Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жарасбай Сүлейменов. Ережесіз шайқас

30.10.2018 691

Жарасбай Сүлейменов. Ережесіз шайқас

(әңгіме)

Ол жұмыстан оралысымен, жасаулы тұрған тамағына да қарамастан, жастыққа әдеттегіден ерте бас қойған. Көзі жұмылып, кірпіктері айқасқаны сол сияқты еді, шошып оянды. Өңі ме, түсі ме, ештеңе түсіне алар емес. Айналасы қара түнек. Жылт еткен сәуле жоқ. Қуыс па, құдық па, әйтеуір, есік-терезесі жоқ бірдеңе. Жападан жалғыз! Жан дәрмен маңайын тырмалап, жарық дүниеге шыққысы келді. Тынысы тарылып, тұншыға бастады. Кенет аяғының астындағы сәкі, жоқ, сыз балшық опырылып, бұл түпсіз терең тұңғиыққа қарай құлдилай жөнелді... Өзінің әлгі екі ортада түс көргенін әзер түсінді. Қан сорпа болып терлеп жатыр екен. «Уһ!» – деп маңдайының терін сүртті. Әлгі сұмдықтың бәрі түс болып шыққанына мұндай қуанбас. Бірақ содан кейін көз ілген жоқ, таң бозарып атқанша дөңбекшумен болды, әбден сілікпесі шығып қалжырады.

Жұмысқа келгеннен бері де ойы он саққа жүгіріп, есін жия алар емес. Жайшылықта шалқайып, керіліп-созылып отырғанда бір ләззат алатындай көрінетін жұмсақ креслосы да дәл қазір тас болып батып, ине болып қадалғандай бір орында отыра алмай, бөлменің ішін ерсілі-қарсылы кезіп жүр. Ауық-ауық терезенің алдына барады. Бір жамандықтың боларын сезе ме екен, табиғат ана да қабағын түйіп түнере қалыпты. Сыртта жаңбыр жауып тұр.

Кеше жеткен жайсыз хабар оны осындай күйге түсірді. Басқаны ойлауға шамасы жоқ. Хатшы қызға: “Ешкімді кіргізбе, телефонды қоспа”, – деп тапсырып қойған. Осы өңірдің Құдайы менмін деп, төбесімен көк тірегендей болып жүргені кеше ғана еді, бәрі аяқастынан керексіз болып қалды. Билікті де, байлықты да ойлауға шамасы жоқ, құр сүлдері отыр.

Демін ішінен алып, сыртқа құлақ түреді. Қазір есік сарт етіп ашылып, бәрі сау етіп кіріп келетін сияқты. Жүрегі кеудесін төпелеп жатыр, әне-міне аузынан ытқып шығатын сияқты. «Қап!!!». Көкірегі қарс айрылып, ауыр күрсінген ол «құрыдым» деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін де аңғармай қалды... «Әнеугі сөз рас болғаны ғой?.. Е, бәсе, жел тұрмаса, шөптің басы қимылдай ма?! Жер түбінен жетіп келген түрі жаман еді...». Осы сияқты өзіне ғана аян неше түрлі сауалдар сапырылысып, маза берер емес. Шекесі солқ-солқ етіп, қаны басына шауып отыр.

Тағы да ойына өткендегі әңгіме оралды. Ең сенімді адамдарымның бірі деп санайтын, өзінің жақын туысы облыс прокурорының орынбасары Талап Әлменов: «Мына жігіт қызық екен», – деп осыдан үш ай бұрын облыстық ішкі істер басқармасының бастығы болып тағайындалған Әли Әлтаев туралы тосын бір әңгіменің ұшығын шығарған. Бұл: «Келгені жаңа ғой, көре жатармыз», – деп мән бермегенсігендей болған. Анау да болар емес, «Сізді төңкеріп тастап, тізгінді қолға алмақ ойы бар, бәрімізге бастық болғысы келеді», – деді бұған не айтасың дегендей шегір көздерін қадап. «Қайда, кімге айтып жүр?». «Кеше екеуміз моншаға барғанбыз, аздап іштік. Моншаның буы ма, арақтың қызуы ма, әйтеуір, бір кезде ойындағысын ақтара салды. Ойыны ма десем, шындап барады, сұқ саусағымен жоғары жақты көрсетті, «Көкем аман болсын», – деді, қалтасының қалың екенін де сездірді, «Қала әкімінің орынбасары, үкіметте жауапты қызметтер істегем, біз де қара жаяу емеспіз», – деп күпсінді...

Бұл сыр бергісі келмеді, тілін тістеп, тіс жармады.

Сол сөз рас болып шықты. Аңдыған жау алмай қоя ма, мұны нағыз жанды жерінен ұстаған сияқты. Қайда барса да, өзімен бірге сүйреп жүрген, жақында ғана қызметін жоғарылатып жергілікті салық жинау басқармасының тізгінін алып берген Серікбай Қарпықов келіп кетті. Келгенде жай келген жоқ, мұның көңіліне үрей сеуіп, жүрегіне мұз қатырып кетті. «Облыстық ішкі істер басқармасының бастығында болдым, жергілікті салықты қайда жіберіп жатырсыңдар, есебіңді әкел, оңбайсың?!» – деді.

– Өзінің есі дұрыс па, ол жақтағылар да ай сайын үлестерін алып отырған жоқ па?!

– Айттым, бірақ ештеңе білмейтіндей, міз баққан жоқ.

– Әлде, азсынып отыр ма, онда тура айтпай ма?..

– Білмеймін...

– Жарайды, бара бер.

«Бұл сөзден іске көшкенінің белгісі ғой, әнеугінің сандырағы рас болды... Кімге сенеді? Сенетіні көп, бір көкесі Астанада отыр, құйрығын жерге тигізбей анда-мында сүйреп жүрген сол... Әңгіме жоғары жаққа жетсе, оңдырмайды. Бәлен жылдан бері оқшантайда жүрген министрлердің өзін аяп жатқан жоқ, олардың қасында бұл кім? Бастық деген аты болмаса, ол жақта мұны кісі екен деп жатқан ешкім жоқ, жағасынан алып, жалп еткізеді. Мүйіз сұраймын деп құлағынан айрылғанның кері болайын деп тұр. Бәріне өзі кінәлі. Қызметке кіріспей жатып құнықпауы керек еді. Оған болды ма, бастық боламын деп біраз шабылды, шашылды, жиған-тергені мұны аяқастынан бастықтың орынтағында көргісі келетіндердің қалтасында кетті. «Енді соның орнын толтырамын деп омақаса құлағалы отыр... Кеше майшелпек деп масайраса, бүгін тас жұтқандай болып отыр. Тіпті, ақылдасатын бір адам жоқ...».

Амалсыздан тағы да Қарпықовты шақыртты.

– Не болып жатыр?!

– Түрі жаман, қадалған жерінен қан алатын бәле көрінеді.

– Не дейді сонда?!

– Шыныңды айт, бәрін мойныңа ал дейді. Сыбайластарыңды әшкерелеп берсең, куәгер ретінде өтесің, жазаң жеңіл болады дейді. Бәрін біліп отыр.

– Бәрін білгені қалай?!

– Талон бойынша базарлардан күн сайын, ай сайын қанша ақша жиналатынын дөп басып отыр.

– Онда біреу жеткізген болып шықты ғой?..

– ...

– Не істейміз енді?

– Білмеймін, мені жауып тастауы мүмкін.

– Иә, ол бәріне барады, қамайды, тергеуге алады. Мойындайсың, мойындамасаң, қыл бұрау салып қинайды...

Басқарма бастығы бір қызарып, бір бозарды. «Нағыз су жүректің өзі екен, бәрін мұрнынан тізіп ұстап береді. Қой, бұдан ештеңе шықпас, басқалармен ақылдасу керек...»

Арада екі-үш күн өтті ме, өтпеді ме, бір республикалық газетте облыстық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің мәлімдемесіне негізделген шағын мақала жарияланды. Көлемі шағын демесең, нағыз «бомба!». Облыстық ішкі істер басқармасы жергілікті салықтарды жинау жөніндегі басқарманың біраз жылдан бері бір реттік талондардан түсетін қаржыны кертіп жеп келгенін әшкереледі. Қыркүйектің бірінші жартысында күн сайын жүргізілген рейдтер барысында 16 миллион 145 мың теңге салық жиналған. Сонда күніне 1 миллион 200 мың теңгеден айналады деген сөз. Орташа есеппен алғанда, жергілікті бюджет ай сайын 30 миллион теңгемен толығып отыруға тиіс. Ал басқармадағылар жеке кәсіпкерлерден жиналған салықтың тең жартысын қалталарына басып келген.

«Бұл тақ үшін күрес, нағыз майдан басталды деген сөз. Осы әңгіме біреулердің құлағына жетіп, оған мұның да қатысы бар екен деген сөз көтерілсе болды, жоғары жаққа шағым-арыздар қарша борайды. Өйткені, бұған тісін қайрап отырғандар аз емес. Кейбіреулер мұның аяқастынан өсіп кеткенін көре алмаса, бес-алты айдың ішінде орынды-орынсыз тісі батып кеткендер де бар. Біреуді алды, біреуді салды. Осы таяуда ғана екі басқармаға жаңа басшы тағайындаған еді, жоғары жақтан бір дөкей килігіп, басқа кісілерді ұсынды. «Ана кісілерді тағайындап қойдым ғой, бір апта өтпей жатып шешімімді өзгерткенім қалай болады?» – деген бұл жоқ, қайта бұйрық шығарды. Тізе берсе, осындай «мүлт кетіп» біраз адамның жүрегіне жара салғаны бар. Солардың бәрі мұның сүрінгенін тілеп, қолтықтарына тас тығып жүргендері анық. Осыларды ойлағанда тұла бойы тітіркеніп кетті.

«Аналардан да хабар жоқ, түк естімегендей, түк білмегендей, тым-тырыс жатыр. Оларға тура шығуға болмайды... Бәрін бүлдіріп жүрген Қарпықов, өзі бұған жиен болып келеді. Соны арқаланды ма, бір күні оңашада қаржыдан қиындық көріп отырғанын, банктен алған қыруар қаржыны жуық арада қайтармаса, сыйақының өсіп кететінін айтқанда «Өзім де сізбен ақылдассам деп жүр едім, көптен қолданылып келе жатқан бір «схема» бар, «иә» десеңіз ай сайын 10 мың долларды санап әкеліп беріп тұрамын» деген. Мән-жайды түсіндіргеннен кейін бұл көп ойланған жоқ, келісе кетті. Тек басқаларға мен туралы жұмған аузыңды ашушы болма деп қатты тапсырды.

– Ертең бір жерден шикілік шыға келмей ме?

– Жоқ, бәрінің аузын майлап қойғанбыз.

– Бәрі деп отырғаның кімдер?

Қарпықов күмілжіп, бұған бір, төбеге бір қарады.

– Бәрі үлестерін ай сайын алып тұрады.

– Ақшаның қайдан түсіп жатқанын олар біле ме?

– Жоқ, конвертке салып өзім апарып отырамын, салықтан жонып жеп жатқандарын іштері сезетін шығар.

– Ана «қызылкөзді» де қоса салуың керек еді.

– Ол кісі бертін келді ғой, оның үстіне ешкіммен араласпайды, бұрын қызмет істеген жеріндегі таныс жігіттермен хабарласқанбыз, «жоламаңдар, бәлеге қаласыңдар» деген.

Ақыры бәле болып шықты.

* * *

Осылай бастық күндіз – күлкіден, түнде ұйқыдан айрылса, облыстық ішкі істер басқармасының бастығы Әли Әлтаев мұндай сорақылық алдымнан шығады деп ойлаған жоқ еді. Тексерістер сұғанақтардың мемлекет қаржысына қолды мықтап салғанын көрсетіп отыр. Әдейі соңғы рейдтердің қорытындысын газетке жариялатып еді, ешқайсысы селт еткен жоқ, прокуратура да, басқалары да үнсіз. Әкімдік жақтан да бір жан хабарласқан жоқ. Шамамен алғанда, жылына 190 миллион теңге қолды болған. Бұл аз ақша емес. Оны базар маңындағылардың өздерінің ғана бойларына сіңіре қоюлары неғайбіл.

Тағы да Қарпықовпен сөйлесуді ұйғарды. Әзірше, бұл істі басқаларға сеніп тапсыра алмай отыр. Алғашқы кездескенде Қарпықов: «Сіздерге де көмектесіп жатырмыз ғой», – деген. Осы сөздердің астарында не сыр бар? Бұл жақтан да біреулердің аузы майланып отырған сияқты ма,қалай? Ол кім екен?..

– Ойландыңыз ба?

Қарпықовта үн жоқ. Басы салбырап, екі көзін аяғының ұшынан ала алмай отыр.

– Соңғы тексерістердің қорытындыларымен таныстыңыз ба?

– Иә.

– Не айтасыз? Ай сайын 100 мың доллардың ұшты-күйлі жоғалып кеткенін немен түсіндіресіз? Ай сайын 100 мың, жылына 1 миллион 200 мың доллар, екі жылда, үш жылда қанша болатынын білесіз бе? Өзіңіз неше жылдан бері осы қызметте істеп жүрсіз?

– Бір жарым жыл болды.

– Екі миллион долларды жұтып қойдым десейші.

Қарпықов селк ете түсті. Басы бүгіліп, сәкіге аз-ақ тигелі отыр.

– ... Анада сіздерге де көмектесіп жатырмыз дедіңіз, бұл сөзіңізді кім растай алады?

– Көмектесіп жатырмыз, ай сайын әкеліп тұрамын. Қарсы болмасаңыз, бұдан былай сізге де әкеліп отырайын.

– Маған ештеңе әкелудің қажеті жоқ, осындағы сыбайласыңызды атаңыз.

– Мені де түсініңіз, айта алмаймын.

– Жақсы, бүгінгі әңгіменің бәрі жазылып алынды, қылмысыңызды өз еркіңізбен мойындамасаңыз, тергеу амалдары жүргізіледі, сонда бәрі анықталатын болады.

Қарпықовтың зәресі зәр түбіне кеткені соншалық, облыстық ішкі істер басқармасынан шығысымен бірден бастыққа телефон шалды.

– Сайлау Мәлібайұлы, сіз қайдасыз?!

– Ең алдымен амандаспайсың ба, сонша не болды?

– Кездесуіміз керек.

– Соншалықты асығыс па?

– Мүмкін болса, дәл қазір?!

– Қайда?

– «Шұғыла» мейрамханасының қоржын бөлмесі қалай болады?

– Жақсы, жарты сағаттан кейін келемін.

«Шұғыла» – Қарпықовтың немере қарындасының атына тіркеткен жекеменшігіндегі мейрамхана. Ол жүгіре басып екінші қабатқа көтерілді де, екі кісіге түстік әзірлеуді бұйырды.

Бастық көп күттірген жоқ.

– Амансың ба, өзіңде өң жоқ қой.

– Мысыққа ойын, тышқанға өлім дегендей, сізге күлкі, ал менің жағдайым...

– Ақырын, ақырын, бәрін рет-ретімен түсіндірші.

– Түсіндіретін ештеңе жоқ, анау бәрін біліп отыр. Ай сайын 100 мың долларды қайда жіберіп жатырсың, дейді.

– Жүз мың?! Содан бізге тиіп жатқаны небәрі 10-ақ мың ба?

– Сайлау Мәлібайұлы, Сәке... бәрін мен бөліп отырсам, кімнен не аяймын, менің үстімде де адамдар бар ғой, мен тек орындаушымын...

– Оның бәрі түсінікті ғой, ал енді осы мәселені кім шешеді, қысылғанда кімге жүгіресіңдер, сол бөліп отырған адамдарға неге бармайсыңдар, кішкене әділдік деген болу керек қой...

– Сәке, Сәке!..

* * *

Қазір ештеңеге таңғалатын заман емес. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі – облыстық ішкі істер басқармасының бастығы Әли Әлтаевтың пара алу үстінде ұсталғаны туралы хабар таратты.

...Ол оқиға дәл осылай өрбиді деп ойлаған жоқ еді, дәл қазір өрмекшінің торына түскен шыбындай болып отыр. «Саудагер» алдап соқты. Кеше кешкісін өзі телефон шалып бар шындықты айтуға, осыған дейін үлесін алып келген қызметкердің есімін атауға дайын екенін хабарлаған, «демалыс қой кеңсеге барып көзге түспей-ақ қояйық» деп «Шұғыла» мейрамханасына шақырған. Бұл көп ойланбай-ақ, келісті. Мейрамхана қазіргі тұрып жатқан жерінен алыс емес, жүргізушісін де мазалаған жоқ, жаяу кетті.

Бұл келгенде Қарпықов үстелді жайнатып, зыр жүгіріп жүр екен.

– Аға, бәрі дайын, төрлетіңіз, – деді.

– Бұл үстелдің басына жайғасты да, «ал, құлағым сенде» дегендей Қарпықовқа қарады.

– Аға, аласыз ба, жүз жете ме?

– Жоқ, қайтесің, айтатыныңды айт, уақытым тығыз еді.

Сөйткенше болған жоқ, есіктен бұрын бұл көрмеген ұзын бойлы, қара торы жігіт кіріп келе жатты.

«Бұл кім?» дегендей Қарпықовқа қарап еді, ол жанарын тез тайдырып әкетті. Бейтаныс жігіт екі көзі жыпылықтап, үстелге жақындап келді де, тұрып қалды. Қолындағы сары сөмкесін бұған ұсына беріп «бәрі осында», – деді.

– Аға, әзірше осыған риза болыңыз, жүз... кейін тағы көре жатармыз, – деген ұзын бойлы жігітке Қарпықов сөмкені бер дегенді ыммен түсіндірді.

Бұл: «Сендерден мен бірдеңе сұрадым ба, алып кет!» – деп ашу шақыра бастады. Мұның айтқандарын естіді ме, естімеді ме, ұзын бойлы жігіт сөмкені қасындағы орындыққа қойды да, шыға жөнелді.

Сол-ақ екен, есік сарт етіп ашылып, бір топ адам сау етіп кіріп келді... Қарпықовтың мұны оңаша кездесуге шақыруының сыры белгілі болды. Бұл орнынан қозғалған да жоқ, алдындағы тамағын ішіп отыра берді. Жасы отыздың үстіне еркін шыққан кеспелтектеу келген жігіт, сірә, топтың жетекшісі болуы керек, бас салып сары сөмкені ашты да, қасындағыларға шақырыңдар дегендей, иек қақты. Осыдан кейін ақша санау басталды... Бәрі түсінікті болды...

Мұның қолына кісен салынып, оқшаулағышқа жеткізілгеніне үш-төрт сағат өтті білем... «Қандай айып тақпақ? Сірә, пара алу үстінде ұсталды дейтін сияқты. Бірақ сөмкеге де, ақшаға да қол тигізген жоқ...»

«Ертең өзің таза болсаң, мейрамханаға неге жалғыз бардың, неге тиісті адамдарды жұмылдырмадың?» – деулері мүмкін ғой. Оның себебі болды. Түскен ақпараттың дұрыс-бұрысын тексермей тұрып, тіркеуге алып, жария ету аса қауіпті іс болатын. Ондай жағдайда бірнеше жылдан бері мемлекет қаржысын сүлікше сорып келгендердің іздерін жасырып үлгерулері әбден мүмкін еді. Ол алдымен өз мекемесіндегі «көртышқанды» қолға түсіріп, сол арқылы қалғандарына шықпақ болған. Мына әрекеттеріне қарағанда, олар да осал көрінбейді, қарап отырмаған секілді. Мұның өзіне ауыз салғандарына қарағанда, Қарпықовтың ар жағында өліспей беріспейтін азулы топ тұрғаны анық. Нағыз қорқауларға кезікті ме, қалай?

Ол қанша мазасызданғанымен, көңілінде қорқыныш жоқ. Сүттен ақ, судан таза екеніне Құдай куә. Сәлден соң оны ұйқы қыса бастады.

* * *

Департамент бастығы бұл істі өзіне қалай сенсе, солай сенетін тергеуші Темірбек Катинге тапсырған болатын. Оны шақырып, мән-жайды білмек болды.

– Не болып жатыр?

– Бәрі ойдағыдай болған сияқты. Тек...

– Тағы не болып қалды?

– Ақшаға қолын тигізген жоқ.

– Неге?

– Әлгі сүмелек жүгіріп шығып, «кіріңдер» деген соң...

– Суретке түсіріліп, дауысы жазып алынды ма?

– Бәрі бар.

– Кәне, тыңдап көрейік.

«Аласыз ба... жүз жете ме?» – Қарпықовтың дауысы ма?

– Иә.

– Жауап жоқ қой. Газеттерге хабарды ертерек беріп жіберген жоқпыз ба?

– ...

– Тағы да «күш құрылымдары өзара қырқысып жатыр» деп біраз шулайтын болды ғой. Жоғары жақтағылар не айтар екен? Олар соңғы кездері сөйлесуден қалды деген. Не болса да, енді шегінетін жер жоқ, құжаттарын тастай қылыңдар. Мен болған жайды жоғары жаққа хабарлаймын.

Департамент бастығы тергеуші шығып кеткеннен кейін де орнынан қозғалмай көп отырды. Істерінде шалалық бар секілді. «Қайтсін, облыстық ішкі істер басқармасының бастығын күнде ұстап жүрген жоқ қой?». Мұның аяғы үлкен шу болады. Әңгіменің шеті үлкен кісіге де жетуі мүмкін. Әлде, дәл осылай шулатпай-ақ, үн-түнсіз көзін құрта салу керек пе еді? Полицияда кегі кетіп жүргендер аз емес қой... Жабулы қазан жабулы күйінде қалмай ма? Әлде, одан Қарпықовтың өзінің үнін өшіру жеңіл ме еді? Оған әлі де кеш емес...»

***

Бастықтың жылт еткен жанары ішкі қуанышын сездіріп қойды.

– Ешкімге жоламай жүргенінің осындай сыры бар екен ғой, қолымен істегенді мойнымен көтеретін шығар?..

– Жоғары жаққа да хабар жетті ғой, олар да қай жағынан килігеміз деп ойланып жатқан шығар. Көкелері осал емес.

– Ол жағынан енді өздерің байқаңдар, тіпті болмағанда басқа жаққа ауыстырту керек. «Қарпықовтың басы істейтін жігіт болып шықты. Өлер жерін біледі екен. Мынаның да көмекейін тығындап тастаған екен ғой. Әйтпесе, ішкі істер басқармасының бастығына қарсы шаба ма?..»

Бастықтың ішкі істер басқармасы бастығының мойнына тас байлағысы келіп отырғанын департамент басшысы да сезді. «Мұның да семізді кертіп жеп отырғанын жұрттың бәрі біледі. Тендер дейсің бе, конкурс дейсің бе, бәрін бауырына басып алған. Келе сала аудан әкімдерін, жетекші басқармалардың басшыларын сеңдей соғылыстырып ауыстырып шықты. Жай емес. Бәрінің де бір-бір қомақты конвертті сүңгіткені анық. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дегендей, алды-артына қарамайды екен. Қажет десе, мұны да бір-ақ күнде темір тордың ар жағына тоғытып, көзін жояр еді... Әзірше, айтқанынан шығып жатқан жоқ, жер сұрады, берді, балдызым дүкен ашқысы келді деп еді, оған да тарихи ескерткіш екеніне қарамай, әлі жүз жыл тұратын шағын үйді ұстата салды, пәтер, көлік мәселесіне тіпті басы қатпайтын болды. Әйтеуір, қалай илеймін десе де, қолында...»

Әли Әлтаевтың қамауда отырғанына үш айдан асып барады. Дәл қазір оны туыстарынан, бала-шағасынан басқа іздеп жатқан ешкім жоқ. Тағдыр салды, біз көндік дегендей, соңғы кезде олар да анда-санда бір келетін болды. Алғашқы кезде дауысы қаттырақ шыққан қорғаушы да қазір үнсіз. Тергеушілер оның да тілін тапқан сияқты...

Жоғары жақтағылар өзара қырқысып жатыр. Кейбіреулер бұл орталықтан түскен тапсырыс дейтін көрінеді. Не десе, о десін, күдік өзіне аумаса болды. Құдайға шүкір, мұның да көкелері бар, қажет болса, олар да араласады, қолдайды, қорғайды. Өйткені, ренжіткен жері жоқ, ай сайын дерлік «сәлем» беріп тұрады. Кейбіреулер сияқты бәрін қалтасына баса бергісі жоқ, бәріне де жетеді. Енді сотты жеделдету керек. Сот демекші, енді бәрі соларға байланысты. Оған да онша алаңдап отырған жоқ, анада соттың төрағасы бастығымыз «бас полицейдің ісі не болды» деп сұрап жатыр, өздерінің де қолымызға тезірек тисе екен деп білектерін сыбанып отырғанын сездірген. Бұл қызыл көз Құдайын ұмытып, кезінде қазір Жоғарғы сотты басқарып отырған ағасының да жағасынан алған ғой. Оның тәп-тәуір өсіп келе жатқан жиенін ебін тауып, қызметінен тайдырып жіберген... Әйтеуір, көзді жұмып, шешім шығара салуға себеп көп. Енді соза берудің реті жоқ, тездетіңдер деу керек...

* * *

«Сот ірі мөлшерде пара алу үстінде ұстаған облыстық ішкі істер басқармасының бастығы Әли Әлтаевтың ісін қарауды аяқтады. Күдікті қылмысын мойнына алмағанымен, оның пара алмақ болғанын дәлелдейтін айғақтар жеткілікті деп саналып, сегіз жылға бас еркінен айрылды». Осы бір қысқа хабарды қайта-қайта оқып, ата жауын жеңгендей масайрап отыр. Шоқ-шоқ дейді жымысқыланып...

Осы оқиға одан әрі қалай өрбіді? Одан былайғы жұрт хабарсыз. Айыпталушы Жоғарғы сот алқасына шағымданды ма, болмаса... әйтеуір, ол жөнінде еш жерде ешқандай ақпарат жарияланған жоқ. Бірақ, іс мұнымен біткен жоқ. Кеше ғана небір беделді ұйымдардың есігін теуіп ашып жүрген Қарпықов ойламаған жерден жол апатына ұшырап, мерт болды. Облыс прокуроры, одан кейін іле облыстық соттың төрағасы ізін суытты. Соған қарағанда шешуші шайқас алда сияқты...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар