Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Жәнібек Әлиман: Ақын қылып қинайды екен ит өмір......

22.06.2017 7713

Жәнібек Әлиман: Ақын қылып қинайды екен ит өмір...

Жәнібек Әлиман: Ақын қылып қинайды екен ит өмір... - adebiportal.kz

Поэзия жолында өзінің білімділігмен, ізденісімен танылған Жәнібек Әлиманның бір топ өлеңдерін төреші оқырманның назарына ұсынып отырмыз. «Серт» атты жыр кітабының авторы Жәнібектің азаматтық позициясы, ішкі дауысы өлеңдерінде анық естіледі. Ол бірде аспанның өзімен тілдесіп, азаматтық өр кейпін танытса, енді бірде лирикалық шегініс жасап, тазалық пен сезімнің көрінісін суреттейді. Оның өлеңдерінен абстрактылы ұғымдардың өзін көзбен көруге болады. Әрине, балқып, шалқып кететін тұстары да аз емес. Тұтастай алғанда ақынның үнемі ізденіс үстінде жүретіні байқалады. Өлеңдерінің арасында бір-біріне ұқсамайтын алшақтық бар.

Жәнібектің «Серті»

Қазіргі қазақ поэзиясына өзіндік үнмен келген жастар арасында Жәнібек Әлиманның шығармашылығының да айрықша орны бар. Мұндай тоқтамға келуімізге себеп – «Серт» өлеңдер жинағының дүниеге келуі. Автор Өзінің бізге ұсынып отырған концепциясын таныту үшін ең алдымен кітаптың алғашқы бетттерінде «Серт», «Абылайдың түсі» өлеңдерінің ұсынылуында бағдарламалық мән жатыр деп ойлаймыз. Жыр жинағының өн бойының өзегі, негізгі концепциясы болатын ойлар осы туындыларда айтылады.

Балықтайын шіріген басынан ел,

Тігетұғын таппай жүр қосына жер.

Құлқынынан аспаған бүгінгінің

Түсі түгіл, ісінен шошына бер.

«Өңім сынық» өлеңінде де айтылатын «Сақ-сақ етіп күлетін сайқал қоғамға» деген наразылықты Ақын түрлі интепритацияға салмай, бүгінгі күннің келеңсіздігін ашық мәтін аясында ұсынады. Бүгінгі күннің келбеті «Серт» өлеңінде қаһармандық дәуірдің келмеске кеткеніне налу тарихи мекеншақ тұрғысынан көрсетіледі.

Бұл тенденция Қарағанды вокзалындағы Қаныш ескерткішінің алдындағы өлеңінде де өзінің поэтикалық шешімін сәтті тапқан. Автор өзінің наразылық эмоцияларын мазмұнға сай пішіндік құрылым іздеу арқылы жүзеге асырған:

«Ессіз тобыр жетесіз,

Ашынадан азып туған некесіз.

Қаныш түгіл Құдайын да ұмытқан

Нетесіз?!»

Бір шумақтағы төрт тармақтың 8-11-3 буыннан келіп отыруы да форманың мазмұнға бағындырылуындағы көркемдік амалдар деп қабылдаймыз.

Автор мазмұнға қарай пішіндік құрылымға жігер, ыза, наразылық эмоцияларын сыйдырған. Кей-кейде әсірелеу шарасыздыққа, бойкүйездікке ұласады. Қоғамда белең алған өтірік, қатыгездік тәрізді келеңсіз психология ақын жанын жаралайтыны көк бөрі архетипіне байланысты өлеңдерде айқындалады...

Сонау Мағжандар заманынан бертінгі Темірхан Медетбек, Серік Ақсұңқарұлы, Жүрсін Ерман, т.б. шығармашылығындағы ұлттық рухтың, көшпенділерге тән еркін сананың баламасындай болып келе жатқан «көк бөрі» культы, бөріге тән мифологемаларды Жәнібек те айналып өтпейді. Мысалы, «Мен түркі едім...» өлеңіндегі:

Қатпарында көңілдің кек түнеді,

Көкірегіме қоңыр мұң екті нені.

Құлағыма түндерде талып жеткен

Көк бөрінің Алтайда өксігені.

немесе

Будақ-будақ бұлт ауып төбемізден,

Өлең оты лаулайды өремізден.

Адам қылып жаратып Тәңір Ием

Бабамызды көк бөріге неге емізген?

Күллі ғалам мақұрым Иесінен,

Жын-перідей адасқан жиі есінен.

Жалбарынар жан болса бір Аллаға,

Жаңылмаған бөрі еді киесінен.

Дала тағысы көк бөрі мен иесінің айтағына жүретін ит арасындағы контрасты Жәнібек тарихи уақыт пен Кеңістік философиясын ұсынудағы дәстүрге сүйенеді.

Ондай дәстүрлер қандай еді.

Мысалы,

Ол Темірханда:

Қайран, Көк бөрінің ұрпағы, –

Темір тордың ішінде,

Ұлуға да жарамай! –

Өліп барады...

Серік Ақсұңқарұлында:

«Аспанның астын дүрліктіреді

Үрген иттердің дауысы» болса

Тыныштықбекте:

«Шүлдірлек көкпегі үшін,

Нан табу мектебі үшін,

Оқалы шекпен үшін,

Қыңсыған көк итке айналдырды,

тәңірлік Көк Бөрісін...»

Жәнібек өлеңдеріндегі мұндай реминисценциялар, яғни, басқа туындыларды еске түсіретін нышандар оның санасынан тыс, жадыда сақталып, зердесінде тұнып қалған суреттер. Ақын үшін өткен дәуір ұланы желмен жарысқан еркін өмірдің, батырлық пен мәрттіктің символы.

Қоғамдағы құбылыстардан безініп, ізгі мұратты өткен күндерден табуға ұмтылу романтизмге тән белгілер. Бұл көбінесе ақындардың өз дәуіріне наразылығы мотиві тығыз байланысты. Өлеңдердегі Көк бөрі архетипі осы сарынды әйгілеу үшін керек.

Бұла шағын өткізген бөрі арланы,

Көк түріктің күндері-ай соны, арналы.

Батыс жаққа бейуақта аза оқиды

Оралмаған шақтарым Оралдағы.

Қазақ поэзиясында осы сарын сонау ХІХ ғасырдан «зар заман» өкілдерінен келе жатқан сарын. Өз идеалдарын өткен кезеңдерден іздеу, өз дәуіріне деген наразылық, өткен заманды көксеп торығу, келешек зауалын ескерту ХІХ ғасыр қазақ әдебиетіндегі «зар заман» ақындарының романтикасына да тән еді. Әлеуметтік саяси өзгерістер сөз жоқ, шығармашылық көңіл күйден де көрініс тапты. (Мысалы, Францияда жаңа сипаттағы романтизмнің дүниге келуінің басты себептерінің бірі Ұлы француз революциясы болғандығын да ұмытпауымыз керек. Орта ғасырлық феодализмге бүйрегі бұратын француз романтиктері буржуазиялық құрылысқа ашық түрде қарсыласуға көшкен болатын).

Жәнібектің:

«...Салтанаты асқан көшпелі дәурен,

Ғайыпқа сіңген келмесім еді» дейтіні сондықтан. Осы ойлар ақын шығармаларының негізгі лейтмотиві, ортақ концепциясы.

Оқырманға өзі жараспаған қоғамның қайшылықтарын жеткізу, керек десеңіз өз идеясын өткізу шығармалар құрылымының субъективтік сипатын арттырып отырды.

Жәнібектің көркемдік ізденістері махаббат лирикасында айқынырақ сезіледі. Жәнібекке ерекше шабыт сыйлаған Иринаға рахмет.

«Бешпентінің бедерлі түймелері,

Ай жүзінен домалап тама салған» деген метафоралық тіркестер И-ға циклынан.

Я болмаса,

«Шығыстың қызы» өлеңінде

Тербейсің жанды тамылжып күліп,

Ақ ұлпа қармен арың жұп құрып.

Алтайдан кеп пе ең ақ көйлегіңе

Шығыстың шәрбәт таңын жұқтырып».

Ал, Біз терең мұңды, тәтті мұңды білеміз. Ал «қасқа мұң», «шәрбәт таң» сияқты метафоралар, «кісіненген құлын қырат» сияқты эпитеттер Жәнібектің ізденісі.

Адам, адамзат, болмыс туралы жазған өлеңдерінде еріксіз елең еткізетіндері баршылық.

«Көз алдымда ән елес, өлең қырат,

Естіп-біліп болмайтын керең құлақ.

Адамзат тұр - тұлғасы таудан биік

Топырақтан өлгесін төмен бірақ» дегенді айта алған адам шын мәніндегі Ақын. Мұндай жолдардың авторынан біздің ірілік, поэтикалық жаңалық күтуіміз заңды.

«Жаман өлеңдерім жақсы өлеңдерімді асырайды» демекші, Жәнібек кітабында қазіргі әдеби үрдістен ойып орын алуға тиісті «Бөрі ұлиды», «Ескі жұртта», «Үзілген көктен жұлдызбын», «Өңі қашқан өндірдей текті келін», «Ақ бауыр бұлттар» сияқты өлеңдермен қауышқаныма дән ризамын.

Жансая ЖАРЫЛҒАП,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Поэзияға тағы бір жақсы ақын қосылды

Биыл «Серт» деген тұңғыш жыр кітабымен поэзияға тағы бір жақсы ақын қосылды. Оның өлеңдерін бұрын кездестірмеген екем, анталогиядан да таппадым. Мақалаларын оқығаным бар еді, бірақ Жәнібек жөнінде хабарым жоқ. Ел азаматтарының демеушілігімен шыққан бұл кітабына ақынның әр жылдары жазған өлеңдері енген екен.

«Балықтайын шіріген басынан ел,

Тігетұғын таппай жүр қосына жер.

Құлқынынан аспаған бүгінгінің

Түсі түгіл ісінен шошына бер», – депті. Бұл – жалпы шындық, әйтсе де оны айту бар. Мына жолдардан ақынның азаматтық үні естілгендей.

«Қарағанды

вокзал алды абат гүл,

Азан-қазан бай мен кедей, жалақ құл.

Қаныш көкем қара жұрттан қара үзіп

Күншығысқа қарап тұр.

Бабам бейне оянғандай түс көріп,

Айтпасына қоймай, білем, ішкі ерік.

«Қазақмысым» қайда дейді жазған-ау

Қазақ, мысың қайда?» деді тістеніп»

Ақын өлең деп өлең деп өмір сүрудің қуанышы мен қайғысын тербеп:

Шұрқырап шықты құлын дем,

Жүрек қой тағы бүлінген.

Сыбырлап самал тіл қатты

Жапырақтағы дірілден, – депті.

Ал, мына мысалдардан Жәнібектің сезім мен ақылға құлаш ұрғысы келетіні байқалады. Тұңғыш кітабы болса да, айтпақ ойы, алмақ межесі қуантады.

«Адамзат тұр – тұлғасы таудан биік

Топырақтан өлгесін төмен бірақ...»

***

«Ай – сұлу нені ұқсын, түсініп,

Басында тартынды қысылып.

Ақыры жұлдыздар жаудырған

Өсектен барады ісініп...»

***

«Күн мен ақ қар шағылысып қыратта,

Көз қарықты қарай алмай ұятқа.

Әзірейіл аяз төзбей бірақ та

Жылылықты қуып тықты жыраққа»

***

«Мейіздей ноқат меңге қарай бердім

Түйткілі тарқайтындай тірлігімнің»

***

«Әлемнің күллі әдемі көркі

Бетіңе мең боп түйілді ме екен?!»

***

«Өктемси соқпай өкпеге тиген өкпек жел,

Соғатын күзде, соғатын ерте көктемде ол.

Өмір ғой дейсің өткен күн, келер уақытты

Өмір дегенің – ақылың, ойың жеткен жер...»

Ермек ҚАНЫКЕЙҰЛЫ,

филология ғылымдарының кандидаты.

Жәнібек ӘЛИМАН – Қарағанды облысы, Шет ауданы, Нілді (Өспен) ауылының 1990 жылғы тумасы. Осы ауылдағы Сәкен орта мектебінің түлегі. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін үздік тәмамдаған. Әлеуметтік ғылымдар магистрі. Қазір Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі. «Серт» (2015) атты жыр кітабының авторы. Бірнеше облыстық жыр мүшәйраларының жеңімпазы.

Бөрі ұлиды

Күңгірт тартты құбылып күнім арда,

Жыр ойнайды жасындай жылы қанда.

Аруағы асып Алаштың кете барған

Ай астынан көк бөрі ұлығанда.

Ай астында көк бөрі... ұлығанда

Айбар бітіп Алашта тірі жанға.

Көшпелі елдің көгінен Тәңір шығып

Ғасыр көшіп, жылжыған ғұмыры алға.

Түркі елінің қалған ғой түнде кегі,

Тәңірісіне табынып күн көреді.

Шер-шеменін бөрі боп соған шағып

Жүрегінің жазылған жырмен емі.

Тәңірге Алаш, табынған айға бөрі,

Тірлігінің тектілік айғағы еді.

Бөрі айбарын қалдырып бағзы күнге

Түлкі болған түркінің қайран елі.

Қайран елі түркінің! Бөрі айбары

Көкіректен өшсін бе оңай бәрі?!

Түнбаласы түртпектеп мені оятқан

Алтай шыңы, орманы, тоғайлары...

Зұлмат дәуір зәһәрлі зәрін үйді,

Қайдан табам байырғы соны күйді.

Тозып біткен түркінің рухын жоқтап

Әлсін-әлсін Алтайда бөрі ұлиды ...

...Бөрі ұлиды ...

Мен түркі едім...

...Түнеріп жүр түннен туған перілер,

Тәңірісін табанына таптаған.

Мағжан Жұмабаев

Қатпарына көңілдің кек түнеді,

Көкірегіме қоңыр мұң екті нені?

Құлағыма түндерде талып жеткен

Көк бөрінің Алтайда өксігені.

Өксігені... ол бәлкім, ұлығаны,

Көк Тәңірге жеткенде мұңы, зары,

Түнекті өктеп кеткенде тағы даусы

Тағат таппай түн ұлы бұғынады...

Өксігінде өретін зарлы мұңын,

Айғақ етіп тәңірге Арлылығын.

Түн баласы киесін бөрі баққан,

Түркі жұрты күтетін таң ғұмырын.

Мен түркі едім...

Арайлы таңда туған,

Базынам да, байлығым Арға тұнған.

Кірпігімен күлгенде күн шығарып,

Қаһарланса шоқ шайнап, қан қақырған.

Өктемдікпен өткерген сан ғасырын,

Тек Тәңірге шағатын арда сырын.

Дүбірімен жаһанды көктеп өткен

Едіге мен Еділдің жалғасымын.

Тәңір тектес танымас түркі ерін кім?

Болмысымды ерлікпен бүркедім мың.

Ұйықтап кетсем байқаусыз мазалайды

Мүлгіп кеткен киесі Күлтегіннің.

Тәңірінің түскенде көктен нұры,

Өзегінде өнетін өктемдігі.

Әлемді алам тағы да Атилланың –

Аруағы шалықтап кеткен күні...

***

Қарағанды

Вокзал алды абат гүл,

Азан-қазан бай мен кедей, жалақ құл.

Қаныш көкем қара жұрттан қара үзіп

Күншығысқа қарап тұр.

Бабам бейне оянғандай түс көріп,

Айтпасына қоймай, білем, ішкі ерік.

«Қазақмысым» қайда дейді, жазған-ау

Қазақ, мысың қайда» деді тістеніп.

Қаныш ағам қабағында сұсты зіл.

Зәре-құтым ұшты-дүр...

«Маңғаз қазақ мәңгүрттеніп кеткен бе

Мінезі де қалмапты ғой, мыс түгіл»,

Көкем солай сөйлеп кетті күмбірлеп:

«Бірін-бірі қазақ неге жүр күндеп?»,

Тобыр біткен күпінеді күңкілдеп:

«Бізге өктем сөйлейтіндей бұл кім?», деп.

Ессіз тобыр жетесіз,

Ашынадан азып туған некесіз.

Қаныш түгіл Құдайын да ұмытқан

Не етесіз?!

Жауап таппай Сәтбаевтың сөзіне,

Ызаланып құл-құтанның езіне.

Ұят қысып, дат айтпаққа билікке

Тура тарттым хан орданың өзіне.

Қайран басым абыржуды білмеген,

Тарпаң қалпым жүрген ем.

Қайсар рухым қайта оянып кеткендей

Бұқар бабам аттап түсті мінбеден.

А, Құдайым, өңім бе бұл түсім бе,

Жан біткені мүсінге.

Қаңғып көшіп кеткен екен хан орда

Тірі жан жоқ ішінде.

Қарт бабамның мысы ма?

Сатқын билік қашты төзбей сұсына.

Қайран қалам қайран келмей қолымнан

Кез келгендей хан Абылай тұсына...

Аласұрып жүрегім,

Ылғи осы күйді кешіп жүремін.

Балбалдарын оятар ма ед Дештінің

Қуу үшін ұлтсыздықтың түнегін...

Сес

(Ж.Жаңқашұлына)

Тұяғы барлар туған соң тыныш жатар ма?!

К.Мырзабеков

Мынау құлқын – мешеуліктің месіндей,

Анау жұртың – кие сіңген есімдей!

Көне күннен кіріп келдің қалаға

Көк бөрінің ит қашырған сесіндей!

Ұят тұнар жара қаптап көздерді,

Тұяқтылар қара қатқақ кезге енді...

Орда қалмай орынында ой қалды

Тылсымынан Тәңір бізге сөз берді!

Құлынында, құнаншығар тайда емген,

Қазақ еді құрсағында-ақ арда өнген.

Тамырында топырағы, тегі жоқ,

«Әлем» дейді бұлардыкі қай кердең?!

Тақ тигенмен болмады елге тұтқа сұм.

Жүрегіне жерлеп күлді жұрт жасын...

Мерт болады мен білетін жүйріктер

Мезгілінен озып өте шыққасын...

Көкейіңде Қарқаралы, тау әні,

Жатсаң-тұрсаң есіңді сол алады!..

Ханға айтқысыз қарасы сол топырақ

Күрсінеді құрығандай амалы...

Көзіңді ілсең түсіңе сол кіреді,

Өлген – тірі, сұмдық қой бұл тірі – өлі...

Қарқаралы түс көреді, түсінде...

Сенен артық түсінеді кім оны?!

АНА

Адамзатқа ақынның опа мұңы,

Боталыны боздатпа, о,Тәңірі!

Жаның төсеп жолыма жапа шеккен

Ана, сенің жүрегің Отан ұлы!!!

Адамдықпен өлшенсе өмір мәні,

Құзырыңда қалар ед сенің бәрі...

Адам бола алмаған пенделер бар

Сен келесің Хауа боп жолыңда әлі...

Сен келесің сыйдырып гүл шағыңа...

Адамзатты – күллі ұлы қасиетті!!!

Сен келесің сыйдырып құрсағыңа...

Адамзатты – күллі ұлы қасіретті!!!

***

Жүрек кейіп, жынды қылып жүйке бір,

Сырғақ соғып суып кеткен ми-темір.

Адамзаттан алабөтен жаратып

Ақын қылып қинайды екен ит өмір...

Сорым қайнап сол азапқа байландым,

Көз алдымда шыр айналып айман күн.

Мұз жалғанға мейірімдей босанған

Ана, сенің жүрегіңе қайранмын...

Өмір шығар...

Өлең жазғым келеді,

Көңіл шығар...

Түсіне ме ел оны?!

Құрсағыңа қалай сыйғам, қиналып

Өз-өзіме сыймай барам, себебі...

Дүниеде мейріміңе қане тең?

Мен әлемге күллі ананы жар етем.

Біреу кердең... шіренгенмен енді ұқтым

Тағдырыңның түйір жыры ғана екем...

Қапелімде қадау-қадау ой бұғып,

Ана десе, жүрек жылыр, бой жібіп...

Туған әке-шешені естен шығарып

Туған күнін шатасады ел той қылып...

Өмір сырлы жалғанда бұл

Қапалы-ақ,

Махаббат деп көкиміз-ау жата қап.

Аналардың құрсағынан өнген ғой

Күллі мына дүниеге іңкәр махаббат!!!

***

Сені жасыта алмапты өмір кәрі,

Өзді өзі әуре менікі ненің зары?!

Жалғыз ұлдың ертеңі болмаса, ана,

Дүние ғой басқасы қолыңдағы...

Соңымдағы шұбырған гу-гу өсек,

Жаныңдағы қайғы мен мұңды көсеп...

Күзден бетер тоналдың шалыс бассам

Бізден бетер жүдедің біз жүдесек.

Бағыштады демесең елге өнерді,

Ар-намыссыз әйтпесе сорлы емен-ді.

Бір қызығым көтерсе сені көкке

Бір қылығым тірідей жерге көмді...

Сан биіктеп сен солай сан басылдың,

Әлегінен әуейі алғаш ұлдың.

Қиқарлығым, Құдай-ау, ішім сезед

Жасар әлі жалмады-ау сан жасыңды...

Өреліге болған ба өмір мәні?!

Өмір мәні...

Менікі соның зары...

Жалғыз ұлдың ертеңін қойшы, құрсын,

Ол бір жұмбақ Алланың қолындағы...

***

Жыр тілінде кісінеп құлын қырат,

Түлкі іңірге тұтылды күнім құлап,

Кеше жазып жұбанған жібек көңіл

Тағы мазам болмады бүгін бірақ...

Сағыныштан бәлкім, ол – сен ұсынар,

Құдіреттің бойыңда не күші бар?!

Жақын барсам көңілім кемісі бар,

Алыс қалсам кеудемнің демісің әр...

Ғаламаттың біріндей мен ұшырар?!

Тырбанғым жоқ тірлікте тек тырысып,

Өлеңімді өзіме еттім ұшық.

Ғаламаттан шықтың да ғасырдағы

Ғаламатқа айналып кеттің ұшып...

Жұмақ кеудем жұртында сен тірісің,

Жаралғансың мендік жан елту үшін.

Тылсым демім бір жетер күрсінгенім

Талып кетіп алғанда жер тынысын...

Кездерімде қамығып жеке қалған,

Жатсам-тұрсам өзіңді етем арман –

Құдіреттің ішінен ұшып шығып

Құдіретке айналып кете барған...

***

Мен сені күткен едім...

Онсызда тірлікке жоқ түк керегім.

Кірпігің қаққаныңда арасында

Жанымның білмегем мың бүктелерін.

Жаныма не жұпталып,

Жатса да тынышым жоқ, сезікті анық...

Мен сені бұрынырақ сүйетінмін

Жұлдыздан заулап аққан озып барып.

Сен содан нені ұғындың?

Нүктесі меңің шығар өмірімнің.

Сәулеге сенен түскен шағылысып

Дір етер ашыларда өзі гүлдің.

Күлкіңді көріп ардай,

Бір түрлі жұмақ түсін жорығандай.

Өмірге өгей күйі өтіп барам

Құдірет аластады мені қандай?

Жолымнан жолығардай,

Өзіммен өзім жүрем болып Алла-ай!

Сәулелі сыйқыр сіңген нұрлы бейнең

Өткенің қандай жақсы соны ұға алмай!!!

Мені ұға алмай...

Жанар

Жаныма жұмбақ күй тұнып ауыр,

Қана алмай кеткем сиқырыңа бір.

Кездесе кетсем үздіктіретін

Сұлуым едің сүйкімі лағыл.

Шашылған шақта жүзіңнен жақұт

Табатындай-ақ ізіңнен бақыт.

Сырғаңдай діріл қағатын жаным

Мойылдай көзің сүзілген уақыт.

Даусының тәтті сазынан ерен,

Жолына жыр боп жазыла берем.

Ауызын ашса ай-жұлдыз құлап

Өріле кеткен назынан өлең.

Нәзігі ме едің нәресте жырдың?

Әлемі ғажап ән ескегіңнің.

Көрмей-ақ кетсем қайтетін еді

Ынтығымды ұрлап тағы еске кірдің.

Кімге айтам мына күйімді бөтен?

Кеудеме жыр боп құйылды бекем.

Әлемнің күллі әдемі көркі

Бетіңе мең боп түйілді ме екен?

Бір сендік қашан алаң басылар,

Сағыныш сірә, бағаңды асырар.

Жазылмай жүрген мендегі жырдың

Үзігі сендік жанарда шығар.

***

Жұрнағы сынды мендегі мұңның

Өлшемі – сендік күдіктің.

Қиналмай ғана сенде бір күні

Біржола мені ұмытқын.

Мендегі жырдың тұма мекені,

Сен ғана деп пе ең, жарығым.

Сүйе білмеген жылап өтеді

Сүйгеннің білмей қадірін.

Біз сүйген көктем қуара жүдеп,

Осылай үнсіз семеді.

Мені ойлап бекер жыламашы тек

Көз жасың ауыр себебі...

Қалып па еді амал мұнан да бөлек,

Менен де бәлкім бар айып.

Тоғыса алмаған бір арнаға кеп

Қос тағдыр болып қалайық.

Осылай кес те бір үкімді ерен

Іздеме жанға еш дәру.

...Өмірдің бәрі ұмытуменен

Сағынып қайта еске алу.

Көрімдік

Жоқ шығар сірә, таласы жаттың,

Дел-сал қып жанды жаңа шуақ күн.

Риясыз реңің, талдырмаш бойың

Қып-қызыл пальтоң жарасып-ақ тұр.

Қып-қызыл пальто қыз ғұмырдай ма,

Қыз көктем мынау сізді жырлай ма?

Үр жаңа, қызыл пальто киген қыз

Көміп кеткендей бізді бір жайға.

Қып-қызыл пальто – қыз көктем мынау,

Жүрегім, жаным сызды өткердің-ау.

Сызылған қалқа, бейуақ мезгілде

Жұмбақ бір жайды іздеп пе ем мынау?!

Қып-қызыл пальто құмарым ба едің?

Қылықты қалқа жыр-әнім менің.

Басқа күндерден бақыттырақ-ау

Байыз таппаған мына күндерім.

Қып-қызыл пальто... көрімдік қайда,

Көрікті ой келіп көңілді ықтай ма?

Көрімдігіңе жыр ұсынамын

Қомсынбай қалқа сонымды ұқпай ма?

***

Шығыстың қызы – қылықты керім,

Жүрегім сенен үмітті менің.

Кеудеме даусың жұмақ боп орнап

Мұз көңілімді жібітті демің.

Тербейсің жанды тамылжып, күліп,

Ақ ұлпа қармен арың жұп құрып.

Алтайдан кеп пе ең ақ көйлегіңе

Шығыстың шәрбәт таңын жұқтырып.

Бес күндік мынау фәниіңдегі,

Тарпаң ем

Мен де таниын нені?!

Балбалдан емес, бізден үмітті

Алтайдың тұңғыш Ақиық елі.

Сымпылдап ұшқан сары ала қаздай,

Жүрекке жазып, санама жазбай,

Кетесің...

Сендік сезімнен өршіп

Баба мұратым жана ма маздай?!

Аспаннан төнген Ай үлбірерсің,

Қоштасқан сәт сол жайымды көрсін.

Қазтуған жырдың базынасындай

Бізден де «Сізге қайырлы болсын!».

Қайырлы болсын бөліскен сезім,

Есен жүргейсің көріскенше өзің.

Түбі бір соғам Тұран Алтайға

Әзірге осы – келіскен сөзім.

Шығыстың қызы...

Сезім емделмей –

Қоштасар сәттің кезі келгендей:

Менмендеу ақын кетіп барады

Өмірден көріп...

Өзінен көрмей.

***

Өртеніп кетті күн иіп кеп,

Дидарын даламның сүйіп боп.

Қимауын қарашы батарда

Иманын оқиды биікте от...

Өрт еміп, өртеніп күйі ішкі,

Кешкілік күн мен түн түйісті.

Ғашықтар секілді құмартқан –

Екеуі қып-қызыл сүйісті.

Күн қызыл, гүл қызыл, аспан өрт,

Түнгі жыр... түнгі жыр – басқа дерт.

Ұяттан қызарып бұлт қалды

«Әп, бәлем, көрермін, саспа» деп.

Сүйістер шашқандай іңірге от,

Күн кетті, түн қалды күбірлеп.

Жамырап жұлдыздар оянды

Құлаққа қызғаныш сыбыр кеп...

Өсек те, аяң да айтылды,

Әңгіме еді бұл қай түнгі?

Жұлдыздар мазасын кетіріп

Ақырын керіліп Ай туды.

Ай – сұлу нені ұқсын, түсініп,

Басында тартынды қысылып.

Ақыры жұлдыздар жаудырған

Өсектен барады ісініп...

Он бес

(К.Х.-ға)

Ей, Кәмшат қыз!

Кермаралдай керілген,

Өндіріңде толықсыған өмір ме ең?

Өлең саған неге керек онсыз да

Өлең аңқып тұрған жоқ па деміңнен?!

Он бесіңде от оранған жасын ең,

Сен өлеңсің, шабыт шығар бәсірең.

Сені көрдім өмір өртке түсе сап

Өлең жазған өзі өлең басымен.

Алып-ұшқан ақындықтың талғамы,

Мең-зең етті... мені саған арбады...

Дүниенің есеп бәрі, былғанбай

Өлең ғана қалғаны.

Фәни-жалған ар-ибаңнан сәл төмен,

Жыр жазғаннан өспесе де мәртебем,

Дүниеге келмес пе едім құдірет

Өзегімді өлең болмай өртеген...

Әйтпесе, бұл нем бар еді басқада,

Жазған жырым өмірімнен асқақ, ә?!

Өмір бойы сағынамын өзімді

Өлең сынды – он бестегі жас бала...

***

Алып-ұшқан аз ғана бақ қысқарып,

Сүмбіледей суығаның іш қарып,

Жұлдыз, сонда жанартауым атқақтап

Биігінен бір жұлдызым түсті ағып.

Биыл шабыт таппасам да көктемнен,

Разылығым басым боп тұр өкпемнен.

Жұлдыз деген – қол жетпеске лайықты

Қол жетпеді деп ешқашан жек көрмен.

Сені көріп сұлулықтың – серті ұлы,

Баладаймын басылмаған ентігі.

Аспандыққа таласардай менменсіп

Жұлдыз қызға мекен болған жер түбі.

Манаураған мың күй өріп денеңде,

Тіркес таппай тұрып қалам теңерге.

Өзге түгіл өзім ұғып болмаған

Ақындығым бақытты екен сенен де...

Көз жанарың жалт еткенде жақұттай,

Алабөтен алабұртам жат ұқпай.

Жұлдыз біткен сыяды ақын кеудеме

Шексіздігі – кеңістік пен уақыттай.

Ессіз жігіт ерке назға елітіп,

Шығарып сап, алғаны жоқ не күтіп.

Тым биікке жақпақшы ол да Жұлдызын

Жер бетінде болмаған соң теңі түк.

***

Ызғарымен ықтырған ізгі үмітті,

Ала құйын көңілім күзді күтті.

Күзді күттім үзіліп, үздігіп мың

Алабұртқан күйіндей қыз-жігіттің.

Күзгі жауын... кінәмшіл, күдігі көп,

Тарқатылды арудың бұрымы боп.

Түзге көктем келсе де жібімейтін

Күз боп өткен жандар-ай жылуы жоқ.

Сары жалқын нұр сіңген шалғайына,

Тәңір алтын тылсыммен тал бойына,

Тізбекті өмір тырналар топ құрғанда,

Күз деп ғұмыр басыпты маңдайына.

Бес күндіктің базары бар ма қолда?

Арман дейтін адастым Арда жолда.

Күз мұнары кейіпті ізгі жаным

Күте-күте көктемін қалған ол да...

Күмілжуін қарашы күзгі өңірдің,

Қылымсуын қайтесің қыз көңілдің.

Ақыры атар таң болса атырапқа

Жөні болмас оны да сыз көрудің.

Айдың сұлу дидарын бұлт қамайды,

Көз бояған көктемге жұрт қарайды.

(Көктем ару қай көркін тықпалайды).

Күзді сүйем!

Өйткені, ол жалтақтамай

Дүниенің көзіне тік қарайды ...

***

Жамалы жақұт нұрлы,

Барады батып бір күн!

Мен болсам мұңға байып,

Қойылған жырға лайық,

Налалы леп белгідей қатып тұрмын!

Зарлымын іші күпті,

Тағдырым түсініксіз, түсінікті...

Барлығын өзім жасап жүрмегендей

Әр жылым бойыма артты кісілікті...

Кіндігі шер-налада,

Ындыны жырға кепкен мен ғана ма?!

Тірлігі кейде күйкі, кейде дара,

Адамзат сүймеген соң пенде ғана!

Ерттеп ап ерікті атша,

Дерт борап сезім суық, сезік патша.

Өртке орап, жанып кеткен жақсы, білем

Күн құсап шығарына сеніп батса...

Сорыма сүйенгенде,

Жоғыма жетпеген соң күйем мен де.

Қорыңа былғанғым жоқ, тәнмен бірге

Түспесе болғаны да кием көрге...

Түршігіп тағы келем,

Қырсығып кетсе кетсін бәрі менен.

Аузыма тықпай жетім жүрегімді

Қасымда қала тұршы, лағыл өлең!

Жаным, өлең!..

***

Көз алдымда ән елес, өлең қырат,

Естіп-біліп болмайтын керең құлақ.

Адамзат тұр тұлғасы таудан биік

Топырақтан өлгесін төмен, бірақ...

Ақиқатты дүмшедей шала біліп,

Өз ісінен жанына нала жұғып,

Адамзат тұр табаны топырақта

Жер-анасын қасірет алаңы қып...

Кем-кетікке күйініп, алаңдап бір,

Ақыл-ардың иесі адамзат тұр...

Кезі келсе биік ол періштеден

Кейде айуан! Маңайын арамдап құр.

Жер-бесікте жайымен тербетіліп,

Жата алмайды-ау алаңсыз пенде күліп.

Алты құрлық мекені аз болғандай

Аспан жайлы айтады жерде тұрып...

Көкейімде ән елес, өлең қырат,

Жан түбіне кетіпті терең құлап.

Адамзат тұр тұлғасы таудан биік

Топырақтан өлгесін төмен, бірақ...

***

Мен сені сүйетінім айдан анық,

Жүрекке жау тигендей... жайға қалып.

Жанымнан өшкен емес жарық сәулең

Жүрсемде қайда барып, қайда лағып.

Жұлдыздан жүзік таққан Мағжандай,

Қаламның құдіретті бағы жанбай...

Жан-жүрек, бар ділімнен сезем сені

Ұлы Абай ақиқатты танығандай...

Аймалап елесіңді үлгерген де ой,

(Сүюден бөтен әлек білгем нендей)

Таңданып сені көрем, туа соқыр

Жап-жарық жанар бітіп күн көргендей.

Мызғымас мыңжылдықта мұраты бек,

Қайыспас қара жердің қуаты боп,

Мен саған сұлулық деп басымды ием,

Сұлулық – Жаратқанның бір аты деп.

Жұлдызды жүзік еткен Мағжандай,

Пендеге дарытпаған Тәңірі ондай...

Құдай-ай, бар діліммен сезем сені

Ұлы Абай ақиқатты танығандай...

Жан-жүрек махаббаттан жанады-ай мас,

Емініп елесіңе баладай жас,

Арманға атыңды айтып ере кеткен,

Жалғанда мендей ессіз бола қоймас!

Лаура

(Мадияр Сүлейменовке)

Аппақ нұрлар, мақпал мұңдар қылаула,

Күй жұптарға тырна тізбек тырауға.

Біздің мынау қанбай қалған құмарға

Өрт боп түстің, дерт боп құштың, Лаура!

Өз отына күйіп-жанып шығарда,

Күн кірпігін қуса қадап мұнарға.

Қалғыған гүл қайта оянса таң ата

Тек сен сен үшін сияқты ол да, Лаура!

Қара аспанның нұрлы меңі – ай туарда,

Жарасқан мың жұлдыз жорық құрарда,

Есіміңді түйіп шықтым тұмарға...

Білесің бе, білмейсің бе, Лаура!

Қарағанды булығады тұманға,

Көше, көлік, көңілсіз тым бұл аула,

Сенің үшін болатындай шыдауға,

Сезесің бе, сезбейсің бе, Лаура!

Ауыр күндер өтер бастан мұнанда,

Тән ішінде жан қалшиып ұлы, арда.

Қаламыма бағынбайды бір өлең

Ол да сендік махаббаттан, Лаура!

Сыймай жатқан іште сезім ұлы арна,

Қимай батқан күндей іштен тынамда.

Жазбаған соң жұптасуға бір Алла,

Амал бар ма саған зарға, Лаура!

Шайтанкөл. «Тасбұлақ» демалыс орны

«Шайтанкөлде бір қыз бар...»

Мұнда, тегі,

Перизат та періште – жын да, пері.

Қия-шыңда қалшиған жалғыз арша

Құлда кемі бір шоқып, сұм да кемі...

Қасиетті қия-шың – арман алап,

Дем алуға келеді ел жар-жағалап.

Қиясынан түлеген талай қыран

Арға қанат бітіріп жанға қанат.

Талай қыран түлеген қиясынан,

Қиянатын көрсетпей ұясына.

Қылқанынан қарағай ақынының

Қасиетін тамызып сиясына...

Қасиетті мекен бұл арман алап,

Демалған жұрт табатын жанға жәннат.

Саңғитыны болмаса кейде, бірақ,

Сол қияға құзғынның қарға қанат...

Шыбын жаным шырқырап зорға қалад...

Бәрі осында келеді,

Тәңір ісі,

Содан өссе жарады жан ырысы?!

Құнанбай да барған-ды адамзатқа

Қасиетті бір мешіт салу үшін.

Басқалары... басқаша... табу үшін,

Бақ-ырысын қазақтың алу үшін...

Шайтанкөлге шайтан боп шығады да

Жерлеп кетіп қалады Тәңірісін?!.

...Шайтанкөлде бір қыз бар көк аршадай

алба-жұлба... Өседі олар солай...

Маған солай көрінді...

Саған қалай?..

Дайындаған Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар