Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАЗУШЫ ҚАБДЕШ ЖҰМӘДІЛДІҢ ОЙ ТОЛҒАМДАРЫ.

22.03.2019 730

ЖАЗУШЫ ҚАБДЕШ ЖҰМӘДІЛДІҢ ОЙ ТОЛҒАМДАРЫ.

***


Біз үшін бір ғана таразы, бір ғана өлшем бар. Ол – қазақ ұлтының мүддесі. Өте қарапайым: қазаққа қызмет істейтін, қазаққа пайдалы нәрсенің бәрі жақсы, оны қолдау керек. Ал қазаққа зиянды нәрсеге, мейлі ол кімнің ісі болса да, жол беруге болмайды!

***

Бұрын романдарымыз 30-40 мың данамен шыққан. «Соңғы көш», «Тағдыр» романдары халыққа кеңінен тарады. Оны білетін оқырмандарымыз да өзімізбен қатар ұлғайып келеді. Кейінгі жастар бізді аз біледі. Қазір кітап оқымайтын заманға тура келдік. Екіншіден, кітаптың таралымы өте аз. Оқырман азайып, көрермен көбейіп тұрған заман болды. Теледидар, компьютер алдынан ұзамайды қазіргі жастар. Сондықтан, кездесулер, мерейтойлар өте қажет. Рухани дүниеге халықтың, әсіресе, жастардың бетін бұру керек. Жазушымен сұхбат, ол туралы мақала – дәріптеу, көтермелеу емес, әдебиетті насихаттау болып табылады. Әдебиет – рухани өмірдің үлкен саласы, халықты тәрбиелейтін құрал.

***

Теледидарда қазақ әндері мен күйлері аз беріледі. Кейде «Сағындырған әндер-ай» деп концерт береді. Аталған концертті қымбат бағаға билет сатып, Республика сарайында өткізеді. Ол кеште Шәмшінің, Әбілахаттың, Әсеттің, 60-70 жылдардың әндері шырқалады. Неге сағындырған әндер? Халық өз әнін неге сағынуы керек? Осындай сұрақ туады. Ол әндерді күнделікті неге естіп отырмайды. «Малға кедей болсам да, әнге баймын» деп Шашубай айтпақшы, қазақ ән мен күйге бай халық қой. Телеарна басшыларының өздері ән-күй жазылған кассеталар мен табақтар қорға сыймай жатыр, қоятын жер жоқ деп айтады. Ал, сол ән-жырды неге эфирден қоймайды? Жақсы сұрыпталған әндерді апта, ай сайын естіп отырсақ, ғанибет емес пе. Бірақ, сараң қатынның бауырсағындай аздап қана шашады. Бізде 10 жыл бойы өзгеріс енгізілмеген кейбір әзіл, ойын бағдарламалары бар. Сондықтан, теледидарды ермек үшін емес, тәрбие құралына пайдалану керек.

***

Зиялысы жоқ халық, ғұламасы жоқ ұлт алысқа бармайды. Дүние ылғи шолақ белсенділерден тұрса, көпке ұзамаймыз. Бізде бәрі болуы керек. Пәленбайдай ұл жоқ деп айтылады. Бұл – қате пікір. Бұл – ұлтты, мемлекетті қорлау деген сөз. Егер, шынымен, ұлтта ондай екінші ұл тумайтын болса, ол ел мемлекет болуға дайын емес.

***

Шығарма қайта басылған сайын жөндей беретін жазушылар бар. Жеті рет басылса, жеті рет жөндейді. Өмір бойы соны шұқылай береді. Мен бұған қарсымын. Өйткені, менің ұстанымымда шығарма жазылмайды, туады. Тірі ағза сияқты. О баста кемтар туған туынды, қанша тырмыссаң да дұрысталмайды. Шығарманың жаны, айтатын ойы, өзегі со күйінде қалып қояды. Мәселен, «Көкейкесті» – менің балаң кезімдегі жастарға арналған шығармам. Қазір оны кеңейтуге, созуға, қалың романға айналдыруға болар еді. 1967 жылы жазылған бұл шығарма сол күйінде тұруы тиіс. Өйткені, менің шығармашылық өсу жолымды, деңгейімді білдіреді. Жетпістен асқанымда қайта жазсам, қай заманның шығармасы болады?..

***

Сен қорықсаң басқадан қорықпа, қағазға түскен өз сөзіңнен қорық. Сол алдыңнан шығады.

***

Кейде қол жетпес армандай көрінетін нәрсенің бір ғана сөзге, батыл бір қадамға ілініп тұратыны бар-ау!

***

Негізі, жақсы қарт жақсы жігіттен, жақсы азаматтан шығады. Отызында орда бұзған, қырқында қамал алған азаматтан неге тәлімді қарт шықпасын. Кейде маған басып өткен өмір жолымның бәрі қарттыққа дайындық сияқты сезіледі. Бұл өмірімнің мазмұны: ел алдындағы қадірім, еңбегім, атақ-абыройымның бәрі қарттыққа дайындығым екен.

***

Тәуелсіздік деген ұғым бүкіл мемлекеттің немесе ұлттың, жеке адамның тәуелсіздігінен тұрады. Кезінде, Совет өкіметінің тұсында қазақтың талай азаматтары тәуелсіз ғұмыр сүрген. Мәселен, Алаш қайраткерлері. Оларды Совет билігі билегенімен, ойлары, рухтары тәуелсіз болды. Алайда бүгінгідей мемлекет, ұлт тәуелсіздік алып отырған тұста, өз бастарына еркіндік ала алмай жүрген азаматтар да жоқ емес. Олардікі – кіріптарлық, бағыныштылық, құлдық сана. Ондай сана азаматтың бостандығын байлайды. Қазір құлдық сананың жаңа сорты шығыпты: «жағымпаздық», «екіжүзділік» деген. Осы күні мақтау мен мадақ та «кемеліне» келген. Кезінде бала-бақшадағы бүлдіршіндерге: «Ленин – біздің атамыз, көлеңкесінде жатамыз» деп тақпақ үйреткен. Біздікі одан да асып барады. Мұның бәрі құлдық сананың, кіріптарлықтың шыққан шыңы, жеткен биігі. Экономикалық кіріптарлық – руханияттың, рухани тәуелсіздіктің жегі құрты. Біз алдымен экономиканы дамытамыз деп, руханиятты кейінге сырып тастадық. Бірақ ұтылдық. Өйткені ақша бәрін шешпейді. Адамды бақытты ететін ақша емес, – рухани байлық. Ақшасы асып төгілген капиталист елдерді көріп жүрміз ғой, қоғамы қалай кері кетіп жатқанын. Біздің ел де кері кетіп барады. Қоғам былыққан. Ел ішін жайлаған жемқорлықты айтпағанда, өз баласын өлтірген аналар, әкесін бауыздаған балалар немесе өмір сүргісі келмейтін жастар, биік ғимараттардан секіріп өлген қыздар, асылып қалған жігіттер қоғам індетіне, ел қасіретіне айналды. Себебін біле алмадық. Газеттерде жарияланды: өткен жылы 400-дей жас өзіне қол жұмсапты. Мұның бәрі – қоғамдағы кінәраттың кесірі. Сап-сау қоғамда ондай сұмдықтар болмайды. Қазір биліктегілер: «Бізде бәрі тамаша!» – дейтін болыпты. Ал мен қоғам зерттеушісі ретінде: «Бізде бәрі тамаша емес», – дер едім.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Қабдеш Жұмәділов, ойлар
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар