп ойладым мен ішімнен. Себебі Шоқан Уəлихановтан кейінгі халқымыздың қаймақтары Əлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов есімдерін күні кешеге дейін өзге емес өзіміз де білмей келдік емес пе? Григорий Николаевия Потанин 1905-1920 жылдар аралығында міне, осы арыстарымызбен де араласып, дос-жар болған жан. Əлекең мен Ахаң əсіресе оның ел арасынан тірнектеп жинаған біздің халқымыздың ауыз əдебиеті үлгілерін, соның ішіндегі “Ер Сайын” жыры мен “Алаша хан” туралы аңызды ерекше бағалаған. Ол ол ма, Шоқанның мұраттас, мақсаттас серігі осы бір аяулы жан өзінің 1895 жылы жазған “Қазақтың соңғы ханзадасының киіз үйінде” атты мақаласында: “...Мұнда, айталық, заңгер қазақ суретші қазақпен, əдебиетші қазақ дəрігер қазақпен араласып-құраласатындай бір ойлы орта жоқ... Кейінгі жастар дəл Шоқандай болмаса да, егер бір ортаға жиналып тұрса жалғыз адамнан гөрі көп іс тындыруы мүмкін ғой, Бірақ олардың басын қосатындай ешкім болмай тұр... Батыс Сібірдің көптеген қалаларында халық мүддесін қамқорлығына алған қоғамдар бар. Мұндай қоғамды қазақ даласында да құруға болар еді. Оны неге қолға алмасқа?” – деп бірлестік, ұйым құрудың қажет екендігі туралы тың ой, батыл пікір айтқан.

Григорий Николаевичтің осындай еңбектерін білген, құрметтеген Əлихан Бөкейханов оның 80 жасқа толған мерейтойына байланысты 1915 жылы “Қазақ” газетінде “Потанин” атты арнайы мақала жазса, Ахмет Байтұрсынов “Г.Н.Потанинге тарту” деген өлең арнаған. Ал, 1917 жылы... иə, сол жылы бір кездері қазаққа прогресшіл ұлттық орталық, ұйым құру қажеттігі жөнінде идея айтқан Григорий Николаевич Потанин Алашорданың Семей бөлімшесі атынан Орынборда өтетін “Алаш” партиясының съезіне №1-ші боп делегаттыққа ұсынылады.

Осының бəрін Владиславқа айтқан мен ендігі кезекте одан: “Григорий Николаевичтен ұрпақ қалды ма? Оның кейінгі өмірі жөнінде не білесіз? Жалпы алғанда Потаниндер əулетінің Кеңес өкіметі тұсындағы тағдыры қалай болды?” – деген сұрақтарға жауап беруін өтіндім.

– Аты əйгілі саяхатшы, – деді ол, – 1865 жылғы Омбыдағы тəуелсіз Сібір жастар ұйымына қатысқаннан кейін айдауда болған адам. Одан 1874 жылы Ресей географиялық қоғамының кепілдемесімен босаған соң 20 жылға жуық өмірін зайыбы Александра Васильевнамен бірге Алтай, Ішкі Моңғолия өлкелерін зерттеуге арнаған. Г.Н.Потаниннің бұл экспедициялары патша өкіметі үшін өте тиімді болған. Тиімділігі – мұндағы адам санының шағындығына байланысты еді. Орталық Азияға аттанған Пржевальскийдің дəл осындай экспедициясын алып қаралық. Бұл қосынның құрамы оны қауіп-қатерден қорғайтын казак жүздігін қосып есептегенде 150 адамнан кем емес болған. Ал нақ сондай тапсырмамен аттанған Г.Н.Потаниннің экспедициясы болса 15 адамнан аспаған. Мұнда ол тек өзіне, өзінің өлімге бас тіккен ержүректігі мен нəзік мəмілегерлігіне сүйенген сияқты. Танымаған, білмеген жерлердегі неше түрлі қиын жағдайлардан міне, оны осы екі қасиеті алып шығып отырған.

Г.Н.Потаниннің басқаруындағы аталмыш экспедиция 1887 жылы кезекті сапардан оралып келе жатқанда зайыбы Александра Васильевна қатты ауырып, шекаралық бекет – Кяхта қаласында қайтыс болады. Одан кейін ол кісі көп жыл бойы салт бас, сабау қамшылы боп жүріп, бертінде бір əйелге үйленген дейді. Бірақ ұрпақ қалмаған.

Ал енді оның туыстары, басқа Потаниндерге келсек, Кеңес өкіметі тұсында оларға көзқарас онша дұрыс болмаған. Өйткені 1918 жылғы азамат соғысы кезінде біздің əулет Сібір билеушісі адмирал Колчак жағына шығып кеткен дейді.

Атамыз Гаврилден қалған əңгімеге қарағанда 1940 жылы бұларға алыстағы Австралиядан хат келеді. Оны жазған Потанин фамилиялы ағайынды екі офицер екен. Олар ақтар армиясының қалдығымен 1922 жылы Қиыр Шығыстан Қытайға өткенін, одан кейін Сидней маңындағы Брисбен қаласына келіп, шойын құю заводын ашқанын жазады да хат соңын: “ Ал, Наталья Потанина Америкада тұрады”, – деп бітіреді. Бұл ағайынды жігіттерден одан кейін қайтып хабар болмаған.

1970 жылы мен Новосибир қаласындағы геодезия жəне картография институтына өндірістік тəжірибеден өтуге бардым. Сонда маған осы оқу орнындағы Сергей Николаевич Потанин деген профессор жетекшілік етті. 1973 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының соңғы курсында оқып жүргенімде келіншегім босанып, перзентханадағы оған тамақ апарып жүрдім. Сонда əйеліме алып келген азық-түлікті қабылдап алатын медбике фамилиямды көрген сайын таңданумен болды. Ақыры үшінші, əлде төртінші күні ғой деймін: “Менің де фамилиям Потанина”, – деді. 1976 жылы Свердловскіге іссапарға бардым. Сондағы атбасын тіреген мекемедегі əріптесім өзін: “Потанин”, – деп таныстырды. Сұрастырып көрсем, бұлардың бəрі де дəп бір алдын-ала ақылдасып алғандай: “Біздің о бастағы шыққан жеріміз Ямышево көлінің маңайы екен”, – деп жауап береді. Ал, ол ертедегі 12 ағайынды Потаниндердің өмірге келген жері ғой. Жоғарыдағы өзім кездестірген үш адам шамасы солардың ұрпақтары болуы керек.

– Шоқанның туысы Шота Уəлиханов өзіңізді жақсы біледі. Ал Потаниннің жамағайыны сіздің ол кісіден хабарыңыз бар ма?

– Иə. Шота Ыдырысұлын мен көргенмін. 1974 жылы Көкшетауда Қазақстан Сəулетшілер одағы басқармасының көшпелі пленумы өтті. Онда ол кісі сол одақтың төрағасы болатын. Шота Уəлихановпен мен міне, сол жиында танысып, әңгімелескенім бар.

– Өзіңіздің кəсібіңіз... Отбасыңыз... Мынадай қиын кезде қалай тірлік кешіп жатырсыздар?

– Мамандығым – сəулетші. 1973 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының жерге орналастыру факультетін бітіргенмін. Содан бергі ширек ғасырда бір-ақ жерде еңбек етіп келемін. Ол – Шучье қаласының бас сəулетшісі деген қызметім. Алексей, Максим атты екі балам бар. Зайыбым Анна Максимовна осы қаладағы колледждің оқытушысы, Отбасымыз – тату. Ынтымақшылмыз. Балаларым, əйелім болып бəріміз Бурабайды, ондағы өзіміз тұрып жатқан қала Шучьені өте жақсы көреміз. Біз – сол жердің патриотымыз!

...Владислав екеуміз Астанаға кештетіп жеттік. Танысқанымыз қалай тез болса, қоштасуымыз да сондай жылдам сияқты боп көрінді маған. Вокзалдан шығысымен ол троллейбусқа отыратынын айтты. Ал мен 9-шы автобустың аялдамасына қарай тарттым...

1999 жыл.

Авторлық анықтама. Владислав Потанин қазір өзінің сүйікті қаласы Шучьеде аман-есен тұрып жатыр.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар