Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жәнібек Әлиман. Көркем ой мен ғылыми таным

12.10.2018 406

Жәнібек Әлиман. Көркем ой мен ғылыми таным

«Жеті қат жерің мына төңкерілген,

Жеті қат аспанменен көмкерілген.

Адамзат оның бәрін ерте білген.

Ертегіде табысқан ертеңімен

Ғаламаттар туылған ертегіден.

Ғаламаттар жасалған ертегіден,

Ертегілер қиялын ерте жүрген.

Ғалымдық ақиқатты бұл адамзат

Галилей, Коперниктен ерте білген...

Ертегіден жаңарып, қала тұрған,

Ертегіден ғұлама дана туған.

Бұл күнгі ғаламаттар, алдыменен,

Адамның қиялында жаратылған.

Барлығын да адамзат қиялдаған,

Қиялдап жер бетіне сыя алмаған.

Ойлап-ойлап, отырып кілеміне

Аспанға ұшудан да ұялмаған.

Қиялдап, менің дана, байғұс бабам

Алайда, атқа мініп, Айға ұшпаған.

Бабамның қиялымен қанаттанып

Бүгін мен Айға қонып, жайды ұстағам» (М.Мақатаев).

Осы өлең жолдарындағы ойлардан адам баласының қиял-ғажайыптық танымы ғылым дамымаған есте жоқ ерте күндерден бастау алғандығын бағамдар едік. Әжесінің кілемшесіне отырып, көк аспанды шарлап кететін немересі. Болмаса, айшылық жерден сыпырғышын бұтына қысып, ұшып жететін мыстан кемпірді тектен-текке қиялдамаған адамзат. «Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауыл жүні қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен...», – деп басталып, тыңдаушысын кейіпкерімен бірге аспанға ұшырып, жер астына түсіріп, неше түрлі құпияға толы әлемді шарлататын ертегілер исі қазақ атаулының балбөбек шағынан қанына сіңіп, қиялын шарықтататыны аян. Аспандағы жұлдыздар мен жердегі асқар таулар жайындағы мифтер, жезтырнақ пен жалғызкөзді дәу туралы хикаяттар, жер астындағы жылан елін аралаған Ер Төстік пен күн астындағы Күнікей сұлу хақындағы ертегілер тыңдаушысын қашанда болсын тамсандырып, таң қалдырары сөзсіз. Мұның бәрі ежелгі халық ауыз әдебиеті, көркем ойлаудың мәйегі, ауыздан-ауызға тарау арқылы бізге жеткен асыл мұра, әдебиеттің алтын діңгегі.

Ғылыми-таным, көркем ойлау ертегі, мифтерден басталған. Адамзат мәдениетінің игілігіне айналған қиял-ғажайып әлемі адам баласының ұзақ жолғы даму тарихымен бітеқайнасып, жетіліп, өсіп-өркендеп отырған. Қазіргі ғылыми ойлаудың нәтижесінде пайда болған түрлі технологиялар адамзаттың бірнеше ғасырлық ой еңбегінің жемісі. Ең ежелгі дәуірлерден бүгінге жеткен материалдық мәдениеттен бастап, тастарға қашалған таңбаларға дейін сол кезеңге тән ойлау жүйесімен, танымынан көптеген мәлімет беретіні белгілі. Одан берідегі халық ауыз әдебиеті үлгілерінің өзінен небір ғылыми-танымдық ойлардың элементтерін аңғарамыз. Қайткен күнде де ғылым жаңалықтары сол күйінде жоқтан пайда бола салған жоқ. Сонау есте жоқ ескі күндерден бастау алған қиял-ғажайыптық ойлау жүйесі бүгінге жалғасып, ертегіміз шындыққа ұласқанына көз жетеді. Анығында, ежелгі ертегілерде кездесетін «көлтаусар», «саққұлақ», «таусоғарлар» мен «желаяқтар» алдымен адамның арман-қиялында жасалған еді ғой. Ендеше, жер бетінде жасалған кереметтердің бәрінің бастау-бұлағы әріде жатқаны анық. Ел аузындағы ескі сөздерге құлақ түріп, мәніне үңілген сайын небір ғылыми-танымдық ойдың негізіне жолығасыз. Бұл пайымымызды халық ауыз әдебиетін зерттеуші, ғалым Сейіт Қасқабасов былай түсіндіреді: «Әдетте біз ертегіні ойдан шығарылған әңгіме дейміз. Расында солай ма? Жоқ. Ертегі жанры өзі-өзінен немесе ойдан тумаған. Оның негізін қалаған көне прозалық жанрлар алғашқы қауымдық қоғамның түсініктері мен салтын, әдет-ғұрпын, яғни сол заманның шындығын өзінше бейнелеген. Демек, ертегідегі бізге қиял-ғажайып болып көрінетін кейбір нәрселер – бір кездегі болмыстың, құбылыстың сәулелері».

Ауыз әдебиетінің көне жанрының бірі – ертегілер. Қазақтың халық ертегілерін ғалымдар бес түрге топтастырады: жануарлар жайындағы ертегілер, қиял-ғажайып ертегілер, батырлық ертегілер, новеллалық ертегілер, сатиралық ертегілер. Осы аталғандардың қай-қайсысынан болсын қиял-ғажайыптық таным мен пәлсапалық пайымдарды лек-легімен ұшыратасыз. Мысал ретінде ең ерте дәуірлерден келіп жеткен «Күн астындағы Күнікей қыз» ертегісінің қысқаша мазмұны: «Бір жетім кемпірдің жалғыз баласы ханның тапсыруымен күн астындағы Күнікей қызды іздеп жолға шығады. Егер қызды тауып әкелсе, хан оған үлкен сыйлық жасамақ болады. Бала бірнеше күн жол жүргенде екі тауды екі алақанына салып ойнап жүрген дәуді (таусоғар) кездестіреді. Дәу балаға жолдастыққа серт байласып, онымен бірге сапар шегеді. Екеуі келе жатып бір тыңдаушыға (саққұлақ) кез болады. Баламен бұл да жолдастыққа еріп шығады. Тағы жүре бере екі ұртына екі көлдің суын ұрттап, сыйғызып алып жүрген дәуге (көлтаусар) кезігеді. Алдыңғы үш жолаушыға ол да жолдастыққа болып, еріп кетеді. Сөйтіп, төртеуі келе жатып екі аяғына екі батпан тас байлап алған желаяққа жолығады. Бесінші болып серік ретінде серт байласып, олда бірге аттанады. Күнікей от тауының ар жағында тұратын ханның қызы екен. Қызды іздеп келушілерді ханның алып көк төбеті жүз шақырым жерден қарсылап, қандай мықты жан болса да жайрататын көрінеді. Бала мен жолаушылар келе жатқанда алдарынан будақ-будақ шаң ертіп көк төбет көрінеді. Сол сәтте манағы таусоғар қолындағы бір тауды жіберіп қалып, ит бастырылып өледі. Жүре-жүре қыздың әкесінің (ханның) үйіне түседі. Хан қызына бәйге жариялап, балуан күрестіреді. Күрестен таусоғар жеңеді. Хан бұғанда көнбей жаяу жарыс жасап, өзі мыстан кемпірді қосады. Мыстан кемпір желаяқты араққа мас қылып, ұйықтатып кетеді. Сонда бала тұрып тыңшысына тың тыңдатып, желаяқтың ұйықтап қалғанын біліп, жолда кездескен қарттың сиқырлы пышағын алып оятып жібереді. Желаяқ ояна сала мыстанды басып озады. Хан сонда да қызын бермейді. Қызын тығып қойып, «кімде-кім тауып алса соған беремін» дейді. Бір мезет саққұлақ тың тыңдаса, жер астынан иненің әлденеге түскен дыбысы естіледі. Сөйтсе қыз жер астында кесте тігіп отырып, инесін түсіріп алса керек. Оны тыңшы жігіт тыңдап жүріп, тауып алады. Хан қызын бермес бұрын бұларды темірден салынған үйге жатқызады. Түн ортасында біреуі оянып кетсе, үй өртеніп жатады. Сол кезде Көлтаусар ұртындағы көлдің суын бүркіп өртті сөндіріп алады. Амалы құрыған хан ақыры қызын балаға береді. Баланы ұнатқан қыз сиқыршылығының арқасында ханды қасқырға, уәзірлерін түлкіге айналдырып жібереді. Бала соңында Күнікейге қосылып, еліне хан болады».

Зерттеушілердің айтуынша, бұл ертегі ерте дәуірлерде туған. Осындағы таусоғарды «Тау көтерген Толағай аңызымен» салыстырып, көп ұқсастық табуға болады. Халықтың көркем ойлауы, ой еңбегі уақыт өткен сайын дамып, әр құбылыс адамдар санасында пісіп-жетіліп, оны бірте-бірте шындыққа айналдыра алған адамзат.

Мұндағы тағы бір ілмек, жолға шыққан балаға шал ұсынатын сиқырлы пышақ. Жарысқа түскен желаяқты мыстан кемпір алдап, арақ беріп ұйықтатып кетеді. Желаяқтың ұйқыда жатқанын саққұлақ арқылы білген бала оны шалдың сиқырлы пышағы арқылы қасына бармай-ақ оятып алады. Сымсыз телефон! Сонымен қатар, өртенген үйді ұртындағы суды бүркіп сөндіретін көлтаусар – өрт сөндіргіш машина. Айшылық алыс жердегі хабарды тың тыңдау арқылы білетін саққұлақтың рөлі – телефон.

«Ұртоқпақ» ертегісін білмейтін адам кемде-кем шығар. Оқиға шал мен қаздың тілдесуінен басталады. Тұзаққа түскен қаз шалдан босатуын өтінеді. Бір жылдан соң не тілесең соны берем деп жалбарынады. Жыл өткен соң шал Қазбайға бара жатып, «піс қазаным, піс» десе, неше түрлі тамақ пісіретін қазаны бар екенін естіп, соны сұрап алады. Алайда, оны әкетіп бара жатып жолда бір үйден түстенуге кіргенде, балалар қазанның сырын біліп қойып, орнына басқа қазан қойып, ауыстырып алады. Үйіне апарғанда, қазанның айрықша қасиеті болмай шығады. Шал екінші рет барып алған олжасы – «құс есегінен де» дәл осылай айрылады. Үшінші ретінде балалар «ұртоқпаққа» тап түсіп, одан таяқ жей бастағанда, шал әлгі тоқпақты бір тетігін басып тоқтатып алады. Сол ұртоқпақтың арқасында «піс қазанды», «құс есек» пен «ұртоқпақты» алып үйіне қайтады. Осындағы тоққа қыстырса, асты өзі пісіретін қазан, бір тетігін түртіп қалсаң, өздігінен жұмыс істеп, қызмет көрсетуші робот техникалары бүгінгі күннің шындығы.

Фальклор жанрының ең көне түрі мифтік әңгімелерге назар аударған сайын көркем ойдың небір үлгілеріне тап боласың. «Миф дегеніміз – дүние туралы фантастикалық түсінік, әлемде билік жүргізетін құдайлар мен рухтардың ғажайып образдарының жүйесі. Біздің қазақ фольклоры тұрғысынан қарағандағы миф деп отырғанымыз – әлемдік мифология ауқымынан шықпайтын, тіпті типологиялық сипатымен оған сәйкес келетін дүниенің, жаратылыстың әртүрлі құбылыстарымен обьектілерінің пайда болуын, аспан мен жердің жаратылуын, адамзаттың алғаш қалай пайда болғанын және аңдар мен құстардың шығу тегі мен мінез-құлқын, ерекшеліктерін түсіндіріп баяндайтын прозалық шығармалар» (Қасқабасов С. Ойөріс. – Астана: Астана полиграфия, 2009. – 320 б).

Айналып келгенде, ертедегі адамдардың айналаны тануы осы мифтерден көрінеді. Мысалы, мифтік дәуірлерде алғашында аспан мен жерді, адам мен табиғатты бір деген түсінік қалыптасқан. Мифтік сананың кейінгі сатысы – адам өзін табиғаттан бөліп алып, оған қарсы қоя бастауы. «Мифтегі оқиғалардың болатын шағы – мифтік дәуір. Ол қасиетті уақыт деп есептелген, себебі барлық заттың пайда болуы, осы күнгі түр-түсі, ерекшелігі сол заманда орныққан деп түсінілген. Мифтік сана бойынша заттың мәнін ұғу үшін оның шығу тарихын білу керек, яғни заттың мәні мен тегі теңестіріле байланыстырылған. Қай заттың болмасын шығу тегін білмейінше, оны пайдалануға болмайды».

«Дүниедегі нәрселердің бәрі бірдей деген түсінік мифтің негізгі функциясымен, яғни, себепті-түсіндірмелік (этимологиялық) қызметімен тікелей байланысты. Із-түзсіз ештеңе жоғалып кетпейді. Өлім – алғашқы жағдайға қайтып келу. Қазақтың кісі өлді дегенді қайтыс болды, қайтты деп айтуының түбірінде осы түсінік жатыр. Ажал – олда өмір, бірақ басқаша өмір. Өлген адам жоғалды деп саналмай, ол басқа өмірге кетті, алғашқы өзінің түріне қайтып келді деп түсінілген» (Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. – Алматы: Ғылым, 1984. – 272 б). Дін мен ғылым мифтің ішінен шыққандай елестейді. О дүние мен бұл дүние туралы түсінік, ғылыми ізденістердің ең көне түрі де осы мифтік аңыздардан қылаң ұрады.

Жаратылыс жайындағы мифтік сана-сезімдер өмір заңының бұлжымас беттеріне жетелейді. Не нәрсенің болсын шығу төркінін, пайда болу себептері көркем әспеттеледі. Астраномия, физика салаларын түсіндіретін толып жатқан пайымдаулар мен болжамдары таң қалдырады. Тіпті ол қарапайым болса да. Әсіресе, астраномия ғылымы ашылмай тұрып аспан денелері туралы айтқан әңгімелері көкейге бірден қонады. «Үркер негізінде жеті жұлдыз екен. Бұлардың жылтылдап көрініп тұратыны алтау. Жеті қарақшы келіп шапқанда, бұлар үркіп, содан Үркер атаныпты. Оның арасындағы бәрінен жарығырағы қыз болған соң, үркер қызын қорғаймын деп, оны көрсетпей, бір жерге жиналып, топталып тұрады. Әйтпесе, Жетіқарақшы ұрлап әкетеді.

Күн күркіреп, көк дүркіреген шақта айғыр үйірге салынады. Дәл осы қарсаңда (мамырдың 10 кезінде) бір үйір жылқыдай топ жүретін «жеті үркер жерге түсіп», көктен жоғалады. Сұңғыла жандардың көкірегінде көктемгі күннің күркірегені үйірін (үркерді) іздеп тасыр салып, шапқылаған көк айғырдың азынағанындай болып бейнеленеді» (Әбішев Х. Аспан сыры. – Алматы, 1966, 91-бет). Үркер ауатын мезгілді дөп басады бұл түсінік. Тіпті, аспан әлеміндегі жұлдыздардың орналасу тәртібін, қозғалу заңдылықтарын егжей-тегжейлі зерттеген ғалымдардан артық түсіндірмесе, кем түсіндірмейді мифтерде. «Жеті қарақшы бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін ұрлаған баукеспе ұры болыпты. Халық болып соңына түскен соң, қылмысы басынан асқан жеті ұры жеткізбей аспанға қашып шыққан. Бастаған алдыңғы төртеуі. Ана артындағы үшеуі ерер-ермес болып жүрген олардың құйыршығы. Екі бүйірдегі екі жарық жұлдыз екі батыр. Сонау көрінген қатар екі жұлдыз Ақбозат пен Көкбозат – батырлардың аттары. Олар темірқазыққа арқандаулы. Шұбатылған арқаны да әне, көрініп тұр. Аттар темірқазықты айнала оттайды. Оларды аңдыған жеті ұры да түнімен төңіректеп айналып жүреді. Ұрылар қайтсе де осы аттарды түсіріп алмақшы. Сақ күзетші алдындағысынан көз жазбайды. Сөйтіп жүргенде таң атады. Таң атысымен жеті қарақшы көзден тайып тасаланады» (Әбішев Х. Аспан сыры). Мұнда тіпті күллі жұлдыздардың орналасуы мен қозғалысын тура, дәлме-дәл берген екен. Шынында да аспан әлемі жайлы мифтерді оқи отырып, аспантану (астраномия) ғылымының негізі осы көне фольклорлардан алынған ба деп қаласыз. Сөзіміз дәлелді болу үшін астрологтың пікіріне жүгінейік: «Жұлдыздардың тәулік сайын туып, батуы, жетіқарақшы сияқты жұлдыздардың темірқазықты айнала қозғалуының бәрі шынында біз тұрған жердің өз осін тәулік сайын бір айналып тұруынан болатын құбылыс. Бізге жер қозғалмай тұрып, аспан айналған сияқты болып көрінеді. Ал, темірқазық өзге жұлдыздардан гөрі дүние полюсіне жақын тұрады да, түні бойы бір орыннан қозғалмайды деуге болады. Оның темірқазық аталуы да сондықтан болған. Полюстен қашығырақтағы жұлдыздардың бәрі де тәулік сайын туып, батады. Ал, жетіқарақшы, Кассиопея (Қарақұрт жұлдызы) сияқты полюске жақын шоқ жұлдыздар батпайды, яғни көкжиек астына түспейді. Жетіқарақшы (жеті ұры) деп аталуы да содан» (Әбішев Х. «Аспан сыры»).

Сөз өнерінің ең көне үлгілерінен бізді қоршаған әлем туралы түсініктің ерте қалыптасқанын аңдау қиын емес. Көркем ой шындықтан алыс кетпейді, ғылымға жақындатады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #Мұқағали, аңыз, ертегілер#
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар