Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҚСЫНЫҢ КӨЗІ
Жанболат Аупбаев. Таңжарық ақынның қызы...

07.03.2019 5026

Жанболат Аупбаев. Таңжарық ақынның қызы

Жанболат Аупбаев. Таңжарық ақынның қызы - adebiportal.kz

Таңжарық ақын… Осы бір тамаша талант иесі туралы қалың көпшілік бертінге дейін көп ештеңе білмей келді. Оған себеп, біріншіден ол шетелде туып, өмір сүрді. Сондықтан да шығармалары отандастарына өз уақытында жете қоймады. Екіншіден, арғы беттен ұлы көш қозғалып, Таңжарықтың туындылары кеңестік Қазақстанға солар арқылы енді келе берген кезде екі мемлекет арасындағы саясат өзгерді. Соған байланысты ақынды байқап насихаттап, сақтықпен таныстыру қажет болды. Өйткені ол Қытайда əлі ақталмаған тұлға болатын.

Десек те осы бір ғажап адамның аты мен үні құбылмалы мінез танытқан саясаттар ызғырығы арасындағы сəл-пəл туа қалған жылымық кездерде оқырмандарымызға естіліп қалып жатты. Сондай бір сə ттерде оны өз отанына ең алғаш таныстырған адам ол ақсақал жазушымыз Сəбит Мұқанов еді. 1956 жылы ҚХР-ға КСРО Жазушылар одағының атынан үш қаламгер шақырылған. Аталмыш елге солардың бірі болып барған Сəбең көрші мемлекеттің қазақтар мекендейтін Шыңжаң өлкесін асықпай аралап, қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігімен кеңінен танысқан. Елге қайтып келген соң “Алыптың адымы” атты танымдылығы мол деректі кітап жазған. Міне, сонда Таңжарық ақын, оның мұғалима қызы Сара мен күйеу баласы, жазушы Бұқара Тышқанбаев туралы тұңғыш рет егжей-тегжейлі айтылған-тын. Одан соң… иə, одан соң арада 17 жыл уақыт өткенде əнші Дəнеш Рақышевтің орындауымен Ташкенттегі бүкілодақтық “Мелодия” – дыбыс жазу студиясынан Таңжарықтың “Амандасу” əні жеке күйтабақ болып шыққаны, 1974 жылы “Жазушы” баспасынан ақынның “Армантау” жыр жина-ғының жарық көріп, есімі 1977 жылы Қазақ совет энциклопедиясының 10-томына енгені бар.

Біздің білуімізше, кеңестік кезеңде Таңжарық ақын туралы Қазақстанда атқарылған жұмыстар міне, осылар. Ол жəне оның шығармашылығы туралы ауқымды істер еліміз тəуелсіздік алған соң одан əрі дəйектілікпен жалғаса түсті деуге болады. Оған 1992-2002 жылдар аралығында Шыңжаңнан келген əдебиетші-ғалым Оразанбай Егеубаевтың Алматыда ақынның екі томдығын шығаруды қамтамасыз еткені, зерттеуші Дүкен Мəсімханұлының “Сарап” кітабында өзіміз сөз етіп отырған тұлғаның шығармашылық қырлары егжей-тегжейлі талданғаны, жазушы Тұрлыбек Мамасейіттің “Таңжарық” романын жазып, дүниеге əкелгені дəлел.

ҰҚСАС МАҚАЛА: Жанболат Аупбаев. Балуан Шолақтың немересі

Биыл өмірінің тең жартысы қуғын-сүргінде өтіп, Қытай елінде сенімсіз элемент атанған, ол ауыр айыптан тек ХХ ғасырдың 80-ші жылдарында ғана арылып, жұлдызы сонан соң ғана барып жанған тума таланттың туғанына 100 жыл толады. Қазір ақынның бұл мерейтойын екі мемлекет те кеңінен атап өтуге қам жасауда. Соның қарсаңында біз Таңжарық Жолдыұлының бүгінде Алматы қаласында тұратын қызы Сара Таңжарыққызы Тышқанбаевамен жолығып, əңгімелескен едік.

– Көзі қарақты оқырман қазір ақынның шығармашылығымен жақсы таныс деуге болады. Бірақ, ел оның отбасылық өмірінен жəне ұрпақтарынан хабары жоқ. Көп ештеңе білмейді. Алдымен міне, осы жөнінде айтып берсеңіз.

– Əкем екі рет шаңырақ көтерген кісі. Алғашқы шешемізден Уəлихан есімді перзент болған. Ол Шыңжаң педагогикалық институтын бітіріп, Құлжа уəлаятының Аралтөбе деген жерінде жұмыс істеді. Өкпе ауруына шалдығып қайтыс болғанда, артында бір ұлы қалған. Сол бала қазір Уəлиханның отын өшірмей, Шыңжаңның Күнес ауданында тұрып жатыр.

Мен əкемнің екінші қосағы Бəтиден туғанмын. Анам өжет, ісмер, əнші адам еді. Көзі ашық, сауатты кісі-тін. Кішкентай кезімдегі есте қалғаны: алдымен ауылда тұрдық. Содан соң Құлжа қаласына көшіп келдік. Мекеніміз үлкен шаһардың ортасындағы қазақ уишмасы (ұйымы – ред.) деген орам еді. Оның ауласында үлкен клуб бар болатын. Міне, сонда ұлтымыздың Іле аймағындағы бас көтерер зиялылары жиналып , біреуі көркемөнерпаздар ансамблін құрып, екіншісі драма үйірмесін ашып, үшіншісі талапты жастарды фотосурет студиясына тартып, кеудесінде сəулесі бар жанның бəрін жаңалыққа үндеп жататын. Солардың ішінде жарқылдап əкем де жүрді. Ол кісінің жұмысы өзі негізін 1936 жылы қалаған “Іле” газетін шығарып, тарату болатын.

– Ақынның қалай ұсталғаны есіңізде ме? Тұтқындау қай жерде, қалай, не себепті жүргізілді? Ол кезде сіз қанша жаста едіңіз?

– Есімде. Бəрі де көз алдымда. Ұмытқаным жоқ. 14-15 жастағы кезім ғой. Гимназияда оқитынмын. Сабақтан қайтып келе жатсам, қақпадан бір фаэтон шыға берді. Гоминдань əскерінің формасындағы екі шеріктің ортасында əкем отыр. Басы салбырап, қабағы түсіп кеткен. Көшедегі мені көрмеді-ау, бірдеңе айтар ма екен деп арба артынан дауыстай жүгіріп едім, естімеді. Не істерімді білмей үйге келіп кірсем, бөлмелерді асты-үстіне келтіре тінтіп жатыр екен. Жылаған күйі босағадағы шешемнің жанына отыра кеттім. Бұл 1940 жылдың қысы болатын.

Ертесінде: “Сендерге бұл жерде енді тұруға болмай-ды”, – деп қазақ уишмасы орамындағы үйден шығарып тастады. Жоғарыда айттым ғой, шешем пысық кісі еді деп. Мына қиындыққа ол кісі асып-сасқан да, абдыраған да жоқ. Керісінше, қайраттанып, бір ұйғырдың үкінің ұясындай құжырасын жалдап алды. Сөйтті де елдің көйлек-көншегін тігіп, дəулетті адамдардың қыз-қырқындарын үйіне барып оқытып мені асырауға, ешкімнен кем қылмай өсіруге кірісті.

Күн аралатып Құлжаның орталық түрмесіне барамыз. Күзет бастығы əкеммен жолықтырмайды, тек əкелген тамақты ғана ішке кіргізуге рұхсат етеді. Осылайша бес ай өтті. Содан кейін бəрі де сап тиылды. Сөйтсек, ол кісіні Үрімшіге алып кеткен екен.

– Бұдан кейін сіздер қайтіп өмір сүрдіңіздер? Ел ішінен анаңыз екеуіңізге көмектескен адамдар болды ма? Ақынның артынан Үрімшідегі түрмеге достары іздеп барған деседі. Олар кімдер еді? Есіңізде ме?

– Осыдан кейін бізге енді Құлжада қалудың мəнісі болмады. “Елге барайық, сондағы жөн білетін үлкен кісілермен ақылдасып, əкейдің артынан іздеп баратын адам табайық”, – деген оймен шешем екеуміз ауылға қайттық. Мен сол 1940 жылғы жазда гимназияның жетінші сыныбын аяқтаған едім. О заманда бұл институт, техникумды бітіргенмен бірдей үлкен оқу болатын. Сондықтан да кеудемде: “Күнеске жетсек, жұмысқа ор-наласып қалармын”, – деген ой да жоқ емес еді.

Əкеміздің туыстары Іле өңіріне белгілі адам – атақты Сасан бидің ауылымен бірге отыратын. Өзі бай, өзі болыс болған сол адамның Жайырбек деген ер көңілді ұлы бар-ды. Міне, сол кісі: “Ақынның отбасын тарықтырмайық. Бұлар бізді ел деп іздеп келді ғой. Сондықтан жағдай жасайық”, – деп мені Бестөбе ауылына мұғалима етіп орналастырды. Шешеме екі бөлмелі үй беріп, жазда жайлауға шығарып тұрды.

Таңжарық Жолдыұлы

1942 жылы Үрімшідегі əкемнен өз амандығын айтып, киім-кешек сұратқан хат келді. Мына хабарды естіген жұрт: “Ой, сабаз-ай! Тірі екен ғой!” – деп бір дүрлікті. Сөйтті де əкеме бүкіл ауыл болып с əлем-сауқат əзірлей бастады. Көлемі бір тең болатын бұл жүкті Жайырбектің ақылымен Үрімшіге жөн-жосықты білетін Қонысбай деген кісі алып кетті.

Ауылда біз осылайша үш жыл тұрдық. 1944 жылдан бастап гоминдань үкіметінің десі қайта бастады-ау деймін, ішкергі жақтағы түрмелерден босаған адамдар келе бастады. Əкейден де бір хабар болып қалар ма екен деп біз енді Құлжаға барып тұруға жиналдық. Онда баяғы қазақ уишмасы бар емес пе?! Міне, сондағы орталық клуб өз жұмысын мықтап қолға алып, неше түрлі мəдени шараларды жандандыра бастапты. Əдебиет секциясын осы күнгі белгілі қаламгер Құрманбай Толыбаев басқарса, əн-күй үйірмесіне қазіргі өнертану ғылымының профессоры Əмина Нұғыманова апамыз жетекшілік етеді екен. Осы жерде мен қайтадан шыға бастаған “Іле” газетінің редакторы əрі гимназиядағы сурет пəнінің мұғалімі Бұқара Тышқанбаевпен таныстым.

– Əкеңіздің түрмеден босанғанын кімнен естідіңіздер? Бұл хабар елге қалай жетті? Достары, тілеулестері ақынды қай жерде қарсы алды? Сол оқиғаның ішінде сіз өзіңіз болдыңыз ба?

– Ол уақытта Құлжадағы қазақ зиялыларының тіршілігі мынадай-тұғын. Ұлтымыздың оқыған-тоқығандарының бəрі күз, қыс, көктем бойы үкімет мекемелеріндегі жұмыстарын тапжылмай істейтін де жаз шыға қырдағы ел арасына барып: сауатсыздықты жоюға, концерт қойып, медициналық сауықтыру шараларын жүргізуге, түрлі тақырыптарда лекция оқуға аттанатын. 1946 жылдың жазы шыға бере біз анам екеуміз осындай бригадамен Күнес ауданына бет алдық. Жайлаудағы елде бір айдай болып, тау етегіне түскенімізде: “Үш аймақ басшылары гоминдань үкіметімен келіссөз жүргізіп, Үрімшідегі саяси тұтқындарды босатып алуға қол жеткізіпті. Бостандыққа шыққандардың ішінде Таңжарық ақын да бар екен. Сүйінші!” – деген хабар жетті. Мына сөзді естігенде шешем екеумізде ес қалмады. Қалаға жетуге асықтық. Құлжамен екі арадағы жолда Тоғызтарау деген жер бар. Міне, сол елді мекенге жете бергенімізде алдымыздан бір топ атты адам көрінді. Ор-таларында – əкем! Жылап-еңіреп тұра ұмтылдық. О баста: “Алты жыл тар қапаста жатқан адам ғой, əбден азып-тозып біткен шығар”, – деп ойлағанбыз. Сөйтсек олай емес, өңі жақсы көрінді. Кейін білсек, əкем түрмеден қыс аяғы бітіп, қар ери бастағанда босапты. Содан Үрімшіде үш айдай ес жиып барып, елге содан кейін келіп тұрған беті екен.

Осыдан соң көп ұзамай мен жазушы-драматург Бұқара Тышқанбаев ағаларыңа тұрмысқа шықтым. Əкем қатты қуанып, сол баяғы қазақ уишмасы орамының ауласындағы орталық клубта бізге үлкен той жасап берді. Сөйтті де сол күзде шешем Бəтиді ертіп, үкіметтің өзіне лайық көріп берген жұмысы – орман шаруашылығының бастығы қызметін атқару үшін Күнес ауданына жүріп кетті. Содан бір жылдан соң… иə, тура бір жылдан соң қайтыс болды ғой.

– Ол кезде, яғни, ақын бақилыққа аттанған сəтте сіз əкеңіздің жанында ме едіңіз?

– Жоқ, Құлжада болатынмын. Қала мен ауыл арасына телефон, телеграфтың əлі орнатыла қоймаған кезі. Қаза туралы хабарды үш күн дегенде бізге Шапқы жайлауынан арнайы жіберген аттылы адам айтып келді. Сондықтан да жерлеуге қатысуға үлгере алмадық. Ал жетісіне аймақ басшылығының өкілдері мінген жүк ма-шинасымен жиырма шақты кісі болып бардық. Үкімет адамдары ел-жұртқа көңіл айтып болған соң шешем олардың алдына он түрлі мəселе қойды. Ол кейін “Іле” газетіне шықты да. Сол өтініштерден қазір менің есімде қалғаны əкемнің өлеңдерін кітап етіп шығару жəне ескерткіш қою жайы болатын. Кітап мəселесі 1948 жылы-ақ қолға алынып, “Алғашқы жинақ” деген атпен жарық көрген ол туынды елге тез тарап кетті. Сөз ретіне қарай айта кетейін, бұл кітапты Шыңжаңдағы қазақ ақындары шығармаларының ішіндегі тұңғыш баспа бетін көрген дүние деуге болады. Ал ескерткіш мəселесі содан көп уақыттан соң, яғни 80-ші жылдардың басында ақын ақталғаннан кейін жүзеге асқаны бар.

– Сіздің одан кейінгі өмір жолыңыз… Ол қалай қалыптасты?

– Əкем қайтыс болғаннан кейін шешем Бəтиді қолымызға көшіріп алдық. Мен – мұғалимамын. Бұқара – жазушы, драматург əрі киносценарист. Ал мемлекеттік қызметтегі лауазымы – Шыңжаң мəдениет министрінің орынбасары. 1956 жылға дейін бүкіл отбасымыз боп ешбір уайым-қайғысыз өте жақсы тұрдық. 1957 жылы жағдай күрт өзгерді. ҚХР өкіметі тарапынан Бұқараға ұлтшыл, оңшыл, қауіпті элемент деген үш бірдей айып тағылып, Тұрфандағы еңбекпен түзеу лагеріне жіберілді. Күні кеше ғана жарқылдап ел басқарып, жұртты жаңалыққа үндеп жүрген асыл азаматтың сағын сындырып, қара жұмысқа салып қою қандай қорлық десеңші, қалқам. Соны өз көзімізбен көрдік қой. Елдің де қабырғасы қатты қайысты. Құдай ондай күнді енді ешкімнің басы-на бермесін. Сол кезде ғой отағасымыздың: “Тұрфанда жүрмін, Тұрфанда, Құмы аптап қуырған. Қарқарада тусам да, Тағдыр осы бұйырған. Адамның басы алланың, “Добы” дейді көп пе екен?! Сонша жырақ ал менің, Басымды неге тепті екен? Демек жырақ тебілдің, Болғаның берік ол сенің. Көрсетіп өзі өмірдің, Тұрған жоқ па, өлшемін”, – деген өлең жолдарын жазатыны.

Сара Таңжарыққызы

Бұқара Тұрфан құмындағы еңбекпен түзеу лагерінен 1960 жылы ғана босап келді. Сөйтті де Үрімшіде бақылауда жүрді. Бұған да шүкір дедік. Өйткені түрмеде емес үйде, алыста емес көз алдымызда ғой əйтеуір. 1962 жылы жергілікті үкіметке білдірмей Шыңжаң астанасындағы Кеңес өкіліне барып жолықтық. Мақсат – Қазақстанға өтіп кету. Ол кездегі консул Байғарин деген иманжүзді қазақ жігіті еді. Жағдайымызды бірден түсінді. Сөйтті де біз өтініш бергеннен кейінгі алты күннің ішінде бүкіл құжаттарымызды қолымызға сақадай сай етіп ұстатып, Қорғас шекарасынан өтіп жатқан ұлы көштің алдыңғы легінен бір-ақ шығарды. Бақылау аумағы қақпасындағы қытай əскерилері біздің жүк тиеген ма-шинамызды тоқтатып қойып, тура алты сағатқа жуық тексерді дейсің. Кітаптан басқа байлығымыз жоқ-ты. Міне, солардың бəрін сілкіп көріп, мұқият қараумен болды. Сондағы артымызда кезек күткен елден айналайын! Күні бойы ыстық күннің астында иіріліп, жіпсіз байланып тұрғандарына қарамай, біздің тілеуімізді тілеумен болды. Ақыры көптің ниеті қабыл болды-ау деймін, кеш бата қытай жағы шлагбаумды көтерді. Осылайша біз бергі бетке өттік.

Жаркенттен бізді осы жақтағы туысымыз Сейдəлім Тəнекеев деген партия-кеңес қызметкері қарсы алды. Ол кісінің ақылымен мен бала-шағама ие болып, сол Панфилов ауданындағы Қоңырөлең ауылындағы мектепте сабақ беруге қалдым да Бұқара Алматыға барып жеке өзі қызмет істеуге кетті. Ағаларыңның кейін айтқан əңгімесі ғой, сол сапардағы жұмыс арасында уақыт тауып, Сəбеңе жолығыпты. Ақсақал жазушы оны құшақ жая қарсы алған. Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафинге ертіп апарып: “Ел-жер деп келді ғой. Көмектесейік”, – дейді. Ақыры үш қария бірігіп жүріп көп кешікпей қалалық атқару комитетінен бір бөлмелі үй алып бергіздіріпті.

Ол баспанамыз қазіргі Əуезов пен Төле би көшелерінің қиылысында болатын. Ал 1964 жылы, иə, сол жылы тағы да Сəбең, Ғабең жəне Сафуан Шаймерденов бас болып, Интернационал көшесіндегі жаңадан пайдалануға берілгелі жатқан үйден үш бөлмелі пə тердің кілтін ұстатты. Жақсылық деп осыны айтар болар, сірə. Сондықтан да бұл кісілерге деген менің алғысым шексіз! Жə, көп айтып қайтейін, сол 60-шы жылдары Алматыда осылай қатарға қосылып кеттік қой.

– Дұрыс екен. Енді мына соңғы сұраққа жауап берсеңіз. Таңжарық ақынның зираты қайда, қай жерде? Басында белгі бар ма? Сіз өзіңіз 1962 жылдан кейін ол жаққа бара алдыңыз ба? Барсаңыз ақынның елінде Таңжарыққа байланысты нендей шаралар жүзеге асқан деп ойлайсыз?

– Əкемнің зираты Құлжа облысының Күнес ауданындағы Шапқы жайлауы деген жерде. Басында күмбез жоқ. Бірақ белгі бар. Бестөбе қаласында ол кісіге ескерткіш орнатылған. Ол жаққа 1962 жылдан кейін тек 1996 жылы ғана баруға мүмкіндік туды. Туысқандарды араладым. Əкемнің зиратының басына барып құран оқыттым. Үрімшідегі “Халық” баспасынан Таңжарық ақынның 2000 жылы ханьсу тілінде бір томдығы, ал 2001 жылы қазақша екі томдығы жарық көріпті. Сөз ретіне қарай Шыңжаңда “Таңжарық” деп аталатын 5 сериялы фильмнің де өмірге келгенін айта кетейін. Елдің бізге, атамекенге деген ықыласы ерекше. Жақсылық ха-бар күтіп елеңдеп отырады екен.

2004 жыл.

Авторлық анықтама . Сара Таңжарыққызы Тышқанбаев қазірде де сол Алматы қаласында тұрып жатыр. Аман-есен. Күйлі-қуатты. Немерелерінің ортасындағы бақытты əжелердің бірі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар