Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жанболат Аупбаев. Біржан Салдың ұрпағы

26.08.2019 862

Жанболат Аупбаев. Біржан Салдың ұрпағы 12+

Мұханбетқали Теміртасұлы БІРЖАНСАЛОВ

Ән. Сол ән әуеге мамырлай көтерілді де белгілі бір биіктіктен түспей тұрып алды. Сөйтті де терең толғанысқа толы саз мұң-бесікке бөленген күйінен жазбай, жаңылмай жалғаса берді, жалғаса берді. Ол тым шығандап шырқап та кетпейді, төменге судырай сырғып та түспейді. Және сорғалап келіп құйылар қоңыр әуенге де бой алдырмай, төңіректі дірілдетіп тұрып алды.

Оу дүние, өтеріңді біліп едім,

Білдірмей серілікпен жүріп едім, – деп басталған әуен ұлы Біржан ғұмыр-тірлігінің сарқылып келіп тәмам болар азалы сәтінен хабар бергендей. Ән атақты сал-серінің шау тартқандағы мүшкіл халін сездірген сайын: “Беу, опасыз жалған!” – дегізер күйікпен сенің де ет жүрегіңді шабақтап, жан сарайыңды аңырата соққан ызғарымен қари түседі. Қалтыратып жібереді.

Қара су есік алды ылайланды,

Бай қылмақ, жарлы қылмақ құдайдан-ды.

Қамзолдай қысқа пішкен дөңгелентіп,

Дүние өтерінде шыр айналды, – деген тұста өміріңді өтпестей, күндеріңді бітпестей көретін пендешіл көңілің тіксініп сала береді. Осы сәтте ғұмырыңның келтелігін жаңа ғана сезінгендей, оны сездірген “қамзолдай қысқа пішкен дөңгелентіп” дейтін Біржан сал пайымдауы ұқтырып тұрғандай боласың.

Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті,

Кем қылмай өсіріп ем салтанатты.

Әкең ем аяйтұғын жаның ашып,

Шешсеңші, білегіме арқан батты!

Әннің шырқау биігі де, көңіліңді өксікті күйікке шарпытып, сезіміңнің тас құрсаулы шеңберін талқан етіп, жаңа бір пайым парқына шығандатып әкетер сөз салмағы да міне, осы арада, осы жерде сияқты. Мұны естігенде былайғы сәттегі күйініш- ренішің де, нала-мұңың да Біржанның, ұлы Біржанның керегеге таңылған кездегі қайғылы халінің қасында түкке тұрмастай болып көрініп, өте бір аянышты әсер қалдырады.

Реквием-саз тәмамдалды. Жай ғана тәмамдалған жоқ, жүрек басына қан ұйытып, жан-дүниеңді егілтіп барып аяқталды. Оны бізге орындап берген бұл күнде жасы жетпістің алтауына келген Мұханбетқали ақсақал. Иә, иә, ұлы Біржан салдың: “Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті”, – деп сөз арнаған Теміртасының бүгінгі көзі тірі ұлы Мұханбетқали ғой, бұл.

Шынымызды айтайық, біз алдымызда отырған асылдың сынығы бұл кісіні күндердің күнінде көреміз, әнін тыңдап, әңгімелесеміз деп әсте ойлаған емес едік. Бірақ, есімін бала кезден жақсы білетінбіз. Оны бізге ұқтырған, Біржан салдың осындай ұрпағы бар деп хабардар еткен атақты өнер зерттеушісі, профессор Ахмет Жұбановтың “Замана бұлбұлдары” атты кітабындағы қысқа да нұсқа жалғыз сөйлем болатын. Осыдан 30 жыл бұрын жарық көрген жоғарыдағы шығармада Есім Байболов деген өлкетанушының аты аталады. 1928 жылдың жазында міне, сол кісі Бурабай поселкесінен шығып, Ақкөл деген жерде отырған Біржанның баласы Теміртасты іздеп келеді.

– Үйезден бұдан бұрын да талай адам келіп, әкем туралы деректер алып кетіп еді. Білгенімді сіздерге де айтып көрейін, – дейді сонда отағасы ойланып. Сөйтеді де әсерлі, әдемі әңгіме тиегін ағытады. Сөзінің соңында:

“Әкеміз өлген жылы біздің үйде екі сиыр, бір бие, бір ат, оншақты қой болып еді. Біржаннан қалған төрт перзенттен тірісі мен ғана, мына бір Мұханбетқали деген жалғыз балам бар”, – деп қасындағы алты-жеті жасар бүлдіршіннің басынан сипап қояды.

Сол Мұханбетқали міне, осы кісі. Көз әйнегін оң қолымен оқтын-оқтын түзеп қойған қария қоңыр домбырасын алдына өңгерген қалпы жанарын бір нүктеге қадап, біздің алдымызда үнсіз отыр. Көп сөзге жоқ тұйықтау адам ба дейсің. Әңгімені суыртпақтап сұрамасаң, сараң мінезінен ештеңе де ұқтырмайтын сияқты.

– Әкеңіз Теміртас туралы не білесіз? Ол қандай кісі еді? – дейміз біз Мұхаңнан.

– Ес білгендегі өз аузынан естігенім, әкей патшаның 1916 жылғы июнь жарлығында қара жұмысқа ілігіп, батыстағы соғыста окоп қазыпты. Одан қайтып келгеннен кейін 1918 жылы осы Бурабай поселкесінің іргесіндегі шетелдіктердің консерві зауытында еңбек етіпті. Он-он бір жастағы кезім ғой… Түр-тұрпаты әлі күнге көз алдымда. Ол кісі бойы екі метрге жуық еңселі адам еді. Қаршыға қабақты, сұлу мұртты жан болатын. Степняк, Бурабай өңірінде одан күші асты дегенді естіген де, көрген де жоқпын. Мына іргедегі Күркіреуік өзенінің үстіндегі су диірменге екі қап бидайды екі қолтығына қысып апара беретін. Ұмытпасам су диірменінің иесі Кочегуров деген орыс болуы керек. Қазір республикалық Бурабай шипажайы қоныс теуіп тұр ғой сол орында. Нелер шу асауды әкей бұғалық, құрық салып әуре болмай-ақ қос құлағынан басып тұрып үйрете беретін.

– Анаңыз кім еді?

– Шешем Гүлжәмила сонау Абылай заманында Көкшеге келіп қоныс теуіп қалған қырғыздардың ұрпағы Сатай деген кісінің қызы-тын. Осы өңірге алғаш медресе-мектеп ашқан, сәулетті мешіт үйін салдырған атақты Қосдәулет деген бай болған. Шешеміз қыз кезінде міне, сол кісінің ұлы Омар қажыға атастырылып қойылған екен. Бай баласы ертең-бүрсігіні той жасап алайын деп отырған жерінен әкей тартып әкеткен ғой анамызды.

– Апырмай, ә, – дейміз біз. – Өзі бай, өзі бір болыс елді аузына қаратып отырған Қосдәулеттің келінін тапа талтүсте тартып әкеткен әкеңіз де осал болмаған-ау, сірә.

– Солайы солай-ау. Бірақ, тақуа, діндар Қосдәулет бас жарар дау-дамайға бармаса керек. Ол өз заманының ақылды адамы болған деседі көнекөздер, – дейді Мұхаң.

Әңгіме иесінің айтуына қарағанда, Теміртас пен Гүлжәмиладан Шаймерден, Шәріп, Мұхаметжан, Мұханбетқали деген ұл балалар мен Жамал есімді қыз өмірге келген. Олардың алғашқы екеуі Ұлы Отан соғысында опат болыпты да Мұхаметжан, Мұханбетқали және Жамалдың тағдырлары соқтықпалы-соқпақты тірлікке тап келіп, көрешектерін көріп жүріп ғұмыр кешкен. Тоқ етерін айтқанда, тұрмыстары шеке шылқытпаған.

Оған себеп болған революция, азамат соғысы, кәмпеске деген заманы қалай болса, қалпағы солай киілген кезең еді. Ал оған келіп кейін жұт, ашаршылық, қызыл террор секілді нәубеттің қоса киліккені бар. Міне, осындай кезде мұндағы елдің мамыражай тірлігінің тас-талқаны шықты. Шетелдіктер салған консерві зауытынан өз нәпақасын тауып жеп жүрген жарлы-жақыбайлар: “Батыс алпауыттарына қызмет еткендер жаңа елдің жаулары!” – деген ұр да жық ұраннан кейін жан-жаққа бас сауғалап безіп кетті. Шолақ белсенділердің шошаңдаған қамшысы бұйығы жұртты басыр етіп тастады. Осындай бей-берекет тіршілікті көрген, одан запы болған Теміртас та отбасын ертіп Сібірге бет алды. Түменге (Тюмень) жете берер жердегі қашқан-пысқан қазақтардың басын құраған “Бірлік” колхозына табан тіреді.

Әрең дегенде ес жиып, етек жапқан кезі еді. Отағасының мойнына “халық жауы” деген пәле ілінді. Ақыры Біржан салдың ұлы Теміртастың опат болғандығы жөнінде елге 1943 жылы ғана хабар жетті. Екі ұлы Шәріп пен Шаймерденнен соғыста, ал сүйікті жарынан жоғарыдағыдай зобалаңда айырылған қамкөңіл Гүлжәмила ана да көп ұзамады. Жылай-жылай ол да өмірден озды.

Міне, сондай уақытта, сондай заманда атамекеннен қашық жерде жүрген Мұханбетқалидың мойнына тауқыметті тұрмыстың сірне-сірне қамыты мықтап-ақ киілген еді.

– Он төрт жасымнан бастап тракторға отырдым. Күзде комбайнның штурвалынан түспедім. Техника тілін білгенім аштан өлтіріп, көштен қалдырған жоқ. Ақыры автокөлікті де тізгіндедім. Сөйтіп, 1955 жылы Түмен жағынан елге кәдімгідей есейіп оралдым. 1957 жылдан Бурабайда тұрып келе жатырмын. Зейнеткерлікке шыққанға дейінгі он бес жылымда Мәскеуге бағынышты “Физика земли” ғылыми-зерттеу институтының осы арадағы филиалында автокөлік жүргізушісі болдым, – дейді Мұханбетқали ақсақал.

Иә, тұрмыс талқысы тектіден қалған жалғыз тұяқты теріс теппесе, бауырына басып, өбектей қоймапты. Оған оның жоғарыдағы сөздері дәлел.

– Біржан салдың әніндегі өлең жолдарына қосылған сіздің әкеңіз Теміртастан басқа оның Асыл, Ақық деген қыздары да болған ғой. Олардан ұрпақ бар ма? – дедік біз осы арада Мұхаңды қайта әңгімеге тартып.

– Ақық пен Асыл – әкемнің апалары. Олардың қыздарының қыздары Степногорск қаласында тұрады. Бертінде табыстық, – деп қысқа жауап қайырды бұл сауалымызға қария. Сөйтті де: – Осы арада басын ашып айта кететін бір мәселе бар, – деді жөткірініп қойып. – Біржан бабамыздың Теміртас, Асыл, Ақықтан басқа Қалкен деген ұлы, Мәра деген қызы болған. “Үш жүздің ортасында Біржан едім, Бұл күнде қойды құдай шалықтатып”, – деп жатқан ауыр науқас кезінде туған бұл балалар атамыздың қоштасу өлеңіне енбей қалған ғой. Сол Қалкен 1924-1936 жылдары Степняктағы алтын шахтасында еңбек етті. Көкше өңірінде Ленин орденін алған алғашқы еңбеккер де осы Қалкен еді. Рахила деген әйелі болды. Бәдендінің сұлуы еді. Амал не, олардан ұрпақ жоқ. Білетінім осы.

Біржан Қожағұлұлының зираты. Ақмола облысы, Степняк ауылы

– Енді атаңыз Біржанның зираты жөнінде бір сауал. Ол жер сізге бала кезден белгілі ме еді жоқ әлде кейін біреу әдейі апарып көрсетті ме? Оны қай уақыттан бері білесіз?

– 30-шы жылдардағы нәубетте біздің үй Сібірге қарай көшті ғой. Ол кезде кішкентай баламын. Сондықтан бұл мәселеден онша хабарым болған жоқ. Ресейдің Түмен облысынан елге 1955 жылы ғана оралудың сәті түсті. Міне, сол кезде Шарғия деген апам мені Степняктан бір-екі шақырым жердегі зиратқа әдейі әкеліп: “Атаң Біржан салдың сүйегі осы жерде жатыр. Келіп құран оқытып тұр”, – деп әнші қабірін алғаш рет көрсетті. Ал, Шарғия кім дейсіз ғой. Бабамыз Қожағұл әулетінен Ержан, Нұржан, Біржан тараса, Шарғия апамыз солардың ішіндегі Нұржанның Сыздығының қызы.

– Сіз алғаш көргенде зират қандай күйде еді? Ал, кейін ше?

– 1955 жылы қабірдің төңірегінде шикі кірпіштен қаланған қоршау бар-тын. Ертеректе орнатылған құлпытас болуы керек, құлаған күйі жерге сіңе мүжіліп қапты. 1964 жылы бабамыздың туғанына 130 жыл толуы қарсаңында жергілікті үкімет зиратқа қызыл кірпіштен төрт құлақты қабырға-қоршау тұрғызды. 1974 жылы бюст қойды. 1994 жылы Көкшетау облысының әкімі Қызыр Жұмабаев ұлы сазгер-әншінің 150 жылдық мерейтойына орай, оның сүйегі жатқан жерді өзара үйлесім тапқан архитектуралық ансамблі бар алаңға айналдырып, бабамызға әдемі ескерткіш орнатты. Оған бүкіл ел риза болды.

– Республика жұртшылығы 1966 жылы Біржан салдың бейнесімен тұңғыш рет қауышты. Ол портретті салған қазақтың ең алғашқы кәсіби суретшісі Әбілхан Қастеев болатын. Айтыңызшы, аталмыш туындыны өмірге әкелерде Әбекең Көкше өңірінде болды ма? Егер болса онда суретші Біржанның тікелей ұрпағы болып табылатын өзіңізбен кездесіп, әңгімелесуі керек еді ғой. Қылқалам иесі атаңыздың портретін неге, нендей деректерге сүйеніп салды деп ойлайсыз?

– Менің білетінім мынау. Алматыдағы Ғылым академиясында біздің осы Бурабай кентінің тумасы Қарта Қаңтарбаев деген ғылыми қызметкер болған. Міне, сол кісі Әбілхан Қастеевке Біржан атамыздың жоғарыда Ленин орденін алған деп өзіміз айтып кеткен Қалкен деген баласының суретін апарып берген. Неге дейсіз ғой. Көнекөздердің айтуынша, Қалкен Біржан атамыздан аумайды екен. “Тірі Біржан!” – деуші еді дейді қарттар онымен ұшырасып қалғанда. Суретші Әбілхан Қастеев атақты әншінің портретін міне, соған қарап салған дейді. Ол кездері, яғни 60-шы жылдары жоғарыдағыдай шаруамен маған келіп ешкім жолыққан жоқ. Жолыққан күннің өзіңде ештеңе айта алмас едім. Өйткені мен атамды көрген жоқпын ғой. Қариялардан да естігенім шамалы. Шет жақта жүрдік емес пе?

Мұханбетқали ақсақал осы сөздерді айтты да әкесі Теміртастың суретін көрсетті. Бұл бізге Ахмет Жұбановтың “Замана бұлбұлдары” кітабынан таныс фото болатын. Автор өз шығармасында осы рәсімді өзіне әкеп табыс еткен Ғылым академиясының қызметкері Қарта Қаңтарбаевқа ризашылық сезімін білдіруді ұмытпаған. Бұл сол Қарта, суретші Әбілхан Қастеевке Қалкеннің суретін апарып беретін Қарта ғой.

– Осы уақытқа дейін: “Біржан салдың ұрпағы еді”, – деп өзіңізді іздеп келген біреулер болды ма? Болса олар кімдер деп айтар едіңіз?

– Болды. Ол – Илья Жақанов. 1982 жылы атамның 150 жылдық тойының қарсаңында мені іздеп тауып, Көкшетау қаласындағы мәдениет сарайында сондағы елмен кездесу өткізді. Ән салдырды. Алматыға ертіп апарып, Қазақ телевизиясының хабарына қатыстырды. Қазіргі қолыма ұстап отырған мына домбыра содан қалған белгі дер едім. Мұны Илья маған сол 1982 жылы сыйлаған болатын.

– Атаңыз Біржан салдың қанша әнін білесіз және олардың нешеуін орындай аласыз?

– Мен өзім әннің соңынан түспеген, оны көп кәсіп қылмаған адаммын, қарақтарым. Басқа мамандықтың иесімін деп айттым ғой әңгімемнің басында. Ал, бірақ біреулер: “Қане, өнеріңізді көрейік, шырқап жіберіңізші”, – десе атамның бес-алты әнін қадери-халімше орындап бере алатын қауқарым бар. Олар “Жанбота”, “Теміртас” және Біржан салдың ақын Сарамен айтысынан алынған үзінділер.

Мұхаң ақсақалмен арадағы болған әңгімелерден бір байқағанымыз, ол кісінің өз әкесі Теміртасты өте жақсы көретіндігі дер едік. Сұхбат барысындағы реті келген жердің бәрінде сол бір ғазиз жанды аузынан тастамай, ыстық ықыласпен, сағынышпен еске алып отырды. Осы сәтте біздің есімізге Ғабеңнің, Ғабит Мүсіреповтің ертеректе жарияланған бір естелігі түсті. 20-шы жылдардың соңында ұлы жазушы Степняктан Бурабайға арбамен келе жатып, салт атты милиционердің екі қолын артына қайырып байлаған еңгезердей қазақты алдына салып айдап келе жатқанының куәсі болады. Сұрастыра келсе жаяу тұтқын Біржанның ұлы Теміртас болып шығады. Жабылған жала – бір қап ұн болса керек. Сол тұста қаламгер Біржан сал секілді біртуар ұлы әншінің жер бетінде қалған жалғыз тұяғы Теміртастың жалған жаламен айдалып келе жатқандығын, осы сапардан енді оның қайтып оралар-оралмасын білмей күрсінеді. Өйткені заман сондай еді. Осындай-осындай оқиғалардың бәрі кейін жинала келіп, 37-нің ойранында ақыры Теміртасты “халық жауы” етіп шығарғаны анық. Болған іске не шара дейсің де қоясың.

Сөз соңында, Мұханбетқали ақсақалдан ұлы атасының көпке беймәлім бір ауыз сөзі болса да айтсаңыз, оларды ел-жұрт біле жүрсін деген өтінішімізді алға тарттық.

– Атақты Жанбота мен Азынабай болыстардың Біржан салдың өмірінде ерекше мәнге ие болғандығын әркім әртүрлі сөз етеді, – деді әңгіме иесі. – Шын мәнісінде олардың екеуі де елге сыйлы, аузының уәлі, сөзінің уәжі бар тұлғалар болған. Атышулы “Жанбота” әнінен кейін Азынабайдың тентек поштабай үшін кешірім сұрап, Біржан атамыздың алдында иіліп, ат-шапан айып тартқаны мәлім. Әйтсе де ұлы әншінің нәзік сезімін күйік шалып, көңілі көпке дейін жарым болып жүрген. Бірде Жанбота мен Азынабай бас қосып отырғанда екеуі атамызға ән айт деп қолқа салса керек. Сонда ол кісі:

Бұрынғының жақсысы тәмам болды,

Ендігінің жақсысы жаман болды.

Арғымақ аяғына арқан шалып,

Тұлпардан есек озған заман болды.

Бұрынғының биіндей би қалмады,

Ендігінің биінде ми қалмады.

Хатым-құран оқыған молдалардан

Өлікке одан басқа сый қалмады, – депті.

Осынау қос шумақтан Біржан атамыздың бірбеткейлігі, беделдері бел қайыстырған қос болыстан қаймықпаған ақиқатшыл алмас мінезі байқалады. Әнші жоғарыдағы шумақтар арқылы екеуің де бұрынғының “жақсысы да, биі де емессіңдер” деп тұрған жоқ па.

...Әңгіме аяқталды. Қайтарымызда Мұхаңнан отбасы туралы, өзінің қалай тіршілік кешіп жатқаны жөнінде сұрадық. Бұл кісіден қазір Серік, Шәріп, Орал, Марал деген төрт бала бар екен. Олар жұмысшы, жүргізуші сияқты түрлі кәсіптің жетегінде жүрген жандар болып шықты. Солардың ішіндегі Шәріп Теміртасов деген ұлының өнерге икемі бар секілді. Ол аудандық “Көкше әуендері” ансамблінде өнер көрсетеді дейді. Мұханбетқали ақсақалдың өзі аурушаң кемпірін бағып, болмашы зейнетақымен күн көріп жатқан жайы бар. Тұрмысы онша емес. Қоңторғай тіршілікпен ғұмыр кешуде. Оны көргенде жергілікті әкімшілік орында-ры қарияға көз қырын салып, көмектесіп тұрса ғой деп ойлайсың. Иә, асылдың сынығы, тектінің тұяғы осы бір момын да біртоға қарияға көмек керек-ақ.

2003 жыл.

Авторлық анықтама. Мұханбетқали Теміртасұлы Біржансалов 2010 жылы өмірден озып, бақилыққа аттанды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар