Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жарқынбек Амантайұлы: Күз енген орманды аңсадым...

06.10.2019 935

Жарқынбек Амантайұлы: Күз енген орманды аңсадым... 12+

БІР АҚЫНДЫ ІЗДЕЙМІН...

(Әміржанға)

Мұңды көзбен жымиятын ғаламға,

Мұңды көзбен жадырайтын, қуанып.

Бір ақынды іздеп жүрмін қаламда,

Күздің жүзі солған кезде қуарып.

Көшедегі нөпір де оны ағызбас,

Кер толқынға ұқсайтынды кескіні..

Солса да өзі, болса да өзі нағыз дос,

Жырдан жуық жоқ болатын ешкімі.

Сондай еді, осындайды сипаты,

Оны тану қиын емес көзінен.

Қарашығын қара бұлтқа сипатып,

Рухы өрлеп кетті мекен өзінен.

Шынымен де ұмытқан ба ел түгел,

Сарғыш шамдар сағынбай ма шуағын?!.

Болған еді әйтпегенде ентіге,

Мені өзі іздей келіп қалатұғын уағы...

Бұл шаһардың жылымапты жүрегі,

Іздеу сала суреттерін ілмейді-ау...

Ақын өзі жоғалғанын біледі,

Қала кімді жоғалтқанын білмейді-ау!

Бір ақынды іздеймін...

МЕН БІРЕУДІҢ ДОСЫМЫН!

Жұқалау қалтаң болса,

Жауырлау арқаң болса,

Жүзіңді жігер жылытып,

Жаныңа қалған болса,

Ол сенсің!

Ойылған қолың болса,

Ой-қырлы жолың болса,

Қазаның орталау болып,

Мейманың толы болса.

Ол сенсің.

Намысың биік болса,

Қанатың қиық болса,

Әлі ешкім түсінбей жүрген,

Жаныңда күйік болса..

Ол сенсің!

Ағаңды ағалай алсаң,

Бауырды бағалай алсаң.

Алаштың ары деп мінген,

Атыңды тағалай алсаң

Ол сенсің!

Дүние баурамас болсаң,

Езбенен дауламас болсаң

Ызғарлы көзбенен сөзге,

Жүрегің жаурамас болсаң,

Ол сенсің!

Тағдырға көнетін болсаң,

Қылды қақ бөлетін болсаң,

Қыл арқан шірітпей мойны,

Қылқынып өлетін болсаң,

Ол сенсің!

Жанарың жастанып жатса,

Кей кеште аш қалып жатсаң,

Аллаға серіксіз сеніп,

Жайнамаз жастанып жатсаң!

Ол сенсің!

Сенсің ол досым менің,

Мен сенсіз көсілмедім,

Мерейімді өсірмедім!

Сен менің жүрегімде...

Мен де сол төсіңдемін

ДҮНИЕ

Қанжар көзбен жүзіңді тіліп кетер дүние,
Қармақ тілмен жаныңды іліп кетер дүние.
Тауың құлап жатқанда, жара аузына тұз сеуіп,
Ту сыртыңнан тырқылдап күліп кетер дүние.

Көкжал сынды асыл ер қаңғып жүрген дүние,
Торға түскен қыранға саңып жүрген дүние.
Көл ішіне көбіктей сіңіп кеттім десең де,
Ту сыртыңнан тұрқыңды аңдып жүрген дүние.

Көз жасыңды ащы бір кермекті етер дүние,
Көзге ілінбес кей жігіт ерлеп кетер дүние.
Қалғып кетсең бір сәтке, қабағыңыз ауырлап,
Ту сыртыңнан құм шашып жерлеп кетер дүние.

Шудасы мен бұйдасы шұбатылған дүние.
Босатарсың бір күні бұғатыңнан дүние,
Сен біреудің бақытын тілеп тұрған шағыңда,
Ту сыртыңнан бір мүмін дұға қылған дүние.

Қабағында паңдардың қалтыраған дүние,
Жанарында бір қыздың жарқыраған дүние.
Тасқа оранған көшеде тастандылау тағдырдың,
Ту сыртыңнан күбірлеп хал сұраған дүние.

Армандауың тым асқақ - айып болар дүние,
Табанымның астымен тайып барар дүние.
Қарашығым ішіне сиып кеткен жарық нұр...
Жанарымның ұшынан ғайып болар дүние.

ҚАР АРАЛАС ЖАПЫРАҚ

Көңіл неге таппайды тынышын бір,

Арқам неге біртүрлі құрысып жүр.

Естен тана құласам көз алдымда,

Шыр көбелек айнала жыр ұшып жүр.

Қайдан іздеп көрмедім жақсы күйді,

Жүрегімді күз қурап бақ шіриді.

Өлең саған енді есік жиі қағам,

Өзің сілкіп шаңынан қақшы миды.

Биіктеген дүние, аласарған,

Қабағыма мұң тірлік қала салған.

Алғаш ғашық боп қалған бозбаладай,

Жаңаша үміт керек-ау, жаңаша арман.

Біреу өлсем деп жүр ме айға асылып,

Бір қыз кетсем деумен жүр байға шығып...

Көзі тұман жастығым, сөзі былдыр

Ес жиғызбай барасың қайда асығып?!

Көптен өлең өрмеп ем қызбаланып,

Құламай-ақ тұрар ма ед(і) құзға барып.

Алғашқы қар жаууда жапыраққа,

Жатыр ма екен жонына сыз қадалып.

Құс қиялдың жыраққа ауғанда үні,

Мәңгі ұйқыға кетеді баудан гүлім.

Мен өлеңге осылай қайта оралдым,

Қар аралас жапырақ жауған күні.

ЕСКІ СУРЕТ


(Бір күні күліп қарап қаламыз біз)

Өткен өмір тым тәтті тарта түсер,
Ащы мұң кешкен сәтің көп болса да.
Елесті іздеп еңсеңде артады шер,
Ескі суретке айналып жоқ болса да.

Ескі сурет – бейнесі сағыныштың,
Көмескі тартқан сайын жанды жеген.
Отты көздер жүрекке шағылысты,
Әдемі ән боп кеткен әңгімедей.

Сол кездің сезімімен тыныстаймын,
Жүрегін мұңға тосқан мен ғана ма?
Ескі ойменен жаңа күн жылыстайды,
Талай жылдар түссе де енді араға.

Өткеннен қолға түскен үлесімдей,
Ескі сурет ішінде қымбат жандар.
Жылар ма едің жоқ әлде күлесің бе,
Егер қазір барлығың тіл қатсаңдар?..

Демеспін дүниені кездім бекер,
Өтуде шерді жазып шеткер күнім.
Көне естелік сен өзің сездің бе екен,
Кей бейненің мәңгі өшіп кеткендігін...

Ескі сурет бір парақ - өткен күнім,
Одан көп болмайды екен жалын жастық.
Көрсетті айна уақыттың өктемдігін,
Сезім ғана қаларын жанымда ыстық.

Сурет - көктем, отырмын, жанарым күз,
Қадірін қайран күннің ескеріп пе ең?
Бір күні күліп қарап қаламыз біз,
Дүниеге ескілеу естеліктен!

КҮЗ КҮРЕҢ


Жел толқып, жапырақ жүздірер,
Сізді де елітер ізгі рең.
Сүйіскен жаныңдай қимастық,
Қоштасу кешіндей – күз күрең.

Ал Ертіс – үміті ғашықтың,
Үзілмей мұхитқа асықты.
Сәскеде оянған қиял күн,
Шық мұңның жанарын жасытты.

Күзбенен қосылып күй түрлі,
Қалада ашпассың ұйқыңды.
Бұл шаһар түнімен дуана,
Таң ата тартады сүйкімді.

Көрдім бе бүгінде түсімде,
Көгала көлдерді ісінген,
Күз енген орманды аңсадым,
Пәктік жоқ парктің ішінде.

Жел толқып, жапырақ жүздірер,
Сізді де елітті ізгі рең.
Күн сайын жаныңда қимастық,
Күн сайын қоштасқан күз күрең.

Суреттер ашық интернет кеңістігінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар