Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САТИРА
Жантық пен Тантық немесе бүгінгі сатира...

01.01.1970 6235

Жантық пен Тантық немесе бүгінгі сатира

Жантық пен Тантық немесе бүгінгі сатира - adebiportal.kz

 

Абылай Мауданов - әдебиетсүйер қауымға сан түрлі шығармашылық қырымен танылған дарынды жастардың бірі. Поэзия әлемінде соны жырларымен жылы әсер қалдырса, сын және журналистика салаларында да елең еткізер еңбектерімен дараланып жүр. Соңғы кезде сатира жанрына қалам тербеп жүрген Абылай Маудановтың үш туындысын ұсынып отырмыз.

 

«Беделді» тілші болудың жолы қандай?

 

Егіз лақ емізген ешкідей екі бірдей республикалық телеарнаны аптасына алты сюжеттен «тойдырып», «тілшілердің ішіндегі тындырымдысы» атанған шабытты шағым еді. Оның сыртында өкіртіп жазып, өңірлік газеттің де жүгін өгіздей өрге сүйреп жүрдім. Сүйкей салғаным сайттардың «сыбағасы». Түрлі-түрлі тақырыпты көтерген «туындыларым» әлеуметтік желілердің бетін әлем-жәлем етіп әлеміштеп жатады. Қысқасы, өзімнің ойымша аймақтағы қалам ұстаған небір «шалқұйрықтар» қарамды көруден күдер үзіп, шаңымды жұтқанын шүкіршілік етіп жүрген кезі. Десек те, ел газет оқып, теледидар көрмей ме, әлде біздің қала бөлек әлемде өмір сүре ме, БАҚ біткеннің бетін бермей белсенді жұмыс істесем де, беделімді өсіре алмай діңкем құрыды. Аймақты былай қойғанда ауламдағылардың өзі түрімді танымақ түгілі, ныспымды білмейтін.

 

Бірде аяқастынан таңдау маған түсіп, жүз жиырма елдің журналисі қатысатын халықаралық семинарға баратын болдым. Қанатты көлікті қалтам көтермегесін, амал жоқ, билет пойыздан бұйырды.

 

Кешқұрым уақыт еді. Асай-мүсейімді асынып, купеге кіре бергенімде жолсеріктердің бір-біріне «жұрттан ақша алғанда жымыңды білдірме. Біздің вагонда журналист жүр. Жазып жіберуі ықтимал. Қоюлап шәй беріп, көңілін аулау қажет!» деп күбірлесіп жатқанын естіп, ішім жылып қоя берді. Қанша айтқанмен пендемін ғой, «ақыры атым шыққан екен, тіпа-тіпа» деп тамбурға барып түкіріп келдім.

 

Жылы жүзді жолсерік қыздың шәйді шақыртпай әкелуін күтіп, шәниіп жатқанымда көзім ілініп кетсе керек, әлдебіреу бүйірімді тесердей нұқып қалғанда, біз сұғып алғандай атып тұрдым. Біз өкше кебіс киген бойы биік бикеш «билетіңді көрсет» деп бұйырып тұр екен. Саусағыммен қабырғамды сипалап қойып, сұрағанын бердім. «Пойызға бірінші мініп пе ең, құжатың қайда?» деп қыржиды ол. Қалбалақтап төсқалтамнан төлқұжатымды шығардым. Сырықтай сұңғақ жолсерік сүзетін текедей кекілінің астынан көзін сүзе: «көрші купеде журналист кетіп барады. Шошаңдап шыға бермей тыныштық сақтаңдар» деп ескерту жасады. Қасымдағы сапарластарыма қарап ем, олардың да жанарлары жыпылық-жыпылық етіп, қарадай қаймығып отырғаны сезілді. Ескерту есімді шығарса да, сүйекке сіңген мінез журналистік жеңсіктік жеңіп, көрші купеге көңілім ауа берді. «Қанша дегенмен халықаралық шараға бара жатырмын. Аға буынның ақылын алып, тәжірибесін тыңдаған артықтық етпес. «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген ой да көкейімді тесіп барады.

 

Басымды қылтитып едім, шолақ юбка киген жолсерігім жылмиған жүзіне мүлдем жараспайтын жорта жымиыспен жорғалай басып шәй тасып жүр екен. Қаһарына ілігуден қорқып, қыбыжықтап тұрған мені «әй, бала бері кел. Ағаңа сәлем беріп, сарқытынан ауыз ти» деп әріптесімнің әйелі өзі шақырып алды.

 

Беделі бір вагонды «бүріп» келе жатқан «журналисім» жетпістен асқан кісі екен. Желкесі күржиіп, екі езуі ыржиып, күрең шайды сіміріп отыр. Таңдайына тиген сұйықтың самайынан ағатын қасиеті бар-ау деймін, сораптаған сайын тері де сорғалай түседі. Құлақтың тұсынан төмен сырғыған ірі тамшылар қырма сақалын қуалап барып, борықтай бұғағына домалап жатыр, домалап жатыр. «Мына бала журналист ағасын танып кеп тұр-ау. Бір кесе алып келші» деп жеңгеміз жолсерікті жүгіртіп жіберді. Жорғалап алып ол кетті. «Ағамның» бет-жүзін бұрын көрмеген екенмін, танымай қалсам «сүйегіне таңба саларлық» сыңайым бары сезілгесін, «қорыққан бұрын жұдырықтайдының» керімен: «мен де тілші едім. Сізбен жолыққаныма қуаныштымын» дедім былжырап... «Бәсе», - деді бәйбіше: - біздің отағасыны білмейтін адам бар ма... Бата сұрауға кеп, кіруге бата алмай жүр екен ғой. Болар бала бо..нан деген...».

 

- Ә, бәрекелді. Қай газеттенсің?

 

- Газетте істемеймін, аға. Теледидардамын... Меншікті тілшімін...

 

- «Меншікті тілші», - деді ағамыз менсінбегендей. Етектей ерінін сәл шүртитіп, «компартия кезінде біз де ауылдардан тілші ұстайтын едік» деп күбір етті сосын.

 

– Тираждарың қанша?

 

- Мен теледидарда істеймін аға. Бізде тираж жоқ ғой...

 

- Еее, - деп есінеді ағам. - Хәліміз мүшкіл десей... Баяғы заман қайда...? Қазір жұрт газетке жазылмайтын болды ғой, - деді әлдекімдерді жазғыра сөйлеп.

 

Жетінші құманды төңкеріп барып жолсерікке алғысын айтқан «дөкейім» маған біржола бұрылды.

 

- Тілші болсаң, кәдеңе жарар, өткен өмірімді айта отырайын. Бекер келмеген боларсың. Біздің тәжірибе ұшан-теңіз ғой. СПТУ-ға түсе алмай, еңбек жолымды редакцияда еден сыпырушылықтан бастадым. Корректорымыз кәрі кемпір еді, көктемде көк мұзға тайып құлап, жамбасы сынып, жұмысқа жарамсыз болып қалғасын орнына мені алды. Ол кезде қызметке тұру қиын еді ғой. Абыроймен алып жүрдік. Қанша жыл істегенде «еңбек ері» дегенде «б» әрпін байқаусыз тастап кетіп, бір-ақ қате жіберіппін. Одан тілшілікке көтерілдім. Талай-талай шопырлар мен шопандарды шырылдатып тұрып шенедік ғой, несін айтасың. Дұрыс қарсы алмаған совхоздың директорларын сыннан көз ашырмайтынбыз. Қорыққанынан құрдай жорғалайтын. Бетің бар, жүзің бар демей «былш» еткізуші едік. Жаман жеңгең куә, соғымды сатып алып көрген емеспіз. Қызметтен қол үзгенімізге отыз жыл. Құдайға шүкір, әлі күнге сыйлымыз. Қайда барсақ та құрметтен кенде боп көрген жоқпыз, - деп жидесінің жағасына тағып алған «ҚЖО» мүшесі» деген төсбелгісін сипады. «Айтқанының бәрі рас» дегендей бәйбішесі басын изеп қояды.

 

«Тәжірибелі тілшімнің» «өнегелі өмірбаяны» ет пісірім уақытқа созылды. Айтуынша «өзі болған күнінде» алты директорды тәйкесінен түсіріп, тәубесіне келтіріп, жеті парторгты «жер аудартыпты». Саналы ғұмырында ауданға келген сегіз секретармен сыйласып ғұмыр кешіпті.

 

- Тілшілік деген зор қызмет, - деді ағамыз қоштасарында, - «жазамын» деп қорқытсаң, әмірің «жарты патшадан» кем болмайды. Осыны жадыңда мықтап ұста. Ағаңның айтқанын тыңдасаң, жаман болмайсың!». Берген батасы осы шығар деп бетімді сипадым.

 

Беделді болуды кім аңсамайды, халықаралық семинардан қайтып келгесін белсенділігімді тіпті арттыра түстім. Бірақ, теледидарда тираж жоғын түсінбейтін «тәжірибелі» тілшінің танымалдылығына жете алмағанымды мойындаймын. Ол үшін не істесем екен, ә? Әлде еңбек жолымды еден сыпырудан бастағаным жөн бе еді? Бәлкім, «алты директорды тәубасына түсіріп, жеті парторгты жер аудартуым» керек пе? Мүмкін, сегіз секретармен сыйласуым қажет шығар. Қысқасы, миым жетпеді. Сіздер не ақыл айтасыздар? Қайтсем беделді тілші бола аламын?

 

 

 

«Өнер жолындағы» өлермендердің сұхбаты

 

- Өнер жолында жүргенінізге қанша жыл? – «ң»-ға тілі келмейтін қызыл көйлекті сары қыз сұрағын өтірік қымсына қайталап.

- Тәәк, тоғыз, жоқ.., аа, сегіз жыл екен ғой, - деді бата тілегендей алақанын жайып жіберіп жылдам есептеп, екі саусағы ғана бүгілмей қалған жасыл жейделі аққұба жігіт алақ-жұлақ жұтынып.

- Кешірініз, бұл екінші сауалым екен ғой, - деді сары қыз сызыла түсіп, - өнер жолына қалай келдініз? Соны сұрағым келген екен ғой...

- Не ғой, өнер жолының босағасын аппаратура арқалап аттадым да. Барлық асабалар сүйтет та. Ең алғаш екі курс жоғары оқитын жолдасыммен бірге шықтым да. Ол айтатын да, «ет етке, сорпа бетке, сиғаны ішке, симағаны пакетке» деп та. Ет жеп қайтсаң да олжа ғой деп. Сүйтіп-сүйтіп «суперлердің» сценарийін сол қалпы жаттай бастадым да. Бірде алпыс жасқа толып жатқан Асқар деген ағаны асаба «аскарблайт» етіп алт та. Ішіп алғандар талдырып тастат та. И сосын екінші дастарханды жүргізетін ешкім болмай, амалсыз микрофон маған бұйырт та. Сүйтіп, тосыннан тұсауым кесілт та ше! Тіпа, тіпа, қазір өнер жолында өршеленген өлермендердің ішіндегі дені дұрысы өзім да. Айтпақшы әлгі досым екеуміз «дуетпіз». Любой тойды жыртып аламыз... Мінекей, визиткам, - деп «да, де, та, те-леп» екіле сөйлеп, не жазып жатыр екен дегендей қызыл көйлекті қыздың қойын дәптеріне мойнын созған жігіт. Сары қыз салып жатқан суретін сұхбатшысына көрсетпеуге тырысып, айфонын алдыға шығарып, блакнотын бүйірге ысырды.

- Маған негізі диктафонға жазған ынғайлы да. Сосын да мән берменіз. Менін мақсатым негізі сізді халыққа кенінен таныстыру болып табылады. Сол үшін айып етпесеніз анықтап алсам деп ем . Өнер жолында жүру қиын бе?

- Айтып отырмын ғой, өнер жолы өте ауыр деп. Онда қазір екінің бірі жүре алмайт та, конкурент көп та просто. Айтады ғой, «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп, сол сияқты кейбір қазақтар бізді щуткаларды түсінбейт та. Сосын сразу шатақ шығарат та..

- Кешірініз, әлгі мақалынызды қайталайсыз ба? Нағыз қазақ... қалай дедініз?

- Ол мақал емес, тақпақ та. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» дейді ғой. Бірақ домбырамен беташарды ғана істейміз да. А так досым, базар жоқ, термені айырат... Просто егер үйлену той боп жатса жастар домбыраны түсінбейт та. Біз бүкіл халықпен жұмыс істеуіміз керек та.

- «Халықтын қамы бірінші орында тұру керек» дейсіз ғой. Мұнынызға қосылам. Біздің журналистиканын мақсаты да ең алдымен халыққа қызмет ету болып табылады. Жана өзініз айттыныз ғой «өнер жолы қиын» деп. Онынызбен келісем. Өйткені, көре алмайтындар көп болады да. Мысалы, менін өлендерімді де газеттердін жарияламайтыны жасырын емес. Өйткен себебі, қазақ халқы күншіл болып табылады. Енді сұрағым келгені... қандай-қандай қиындықтар әсіресе сізді қинайтыны...?

- Не ғой, қиындық көп ғой. Халық қазір қу да. Асабаларға аз төлегесі келіп тұрат та. Беташарды бергісі келмейт. Сол жағын түсінбейм да.. а так айтады ғой, қанша жерден қымбатқа жасасаң да, тойды жыртатын асаба деп. Кейде шу шығарады. Жаңа өзіңіз айтқандай көре алмайды да. Әр сөзіңе, музыкаңа тисед. Ойындарға қатыспайды. Кейде кафені жауып кетіп, такси келмей, далада қатып қалатын кездеріміз болады. Ондайда тоңбас үшін «қатып аламыз» да. Енді ол да не ғой, денсаулыққа зиян ғой. Соны түсінбейт та адамдар.

- Түсінікті. Өнер жолында түсінбестіктін болуы заңды құбылыс деп есептеймін. Оның себебі, жанағы, көре алмаушылықтан екені белгілі. Енді алдағы жоспарларыныз?

- Жоспар? Жоспар енді не ғой, таксиге шығындана бермес үшін досым екеуміз бір машина сатып алсақ деп ек.

- Кешірініз, сіз мені дұрыс ұқпай қалдыныз ғой деймін. Оқасы жоқ, «ондай-ондай ханнын қызында да болады» демекші, мен мынау, өнер, шығармашылық жоспарларыныз?

- Ааа.. Түсіндім, түсіндім. А так басында түсінбей қалып жатсам... Енді жоспар, Туканың, Тұрсынбектің новый приколдарын жаттап алсақ деп ек та. Әйтпесе, сценарий уже жыртпай жүр да халықты. Сосын, Төреғалидың жаңа әнін скачать ету...

- «Жүктеп алмақшымыз» дейсіз ғой. Оларыныз да дұрыс. Өйткені халыққа жанашылдық керек екені түсінікті. Тойларыныз күлкінішті өтетін болар.

- Халық жарылып, күлкіден құлап жатады.

- Бәсе. Өзім де солай деп неткем. Енді тағы бір сұрағым, сізге осы өнер кім арқылы дарыды? Тұқымдарыныз да өнер адамдары бар ма?

- Дұрыс айтасыз. Бірақ, біздің тұқымда өнер адамдары жоқ. Атам қойшы, әкем шопыр. Бірақ, қазақ айтады ғой, «жігіттің жақсы болмағы нағашыдан, үйдің жақсы болмағы ағашынан» деп, мүмкін нағашыларым жағынан келген шығар. Өйткені, қазір кіші інім де өнер жолында жүр да өзім сияқты.

- Әрине, адамға өнер қанмен берілуі заңды құбылыс. Менін де нағашы атам өлең жазған. Оны да кезінде көре алмаушылар шығартпаған. Бизнесмен баласы былтыр уже бесінші томын бастырды. Сонымен нағашыныз кім болған?

- Менің ба? Нағашым веттехник...

- Менін нағашым да зооттехник. Ол кезде не да, шығармашылық адамдар ауылда қалып қойған да. Қазіргідей интернет болса, мен ойлаймын, ол кісілер де танымал болар еді деп...

- Әрине, қазір менің инстада елу мың, вкда қырық мың, другвокругта отыз мың, мой ондакласникте жиырма мың, фейзбукте бес мың, твиттерде төрт мың досым бар. Тіпа, тіпа, сол арқылы бәрі танит та. Фотоны салған бетте лаик басып жатады. Соның бәрі танымал болғасын деп ойлайм да.

- Сұхбатынызға көп-көп рахмет. Танымалдылығыныз арта берсін. Өйткені, қазір заман танымалдылықтың заманы болып табылады ғой. Мен ойлаймын, сіздің танымалдылығыныз біздің материалымыз шыққаннан кейін тіпті арта түседі деп.

- Рахмет, қарындас, тойыңыз болса хабарласыңыз... скидка..

- О, рас па? Алдағы апта боссыз ба?...

- Айтпақшы айтпай кетіппін ғой, басым да бос.

- «Үйленетін» нем... подругам ғой. Жұлдыз жүргізуші іздеп жүр. А так менін де басым бос.

 

P.S. Мынандай бастар «бос емес» дегенге басқаны қайдам, мен сенбеймін.

 

 

Жантық пен Тантық

 

Жантық пен Тантықтың жатарға төсегі бөлек демесең, айтарға өсегі де, киетін киім-кешегі де, қыртқаны мен құртқаны, жұтқаны мен ұққаны да ұқсас. Мінез-құлқы есектің екі құлағындай егіз, екеуі де тоқ қаздың бөтегесіндей бұлтиған семіз. Бар айырмасы беттерінде: бірінің жүзі бөдененің жұмыртқасындай безеу-безеу болса, екіншінің әлпеті – сарымай салынған қарындай сазара жылтырып тұрады. Сосын бір «сәл-пәл» өзгерек жері Жантық – сақаулау , Тантық – мақаулау. Әрқайсысы әлденеше парақша ашып алған әлеуметтік желінің «әйдігі». Жұртқа көрсететін сықпыты болмаса да, ұлтқа тигізер бықпырты көп бұқпаның ішіндегі ең «белсенділері». Тасадан тұрып тас атуға келгенде, жауды жайратқан Төлеген Тоқтаровтан бетер. Адамды айыптаудан алдына жан салмайды.

 

Жантық – өзінің шұбар боп туғанын әкесі мен шешесінен емес, Басқадан көреді. Тантық шалбары сыймай шартиып, бетінің іреп алынған ісектің бітеу құйрығындай жалпиып, салпиып қалғанын Қасқадан көреді.

 

Жантық – жұмысынан қате кетсе, сөгіс алып, жұбайынан жапа шексе «гендерлік саясаттан» деп боқтайды.

 

Тантық – жемсауы толмай қалса, тамаққа тоймай қалса «тендерлік саясаттан» деп оттайды.

 

Жантық – жел оңнан соқпаған күні Құдайды, солдан соқпаған күні Ығайды жазғырады.

 

Тантық – асқазаны ауырған күні Бас дәрігерді сықпыртады, басқа жағы ауырған күні Жас дәрігерді «ықтыртады».

 

Жантық – жақсылардың атағы бар деп қырын қабақ.

 

Тантық – «бақсылардың» сақалы бар деп ырылдамақ.

 

Жантық – жылт-жылт «нетіп...» «тесіктен тесікке» сыймай жүр.

 

Тантық – ырқ-ырқ етіп, есіктен есікке сыймай жүр.

 

Жантық – кейде көріп үреді, кейде еріп үреді.

 

Тантық – екі бұтын керіп жүреді, елдің теріс мінін теріп жүреді.

 

Жантық – «алтын арқалап, жантақ шайнаған нармын» деп «ойнайды».

 

Тантық – «халқым алқалап, ортақ «сайлаған» «ханмын» деп ойлайды.

 

Жантық – жұртты «ақымақ» көреді, «ақымақтарға» ақыл айтып «аһылап» сөгеді.

 

Тантық – ұлтты «батырақ» көреді, «батырақтарға» «батыра айтып» «бақылап» көреді.

 

Жантық – «сауатты, жауапты» көрінуден үмітті.

 

Тантық – «сауапты, қауақты» көрінем деп діңкесін құрытты.

 

Жантық – біреудің ақшасын есептеп ермек етеді.

 

Тантық – біреудің бақшасын өсектеп ермек етеді.

 

 

P.S«Бүкірді көр түзейді» дейді қазақ. Бұл екеуі осылай көрге кетеді.

 

 

 

Абылай Мауданов, Қостанай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар