Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жанды ауыртқан желтоқсан...

28.02.2015 4369

Жанды ауыртқан желтоқсан

Жанды ауыртқан желтоқсан - adebiportal.kz

Руханият


 

Биыл тек Қазақ елін ғана емес, өз кезеңіндегі Кеңестер Одағының аумағында да айтулы оқиғаға айналған Желтоқсан оқиғасына жиырма бес жыл толып отыр. Қазақ халқының ұлт азаттығы үшін болған соңғы көтерілістің бірі ретінде ғана емес, Кеңестер Одағындай мызғымас алып империяның да іргесін шайқалтып жіберген осынау тарихи оқиғаның көркем әдебиеттің нысанына айналуы заңды құбылыс болатын.


 

Оған арналған тартымды туындылардың ішінде Т.Сәукетаевтың «Қилы тағдыр» («Ай қараңғысы» 1998), «Желқайық» (2011), Н.Қуантайұлының «Қараөзек» (2002), Мир Шайырдың (ақын Мырзағали Іңірбаевтың) «О, Данышпан дүние» атты романдары бар. Солардың арасынан бұрын әдеби сынның назарына іліге алмай жатқан Ә. Ыбырайымұлының «Ұяластар» романы мен Ө.Ахметтің «Желтоқсан ызғары» хикаятының мазмұнына ептеп тоқталып кетсек дейміз.


 

Өтпелі кезеңнің тұрмыстық-әлеуметтік қана емес, морльдық қиыншылықтарын да суреттейтін Ә. Ыбырайымұлының романында 1986 жылы бүкіл дүниежүзін шулатқан Желтоқсан оқиғасын суреттейтін тараулар да бар. Бұған қатысты нақты көріністер атышулы оқиға орын алған Алматы қаласындағы Брежнев атындағы алаңда өтіп жатады. Оқырман алдына көлденеңдеп шыға келетін негізгі факторлар әркім әртүрлі баға беріп келген бұл оқиға әуелі неден басталды, ұлтжанды жастардың бастарын біріктіріп, Кеңес дәуірінде болуға тиісті емес саяси акцияны қалай жүзеге асырды деген мәселелер. Ауылдан келген қарапайым жастарды наразылық шеруін өткізуге итермелеген қандай күш деген мәселе де назардан шет қалмай, жазушы оған өзінің көркемдік версиясын ұсынады.


 

Өз ұлтының келешегі үшін олардың шеттерінен шейіт болатын тұстарын суреттеген эпизодтарды жайбарақат оқудың өзі қиын. Бұрын онша айтылмай келген желтоқсаншылардың жаппай қазаға ұшырауын суреттейтін эпизодтар оқырман сезімі түршігерлік деңгейде. Бұндай трагедиялық ахуалдың орын алуына бірінші себеп – көтерілісті басу үшін әкелінген әскерлер мен олардың командирлерінің қазаққа деген өлшеусіз өшпенділігі болса, екіншіден сырттай момақан да қарапайым көрінетін қазақ ұландарының қайсарлығы.


 

Командирдің әмірін мүлтіксіз орындап, жастарды шетінен өлтіріп жатқан жауынгерлердің мейлінше қатыгездігін суреттеу барысында психологиялық талдауға баса мән беріледі. Мұның ар жағында отарлаушы ұлт орыстардың да қазақ сияқты бұратана ұлтты жек көру сезімі жатқаны да көрініп қалып отырады..


 

« – Жетпіс жыл бойы мойынымызға мінгізіп отырмыз, дандайсыған!


 

Маржалар бел алып, автобустың ішін кернеп барады. Орыс атаулының бәрі қазаққа жирене қарайтындай..» [1, 330-б].


 

« – Аяқтары сыңғырлардың бәрі Брежнев алаңына барған. Неге сол жерде қырылып қалмайды!


 

– Айтпаңыз, күндерін көре алмай жүріп, бас көтергендері несін алған?!


 

– Шетінен аямай жазаға тартса екен!» [1, 331-б].


 

Қаламгерлер көп бара бермейтін осынау ащы шындықты көрсету үшін жазушы Желтоқсанның қанды оқиғасын еш мәймөңкесіз натуралистік деңгейде көрсете білген. Бағзы бір шығармалар үшін натурализм көркемдік талаптар тұрғысынан кемшілік болып табылса, Ә. Ыбырайымұлының аталған романында бұл фактологиялық деңгейде орынды рөл атқарып тұр.


 

Билік органдары тарапынан орын алған адам құқықтарының аяққа тапталуы, жүгенсіздікке баруы, қатардағы әскери адамдарды былай қойғанда, олардың командирі, еңгезердей полковниктің өзі жас қызды күрзідей жұдырығымен сілейте сабауы – сол замандарда құлаққашты болып кеткен «Совет адамы» деген үлгілі стандартқа мүлде қарама-қарсы сипаттағы факторлар. Жастарды қаланың сыртына алып шығып, шеттерінен бастарын сапер күректерімен қақ айырып, жұрт көзінен таса жерде білгендерін істеп жатқандар да осындай үлгідегі Совет жауынгерлері. Алаңға барған студент, бас кейіпкер Жапардың көзімен берілетін бұл суреттердің барлығы да шын мәніндегі қанқұйлылық көріністері.


 

Әдебиетіміздің қоржынында Желтоқсан тақырыбына арналған шығармалардың бұл күнге дейін едәуір қордаланып қалғанын айта кету керек. Олардың кейбірінің аңдатпасында Желтоқсан тақырыбы көтерілгені айтылғанымен, сюжеттік желісін қуалап оқи бастасаң, оқиғаға тікелей қатысты детальдардың тапшылығы көзге атойлап тұрады немесе тақырыпты желеу етіп, жанама нәрселерді термелеп кету нышаны байқалып қалады. Әділбек Ыбырайымұлының «Ұяластар» романында әңгімені тақырып төңірегінде ғана өрбітіп, алыстан орағыту деген жоқ, басқа жанама детальдарды былай қойып, автор ең алдымен Желтоқсан оқиғасының негізгі жарасын ашып көрсетуге ден қояды. Жазушының бірден алаңда болған оқиғаларды іріктей суреттеуі, оның ең трагедиялы тұстарын қажетті штрихтармен қазбалауға тырысуы, Кеңес дәуірінде мейлінше белең алып тұрған отаршылдық жүйенің қатыгездігін, сол жүйенің жемісі болып табылатын орыс шовинистерінің қазаққа деген теріс пиғылын батыл түрде ашып көрсетуі, міне, осындай тұжырым жасауға жетелейді.


 

Тағы айта кетерлігі – романның кейіпкерлері әлдеқандай қомақты әлеуметтік немесе келелі тарихи мәселелерді шешу жолында емес, жеке бастық деңгейдегі проблемалардың шылауында жүреді. Өздері құрбаны болып жатқан сыбайлас жемқорлықпен күресуге де дәрменсіз, қолдары қысқа жандардың оған мүмкіндіктері де жоқ. Сондықтан аталған шығарма кеңестік дәуірдегі әдеби шығармаларда өзіндік мұрат ретінде танылатын социалистік реализм талаптарына жауап беруді мақсат етіп қоймаған.


 

«Ұяластар» – жалпы уақыт шындығын дәл көрсете алуымен өзгешеленетін шығармалардың қатарында.


 

Қазақ халқының тарихында қасіретті оқиғалардың қатарынан табылған бұл оқиға көптеген шығармаларда тікелей суреттелген.


 

Осы талдаулардан байқалып отырғандай, Желтоқсан тақырыбы көркем прозада біршама игерілгені анық. Көркемдік талаптарына сай жазылған дүниелерде қазақ халқының тарихындағы елеулі оқиғаның шынайылыққа жақын суреттері, құрбандардың тағдырлары бар.


 

Аталған шығармалар әдебиетке деген көзқарас ептеп салқындап кеткен бүгінгі жиырма бірінші ғасыр оқырмандарының эстетикалық талғамдарын қанағаттандырып қана қоймай, сол талғамды бұзып алмауға да қызмет ете алатын деңгейде. Оқырмандардың болашақ ұрпағына кезең шындығын боямасыз өз қалпында жеткізуге қауқарлы хикаяттардың бағаланатын кездері әлі алда болмақ.


 

Нұрдәулет АҚЫШ,

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының

бас ғылыми қызметкері

 

«Түркістан» газеті


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар