Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жаны жайсаң азамат

14.08.2018 1834

Жаны жайсаң азамат

Әдебиетші-ғалым Сағымбай Жұмағұл – 50 жаста

Асылдың сынығы,

Айдынның тұнығы

Қазақ мақалы

Қазақ әдебиеттану ғылымының үлкен бір мектебі Қарағанды қаласында қалыптасқан. Совет заманында елімізде екі-ақ университет болса, соның бірі – атағы жер жарған ҚарМУ еді. Бүгінде академик Ебіней Бөкетовтың есімін иеленген университет сол биігінен, сол дәстүрінен құламаса керек. Заманында ҚарМУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасында З.Жұмағали, А.Нәрешов, Қ. Лекеров, М. Смағұловтар қызмет еткен. Қазақтың адуынды да, аса көрнекті сыншы-ғалымы, профессор Бақыт Кәрібаева апамыздың сүбелі еңбектері осы кафедра қабырғасында жазылған-ды. Бүгінгі күні есімі көпке танымал, елімізге белгілі Мәуен Хамзин, Жандос Смағұлов сынды ғибраты мол ғалымдардың ізін Сағымбай Жұмағұлов, Жансая Жарылғапов, Саржан Такировтар жалғап, соңынан бір қауым жас желең – жас әдебиетшілерді кафедраға тартқанын білеміз.

Қарағанды әдеби мектебі түлектерінің бірегейі – Сағымбай Жұмағұлов! Сағымбай Жұмағұлов есімді ғалымның еңбегімен Торғайда жүргенімде танысқан едім. Ғылым жолындағы бағбаным Айбек Қалиев шәкірттерін жиі үйіне шақыратын-ды. Ұстаздың үйіне барған сайын тағылымды әңгімесін тыңдай отырып, жеке кітапханасын ақтаратынбыз. Кітап сөресінде қарағандылық әдебиетші-ғалымдардың кітаптары өте көп болатын. Ұстазымыздың досы, айтыскер ақын, әдебиетші-ғалым Айтбай Жұмағұлов ҚарМУ ғалымдарының кітаптарын жиі-жиі жіберіп отырады екен. Сол Арқалықта жүргенімізде-ақ Мәуен Хамзин мен Жандос Смағұловтың монографияларын, Жансая Жарылғаповтың әдеби теориялық еңбектерін, Сағымбай ағамыздың әдебиеттану тарихына арналған зерттеулерін бірнеше мәрте оқығанбыз. Оның үстіне оқытушымыз доцент Қатира Шакирова да ҚарМУ түлегі болған соң, ұстаздары Мәуен Хамзин мен Жандос Смағұловтың зерттеулерін оқып, қарап көріңдер деп тапсырма бергені есте қалып қойыпты.

Бірінші курстың соңы немесе екінші курстың басы болса керек, кафедрамызда кафедраішілік ғылыми жиын ұйымдастырылып, мен доцент Ардақ Абдуллинаның жетекшілігімен «Мағжан Жұмабаев шығармаларының поэтикасы» тақырыбында ғылыми жоба қорғадым. Жұмысты қорғап болған соң, профессор-оқытушылар құрамының сауалдарына жауап бердік. Сонда доцент Қатира Мейрамқызы Мағжанның лирикасы жайында сұрақты үсті-үстіне бастырмалата қойғаны бар. Сөйтсем, Бақыт Кәрібаева апамыздың қазақ лирикасы жайындағы зерттеулерінің дені Мағжан творчествосына арналған екен. Осылай оқытушыларымыздың бағыт-бағдарымен алыстағы ҚарМУ-дың әдебиетшілерімен «сырттай» жақын танысып, еңбектерін қызыға оқыған едік. Еске алып қарасам, бұл да бір өміріміздің сәулелі шағы екен ғой...

***

Сағымбай Ботпайұлын алғаш рет Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көргенмін. Оқушы кезімізден бергі ежеттес дос, «Ұлан», «Ақ желкен», «Мөлдір бұлақ» басылымдары арқылы қанатымыз қатайған Талшын Қанатова мен Айзат Мұхтарқызы мектеп бітірген соң, ЕҰУ-нің филология факультетіне қабылданса, біз Торғайдағы АрқМПИ-ның филфагына студент болғанбыз. ІІІ курстың қысқы демалысында Астанаға келіп, достармен кездесіп, ЕҰУ-ды армансыз аралаған едік. Сол күні Талшын «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» пәнінен емтихан тапсырды. «Емтихан қабылдаушы – профессор С.Жұмағұлов!» деп Талшын аудиторияға аяңдай басып кіріп кетті. Біз сыртта оның сәтті тапсырып шыққанын күтіп отырдық. Он-он бес минуттан соң, аудиториядан досымыз жадырап шықты да «Бес!!!» деп қуанды. Мүбәрак жүзді, жаны жайсаң азаматты көріп, амандастық. Сонсоң араға екі жыл салып, осы жақсы адамның алдында мен де емтихан тапсырып, магистратурада білімімді жалғастыруға мүмкіндік алғанмын...

***

2016 жылдың 13 қарашасы еді. Күн – жексенбі. Қарағанды қаласында Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының ұйымдастыруымен «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» ғылыми байқауының ІІ кезеңі болатын. Бірер күн бұрын партия қызметкері Асылхан Қожахметов есімді жігіттен байқаудың екінші кезеңіне өткеніміз туралы сүйіншілі хабарды естіп, Қарағандыға билет алғанмын. 13 күні таңертеңгісін теміржол вокзалына келіп, Астана – Қарағанды бағытындағы пойызды күтіп тұрсам, сол күнгі ауа-райына байланысты пойыз тоқтаған екен. Өмірде бірінші рет пойызсыз, бағыт-бағдарсыз қалып қойғаным бар-ды. Ал, байқауымыз сағат 10.00 де басталмақшы. Қол сағатыма қарасам, мен де әлі 3,5 сағаттай уақыт бар екен. «Нартәуекел!» деп, қытымыр аязды ауа-райына қарамай, таксилетіп «Қарағанды қайдасың?» деп жолға шықтық. Жол дегенің – көк тайғақ. Біз отырған mazda 626 көлігі құдды бір конький киген баладай мұз үстінде сырғанақтап, ойнақтап келеді. Жолаушы біткен жанын шүберекке түйіп, «Иә, Алла жар бол!» деп ішінен білетін дұғаларын оқып отырды. Бұл кезде Астана-Қарағанды бағытындағы тас жол күрделі жөндеуден өтіп жатыр еді ғой... Міне, өстіп әбігер-сарсаңға түсіп, тура алты сағаттай жол жүріп, 13.00 де Қарағанды вокзалында болдық. Қарағандылық ақын досым Абай Ораз күтіп алып, КарГУ-дың Бас корпусына жеткізді. Университетке ентігіп жетсек, байқауға қатысушылар түскі астан шығып, байқау жұмысын ары қарай жалғастырғалы жатыр екен. «Бұйырған кетпес» дегендей, әуелде маңдайымызға жазылған Тағдыр сыйы болған соң ба, байқауға кешігіп жетсемде, қазылар алқасы қолдап, біздің «Алаш қайраткерлері және олардың сенімді серіктері» (Түрмеде, абақтыда жазылған шығармалар негізінде) деп алатын зерттеу жұмысымызды мұқият ден қойып тыңдады. Сол кездегі қарсылас, бүгінде дос тарихшы Әділет Жағыпар «ЕСЕП» партиясы, Алаш зиялыларының түрмеде жазған хаттары турасында бірқатар қиын сауалдарын қойып, «құлатқысы» кеп еді... Бірақ, біз оның «тұзағын» үзіп, мәре сызығынан бірінші көрінген едік. Осы байқауда әлихантанушы-ғалым Сұлтанхан Аққұлы, профессор Сағымбай Жұмағұл, доцент Қайырбек Кемеңгер, «Ақ жолдың» Бас идеологы Сәбит Байдалы ағаларыммен жақынырақ танысып, қайтарда сол кісілермен бірге Астанаға жол бойы әңгіме-дүкен құрып келгенбіз. Осы байқаудан соң, Алаш рухты асыл ағаларыммен рухани қарым-қатынасқа түсіп, құрметтеріне бөлене бастадық.

4 желтоқсан күні Астанада аталмыш байқаудың финалы өтіп, біз «Алаш қозғалысындағы белгісіз оқиғалар мен белгісіз есімдер» номинациясы бойынша Бас жүлдені иеленіп, жеңімпаз атандық. Сонсоң, 9 желтоқсан күні Л.Н.Гумилев атындағы университетте С.Аққұлы, С.Жұмағұл, Қ.Кемеңгер қызмет ететін «Алаш» рухани-мәдени институтының ұйымдастыруымен «Алаш» апталығы өтіп, сол жиында Сағымбай ұстаз бізге «Алаш зияларының түрмеде жазған әдеби шығармалары» бойынша баяндама жасатқан-ды.

***

Көңіл дәптеріне жазылған ұмытылмас бір естелік – кейіпкерімізбен бірге шыққан сапарларымыз екен. Алыс жолға шыққанда, ұстаздың әңгімешілдігі, білім-білігі сөзінен көрініп ақ тұрады. Әсерлі әңгімелеріне талай қанық болып ек:

2016 жылдың 22 – 24 қыркүйегінде Ақтоғайдағы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған тойға бардық. Араға бірнеше ай салып, 8 желтоқсанда Қарағанды қаласында өткен халықаралық конференцияға барғанбыз. Біздің ағай – «сапарласым осындай болса екен!» дейтін-ақ кісі ғой тегі.

Ал, 2017 жылдың 9 – 13 тамызында белгілі журналист, алаш мұрасын дәріптеуші Сәбит Байдалы ағамыз жетпіске толып, оның мерейтойы туған жері – Жезқазған, Ұлытау өңірінде кеңінен тойланған-ды. Жетпістегі «жігіттің» қуанышына ортақтасып, шашбауын көтеру үшін 9 тамыз күні ақ таң рауандап атысымен Mercedes Benz Sprinter көлігімен Астана – Жаңаарқа– Жезқазған – Ұлытау бағытына жолға шықтық. Сапарластарымыз –атақтарынан ат үркетін елімізге белгілі ғалымдар: ҚР ҰҒА корреспондент-мүшелері, филология ғылымының докторлары Шерубай Құрманбайұлы мен Амантай Шәріп, тарих ғылымының докторы Зиябек Қабылдинов, заң ғылымының докторы Жамаледдин Ибрагимов, ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты Өмірзақ Сұлтанов, өлкетанушы Тоғанбай Құлманұлы, заң ғылымының кандидаты Тимур Нұғыманов және Сағымбай Ботпайұлы. Кілең профессор-ғалымдар жиналған орта лезде қызу әңгіменің ордасына айналып, қас-қағым сәтте ақ Жезқазғанға жеткендей болып едік. Осы сапарымызда Сағымбай Ботпайұлы Сарыарқа даласын таныстырып отырды. Шерубай-Нұра өзенінің тұсынан өткенде, жер-судың атауын, оның өсімдігі мен жануарын, Арқаны жайлаған жұрттың тыныс-тіршілігін баяндап, тыңдармандарының көңілінен шыққаны бар. Жезқазғанға аялдап, ертесіне Ұлы хандарға тағзым ету үшін Ұлытауға қарай бет алдық.

...Ұлытау – ноқталы заманның тақуа куәгеріндей моп-момақан қалпында үнсіз тұр екен. Алаша хан кесенесінен Жошы хан, Домбауыл, Тоқтамыс хан, Едіге ханның мәңгілікке дамыл тапқан ата бейітке тағзым етіп, Хан ордасы атанған қасиетті топырақты басып, ғалым ағаларымыздың тарихи ескерткіштер туралы тарихи толғамдарын тыңдап, бір жасап қалдық. Шіркін-ай, Ұлытау жазығының бір басынан кіріп, екінші жағына жеткенше қазақ рухымен айбаттанып шығады екенсің. Айбарланып-ақ қаласың. «Бұл – менің баба тарихым!» деп кеудеңді кере демаласың. Бабалар рухына бас иесің. Өрлігіне, ерлігіне таңқаласың!

Ұлытау биігіне Сағымбай ағайыммен бірге көтеріліп, елімізге береке тіледік. Ұстаз тағы да ескі әңгіменің шетін шығарып, Ұлытау өңірінде дүниеге келген Алаш зиялыларын жеке-жеке атап, ұлт бостандығы жолындағы ерліктерін айтып еді...

Текті әулет

Біздің кейіпкеріміздің кіші Отаны – Бұқар жырау ауданы, Қарақұдық ауылы. Ботпай әкей мен Төлеу шешейдің өнегелі отбасында дүниеге келген ағайымыздың бауыр-қарындастары да өнерден құр алақан емес. Әпкесі Бақыт белгілі актриса, Бас шаһардағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драмтеатрының белді мүшесі. Қайбір жылы Бақыт апайымыз Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесі желісі бойынша сахналаған ҚР Халық әртісі Тілектес Мейрамовтың «Ана жүрегі» моноспектаклінде Толғанай ананың рөлін сомдап, бар көрерменнің көзіне жас ұялатқан-ды. Сәуле, Нәсіп әпкелері адам жанына араша болып жүрген ақ халатты абзал жандар болса, екі бірдей інісі Отан тыныштығын күзеткен әскери мамандар. Сағымбай ағасының жолымен жүрген інісі – Айтбай, айтыскерлік қабілетімен халқымызға жыға таныс елдің мерейі. Академик Рымғали Нұрғалидың жетекшілігімен диссертация қорғап, филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін иеленген. Бүгінде аяулы ҚарМУ-дың әдебиет кафедрасында доцент әрі «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері.

Жұмағұловтар әулеті – бүгінде тек Қарағандының ғана емес, еліміздің рухани-мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген берекелі отбасы десек те болады. Кісілік ілтипаты зор, құшағы кең, қашан көрсеңде «Қалың қалай, Батыр?!» деп жүретін Сағымбай ағамыздың Тәтімбет, Сырымбеттей ізін жалғар арысы бар. Текті әулеттің құтты бесігінде айы оңынан туар сәбилер өсе берсін! Өне берсін!

***

Сонау қиын күндері замана заңғары Мұхтар Әуезов әдебиет теоретигі, әдебиеттанушы Есмағамбет Ысмайыловтың әдебиеттануға қосқан үлесін, жанкешті еңбегі мен ерлігін құрметтеп «әдебиеттің еңбекторысы» деп жоғары баға берген екен. «Еңбекторы» деп баға бере алмасақ та, ақ адал еңбегімен сан мыңдаған шәкірттерінің жүрегінен жол тапқан ағамыздың адамгершілігі, азаматтығы мен мәрттігі, ақ көңіл жайсаңдығы жайында таңды таңға ұрып айтуға болады. Осы жақсы қасиеті әуелі туған жері – қасиетті топырақ Бұқар жырау елінен дарыса, енді бірі қазақтың Тұрсынбек Кәкішевтей ғұламасының алдын көріп, шәкірті болғандығынан болар деп ойлаймыз. Сағымбай Ботпайұлы студент кезінен-ақ зерттеу ісіне араласып, ғылымға ден қойыпты. Дипломдық жұмысы қазақтың тұңғыш қазиы болған хазіреті Ғұмар Қараш баласының шығармашылығына арналған. Бозөкпе студент шағынан Алаш мұрасына, Алаш тағылымына аңсары ауған ағамыз Тұрсынбек Кәкішұлының жетекшілігімен қазақтың еңбекторы ғалымы атанған Есмағамбет Ысмайыловтың ғылыми мұрасы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. Ал, докторлық диссертациялық жұмысында қазақ-совет әдебиеттану ғылымының тарихын зерттеу нысанына айналдырды.

Сағымбай ағаның бойынан бірден байқалатын асыл қасиеті: ақ жүрек – адалдығы, шыншылдығы мен әділдігі. Және ұстазы Тұрсынбек Кәкішевке тартқан тік мінез – қайсарлығы. Біз сықылды желік қуған жастардың ұстаздан үйренер жақсы қасиеті: әдебиетке, мамандығыңа деген сүйіспеншілік пен адалдық; сонсоң үнемі ізденіс үстінде жүру, өзіңді-өзің жетілдіру. Біздің ағай автобуста кетіп бара жатса да, кітап оқып немесе тілімдей-тілімдей қағаздарға есіне түскен ойларын жазып отырады.

Кейіпкеріміздің идеалы – Алаш арыстары мен Тұрсынбек ұстаз. Сексен сегіз жасына дейін денесін тік ұстап, тік жүрген могикан Тұрсекеңнің ықыласына бөленіп, батасын алған шәкірт Сағымбай Ботпайұлы – бүгінде филология ғылымының докторы, профессор; «Сын сардары», «Ғұмар Қараш шығармашылығы», «Әдебиетші әлемі», «ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеттану ғылымы (1956-1991)», «Жылымық» жылдардағы ұлттық әдебиеттану», «Сәбит Дөнентайұлының шығармашылығы», «Әдебиеттегі Әлихан Бөкейхан бейнесі», «Әлихан Бөкейханның нақыл сөздері» еңбектерінің авторы.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар