Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АУДАРМА
Жәркен Бөдешұлы. Арпалыссыз өткен өмір, өмір ме?...

16.10.2019 5511

Жәркен Бөдешұлы. Арпалыссыз өткен өмір, өмір ме? 12+

Жәркен Бөдешұлы. Арпалыссыз өткен өмір, өмір ме? - adebiportal.kz

Қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Жәркен Бөдешұлының аудармаларын ұсынып отырмыз.

ИВАН БУНИН

Ән

Мен қалдым бергі жағада жалғыз сандалып,

Балықшы кетті толқынның төсін қақ жарып.

Арғы бетте күтіп тұр оны, босфорлық грек қыздары-

Жанары күндей,

Маңдайы таңдай жап-жарық.

Қызғаныш оты өзекті өртеп барады,

Көңілім күпті,

Жаным да ауыр жаралы.

Қарауытып,

Қалжырып,

Семіп барамын –

Қамыстай бейне күзетіп қалған жағаны.

Егер қайық қайырылмаса не етермін?

Өз түбіме өзім ғана жетермін.

Жүзігімді лақтырып теңізге –

Жүрегімді қазыққа қадап кетермін.

Сөз

Қабірстан –

Меңіреу,

Үнсіз,

Өлі тыныштық,

Үнсіз мүрде,

Гүлсіз топырақ –

Шығармайды дыбыс түк.

Жазулар ғана тіл қатады,

Үн қатады,

Балбал тастарға –

Секілді мәңгі өшпейтұғын,

Көшпейтұғын,

Ырыс-құт.

Тіліміз екен,

Дініміз екен – босағасы ең берік,

Аталарымызбен,

Әжелерімізбен кетпеген бірге жерленіп,

Бізге қалған, мұра да, байлық та,

Ерлік те, елдік те – осы Тіл.

Аяулы сол Тіл,

Баянды болсын!!!

Елес

Олар тірі,

Жо... жо... жоқ,

Әлі өлген жоқ.

Жүреді олар көкке самғап, жол кернеп.

Жүреді олар аңыз емес, аңыс боп,

Көлеңкесі кеңістікте көлбеңдеп...

Олар біздің үйімізге түн кірмек,

Үрейленіп қалмаңыздар, «бұл кім» деп?

Төрге ілінген ішегіне арфаның,

Саусақтары тиіп кетсе... күңгірлеп.

Түскен сайын алакеуім кешкі ымырт,

Бір құпия үн тұрады төске ұрып.

Марқұмдардың өлмейтұғын рухы –

Әлде қайдан талмаусырап естіліп...

Аруақтарға сенбесек те, елес деп,

Арамызда жылы, әлсіз жел еспек.

Кеше қана жаны жақын адамнан,

Жылап-сықтап айырылған біз емес пе ек..

* * *

Қарлы боран зор тынысты,

Көшелерді орап алған.

Түн түнектей қорқынышты,

Алай-дүлей бола қалған.

Ызғар бетке соғылады,

Ащы аяз өзек қарып.

Шіркеулердің қоңырауы,

Күңіренеді безек қағып.

Жанып тұрған көгіндегі,

Жұлдыз біткен өшіп қалған.

Қар қат-қабат кебіндеді,

Мүрделерді үсік шалған.

Қалтырап тұр ғалам мына,

Неткен дауыл тәңір атқыр.

Шіркеу біткен қараңғыда,

Аза тұтып, аңырап тұр.

* * *

Алқаптың көрінбейді құсы көптен,

Ағаш қурап, селдіреп, түсі кеткен.

Бірақ, қозықұйрықтың исі аңқып тұр,

Сарғайып, сарымайдай пісіп кеткен.

Орманды майлы шуақ маужыратып,

Дүниені салбурынға салды уақыт.

Қыр жонын қара жаңбыр жуып-шайып,

Жапырақ лайсаңға қалды батып.

Сахара, салқын ауа, сергек көңіл,

Көк жиек көрсетпейді көлбеп шегін.

Бұлдырап қалды алыста қала, қыстақ,

Аңшыдай ерте аттанып мен кеткенмін.

Ат үсті – алтын бесік тербетеді,

Рахат, уайым жоқ менде тегі.

Ұңғысын мылтығымның үрлеп, гулеп,

Тұсыма тұрақтамай, жел де өтеді.

Отан

Тайраңбайлар бастарында түйсік жоқ,

Болғанымен білегінде күш қысаң.

Көшелері батпақ, қыңыр-қисық деп,

Менсінбейді туып өскен қыстағын.

Көрсе-дағы туған ұлын түсінде,

Сағыныштан саудыратып санасын.

Олпы-солпы киінгені үшін де,

Көрген көзден қорсынады – Анасын.

Ұлылықтың қайдан білсін мән-жайын,

Көшеде өскен әкіреңдеген әңгүдік.

Отан – Ана қарапайым әрдайым,

Жасанбайды жалдаптардай қанжілік...

М.ЗҰЛПЫҚАРОВ

(ұйғыр ақыны)

* * *

Өмірдің айыра алмай ақ-қарасын,

Талай мәрте тарығып, қатты басым.

Бұл дүниеге келгенің рас болса –

О фәниге жеткенше аптығасың...

Тірі жанға еркіндік, теңдік керек,

Еркін тыныс алатын кеңдік керек.

Тартып алар тағдырдан өз керегін,

Менің жаным талпынған ерлікке көп.

Талпынамын, әлі де талпынамын,

Өле-өлгенше келмейді қалтырағым.

Бостан елді, Тәуелсіз Отанымды,

Ұрпағыма мұра етіп қалтырамын.

* * *

Көрсеқызар пендедей қызып қаным,

Жалған атақ, даңққа қызықпадым.

Өз қолыммен өсірген бау-бақшаның,

Салдым күзгі базарға – үзіп дәнін...

Таңдай қағып тұшынған жемісіне,

Атым тегіс таралды ел ішіне.

Дейді мені бал жырдың бағбаны,

Туған елдің серкесі, серісі де.

Көңілімнің секілді хошы жаңа,

Осы құрмет жетеді, осы баға.

Осы құрмет осындай абройды,

Тілер ем қасыма да, досыма да.

* * *

Жаз қалам,

Тебірен қалам,

Толған қалам.

Жортқанда жолың талай болған қалам.

Сен жортсаң құрыш тұяқ арғымақтай,

Сілкінер екпініңмен орман, далам.

Бөрідей жортқаныңды қалайды адам,

Жорт, қалам, таңға дейін арайлаған.

Жорт, қалам, бақыт атты баққа дейін,

Жемісін сағындық қой талай заман.

* * *

Пейіштің атырғандай Тәңір таңын,

Көркіңе көрген жерде-ақ таңырқадым.

Мен түгіл жарты әлемді жалт қаратқан,

Бергендей саған түсіп Әмір тағын.

Айырылдым есімнен де, еркімнен де,

Жаққанда жарқыратып – жаның шамын.

Лебізің шайқағандай шынарымды,

Тауыстым тағатымды, шыдамымды.

Көңілшек көзсіз батыр көбелектей,

Түн бойы шыр айналдым шырағыңды.

Қазыққа алтын кәлләм байланғандай,

Көзімнің ыстық жасы шын ағылды.

Бұлбұл боп бұтағыңа мекендедім,

Сайрасам саған үнім жетер дедім.

Дәніңе тәнті еткен құмарымды,

Бал ма едің,

Шырын ба едің,

Шекер ме едің.

Зұлпықар, есіңді жи, кел ақылға –

Түбіме сол ғашықтық жетер менің.

* * *

Талай рет шың асып, дала кездім,

Ешкімге жалтақтамай дара кездім.

Іздегенім ақиқат, айдай шындық,

Қарашығын талдырып қара көздің.

Қайтейін қайран ұлтым,

Қайран жұртым –

Қараңғы қалтарыста қала бердің.

Секілді баяны жоқ жалтыр сағым,

Қайтейін көп тұрмады жарқын шағың.

Сонау жыл Садыр балуан ту астында –

Жарқырап атсадағы жарқын таңың,

Күлімдеп шыққан күнің батып кетті,

Түбіне көлеңке ұйып әр шыршаның.

Жатқанда күркіреген майдан жүріп,

Қылышқа қаламымды айландырып –

Қан төгіп, жан берсем де амал қанша,

Арманым адыра қалды,

Айлам құрып.

Зұлпықар, үмітіңді үзе көрме,

Еңсеңді биік ұста қайран, жігіт.

* * *

Өмір сенен емтихан алмай қоймас,

Шырылдатып отына салмай қоймас.

Бір шырағың лап етіп өшкенменен –

Бір шырағың жарық етіп жанбай қоймас.

Бір әулетің шөліркеп өткенменен,

Бір әулеттің сусыны қанбай қоймас.

Ей, Зұлпықар, тау тұрғыз күшің барда,

Баянды бақ қонбайтын маңдай болмас.

* * *

Көз тартқанның барлығы асыл емес,

Тот басқанның барлығы жасық емес.

Гүл біткеннің барлығы жұпар емес,

Құмартқанның барлығы ғашық емес.

Емес,

Емес,

Емес қой,

Бәрі де емес.

Айтқан әнім өзімнің әнім емес.

Бойымдағы өзімнің жаным емес.

Тамырымда өзімнің қаным емес.

Жасқа келдім жас те емес,

Кәрі де емес.

* * *

Жемісі жоқ ағашқа –

Адам қолын созбайды.

Қиялынан ақынның –

Ұшқан құста озбайды.

Тыр жалаңаш кедейдің –

Жолын кеспес қарақшы.

Ботасы өлген інгеннің –

Қасіреті тозбайды.

* * *

Қарулы атты әскердей құдіретті,

Көшеден үлкен дүбір жүріп өтті.

Есіне ап солдат кезін,

Жап-жас кезін,

Қайран менің жүрегім шымыр етті.

* * *

Түбіме жетті менің нала тағдыр,

Қарайды ақ жүрегім жаладан бұл.

Адасып ақ сұңқарым қолымда өскен,

Тау тасты қанаты мен сабалап жүр.

* * *

Жылы жаңбыр тұрсадағы себелеп,

Сортаң жерге гүл шықпайды керемет.

Өз еліңде еркіндігің болмаса,

Өзге елдің ұжмағы не керек.

* * *

Құдайдан емеспін мен сұрап алған,

Бермейді маған да опа мына жалған.

Қасірет, қайғы, қауіп, дегеніміз –

Секілді арғы атамнан мұра қалған.

Қиялмен ылғида мен көк тіреймін,

Қырандай көп сілкініп, көп түлеймін.

Еркіндік, байлық, бақыт, бостандықты –

Бұйырсын ұрпағыма деп тілеймін.

* * *

Жүрегім талай тулап жүргенімде,

Самғадым сұңқар болып жыр көгінде.

Елімнің ауыр жүгін арқаладым,

Жатқанда сен іңгәләп жөргегіңде.

Шашымның ақтығына қарай берме,

Шыққаным рас менің талай белге.

Жүзімдегі әжімім – жүрген жолым,

Жолымды саусағыңмен санай берме.

М.ҺЁМРАЕВ

/мәнмүн/

Төрт тағандар

* * *

Ғұмыр деген төрт маусым ғой өтімді,

Көктем –мейірім, жаз – махаббат секілді.

Күз – адамның күресінің жемісі,

Қыс – қайғысы қаймықтырар бетіңді.

* * *

Ақынмын деп біреулерді кем көріп,

Көкірегімді шыққан жоқпын мен керіп.

Жазған жырым дұшапнымды күйдіріп,

Достарыма жүрсе-тағы дем беріп.

* * *

Көпке оқ атсаң, қаларың қақ көмусіз,

Саяқ жүрсең өтер өмірің көңілсіз.

Дариядан мөлдір тамшы бөлінсе,

Бір жылт етіп құмға сіңер ол үнсіз.

* * *

Көктем келіп көгерткенде жер түгін,

Таңда сайрар сандуғашқа елтідім.

Бірақ баққа сейілдеген сұлудың,

Торғай құрлы таба алмадым мен тілін.

* * *

Санасыздар саналыны аңдиды,

Құрытуға айла жасар сан қилы.

Күндіз оның көз алдында көлбеңдеп,

Түнде бейне көлеңке боп қалғиды.

* * *

Әлсіздерді тас кесекпен атқандар,

Құрып кетсін әлсіз пенде тақ құмар.

Күллі адамды бауырым деп санайтын,

Сендер, мәңгі, жасай берші жақсылар.

* * *

Шын ақынның шабыты бір келгенде,

Айналады – ол таңғажайып зергерге.

Таланттардың құс ұшырмай басынан,

Жазған жырдан жаттап алар ел демде.

* * *

Ауып келген жанды достар қорлама!

Жүрегінде қалды олардың мол жара.

Анасынан, панасынан айырылған –

Секілді бір кемсеңдеген ол бала.

* * *

Бұлбұл құстың оятатын сезігін,

Туа біткен киесі бар өзінің.

Өлең жырдан өз жанымның куәсі,

Онда менің өз тағдырым, өз үнім.

* * *

Еліменен бағалайды ер ісін,

Өмір сүрмек ерлер туған елі үшін.

Нағыз адам Ана Отанын сатпайды,

Жау тірідей сыдырса да терісін.

* * *

Кейде бұраң, кейде болар жол майда,

Сені бастап апармайды ол қайда?

Адал жолмен жүрем десең адамдар,

Арың таза, жаның таза болғай да.

* * *

Дейді біреу қапаланып қайғырған –

«Жаман екен туған жерден айырылған»

Дедім мен де: «тас айырылса тауынан

Құспенен тең қанатынан қайырылған».

* * *

Көктем сайын саумал самал еседі,

Алуан түрлі құбылып гүл шешегі.

Ойлап тұрсаң топыраққа гүл өскен –

Сояу, тікен, шеңгелдер де өседі.

* * *

Адам өмірі қысқа екен ғой пай, пай, пай!!!

Қас қаққанша өте шығар байқалмай.

Аларыңды қаласың-ау ала алмай,

Айтарыңды қаласың-ау айта алмай.

* * *

Бәрін қойып күйбеңдеген шаруаның,

Келеді бір көктем бағын шарлағым.

Көрші қыздың ауласына гүл өскен –

Көбелек боп қонсам дейді – Арманым.

* * *

Ана жоқ-ау жек көретін баласын,

Соған арнар бар мейірін, бар асын.

Төрт жол өлең арнау үшін өзіңе,

Мен де ұйқымды төрт бөлемін Анашым.

* * *

Мен өлгенде көмісерсің сен келіп,

Жеген жандай бір күлшені тең бөліп.

Ойлар сонда саған де еркін жетер деп,

Менен қалған топырақты ел көріп!...

* * *

Ұқсап жағыз жылуы жоқ жесірге,

Ай мұңайар аспанның бір шетінде.

Күннің оттай лемі шарпып ақ жүзін,

Дақ қалыпты деседі жұрт бетінде.

* * *

Арпалыссыз өткен өмір, өмір ме?

Із, елесі қалмайды оның көңілде.

Тірлігінде тырбанбаған жалқаулар,

Өлген күні жарымайды кебінге.

* * *

Гүл де шөп қой – аңқымаса не керек,

Жүректе ет қой – сезінбесе керемет.

Жүзі жайнап көзі күліп тұрса да,

Ар, ұяттан аттаған қыз – ебелек.

* * *

Будақ-будақ түтін шықса мұржадан,

Көрген адам от жаны деп болжаған...

Көкірегімде алау ұйтқып жатса да,

Сезбеді ешкім, батады ғой сол – маған.

* * *

Сүйген жарға махаббатым бар анық,

Көз алдымда сол тұрады таранып.

Қарашығым ағып түсіп қалардай,

Өзге аруға қарар болсам қадалып.

* * *

Қара басы үшін түскен жанжалға,

Ашынамын атақ құмар жандарға.

Қиын емес таққа отыру, бай болу,

Адам болып қалу қиын жалғанда.

* * *

Алдамайды, арбамайды өрен ер,

Барша жанды бауырындай көреді ол.

Жүрегі оның күн сияқты жайдары,

Шұғыласына бар тіршілік бөленер.

* * *

Тілді үйіріп, тамсандырар таңдайды,

Шырын балдай бала тілі қандай-ды.

Әкесінің онсыз шөлі қанбайды,

Анасының онсыз бағы жанбайды.

* * *

Күмбірлеген күйі естілсе Дутардың,

Келеді бір тас болсаңда жұмсарғың.

Бұлбұл құста үніне оның тәнті боп...

Тамырына нәр жіберер қу талдың.

* * *

Адам Ата бір ғана «А»-дан басталып –

Екі ұлы есім өмірге Нұр шашты анық.

Ұлы таудан бастау алған өзен де,

Ұлы көлге құияр суы тас жарып...

* * *

Құс бақытты – қос қанатын қаққанда,

Үй бақытты – ошақ отын жаққанда.

Ана да өзін сезінеді бақытты,

Омырауын сәби еміп жатқанда.

* * *

Бақыт тілер әрбір адам әр үйде,

Қайғылы өмір кімге керек әрине.

Бақыт тілер жетпістегі әжей де,

Енді ғана еңбектеген сәбиге.

Дайындаған: Нұрбол Мұратбекұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар