Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жазушы ержүрек болмаса, бәрі бекер!...

16.10.2020 4522

Жазушы ержүрек болмаса, бәрі бекер! 12+

Жазушы ержүрек болмаса, бәрі бекер! - adebiportal.kz

Елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі журналист, жазушы Қуандық Шамахайұлының "Шөлейт жақта" және "Менің сатып алған күйеуім" атты қос кітабының беташары болды.

"Шөлейт жақта" - жинағына қаламгердің соңғы жылдары жазған прозалық туындылары енген. Жазушы «Таскене», «Сексеуіл бүршік жарғанда» романдарымен қатар «Кішкентай адам», «Сағым жыл» секілді көптеген әңгіме, хиқаяттары, әзіл-сықақ туындыларында қазіргі қоғам келбетін түрлі образдар арқылы жеріне жеткізе суреттеген.

"Менің сатып алған күйеуім" - Қуандық Шамахайұлының аударма саласындағы өнімді еңбегінің жемісі. Ол Америка, Жапония, Колумбия, Канада, Швейцария, Қытай, Ресей жазушыларының таңдаулы туындыларын қазақ тілінде сөйлеткен. Сондай-ақ орыстың әйгілі қаламгері Василий Шукшиннің «Көңілжай» хикаятын қазақ тіліне аударып, халықаралық «Алтын көпір» әдеби бәйгесінің жеңімпаз болса, Монғолияның жаңа заман көркем әдебиеті көрнекті өкілдерінің отызға тарта әңгіме, повестерін қазақ тіліне аударып, оқырманға «Найзағайлы жылдар жаңғырығы» жинағын ұсынған-ды.

Жиын "Жазушы ержүрек болмаса, бәрі бекер!" деп аталған екен. Бұл маусым айында мезгілсіз дүниеден өткен Қуандық Шамахайұлының өз сөзі. Өмірде де осы ұстанымда болған қаламгердің жаңа кітаптары таныстырылған жиынды артында қалған асыл жары, журналист Айша Құрманғали ұйымдастырды. Ал алқалы жиын тізгіншісі - белгілі ақын, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан жазушылар одағы Астана филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы.

Аталған жиынға арнайы барған белгілі жазушы, драматург Өтен Ахмет, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынхан Зәкенұлы, қазақ телевизиясының ардагері Құдайберген Тұрсын, "Астана" телеарнасының бас директоры Бибігүл Жексенбай, "Заң-медиа" газетінің бас редакторы Айнұр Сембаева, Жоғарғы Соттың баспасөз қызметінің жетекшісі Айдос Сәдуақас, жазушының жерлесі, өнерпаз, "Монғолия қазақтарының театр тарландары" кітабының авторы Тайф Тәукейұлы т.б. қонақтар Қуандық Шамахайұлы туралы жақсы естеліктерімен бөлісіп, жылы лебіздерін білдірісті.

Қуандық Шамахайұлы саналы ғұмырында әдеби-көркем ой-толғамдарымен қатар, қазіргі мемлекет өміріндегі өзекті мәселелерді қаузап публицистика жанрында да жарғақ құлағы жастыққа тимеген азамат. Әрі ұзақ жыл әлденеше жоғары оқу орнында ұстаздық қызмет атқарған ол ҚР мәдениет қайраткері, Ақпарат ісінің үздігі, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Сондай-ақ, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттану ғылымы бойынша қауымдық профессор, Қаржы академиясы журналистика кафедрасының профессоры атанды.

"Қуандықтың шығармалары қоғамның шындығын ашуға арналған. Өзі жазушы ретінде де, журналист ретінде де қоғамдағы мәселелерді көтеруге тырысты", - дейді Айша Құрманғали.

Жиын барысында Қуандық Шамахайұлының жоғарыда аталған екі кітабынан бөлек, қытайда геноцидке ұшыраған қазақтар тағдыры жайлы "Темір құрсау" романы да оқырман қолына тиді.

«Қаламгердің ізі қағазда қалады». Өз аузынан шыққан тап осы лепес ізімен қоғамы қажетсінген қай-қай мәселеде де айтар сөзін ірікпей өткен Қуандық Шамахайұлының екінші өмірі енді басталғандай.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар