Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жарас Сәрсек: "Мен кеше тағы да жоғалдым..."...

15.05.2015 5374

Жарас Сәрсек: "Мен кеше тағы да жоғалдым..."

Жарас Сәрсек: "Мен кеше тағы да жоғалдым..." - adebiportal.kz
912466_1413771785_8.jpg



Азаттық

Ол өмірге келгенде аш болатын,
Көз орнында көз емес жас болатын.
Шартарапқа шашылған біздің қазақ,
бір шаттыққа әйтеуір мас болатын.


Азат ұлды өбектеп мәз болғанбыз,
Желтоқсанда желпініп жаз болғанбыз!
Айдынына оралған су құсындай
қаңқылдасып аққу мен қаз болғанбыз!


Тасты осылай еңістен өрлеткенбіз,
Шер кеудені шаттықпен желдеткенбіз.
Бесігіне бөленген бөбек – ұлдың
бүкіл ел боп Анасы, тербеткенбіз!


Азат ұлды осылай аялаппыз,
Қолда не бар, ештеңе аямаппыз.
Азынаған ақпанда – ықтасынбыз,
Аптабында шілденің – саябақпыз!


Әрбір туған күнінде сыйын қылып,
Әрбіріміз әрқалай киіндірдік.
«Азат дейтін ұлы жоқ қанша жұрт бар?»
Дедік дағы жел сөзге тыйым қылдық.


Алабарқын күн кешіп, жадау болып,
Жүрсек дағы тұрдық біз алау болып.
Өлсек екен…
Өмірден өтсек екен
Сол жалғыздың жанына жалау болып!..



Рас

Кез емес ол жейтіндей елден таяқ,
Қаумалаған жақынның өбкені – мен.
Ұшып-қонып жеп жүрер жерден таяқ,
Жеті жастан енді асқан «жетпегір» ем.


Сабағынан оралған Жақсы ағамның
жанарынан жас көріп елеңдестік.
«Неге қысқа ғұмыры жақсы адамның,
Тастап кете бере ме өлеңді өстіп?!.»


Өксіп-өксіп жіберді ағам сосын,
Дәрмен аздай аттауға босағадан.
Босағаны ағамның маған тосын,
Босайды деп ойлаушы ем осал адам…


Анам да отыр сиынып өлмес Хаққа,
Жанарында сан түрлі сұрақ тұнып.
Мұқағали ақынның келмес жаққа
кеткендігін жеткізді ұл жылап тұрып.


Сусып қолдан құлаған анашымның
жатты сынып еденде шәй кесесі.
Жәй отырмай өзімше данасындым:
«Артық-ед, – деп, – бұл үйдің қай кесесі?!.»


Ой-жүйкесін оның да өтті тіліп
суық хабар ұлының әкелгені:
Не дейді-ей! – деп орнынан кетті тұрып,
Шынтақтап ап шәй ішкіш әкем менің.


Жатпады жұрт басына жастық жастап,
Жаратқанның налыды «жазасына».
Бір қауым ел ертесі бастық бастап,
Аза тұтты ақынның қазасына.


«Аза тұтар ақын не, көсем бе екен?»
Деп тепсіне біреудің айтқаны есте.
Аудан жақтан сол бастық
(есен бе екен?..)
Ауыр сөгіс арқалап қайтқаны есте.


Білуші едік біз бейбақ ол кезде не,
Ойнаушы едік Төлеген, Шеге болып.
Бір білерім – сол кезден сол кеудеме
сол бір Ақын алыпты еге болып…


Ақын болу – о баста бақ көрінген,
Кемістігі, емес-ті ол ақылдың.
Қазір менің үйімнің қақ төрінде
ілулі тұр суреті сол ақынның.


Бүгінің де,
Ертең де,
Келешек те,
Жандардікі жұртына жақын қонған.
Барлық ақын Пайғамбар демесек те,
Пайғамбардың барлығы ақын болған…



***


Отан дейді, ә?..
Отан Оның өз басы,
Өз басына лайықты сөз басы.
Бәлкім дұрыс,
Бәлкім бұрыс, білмеймін,
Отан дейтін,..
Отан – Менің көз жасым,
Отан – Сенің көз жасың.

Сол жасыңды жанарыңда тұндырғын,
Нұр да қылғын,
Жыр да қылғын,
Сыр қылғын.
Көз шұқыған көп кещенің саусағын,
Отан, ағып түспеу үшін сындырғын.

Бір жиырма жыл,
Өтсін мейлі жүз ғасыр,
Отан – жасым,
Жанарымда құрғасын.
Кемсеңдете көрмеңдерші мені, Адам.
Демесеңдер Отан көзде мұздасын.
Қу жүрегім қуысымда сыздасын,
Отан – менің көз жасым.

Не өтпеді менің ғазиз басымнан,
Қақырардай талай жерде ашынғам.
Жыламауға тиісті едім, өйткені
Жанарыма Отанымды жасырғам…



***

Өмірде болмасам да өзім өктем,
Қарайып хатқа түскен сөзім өктем.
Кеудесі кір тасындай кісіңізге
Кішіріп күмілжитін кезім өткен.


Әй, қойшы…
Болмасам да өзім жақсы,
Сүзіліп сыртқа шыққан сөзім жақсы.
Патшадай паң қалпында ойға шомып.
Отырар оңашада кезім жақсы.


Әйтеуір алабарқын күй кешемін,
Жоқ әсте жүк артатын үйде есегім.
Келемін өзімді-өзім өрге сүйреп,
Жүрмейді сыйға есебім, күйге есебім.


Қирағам,
Қиратылғам,
Өлгемін жоқ,
Өнгеннен кез де болған көмгенім көп.
Әйтеуір алабарқын осы күймен
Адамнан аласарып көргемін жоқ.


Ұнасын,
Ұнамасын,
Анығында,
Өзімнің өмір сүрдім қалыбымда.
Қараңдап әлдекімге көрінермін
Білтенің дір-дір еткен жарығында.


Ой – құнар,
Өлеңім – дән,
Дән – дерегім,
Дәнімнің бәрін емес, ал керегін.
Суындай Әбілхаят болмасам да,
Аз-аздап аз жақсыға нәр беремін.


Бірде – күз,
Бірде – көктем,
Жаз боламын,
Бірге – көп,
Ал екеуге аз боламын.
Құйылған құтыдағы су секілді
Ортайып бара жатып мәз боламын.



Ескі жылмен қоштасу 


Тірлік жіпке түбі үзілер, байланып,
Мың құбылған аспан сынды өмір-ай!
Ескі жылым естелікке айналып,
Есімде алған, ескірмейтін көңіл-ай!


Тағы бір жыл тереземді қағып тұр,
360 күнге түйіп қабағын.
Тағы бір жыл ту сыртымда қалып тұр,
Қоштаспауға амалым жоқ, амалым.


Досымдай боп бірде маған көріндің,
Жабыққанда тек жанымнан табылып.
Қасымдай боп бірде жаман жеріндің,
Қағып кеттің көп жақсымды қағынып.

Менің сана түкпірімде қаласың,
Мөлт-мөлт еткен дәуренімнің көзі боп.
Есігімді сырттан жауып барасың,
Енді саған айтар елдің сөзі жоқ.


Ей,
Ескі жыл,
Інің үйге еніп тұр,
Танысуға, табысуға мұрсат бер.
Мен де өзіме,
Ол да өзіне сеніп тұр,
Сөйлесуге рұхсат бер…



***


Мен қазір беймаза шақтамын,
Досқа да,
Қасқа да жақпадым.
Тұп-тұнық бір ойды биікке
Қойып-ем,
Іздедім,
Таппадым.


Мен қазір беймаза шақтамын.
Мен қазір беймаза күйдемін,
Түздемін,
Күздемін,
Үйдемін.


Тұңғышым тұсымнан кетті өтіп,
Ұстап ап қолынан сүйгенін.
Мен қазір беймаза күйдемін.
Қалайша бәрінен қап барам,
Кешегім неліктен жат маған?!


Осындай қалпыммен Өзімді
ертеңге қай жолмен ап барам?!
Ертеңнің несі бар сақтаған,
Несі жоқ білмеймін таппаған?!

Мен кеше тағы да жоғалдым,
Көрінбес көк тұман жол алдым.
Мақсатсыз,
Мазмұнсыз қыр кешіп,
Қызықтан қашатын боп алдым.
Өзімнен өзімді іздеуді
доғардым,
доғардым,
доғардым.


Қисайған жоқ әлі бөрігім,
Жортуға жаралған бөрімін.
Қысқартқан ұйқымды қайтейін,
Қысқарып барады өмірім!
Ақ қарға аяғым бір тисе-ау…
Шіркін-ай, көңіл ғой, көңілім!




Сезім тілі


...Маған таныс көше бұл,  ұмытпадым,
Келген талай есімде құрып халім.
Шыр айналып  шыға алмай айлы түндерде,
Терезеңе телміріп құлыпталдым.

 
Маған қадап жұлдыз-қыз жанарларын,
Саған қарай асыққан сан арманым.
Сезімге еріп, сені іздеп сергелдеңмен,
Махаббат боп содан соң жаралғанмын.

 
Жайында тұр жалғыз түп бала қайың,
Баяғыдай қол бұлғап барады айым.
Жарқ етіп бір жоқ болсаң жұлдызымдай,
Жалт етіп бір қарауға жанар дайын.

 
Сезімім бұл тасынған теңіздейін,
Қайда жүрсің,
сағындым дегізбейін.
Аялдаса автобус бірер минут,
Көшесінен Гогольдің сені іздеймін.



***

Жапырақ көміп іздерді,
Күз келді,көкем,күз келді.
Сызданып бірге сыз келді,
Қымтану керек бізге енді.


Шат күнім қалды шалғында,
Ызғарлы күнім алдымда.
Тайғанақ менің тағдырым,
Тағы да сынға салдың ба?!.


Жауыннан,
Желден,
Дауылдан,
Шағым жоқ тіптен ауырған.
Еккенім қайда?
Не орам?
Қысылам содан қауымнан.


Не ектім күзге дейін мен,
Күн өтті «кейін,кейінмен».
Не таптым арзан құрметтен,
Не таптым сауық,сейілден?!.


Осындай, көкем,халім бар,
Мақамы мұңлы әнім бар.
Үзілмей қалған бұтақта
жапырақ сынды жаным бар.


Түспесін, көкем,иінің,
Түспесін еңсең, биігім.
Сандалып салқын сыртта жүр,
Бар ма еді жылы киімің?


Жапырақ көміп іздерді,
Күз келді,көкем,күз келді.
Жаз қалды жайлау төрінде,
Қымтану керек бізге енді,
Күз келді,көкем,күз келді...



Қаңтарда жауған жаңбыр


Қай жылы еді, есімде жоқ, дала аппақ, 
Біздің жақта жауып жатты қар аппақ, 
Алжасты ма жаңбыр жауды бір күні, 
Ауыл жұрты қалған еді-ау алақтап. 


Сормаңдаймын, жанымды ұқсын енді кім?! 
Сол жауынға ұқсап қалдым мен бүгін. 
Қарғам мені ғашық еттің өзіңе, 
Не болады, не болады ендігім?!   


Бесігінде тербетілген бар ұлым. 
Бесік тербер бір бейбақтың жарымын. 
Саған менің махаббатым не керек, 
Жаздан ғана жауын күткен жарығым?   


Бәрін білем, білем бәрін, сөз бар ма? 
Сенің арнаң менікінен өзге арна. 
Сені сүймеу мүмкін емес алайда, 
Шыққыр мынау маңдайымда көз барда. 

  
Не істе дейсің, көзімді ойып тасташы. 
Кетейін мен қара түнмен астасып. 
Содан кейін жүрегімді ал суырып, 
Екеумізге мәлім сосын басқасы.   


Сормаңдаймын, жанымды ұқсын енді кім?! 
Сол жауынға ұқсап қалдым мен бүгін. 
Мен қаңтарда жауған жаңбыр болдым-ау, 
Не болады, не болады ендігім?!...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар