Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Жанболат Аупбаев. Жаффар Нью-Йоркте тұрады...

13.09.2019 4055

Жанболат Аупбаев. Жаффар Нью-Йоркте тұрады 12+

Жанболат Аупбаев. Жаффар Нью-Йоркте тұрады - adebiportal.kz

Кəрім Мыңбаев! Өзі өмір сүрген 42 жыл ішінде көп нəрсеге қол жеткізіп кеткен адам еді ол. Кəмелетке толған соң білім іздеп шарқ ұрды. Ташкент, Воронеж, Ленинград қалаларында ғылым жолын қуды. Қазақ ғалымдары ішінде алғашқылардың бірі болып биология ғылымының докторы атанды. Республика Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланып, 2 монография, 35 ғылыми еңбекті өмірге əкелді. Қазақ КСР Жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары міңдетін атқарып, ВАСХНИЛ-дің Қазақ филиалына жетекшілік етті. Мұның бəріне ол өмірінің соңғы он жылында қол жеткізген еді. Осындай үлкен қабілет иесінің 1948 жылы 15 тамызда Алматы-Мəскеу бағытындағы ұшақ апатынан қаза тапқаны өкінішті-ақ.

Бірде сол Кəрім Мыңбаевтың ұрпағы АҚШ-та түрады екен деген хабарды естігеніміз бар. Бізге белгілісі оның музыкант ұлы – дирижер Тимур Мыңбаев еді. Бірақ бұл одан басқа сияқты. Ол кім болды екен сонда? Сұрастырьп, анықтай келсек, АҚШ-тың Нью-Йорк университетінде жұмыс істейтін ғалымның үлкен ұлы Жаффар болып шықты. Енді онымен телефон арқылы сөйлесіп алынған əңгімеге назар аударыңыз, құрметті оқырман!

– Жаффар Кəрімұлы! Сіз қай жерде өмірге келдіңіз? Өзіңіз дүниеге шыр етіп түскен үй мен аяғыңызды апыл-тапыл басқан оның ауласы, көшесі есіңізде ме? Көршілеріңіз кімдер еді?

– Төлқұжатым бойынша мен Ленинградта өмірге келген жанмын. Алайда, сəби кезгі санамда ол қаланың қандай екендігі жадымда жөнді қалған жоқ. Өйткені есімді енді-енді білгенімде Ұлы Отан соғысы басталыпты да отбасымыз Алматыға көшіріліпті. Мұны маған кейін анам Милица Васильевна айтқан болатын. Əкем ол кезде атақты генетик əрі селекционер Николай Иванович Вавилов негізін қалап кеткен Бүкілодақтық өсімдіктану институтында аға ғылыми қызметкер болып істейді екен. “Лысенкошылардың” жалған іліміне қарсы ымырасыз күрес ашып, 37-нің қара қүйынына тап болған аяулы академик əкемді де шешемді де жақсы білген сияқты. Олай дейтінім, отбасымызда Николай Иванович Вавиловтың есімі жиі аталатын жəне ол кісімен болған жүздесу сəттері асқан бір сүйіспеншілік сезіммен еске алынатын.

Жаффар Кәрімұлы Мыңбаев

Тілім шығып, өз шалбарымды өзім киюге жағдайым жеткеннен бастап, Алматының Фурманов көшесіндегі үш қабатты сары үй есімде ұмытылмастай боп қалып қойды. Бұл кеңестік Қазақстан астанасындағы біздің отбасымыздың басы аман, бауыры бүтін боп шат-шадыман тіршілік кешкен ғажап кезі еді. Көршілеріміздің көпшілігі республика Үкіметін басқарып отырған үлкен қызметтегі адамдар болатын. Көп уақыт өтті ғой, қазір олардың бəрі дерлік жадымда жоқ. Есімде қалғаны бізге қарама-қарсы үйдегі Бауыржан Момышүлының пəтері еді. Керемет балажан адам-тын. Басқаларды қайдам, бізге деген ықыласы мен мейірі ерекше болды. Інім Темірханды /Тимур-Ж.А./ өзінің Бақытжанына дос санағандықтан ба, батыр ағамыз оны қатты еркелететін.

Сөз ретіне қарай үйімізге жиі келетін əкемнің үлкен досы Мұхтар Əуезовті де айта кетейін. Ол кісінің өзінің ұлы Ернарды қатарымызға қосу үшін біз Ұзынағашқа демалуға аттанған сайын оны мəшинеге зорлап салып жіберетіні есімде қалып қойыпты. Нұртас Оңдасынов пен Қаныш Сəтбаевтың балаларын қазір көрсем, əрине танымаймын. Бірақ сол марқүм ағаларымның кескін-келбеттері осы күнге дейін көкірегімде сайрап түр.

Кәрім Мыңбаев отбасымен

– Сіз оқыған мектеп... Кластастарыңыз... Олар туралы не айта аласыз?

– Өкінішке қарай біз Алматыда көп тұра алмадық. Əкемнің қайтыс болуына байланысты қайтадан Ленинградқа қоныс аударуға тура келді. Ол кезде жасым сегізден асып кетсе де мектепке əлі барған жоқ едім. Білім ұясының есігін Ресейге барған соң аштым. Сондықтан кластастарым туралы əңгіме қозғасам оның қазақстандық оқырмандарға ешбір қызығы болмауы да мүмкін. Алайда, сол Ленинградта академик Виноградовтың ұлы, кейін өз отанына аты белгілі адам болған Александр Сергеевич Виноградовпен, осы күні Ресейде атақ-даңқы ұмытыла бастаған, бірақ 32 жасында профессор атанып, елді таңқалдырған Владимир Роземен бірге оқығанымды мақтаныш тұтамын.

– Сіз қазір əкеңізді қалай көзге елестете аламын деп ойлайсыз? Ол өмірде, отбасында қандай адам болған еді?

– Əкем мен үшін жүмбақ болып қалған адам. Түсінігімше осы бір үлкен қабілет иесін кезінде Компартия дұрыс пайдалана алмаған сияқты... Ғылым əлеміндегі беделіне қарамастан тұрмыста өте қарапайым болатын. Əкеміздің өз балалары – біздерді бір рет еркелетіп, маңдайымыздан сипағанына жетпей қалдық қой... Оған оның уақыты да болмайтын. Шешем марқұм əкеме деген махаббатын өмір бойы жүрегінде сақтап, бақилыққа өзімен бірге ала кетті.

– Ал анаңыз ше? Енді сол кісі туралы айтсаңыз?

– Ананың орны əрине бөлек. Əкем Ташкенттің мақта-ирригация институтын бітіріп, Воронеж түбіндегі өсімдік дақылдары институтының лабораториясына қызметке келгенде, шешем Милица Васильевна Воронеж ауыл шаруашылығы институтының студенті екен. Екеуінің таныстығы содан басталса керек.

– Əкеңізді ең соңғы рет қашан, қандай жағдайда көрдіңіз? Сол күн, сол сəт есіңізде ме?

– Əрине, есімде. Мəскеуге немесе Ленинградқа барар сапарлары алдында əкем жолға бір күн бұрын даярланатын. Қағаздарын реттеп, киім-кешектерін тап-тұйнақтай етіп салып қоятын. Бізді мəңгіге тастап кетер соңғы сапарында мұндайдың бірі де болған жоқ. Сəбит Мұқановтың айтуына қарағанда сол күннің түнінде ол Ғабит ағаның үйінде қонақта болған көрінеді. Үйге таң ата келсе керек. Алысқа жол жүрерінде ешкімді мазаламайтын. Қолына алдын-ала əзірлеп қойған үлкен қара портфелін ұстап, мəшинесіне мініп жүре беретін. Бұл жолы олай болмады. Heгe екенін білмеймін, таң атпай үйдің ішін қатты дүрліктірді. Қызметші Поля апай бəрімізді киіндіріп, əуе бекетіне алып барды. Содан көп кешікпей ұшақ люгі де ашылған. Міне, сол сəтте тепкішекке аяғын салған əкей балалары – біздерді кеудесіне алып қатты қысты. Ал одан кейінгі оқиға... Тура кинодағыдай ма деймін... Ол – Мəскеуге бет алған ұшақтың Балқаштан өте бере апатқа ұшырап, күл-талқаны шығуы еді.

– Институтты бітіріп, диплом алған соң сіз еңбек жолыңызды қай жерден бастадыңыз? Одан кейін қандай мекеме, ғылыми орталықта жұмыс істедіңіз? Ғылыми атағыңыз?

– Ленинград политехникалық институтының электр желілері факультетін бітірдім. Содан көп кешікпей осы жоғары оқу орнының аспирантурасына қабылдандым. Оқып жүріп, ғылыми жұмысымды ұстаздықпен ұштастырдым. Жасырмаймын, Компартияның бұрынғы мүшесімін. Аталмыш жоғары оқу орнындағы партия бюросының хатшысы, электр желілері факультетінің деканы, институт проректоры болдым. Докторлық диссертациямды сондағы ғылыми кеңесте қорғадым. Шетелге кеткенге дейін тек осы жоғары оқу орнында ғана жұмыс істедім.

– АҚШ-қа кетуіңізге нендей жəйт себеп болды? Қазір онда сіз қалай өмір сүріп, жұмыс істеп жатырсыз?

– Орыстарда мынадай нақыл бар. “Біз жоқ жерде жұмақ бар”, – дейді олар. Əрине, менің АҚШ-қа кетуіме бұл сөз басты себеп болған жоқ. КСРО ыдырағаннан соң Ресейдегі өтпелі кезең дүниенің астан-кестеңін шығарды емес пе. Сол тұстағы өліара сəтте алдымда енді ешқандай болашақтың жоқтығын сездім. Балаларымның келешегі де бұлыңғыр тартқандай еді. Соны білген соң екі-үш жыл Американың да дəмін татайын деп сапарға шыққанмын. Арнайы келісім-шартпен келген соң мүндағы əріптестерім қабілетімді бағалап, жұмыс мерзімімді созатынын айтты. Мен келістім. Содан бері осындамын. Шүкір, мұнда Ресейдегідей емес, ой-өрісіңді, бойыңдағы білімің мен қажыр-қайратыңды дұрыс жолға қоя білсең, ертең үрейленбей өмір сүре аласың. Осы арқылы балаларыңның да болашағын жасауға болады.

2001 жыл.

Авторлық анықтама. Жаффар Кəрімұлы Мыңбаев аман-есен. Ол АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында сау-сəлемет тұрып жатыр.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар