Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жарқын жетістіктерге жол бастаған жаңа Жолдау...

13.11.2014 3491

Жарқын жетістіктерге жол бастаған жаңа Жолдау

Жарқын жетістіктерге жол бастаған жаңа Жолдау - adebiportal.kz

03 (3) Послание Президента.JPG


Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің отырысында Қазақстан халықына Жолдау арнайтындығын жария етті. Елбасы биылғы Жолдауында «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа экономикалық саясаттың жүрігізілетінін мәлімдеді. Жарқын жетістіктерге жол бастаған жаңа Жолдау туралы елімізге белгілі жас ақын-жазушылардың айтқан пікірін назарларыңызға ұсынып отырмыз. 





Хамит Есаман.jpgХамит Есаман, ақын: ««Жерұйық» идеясымен басталған қазақ ойы «Мәңгілік Ел» идеясымен жалғасты.»

Әрбір жыл өзінің ерекшелігімен, тарихи құндылығымен келеді ғой. Қазақтың ұлт болып ұйысуында, ел болып өз алдына қалыптасуында терең тарих бар. Керей мен Жәнібектің ұлы жолына келесі жылы 550 жыл толады. Ұрпақтың азаматтық көзқарасын қалыптастыруда тарихтың алатын орыны айрықша. Өткен күннің бәрі тарих. Қазақ ұлтының әрбір жылында елеусіз оқиға болмаған. Керей мен Жәнібектен басталған ұлы жол Абылайдың ұлы жолымен жалғасты. Құдайдың қолдауымен, аруақтың алқауымен қазақ елі егемендігіне қол жеткізді. Ашаршылықты да, нақақ жаланы да, қасап қырғынды да көрген қазақтың нұрлы жолы басталды. Келер жыл тарихи мерейтойларға толы. Соның бірі Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. Сол замандағы әрбір көкіректе, көңілде бүр жарған аяулы арман бүгін орындалды. «Жерұйық» идеясымен басталған қазақ ойы «Мәңгілік Ел» идеясымен жалғасты.




Мұрат Алмасбекұлы - копия.jpgМұрат Алмасбекұлы, жазушы: «Президенттің аузынан әдемі айтылған сөз, орындалған кезде сиықсыз болып қалмаса екен.»

«Баспанамен қамтамасыз етудің ең тиімді жолын іске асырамыз» деген сөз кім-кімнің де құлағына жылы тиетіні рас. Қазақтың әлеуметтік мәселесі, ұлттық мүддесі саяси ұпай жинау үшін пайдаланылатыны да өкінішті. Қалай десек те, үйсіз жүрген отбасылар пәтерге ие болатын жаңалыққа қуанамыз, қолдаймыз. Бірақ, Президенттің аузынан әдемі айтылған сөз, орындалған кезде сиықсыз болып қалмаса екен. Өйткені, бұл көп қаржы жұмсалатын үлкен жоба. Бізде халықтың мұң-мұқтажына пысқырып қарамайтын, өз қалтасын ойлайтын ынсапсыз шенеуніктер бар. Солар бөлінген қаржыны талан-таражға салып, Президент уәде еткен жалдамалы баспананы тауықтың үйшігі секілді сапасыз құжыра кейпінде тұрғызбасына кім кепіл. Оған дәлел – қазіргі мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан үйлер. Сапасы нашар, пәтер деген аты ғана бар.

Ал, жаңа жобаны үкімет терең ойластырып, оның әділ жолмен жүзеге асуы үшін тиімді де қатаң тәртіпке негізделген жоба, жоспарын, заңдық, экономикалық негіздерін әзірлейді деп сенемін. Және ол қағаз жүзінде қалып қоймай, Президенттің қатаң бақылауында іске асырылуы керек. Сонда ғана Президенттің сөзі саяси шара алдындағы жалаң ұран болмайды.


10799511_1529372310638500_593858261_n.jpg

Абылайхан Қалназаров, лингвист, мәдениеттанушы: «Барлық жол Астанаға апарады» 

Осы Жолдау жолданған сәтке тікелей куәгер адам ретінде айтар болсам, біріншіден, оның «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесінде жариялануы билеуші партияның абыройын арттырып қана қоймай, оған бақылау және қадағалау міндеттемесін тікелей жүктеп отыр. Ендігіде, нұротандықтар бұрынғысынан да асқан екпінмен ондағы басымдықтарды іске асыруға елді жұмылдыруға кірісуі керек. Өйткені, Елбасы айтқандай, «Нұр Отан» – Қазақстанның ХХІ ғасырда табысты қадамдар жасауын қамтамасыз ететін саяси көшбасшылықтың басты тетігі. Сондықтан да, партия үшін бұл да бір сын.

Екіншіден, бұл Жолдау келер жылға арналған республикалық бюджет тармағында тиімді әрі ілкімді жоспарланбақшы. Яғни, бұған дейін, көбіне, жыл аяғында мемлекеттік бюджет жоспарланып қоятын да, келер жылдың басына қарай Жолдау жасалатын. Сондықтан да, онда көрсетілген басымдықтарды іске асырушылар үшін көптеген қиындықтар туындайтын. Орындаушылар бекітіліп қойған жоспарды жаңа тапсырмаларға бейімдеймін деп-ақ біраз машақат табатын. Бұл жолы оның алды алынды. Ендігіде, келер жылдың бюджеті бәріміз хабардар болып отырған мәселелерге орай, ел ертеңі үшін аса маңызды жаңа бағдарларға сәйкес негізделеді. 
Үшіншіден, «тиімділік» мәселесі де кезекті рет көрініс тапты. Меніңше, бұл тіптен, бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні іспетті. Бұған дейінгі Жолдаулардың бәрін көктей өтіп келе жатқан идеялардың астарында осы ұғым жатты десек, артық емес. Әрине, ол да «Нұрлы жол», яғни, жол мәселесінің аясында қамтылды. Жолдауда көрсетілгендей, жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Осы себепті де, барлық аймақтардың теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысы орнамай болмайды. Ал, Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Бұл орайда, ескі тәмсіл сөзді аздап өзгертіп, «Барлық жол Астанаға апаратын болады» дей аламыз. Тек, әлемдегі қазіргі жағдайды дұрыс түсініп, елдің тұтастығы мен ауызбіршілігі, татулығы мен тыныштығын бұдан әрі қамтамасыз ете білсек болғаны.


Рахат Әбдрахманов - копия.jpgРахат Әбдрахманов, ақын: «Елде татулық болмай, алға қойған мақсатттарға жету мүмкін емес.»

Шын мәнінде 2015 жыл еліміз үшін ерекше жыл болғалы отыр. Себебі, ел тарихындағы елеулі даталарға қатысты мерейтойлардың ең ірілері осы жылға келіп тоғысып тұр. Меніңше Елбасымыздың биылғы жолдауында да, әдеттегідей татулық пен тыныштыққа, ел бірлігі мен біртұтастығына айрықша назар аударуы тегін емес. Тәуелсіз Қазақстан егемендігіне қол жеткізгелі өзекті болып келе жатқан бұл мәселе қашанда басты назарда. Себебі, елде тыныштық болмай экономика да мәдениет те, сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік, саяси өмірі дамымайды, алға баспайды. Елде татулық болмай, алға қойған мақсатттарға жету мүмкін емес. Сондықтан, Елбасымыздың бұл жолдауы да-ел алдына үлкен әрі жауапты міндеттер қойып отыр. Жаңа Қазақстандық патриоттық тәрбие дегеніміз-сан ғасырлық тарихы бар ұлттық құндылықтарымызды жаңғырта отырып, жас ұрпақты нағыз отансүйгіш, білімді де білікті етіп өсіру! Еліміздің әр азаматы туған жерін, елін, халқын сүйетін болса, бірін-бірі бауыр деп қабылдаса біз бағындырмайтын белес жоқ!


10592784_702881926449020_7061826158721926277_n.jpgБердібек Қабайұлы, ақын: «Бұл біздің бүгінгі және болашақ ұрпаққа мәңгі өнеге, мәңгі үлгі болуы керек.»

2015 жыл тарихи тоғысулар жылы олғалы отыр. Жуырда ғана Елбасымыз бас болып, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап оту туралы өз пікірін білдірді. Міне Президенттің айтқан ойы мен тұжырымыны халқымыз да қолдап бірден ұлық етіп тойлауды ұйғардық. Бұл дегеніміз бүгінгі Қазақстан халқының рухын асқақтатып елдігімізді одан әрі бекемдей түсуге өз септігін тигізіп отыр. Қарапайым тұрғыдан қарағанның өзінде біздің мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде екендігіне айқын көз жетті. Тағы бір ескеретін дүние Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жыл толып отыр. Бұл тәуелсіз еліміздің әлем аренасына берік етіп ту тіккендігінің айқын дәлелі. Бүгінді бейбітшіліктің тұрақты тұғырына айналған еліміз әлемнің алпауыт елдерінің өзіне үлгі болып отыр. Болашақтың айнасы деп айтуға болады. Ал Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлау ісі де алдымыздағы 15- жылға дөп түсіп отыр. Аталарымыздың қан майданға қару алып аттанғандығы бүгінгі ұрпақтың санасында сақталып қалды. Біз оны ұмытуға тисті емеспіз. Бабаларымыз туған отанға атылған әрбір оқты кеудесімен тосып, талайы қыршын кетті. Бұл біздің бүгінгі және болашақ ұрпаққа мәңгі өнеге, мәңгі үлгі болуы керек. Отан үшін жан берген бабаларды ұмытқан адамның отанға деген сүйіспеншілігі де болмайды. Сондықтан біз олардың рухының алдында бас июге міндеттіміз.


Ауыт Мұқибек - копия.jpgАуыт Мұқибек, ақын: «Біз мақтан үшін емес, өзімізді тану үшін жанталасып жатырмыз. Елбасының да көздеген мақсаты осы.»

Негізі, мемлекет үшін тойдың көп болғаны жақсы. Тәуелсіздік тарихы ұзақ, ұлттық, экономикалық мәселелері шешілген төрт тұрманы түгел елдер үшін той өткізу ­­­- көңіл көтерудің, уақыт өткізудің, мақтанудың тәсілі. 
Ал, біз секілді 300 жыл бойы бодандық қамытын киген, енді ғана азаттығын алып, астанасын жаңа салып үлгірген, жолдыры енді жөнделе бастаған, ұлты әлемнің 40-тан астам еліне тарыдай шашырап жүрген, жері кең, халқы аз мемлекет үшін тойдың алатын орны да, өткізу тәсілі де бөлек болғаны жөн. Ұлттың санасын жаңғыртуды, рухын көтеруді, бірлігін нығайтуды, ең бастысы басын бір шаңырақ астана жинауды мақсат етуіміз керек! Біз мақтан үшін емес, өзімізді тану үшін жанталасып жатырмыз. Елбасының да көздеген мақсаты осы. Сонда, екінші 23 жылдық бізбен мақтанады. Демек, барлық тойдан, қазақ мемелекеттігінің 550 жылдығы аса ауқымды өткені дұрыс. Басы қалай басталса, соңы да солай жалғасады, дәстүр болып қалады. Құдайға шүкір, тәуелсіздіктен бергі қазақ өткізген тойдың осалын көргем жоқ. Қазақ қандығы құрылғаннан бері сан мыңдаған арпалыстың, қиян-кескі соғыстардың жалғыз ғана мақсаты болды. Ол – қазақ ұлтының басын біріктіру, бір шаңырақ астында ұстау! Бұл тойда осы мәселе ең басты назарда ұсталса екен деп үміттенем.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар