Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жандос Аманжолұлы: Тасқа бүрлеген тағдыр...

22.12.2016 3274

Жандос Аманжолұлы: Тасқа бүрлеген тағдыр

Жандос Аманжолұлы: Тасқа бүрлеген тағдыр - adebiportal.kz


ҚҰЛЫН КҮНІМ ТҰРАДЫ ЫЛҒИ КІСІНЕП


e9676733122cba6a899d1aa78dbeb14b.jpg

Желкен керіп жастық атты жайнаған,

Тылсым терең қиялдарға бойлаған.

Қыр төсінде қошақанмен жарысып,

Күркесінде асық атып ойнаған.


Керуен ғұмыр дейтін ұлы ағыста,

Сәби арман шырқайтұғын ғарышқа.

Бұйра бұлттың кезіп жүрген арасын,

Балалықты жел айдапты алысқа.


Қилы тағдыр аяқ басып өріне,

Түйіліппіз тірлік дейтін келіде.

Балауса пәк, балғын күнді кешегі,

Қалдырыппын қараша үйдің төріне.


Оралыпсың тәтті ұйқымның түсі боп,

Балғын күндер балтырының күсі көп.

Мені өсірген Бестәңірдің белінен,

Құлын күнім тұрады ылғи кісінеп.


*****


Тауды аңсаған жүректен төгіліп ән,

Жалды аңсаған сезімге салып ұран.

Топан судай толқыған дария өмір,

Келмей қалар арманның тобығынан.


Тірлік кешіп қара тау қойнауында,

Кіндік кескен ұл едік қойлы ауылда.

Түз тағысын түсімде жиі көрем,

Түнек түннің ұлитын қойнауында.


Алтай жаққа әуелеп құс келгенде,

Ерікті алып таситын күш кеудемде.

Боз жусандар нұрына боялатын,

Бозамық таң нұры кеп түстенгенде.


Көңіл толып қойлардың күйісінен,

Түзем қырдың төсінен сый ішіп ем.

Боз даланың байырғы сазы ойнайды,

Мұрын жарған ерменнің иісінен.



Аңсау


Самалы есіп еркелік маңдайымнан.

Қарт шопанның ұлы едім мал қайырған.

Аламанда арғымақ тұяғының,

Тепкісінен өлкеге шаң жайылған.


Сәби қиял қыдырып сай саланы.

Сезімге пәк, сазды әуен ой тамады.

Арман қуып алысқа кететінбіз,

Ерттеп мініп сәйгүлік ай тағалы.


Сардалада сайран сап сауық құрған.

Биіктіктің өлшемін тау ұқтырған.

Шөл қандырған төсіңде тас бұлағың,

Балалықтың балы екен тамып тұрған.


Бүгін міне қу тірлік қарда дауыл.

Тағдыр жүгі мойында салмағы ауыр.

Жел өмірмен алыстап кетіппін-ау,

Кіндігімнің жас қаны тамған ауыл.


Боямасыз тірліктің беу ошағы.

Балғын күндер бүр жарған қауашағы.

Бощалаған көңілім ертіске еріп,

Боз жусанды бөктермен бел асады.


Тасқа бүрлеген тағдыр


Баһадүр елдің асқақ үндері.

Орхонда жыр боп тасқа бүрледі.

Сардала саған мәңгілік солдат,

Балбал боп қалған тас қабір ма еді.


Шайқаған ғасыр ғұмырын дара.

Тоныкөк жырдың тұғыры дала.

Сақтарға бесік алып сахара,

Сандалған елдің мұңын ұғама.


Ол жақпен бұл жақ егіздер еді.

Бір ана сүтін емізген еді.

Темір сызықпен тесілген жүрек,

Тынбай туласа ем іздегені.


Шер толған кеуде жарылыс қылып.

Сарыарқа сенде сабылысты үміт.

Қалдырып артқа Бесбоғда шыңын,

Сапарға шықтым сағыныш мініп.


Үзілтіп баяу талдан нала шық.

Алатау тосты алдан жаны ашып.

Жанымның алып қалды жартысын,

Жәудіреп қарап қалған қарашық.


Баһадүр елдің асқақ үндері.

Орхонда жыр боп тасқа бүрледі.

Жамырай қазақ жамылып жатқан,

Алты алаш сенің аспаныңба еді.


Жетімнің монологі


Ей, тас бауыр дүние

Тастанды перзентіңмін

Жүрегі жөргекте жылаған

Мен сенің қызуөртіңнің

Ішіне шырқырап құлағам.


Осылай алғаш мен күн көрген

Әлемге сыйлаған жылылық.

Осылай мен түн көргем

Түнертіп тұратын сыр бүгіп.


Жағадан алатын нәлетің

Күйдіріп жанымды өртеген.

Ит өмір, әккі бір әдеттің

Батпандап басады еңседен.


Меңіреу тіршілік мәңгүдік

Жаныма өшпестей өрт орап

Кетермін осылай мәңгілік,

Тағдырдан тауқымет арқалап.



Көктем ғұмыр аңсарым


Арда Алтайдың тасында арқар ойнап

Түмен бұлақ түнек қыр қайта оянбақ

Нұрға бөлеп шуақ күн атырапты

Көктем гүлі шаттық жыр айтар айғақ


Ақбас шыңдар орап ап ақ сәлдесін

Мүлгіп қарсы алады ақшам кешін

Тамырына тоң қатқан ағаштарда

Күннің тоймай жұтады ақ сәулесін


Таң шапағы арайлы асып қырдан

Құс көңілді тербеткен астырған

Аппақ қардың көбесі сөгіледі

Қара жердің кеудесін басып тұрған


Шуақ келіп сары аяз тайған тақтан

Сауық кетпес сән кетпес сайран бақтан

Ертең қайта қыс келер алма кезек

Адамдардың жолына қойған қақпан


Көктем ғұмыр бұл менің аңсағаным

Көктен жұлдыз ағуы баршаға мұң

Көлеңкесі көңілдің жоғалатын

Көкжиектен күн іздеп шаршамадым.



Көк дөнен тұлпардың дүбірі


Алтайдың түнінде бөрі ұлып

Сахара төсінен мұң көшкен.

Байырғы даланың төрі құт

Таулардың тілінде үндескен.


Рухы баһадүр бабаның

Көк аспан кейпінде жебеген.

Төсінде алып қыр даланың

Ту тігіп жайылған керегем.


Ел үшін қан төккен ерлерді

Түркінің бесігі тербеткен.

Күллі Алаш бабама төр берді,

Көкбөрі дарыған жөргектен.


Заманның естілген күбірі

Ұлтыма сыйласа ғасыр бақ.

Көкдөнен тұлпардың дүбірі,

Тұрады жадымда тасырлап.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар