Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жансая Сыдықбай: Бетперде...

21.09.2016 4260

Жансая Сыдықбай: Бетперде

Жансая Сыдықбай: Бетперде - adebiportal.kz


жансая.jpg

Бір сәтке тоқтап өзінің кім екенін, не істеп, не қойып жүргені туралы тереңірек ойланғысы келген. Ойды ой қуалай берсе, мұң-тұңғиықтан малтығып шыға алмасын сезіп тұр. Сонда да кім бұл?


Жарық дүние туралы бас қатырмаса да көптің тізімін топырлатып бұл да жүріп жатыр. Адам баласы өмір сүруге келген кандидат және сол кандидат күйінде өтіп кететіні қаншама. Іс бітірем деп алдына мақсат қойса ешкім де тосқауыл болмасы анық. Жігер мен құштарлық жанын тыншытпаса, пақырың басы көрге жеткенше тыраштанып күн кешеді.


Өзі туралы табысты, қоғамда айтулы, орны бар азаматқа айналуы үшін көп еңбектенді. Нәтижесі де жаман емес. Бірақ, сәтсіздіктер сәт сайын алдынан шыға бергесін де жігері мұқала бастады. Қоғамға өзін керекті сезінту үшін бастысы қандай қағида қажет? Сен барсың ба, жоқсың ба, өмірді сүргің келе ме, келмей ме, таңдау өзіңде. Бар екеніңді білдірудегі таңдау да уақыттың талабына сай құбылып тұрғанымен, адамның ішкі дүниесіндегі қатпарлар көп өзгеріске ұшырай қоймайды.


Жиналыста болып жатқан әңгіменің бәрін мұқият тыңдап шықты да мырс етті. Дамығысы келетін, өркениеттің қазығын қағып қойып, әлемде болып жатқан айқыш-ұйқыш қиюласқан дүниелерден жол тауып шығуға біздің де жұрт талпынып жатыр-ау ә деген ішінен. Кейде осы қоғамға артық адаммын ба, осы мен неге арамтамақ болып жүрмін деген ойлар да маза бермейтін.


Бірақ, ол да осы жарық дүниенің өкілі. Ішінде қандай қайғы-қасіреті өртеп бара жатса да бетпердесін түсіріп алмауы керек. Себебі, басқалардың да том-том, баттасып қалған қомыт-қомыт бетперделері бар. Дәл осындай қоғамнан періштедей пенде баласын іздеу күлкілі нәрсе.


Жиналыстың түйіні – бүгінгідей жаһандану дәуірінде мемлекет барынша салқынқанды, салмақты саясат ұстанбаса елдіктің құны көк тиын. Сондықтан, қай ұлттың өкілі болсаң да заманыңның соғып тұрған желі мен дауылына төзе біліп, соған лайықты әмбебап азаматы болуың керек. Тілді де, өткенің мен ертеңіңді айшықтап беретін мәдениетіңді де, әдебиетіңді де сыйлап өту, сыйлату, кездейсоқ қауіп-қатерлерден сақтанып жүру – бүгінгінің басты талабы екені әрбір адамның санасына ақпарат арқылы тығындалып жатты.


Миы шаршағаны соншалық жолай бір кафеге бұрылып, аздап сыра сіміріп шығуды дұрыс деп тапты. Әлемнің бүкіл мәселесін шешу оның мойнына жүктелмеген. Көбігі басыла қоймаған сап-салқын сыраны даяшы әкеліп ұсынбаса әлгі ойдың жетегінде отыра берер ме еді. Құрысыншы деді де, сіміріп салды. Кафеде клиенттер онша көп емес екен. Ұялы телефонын алды да досы Нұрбергенге хабарласты. Ол да жұмыстан шыққан беті екен, досының шақыртуынан кейін ә дегеннен жетіп келе қойды. Досы келгеннен сауалдың астына алды.


– Не жаңалық? Еркін:

– Жиналыстан шықтым. Ақпараттың қоғамда орын алатын маңыздылығы, оған халықтың білдіретін реакциясы туралы.

– Хм, ол туралы зерттеу жасау соншалықты қиын дүние емес. Қазір не көп әлеуметтік желілер көп. Қоғамның қызып тұрған температурасын сол арқылы да анықтай салса болады емес пе? Біздікілер әйтеуір бітпейтін жиналыстар мен көзбояушылыққа құрылған есептерді тапсыру. Осының бәрі не үшін және кім үшін?

– Өзін өзі алдаған қоғамның бет-бейнесін жасыратын масканың астында қаншама шындықтар тұншығып кетті десеңші?

– Иә, шындық қашанда таяқ жеп, көзі көгеріп, басы жарылып, жексұрын болады да жүреді ғой.

– Жалғанның жалған дейтін өтірік күлмеңдеген дидары қашанда алдыңғы қатарда жүретіні бар. Әлемнің титімдей бір түйіршігі болсақ та бүкіл кеңістікті қамти алатын ой-сана берген Жаратушының бұл хикметіне тағы да кідіресің...

– Қойшы, Ереке, одан да өткендегі жоспарларың не болды соны айтшы?

– Е, ол қаражатқа байланысты ғой. Бір істі бастауын бастайсың, ары қарай командамен жұмыс жасау, соңына дейін жеткізудегі біраз қиындықтарын ойша ойланып үлгердім.

– Ойша ойланып? Екеуі де қосыла күлді.


Бұл жердің сырасы нашар екен, одан да бильярд ойнап қайтайық деп екеуі Рысқұлов көшесіне қарай бет алды. Осында жиі бас сұғатын таныстарды жолықтырамыз ба деп еді, әл-әзірге ешкімді кездестіре қоймады. Даяшы қыздың тапсырысынан кейін ойынға қызу кірісті. Еркін бильярдты бұрыннан жақсы ойнайтын, әрбір дәлелдеген нысанасын мүлт жіберген емес. Нұрбергенді басып оза бастады. Адам бойындағы артық энергияны шығарып тастауға болатын құмарлықтың жиынтығын ойын түріне кім айналдырып қойса да дұрыс істеген екен деді Еркін іштей. Әрбір ұпай жинаған сайын іштегі қыжылын сол шарлармен ұрып өлтіріп жатқандай сезімде болғаны кәдімгідей жүйкесіне тыныштық әкелді.


ххх


Көптен бері ойланып жүрген жоспарын жүзеге асыратын мезгіл жеткендей. Ұялы байланысынан беделді жерде қызмет атқаратын танысының номерін іздеп тауып алды да қоңырау шалды.


– Ассалаумағалейкум, Рахымберді аға! Бұл мен Еркін ғой. Халыңыз қалай?

– Шүкір жақсы. Өзің қалайсың, бауырым. Не жаңалық?

– Бәлендей жаңалық жоқ. Аға, мен сізге өткенде өзіңізге айтқан шаруа бойынша хабарласып тұр едім негізі. Жобаны дайындап қойдым. Қай уақытта жолықсақ болады.

– Бүгін түскісін «Достыққа» келе бер, сол жер тыныш.

– Құп ағасы, түсіндім.

Су жаңа қызметтік көлігінен түсіп келе жатқан Рахымберді Демеуұлын көрген Еркін іштей қобалжып, бір жағынан қуанып та кетті. Қанша дегенмен, ойда жүрген мақсатының бір тетігі осы кісінің қолдауында жатқанын тез арада саралап үлгерді.


Қашанда жарқылдап күліп жүретін, қажырлы кісіні кім көрсе де сүйсінбей қалмауы мүмкін емес. Осыншама энергияны кейде құдекем біреулерге аямай бере ме әлде адам баласының ішкі дүниесі жақсы ойларға толы болса өзі-ақ осылай көріне ме? Қоғамда біраз жетістіктерге жеткен, беделді қызметтің тұтқасын ұстаған кісі қарсы алдында отыр. Мұның жоспарын, айтып шыққан сөздерінің бәрін мұқият тыңдап шықты. Асықпай ернінің ұшын ғана тигізіп ішіп отырған қою қошқыл кофені жайлап қойды да:


– Еркін, ойыңды түсіндім. Бұл жобаны қолдаймын. Командаңды жасақтай берсең болады. Қалыс естіген жоқпын ба дегендей Еркін ағасына қарап қалды. Жас жігіттің толқып отырғанын түсінді де, иығынан қағып «Іске сәт!» деді.


ххх


Күн сенбі. Жолдастармен демалыста жолығып, біраз мәселені шешіп алуға қолайлы уақыт. Кездесуді қаладағы жастар көп жиналатын «Керуенге» белгіледі. Қандай басқосу ұйымдастырса да бәрінен бұрын ерте келіп алатын әдеті бар. Ешкім жоқтығын пайдаланып әрдайым жанынан бір елі қалмайтын, өзіне ғана мәлім ішінде отырған «данышпан» досы мұны тағы да түрткілесін. Мұны мазақтап отыр екен бұл жолы. Бұл қоғам сенің мақсатыңа зәру ме? Жалпы, сенің осы алға қойған мақсатың өзің үшін пайдалы ма? Неге жанығып, нені дәлелдемек болып жүрсің? Жарайды, сенің дегенің болды дейік, одан кейін жаңың тыныш таба ма? Мүддені біріктірдіңдер, бәріңнің ойларың бір жерден шықты. Бір-ақ, уақыт өте келе барлық істің күйреуі болатынын ұмытпа досым».


Бұл да әрең шыдап отыр екен. Ағытыла кетті. «Жоқ, сен қателесесің. Бір істі бастамай жатып, ақыр соңында оның да күйреуі болады деп қол қусырып отыра берсем, өмірімнің не мәні қалмақ? Еңбек қана адамның тірі екенін, мына дүниедегі орныңды анықтап беретін өлшем ғой. Кетші, мазамды алмай. Сенсіз де басқа ойланатын шаруаларым көп. Күдігіңмен көкейіме сенімсіздік ұялатып, қорқыта берме. Мұныңнан түк те шықпайды. Көр де тұр, бастауы болса да, соңы болса да, мен өз дегенімді жасаймын!».


Данышпан дос үнсіз қала алмады. «Еркін, сен қаншалықты менен тысқары болам десең де, мен сенен бір елі қалмаймын. Оны өзің де жақсы білесің. Тамаша. Жеңілгің келмейді екен. Бірақ, сенің қоғамыңның қызу қайнаған «өмірін» бақылауға алып, бүкіл адамзатты құрығынан шығармай ұстап отыратын жүйе енгізілген. Оны көбің білсең де күресуге қауқарсызсыңдар. Әуелі көнбістікке мойынсұнасыңдар, сосын адамзат моральдық тұрғыдан қажи бастайды. Десе де, әлемде сен сияқты жақсы адамдардың күш-қуаты зұлымдыққа төтеп беріп тұр. Бүгін сенің қытығыңа тимей-ақ қояйын. Тек бақылаушы болып, сыртыңнан қарап тұрамын. Мені ұмытпайтыныңды білемін. Өйткені, екеуміз кейде бірміз, кейде араздасып қаламыз. Айтпақшы, аздап ширатып алдым-ау деймін сені».


Адам өзін біреумін деп қана өмір сүргенімен, өмір бойы параллелді «екіншісі» өзіне жол көрсетумен келетіні қызық. Ол сенің Арың, ожданың, таза әлемде жаныңды кірлетіп алмай сақтап келе жатқан «екінші-өзің». Сол «екінші» бейнеңде ғана бетперде жоқ. Ал, қазір «Керуенде» өмір көшін жалғастырып жатқан, уақытты жылжытуға үлес қоспаса да өз уақытын үнемді, өнегелі өткізгісі келетін жандармен кездеспек. Әне, екі-үш досы сыртта бір-бірімен сәйкес келіп жолығып қалған ба Еркін отырған үстел жаққа қарай беттеді. Бұл да оларды көрген күйі күлімдеп қарсы алды.


Амандық-саулықтан кейін достар өздері бірігіп жасаған жобаның жұмысын сөз етті. Оған қандай тетіктер қосса аудитория мен тұтынушыларды көбірек тартатынын, бүгінгі күннің өзекті әрі қызықты болады-ау деген мәселелерінің бәрін талқылады.


ххх


Еркін негізі о баста адвокат болуды армандаған. Әділетсіздік көрген адамды қиянаттан арашалап алу бала кезінен бар қасиет болғандықтан ба, мамандығы да болмысына сай қиялымен ұштасып жататын. Сол арман мұны Шымкент қаласындағы Заң институының табалдырығына бір-ақ жетелеп әкелді. Осында төрт жыл оқуды ойдағыдай тәмамдап, көптен күткен дипломын қолға алды. Артта қалған студенттік шақтарының негізгі куәсі болып жатқан қолындағы көк қағазға ұзақ телміре қараған.


– Осы ма? Болды ма сонымен? Өліп-өшіп, баға үшін жүгіріп жүріп оқыған күндерін еске алды. Ал сол білімімді ертең іс жүзінде қолдана алар ма екенмін? Мен іздеген, мен орнатқым келген әділет заңына басқалар қаншалықты мүдделі? Құқық саласындағы алған «бестіктерім» өмірімнің мағыналы, әділетті болуына көмектесе ме? Әлде мен заңтанушымын деген біліктілікпен қоғамға бір төңкеріс жасамасам да өзгеріс әкелуге міндеттімін бе? Осы өмір сүріп отырған қоғамда ортақ заң бар. Ол заң мені мен сені стандартты тіршіліктің тығыршығына байлап қойған. Тәртіпті қоғамның тәртіпті мүшесі болу, құқық бұзсам тиісті сыбағамды алып жазамды өтеуім классикалық үлгі екені рас. Заң саласында жұмыс істеп жүрген дос-жарандары мен студент кезінде жинаған азды-көпті тәжірибесі Еркіннің осы салаға келгеніне өкіндіре бастаған. Рас, баста кәдімгідей алып-ұшып армандаған жастың оқу орнында жүріп-ақ жалп етіп өшкен арманына ешкім де келіп су құйған жоқ. Жастықта жандыратын шоқтың қызбай жатып сөнгені Еркіннің жан-дүниесін астан-кестен қылды.


Кінәмшіл де емес еді. Өмір ол ойлағандай болмаса да кішкене саңылау тауып алып, кірпіш болып қалануға дайын-ақ тұрған сәйгүлік-тін. Кейде өмір басқаша жүріс жасауды ұсынатынын ол сол кезде пайымдап үлгерді. Тіпті, базбір достарының төрт жыл оқып алған бақандай дипломымен жұмыс істемей, басқа салаға кетіп қалатынына таңырқаушы еді. Бүгін сол достарының аяқ асты шешімдерін өзінше түсінгендей болды.


– Е-ее, өмір осы. Не сен, не ол, не басқалар. Мүмкіндігімді жіберіп қойдым екен деп қарап отырмай қамдана беру қозғалыс заңдылығы екен ғой. Адамзат баласының ғұмыры қызық. Құдай адамдарды тағдыр беріп сынайды, адамзатқа қауым ретінде жалпы сынақ жіберіп, тағы сынайды. Осы адам баласының қылығына Жаратушы қалай ашуланбай шыдап отыр екен деп те таң қалды. Әрнені бір ойланып отырған кезде досы Жарқын хабарласты. Кешкісін жігіттер болып жиналып футбол қарауды ұйғарған. Достар әдеттегідей бас қосты. Еркін өз саласында жұмыс істегісі келмейтінін, басқа жұмыс қарастырып көрсем бе деген ойын айтқан болатын. Соны білетін Жарқын бұған:


– Еркін, біздің жұмысқа қосымша шығып жатқан газетті беттейтін дизайнер қажет болып жатыр. Маған бастығым өзіңе сенімді бір жігіт тауып, үйрет деді. Соған сені қасыма алсам ба деймін. Қалай қарайсың? Бұрын-соңды үш ұйықтаса түсіне кірмеген жаңа жұмыс.

– Жарайды, егер үйретем деп тұрсаң қарсы емеспін, көрейік.

– Жақсы, онда ертең редакцияға кел.


ххх


Күн сәрсенбі. Күн шаңқайып талтүске жеткенше ұйықтапты. Кеше газетті кеш дайындағандықтан түнгі 11-лерге дейін жүріп әрең бітірген болатын. Сілесі қатып келіп, төсегіне құлай кеткен. Әр аптаның қарбалас болатын сейсенбісінің кейде ұқсас болатындығы соншалық, бұл уақыттың бірсыдырғы қалпынан жалыға бастаған. Ойына көптен бері Астанаға кетсем деген жоспары қылаң берді. Онда мектепті бірге оқыған досы Айтуар бір басылымда жұмыстың шеті шығып тұрғандығын, жауабын кешіктірмей беруін айтқан. Мұндағы жұмысынан Еркін бағдарлама жасаудың біраз қыр-сырын үйренген болатын. Әне-міне дегенше үш жыл да зу етіп өте шығыпты. Төрт жылын оқуға кетірсе, үш жылын өзі нанын тауып отырған жекеменшік басылымның қызықты болып шығуына арнады. Енді осы білгенімен шектеліп қалмай орта ауыстырып, шеберлігін әрмен қарай шыңдағысы келді.


ххх


Ертең үлкен қалаға бет алмақ. Түнімен жолға алып шығатын заттарын жинастырып, ештеңені ұмыт қалдырмадым ба дегендей қайтадан реттестіріп қойды. Достары «Астанаға кетіп бара жатырсың. Жуып кет» деп әзілдеген болатын. Содан Шымқаланың тыныштау бір кафесін таңдаған. Иә, жас астанаға кете салу бұл ойлағандай оңайға соқпады. Бастығы мұның кететінін ең соңында білгендіктен бұлқан-талқан ашуланды. Тіпті, бастығымен болған диалог та көз алдында. Есіне түсіріп аздап жымиып та алды.


– Кететініңді неге алдын ала айтпадың? Жалақыңды көтерейін. Осында қал. Болмаса орныңа адам тауып, үйретіп кет.

– Кетемін деп шешім қабылдап қойдым аға. Ұжымға да, сізге де ризамын. Айыпқа бұйырмаңыз. Көп сөйлемей қысқа қайыратын біртоға мінезінен бастығының іштей қаймығатынын сезетін. Ақжарқын кісі болса кететінін алдын ала айтар ма еді, құпия ұстауының себебі де оның оңайлықпен жібермейтінін әу бастан білген-ді. Бұл ұжымнан үйренгені көп. Алғашқы жұмыс орны, еңбек жолының бастапқы сатысы. Жекеменшік ұйым болған соң, бұл жердің біраз тірліктеріне іштей қарны ашатын. Бірақ, қаншама адамға жұмыс тауып беріп отырғаны үшін де кейде бастығының пендешіліктерін өзінше жуып-шайып алатын. Бір кездері өңірдің басшысымен жақын дос болғаны үшін де жекеменшік басылымға тендерден қаражатты көбірек қармайтын. Бұлар мемлекеттік тапсырысты орындау үшін күн-түн демей еңбек етті. Бір жағынан осы да жөн шығар. Жалдамалы жұмыс күші мен мекеме басшылары арасындағы жең ұшынан жалғасып жатқан ақша бөлісу ойыны – еркін елдің еңбек күшіне төленетін ақысы сияқты-тын. Басқаша қалай болуы мүмкін? Басқару, адамдарға жұмыс тауып беру – көп жағдайда мемлекеттің шаруасы. Ал сен ізден, талаптан, еңбектен. Қаражаттың қайдан келгені маңызды емес, бастысы сен адал нәсіптің иесісің. «Мазамды алатын бұл ойлармен әуестенгенімнен не ұтамын? Өмірдің құнын әркім шама-шарқынша парықтап жүр емес пе? Мен сияқты данышпанның бойына сыймай жатқан ақылы кімге керек?». Өз ойына еріксіз күлген Еркін ертең жол жүретінін ойлап жатып ұйқыға кетті.


ххх


Автобусқа жүктерін тиеп болды. Шығарып салуға келген достары Жарқын мен Асхат Еркінге ақжолтай тілеп вокзалда қол бұлғап қала берді. Ұзақ жолға шыққасын ба, ұйықтап кетіпті. Ояна кетсе елсіз жолмен жүріп келе жатыр екен. Жол бойындағы молалардың сәулеті оңтүстіктегі молаларға ұқсамайтынын байқады. Ерекше сәулетімен бірден көзге ұрады. Көбіне күйдірілген қызыл кірпіштен тұрғызылған бейіт иелерінің бұрын кімдер болғаны қызық емес. Бұл дүниеден өткендерге тірілер ғана дұға бағыштап, келер ұрпаққа «бізді ұмытпаңдар» деп тұрғандай. Өлілер мен тірілердің арасындағы бірден-бір дәнекер аманат - осы жатқан көрің болмақ.


Құдай сенен ештеңе сұрамайды. Қалай ұйғарды, солай боласың. Демек, мен Еркінмін, қазақпын, ер азаматпын! Құдекемнің қалауы осы. Мені жаратарда осы әлемге не үлес қосады, қаншалықты жақсы адам болып өтеді, сынағыма төтеп бере ала ма, жоқ па деп жіберді ме? Осы мен Жаратушының қай ісіне қажет болдым екен? Жарық әлемнің куәгері екеніме ризамын. Бірақ, маған қарап қалатындай, дәл мен осы дүниеге келмесем де қозғалысы жалғаса беретін жарық әлем тоқтап қалмас еді ғой. Түбі бір уыс топыраққа айналатын болсақ, тіршіліктің мәнін іздеп не керек?


«Туу, құрысыншы, бір моланың жанынан өтемін деп осыншама ойға батамын. Қой, одан да астанаға сергек көңілмен жетіп алайын» деп өзін өзі жинап алды. Міне, алыстан Астана да көрінді. Жүрегі лүп-лүп соғып кетті. Неге екенін, астанаға алғаш келіп тұрмаса да осы бір ерекше толқыныстың сырын өзі ғана түсінгендей болды. Автобустың терезесінен күтіп алмақ болған досы Айтуарды көрді. Көптен көріспеген достар айқара құшақтасып, мәз-мейрам болды да қалды. Досының жүгін көтерісіп, жалдамалы пәтердің тоғызыншы қабатына көтерілді. Күн сіркіреп жауып тұр екен. Досы Айтуарға әзілдеп:


– Астана бұл жолы мені ақ жаңбырмен қарсы алды. Ырымшыл халықпыз ғой. Бұл жақсылықтың белгісі болар, - деді жымиып.


ххх


Ертесіне жаңа жұмыс орнына барды. Бастығымен, ұжыммен танысты. Бұрыннан осында жүргендей әріптестерімен тез сіңісіп кетті. Кілең жастардан құралған редакцияның тынысы мұнда мүлде басқаша екен. Бастығы мұның ептеп жаза алатын қырын байқап қойған ба, бұған кішігірім мақала жазуды да тапсыра бастады. Бұл енді тек газетті безендіріп қана қоймай, қосымша журналистермен бірге өзін толғандырып жүрген тақырыптарды да ұсынып көрді. Шыны керек, бастығы жаза алатынын байқаса да Еркіннен тәп-тәуір ойлы дүниелер күтпеген-тін. Таң-тамаша қалып, газеттің нөміріне үздіксіз беріп жүрді. Астана ойда жоқтағы армандарын құрастырып, оны жүзеге асыруға болатынын көрсетті. Еркін күні бойы жаңалықтар қарап, жан-жақты іздене түсті. Жаңа достар тапты. Бірақ, бетперде деген сен қай жерде жүрсең де жармасып қалмайтын көлеңке сияқты құбылыс екен. Бетіңе күле қарап, ал сыртыңнан сыпсыңдап сөз қылатын пендешіліктің иелері мұнда да бой көрсетіп қалып жүрді. Кеше ғана келсе де ұжымда сыйлы болып, жазғандарымен көзге түскен аз ғана табысына тарылып кететіндерді көргенде Еркіннің ойына бетперденің пайдалы жағы еске түсті.


Өмірдің кездейсоқ сәттері расында күтпеген жерден келеді. Көп ұзамай бастығы басқа қызметке ауысатын болды. Ұжымда кәдімгідей дүрбелең басталды. Кім басшы болып келеді, кім кетеді, кім қалады? Сол жерде бұрыннан істеп келе жатқан редакцияның ардагері болып саналатын Салтанат:


– Ұжымға пәленшенің басшы болып келмей-ақ қойғаны жақсы. Ол кезінде бұл жерді қатыра алмай кеткен. Қай бетімен келмекші? Егер ол келетін болса бірінші болып өз еркіммен арыз жазып кетемін, - деп шықты. Оны қостай кеткендер де табылды. Еркін аң-таң. Жақсы болсын, жаман болсын, кезінде бірге жұмыс жасасқан адамдар. Демек, іштерінен өлердей жек көрсе де жан бағу үшін амалсыз шыдаған. Мұндайда бетперденің болғаны қандай жақсы. Өне бойы жақтырмайтын адамыңа «сені ұнатпаймын» деген түрді ашықтан ашық таныту жақсылыққа апармайды. Өтірік болсын бетпердеңізді жалау етіп, езуіңізге мәжбүр-күлкі қыстырасыз. Солай етпесе амал жоқ. Өмірдің заңдылығы емес шығар әрине, бірақ бетперденің де тиер бір пайдасы осы. Онда сіздің кей кездері азапқа түсетін шын бейнеңіздің жылауық кейпі бүркеулі тұрады. Оны көруге өзге тұрмақ, өзіңіз де құштар емессіз. Адам баласы жағынып та, жауласып та өмір сүрмей-ақ, жай ғана өмір сүруге болатынын біледі. Бірақ, сол қарапайым ережеге көбісінің бас игісі келмейді. Әйтеуір бір-бірін мойындатып, бір-бірінен атақ пен молшылықты қызғанып жүргендер.


Жаратылысымыздағы қырсықтық Тәңірмен ерегістіргісі келіп тұрады. Іштегі ібіліс дерсіз. Саналы адамның кейбір азғын ойларының қасында сайтаның да жіп есе қалмай қалуы мүмкін. Азғын ойды сайтан деп бейнелей салу да бетперделік жұбаныштың бір түрі. Ал құдай ойыншық болу ұғымынан әлдеқайда үстем. Бұл да осылар сияқты неге мен де жанығып өмір сүрмеймін деген сұрақты өзіне талай қойып көрген. Рас, армандады. Мақсаты мен алға қойған жоспары бар. Бірақ, сол жолға жету үшін міндетті түрде біреудің жолын байлап, өзгенің алдын орап кетуді жөн көрмейтін.


Күнкөріс бар жерде бәсеке деген атты жамылған талас-тартыс сөзсіз жүреді. ХХІ ғасырдың адамдарының алдында тұрған ең негізгі тапсырма – қатаң сұрыпталудан өту. Өтпесең өзіңе өкпеле. Бәсеке талабы тым қатал ма, әділетті ме, әділетсіз бе – мақсат біреу-ақ. Ол суырылып шығу, ары кетсе көштен қалмау. Көптің бірі болып өмір сүруден шегіне жеткен атаққұмарлар ғана зардап шегеді.


Бастығының жұмыстан босап қалуы Еркінге де оңай тиген жоқ. Кәдімгідей арқа сүйеп, өзіне деген сенімді ұлғайта түскен тірегі еді. Нағыз маман қайда жүрсе де өзін дәлелдей алады дегенді естігені бар еді бір кездері. Бірақ, ол басшы тамыр-таныстыққа бұрмай адамның қабілет-қарымын, неге бейім екенін тани алса жақсы. Не болса да әліптің артын баға тұрайын деп шешті.


ххх


Арада бір ай өтті. Бас редактордың уақытша міндетін осындағы орынбасар атқарып келген болатын. Жаңа бастық келе сала ұжымға өзгеріс алып келді. Сол өзгерістің бірі – Еркін енді жұмыссыз. Бірнеше жерге өзінің түйіндемесін тастады. Тамыр-таныстарынан жұмыс жайын сұрастырып көрді. Алайда, жұттың жеті ағайынды екенін ұмытқан ба, бүгін үй иесінің пәтер ақысын алуға келетінін ұмытып та кетіпті. Еркін үй иесіне келесі айдан бастап тұрмайтынын, басқа пәтерге көшетінін айтты. Бірақ, қайда баратынын өзі де білмейтін еді. Үміті мен күдігі басым күндердің бұлыңғыр бояуы Еркінді алғаш рет сескендіргендей болды. «Қара басымды ала алмай жүрмін. Ертең қалай отбасын құрмақпын? Жұбайымды, балаларымды қалай асыраймын? Мен сияқты жалаңаяқ жұмыссызға ешқандай банк несие бермесі анық. Қарыздың өзі байлар мен төлей алатын пысықтарға арналған екен-ау, ә. Қой, уақытша болсын, жұмыс қарастырмасам болмас» деді ішінен қынжылып.


Кешкісін дүңгіршектен сатып алған жекеменшік газеттен жұмыс іздеп көрді. Дені дұрыс жұмыстың өзі қаптаған хабарландырулардың арасынан бірден табыла қоймады. Бәрі де жекеменшік жұмыс ұсынған, жалақысы да мардымсыз. Әуелі киім сататын бір дүкенге хабарласып көрді. Тұтқаны бір қыз көтерді. Бұған алдымен түйіндемесін қалдырып кетуін, жексенбі күні ғана демалыс берілетінін асығыс-үсігіс орыс тілінде айтып шықты да тұтқаны тарс еткізіп қоя салды. Сосын қызық болсын деп бұл көкөніс сатушы қажет дегенге хабарласып көрді. Бұл жұмысты тек сенбі, жексенбі күндері жасайтынын және осы жұмысты шынымен істегің келе ме деп өзінен сұрады. Мұндай сұрақ қояды деп күтпесе керек, Еркін не дерін білмей сасқалақтап қалды.


– Кешіріңіз аға, ойланып көрейін, сосын қайта хабарласам, - деді әрең жауап тауып үлгеріп. Не керек, Еркін ұялы байланыс сататын бір дүкенге уақытша жұмысқа орналасты. Жұмысы алғашында қиындау болып көрінгенімен келген клиенттермен қалай сөйлесу керектігін тез-ақ үйреніп алды. Тұтынушылардың көбісінің қалтасы қалың болмаса да заманның осы бір соңғы жетістігіне деген сұраныс мықты болатын. Әлі есінде, бір күні жұмысына еркетотай бір байшыкештің қызы анасымен келді. Әлгі қыз алтын жалатылған құны төрт жүз мыңдық телефонды сатып алды. Бұл болса ойланып қалған. Құдай-ау, бұл әлгі қыздың құдекем аямай бере салған мол несібесі ме әлде менің мына қауашақтай пайымым бірдеңені зерделеуге қауқары жетпей тұр ма деп басы қатқан. Бір күні тағы бір клиент келді. Пәлен несиеге алған қымбат байланысын шұқылап отырып, абайсызда күйдіріп алыпты. Жөндетуге алып барса, телефоны мүлдем істен шыққан. Содан беті қайтпай тағы да қымбатын алуға келген клиентінің өлермендігіне таңырқамасына болмады. Иә, ғасыр жастарды жетістіктерімен таң қалдырса, бір жағынан басыбайлы құлтемірге де айналдырып үлгеріпті. Телефонсыз бір күн өмір сүре алмайтын жастардың тәуелділігі жаңашылдықпен қосыла келген дерт екен.


Бұл жекеменшік фирманың бастығы Еркіннің жұмысқа адал, қағілез екенін аңғарып, қызметін жоғарылатты. Аға сатушы әрі қызметкерлердің үстінен жауапты меңгеруші міндетін мойнына алған Еркіннің шаруасы бұрынғысынан да көбейе түсті. Үнемі клиенттің қас-қабағын аңду, қоластындағы бағыныстыларын тәртіпке келтіру, тауар өткізудегі жанкештілік шаршата бастады. Бұл сала оның сүйіп істейтін кәсібінен алыстата түсті. Осында үйренген тәжірибесінен жеке кәсіп ашпақ болған ниетінен де айнып қалды. Осылай әрі-сәрі болып жүрген кезде бұған Астанадағы бір мекемеде жұмыс істейтін досы хабарласты. Газетке бет қаттайтын дизайнердің орны босапты. Соған келесің бе? - деді. Іздегені дәл мезетінде алдынан шыға келген мынадай тосын жайтқа Еркін алдында сенер-сенбесін білмей тұрып қалды. Тұтқадан досы Нұрберген:


– Әу, Ереке, бірдеңе десеңші, - деген. Қуанышы қойнына сыймаған Еркін ертесіне-ақ құстай ұшып редакцияға барды. Иә, адамға оң қолы мен сол қолы қалай қажет болса, өмірдің қиындығы мен қызығы да солай қажет пе деп қалды. Өміріңнің төрінен қуанышқа ғана жүз пайыз орын бергің келіп, ал қиындықты кіргізбей есікті тарс жауып қояр болсаң, ол сенен күндердің күнінде қатаң түрде кек алуы мүмкін. Қиындық деген өмір есігінен сығалап қарап жүретін, қаласа тұтқиылдан шабуылдайтын үнсіз дұшпан.


Еркіннің жақсы бір қасиеті жаңа ортаға тез сіңіседі. Қазақ тілімен қатар орыс тілін жетік білуі де қай жерде болмасын көмегін тигізіп келеді. Енді бұл ағылшын тілін меңгеруді қолға алды. Аптасына үш рет тіл үйрететін орталыққа барып жүрді. Жұмысы да ойдағыдай, достарымен киноға, футболға, бильярдқа барады. Тапқан табысынан туысқандарына да ақша жөнелтіп тұратын. Қысқасы, мұның өміріне кезеңнің жақсысы келіп орнағандай.


Күнделікті жұмыс уақыты. Ғаламтордан көріп отырған түрлі сайттардың бағытын, тақырыптарын қызықтады. Бір сәт оның ойына: «неге мен де осылай сайт ашпасқа?» деген идея келді. Ғаламторды ары-бері ақтарыстырып отырып, өздігінше сайт жасауды үйрететін бағдарламаларды қарап көрді. Көп ұзамай ізденістің арқасында шағын жоба жасап шықты. Онысы көңілінен шықты да. Бұл платформаға көбіне жастар үйіріліп, қызу пікір таластырып жататын.


Бірде бастығы мұны біліктілігін шыңдау үшін тәжірибе алмасуға шетелге оқуға жібермек болды. Достарымен тағы да бас қосты. Кездесу әдетте бұлар үшін ылғи да «Керуенде» өтетін. Бұл жолы бұлар тыныштау бір орынды таңдады. Еркін шетелден келген соң жеке жобамен айналысқысы келетін ойы барын достарына жеткізді. Нұрберген:


– Ереке, ұмтылысың жақсы. Бірақ, оны қаржылай қолдау таппасаң ойға алған ісіңнің алға баса қоюы екіталай. Ол үшін демеуші табуымыз керек- деді.

– Мен бір кісіге жолықсам деп жүр едім. Жобамды ұсынып көрмекпін. Маған сендердің де қолдауларың қажет. Достары «Біз сенімен біргеміз!» деп отырыстың шырайын кіргізіп тарқасты.


ххх


Арада төрт жыл өтті. Еркін жұмыс істеп отырған басылымнан аяқ астынан жақсы бір ұсыныс алып, жұмыс орнын ауыстырған болатын. Бірақ, ол жердегі жұмысы басталмай жатып сәтсіздікке ұшырады. Бұлардың ашқан жобасы көп ұзамай жабылып қалды. Команда мүшелері жан-жаққа тарап, әрқайсысы өз бетінше жұмыс іздеп кетті. Осы аралықта Еркін отбасын құрып, екі баланың әкесі атанып үлгерді. Жары да өзі шыққан аймақтың тумасы. Бұларды ортақтастырып тұрған дүние көп еді. Екеуі де бір басылымда жұмыс істеді, сол басылымда жүріп танысты, сол басылымда жүріп шаңырақ көтерді. Балалары астаналық болып дүниеге келді.


Енді міне, көп күттірмей Рахымберді Демеуұлының көмегімен бұл жаңа жобаға кірісіп кеткен болатын. Адам өмірдің қонағы екенін білсе де, оны тереңінен бүгін сезінгендей. Көлікте кетіп бар жатып сыртқа көз тастады. Кеше ғана жұмыссыз қалып уайым шеккені, достарының да қол ұшын беруге қауқарсыз, олардың да өз күндерін әрең көріп жүргенін ойлады. Кімге өкпелейді? Сенің өкпеңді жазып беруді ешкім міндетіне алмаған. Және сол міндеттің жоғы да жақсы болған. Әйтпесе, адамдарда құлшыныс азайып, міндет-масылға айналар еді. Иә, әрбір адам баласының өз өкпесі жетіп-артылады. Мына жарық дүние – сенің уайымыңа зәру емес. Бір қызығы, сол жарық дүниеге сенің жүрек жарылардай қуанышың да қажет емес. Риза болып өтесің бе, жылаумен өтесің бе, күн сәулесі шуағын шашып тұра береді. Ол аса бір қатты күнәһарға да «шуағымнан аулақ кет» дей алмайды. Демек, өмір де солай. Адам баласына «қайғыр, қайғырма, еңсеңді түзе, түземе», таңдауды өзің жасайтыныңды түсінуің керек екен.


ххх


– Рахымберді Демеуұлына өте ризамын. Қаншама талантты жастарға мүмкіндік беріп, олардың басын топтастырып, жақсы жобаны қолға алды. Ендігі кезекте, алға қойған мақсатымызды ойдағыдай орындай алмасақ жігіттер, өзімізге сын, - деді Еркін достарына қарата.


Бұлар жастармен кезекті бір басқосудан кейін жасалған жұмыстарға кішкене қорытынды жасау үшін кабинетке жиналған болатын. Досы Нұрберген де, Айтуар да, басқалары да мұның сөзін қостай кеткен.


– Адамның өмірде жеткен жетістігін бүгінімен өлшеген дұрыс. Бірақ, оның өткен шақтағы жасаған жақсылықтарын әдейі ұмыт қалдыру қиянат, ал кемшілігін қазбалау ауыр күнә, - деді. Еркіннің нені меңзеп отырғанын алғашында достары түсіне алмаған.


Шын мәнінде, ол ешкімді де жазғырғалы тұрған жоқ еді. Ол бұл сөзін достарының қандай істі қолға алса да шабыттанып, бар ықыласымен жасауы үшін айтқан болатын. Өйткені, бүгінгі жетістігің уақыт өте келе өткеніңе айналады. Осы кезде кабинетке Рахымберді Демеуұлы кіріп келді. Бұлардың бәрі де бастықтарына алғысын жаудырып шықты. Мұндай сыяпатты күн сайын көріп жүрсе де, бұл жолы толқығанын жасыра алмады.


– Әй, жігіттер, жарайсыңдар! Сендер болмасаңдар мен де осы жетістікке жете алмас едім. Жастармен бірге жүрсең жаның да жасара түседі. Сендерден өзім де айрылмаспын. Менен енді оңайлықпен құтыла алмайсыңдар, - деді әзілдеп. Бұлар мемлекет тарапынан жасалған ауқымды бір шараның кезекті жалғасына дайындықты жасап кетті. Сөз арасында бастығы Еркіннің бір айға шетелге оқуға кететінін ескеріп:


– Еркін, бір ай аз ғана мерзім. Бірақ, сені сағынатын боламыз. Жақсы тәжірибе жинап, шабыт алып келерсің, - деді. Бастығынан жылы сөз бен қолпаштау көрген Еркін іштей қысылып қалды. Десе де, сөз тауып:


– Сізге де көп рахмет! Сеніміңізден шығуға тырысамын, - деді.


Ертесіне достар Еркінді әуежайдан ұшаққа шығарып салуға келді. Ұшақ биікке көтерілген сайын, адамдардың да, шаһардың да көрінісі кішірейе бастады. Өмір де солай, биікке көтерген сайын қауіптің де қатар жүретінін жүрегіңмен сезінбесең, қапыда қаласың. Сынақ та, қоғам да, сүрген өмірің де әп-сәтте ғайып болып, тағдырыңның нүктесіне айналасың. Бір кездері бет-жүзіңнің қалтарыс-бұлтарысын жасырған бетпердең де адыра қалады. Бірақ, адам үшін - өлу емес, өмір сүру мақсат. Түрлі тәуекел ғана ғасырды дамытып, алға жылжытты. Өмір бойы жинаған білімің мен білігіңді өнеге мен игілікке жұмсай алсаң, демек ол бақытың.


Астана қаласының төбеден қарағандағы әдемі көрінісін аппақ бұлттар бірте-бірте жаба бастады. Еркіннің бала кезде осы бұлттарды қолыммен ұстап көрсем ғой деген қиялы есіне түсіп, аздап жымиды. Ол өзінің алда әлі талай бақытты сәттердің күтіп тұрғанын сезіп, жүрегі атқақтап кетті.




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар