Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жарасқан Әбдірашев: «Ақын үшін ең қауіпті нәрсе – өзін-өзі қайталау болса керек»

07.03.2019 3853

Жарасқан Әбдірашев: «Ақын үшін ең қауіпті нәрсе – өзін-өзі қайталау болса керек»

Ақын да – пенде. Осы бір ұғымды жиі қайталаймын. Жиі қайталайтыным, Пушкиннің: «Ақындар шабыт құшағына бөленгенде – құдайдай құдіретті, ал күйбең тіршілікте – құмырсқадан дәрменсіз» – дегені жадымда жатталып қалған. Ақиқаттығына көзім жеткен...

***

Әр ақын – өз алдына бір әлем. Оны әркім өзіне әр қилы жағдайда ашуы мүмкін. Кейбірімен көзіңді тырнап ашқандай сырлас болсаң, кейбірін оң мен солыңды танып, осы қалай екен деген ой жетелеген уақытта барып қана қолға аласың. Кейбірі әбебиет көкжиегін тосыннан жарқ етіп көрінген жұлдызды жырымен жұртшылық назарын бірден аударса, кейбірі күз таңындай мұнарланып, шуағын сиыр сәскеге дейін сараң шашады да, айналаны талма түс таянғанда шүлен шұғылаға бөлейді. Қалай болғанда да, болмысы бірегей, табиғаты бөлек дарын иесі күндердің бір күнінде қалың қакыммен бірге саған да құлақ түргізбей қоймайды...

***

Ақындық стихия терең тебіреністен туады. Ашықтан-ашық, көзсіз ерлікпен әуестенушілердің бейберекет базынасын поэзия көтермейді.

***

Ақын үшін ең қауіпті нәрсе – өзін-өзі қайталау болса керек. Егер ол өзіндік дауысынан адасып, басқа бір ауладан қол бұлғаса – ештеңе емес: ізденіс үстінде ондай-ондай болады; ақыр түбінде оралады. Егер ол жоқтан барға әуреленіп, жан түсінбес күңгірттікке немесе айтарымды ашық жеткіземін деп жалаң айғайға ұрынып жатса – ештеңе емес: ізденіс үстінде ондай-ондай болады; мұның өнерге қиянат екенін түсінеді. Ал өзін-өзі қайталау – ақынның творчестволық жауапкершілік тізгінін босаңсыта бастағанын, мұрат алды – ізденіс дегенді ұмыта бастағандығын айғақтайды.

«Поэзияда генерал жоқ» демекші, бір қоғамда ғұмыр кешіп, бір ауадан тыныс алып отырғанына қарамастан, қоршаған болмыс пен көз ауласына кірген өмір құбылысынан өз қабілетіне, өзінің талант өресіне, табиғатына байланысты әр ақынның алатын әсері әр түрлі болуымен бірге, түйетін ой, жасайтын шешім де әр басқа.

***

Талантқа тұсау – талантсыздар. Дарынға тежеу – даңғой дарақылық. Олар жақсы жазуды, жан салып жазуды ойламайды, жарқ ете түсер таланттың іргесінен ін қазуды мұрат тұтады. Біз көп уақыт қатты қателесіп келдік: «Талантты болмағанымен ешкімге зияны жоқ» деп әлдекімдер жөнінде өз-өзімізді іштей жұбаттық. Олардың жазғандарын мақтадық демей-ақ қояйын, сынаған да жоқпыз. «Айтпасаң сөз атасы өледі», осылайша әдебиетімізді де «шала өлік» жағдайға жеткіздік. Шындықты біле тұрып, айта алмаудан ауыр нәрсе жоқ.

***

«Елді ақындар билесе, нағыз жұмақ сонда орнайды» депті бір ғұлама. Бәлкім, утопист шығармын, десе де мен елді талантты ақындарға билетер едім. Әуелден ақынын әулие тұтқан халықпыз ғой, әйтсе де сарай ақындарының әманда алға түсе беруі жақсылық емес. Әсіресе күрескерлік тарихы терең қазақ әдебиетінде.

***

Ақын өлеңде өзгешелік жасайын деп жасамайды. Олай етсе, жасандылыққа ұрынады. Күн санап, ай, жыл санап өзгерген өмір, ауысқан кезең өзінің өзгешеліктерін әкеледі. Ақынның міндеті – соны жүрегінен өткізіп, санасында суарып, халық назарына қайта ұсыну, рухани нәр алар қазынасына айналдыру...

***

Ақынға болмысына біткен таланттан бөлек, бірден-бір керек нәрсе – күрескерлік. Бұл кең ауқымда да, күнделікті өмірдің келісімін күйттер тар ұғымда да солай. Егер ақын өзінің өнердегі көзқарасын, пікір-поэзиясын қызғыштай қори алмаса, сол үшін түн ұйқысын төрт емес, тоқсан бөліп тер төкпесе, түптің түбінде өкініште қалғанын өзі де аңғармайды.

Бізде азаматтық лириканың не екенін жанымен түсінбей, әліге дейін жалаң айғайға ұрынып жүрген ақындар біршама баршылық. Ал көбісі бұл тақырыпқа атүсті қарап, жете мән бермейді. Жазбайды. Өресі биік өнеріміздің ертеңі үшін бұл – үлкен кемшілік.

***

Қарапайым мазмұнды әсерлі етіп тұрған нәрсе не? Ол – өлеңнің сұлулығы. Бірде неміс ақыны И.Бехер: «Егер мен стол үстінде тұрған алманы шабыттана жырласам, ол миллиметрдей биікке көтеріліп, көз алдыңа елестер еді» депті. Міне, бұл – ақынның ақындық күші, өлеңнің өлеңдік қадір-қасиеті туралы айтылған сөз.

***

Әдетте біз өлеңнің сыртқы сұлулығына көбірек мән беріп, ішкі сұлулығына үңілуді жиі ұмытып кетеміз. Шын мәнінде, ақынның ақындығын көрсететін нәрсе – ішкі сұлулық, яғни поэтикалық ой болса керек. Ол бар жерде – өлең бар. Ал оның кібіртіксіз баяндалып, мүлтіксіз жеткізілуі – үлкен жауапкершілікпен тер төккен қаламгерге алынбас асу.

Өлең құдіреті оның «сыртқы күмісінде» емес, «ішкі алтынында» болатыны белгілі. Ал, өлеңнің «ішкі алтыны» деп ұлы Абай реалды шындық негізінде туған көркем шындықты, қарапайым ой негізінде туған поэтикалық ойды меңзесе керек. Жүректің нәзік пернесінде ойнайтын поэтикалық ойлар қорыту, көңіл түкпіріне кібіртіксіз жол табатын жанды образдар арқылы сөйлеу – ақындық стихиядан мақұрым жанның екі дүниеде де қолынан келмейтін іс.

***

Өлең ешуақытта «қолдан жасалмайды», яғни алдын-ала өлшеп-пішілген қалыпқа қарай құрастырылмайды... Соңғы кезде кейбір сыншыларымыздың жаттанды «ойға» құрылған жылтырақ өлеңсымақтар мен сезім домнасында балқып, сол күйі түсе қалған нағыз өлеңдерді ажырата алмай қалуы, сөз жоқ, талантынан гөрі «таза ұсталығына» сенген өлеңшілердің шамадан тыс бел алып кеткендігін айғақтайды.

***

Өлеңнің атқаратын функциясы тек тосын тоғамдарымен (оны қара сөзбен де жеткізуге болады ғой) тәнті қылып қана қоймай, майда толқын, мағыналы ырғағымен, иірімді келісім, оралымды образдарымен адам жүрегін сұлулыққа сусындату емес пе? Мұның алғашқысы үлкен білімділік тілесе, соңғысы жоқтан бар жасайтын ақындық стихияны қажет етеді.

***

Ақындық стихияның жоқтығынан туатын жасандылықтың тағы бір түрі – бұрын сан рет айтылған жайды өзгеге екпінсіз, өзіндік жүрек лүпілінсіз, қиналмастан белгілі қалыпқа түсіріп қайталап шығу. Бұл кемшілік талантты деп жүрген біраз ақындарымыздың басында бар. Абырой болғанда, «күріш арқасында күрмек су ішіп», олары шабытты өлеңдерінің көлеңкесінде қалып қояды.

***

Аспаннан түскендей тосын, ешқандай негізі жоқ, алып ұшқан ақындық стихиядан шықпаған «жаңалықтар» әр кезде де бой көрсеткен, бірақ ешуақытта да қолдау тапқан емес, таппайды да. Оның жемісі – саудагерлер қағаздан істеген жасанды гүл сияқты, сырттай құбылғанымен сүйсіндірмейді. Жасанды гүлдің формасы алыстан қарағанда ерекше бір гүлге ұқсаса да, мазмұны гүл емес қой. Онда гүл үшін ең басты нәрсе – жұпар иіс жоқ.

Өлең стихиялы түрде туады, стихиялы түрде тууға тиіс деп жиі айтамыз. Әйтсе де оны санадан тыс жаратылатын нәрсе ретінде қарастыру да ағаттық болар еді. Белгілі бір әсер үстінде, қалай болса солай жазыла салынбай, жасалар толғам ой елегінен өткізіліп, оралымды із, ретті жүйеге түсірілгеннен кейін барып ұзақ өмір сүруге кепілдік алатыны анық. Өлеңнің артық кетіп, кем соғып жататын тұстары да ақынның осы процесс үстіндегі жауапкершілігіне байланысты.

***

Ақын әуелі өзінің жан дүниесін, сол арқылы өз буынының өмірін танытуы керек екен. Бұл – белгілі бір кезеңді бейнелеу, уақыт суретін салу деген сөз. Ал, кіммін, кім едім, кім болдым, кім болуға тиіспін деп тығырыққа тірелсең – тарихқа үңіл. Міндетіңді сезініп, парызыңды ұғасың. Сосын-ақ толғаныс басталады. Және бір жадыңда ұстар жай – ұлттық калорит. Алыстан үйренемін деп алшақ тартып кетпеу жағын ескерген жөн.

***

Ұлттық калорит – қайсыбір өнердің болсын келбетін мүсіндеп, көркін ашар, оған шытынамас берік ұстын, ұзақ ғұмыр сыйлар қасиет. Ол поэзияда ақынның мінезі мен тілдік қорынан, жырламақ объектісін таңдап-талғауы мен көру ерекшелігінен құрала келіп, айқын сипатқа ие болады. Туған халқының атынан сөйлеуге хақысы бар тұлғалы қаламгерді дүниеге әкелетін де, оның дара болмысын, өзге әдебиеттегі өз тұрғыластары арасындағы орнын сездіретін де осы.

***

Ұлы сыншы В.Г.Белинскийдің «1843 жылғы орыс әдебиеті» атты мақаласында лайым ақындардың көп болуын, көп жазуын қуаттай келіп: «Ақындарымызды көп жазғаны үшін әсте кінәлауға болмайды, онымыз мүлде орынсыз. Бүкіл орыс ақындарының ішінде аса өнімді, аса жемісті еңбек еткен А.С.Пушкин, Европаның ұлы ақындарымен салыстырғанда, өте баяу, өте аз жазған. Бірақ бұл оның кінәсінен емес еді, біздің болмысымыз ақынды шабыттандырарлықтай поэтикалық элементтерге жырғап тұрған жоқ-ты» деген сөзінен бұл мәселенің басы ашық, талассыз нәрсе екенін оңай түсінуге болады.

***

Ақындарымыздың көбейген үстіне көбейе түсуі, жазған үстіне жаза түсуі кездейсоқ, негізсіз көрініс емес. Бұл – қуаныш-шыттығымыздың да, қайғы-мұңымыздың да, үміт-сеніміміздің де, күдік-сергелдеңіміздің де көптігін, армансыздық пен алаңсыздықтан, бойкүйедік пен бей-жайлықтан адалығымызды, қорытып айтқанда, болмысымыздың бай, өміріміздің мазмұндылығын көрсетеді.

(Ақынның әр жылғы сыни мақалаларынан)

Әзірлеген: Асылбек Жаңбырбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар