Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жарас Ахметов. Тоты құсым кішкентай

24.09.2018 2246

Жарас Ахметов. Тоты құсым кішкентай

Жарас Ахметов (1935-1986) Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Еңбек жолын 1955 жылы Жезқазғанда кенші болып бастаған. «Өгей шеше» деген тұңғыш әдеби көркем повесі «Жұлдыз» журналының 1961 жылғы №1 санында жарияланған. Осы шығармасы жас жазушылардың «Таңғы шық» деп аталатын ұжымдық жинағына да енген. 1966 жылы оның «Жазушы» баспасынан 47 мың дана таралыммен «Гүлшат» деген повестер жинағы жеке кітап болып жарық көрген. «Әдебиет порталының» талғамды оқырмандарының назарына ұсынып отырған бұл хикаятты бізге автордың туған інісі Өтен Ахмет берді. Бұрын еш жерде жарияланбаған.

Бірінші бөлім

Бұл әңгіме былай басталды; дәлірек айтсам, мен мінген купеде үш адам – бір полковник, бір майор және қатардағы жай киімді тағы бір қазақ жігіті отырды. Алматыдан келе жатқан бұл үш жолаушының қасына төртінші боп қосылған мен Шымкент темір жол бекетінен мінген едім. Сүйтіп Маңғыстау түбегіне бет алған 1973 жылдың көктеміндегі сапарым басталып кете барды.

Мен бұл кісілермен Қандыағаш стансасына дейін бірге жол шектім. Сүйте тұра бүгін жазам деп құлшынған кезімде екі әскери адамның аты – жөні есіме түспеді, демек, амалдың жоқтығынан, оларды әскери дәрежесіне қарай атауыма тура келіп отыр.

Полковник, жас шамасы қырықтың үстіне шыққан ұзын бойлы, ақсары өңді сымбатты кісі еді. Кісіге байыппен қарайтын, дәмді сөйлейтін, әзілге де епті өте бір сүйкімді адам болатын. Ал майор одан біраз жас кіші және орта бойлы, бұйра шашты, көзі жалт – жұлт еткен грек пішіндес қоңырқай жігіт тұғынды. Оның күлдіргі сөзге деген шеберлігін мен айтып жеткізе алмаспын деп ойлаймын. Өздері шекара әскерінде қызмет етеміз деді ғой деймін, үйткені Қытай жайында айтқан әңгімелерін құмарта тыңдағаным әлі есімде.

Сол жолғы сапарластар арасынан жадымда түп – түгел сақталып қалғаны купедегі төртінші жолаушы болды. Үстіне ақшыл түсті жапон кәстөмін киген және соған үйлесімді алқызыл көйлегі бар со бір тіп – тік бойшаң жігіттің бүкіл бейнесі, күні бүгінге дейін тасқа басқандай көз алдымда сайрап тұр. Аққұба өңі шырайлы, көзінің шарасы кең, өзі және түрікмен адамына ұқсаған бұйра шаш, әдемі жігіт еді ол. Аты Заңғар, таныстық кезіндегі әңгіме үстінде, соғыс басталған жылы туғанмын, жасым отыздың ішінде дегені есімде қалыпты.

Сонымен, не керек, біз мінген Алматы – Мәскеу жүрдек пойызы Түркістан қаласын бетке алып зулап келе жатты. Сөзіміз үйлескен екі офицер және мен купенің ішінде отырып манадан бері әңгімені гөйітіп келеміз.Ара – тұра қарап қоям, Шымкенттен жүрерде бізбен тек танысу үшін ғана сөйлесіп, содан соң шығып кеткен Заңғар ашық терезенің жақтауына асылып, сыртқа талмастан қарап ұзын коридорда әлі тұр. Олай – бұлай жүргендердің байқаусыз соғып өткені, жұрттың абыр – жабыры, жолсерік әйелдің әлде кімге ескерту жасап кейіген ап – ащы дауысы, майордың қуақы сөзінен кейін мәз болған біз үшеуміздің күлкіміз, оған түк әсер етпейтін секілді. Бар болғаны қайта – қайта темекі тұтатып, түтінін будақтата береді.

Сәлден соң мен екі офицермен әңгімемді үздім де коридорға шығып Заңғардың қасына келдім.

-Таза ауа жұтып тұрсыз ба? – дедім, сүйттім де ашық терезе арқылы аңқылдап соққан көктем желіне мен де бетімді тостым.

-Иә, аздап сүйтіп тұрмын, - деп жауап қайырды ол қазіргі жағдайына риза емес кісідей қабағын шытып. - Іш пысып кетті, туысқан. Мына пойыз дегеніңіз барып тұрған шабанның шабаны екен ғой. Қараңызшы, жүріп болмайды. Күн, міне сәске түс, ал бұл Шымкент облысынан шығып болатын емес. Маңғыстау қайда,біреу қайда.

-Баратын жеріңіз Маңғыстау болса жолымыз бір екен. Асығатын не бар, жата – жастана жетерміз, әйтеуір, - дедім мен. Ол күрсінді де:

-Сіз Маңғыстауда тұрады екенсіз ғой, - деді.

-Жоқ. Мен ол жаққа қызмет бабымен бара жатырмын. Ал өзіңіз ше?

-Мен де ол жақтан емеспін. Инженер – геолог едім, Маңғыстауға қызметке жіберді. Ех, - деді сосын қынжылып, - самолетпен ұшпағанымды қарашы.

Бұдан ары сөйлесудің ретін таппадым да мен купеге қайтып келдім.

Пойыз Түркістаннан өткенде уақыт шаңқай түстің кезі еді, не істерімізді білмей зерігіп отырған үстімізге, кенет манадан бері жым – жылас жоғалып кеткен майор кіріп келді де, көрші купеде келе жатқан Мәскеулік үш әйел бізді шайға шақырады деп мәлімдеді.

-Таңданатын түгі жоқ, - деп түсіндірді майор, - Мен бұл үш әйелмен достық қарым – қатынас орнаттым. Әйелдермен достасу, әсіресе, ынтымақтасқан және өзара түсініскен жағдайда қатар өмір сүру біздер, еркектер үшін, өте қажет. Біріншіден, сол әйелдің бабын қайтсем табам деп жүргенде уақыттың қалай өткенін сезбейсің. Екіншіден, қалтаң бүгіп, пысып жүрген ақшадан тазарады. Сосын өзі былай ғой, жақсы әйелге қызмет ету, біле білген кісіге, жатқан бір рахат қой. Мысалы, мен жақсы әйелдің бойынан күн көзінің қызуы сияқты жылы шуақ пен нұрлы көктемнің жұпар иісін сезінем.

Майордың айтқаны рас боп шықты. Бізді күлім қаққан әдемі жылы шыраймен үш әйел қарсы алды. Үстеріне балықкөз қызыл матадан ұзын халат киген, омыраулары жартылай ашық бұл қазмойын әйелдер өздерінің жап – жас сымбатты көркімен бізді бірден үйіріп әкетті. Дегенмен, сыпайыгершіліктің сыртқы пормасын сақтап, алғашқы он минөтте жөн сұрасып, жол сұрасып қана отырдық. Одан соң біртіндеп әзіл – оспаққа көштік те, әңгімеміз мұз үстіндегі конькише сырғи бастады. Сүйтіп бас – аяғы бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде, қонаққа жиналған көрші – қолаңдар сияқты өзара еркінсіп, жарыса сөйлеп, дуылдай жөнелдік.

Пойыз Қызылордаға келіп тоқтады. Ыстықтап отырған екі офицер мен үш әйел бой жазып салқындап қайтқалы перронға түсті де, Заңғар екеуміз ашық терезеге сүйеніп ұзын дәлізде тұрып қалдық.

Бекет алды ығы – жығы адам; айқыш – ұйқыш қозғалып, біріне – бірі жол бөгеу болып сеңдей соғылысады.

Бұл қала маған бала күннен таныс: мына бекеттен сан рет пойызға мініп, түрлі сапарларға аттандым. Осы бекеттен мен қаншама достарымды күтіп алдым, олар да мені қанша рет күтіп алды десеңші. Ал қазір сүзіліп қанша қарасам да ескі достарымнан ешкім де көзіме түсетін емес.

Пойыз жүруге айналды; жолаушылар түгелдей вагондарына мініп, басқыштардың жанында тек жолсеріктер ғана қалды. Міне, дәл осы кезде шамадан көтерген бір ер кісі, торқалта ұстаған бір әйел, тағы бір бойжеткен қыз бекеттің есігінен асығыс шықты да, тура біздің вагонға қарай ұмтылды. Тез – тез жүгіріп алдымен жеткен қыз жолсерік әйелге билетін берді де өзі артына бұрылып:

- Пап, тез, - деп дауыстады.

Екі шамададан көтерген мосқал денелі кісі сүріне – қабына келіп, жүк – мүгімен бірден басқышқа көтерілді. Сосын әйел ұсынған торқалтаны да қолын созып алып, ішке қойды. Сүйтті де секіріп жерге түсті. Бұл кезде толықша келген ақсары әйел мен жаңағы қыз қоштасып жатқан болатын.

-Ал жаным, аман бол, үзбей хат жазып тұр, - деп жатты әйел қыздың екі бетінен кезек – кезек мейірлене сүйіп, - жан жүрегім, көзімнің қарашығы менің. Амандық болса, көп ұзамай артыңнан барам. Барам, барып қайтам, жаным.

-Өзім де келіп тұрам ғой, мама. Қызметке тұрып жайғасып алған соң келем, тек сен уайымдай берме, мама. Жарай ма?

Кенет тепловоздың күңірене шыққан зор дауысы бұлардың сөзін бөліп жіберді де, іле – шала соңындағы вагондарды жұлқи тартып қалып, ақырын ілбіп жылжи жөнелді.

-Пап, - деді шесінің құшағынан босанып шыққан қыз енді әкесіне қарай ұмтылып. – Пап, көріскенше сау бол!

-Сен де көріскенше сау бол, қызым. Аман жүр, мамаңды, мені ұмытпа, үзбей хат жазып тұр, - деді де мосқал денелі кісі қызының майдайынан сүйді.- Ал енді бар, жолың болсын, жан балам.

Сәлден кейін мосқал денелі кісі мен ақсары әйел де, бекет те, перрондағы ығы – жығы адамдар да көзден ғайып болды.

Жолаушы қыз жаңағы үш әйелдің қасына жайғасты. Мен тамбурдағы жүктерін әкелісіп бердім. Әдемі аққұба қыз еді бұл. Ұзын кірпік, қарақат көз қыздар болады – ау бір, соның дәл өзі еді. Талдырмаш дейтін талдырмаш емес, толықша деуге де келмейтін мұндай сұлу біткен денені мен бұрын – соңды көрген емеспін. Ұшы қырқылған қалың қара шашы иығына түсіп, ақторғын мойнын жауып тұр. Көрсеткен қызметім үшін маған сыпайы түрде рахмет айтты.

Түс қайтып вагонның іші салқындай бастаған кезде, көңілді майор жаңағы үш әйел мен жолаушы қызды біздің купеге келіп алты карта ойнауға шақырды. Оның бұл ұсынысын біз де бөтен көрмедік; әйелдерді жайлы жерге отырғызып, шампан ашып жалбақтап жатырмыз.

Жолаушы қыз сәл кешігіп келді және бәрімізге түсініксіз бір тосын мінез көрсетті. Сәл күлімсіреп, сыпайы ғана ұрықсат сұрап купеге кіре берген ол, кенет жылан басып кеткен адамдай ыршып кейін шықты да, купенің есігін сарт еткізіп қатты жауып жіберді. Біз аң – таң болып бір – бірімізге қарадық, бірақ түк түсінбедік. Сүйткенше болған жоқ, есік сыр етіп қайта ашылды да, қыз аяғын ақырын басып ішке кірді. Өзі қатты әбіржіген адамға ұқсайды, бірақ онысын сездіргісі келмей сәл күлімсіреп, бізден кешірім сұрады.

Карта ойыны тез жалықтырды. Бұдан гөрі әңгіме айтып немесе ән салып көңілді отыруға әбден болатын еді. Полковник осыны алдымен түсінді де:

-Жарайды, картаны қоялық, әйел жолдастарға көңілсіз болып барады, -деді. -Көңілді отырудың басқа бір жолын қарастырып көрелік. Кәне, жігіттер, сөз сендерге тиді.

-Қыздар не дейді екен, әуелі соны біліп алалық, - деді майор жайраңдап, - Бұл кісілер не бұйырса, мен соның бәріне әзірмін.

Бұған әйелдер бір - біріне қарап күлімдеп мәз болды, бірақ ешқандай ұсыныс айтпады.

-Біз сіздерде қонақпыз, қандай сый – сыяпат көрсетсеңіз, біз соның бәрін қабылдай береміз, - деді олар.

-Менің бір ұсынысым бар, - деді осы кезде жолаушы қыз полковникке қарап. – Осы отырған әрбір адам өмірінің ұмытуға болмайды деп санайтын аяулы сәтін әңгімелеп берсін. Үлкен болсын, кіші болсын, маңызды, не маңызсыз болсын, бірақ өзі үшін қымбат және өмір бойы есінде сақтап жүруге тұратын сондай бір күнді, сондай бір сағатты басынан кешпейтін адам жоқ. Жол қысқарсын десеңіз, осылай еткеніміз жөн сияқты. Сіз оған қалай қарайсыз?

-О, бұл орынды ұсыныс, - деп полковник қосыла кетті. - Өте орынды ұсыныс. Адам болған соң, толғанатын ойы, сезінетін жүрегі болған соң, жанының терең түкпірінде сақтаған өмірінің ең бір аяулы сәті болмай тұрмайды. Оны, кейде айтуға да қимайсың. Ал кейде тебіреніп отырып айтайын десең, айтатын жер, тыңдайтын адам таппай қиналасың. Ұсынысың дұрыс, мен саған қосылам, қызым.

Полковниктің сөзі ұмыт қалғанды еске түсіріп, көңілде жатқанды қозғап өткендей болды да, қыздың ұсынысын бәріміз де мақұлдадық.

-Ал енді бірінші болып кім бастайды? Билігін өзің айт, - деді полковник қызға. Жолаушы қыз ойланбай – ақ бірден Заңғарды көрсетті.

-Бірінші болып осы жігіт айтсын. Өмірді көрген адамға ұқсайды, біз тыңдайтын бірдеңе табылар.

Біз бәріміз енді Заңғарға қарадық. Ол тарақталған екі қолын тізесінің арасына тас қып қысып алып төмен қарап бүкшиіп отыр. Неге екенін білмеймін, Заңғар қыздан жасқанып, тіпті қылмысы бар кісідей әбігер шегіп отырған сияқты боп көрінді маған.

-Мақұл, - деді ол ақыры басын көтеріп, - көпшіліктің шешімінен шығып кетуге бомас. Бір әңгіме айтып берейін, кемшілігі болса кешірім сіздерден.

-Біз де сөзге шешен адамдар емеспіз, жасқанбай айта беріңіз, - дестік біз. Сүйттік те өзіміз жайғасыңқырап отырып әңгіме тыңдауға кірістік.

х х х

-Мен өзім нәресте күнімнен ата – анасыз өскен және ағайын – туыс дегеннен ешкімі жоқ жалғызбасты жігітпін, - деп бастады ол әңгімесін,- Әкем соғыстың алғашқы айларында қаза тауыпты, мен де сол жылы дүниеге келіппін. Ал анам марқұм дүние салғанда мен үш-ақ жаста екем. Шымкент қаласындағы балалар үйіне әкелгенде, есін енді – енді біле бастаған бес жастағы бала едім. Мектепті бітіргенге дейін сол үйде болдым.

Шымкентті мен туған жерім деп білетінмін, сүйтсем мен Маңғыстау түбегінде туған көрінем. Оның өзін сұрастыра жүріп, жақында білдім.

Бұрын көріп – білмесем де, балалық шақтан қалған түк әсері болмаса да, енді міне, Маңғыстау түбегіне жеткенше асығып келем. Туған жер ыстық дейтіні осы ғой, бәлкім, әкем мен шешемнің көзін көрген тумалас ағайындар да табылар деп сенемін.

Заңғар осы араға келгенде сәл кідіріп, біртүрлі қобалжығандай болып, қалтасынан беторамалын алды. Онымен аузының екі жағын, көзінің алдын, маңдайын сүртті. Содан кейін барып ол сөзін жалғастрды.

-Мамандығым бойынша мен оқуды Алматыда бітірген жоғары білімді инженер – геологпін. Сіздерге айтып бергелі отырған әңгімемнің оқиғасы оқуды бітіріп келіп Оңтүстік Қазақстан мұнай барлау экспедициясында қызмет істеп жүрген кезімде болған еді. Енді сол әңгімеге көшейін.

Со жылы мен тұп – тура жиырма бес жаста едім, өзім және учаске бастығы едім. Бұл – 1967 жылдың жазы болатын. Сырдарияның оңтүстік бетіндегі алаңдарды бұрғылау ісін жаңа бастаған кезіміз, жұмыс дегеніңіз бастан асып жататын.

Мен басқаратын учаскенің терең қазуға арналған үш мұнарасы Сыр жағалауынан онша қашық емес, ең әрісі жиырма шақырымдай жерде тұрды. Сол себепті орталық лагерді Сырдарияның дәл жиегіне орнаттық та, вахтаның адамдарын алмасым сайын машинамен таситын болдық.

Сыр бойы дегеніңіз сыңсыған ну тоғай болып келеді. Біздің лагерь сондай тоғайдан шеттеу барып қалың ши, мия, кермеуік өскен мап – майса жерге жайғасты. Ал біздің сол қанатымызда, бір шақырымдай жер ме екен, әлде одан гөрі жақындау ма еді, әйтеуір, қалың тоғайдың тұмсығын ала қонған бес – алты үй жылқышылар ауылы отырды. Бірақ жаңа келіп жатқандықтан, әзірше олармен қатыса қойған жоқ едік.

Бір күні түнде шопыр екеуміз адасып кеттік. Еттік мал сұрап совхоз орталығына барған сапарымыздан қайтып келе жатқанда, түн көзге түртсе көргісіз қараңғы болды да, бұл жақтың жеріне жаттықпаған біз түні бойы сандалып, ақыры бір төбенің басына қонып шықтық. Таң ата қарасақ, негізгі бағыттан біраз жер ойысып кетіппіз. Жан – жақты бағдарлап алғаннан кейін барып жолсызбен тегіс – тегісті қуалай тура салып келе жаттық.

Сәлден кейін күн шықты, бірақ оның отты қызуы тарай қоймаған дала әлі сап – салқын еді. Самал жел желпіген мен қайтадан қалғи бастадым.

-Пәлі, ана қара! - деді кенет шопыр мені түртіп қалып. Мен оянып кеттім. Ол тағы сөйледі. - Өзі бірдеңе қуып жүрген сияқты. Анықтап қарашы, меніңше солай – ау деймін.

Қарасам, салт атты біреу біздің алдымызды алыстан орап құла түзге қарай құйындап барады. Ал одан арқан бойы алда шаң тізбегі шұбатылатын сияқты. Бірақ оның не нәрсе екенін айыруға менің көзім жетпеді.

-Солай қарай тарт! – дедім шопырға. - Мынау тегін ат шабыс емес, неде болса біліп қайталық.

Астымыздағы тенті алынып тасталған «Газ – 69» дейтін су жаңа жеңіл машина жазықтың үстінде жұлдыздай ақты да, он минөт болмай –ақ аттылының алдын орады. Сол бетімен мінбелеп барып алдыңғы шаңға қосылды.

-Ойбай – ау, мынау қасқыр ғой! - деп дауыстады шопыр, өзі рульге жабыса түсті. –Пай, пай, нағыз көкжалдың өзі екен. Ой, пәлекет – ай! Атқа ғой жеткізбейді бұл!

Осы кезде мен қосауызды мылтықтан екі дүркін оқ аттым, қасқыр омақаса құлады да, сол жерде тұрмастан қалды.

Өлген қасқырды тамашалап шопыр екеуміз темекі шегіп тұрғанда, әлігі аттылы адам да жеткен еді. Атын шеттеу жердегі бұтаға байлап, бізге қарай тез – тез жүріп келеді. Сүйткенше болған жоқ, басында қамыс қалпағы бар, сұр шалбар, ақ кофта киген жап – жас қыз жақындап келіп бізге сәлем берді.

-Сәлематсыздар ма?

-Сәлематсыз ба? – деп біз де сәлеміне сәлеммен жауап бердік.

-Сіздерге көп – көп рахмет!

-Не үшін? – деп таңдандым мен.

-Не үшіні қалай, мына қасқырды өлтірген сіздер емес пе? Міне, сол үшін. Жылқыға қайта – қайта тиіп, бұл қасқыр біздің ауылдың адамдарын әбден шаршатқан еді. Енді тыныштық көретін болдық.

-Мұның жалғыз екенін сіз қайдан білесіз?

-Атам айтқан. Ізінен танып жүрмін, бір-ақ қасқыр деген. Сол осы ғой. Тісін қарашы, кәпірдің. Ища – ай!

-Өлігінің өзінен зәреңіз кетіп тұр. Жаңа тірі кезінде қуған сіз бе осы? – деп күлдім мен.

-Қуайын деген жоқ едім, қалайша осылай болып шыққанын өзім де түсінбей қалдым, – деді қыз. Не істеп, не қойғанын енді аңғарып, соған өзі әрі таңырқап, әрі қуанып тұрғандай ұяла күлімсіреді. – Қызық боп шықты біртүрлі. Жылқы қайыруға келгем. Жатып қалған құлын жоқ па екен деген оймен жылқылардың түнгі өрісінің ізімен келе жатыр ем, алдымнан мына пәле шыға келді. Қорқып кеттім де, бар даусыммен шыңғыра айғайлап жібердім. Сүйтсем бұл менен қорқып қаша жөнелді. Сол кезде барып есімді жиған мен, нем кетіп барады, біраз жер қуып тастайын дедім де соңына түсе жөнелдім. Не үшін? Өзім де таңғалып тұрмын соныма. Дегенмен сіздерге көп – көп рахмет! Жолдан қалып, осынша әуре болғандарыңыз үшін кешірім сұраймын.

-Сіз емес қасқыр ғой кінәлі. Оның үстіне, - дедім мен қыздан көз алмай тұрған қалпым, –жолдан қалған түгіміз жоқ. Сіздермен көрші тұрамыз, сіз оны білмейтін бе едіңіз?

-Солай ма? Онда оқа емес екен, - деді де, жақындап барып қасқырға үңілді. - Өлді ме? – деп сұрады сосын.

-Өлгенде қандай! Немесе құлағынан тартып көріңіз, мүмкін тірі шығар.

Қыз күлді де тершіген маңдайын жеңінің ұшымен бір сүртіп тастап, сосын қолындағы қалпағымен желпіне бастады. Өзі уылжыған сәби сияқты аппақ қыз екен, түріне қарап он төрт, он бестен аспаған бала қыз деуге әбден болатын еді. Бірақ жетіліп қалған сымбатты дене, беліне түскен қос бұрым, ұзын кірпік пен қарақат көз, төсіндегі қос асыл олай деп тұрған жоқ еді.

-Ал біз жүреміз, - дедім қызға, - Күн ысып барады, сіздің де тезірек ауылға жеткеніңіз жөн шығар. Ал қасқырды атаңызға өз қолымнан табыс етемін. Үйткені еңбек сіздікі.

-Мейліңіз, өзіңіз біліңіз. Маған, әйтеуір, бұл қасқырдың қажеті шамалы. Ал атамды қайдам, мүмкін керек етер, кім білсін.

-Есіміңіз кім? Айып етпесеңіз, танысайын деп едім.

-Тоты.

-Менің атым Заңғар. Міне, енді таныстық. Бұдан былай маған «сен» деп сөйлеуіңізге болады. Мен де солай етермін, сіз деп сызылып тұрғанннан жек көрерім жоқ. Осыған келістік қой, Тоты?

-Келістік... Бірақ әп - әйдік адамға «әй, сен» деп жатудың өзі... Байқаңыз, кейіннен өкініп жүрмеңіз.

-Сен деп өзімсініп тұратын қарындас болса, мен несіне өкінем. Сондай бір адамым болса деп менің арман еткенім қашан.

Ол менің бетіме көзінің астымен ойлана қарап, бірдеңе айтқысы келгендей қайта – қайта тамсанып тұрды да, кенет өлі қасқырды қамшымен тартып – тартып жіберді. Іле – шала маған тағы да жалт етіп бір қарап, сәл күлімсіреп, сосын атына қарай кете барды.

Дәл осы мезетте ауыл беттегі жазықтың үстімен етек – жеңдері далақтап, қолтықтары қомп – қомп етіп шауып келе жатқан екі аттылы кісі көрінді. Бұлар атасының өтініші бойынша Тотыны іздеуге шыққан жылқышылар екен, Тотыны көріп өздері қатты қуанды. Үйткені Тотының кешіккен себебін ауылдағы бұлар былай жорыпты: аттан құлап бір жерде мертігіп жатыр немесе құла дүзде лағып адасып жүр деп, осындай жаман ойға келіпті. Сүйтіп, деді олар Тотыға, атаң мен әжеңде береке жоқ, атыңды бізге қалдыр да, өзің машинамен ауылға тезірек жет. Солай істедік. Тотыны шопырдың жанындағы өз орныма отырғызып, өзім кейінгі жаққа жайғасып, жолсызбен ауылға қарай тарта жөнелдік.

-Міне менің көрген күнім осы, - деді Тоты былай шыққан соң, өзі және мәз болып күліп – күліп алды. –Бір сағат көзден таса болсам, істейтіндері осы. Көрдіңіз бе, әп - әйдік адамдардың мені іздеп әуре боп жүргенін. Осының бәрі атам мен әжемнің ісі.

-Енді қалай? Сен жоқсың, ал олардың іздемеуі керек пе?

-Жоқ, іздесін ғой, әрине, іздейді. Бірақ мені бала санамаса екен өздері.

-Ал сен бала емей кімсің?

-Мен бе? Атқа шаба білетін, қасқыр қуғанда жүрегі қорқып селт етпеген мына мені, сіз бала деп отырсыз ба? Кешіріңіз, биыл мен мектеп бітірдім. Осы жақында ғана бітіріп келдім.

-Солай ма? – деп таңдандым жоп – жорта. – О, онда ғафу етіңіз, қарындас.

-Я, солай. Пионер жасынан өтіп кеткенім қашан.

Мен күліп жібере жаздап барып өзімді әрең тоқтаттым және осы қызға кездескенім үшін қуанып келе жатқанымды, кенет іштей сезіне бастадым.

Біздің машина Тотының сілтеуімен оқшау тұрған шеткі ақбоз үйдің қасына кеп тоқтады. Үйді көлеңкелеп жоғалған қызды әңгіме ғып отырған осы ауылдың әйел, еркегі аралас бір топ адамы орындарынан тұрды да, Тотыны көріп шу ете қалды. Тотының мына жүрісіне бәрі де аң – таң: қайдан келдің, машинаң не? -деген сұрақпен қарайды. Бірақ Тотының ешкіммен де жұмысы болған жоқ, бір аққұба келген жұқалтаң кемпірді құшақтай алды да, бетінен сүйді.

-Ұят қой осыларың, - деді сосын дауыстап, - бүкіл ауылды дүрліктіріп не істегендерің бұл? – Сүйтті де маған бұрылды. - Бұл – менің әжем. Ал мына тұрған кісі – атам.

Мен бұл кісілерге тиісті сәлемімді бердім, сосын өзімді қысқаша ғана таныстырып өттім.

-Ие, өзіміздің бала екенсің ғой, - деді шал жадырап,- Ал енді менің қызым сенің машинаңа қалай тап болды, соны айтшы маған?

Оны да қысқаша айтып шықтым. Сақал, мұрты қалың өзі және Осман түріктеріне ұқсаған мұрынды, бойы биік, тұлғалы шал менің әңгімемді сүйсіне тыңдады.

-Енді сол қасқырды сізге тарту етуіме ұрықсат етіңіз, - дедім сөзімнің соңында. Сүйттім де өлі қасқырды сүйретіп әкеп шалдың алдына тастадым.

-Рахмет! –деді шал. – Балам сыйға тартқан соң, қажет болсын, болмасын алам ғой. Тоты екеуіңнің сыйың деп алам.

Мен Тотыға ақырын ғана көзімнің қиығын тастадым. Ол осының мәнін сезді де, сәл ұяла күлімсіреп, әжесінің иығына сүйеніп тұрған жерінен бұрылып, сылаң – сылаң етіп барып үйге кіріп кетті. Сәлден кейін біз де үйге кірдік. Уақытым тар еді дегенмен, шалдың көңілін қимадым, әрі үйге бас сұқпай кетуді ыңғайсыз көрдім.

Тотының атасы –Балқыбай қарт өте көңілді әзілкеш кісі боп шықты; келін демей, қыз демей бәріне де орынды әзіл сөз тауып жан – жағын базар ғып отыратын бір сүйкімді шалдар болады – ау, соның дәл өзі еді бұл. Заманында сері болған, оңды – солды шайқаған ер көңілді, қолы ашық мырза адам екені көрініп тұр. Қымыз үстінде шал дастархан басына үйлесімді қысқа – қысқа әзіл әңгімелер айтып отырды, сүйтіп бізді күлкіге көміп салды. Қымыз құйып отырған Тоты бізге қосылып біразға дейін күлді де, сосын атасына ескерту жасап, қонақтарға қымыз ішкізбедің ғой дегенді айтты.

-Олай деме, - деді шал келіспей, - мен керісінше, қонақтардың қымыз ішуіне көмектесіп отырмын. Күліп отырып ішкен ас сіңімді болады және адам қанша ішкенін байқамай қалады. Ал тым – тырыс сүмірейіп отырсаң ас кісіге батпайды. – Осылай деді де шал енді маған бұрылды. – Менің бұл қызым жұрттың он ұлына татиды, - деді сосын қуақылана жымиып қойып. –Атқа шаба біледі, мылтық атады. Әлгі шайтаңдаған екі аяқтының аты не еді, белеспед пе еді, соның да құлағында ойнайды. Машинаңды беріп көр өзің, оны да зулатсын.

-Пәлі, атамды қара, мүлдем бөсіп кетті.

-Не бөскені бар, өтірік емес қой. Бүгін қасқыр қуғаның да өтірік пе? Осының үшін мен той жасаймын, той, қызым.

-Адам мақтаншақ болса қиын –ау, -деп күлді Тотының әжесі. – Байқа, жарылып кетпе. Тотының атасы бұтына жібергенше мақтанатын кісі екен деп мына жігіттер күліп жүрер.

Мен бұл үйден өте көңілді аттандым. Тоты мені машинаға дейін шығарып салды.

-Атаң мен әжең сені өте жақсы көреді екен, - дедім мен қоштасар жерде.

-Я. Ол кісілер мені өте жақсы көреді.

-Атаң бар, әжең бар, ата – анаң бар сен не деген бақыттысың, Тоты. Ал менде бұлардың біреуі де жоқ. Үш жасымнан бері жалғызбын.

Тоты ойлана менің бетіме қарады. Жәудіреген қарақат көзі мейірім мен аяныш сезімдеріне толып тұр екен. Бір сәт тамсанып тұрды да:

-Міне, енді біздің үймен де таныс болдыңыз. Бұдан былай емін – еркін келіп тұруыңызға болады, - деді.

-Қарт кісілер ұнатпай жүрсе қайтем?

-О кісілер сізді ұнатты, оны өзіңіз де сезіп тұрсыз ғой.

-Ал сен ше? Сен де ұнаттың ба мені?

-Я, мен де ұнаттым, - деді де ол өз сөзінен өзі ұялып қып –қызыл боп кетті.

-Олай болса, - дедім мен оның қолын қысып тұрып. – Кішкентай ғана Тоты құс мені ұнатқан болса, бұл үй маған жақын боп көрінуі тиіс қой. Ал жақын адамдар маған өте қажет, мен соған зәрумін, Тоты. Тек бұдан былай сен деп сөйлеші маған.

-Жарайды.

-Енді жолыққанша сау бол, Тоты құс кішкентай.

-Сау бол...

х х х

Не деген жақсы қыз еді деп ойладым ішімнен жолда келе жатып. Неткен тамаша адамдар өздері. Жүрекке жылы, туысың сияқты бірден баурап алған отбасында менің бірінші болуым еді бұл.

Тоты маған қатты ұнады. Не үшін екенін білмесем де, бұл қыз маған біртүрлі жақыным сияқты көрінді. Сөйте тұрсам да бұл кездесудің біз үшін қалай да бір мәні бар деп санағым келмеді. Оның өзінше бір себептері бар еді, ол туралы кейінірек айтармын.

Ертеңіне түс қайта ойламаған жерден лагерьге шал келіп, мені қонаққа шақыра келгенін айтты. Мен қуана – қуана баратын боп уәдемді бердім, осының бәрі Тотының айтуымен болып жатқан нәрсе ғой деп ойладым. Ал менің жасымдағы адамға жақсы қыздың шын ықыласын сезінуден артық не бар дүниеде.

Тоты лагерьден жаяу келе жатқан мені ауыл ғұрпына жатпайтын мінез көрсетіп үйден жүз метр жер шығып қарсы алды. Кешегідей емес, бүгін есейіп қалған ба, қалай, өзін кәдімгі бой жеткен сақа қыздарша ұстап, менімен қолдасып амандасып: «Хош келіпсіз», - деп жымиып қойды. Қалыңдық ойнауға келген күйеу жігітті қарсы алған баяғының қыздары сияқты біртүрлі сызылып тұр. Үстінде етегі дөңгеленген әдемі ақ көйлек, басында қызыл тақия, алдына түсіріп қойған қос бұрымы жүргенде төсіне соғып бұлаң – бұлаң етеді.

-Алдымнан шыққаның не? Мына ауыл кісілерінен ыңғайсыз емес пе? – дедім мен. Шынымды айтсам, қатты қысылып келе жаттым.

-Несі бар, жаман ба? Ит қауып алар, бар, алдынан шық деп жұмсаған атам ғой, - деді ол баяғы бала қалпына қайта түсіп. – Қараса қарай берсін, мен оларға пысқырмаймын да.

-А, онда дұрыс, - деп күлдім мен. – Бірақ өзің кешегіге қарағанда бой жетіп қалыпсың. Шын айтам, сызылып, майысып тұрған мына бикешті қай жерде көрдім деп жаңа аң – таң болдым.

Ол сықылықтап күліп:

-Шынымен-ақ сызылып, майыстым ба? Рас па? – деп одан сайын ішек – сілесі қатты. – Ал менің әжем: Сен қыз оңбайсың, сенде сезім жоқ. Сенің қыз болуың қиын, деп кейиді маған. Ал бүгін бар ғой, не айтқанын білесің бе? Тәуір көйлегіңді киіп жөнделіп жүр. Тәлпіштенбе, отырып – тұрғанда сыпайы бол. Оқыған, көпті көрген жігіт көрінеді, сынап кетеді деді.

Мен күліп жібердім және қасымда томпаңдап келе жатқан осы бір балауса қызды пәктігі, жанының балаға тән тазалығы үшін сұмдық жақсы көріп кеттім.

-Әй, Тоты құс-ай, кішкентай! Қандай жақсы едің сен, - дедім сыбырлап. Осыны айтқанда жүрегім елжіреп бара жатқандай көрінді.

Уақытты созбас үшін сол жылы алпыстың жуан ортасына келген Тотының атасы Балқыбай жайында айтпай – ақ қойсам деп отырмын. Әңгімеге қатысы жоқ адам ғой, оның үстіне жақында дүние салыпты деп естідім, тек марқұмның топырағы торқа болғай деп тілеймін.

Бораш әжей жайында да сөз етіп жатудың бұл жерде қажеті шамалы. Шалын ақ жуып арулап қойыпты. Содан соң баяғы мекенді қалдырып, шаруашлықтан біржола қол үзіп, Қызылордада тұратын жалғыз баласы – Тотының әкесінің қолына көшіп барыпты дегеннен басқа айтарым жоқ. Сол сияқты ақбоз үйде отырып сол күні жеген қазының етін, ішкен қымызды сөз етіп жатып қайтем. Тотының маған деген ықыласын да, қылық-қызметін де, тағысын тағы сүйкімді сәттерін ортаға салуым, дәл осы жерде артық сияқты. Тек айта кетерім: Тоты әжесінің ақыл – кеңесін ұмытып кетті де, шайды атасының жанында шынтақтап жатып ішті. Я, бәрі де – пілте шамның түбінде екеуміз оңаша қалып альбом қарап отырғанда басымыздың түйісіп қалғаны, мұның өзі оған да, маған да ұнап, тағы да қайталап солай еткеніміз, содан мәз боп күлгеніміз, осы арада менің сыбырлап жігітің бар ма, деп сұрағаным, осыным үшін Тотының назды еркелікпен арқамнан ақырын ғана ұрып қалғаны, тағы айтсаң тағы ұрам дегені – түгелдей көкірегімде сайрап тұр. Бірақ мен осы бір жерлерге тоқталмай кетсем де болады – ау деген ойдамын.

Бұл үйден мен түн болып қараңғы түскен соң кеттім. Тоты үй сыртындағы жолға дейін ертіп келді.

-Адасып кетпе, - деді сосын. Сүйдеді де, іле – шала: - Жаңа бұрымымнан тартып қалғаның не? – деп сұрады күліп.

-Балалық шағым есіме түсті. Шынымды айтсам, саған кездескеннен бері өзімді бала сияқты сезінетін болып жүрмін. Оның үстіне бұрымың сондай әдемі. Ал өзің одан да бетер әдемісің, Тоты.

-Қойшы, осындай сөз айтқан адамды ұнатпаймын. Осының үшін де, сосын жігітің бар ма дегенің үшін де, менің алдымда айыптысың. Кәне, кешірім сұра менен.

-Кешірім сұрамаймын, қайталап айта берем. Сен әдемісің және өте жақсысың.

Тоты үндемеді, не айтарын білмей біртүрлі ыңғайсызданып тұрды. Бірақ, осы сәт, өзінің бой жеткенін алғаш сезінген барлық қыздар сияқты бұл да бақытты еді.

-Пәлі, атамды қара, - деді кенет күле сыбырлап. – Қақырынып – түкірініп жүр, естіп тұрсың ба? Сонысы бар ғой, өп - өтірік. Үйге қайт деп маған берген белгісі ол. Мен білем ғой оны, барып тұрған қу шал. Оны алдау қиын. Ал жақсы мен кеттім.

Ол менімен қоштасты да, қараңғыға сүңгіп жоқ болды.

х х х

Арада екі – үш күндей уақыт өтті. Бұл күндердің бәрінде де мен жұмыс басты боп жүрдім: ерте кетіп, кеш келем. Сол себепті Тотыға кездесудің ешбір реті болмады.

Түскі үзілістің кезі еді. Лагерьде қалған барлық адам сыртта, үлкен үстелдің басында тамақ ішіп отырған. Кенет ауыл беттен желе жортып келе жатқан Тоты көрінді. Сұлу атқа мініп, өзі және әдемі киінген жайдары мінез қызды біздің жігіттер алдынан шығып қарсы алды. Мен орнымнан тұрмай отыра бердім. Өзім басшылық ететін кісілердің көзінше елпектеп қыз алдынан шығуым, неге екенін білмеймін, маған біртүрлі ыңғайсыз сияқты көрінді.

Жігіттер Тотыны үстелге отырғызып, алдына түрлі тағамдарын қойып жүр, ара – тұра әзілдеп те қояды.

-Япыр – ай, сіз осы елес емессіз бе? Саусағымды тигізсем, ертегідегі сияқты жоқ болып кетпейсіз бе? – дейді бір қуақы бұрғышы.

-Қорықпаңыз, мен де өзіңіз сияқты адаммын, - деп жауап береді Тоты күліп. – Сіздердің қалай тұратындарыңызды көріп және танысып қайту үшін келдім.

-Келгеніңіз үшін сізге көп – көп рахмет. Біз мұнда сүйек сияқты салдыраған кілең еркектер тұрамыз. Әйел заты тек түсімізге ғана енеді. Өзіңіз сияқты періштені бір көру біз үшін арман. Егер біздің арамызда өзіңіз секілді бір сұлу қыз өмір сүрсе... Ең болмаса күніне бір рет көрініп тұрса... О онда біз бұл дүниеде бөтендей ешеңе тілемес едік.

-Солай ма еді? Не деген бақытсыздық, - деп күледі Тоты. – Жарайды, олай болса мен сіздерді бақытты етуге әзірмін. Күнде, түскі астың кезінде, жел жақтарыңыздан жүйрік атпен құйындатып шауып өтейін.

-О, міне тамаша! – деп ду етіп күліп жігіттер: - Бізге сіз жіберген шаңның өзі де жарайды. Соның қоп – қою тұманына тұншығудың өзі біз үшін үлкен бақыт қой, - деп жатыр.

Тамақтан кейін жұрт жөн – жөніне тарасып кетті де, үстелдің басында Тоты екеуміз ғана қалдық.

-Аулыңа қонақ келіп жатқанда сенің селт етпей отырғаның қалай? – деді Тоты біртүрлі өкпелі адамша сөйлеп. – Жаңа мен келгенде ғой орныңнан қозғалған да жоқсың.

-Жігіттер қарсы алып жатқан соң, мен несіне килігем дедім.

-Олар мені танымайды, ал сенің жолың бөлек емес пе, мен үшін. Мен мұнда сен бар деп келдім.

-Бәрін де түсініп отырмын, Тоты. Жұмыс көп. Бірақ онда тұрған не бар. Біз деген өзіміз емеспіз бе?

-Үйге келмей жүргенің сосын екен ғой. Атам сені бүгін сұрады.

-Қол тимей жүр, Тоты. Жұмыс көп. Ерте кетем, кеш келем. Оның үстіне арасын суытпай бара берген де жақсы емес.

-Онда тұрған не бар, ауылды жерде оны айып тұтпайды.

-Жігіт адам қызы бар үйге жылтиып бара берсе, ауылды жердегі нағыз айып сол. Қазақтардың бұл заңын жақсы білемін.

-Сонда қызы бар үйге адам келмеу керек пе? – деп күлді Тоты. – Біздің қазақтың-ақ заңы көп екен. Мейлің өзің біл, үйге кел деп жалынып отырған ештемем жоқ. – Ол орнынан тұрды. –Ал жақсы, мен кетем.

-Тоты, - дедім екеуміз байлаулы тұрған аттың қасына келгенде, - ертең түс қайта менің қолым босайды. Егер қаласаң, екеуміз тоғай аралап біраз бой жазсақ деймін. Ішіне әлі кірген емеспін, тоғай саған таныс қой.

-Тоғайда адам жұтатын айдаһар жоқ. Ал адасып кетем дейтін Сібірдің орманы емес ол. Менсіз-ақ аралап шығуыңа болады.

-Әрине. Бірақ қасымда сен жүрсең, көңілдірек болар еді дегенім ғой.

-Көрермін, - деді ол атына мініп жатып. – Бірақ уәде бермеймін.

Ол маған қалай да құқысы бар адамша назданып, пұлданып кетті. Мен осыны іштей сездім де, біртүрлі рахаттанып қалдым. О,Тоты құс кішкентай, қандай жақсы едің сен!

Ертеңіне түс қайтып салқын түскен кезде дарияны жағалап тоғайға келдім. Тотының келеріне сенімім мол еді, сондықтан белгі ретінде жөн – жосықсыз мылтық ата бастадым. Тоғай шулап кетті; қанаттары жалбақтап аспанға көтерілген қарғалардың азан – қазан қарқылына торғайлардың үрейлі шырылы қосылып, бүкіл тоғайды бастарына көтерді. Ал бұл кезде менің көздеген мақсатым жүзеге асып та қалған еді.

Қалың шидің арасындағы жалғыз аяқ жолмен Тоты жүгіріп келе жатты. Мұнысына қарағанда, өзі мені асыға күткен адамға ұқсайды. Үстінде етегі кең, үлпілдеген әдемі ақ көйлек, басында өзбекі қызыл тақия, аяғында да жайтабан қызыл топли. Алдына түскен қос бұрымын бір қолына қысып ұстаған күйі жақындап келді де:

-Инженер – геологқа сәлем! – деді күле жайраңдап.

-Жылқышы қызға да сәлем, - дедім мен. – О, өзің тойға баратын қыздарша киініпсің ғой. Ал кеттік пе?

-Кеттік.

Бұл бір Сырдарияның ағысы иіліп келген жеріндегі үлкен аралға ұқсаған кең байтақ түбек еді, өзін жергілікті тұрғындар «Ұялы тоғай» деп атайды. Үйткені мұндағы табиғат қаз қалпында сақталған.

Тоғайға жаз бойы бейсуат ешкім аяқ баспайды; мылтық атуға, шөп шабуға, мал жаюға совхоз тиым салып қойған.Ал күз түсіп қара суық басталған кезде, мұның ішін совхоздың қора – қора сиыры қаптайды; шөбі шүйгін жып – жылы тоғайды емін – еркін қыстап шығады.

-Жылқы да қыстайды, - деп қосты Тоты. – Бұл түбек қыста малға рахат қой.

-«Ұялы тоғай» деп не себепті атаған?

-Жаңа айттым ғой, жаз айында бұл тоғайды құстар билейді дедім ғой. Ағаштардың бұтағына түрлі – түрлі құстар ұя салады, балапандарын емін – еркін жемдейді. Бұл тоғайды олар өзара тату – тәтті мекендейді. Қырғауыл мен қоян да көп мұнда.

Екеуміз тоғайды ұзақ араладық. Мия, жалбыр сияқты шөптердің жұпар иісі мұрныңды жарады. Жасыл құрақ өсіп жайқалып тұрған алаңдарды кештік. Пішендік – шабындықтарды әрең деп жарып өттік. Жүрген сайын үстін шөп басып кеткен шалшық суларға, ағып жатқан жылғаға, өзектерге кездесіп отырдық. Тоғай Тотыға бала күннен таныс екен, сондықтан ол мені көрінісі тамаша деген жерлердің бәріне апарды.

-Тоғайдың іші күндіз жақсы ғой, - деді бір кезде Тоты, соның жайын маған түсіндіргісі келгендей. – Мүлгіген жасыл табиғат, сан – алуан көріністер, құстардың сайраған дауысы – осының бәрі неткен ғажап десеңші. Ал түнде біртүрлі қорқынышты. Түнде мұның ішін ноқат – ноқат қап – қара пәле қаптап кеткендей болады. Бейне бір құбыжық дерсің. Өзіңе зиян келер ештеңе жоғын біле тұра зәрең ұшады.

-Түнде даладағы көрініс тамаша, - деді ол сәлден кейін сөзін одан әрі жалғап. -Әсіресе айлы түндердің көрінісі бөлек. Дала сүттей жарық, көз жеткен жердің бәрі күміс сәулеге оранған, тып – тыныш мүлгіп тұр. Ақырын ғана самал жел еседі. Алыстан, қыр беткейден жылқышы құстың құраулап шақырған дауысы естіледі. Ал жазықта топ – топ болып қарауытып жылқылар жайылып жүр. Пысқырып қойып жусанды тісімен пырт – пырт үзіп күртілдете шайнайды. Несін айтасың, түнде дала әсем ғой.

-Я, даланың түнгі көрінісін мен де ұнатам, - дедім мен оны қоштап. Тоты мені жеңімнен тартып тоқтата қойды.

-Бүгін түн жылқы күзетіне барайық, - деді сосын біртүрлі қысыла сөйлеп. – Ай жоқ, рас, бірақ аспан толы жұлдыздар. Ішінде өзім таңдаған ерекше бір жұлдыз бар, жап – жарық. Соны саған көрсетейін деп едім.

-Менің де өзім таңдаған жұлдызым бар. Мүмкін екеуі қатар тұрған шығар.

-Мүмкін. Мүмкін солай шығар. Барасың ба?

-Маған еріп қалың тоғайға кіруге, қараңғы түнде құлан түзге кетуге сен қалай қорықпайсың. Мен ғой бөтен адаммын. Менің ойымда не жатқанын сен қайдан білесің?

Ол бұрымын сипалап ойланып қалды.

-Мен сенен қорықпаймын. - деді сосын менің бетіме тура қарап. – Білесің бе, атам сені мақтады. Ар – ұятын білетін інәбәтті жігіт екен, маған ұнады деді.

Кенет аспан сатыр – сұтыр ете қалды; манадан бері қабағын түйіп тұнжырап тұрған аспан енді қозғала бастады. Жел күшейіп, ағаштар теңселе басын шайқаса, ну қамыстар мен ақ шилер иіле майысып, жұлынып кететіндей жұлқына ыршыды. Ысылдап, гуілдеп тоғайдың іші шу – шу етеді. Мен кәстөмімді шештім де, Тотының иығына жаптым. Сүйткенше болған жоқ, жаңбыр да сабалай жөнелді. Екеуміз жапырағын мол жайған үлкен бір кәрі ағаштың түбіне кеп тығылдық.

-Жаңбырдан кейін тоғай жасарып, құлпырып кетеді, - деді Тоты аспанға қарап қойып. – Дала да сүйтеді. Қарашы, құстар да тым – тырыс. Ал жаңбырдан кейін бір әнге салады дейсін. Жаңбырға бұлар да қуанады.

Мен кәрі ағаштың жуан түбіріне арқамды сүйеп отыра кеттім. Мені көріп Тоты да солай істеді. Иығын иығыма тақай отырып, мен сияқты аяғын созып жіберді. Жаңбыр басылар емес, нөсерлеп құйып тұр. Мен темекі тұтатпақ болып, Тотының үстіндегі кәстөмнің қалтасына қолымды салдым.

-Әкел маған бер, мен тұтатам. - деді Тоты дереу сіріңке мен темекіге жармасып. - Папама да өстіп темекі тұтатып беруші ем. Біртүрлі ұнатам. Неге екенін білмеймін, темекі тартқан адамдарды ұнатам. Темекінің түтінін будақтатып тұрғандары ұнайды маған.

-Темекі шегетіндердің аузынан мүңкіп тұратын сасық иіс жайында сен әлі ештеңе білмейтін болдың ғой, - деп күлдім мен.

-Мейлі, бірақ мен ұнатам. Ер кісілерге темекі шеккен біртүрлі жарасып тұрады.

-Қандай жақсысың, - дедім оған қарай сәл басымды еңкейтіп. Осы сәт өзін шынында да жақсы көріп кеттім. – Кейде сені сүйіп алғым келеді. Жәй ғана сүйіп алғым... Сүйіп алсам ше?

-Онда сен ақымақсың. Правалы болмай тұрып сүюге қандай қақың бар?

-Ондай праваны қайдан алам мен?

-Сүюге лайықты деп тапқан кезімде ондай праваны саған мен беруге тиіспін. Бірақ сен мен ойлағандай лайықты адам емессің. Бұдан былай бұл сөзді қайталамауыңды сұраймын.

-Қандай өкінішті, - дедім мен күліп, ол да қосыла күлді.

-Айтшы, - деді сосын менің иығыма қарай бетін бұрып, - геолог болған жақсы ма?

-Әрине.

-Менімше жақсы емес сияқты. Бір жерде тұрмайды, бүгін бар, ертең жоқ, соның несі жақсы. Бір күні сендер де кетесіңдер ғой бұл жерден.

-Әрине, кетеміз.

-Қашан?

-Жұмыс қалай бітеді, солай кетеміз.

-Қайда?

-Кім біліпті, әзірше белгісіз. Мүмкін Бетбақдалаға, мүмкін басқа жаққа...

-Бізді ұмытасың ба сосын?

-Жоқ, ұмытпаймын. Атайды да, әжейді де жақсы көріп кеттім.

-Ал мені ше? – деді дауысын әрең шығарып. – Мені де жақсы көресің бе?

Мен бұрылып қарап ем, ол екі тізесін құшақтап, маңдайын оған баса қойды.

-Сені де жақсы көрем, - дедім мен. – Сені жақсы көрмеске бола ма. Сен деген Тоты құссың ғой кішкентай.

Осыдан кейін ол мүлдем көңілденіп кетті. Жаңа ғана өзі қарсы боп отырған менің қызметімді мақтады. Қызылордада тұратын папасының мал маманы екенін, мамасының мұғалім боп қызмет жасайтынын айтты. Мектепті тым ерте, он алты жасында бітіргеніне өкіне отырып, кім болсам екен деп менен ақыл сұрады.

-Өзіңнің кім болғың келеді?

-Мен бе? Мал маманы болғанды ұнатам. Ауылдағы өмір жақсы ғой.

-Ендеше мал маманы бол. Биыл барасың ба оқуға?

-Жоқ, келер жылы. Әлі жассың, атаңа бір жыл көмекші бол деп папам жібермей отыр.

-Сол папаңның айтқаны дұрыс, - деп қоштадым мен.

-Көрермін, - деді ол ойланып, - мүмкін басқа оқуға барармын. Ерік өзімде ғой.

Күн жаңа ғана батқан кез еді. Тотыны үйдің сыртына дейін ертіп кеп, енді кетем дегенде, ол үйге жүр деп қиылды. Мен барғым келмей әр түрлі дәлел айтып жатырмын. Сүйтіп тұрғанда Тотының сыртта жүрген әжесі бізді көріп:

-Әй, Ақтоты – ау, тамақ дайын, сені күтіп отырмыз. Қасыңдағы кім, Заңғар ма? Ертіп кел үйге, - деп айғайлады.

-Барғысы келмейді, - деп дауыстады Тоты бүкіл ауылды басына көтеріп. - Менің қон деп жалынғаныма қарамай, ұялам дейді, - деп тағы да қайталады. Сүйткенше болған жоқ, атайдың дауысы шықты. Ол үйдің ішінде отырып ап:

-Ай, балам, дәмнен үлкен емессің. Шақырғанға барар болар, - деді өзімсінген өктем дауыспен...

Бір күні Шымкенттен мені шұғыл шақыртқан радиограмма келді. Алдым кеш еді, сондықтан сапарымды ертеңге қалдырып төсегімде қисайып жатыр ем, шамы жанбаған тас қараңғы вагонға біреу кіріп келді.

-Ку – ку, - деп дыбыстады әлгі. – Заңғар, сен қайдасың?

-Мен мұндамын, - дедім Тотыны дауысынан таныған мен.

-Неге қараңғы, шам жақшы.

-Қорықпа, келе бер.

-Жоқ, шам жақ. Әйтпесе қорқам.

Мен еңбектеп бардым да, босағада тұрған оны сирағынан шап етіп ұстай алдым.

-Ой, құладым! - деді, сүйткенше болған жоқ, үстіме құлап та түсті.

-Ә, бәлем, қолыма түстің бе? Енді құтылам деп ойлама, - дедім белінен орай құшақтап алған мен. Осындай бір жағдай болғанда осы қыз не істер еді, сынап көрейінші деп ойладым. Бірақ қыз саспады, осы бір қиын – қыстау сәтті оп – оңай ойынға айналдырып жібергісі келді.

-Солай ма? Мені аңдып жүр ме едің сен. Онда мен саған сазайыңды берейін. Әлі келмейді, қорқады дейсің ғой. Ендеше міне саған, міне саған, - деп қойып өзінің кіп – кішкентай нәзік жұдырығымен менің арқамды, екі иығымды төмпештей бастады. Осыған өзі мәз болып сықылықтап күле берді. Бірақ мен оны жібермедім. Ақыры ол мойнымнан орай құшақтап, бетін бетіме басты да:

-Заңғар, шаршадым, - деді ентіге сыбырлап. Оның дірілдеген ып – ыстық денесі құшағыма сіңіп бара жатты. Мен бір сәтке есімнен алжасып қалғандай болдым.

-Заңғар, тоқташы. Маған ұят, ұят! – деді кенет қыз алқына дыбыстап. – Кет, кетші әрі!

Ыршып далаға шықтым. Ұялдым ба, әлде не істеп, не қойғанымды анықтағым келді ме, әйтеуір, дарияны жағалап жүріп келем. Жаңағының бәрін біздің адамдар көріп тұрғандай, енді оларға қарайтын бетім қалмағандай. Лагерьден біраз жер шығандап барып тоқтадым. Содан лагерьге түн жарымда оралдым. Ал ертеңіне Шымкентке жүріп кеттім. Ол жаққа мені экспедицияның бас геологі етіп тағайындау үшін шақыртқан екен. Жастығымды, тәжірибемнің аздығын айтып біраз қарсылық білдіргеннен кейін, ақыры көнуге тура келді. Сүйттім де ертеңіне кері қайттым. Бұл жақта ресми қағаздарым, қол қойып өткізіп кетуге тиісті құжаттар бар еді, соған бола кері оралдым.

Біздің лагерьден қарағанда көрініп тұратын дарияның бергі бетіндегі стансаға дейін келіп, пойыздан түскенімде күн батып бара жатқан-ды. Осы арадан дарияға дейін үш – төрт шақырым жер. Одан әрі ескекті қайыққа отырып арғы бетке өтем. Бүкіл жолым міне осы ғана. Ең жаманы біздің жігіттер, менің өстіп төте жолмен келе жатқанымды білмейді. Оның үстіне бізде қайық жоқ еді, ал жылқышы ауылдың тұсында бір қайық барын білемін.

Стансадан ұзай бергенімде кенеттен көтерілген қатты жел өңменімнен итеріп жүргізбей қойды. Маңайдың бәрі түгелдей ала шаңға оранды, аспанда түйдектелген қап – қара бұлттар жөңкіді. Содан соң күн күркіреп, найжағай ойнады да, артынша жаңбыр сабалап кетті. Бұл Сыр бойының құйып салатын өткінші жаңбыры еді, әп – сәттің ішінде жер бетін лайсаң ғып жіберді. Сүйтіп мен жағалауға жаңбыр басылып, жел толастап әбден қараңғы түскен кезде келдім.

Жылқышылар аулының тұсына кеп, қайық сұрап айғай салғаныма жарты сағаттай болып қалған-ды. Бірақ арғы беттен ешкім жауап қатпады. Менің жел алып қашқан дауысым ол жаққа жетпей жатқан секілді.

Кенет су үстінде қылаңдаған қара ноқатқа көзім түсті, ол бірте – бірте үлкейіп жағаға жақындай берді. Сонда барып білдім, бұл қайық еді.

Мен басында қайық әкелген жылқышы жігіттердің бірі ғой деп ойлағам. Бірақ қайықтан секіріп түсе сап бірден мойныма асылған Тотыны көргенде, мен қайран қалдым.

-Тоты құс кішкентай, - дедім қуанып. Өткендегі қолайсыз оқиғадан кейін бетін қалай көрем деп уайымдап жүр едім, сол үшін қуандым. – Ал халің қалай?

-Жақсы, жақсы, - деді ол маған тығыла түсіп. – Сенің айғайлаған дауысыңды мен ғана естідім. Бірінші рет екеуміз суға түскен жердегі жар астында отырғам. Сені күтіп отырғам. Келеріңді сездім мен. Жүрегім сезді, Заңғар.

-Қорықпадың ба? Қауіпті ғой, - деп сөзді басқа жаққа бұрайын, құшағын босатайын деп едім, ол одан сайын маған жабыса түсті.

-Сағындым сені. Күн сайын, сағат сайын күттім. Айтпай кеткенің үшін жылағым келді.

-Асығыс едім, ұмытып кетіппін.

-Ал мен ойладым... Сондағы түн ше, соны ойладым. Кетіп қалғаным үшін өкпелеп жүр ме деп қорықтым.

Мен Тотының мойнымдағы құшағын күшпен жаздым да, кейін қарай сәл итеріп жібердім.

-Сен ол түнді менің есіме салма. Оның қажеті не бұл жерде.

Бірақ менің ашуымды Тоты керісінше түсінді.

-Не істеуім керек еді со жолы? Кетпеуім керек пе еді? Қалуым. Иә, қалуым керек еді. Ұялмай-ақ қоюым... Ұялдым ғой мен. Қорқып та кеттім.

-Тоты...

Ол маған тақалып келіп үстімді сипады.

-Су – су ғой үстің, тоңдың ба?

-Күн жылы, несіне тоңам.

-Білесің бе? – деді енді ол менің бетіме жасқана жәутеңдей қарап. – Сол түннен бері мен өзімді саған ерге шыққандай сезінем. Үйде жүру маған ұят сияқты.

-Не айтып тұрсың сен! – деп қалдым мен сілкініп. – Не айтып тұрсың? Ұялмайды екенсің ғой өзің.

Тоты селк ете қалды, қорқып кетіп, сәл кейін шегініп тұрды. Өзін аяп, не істерімді білмей қиналып тұрғанымды ол сезбеді. Сол түннен бері сенбестік білдіргенім үшін бұл маған өкпелі, бабын қалай тапсам екен деп маған жағынудың жолын іздегеннен басқа оның ойына ештеңе кірмеді.

-Ал жарайды, - деді маған жағам деп онан сайын шатасқан Тоты. – Бүгін саған еріп лагерьге барам, бірақ ертең үйге қайтпаймын. Өлтірсе де қайтпаймын. Мейлі, жылай берсін.

О,Тәңірім, бұл кім өзі? Есі кірмеген бала ма, жоқ әлде, менің жолыма түгелімен берілген мөлдір махаббат па? Мен аяп кеттім де, құшақтай алып, бауырыма қыстым.

-О, Тәңірім, - деп қиналдым сосын. – Мен сені не күйге түсіргем, Тоты.

-Кішкентай ғана тоты құс деші. Тотым деші. Сүйші, сүйші мені, - деп жалынды ол бетіме бетін басып. Оның өтінішін түгелдей орындап шықтым.

-Енді тыңда, - дедім сосын, қызды құшағымнан босатып, өзім сәл кейін шегініп тұрдым. Ол аң – таң болған қалпы екі көзін менен алар емес.

-Мен сені жақсы көрем, оны өзің де білесің, – деп бастадым бүгін қалай да айтуға тиіспін деп шешкен сөзімді. – Мен сені жастығың үшін, ашық жайдары мінезің үшін және маған деген шексіз сенімің үшін жақсы көрдім. Сенімен кездесу, бірге жүріп – тұру үлкен бір ғанибет еді. Саған кездескен сайын мен өзімнің қызықсыз өткен балалық шағыма оралып отырдым. Сол себепті барлық бос уақытымды сенімен асыр сап ойнап өткізуге тырыстым. Мұндай достық, мұндай жақсы көрушілік жақсы адамдардың арасында ғана болады, Тоты. Біз соған лайықты болғанымыз үшін мен қуанып тұрмын.

Бұл сөзден Тоты ештеңе түсінбеді, бірақ жалпы мағынасын қоштап басын изеп қойды.

-Сен де мені жақсы көресің, - деп сөзімді онан әрі жалғай түстім мен. – Себебі, залалым тиген жоқ, көңіліңді қалдырмадым. Әрбір кездесу сайын сенің маған деген сеніміңді, мен жайындағы болжамыңды ақтап отырдым. Сүйтіп, біз екеуміз бүгінгі күнге дейін жеттік.

-Көп сөйлеп кеттің, - деп қалды Тоты, өзі мазасызданып тұрғандай көрінді маған. Мен сөзімді жалғастыра бердім.

-Бүгін мен, Тоты, өзім бұрын аңламаған нәрсеге көзімді жеткізіп тұрмын. Достық пен жәй ғана жақсы көрушіліктің өлшем – мөлшерінен сенің аттап өткеніңді көріп тұрмын. Сенің жаңағы бір сөзіңнен маған ғашық екеніңді аңғардым. Сол үшін сен бәріне әзір екеніңді, тіпті бүгін-ақ маған қосылуға әзір екеніңді көрдім. Бұл деген барып тұрған есуастық!

-Неге? – деді Тоты, бір аттап қасыма келді де, анықтап көргісі келгендей көзін көзіме тақады. – Неге?

-Біріншіден, сенің жасың толған жоқ, оған дейін біраз жыл бар.

-Білем, білем. Мейлің, күтем ғой онда. Сен күтсең, мен күте берем,- деп ол тез – тез сөйлеп, менің сөзімді бөліп жіберді.- Қанша жыл болса да күтем. Мейлі он жыл, мейлі жиырма жыл.

-Екіншіден сенің оқуың...

-Оқимын. Сен не тілесең, соның бәрін орындаймын. Биыл барам. Айтшы, қандай оқуға түсейін?

-Міне, мұның дұрыс, - дедім мақұлдап. – Оқуға түскен соң ортаң өзгереді, жаңа дос, жаңа жолдастар табасың. Соған байланысты жаңа тілек, жаңа мақсаттар туады. Есейген, ақылмен өлшенген шынайы махаббат та сол кезде келеді.

-Шынайы махаббат... сол кезде келеді? – деп Тоты шошына дауыстап жіберді. – Ол менде қазір бар. Міне, лапылдап жанып тұр. Ол сен үшін ғана жанады және мәңгі жанады.

-Түсінем, - дедім мен барынша сабырлы, ұстамды болуға тырысып. – Оған көзімді жеткіздім деп жаңа айттым ғой. Бірақ біз екеуміз қосыла алмаймыз. Оған еш мүмкіндік жоқ.

-Не?.. Не дедің? – деді Тоты шошына дауыстап. – Не дедің? Не деп тұрсың сен!

-Екеуміз қосыла алмаймыз, Тоты. Сен мені кешір. Мен... Мен үйленген, әйелі бар адаммын.

Ол селк ете түсті де, бетіме үрейлене, тесіле қарады.

-Қалайша?

-Солай, Тоты. Бұл – шындық.

Тоты шегіншектеп барды да, ыспа құмның үстіне тізерлеп отыра кетті.

-Жоқ, мүмкін емес, - деді сосын қаққа жүгінген кісідей қолын жоғары көтеріп. – Бұл мүмкін емес қой, Заңғар. Өтірік айтасың, нанбаймын саған.

-Мен шындықты айттым, Тоты.

Кенет ол басын тізесіне дейін иіп бетін екі алақанымен басты да, адам аяғандай боп бүкшие қалды. Осы бір аянышты көріністен өзімді қоярға жер таппай мен теріс айналып кеттім. Тотының алдында арым таза еді, бірақ жүрегіне тиген соққы үшін өзімнің үлкен кінәлі екенімді сезіндім.

-Ұятсыз-ай, - деді кенет ол зарлана дауыстап. – Ұятсыз-ай, әйелің бола тұрып, менің қасымда ұялмай қалай жүрдің? Ана арам – арам аузыңмен мені қалай сүйдің? Ұятсыз-ай, қалай сүйдің мені?!

Мен қарсы алдына тізерлеп отыра кеттім.

-Тоты, түсінші. Менің ойымда...

-Ойың құрысын сенің. Сені жақсы көрем, Тоты құс, деп мүләйімсіген сөзің де құрысын. Сен өтірікші жаман адамсың, мен сені білем ғой.

-Мақұл, мен соған келістім. Бірақ сен жыламай, ақылға келші.

-Кет әрі! – деді жұлқына басын көтеріп алып, долданған ащы дауыспен. – Бетіңе құм шашып жіберсін демесең, әрі кет. Менде нең бар енді?

-Тоты, сен мені тыңдашы. Мен сені қарындасым ретінде...

-Қарындасым? Қашаннан бері? – деп сөзімді жұлып әкетті. – Не деген ұятсызсың өзің?.. Мені ақымақ ете жаздаған сондағы қылығыңды... Өй, қандай ақымақ едім мен.- Ол жылап еңіреген күйі орнынан тұрды да, тура қайыққа қарай беттеді. Мен орнымнан қозғалмай тұра бердім, тастаса тастап – ақ кетсін, сонысы дұрыс болар деп ойладым. Бірақ Тоты кетпеді, қайыққа мінді де, тым – тырыс отырып алды. Ол мені әлі де сыйлайды екен.

Арғы бетке өткенше біз бір – бірімізге тіс жарып ештеңе демедік, тек жағаға шығып Тоты үйіне қарай беттеген кезде мен:

-Тоты, мен ертең кетем және біржола кетем, - дедім.

Ол кілт тоқтай қалды, бірақ бұрылып қарағысы келмеді.

-Сондықтан қош бол, Тоты! Мені кешір, - деп тағы да үн қаттым. Ол бұрылғысы келгендей, бірдеңе дегісі келгендей қипақтап тұрды да, кенет үйіне қарай жүгіріп ала жөнелді.

Вагоныма көңілімді мұң басып, біртүрлі қайғылы кірдім. Осыдан жарты ай бұрын өзімді жар таңдауда жолы болған, төрт жағы түгелденген адам сезінуші едім. Сүйтсем менің жаныма жақын, қарапайым басыма лайықты өмір де бар екен ғой.

Менің келгенімді лагерьде ешкім білген жоқ, шам да жақпастан, төсегіме шешінбей-ақ қисая кеттім.

Менің жоспарлап қойған өмірімнің кем – кетігі бар ма, арым сиып өтетіндей қуыс жер табыла ма деп кенеттен күпірлік ойға бастым. Үйткені Тотыны сүйетін едім. Өте сүйетін едім. Соған қолымды жеткізіп, жар етудің жолдарын қарастырып көргім келді. Бірақ мені сүйетін бір адам барлық жолымды қамалап алдымда тұр еді, одан айналып өту мүмкін болмады.

Мен туған – туыстан ешкімім жоқ, балалар үйінде өскен адам екенімді, мана әңгіменің басында, айтып кеттім. Студент болған кезімде де, осы жалғыздық қыр соңымнан қалмады. Жұпыны киіндім, сауық кеш, кино, театр дегендерден аулақ жүретін едім. Жазғы каникульға шыққанда студенттер туған үйіне, ата – анасына жеткенше асығады. Ал мен... Эх, оның несін айтайын.

Бір күні медициналық институтта оқитын бір қызбен таныстым. Ол кезде қызбен қыдыру менің тиын санаған шаруама үйлесе бермейтін де, қыз атаулыдан қашықтау жүретінмін. Бірақ бұл қыз керісінше болып шықты. Менің жетім екенімді біліп алды да, сыйлық ретінде ол – пұл әперіп, кем – кетігімді түзеуге қызу кірісіп кетті. Қалтамнан ақша үзілмеуге айналды. Сүйтіп ол менің бірден – бір қамқоршы тірегім болып алды. Айта кетейін, ол министрдің жалғыз қызы еді.

Әрине, бұл жерде есеп те жоқ емес, бала дегенде маңдайындағы жалғыз қызына министр әке мен сияқты қарайлары жоқ күйеу болса деп тілейді, мұны қыз түсінеді. Бәріміз бірге тұрсақ деп ойлайды. Сондықтан бұл үйдің есігі мен үшін күндіз – түн бірдей ашық тұрды.

Мен оқу бітіретін жылдың көктемінде, қыздың әкесі бізді үйлендірмек боп, соған дайындала бастады. Қыз төртінші курста оқитын еді, қалған бір жылға тәуекел дедік те, біз бұған келісім бердік. Бірақ мені Алматыда қалдыру үшін болашақ атамның өз бетінше жүргізген билігі маған ұнамады.

-Алматыда қалсам, жап – жақсы, тып – тыныш өмір сүретінімді білем, - дедім мен бәріміз бас қосып отырғанда. – Бірақ мен инженер – геолог деген диплом алғалы отырмын. Демек, менің орным Алматы емес. Егер мен бір – екі жыл өндірісте болып, инженерлік тәжірибемді толықтырып Алматыға содан соң оралсам жаман ба. Мен қашанғы сіздің арқаңызда жүрем, өмір сүретін мен ғой.

Шал түсінді, бірақ біздің үйлену тойымызды бір жыл кейінге қалдырды.

Мен вагонымда көз ілмей жатып осының бәрін қайтадан ойша тізіп шықтым. Бұл шаңырақ мені асыға күтуде. Қыз оқу бітірер қарсаңда, мен демалыс алып Алматыға барамын, үйленемін. Сосын жұбайымды ертіп Кавказға кетемін. Иә, бәрі де есептеліп қойылған. Оны бұзу өзіме өзім қастандық жасағанмен тең еді. Мен үйленген адаммын деп Тотыны алдаған себебім де, міне осы еді.

Алматыда мені асқар таудай қайын жұрт, солар маңдайына тәу еткен жалғыз қыз, орта, бедел күтіп тұрды. Сонымен қатар, дүниеге келгелі тұңғыш аунап – қунаған үй, тұңғыш маңдайымнан сипаған ата – ана, тұңғыш құшақтаған қыз маған қымбаттырақ көрінді. Сүйтіп ертеңіне, түс қыза, жолға шықтым. Мен мінген жеңіл машина малды ауылды айналып өтті де, жазықтың үстіндегі үлкен жолға түсті. Осы жол мені Қызылордаға дейін апармақ, одан әрі самолетпен ұшпақпын.

Бір кезде қарасам, атын жетегінде ұстап жолдың жиегінде Тоты тұр. Үстінде екеуміз ең алғаш кездескен күнгі киімдері: ши қалпақ, ақ кофта, сұр шалбар. Эх, кішкентай ғана жаным-ай! Неткен жақсы едің сен.

Машина өтіңкіреп барып тоқтады. Мен секіріп жерге түстім де, жүгіріп қасына келдім.

-Сәлемат па, Тоты?

Ол басын изеді де:

-Кеткенің бе, бұл, - деді.

-Иә, кетіп бара жатырмын. Ал өзің неғып жүрсің? Күн ыстықта мұның не, далада жүргенің?

-Сенің жолыңды тосып жүрмін. Көп болды. Ең болмаса қоштасып қалайын дедім.

-Демек, кешірген екенсің ғой. Мені сыйлайды екенсің ғой. Рахмет, саған, Тоты.

-Біздің үйге соқтың ба?

-Жоқ.

-Неге соқпадың? Сәлем беріп, мән – жайыңды айтып шығуға болатын еді ғой. Қайда кетті, неге келмеді деп ертең менен сұрайды. Қандай ыңғайсыз десеңші.

-Оның несі ыңғайсыз. Сұраса айт, түсіндір.

-Сен нені білесің, - деп күрсінді, өзі бір түннің ішінде есейіп кеткен секілді. – Сен нені білесің, сенің нең кетті. Саған бәрібір. Бүкіл ауыл болып екеуміздің сыртымыздан тон пішіп қойғанын сен қайдан білейін деп едің. Ренжіп тұр деп ойлама. Мен ренжитіндей сен не істедің, бәріне де өзім кінәлі. Өзім.

-Тоты, жыламашы.

-Бүгін айдың нешесі?

-Он алтыншы шілде ғой бүгін.

-Демек, екеуміз танысқаннан бері он бес күн өтіпті. Не деген тамаша күндер еді десеңші. Мен бұл күндерді ешқашан да ұмытпаймын және өмірімнің ең тамаша шағы деп бағалаймын.

-Мен де ұмытпаймын, Тоты. Мен де мұндай тамаша күндерді ешқашан бастан кешірген емеспін.

-Ал енді қош бол, - деді ол маған қолын ұсынып. – Сені де ұмытпаймын мен. Сен жақсысың. Сен бәрібір жақсысың. – Ол көзінің жасын мөлт еткізді де, бұрылып жүре берді.

-Сен де қош бол, Тоты. Бақытты бол! - деп дауыстадым мен. Ал көкейімде: Айналайын, Тоты құсым менің кішкентай, деген сөз айтылмай қалып қойды...

Екінші бөлім

Заңғар әңгімесін аяқтап болды да, темекі шегіп келем деп дәлізге шығып кетті. Басқамыз іште қалып, жаңағы әңгіме төңірегінде сөз қозғай бастадық, оның әсерінен әлі айығар емеспіз.

-Тоты деген неткен тамаша қыз еді, -деді майор тамсана басын шайқап. – Сондай қызды қалдырып кеткен Заңғар, осыдан кейін есек. Есек болғанда да ең ішіндегі ақымағы.

-Еркектердің бәрі сол, - деп мәскеулік үш әйелдің бірі басын шұлғып қойды. – Аз төлеп, көп алатын жағына жүгіреді. Әйел жүрегінің зар – мұңында олардың шаруасы не.

Майорға бұл сөз ұнамады.

-Мұндайда пәлен – түген деу қиын. Еркектер дәл сіз айтқандай емес, әрине. Әйелдердің бізден гөрі күшті, беріле сүйетіні рас. Бірақ қайтымы да тез ғой олардың. Неғұрлым көп жыласа, соғұрлым сені тезірек ұмытады.

-Оның рас, - деп енді мұны полковник қоштай кетті. – Жас кезімде менің бір сүйген қызым болды. Әрі жас, әрі әдемі еді. Сенсіз өмір сүрмеймін дейтін маған. Бір күні әскери қызметіме байланысты ұзақ сапарға аттандым. Ол жылап – жылап мені шығарып салды. Содан кейін не болды дейсіз ғой. Үш жылдан кейін қайтып оралғанымда, ол мені танымай қалды. «Ау, бұл сен бе едің? Есімде, есімде», дейді. Әйел деген сол, оның көз жасы бір минөттен аспайды. Бір көзімен жылап, екінші көзімен күліп отырады. Заңғар не, Заңғарға өмір керек болды. Адамға ең алдымен қажеті – тұрмыс. Ал оның бір басынан басқа түгі жоқ еді.

Әйел полковниктің сөзіне шамданып қалды.

-Әйелдер жөніндегі сіздің түсінігіңіз түкке тұрғысыз екен. Заңғарды ақтап отырсыз. Жап – жас қыздың өзіне деген адал махаббатын елемей дайын ас пен дайын төсекке құлай кеткен есепқор жігітті ақтап отырсыз. Бір басынан басқа түгі жоқ еді дейсіз. Бір басы аз ба? Болашағы бар, білімді жас инженерге бір басы аз ба? Тотының махаббаты бүтін бір өмір емес пе?

-Тотының махаббаты... Ол бір өткінші махаббат қой, - деді полковник екіұштылау ғып. - Өздері үшін қызық, жаңалық боп көрініп, жүрегін сиқыршыдай арбаған осы бір ессіз, тек сезімге ғана құрылған махаббатты Тотының жасындағы қыздар түгелдей бастан кешіреді. Сосын ұмытып кетеді, тіпті ұялатын болады.

-Жоқ, - деді осы кезде жолаушы қыз. – Тоты оны ұмытқан жоқ. Тоты оны ұмыта алмады. Демек, шын махаббат болғаны ғой.

-Оны сіз қайдан білесіз?

-Білем. Білетін себебім, сондағы Тоты деген қыз мен болам.

Біз сілейдік те қалдық, көзіміз қызда, рас па деген сұрақпен қараймыз.

-Иә, мен ұмыта алмадым, - деді қыз тағы да. – Соным үшін қаншама азап шектім мен. – Ол көзінің жасын мөлт еткізіп сығып алды. – Махаббат дегеніміздің өзі құдырет екен, оған қарсы тұру менің қолымнан келмеді.

-Қалай болып еді? - деді әйелдердің бірі ақырын ғана.

-Ол өзі біраз әңгіме. Айтып та оңдырмаспын мен.

-Айтып көріңіз. Айтыңыз, мұндай нәрсені іште сақтауға болмайды, - дестік біз. Қыз көз жасын сүртті де, етегін жөндеп дұрысталып отырды. Дәлізде темекі шегіп теріс қарап тұрған Заңғар да елең етіп, құлағын осы жаққа түрді.

-Екеуміз қоштасып жөн – жөнімізге кеткеннен кейін мен атымды жаяу жетектеп үйіме келдім. Сол күннен бастап құстары шулаған тоғай да, жылқылар өріп жайылған дала да, ауыл да, біздің үй де маған құлазып қалғандай көрінді. Бәрі де өлі дүние секілді, көңілге жұбаныш етер ештеңе жоқ.

Жүрегім, сезімім мені неге алдадың? Сол адамды жан – тәніммен сүюге өзің бастай жүріп, оның көңілі басқада екенін сен неғып сезбедің? Жоқ, сездім. Ол да мені сүйді, жанындай жақсы көрді, мен мұны сезіп, біліп жүрдім. Бірақ қалайша үйленген ол? Жер бетінде мен барда қалайша үйленген ол? Ол менікі еді ғой. Ал мен сол үшін өмір сүруге тиіс ем. Қалай ғана ол менің бар екенімді білмеген?

Осылай ойлап өкініштен өзегім өртенген мен бір күн, бір түн тырп етпей жатып алдым. Атам мен әжемде зәре жоқ, не ойлап, не қойып жүргендерін өздері біледі.

Кенет өзімнен - өзім мынандай шешімге келдім: оқуға түсем, геолог болам деп шештім. Осылай етсем, қызметтес бола жүріп, Заңғарға әлденені дәлдесем деген бір тосын ой келді басыма. Бірақ ол не, нені дәлелдеуім керек екенін өзім де білмедім. Мүмкін бір қалада, бір үйде көрші тұрып өзімнің жақсы әйел болғанымды көрсетсем, сүйтіп оны қызғаныштың ащы уына батырсам дедім бе? Мені көрген сайын өзінің үлкен қателік жібергенін жүрегі сыздап тұрып есіне алсын дедім бе, әйтеуір, осы сияқты бір ой келді басыма. Кейін ойлап қарасам, осының бәрі Заңғарға деген шексіз махаббаттан туған қиялдар екен.

Ертеңіне пойызбен Қызылордаға келдім де, керекті құжаттарды бір күнде дайындап, ата – анамды таңғалдырған күйімде Алматыға жүріп кеттім. Әрине, оқуға түсу оп – оңай нәрсе емес, бірақ мектепте алған тиянақты білімім, ашынып келгенім, өжет мінезім маған үлкен көмекші болды. Сүйтіп, оқуға түстім-ау, әйтеуір.

Кереметтей жақсы оқып, қатарымның алды болдым демейін, әйтсе де бірінші және екінші курстарда мен оқудан басқаны білмедім, институт пен жатақхана арасындағы жолды ғана білдім. Ұйқыдан, лекциядан басқа уақыттың бәрін түгелдей кітап оқуға арнадым.

Кейде жалығам, бәрін қойып құрбы қыздармен, таныс балалармен қыдырып кетпекші болам. Мұндайда Заңғар есіме түседі, ә, жалықтың ба, божырайын дедің бе, деп тұрғандай болады. Киноға немесе жиын кештерге барайын десем де, көзіме Заңғар елестейді, жолымды бөгеп қиылып тұрғанын көрем. Ол кім мен үшін? Осыған ерге шығам, шаңырақ қүрам деген үміттен күдер үзгенім қашан. Сүйте тұра ол маған қиялымда жүріп-ақ айтқанын істете берді.

Өстіп жүріп бірінші курсты бітірдім. Бұл курста практикаға жібермейді екен. Заңғарға бір кездессем деген арманым тек келер жылдың көктемінде ғана жүзеге асты. Әйелім бар деп мені алдағанын, үйлену тойы кейін күзге салым өткенін де со жылы білдім. Жол үстінде келем ғой, бірі өтірік болмасын, Заңғарды жаман сөздермен қарғағаным әлі есімде. Әйелі жаман, тілі ащы қумүйіз біреу болғай деп тіледім. Сол кезде бәріміз көрші тұрып, Заңғар сынды жігіттің қайран басын қор қылған әлгі әйелдің барлық жексұрын қылығы менің көз алдымнан өтіп жатса деп тіледім. Баламысың деген, ойлап жүрген ойымның сиығын қараңыз.

Жазғы сессияның алдында, біздің екінші курс бір айлық практикаға шықты. Ақтөбе, Гурьев, Маңқыстау облыстарына бөлді. Мен жалынып – жалпайып Шымкент облысына сұрандым. Сүйтіп Оңтүстік Қазақстан мұнай барлау экспедицясында бас геолог боп қызмет істейтін Заңғарды бір көрсем деген арманым жүзеге асты-ау ақыры.

Жаңа айттым, ол кездегі менің бірден – бір мақсатым Заңғарды өкіндіру, көзіне күйік болу еді дедім. Оның осындай күйге түскенін көрсем арманым жоқ. Шымкентке сұранғанда, міне осы жағын көбірек ойладым. Баяғы Заңғар білетін бала қыз емеспін, жасым он сегізден асып, бойым да, ойым да толысқан кезім ғой бұл. Оның үстіне сымбатым да бар, ажарым да жоқ емес, өзім және студентпін. Ал Заңғар, сен мені енді көр деп келе жаттым.

Сонымен не керек, мамырдың оны күні Шымкентке келдім. Экспедиция «Тоғыс» деген жерде екен, автобуспен жетем деп жүргенде, сағат кешкі бесті көрсетті. Міне кеңсе, міне есік, жүрегім дүрс – дүрс соғып ентігіп барам.

Жүгімді қабылдау бөлмеде қалдырып есікті аштым да, аяғымды ұшынан басып ішке кірдім. Сосын есікті ақырын ғана жауып арқамды қабырғаға сүйедім. Буыным босап, аяқтарым қалтырап барады. Қағаз жазып үстел басында шұқшиып отырған Заңғар ештеңе сезетін емес.

-Заңғар, сәлемат па?

Білмедім, дауысымды таныды ма, жоқ әлде, үйренген жүрек өзі сезді ме, әйтеуір, Заңғар мені көрмей жатып-ақ селк ете түсті. Содан соң жаман түс көріп шошып оянған кісідей маған түсініксіз кейіппен қарап аң – таң боп отырды да қалды.

-Тоты, бұл сен бе?

-Я, бұл мен. Мен ғой, танымай қалдың ба?

-Міне, қызық, - деді ол басын таңдана шайқап. – Сен Тотысың ба, шынымен? – Ол орнынан атып тұрды да, үстелді асығыс айналып өтіп, менің қасыма келді.

-Тоты, сәламат па? Ал, келуіңмен.

-Рахмет.

-Кәне, жоғары шық. Отыр.

-Рахмет.

Мен жұмсақ креслоға отырдым. Ол дереу темекі тұтатты да, үстелдің жанында теңселіп жүре бастады. Бұл қайдан жүр, неғып жүр деген сұраққа жауап іздеп әбіржи бастағанын сезе қойдым.

-Өзің біраз өзгеріп кетіпсің, - дедім әдейі. – Баяғыдай емес, салқындап, мұздап қалыпсың.

Ол бетіме қарап ойланып тұрды да, басын шайқап мырс етіп күліп жіберді.

-Одан бері екі жыл өтті ғой. Мүмкін, өзгерсем өзгерген шығармын.

-Ол кезде және үйленбеген жас жігіт едің. Сен сол жылдың күзінде үйлендің емес пе?

-Иә, үйлену тойымыз күзде өтті. Алайда, үйлендім деп айтуға одан бір жыл бұрын да айтуға қақым бар еді.

-Мені алдағаның сондықтан екен ғой.

-Мен сені алдағаным жоқ. Өтіп кеткен нәрсенің несін айтасың. Маған не шаруамен келдің, соны айт?

-Қыдырып келдім.

-Қыдырып... Кімге?

-Саған.

-Маған? – деп таңданды ол, көзі жыпылықтап кетті. – Маған... Қыдырып... Қалайша?

-Несіне таңданып тұрсың? Әлде қыдырып келуге болмай ма? Ау біз дос емес пе едік?

-Дұрыс қой. Дұрыс қой, әрине, - деп күмілжіді Заңғар. – Дегенмен, қалай десем екен...

-Қалай десең, олай де, мен саған қонақпын. Сосын өзіңмен түсінісіп алатын шаруам да бар.

-Шаруа? Ол не шаруа тағы?

-Ойлан, есіңе түсір. Содан кейін маған тура қарашы өзің.

-Беу, Тоты – ай! – деп күрсінді ол. – Балалығың әлі қалмаған екен ғой сенің.

Мен күліп жібердім, бір жағынан аяп та кеттім.

-Жарайды, қорықпа, сенде шаруам не. Өзің сияқты геолог болам деп оқуға түскенмін. Практикаға келдім. Қалай, қабылдайсың ба, мені?

-Солай ма?! – деп таңданды қатты қуанған ол. – Манадан бері айтпайсың, ә! Әй, тентек Тоты құс-ай? Олай болса, жарайсың! Өзің деген өсіп, жақсарып кетіпсің. Баяғыда тентек қыз едің. Бала едің ғой сен. Енді, міне қандай боп кеткенсің.

-Жас өспей ме, көкейіңді теспей ме, дейді ғой мақал.

Ол теріс айналды да, үстеліне барып отырды.

-Сүйтіп студентпін деші.

-Я, студентпін.

-Нешінші курс?

-Екінші.

-Дұрыс, өте дұрыс. Жарайсың. Ақылың бар сенің. Етің тірі, пысық пәлесің сен. Мен білем ғой, сенен жақсы инженер шығады.

-Ол жағын көре жатармын, - дедім шамданып. Жаңа ғана ақымақ едің, бала едің деп алып, енді келіп мақтап отырғанына күйіндім. Бұл әлі менімен балаша сөйлесуін қоймаған екен.

-Мен кіммін? Практикаға келіп отырған студентпін бе, жоқ болмаса...

-Студентсің, әрине. Өзіңе лайықты жұмыс та береміз. Оны неге сұрадың?

-Менімен дәрежесі тең адамша сөйлесуіңді талап етем.

Заңғар мәз болып күліп алды.

-Жарайды, келістік. Оған әлі уақыт бар. Ал енді өз жағдайың қалай? Атаң мен әжең аман ба?

-Аман.

-Барып сәлем беріп қайтсам ба деймін. Бірақ жұмыс көп, қол тимейді.

-Олардың қажеті не саған?

-Жақсы кісілер ғой. Қолдарынан дәм таттым, баласындай болдым. Бір күн дәмдеске қырық күн сәлем демей ме, мақал.

-Қайдағы бір қаймана қазақта нең бар, өз туысыңды туыстап алсаң да жетпей ме? - дедім мен біртүрлі жақтырмаған пішінде кекете сөйлеп. – Олар кім, сен кім?

Заңғар қып – қызыл боп кетті.

-Сол қаймана қазақтың өзі менде көп емес, - деді сосын қамыққан бәсең дауыспен. – менде кім бар дейсің, Тоты. Қимасаң, амалым қанша.

Бұл оның шын сөзі еді, іштей аяп қатты қынжылып қалдым.

-Ал қайда орналастың? – деп сұрады ол артынша.

-Әзірше орналаса қойғам жоқ. Қазір барам. Қонақ үй бұл жерден қашық па?

-Біздің қалашықта қонақ үй жоқ, Тоты.

-Солай ма? Мұнысы қиын екен. Енді мен не істеймін?

-Білмедім. Жатақхана бар. Бірақ онда адам көп қазір. Мүмкін, Шымкентке кетерсің,

Байқап отырмын, үйге жүр деп айтқысы келмейді. Менен жасқана ма, әлде әйеліне билігі жүрмей ме, сондай бір нәрсе кедергі жасайтын секілді. Мен неде болса сынап көрейін дедім де:

-Басқа амалың болмаса, үйіңе шақыр. Үйің бар емес пе сенің, - дедім.

Заңғар менің бетіме қарап, не дерін білмей біртүрлі әбіржіп қалды. Жоқ деуге ары жетпеді, жүр деуге аузының ебі келмей отыр.

-Үй бар ғой, - деді ақыры әрең деп. – Үй деген... әрине, солай етерміз, сірә. – Сүйтті де телефонға жармасты. Бірақ неге екенін білмеймін, трубканы көтеріп, орта жолда ұстап бір сәт ойланып тұрды да, сосын трубканы қайтадан қоя салды.

-Жарайды, телефон соқпай-ақ баруға болатын шығар. Өзіміздің адам ғой, қуып жібермес, - деп күлді ол. – Тек саған айтатын бір ғана өтінішім бар, Тоты. Ұрықсат па?

-Ұрықсат.

Заңғар ақырын ғана қасыма отырып, иығыма қолын салды.

-Тоты, сен әлі отбасы жайын түсінбейсің ғой. Отбасы деген қиын мәселе, оны өзім де жаңа түсініп келемін. Сен біздің үйге барғанда осы жағын ескерші. Мысалы, мені бұрын – соңды білмейтін адам бол, сіз деп сөйле. Мен де солай етейін. Менің хозяйкам бала мінезді адам, сәл нәрсеге нана салады.

-Ақымақ еді десеңші, - дедім әдейі, бір жағынан намыстанып қалдым. Заңғар күліп жіберді.

-Сүйтпесең Тоты боласың ба, сен. Жарайды, солай-ақ болсын. Ақымақ десең ақымақ де, бірақ, әйтеуір, менің өтінішімді ұмытпашы, Тоты.

-Әйеліңе тілім тигенде намысың келмейтін қандай адамсың өзің?

-Сенімен ұрсысып жатам ба, өзімді сөксең де аузымды ашпас едім. Саған ренжу менің қолымнан келмейді. Сен, Тоты құссың ғой кішкентай.

Мен бетіне телміріп ұзақ қарадым: мына үн, мына дауысты сағынғаным қашан. Бұл үн жүректен шығып кеп өзінің балдан тәтті сөзімен мені оятқан, жаныма толғау салған күннен бері мен оны мың – сан үннен бөліп алып, жүрегімде бөлек сақтадым. Оңаша қалған сәттерде жүрегіме айтқызып тыңдап жататын болдым. Ал мына бір мейірімге толы адал, шынайы көз қарасты мен Сыр бойында-ақ танығам: менің жаңа – жаңа гүл ашқан жас жүрегім нұрға ұмтылған сәбидей осы бір кінәратсыз адамның көзіндегі шындыққа ойланбай-ақ сенген-ді. Міне, енді сол үн, сол көз қарас мені тағы да сиқыршыдай арбап, өзіне тартып алды.

-Заңғар, - деп сыбырладым өзімді бір сәтке ұмытқан мен. Дауысым қалтырап, еріндерім дірілдеп кетті. – Заңғар, мен ұмытатын емеспін.

-Жарайды, ақымақ болма! - деді ол қолтығымнан демей көтеріп. – Ақылың кірмеген бе әлі? Жүр, кеттік үйге. Қалған әңгімені сол жерде айтармыз.

Заңғар мені жасыл ағаш астында ну қалыңға оранып әрең көрініп тұрған бір қабатты шатырлы үйге әкелді. Үйдің жан – жағы ағаш шарбақпен қоршалған: ішке кіріп жүзім және алма ағаштары арасымен дәлізге қарай жүргенде бізді, дәл ауызда, үстіне қызыл халат киген, қасы мен ерні боялған, тырнақтары қып – қызыл әдемі қараторы келіншек қарсы алды. Түрі жап – жас, мың бұралып майысып тұр. Құлағындағы алтын сырға мен мойнындағы алқа, саусақтағы сақина күнге шағылысып жалт – жұлт етеді. Өзінде артистерге ұқсайтын сипат бар: кірпігі ұзын көздері құбылып ойнап, бет бейнесі қас пен көздің арасында сан рет өзгерді. Ал дене бітімі, сылаңдаған кербез жүрісі, әбден жаттыққан мәнерлі қимыл бірі мен бірі өзара үндесіп әйелге кереметтей әсемдік береді. Не деген қылық, не деген тартымдылық, қуыршақ сияқты жып – жылтыр сұлулық десеңші. Махаббат үшін жаралған мұндай әйелдердің рухани керегі ыстық сүйіс, сол себепті мұндай әйелдер күйеулерін өздеріне дамылсыз ынтықтырып, құштарлығын лаулатып қойып отырады. Сүйтіп бұлардың арасындағы махаббат ешқашан жалықпайды дегенді бір жерден оқыған едім. Мына әйелді көргенде сол сөздің өзі рас – ау, деген ойға келдім амалсыз.

Заңғар әуелі бізді таныстырып өтті. Әйелдің есімі Зәуре екен, содан соң Зәуреге менің Алматыдан келген студент екенімді, ертіп келген себебін түсіндірді.

-Қош келіпсіз, - деді енді – енді райы кіре бастаған әйел маған. – Студент кезімізде бәріміздің де басымызда болған жағдай ғой. Қысылмаңыз, үйге жүріңіз. Кәне, үйге кірелік.

Үй иелерінің бастауымен мен төрт бөлмелі үйдің үлкен залына ендім, терезелерін айқара ашып тастаған бөлменің іші сап – салқын, сырттан көктің иісі аңқыған таза ауа келіп тұр.

Мен жайғасып отырғаннан кейін Зәуре асхана жаққа барып өз шаруасымен айналысып жатты. Заңғар киімін ауыстырып киіп, жуынуға сыртқа шығып кетті. Үйде оңаша қалған мен жан – жағыма анықтап көз жүгірте бастадым.

Өздері өте жақсы тұратын секілді. Оған мына су жаңа қымбат мебельдер, тұсқа ұсталған бағалы кілем, едендегі түкті төсеніштер, сирек кездесетін ыдыс – аяқтар, тағы басқа үй жиһаздары куәлік етіп тұр. Ашық тұрған есік арқылы көріп отырмын, басқа бөлмелердің жасауы да бұдан кем емес. Әсіресе, бұл үйде көрініс қылғаннан басқа пайдсы жоқ жылтырауық нәрселер көп екен. Бәрі де әйел көзінің құртындай боп үлкен айнаның алдында, буфеттің үстінде, тағы сондай оңтайлы жерлерде қаз-қатар тұрып ап, бірінен бірі өтіп, кісінің назарын өзіне еріксіз тартады. Мұның бәрі де әшекейшіл, жылтыр құмар әйелдің қолымен жиналған немесе сыйлыққа тартылған бұйымдар еді, Зәуре нәр алатын рухани азықтың бұл – екінші түрі шығар деп ойладым.

Сәлден кейін шәй дайын болды. Зәуре дастарқан жайып жатқанда мен сыртқа шығып жуынып келдім. Содан кейін үшеуміз үстелге отырдық.

-Жаңғыз отырып қалдыңыз, көңілсіз болған жоқ па? – деді Зәуре Заңғар шампан ашып жатқанда.

-Жоқ, өте жақсы отырдым, - деп жауап бердім мен.

-Әйел болған жаман екен. Қонақтың қасында болайын десең, шәйіңді жасап, тамағыңды істейтін адам жоқ. Амал жоқ, бүкшеңдеп асханада жүресің... Заңғар, аққұманның астына қоятынды әкелші. Кухняда шығар. Сосын терезелерді жап, салқын түсті ғой... Айтпақшы, Заңғар, - деп айқайлады артынан. – Сол жақта кесе сүрткіш бар, соны да ала кел.

Заңғар жаңағының бәрін күлімдей жүріп орындап келіп үстелге енді ғана отырған бойы еді, әйелі оны тағы жұмсады:

-Туһ, варенье қоюды да ұмытып кетіппін-ау. Сүтті де әкелмеппін. Тоңазытқыштың ішінде тұр, Заңғар, әкеле қойшы, а.

-Әй, Зәуреш-ай, -деп күрсінді орнынан қайта тұрған Заңғар, - мұншама ұмытшақ болғаның не? Істеген ісіңнің бәрі шала, қашан жөнге келесің сен.

-Әне, бұған бірдеме айтсаң осы, - деп күлді Зәуре маған қарап. – Саусағы қимылдағанға риза емес. Айта қойып ем, қарашы көзінің жасын төгуін. Бұл еркектерді қой, бағуы баладан жаман. Сені аяған боп мүсіркеп отырып-ақ діңкеңді құртады. Бұларға аузыңды ашпасаң, алақаныңа сап үпілеп отырсаң ғана жағасың.

-Зәуре, сен не айтып кеттің? Қонағымыз әлі аш отыр. Тамақ жейміз бе, әлде әңгімені гөйітіп...

-Ах, да, - деді әйел сәл ыңғайсызданып, сонысымен ескерту жасағаны үшін еріне ренжіп қалғаны да байқалды. – Біздің Заңғарға сөйлессең де жақпайсың. Ал жақсы, тамақ желік. Сіз қымсынбай ас алып отырыңыз, Тоты. Ерлі – зайыпты адамдардың осындай бір – біріне ерке назы болады. Сіз түсінесіз ғой.

-Әрине, түсінем. Ағай сізді сыйлайды екен, сол жері маған қатты ұнады. Әсіресе, үй шаруасына ептілігі қандай рахат!

-Иә, үйге кісі келгенде аздап қол ұшын беретін әдеті бар. Содан соң үш күн міндетсіп жүреді.

-Не деген жақсы мінез, - деп жымидым мен жоп – жорта. – Бұл енді жұбайына деген еркелік қой. Сізге ұнайтын да шығар сонысы.

Бірдеңе тарс етіп атылып кеткендей болды, Зәуре екеуміз оқыс дыбыстан селк ете қалдық. Сүйтсек Заңғар ашқан шампанның тығыны екен, біздің әңгімеміз бөлінсін деп әдейі істегені еді бұл.

-Ал қарындас, қош келдіңіз, - деді сосын, орнынан тұрып шампан құйылған үш бокалдың бірін қолына ұстады. Міне, енді таныс болдық, демек біздің үйдің есігі сізге қашан келсеңіз де ашық. Әсіресе, Алматыдан келген қонақтарды біз қуана қарсы аламыз. Себебі, Зәуре Алматыда туған ғой, ата – анасы да сонда тұрады, бүкіл жастық шағы да сонда өтті. Алматыдан келген қонақтың бұған ерекше ыстық көрінетіні сондықтан. Ал кәне, осы тосты сіздің келу құрметіңіз үшін және таныстық үшін алып қоялық.

-Жақсы айттың. Бірақ Алматыда оқығанның бәрі алматылық бола алмайды ғой, сонда туып-өспегесін, солай емес пе?- деп Зәуре маған сынай қарап қойды.

Зәуренің мені әдейі кішірейтіп, менсінбей отырғанын сезіп, ыңғайсыздынап қалдым. Соны байқаған Заңғар:

-Жә, Алматыдан келгені рас қой, бәрінен де бұрын Құдайы қонағымыз, арғы жағын қазбалап қайтеміз,- деді арада пайда бола қалған кірбіңді жуып-шайып. Өзі бокалын сарқып ішіп алып қойды. Зәуре екеуміз бір-бірімізді аңдығандай шампанға ернімізді тигізгеніміз болмаса, жөнді ішпедік. Осыдан кейін, неге екені белгісіз, тамақ та жөнді желінбеді, әңгіме де өрбімеді. Дастархан жиналған соң да, көңілсіз кеш мен үшін шектей шұбатылып, ақыры шаршап барып жатқанмын. Маған төсекті ас ішкен бөлмедегі жайылмалы кең диванға салып берген еді.Әлденеге елегізіп, ұйқым қашып, көпке дейін көз ілмей қойдым. Өстіп қанша жатқанымды білмеймін, бір кезде бүйірдегі жатын бөлмеден үй иелерінің күбір-сыбыр әңгімелері естіле бастады. Мана осында келгенде байқағам,бөлме арасында есік жоқ, оның орнына малындырып қызыл помбарқыттан перде тұтылған. Түнгі тылсым тыныштықта ерлі-зайыптылардың өзара сыбырласқан сөздері маған анық естілді. Әсіресе, әдейі ме, білмеймін, Зәуре қаттырақ самбырлап жатты.

-Сен өзің бүгін біртүрлісің ғой?- деді күйеуіне наз артып.

-Не боп қапты біртүрлі болатындай?

-Теріс қарап жатысыңды айтамын.

-Тсс, үйде қонақ барын ұмытпа.

-Алыс жолдан шаршап келді, жатқан шығар түс көріп. Әлде, ерлі-зайыптының қызығын тамашалағысы келіп, әдейі аңдып ұйықтамай жатыр деп ойлайсың ба?

-Қойшы, Зәуреш. Сен де бір қайдағыны айтады екенсің.

-Ендеше бері қарап жат.Немене, тоқсандағы шал құсап теріс қарап тоңқая қалғаның?

-Жұмыс көп болды бүгін. Шаршап...

-Бүгін ерекше күн болды, көзіме жас қыз елестеп жатыр десейші...

-Туһ, не деп кеттің. Қайдағы жас қыз?

-Тоты ше? Мені бір түк сезбейтін топас көремісің?

-Бұл жерде ешкімі жоқ, практикант. Бір түнеп шыққанына тарылып қалдың ба?

-Жоқ, сенің оған қараған көзіңнен, оның саған қараған көзінен бір-бірлеріңді бұрыннан білетіндеріңді сезіп, соған жыным келіп жатыр.Өтірік деші?

-Өтірік.Сенен басқа кімге қараушы ем.

-Жалғанда жалғыз ғашығымсың деуші едің бұрын?

-Ғашық болдық па, болмадық па, ол дәурен өтті де кетті.

-Тұрмысыңа риза емессің бе? Қызметің кімнен кем? Саябақ ішіндегі үйің мынау. Қалада төрт бөлмелі пәтерің бар. Бәрі менің әкем арқасы... Түк көрмеген жетім едің.

-Рахмет, Зәуреш, жетім өскенімді есіме дұрыс салдың. Мүмкін, жетімдіктен дүние қадірін білмей өскендігімнен шығар, осынша қазына мүлік жинап керегі не, оған ертең кім ие болады деп ойлайтынды шығардым.

-Немене, өлетін күнің жақындап қалды ма?

-Өлмесек те енді жасамыстанып қартая беретін шығармыз.

-Ол сен қартаятын. Менің әлі он екіде бір гүлім ашылған жоқ. Жастық өмірдің қызық думанына әлі тойып болғам жоқ.

-Бала тапқың келмей жүргені сосын екен ғой?

-Баланы асырап та алуға болады. Онан да ынтығымды бас, күйеуім болсаң.

-Өй, демалсайшы сен де, қонақ күттің, шаршадың ғой.

-Тапқан сылтауының түрін.

-Ау, енді үйде қонақ бар дегендей.

-Ерлі-зайыптының түнгі қызығына құлақ түру үшін қонбаған шығар. Ал ояу жатса, үйренсін. Хотя, осы күнгі студенттер түгіл, мектеп оқушыларының өздері мұндайдың майын ішеді деседі.

-Туһ, саған бүгін не болған. Жаныма тыныштық берші.

-Жар төсегінен жери бастаған екенсің, тұра тұр бәлем,- деген Зәуренің үні ызғарлы естілді...

Қай кезде көз ілдім, білмеймін, әйтеуір таңертең басым қазандай боп тұрсам, Заңғар жоқ. Жұмысына ерте тұрып кеткен білем. Зәуре төсегінде дөңкиіп әлі жатыр.Ұйықтап жатыр ма, жай жатыр ма, ол жағында шаруам қайсы, мазаламадым. Аяғымды ұшынан басып жүріп тез-тез киіндім де, сыртқа атып шықтым.

Таң жаңа атқан кез. Ауа тұмық. Шымыр. Былай шыға ептеп сергігендей болдым. Уақыт әлі тым ерте еді. Заңғардың кеңсесінің алды бос. Тек, еден сыпырушы әйел ғана, жұмысын бітірген болар, сыпыртқы, шелегін көтеріп кеңседен шығып бара жатты.

Мен кіргенде Заңғар бұрышта теріс қарап, бірдеңе істеп күйбеңдеп тұр екен. Байқасам, ток пешке құман қойып, шай қайнатып жатыр.

-Сенің қамың,- деді маған бұрылып, көңілді болып көрінгісі келіп езу тартып еді, одан салыңқы қабағы, тұнжыр жүзі жадырай қоймады.

-Алдымен өз қамың шығар,- дедім мен үлкен үстел жанындағы креслоға отырып жатып.

-Жарайды, солай-ақ болсын,- деді Заңғар бірден келісіп,- Екеуміз бірге отырып ішеміз.

Үстел шетіндегі ауыр қара телефон без-без ете қалды.

-Сенбісің?-деді тұтқаны құлағына апара берген Заңғар таңдана қасын керіп,-Иә, Тоты... Шай беріп күтсең, кім қой деді саған. Тура қашып шыққан адам сияқты. Беті-қолын да жумаған білем... Айтпап едім, айтқыздың. Күдігің рас.Ол менің өмір бойғы арманым, сарғайып күткен аңсарым... Аңдаусызда байқамай үркітіп алған бақ құсым...

Арғы жақтағы Зәуреш телефон тұтқасын лақтырған болар, Заңғар да мына жақта қолы қалтырап тұтқаны ұясына әрең қондырды. Ерлі-зайыптылардың арасындағы түндегі және осы қазіргі әңгіменің бар мазмұн салмағы менің санама соғылып, жанымды езіп жіберді.

-Сен... Заңғар, саған не болды?

-Мен... бақытсызбын ғой...

-Қойшы, жұбайыңмен ұрысып қалдың ба?

-Кесе аяқтың сылдыры болса, сөз етпес ем.

-Сірә, сенің отбасыңа кесірімді тигіздім-ау шамасы?

-Сен емес, бар кінә өзімнен... Жетімдік жоқшылықтың зардабын көп тартқан басым.

Осы жерде әңгімеміз күтпеген жерден шорт үзілді.Сырттан суық хабар жетті. Он жетінші бұрғы ұңғысының басында апат болып, үш адам жарақат алған, бір адам хал үстінде жатқан көрінеді. Заңғар апыл-ғұпыл жиналып, маған сен кеңседен ешқайда ұзап кетпе деді де, кете барды. Бір сағат өтті, екі сағат өтті, кеңседе жан қалмаған, жым-жырт.Мен болсам, қайда барарымды, не істерімді білмей сенделдім де қалдым. Өстіп меңдуана жеген адамша мең-зең күйде дағдарып отырғанымда, Зәуре кіріп келді. Маған анадайдан жымия қарап, сыпайы бола қалыпты.

-Суық хабарды естіген шығарсың?- деді бірден әңгімеге көшіп. Отырған жоқ. Ортадағы жазу үстеліне бір қырындап түрегеп тұрды.

-Естідім.

-Мұндайдың арты не болатынын білетін шығарсың? – деді бетіме сынай қарап.

-Алла жаманшылығынан сақтасын.

-Иманды жан екенсің. Білмесең біліп ал, сотталады, құрып кеткенде қызметінен қуылады.

-Қойыңызшы, сонша үрей туғызбай,- дедім мен. Түрме торының ар жағынан Заңғардың жаутаңдаған жанары елестеп кеткендей болды да, дауысым қаттырақ шығып кәдімгідей шошып кеттім.

-Мен де өзіңдей әйел затымын. Менде де жүрек бар.-деді Зәуреш,-Менің жаман күйеуім мен сенің екеуің араңда бір құпия сыр барын кеше біздің үйдегі шай үстінде-ақ аңғарғам. Ұят та болса айтайын, бұрын ондайы жоқ еді, тұңғыш рет өзіне деп ашылған жар құшағынан теріс айналды.

-Оған мен кінәлі емес шығармын,- дедім жақтырмай, ұят сөзді тез доғарғым келіп.

-Енді кім, сен емей?.. Бірақ өзің ойлашы, сен оған не бересің? Бар болғаны студентсің. Менің әкемнің арқасында, түк көрмеген жетім еді, лауазымды қызметке қолы жетті, бай тұрмысқа кенелді. Бұл әлі басы ғана, үкіметке баратын, министр болатын күні де алыс қалған жоқ.

Зәуре менің намысымды қоздырды. Күйіп кеттім.

-Менде бар нәрсе, сенде жоқ. Ешқашан болған емес.

-Пай-пай-пай! Менің қолым жетпейтіндей ол соншалық не болды екен?.. Ә... мүмкін, пәк шығарсың. Какой ужас!.. Кстати, ее можно выгодно продать.

-Әуре болмаңыз, иесі бар,- дедім мен де әдейі қитығына тие түскім келіп.

-Интересно, сен оны кім үшін сақтап жүрсің? Қай әумесер үшін?

-Әумесер емес. Оның аты – махаббат. Ал махаббат иесіз болмайды.

-Заңғар ғой меңзеп тұрғаның?

-Білсеңіз, несін сұрайсыз?

-Солай де. Байқаймын, алған бетінен қайтпайтын қайсар жанға ұқсайсың. Ендеше, менің мына сұрағыма жауап бер. Заңғарды шын жақсы көресің бе?

-Жақсы көрмесем, практиканы сылтауратып, осында әдейі іздеп келмес ем.

-Рахмет тура жауабың үшін... Жаңа осында келерде біраз жайды біліп келдім. Адамдардың жарақаттанып, бір жұмысшының өліміне әкелген өндірістік апатқа жол бергені үшін Заңғар ең кемі жеті жыл түрмеге кесілетін түрі бар.

Отырған жерімнен қалай атып тұрғанымды өзім де білмей қалдым.

-Не айтып тұрсың?- деп Зәурешке тап бергенім.

-Есіңді жи!- деді ол мені кеудемнен түйіп қалып. Жамбасыммен үстелдің қырына оңбай соғылдым.

-Есіңді жи!- деді Зәуреш қайталап.- Заңғарды соттан аман алып қалу менің әкемнің ғана қолынан келеді. Заңғар сотталмасын десең, сен оны өзің айтқандай шын жақсы көрсең, тез табаныңды жалтырат бұл арадан.

Мен онсыз да бәрін бүлдірген едім. Осы сәт сүйіктіме жақын жерде жүріп, оның жар таңдауда қателескенін мойындатам, өкіндірем деуім, «балалығың әлі қалмаған екен» деп Заңғардың өзі айтқандай, менің тарапымнан шынында үлкен шалалығым екен. Оған көзім қазір анық жетіп тұр. Иә, мына бойын қызғаныш буған, қашан да өз айтқанын орындатып үйренген өзімшіл өркөкірек кінәмшіл қатын Зәуре өз дегені болмаса ештеңеден тайынбайды. Қол ұшын бермек түгіл, мертігіп жатқан Заңғарға өзіңе сол керек деп табалап, беті бүлк етпестен қарап тұра беруі ғажап емес. Тағдыр бізді алыстатып, қоспауға жазған екен, оған қарсы тұрар менде амал жоқ. Тағдырдың басқа салғанын көтеруден басқа жол қалмады. Тек Заңғар сүрінбесе болды, сол аман болсын. Менің кесірімнен сүйіктімнің күйіп кеткенін қаламаймын. Сондықтан мен одан күдер үзіп, біржола қарамды батырайын. Осы оймен бойымды тіктеп жинап алдым.

-Қолыңнан келеді екен, уәдеңде тұр, Заңғарды осыдан сүріндірме!- дедім де, Зәурешке басқа бір ауыз сөз айьтпастан өз жөніме кете бардым.

Арада жылжып біраз жыл өтті. Оқуым да бітті. Министрліктің құжынаған кеңселерінің бірінен жұмыс та табылып қалғандай еді. Бірақ онсыз да бес жыл Алматының көшесін аз таптаған жоқпын ғой деп ойлап, өндірістің қайнаған өз ортасына барғанды жөн көрдім. Мұнайлы өлке Маңғыстауға жолдама алып, тәуекелге бел буып келе жатқан бетім ғой бұл.

Бәріміз іштен тынып үн-түнсіз отырып қалыппыз. Құлаққа ұрған танадай тыныштықта жүрдек пойыздың шойын доңғалақтары ғана рельске әдеттегісінен жиірек әрі қаттырақ соғылатындай, тарс-тұрс, тарс-тұрс етіп үдей түсіп барады.

-Менде бір сұрақ бар,- деді елгезек жас майор алдымен тілге келіп. Тоты үндеген жоқ. Біз де жым-жыртпыз, бірақ көз-қабағымызбен айтсайшы, болсайшы дегенді аңғартқандай едік. Жас майор батылданып кетті білем:

-Бес жыл оқығанда маңайыңнан өзіңе лайықты сыңар таппадың ба?- деп қойып қалды.

Тоты ақырын жымия түсіп:

-Соны тіпті ойламаппын да,- деді. Біз гу ете түстік. Біртүрлі қуаныштымыз.Тіпті еліріп алғандаймыз. Жарыса-таласа бірдеңелерді айтатын да сияқтымыз. Бірақ ешкім ешкімді тыңдап та жатқан жоқ.

-Шампан! Шампан керек мұндайда!- деген полковниктің солдаттарына бұйрық бергендей күркіреген дауысы естілгенде ғана сап тыйыла қалдық. Арғы жағы түсінікті еді. Жас майор ұшып тұрып шампан әкелуге вагон-ресторанға қарай тартты. Әйелдер купелеріндегі жолға деп алған жылы-жұмсақтарын жеткізді.Заңғар мен Тотыдан басқамыз, жанымызды салып дастархан жасауға кірістік...

Жол деген осы ғой, кімдерді табыстырып, кімдерді айырмайды ол. Жол үстінде кімдер жүрмейді. Мұрат іздеген өрім де, пайда іздеген тіміскі де, пәле іздеген залым да жол үстінде кетіп барады. Мына қарашы, бірін – бірі туғалы көрмеген төртеумізге және үш әйелге қарашы. Кеше емес – ау, бүгін, тіпті жаңа танысқанға дейін жат едік, енді міне, үйреніскен көршілер сияқты күліп – ойнап той тойлағалы жатырмыз. Жол бір сәтке, мүмкін бір сағатқа басымызды қосты; сол жол, сосын бөліп – бөліп бізді жан – жаққа әкетпек; үйткені әркімнің баратын жері, көздеген мақсаты бар. Бірақ көңілі жарасқан адамдар үшін бір сәттің өзі қымбат; бейтаныс жанның бір сәтте көрсеткен адал көңілі жәдігөй достың он жылғы сәлеміне татиды. Жол, мен сені осының үшін ұнатам. Біреулермен дос етіп, сосын айырып жібергенің үшін ұнатам. Бір-бірінен адасқандарды қайта табыстыратының үшін де, айнымас үлкен махаббаттың дәнекері болатын ұлы қасиетің үшін де ұнатам...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар