Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАЛҒЫЗДЫҚ ӘЛЕМІ...

11.11.2017 11266

ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАЛҒЫЗДЫҚ ӘЛЕМІ

ЖАЗУШЫНЫҢ  ЖАЛҒЫЗДЫҚ  ӘЛЕМІ - adebiportal.kz

Көркем шығарма, әсіресе, «роман жанрының оқырманы кеміп барады, ұзақ-сонар туындыны оқуға ешкімнің уақыты да, қалауы да жоқ» деген кесімді тұжырым басымдық танытқан уақытта өмір сүріп жатырмыз.

Қайдам, жақсы туындыны оқырман көлеміне қарап оқымайды ғой... Интернеттегі түрлі маңызды-маңызсыз жаңалықтарға, керекті-керексіз ақпараттарға сағаттап уақыт жоғалтып жатамыз. Оның қасында көркем шығарма, роман дегеніңіз басқа әлемге ертіп кетіп, жаңа адамдардың ортасына түсіріп, жаңа тағдыр кешіріп, жаңа ой түйдіріп, өмірге басқа қырынан қарата алатын бір шебер дүние емес пе?!

Біз сөз етер қос роман да сондай көркем дүниелер. Жазушы Асқар Алтайдың бірі ертерек («Алтай балладасы», 1993), бірі кейін («Туажат», 2011) жазылған екі романын бір кітапқа топтастырып, оқып отырмын. Оның да өз мәні бар.

Жазушы Асқар Алтай шығармашылығы қалың оқырманға жақсы танымал. Қай туындысы болмасын аға буын өкілдерінен де, өз қатарластарынан да, жас буыннан да оң бағасын алып үлгерген. Қаламы қарымды жазушы не жазса да көркемдеп, шұрайлы тілмен шынайы жазады. Сәкен Иманасов сөзімен айтсақ, «не жазатынын жақсы зерттеп, біліп алатын жазушы».

Автордың бұл жаңа кітапқа енгізілген қос романы сюжеті сүреңсіз, тілі жадағай, танымдық сипаты олқы түсіп жататын кейбір шығармалардан жұрт «түңілген» қазіргі заманда алыстан шөлдеп келе жатқан жолаушы-оқырманды кәусар бұлақтай туындыға оқыс кез қылып, сусының басатын, бас алдырмай оқытатын дүниелер дей аламыз. Тіпті, тәуелсіздік тұсында жазылған қайсыбір шығармалардан оқ бойы озық тұр.

Жазылған уақытына қарамастан қос туындыға тән бір ортақтық бар. Ол – ЖАЛҒЫЗДЫҚ. Автордың өзіне осы тақырып етене жақын тәрізді, жалғыздықтың мәні мен мағынасын, қадірі мен қасиетін жақсы білетіндей...

Қос романның бас кейіпкерлері – аңшы Ұлар мен жауынгер Байбура. Екеуі де кең даланы, оның құз-шатқалын, аң-құсын жанына жақын тартып, адам баласынан алшақ жүреді. Ұлар аңшыға бұл жалғыздық дүниеге шыр етіп келген күннен маңдайына жазылған болса (аңшылықпен күн көрген әке-шешесі Алтай баурайында жеке-дара көшіп қонады), Байбураны тағдырдың тар соқпағы жалғыздыққа жетелеп апарады. Қос кейіпкер де осы үйреншікті өмір салтына бауыр басып, одан ажырағысы келмейді, жалғыздықтан жандарына жайлылық табады, тәндеріне тыныштық ұялатады. Автор сөзімен айтсақ, «Адамнан гөрі аңға тән тіршілікке үйір».

Адам баласынан шет қалғанды «жалғыз» дейміз. Шын мәнісінде, Ұлар мен Байбөрі жалғыз емес. Қалың қауымнан сырт жүргенмен олар ұлы Алтайдың сұлу табиғаты, азулы аңы мен алуан құсына жақын жүреді. «Алтай балладасы (Алтайдың алқызыл модағайы)» романында Алтай өңірінің ауызбен айтып жеткізе алмас табиғаты, суы мен нуы, оны мекендейтін аң-құсы соншалықты шынайы әрі қыз баланың қолынан шыққан кестедей көркем суреттелген. Осы тұста танымыңыз кеңейіп, Алтай өңірі, ондағы тіршілік жайлы мол мағлұмат аласыз. Өз басым көп нәрсені осы романнан білдім десем артық айтқандық емес. Автордың жер жағдайын, ел жағдайын, жан-жануар мен аң-құс жайын, этнография мен ұмыт болған аңшылық, саятшылық туралы жақсы білетін мол біліміне таң қалмасқа шараң жоқ. Бүгінгі күнде кез келген тақырыпқа білсін, білмесін жаза беретіндер көп қой. Асқар Алтай олай етпейді. Алтай баурайын суреттегенде автордың өзі ерекше шабыттанып кететіндей. Бүге-шегесіне дейін бейнелеп, тәнті етеді. Алтай өңірінің адамдары, аю тіршілігі туралы молырақ білгіңіз келсе, «Алтайдың алқызыл модағайын» оқыңыз дер едім.

«Туажат (Тамұққа түскен сәуле)» романында автор тайыншадай арлан мен арқардай қаншықтың тағылық тектілігін, арланның аң да болса «арлы» әрекетін, Байбураның аңшылық әккілігін, аңшы жігіт пен ақшулан қаншық арасындағы өмір үшін тайталас, иен даладағы қос жыртқыштың қасиетін, характерін ашып береді. Автор екі романда да түз тағысы туралы жаза отырып (бірінде – аю, бірінде – қасқырлар), олардың тағылық тектілігін танытады. Адам мен жыртқыш аң арасындағы тайталас, текетірес оқырман бойына рух береді, еріксіз жігерлендіреді. Екі романда да жыртқыштан қорқу сезімінен гөрі оқырман бойына қайсарлық дарытуға тырысқандық байқалады ма, қалай?

«Алтайдың алқызыл модағайындағы» Ұлар иен тауды дара мекендеп, ата кәсібін жан-тәнімен сүйген кәнігі аңшы болса да қатыгез емес. Ал «Тамұққа түскен сәуле» романындағы Байбура болмысынан қатыгездік байқалады. Нағашысының жар дегенде жалғыз атын жем қылған соң «бөрі қуғынға» бет алған жас аңшы қолына түскен құмбыл қаншықты тірідей сояды. Жантүршігерлік құбылыс. Автор бұл қатыгездіктің себебін өзі ашып береді. Байбура қаны қазақ, жаны қазақ әрбір азаматтың жанына жара боп батқан, бойында ыза мен намыс ойнатқан «сексен алтының» – атақты Желтоқсан көтерілісінің куәгері. Сол бір бейкүнә жастар мен қатыгез қоғам арасындағы қақтығыс жас жігіттің жүрегіне «шер-шемен» болып байланған. Бұл соның салдары.

Қатыгездік – қоғамда қатыгездік қана тудырады. Ал адам баласына жалқы тірлік кештіріп, жандүниесінде жалғыздық сезімін күшейтеді... Қоғамнан қатыгездік көрген жас жігіт жалғызсырау, жатсырау сияқты «жетімдік» күйге түседі, автор сөзімен айтсақ, психологиялық жақтан Байбура туажат күй кешеді, философиялық жақтан туажат ой меңдейді. Суреткер осы романы арқылы бұрынғы әдеби-мәдени ұғымға таныс емес, қазіргі қоғамға тән ТУАЖАТ атты мүлде жаңа түсінік-ұғым қалыптастырып, тыңнан ғылыми айналымға енгізіп отыр. Байырғы туажат, жүрежат, жұрағат деген қазақи танымды соны қырынан байытып, бұл сөзге ешкім күтпеген жаңа мәнді психологиялық-философиялық мағына үстеп бергені анық көрініп тұр.

Ал террор мен зинақорлық, құлдық пен қатыгездік сияқты сұмдықтар ашық көрініс тапқан қазіргідей «маламатан қоғамда» жазушы өзін тереңнен тербеткен сойқан жағдайларға суреткерлік көзбен ой жіберіп, тың таным қалыптастырып отырғаны тағы шындық. Бұл енді кез келген оқырман мен зерделеушіні қызықтырарына, жаңаша ой жүгіртеріне жол ашады...

Асқар Алтайдың өзі де «туажат» ұғымына бірден келмегеніне қос романды оқу үстінде көзіміз жете түскендей. Алдымен Ұлар аңшының жалғызбасты ғұмыры жазылса, жылдар өте келе жазылған Желтоқсан көтерілісінен кейін жалғыздыққа ұшырайтын Байбура тағдырында рухани сабақтастық, іштей түлеу бары сезіледі. Жалғыздықтан жанына тыныштық тауып, қоғамнан тыс қалған туажаттық ой ауаны иелеп алған қос кейіпкерінің тағдыр-талайы араға уақыт салып туындағаны байқалады.

Өзінің тағдыр-талайы мен жаратылысын өзіне жат қылған, жау қылған зұлым қоғам – жат қоғам, туажат қоғам. Шығарма атауының «Туажат» аталуы да осы себепті. Ол жайлы автор былай дейді: «Мынау өзіндей туажат адам тудырған қиянкескі қоғам, өзіндей туажат пенде тіксінген қияметті дүние жалғаса берері хақ. Ал Туажат – осы бір оспадар сұмдығын жасырған жалған дүниеге, озбыр қылығын жасырған қоғамға жат жан иесі. Ендігі уақытта қорланған сезімі, қор болған сенімі жүрегін суынтқан Туажат шыдай алмас... Алапат әрекетке белін байлар, ірі іске басын шалар».

Шығармада Байбурамен қатар аяқ алып жүретін, ерекше сұлу суреттелетін және бір образ бар, ол – Бозие – Ана-Бөрі сұлбасы. Мифтік образ, автор қиялынан туған образ, бірақ өте әсерлі әрі көркемдік қызметі жоғары образ. Бұл – Байбура өзі терісін тірідей сыпырған қаншық қасқырдың өлі денесінен бумен бірге көтеріліп, боз сағымға айналған беймәлім сәуле. Бәлкім, бөрі рухты киелі сәуле! Ол да сыңарынан Байбураның айыруымен жалғыз қалған, жалқы күй кешкен жұмбақ бейне. Байбура тығырыққа тірелген сәтте көз алдында көктен сәуле боп құйылар құбылыс... Сана жетпес жырақтан жалғыз сорғалап түсер ғажайып субстанция.

Ана-Бөрі сұлбасы қаншама рет қиын-қыстау кезеңде Байбураға көмекке келіп, қанша жерде туажат пендені ажалдан аман алып қалады. Туажаттай бас кейіпкердің бойында өзіне кәміл сенім оята білген де тек осы Ана-Бөрі образы.

Ал, «Алтай балладасындағы» көңіл сүйсінтер образ – Алтайдың ақ төс қара аюы – Айқоңыр.

Менің алғашқыда жатсынып, соңында ерекше жақсы көріп қалған образым. Азулы дала жыртқышының өмір салты мені ерекше қызықтырды. Жақсы көріп қалғаным соншалық, оның жыртқыштық құмарлықпен Атқыбұлаққа шомылуға келген құла құнанды қыз Бұлабикеге тап бергенін – бойжеткен қыздың иен тау арасына жалғыз келген өз кінәсі, Ұлардың Шаған анасын шапқанын – қос Қаражал арасындағы алып астау сайға жалғыз үй – қараша қосын тігіп, анасын жалғыз тастап кеткен Ұлардың кінәсі деп, тіпті Айқоңырдың Бұлабике бейітін қазып, сүйегін көрден шығарып алғанын – жыртқыштық құмарлыққа балап, кешіріп қойдым!..

Міне, бұл романның малға шауып, кісі етін жеп, өзінің тағылық қасиетінен айнымаған жыртқышының өзі оқырманды шексіз баурап алады. Оған бауыр басып, жақсы көріп кетесің. Ол да еркек аюға тән жалғыздықта тіршілік етеді... Ұлар екеуі де жалғыздықта жүріп бірге жан кешеді... Ал, туажат күй кешкен Байбура да жалғыздықта өмірден өтеді. Тіпті оның өртке оранып, жалғыз өлгенін ешкім білмей қалады. Ондай адам өмірде мүлде болмағандай... Жазушы осы арқылы не айтқысы келді екен? Бәлкім, адам да бір ғайып жаратылыс иесі, дүниеге дара болмыс күймен келіп-кеткені білінбес дегенді меңзегені болар.

Айқоңыр – аю да болса есті, бойында терең түйсікпен жақсы көре білетін, өзінің тағы ғұмырын талғаммен сүретін жыртқыш. Автор оның мінезі, әрекеті, өмір салты, тіпті табиғатта аңға тән «ұстанымын» да соншалықты нанымды суреттейді. Аюдың мұншалықты көркем образға айналуының өзі шығармаға ерекше көрік, қайталанбас мағына беріп, қазақ әдебиетінде тың, өзгеше кейіпкер тудырып тұр.

«Терең түйсікпен жақсы көре білетін» деуіміздің себебін түсіндіре кетейік. Шығарма Айқоңыр аюдың Атқыбұлақ басына шомылуға келіп жүрген Бұлабике қызға деген сезімі оянып, оны бірнеше күн аңдып, соңында қызды қармағына түсіргені жайлы күтпеген оқиғамен басталады. Аю сұлу Бұлабикеге жемі үшін емес, ару қызға лайық тәніне қызыққан соң шабады.

Көпшілік білсе керек, ел аузында аңыз бар. Ертеде аю бір әйелді ұрлап әкетіп, үңгірінде ұстап, жауырынын жалап жүн шығарып, жабайы жан қылып жіберген екен. Автор осы аңызды арқау еткен сияқты, онысы барынша нанымды шыққан. Сонымен қатар жазушының туған өңірінде, ақиық Алтайдың биігінде «Қызбейіт» атты жер бар екен. Атауының өзінде жұмбақ сыр жасырылған Қызбейіттің де шығу тарихында осындай аңыз жатса керек.

Көркемдік тұрғыдан да шашау шықпаған, сюжеттік тұрғыдан да тартымды роман оқырманды еліктіріп әкетеді. Жыртқышқа тән жалғыздық пен тағылық сезім шығарманың өн бойына созылып жатыр. Қимастық сезім билеген Айқоңырдың есінен Бұлабике елесі ешуақытта шыққан емес, сол үшін басын қанша рет қатерге де тігеді... Аюдың осы аңсар сезімі оны оқырманға танытып, оқиға алаңына шығарады; осы аусар сезім түбіне жетіп, ажал құштырады.

«Туажат» романы да аңыздық негізден, түркілік танымнан ада емес. Шығармадағы Ана-Бөрі сұлбасы – түркілік Көкбөрі тотемі негізінде алынып отырғаны анық. Ана-Бөрі сәби шағынан жетім өскен Байбураны бауырына тартып, туажат қоғам тудырған туажат пендесін періштедей жебеп, қиын-қыстау кезеңде «адасқақ ұлын» анасындай ажалдан құтқарып қалып жүреді. Себебі, Байбураның болмысында, характерінде бөрілік қасиет бар. Сәби шағында анасынан айырылып, жетімдік көріп өскен Байбураның бойында қатыгездік пен жалғыздық, анасын ер-азаматқа тән үнсіз жоқтау, іштей егіле іздеу секілді сезімдерге орын бар. Қаншық Ана-Бөрі сұлба-сәулесін анасындай қабылдайтыны да содан.

Ал түз тағысы еркіндікті, дербестікті сүйеді. Байбура да сондай. Қасқыр өліспей беріспейді, өлімге бас тіккіш, Байбура да... Бөрі тәкаппар, өлексеге әуес емес, бойын таза ұстауға тырысатын текті жыртқыш, Байбура да... Сондықтан да бөрі рухты Байбура – сұмдығы мол лас қоғам мен дүмше дүниеге Туажат.

Байбураны ахиретке де қамқоршы киесі – Ана-Бөрі алып кетеді. Өмірде өзі жол көрсетіп, жетелеген Бозиесі өлімге де өзі бастап барады. Ана-Бөрі – Бозие бейнесі – жазушының аса бір сәтті ойлап тапқан, бәлкім санасында найзағайдай жарқ етіп туған тылсым образ десек те болады. Қазақы оқырман үшін тылсым күш, ғайыптан келер көмектің қасқыр Ана кейіпінде келуі әрі нанымды, әрі соншалықты әсерлі. Бөрі тектес, бөрі тағдырлы қазақ баласының жанашыры Ана-Бөрі болуы оқырманға рух береді, ессіз қанаттандырады.

Шеберлікпен өрілген шығарманың тұтас атмосферасы, қаһарман аурасы оқырманды үнемі рухтандырып, жігерлендіріп отырады. Жалғыздықта ғұмыр сүрген жандар болса да, олардың таңғажайып тағдырлары оқырманын жалғыздықта қалдырмайды, қайта жалғыздықтың қадір-қасиеті мен қасірет-кесапатын таныта түсетіндей... Жалпы, автор осы бір романдары арқылы жалғыздық психологиясы мен жалғыздық философиясы секілді күрделі ұғымдарға өзі де терең бойлауға күш салғандай әсерде қаласың... Ол шығарма табиғатынан авторлық ремаркамен анық сезіліп те отырады.

Екі шығарманың шешілу шешімі де өте тартымды. «Алтай балладасы» романында Бұлабике бейітін қазып, жас сұлу мәйітін бейіт сыртындағы кәрі қарағайға сүйеп қойған Айқоңыр аю мен бейіт басына таң қараңғысында жеткен Ұлардың жекпе-жегі, бір қызға ғашық болып, құмартқан адам мен хайуан – екеудің бірін бірі жеңе алмай, екеуі де жастығын ала өлгендігі суреттеледі. Шығарма немен басталса, сонымен аяқталады. Роман Айқоңырдың Бұлабикеге құмарлығы, қапылыста жыртқыштың қолына түскен бойжеткенді Ұлардың ажал аузынан аман алып қалған бетпе-бетінен басталып, шығарма соңында Бұлабике сүйегін жыртқышқа қорлатпаймын деп арашашы болған Ұлар мен аюдың жекпе-жегімен тәмамдалады. Алғашқы кездесу аю үшін де, жастар үшін де жақсы аяқталғанымен, соңғы кездесу екеуінің бірдей ажалына себеп болды. Мұның арасында – аңшылық тұрмыс, Алтайдағы аю тіршілігі, психологиясы, із-түссіз жоқ болып кеткен әке, Айқоңыр аюға жем болған ана, Бұлабикенің әкесі Қызыр байдың ауылы көрінісі, алтын қазып жатқан кержақ-орыстар жайы және т.б. көптеген қоғамдық, тарихи-саяси мәселелер сөз болып отырады. Бірақ негізгі сюжеттік желі – «Айқоңыр – Бұлабике – Ұлар» үштағанынан тұрады.

«Туажат» туындысының шешімі мүлде басқаша. Шығарманың аяқталуы өте ойлы, өзгеше сезімге жол ашады. Оқырман автордан мұндай шешім, мұндай нәтижені күтпесе керек. Швед қызы Мария-Агатаның бойына бала бітуі, оны ахиретке жол тартып бара жатқан Байбураның «сана көзімен» көруі, сол жатырдағы шарана арқылы жат ел, жат жерге бұйыратын ұрпағы болатынын сезінуі, қалтасынан түсіп қалған дөңес шынының алапат өрт тудыруы – бәрін де шағын-шағын суреттеулер арқылы қысқа қайыра отырып жазушы барлық оқиғаны, барлық ойды бір түйінге шебер жымдастыра білген. Сюжеттің жылдам шешім табуы да туындыға көрік беріп тұр.

Айтпақшы, «Алтай балладасында» өліп бара жатқан Ұлардың басында «Ұлым...» деген бір көмескі ой жылт етеді. Ол да соңғы сәтте, жалғаннан фәниге аттанар шешуші сәтте ұлын есіне алады. Бұл – оң жақта отырып Ұлардан жүкті болып қалған Бұлабике дүниеге әкелген сәби... Екі шығарманың бас кейіпкері өздері өмірден өтіп бара жатса да, соңынан ұрпақ қалғанын бірі (Байбура) сана көзімен, енді бірі (Ұлар) ақыл көзімен көріп, ақтық демі таусылар шақта есіне алады. Кездейсоқ ұқсастық па, әлде... Бәлкім, кейіпкер болмысына лайық заңдылық болар. Кейіпкер атаулының өз өмірі, өз тағдыры, өз сезімі мен өз психологиясы, өз философиясы бар емес пе?! Біз мұны кейіпкер табиғатынан туындаған, авторға бағынышсыз кейіпкер шешімі деп ұқтық.

Екі роман да рухани жақтан жалғыздық психологиясы, жалғыздық философиясы арқылы бір-бірін тандем болып толықтырып тұрғаны ақиқат. Қос кейіпкердің жалғыздықтағы жандүниесі арқылы түрлі психологиялық, философиялық астарлардың терең тұстары да біртіндеп ашылып, автор шығармашылығына ықпал етіп отырғаны романдарда анық білініп тұрады.

Қос роман соңында жарық дүние мен жалған қоғам, қилы-қилы қоршаған орта бүкіл саналы ғұмырында әділдік, адалдық үшін аласұрып тіршілік кешкен, өз ұстанымынан айнымаған қос «жалғыз» (Ұлар мен Байбура) – көкжал азаматтар ақырынан соң да кең дүние өз күйбең тіршілігіне көшіп, қалыпты өмір айналымын жалғастыра береді... Өзекті қарыған өкініш, сананы сілкінткен жігер тек оқырман санасына өзгеріс әкелері сөзсіз, сезіміне селт еткізер ұшқын шашары шексіз.

Бұл дегеніміз көркем шығарма өзінің басты поэтикалық міндетін атқарып шықты деген сөз. Авторлық қуатты ізденістен туған романдар оқырманының санасын тағы бір дүр сілкіндіріп салды. Адамдық пен тағылықтың, табиғат пен болмыстың мынау дүрмек дүниеде жалғыздық сезім жайлаған, туажат ой кернеген кезде қандай күй кештірерін қос роман қайыра бір еске түсіріп өтсе керек.

Айман МЕНТЕБАЕВА,

Филология ғылымдарының кандидаты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар