Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Желтоқсан (триптих)

08.12.2020 2256

Желтоқсан (триптих) 12+

Менікі емес деймін іштей жеркеніп...

Психоанализ ғылымында тұтас халықтың санасына түскен жара ұрпақ алмасуымен, заман жаңаруымен уақытылы жазылмаса, емделмесе ішке түскен бітеужара түбі қайтадан жарылатынын, ондай жарылыстан кейін оның залалы тым ауыр болатынын, ұзаққа созылған халықтық қасіретке ұласатынын жазады. Біз белгілі дәрежеде құлаған, сынған ұлтпыз. Ұлттық санамызға ауыр сызат түскен, жанжарасы жазылмаған халықпыз. Кеткен кек пен қайрылмаған есені айтпағанда, өз қасіретін өзі қаужай аламайтын кепке дейін құлдыраған елдігіміз тағы бар. Бұл ұлтты жасыту емес. Өз-өзіңе үңілу. Сондай жзылмай келе жатқан, жыл өткен сайын асқынып, қабындап бара жатқан, оны өзімізде толыққанды сезіне бермейтін ұлттық жарамыз кешегі қанды желтоқсан... «Желтоқсан оқиғасы» туралы қаншама шығармалар жазылды. Жазыла берет те. Дегенмен Есенғали Раушановтің мына өлеңінің жөні бөлек. Бұл өлеңде көп ақындар жырлаған қанды қырғын боздақтарына деген аяушылық, желтоқсаншыларға деген мадақ пен құрмет жоқ. Бұл өлеңде ақиқаты әлі ашылмаған «Желтоқсанның» өзіндей бір жұмбақ бар. Елдік, ұлттық мүдде деңгейіндегі шарасыздық бар. Тұла бойын кек кернеген дәрменсіздік бар. Ұлттық санадағы жазылмаған жараның жарықшақтары бар. Жанжарасынан айықпаған ұл ақынының өксігі бар. «Керек болса қайтып ал деп күледі, Жын-шайтанның баласы». Қанша жерден анадан асыл туған ұл болсаңда, жаның қайыңның безіндей берік болсада, бұндай табаға шыдар ма едіңіз?! Сонымен қабат бұл өлеңде түрегеле алатын, өзін қайта жаратып, қайта тудыра алатын ұлттың мінезі бар. Рухы бар. Ең бастысы да осы. Қайыра бір оқып көрелік.

Қар астында қамығады кең ғалам,

Көк мұз, тайғақ жол көрем.

Желтоқсаның келді дейсің сен маған,

Менікі емес ол деген.

Менікі емес деймін іштей жеркеніп,

Қалай сізді сендірем?

Мен едім ғой бірінші өпкен өртеніп,

Оның суық ернінен.

Тартып алып кетті кенет Албасты,

Қарамады қайрылып.

Жеңісім ед, жемісім ед алғашқы,

Қала бердім айрылып.

Ал Албасты мақсатына жетті де,

Малғұндарға сыйлады.

Сол бір қыста жалт ойнады көк тіле,

Аспан жасын тыймады.

Малғұннан соң Шайтан басты бауырына,

Сүйді ернінен төніп бір.

Қақ айрылмай айрылғырдың тауы мына,

Соның бәрін көріп тұр.

Тарс жарылмай жарылғырдың жүрегі,

Бүлкілдеуін қарашы.

Керек болса қайтып ал деп күледі,

Жын-шайтанның баласы.

Қар астында қамығады кең ғалам,

Көк мұз, тайғақ жол көрем.

Желтоқсаның келді дейді ел маған,

Менікі емес ол деген.

Қаһарманның құсасы

Қадыр Мырза Әли «Ирім» атты кітабында батыр Қасым Қайсенов туралы мынандай жан ауыртарлық естелік-әңгімені баян етеді. Қасым Қайсенов 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасынан» кейін Қадыр інісіне звандап, жолығып әңгімелескісі келетінін айтады. Сосын ақын мен батыр уәделі уақытта Жазушылар одағында жүздеседі. Ары қарай ақын одақтың оңаша бөлмесінде болған оқиғаны былай өрбітеді:

Әңгiме басталар-басталмастан ағамыздың еңкiлдеп тұрып жыламасы бар ма! Неге? Не үшiн? Не болып қалды? Түсiнсем бұйырмасын! – Қасеке! Қасеке!-дей бердiм. – Сабыр! Сабыр! Не болып қалды?- дедiм не iстерiмдi бiлмей.

– Аямады ғой, аямады. Шырқыратып сабады ғой жастарды! Көрдiм! Өз көзiммен көрдiм! Бәрiн де! Бiрақ дәрмен жоқ. Түк iстей алмадым. Өйткен партизандығым құрысын! Фашистердiң өзi олай қорлай алмап едi. Қорлатпап едiк! Бұлар қорлады!

– Бiз бере алмасақ та, жазасын Құдай берер! Сабыр етiңiз, Қасеке!–деп жұбаттым.

– Бұлар баяғыда бiр рет өсiткен. Шаяхметов орнынан түскенде «Бiраз тайраңдап едiңдер, бостандықтарың бiттi осымен! Бiттi осылай, калбиттер!»- деп сабаған шетiмiзден. – Қасекең өксiп-өксiп алды да кiлт тоқтады. Содан кейiн: – Осыны айтайын деп келдiм. Ал қош бол, бауырым!-деп шығып кеттi».

Бұл бір кем дүниеде, мың кем дүниеде емес. Ғұмырлық өкініш. Мәңгілік азап. Қаһарманның құсасы. Иә, мұндай әңгімені біз көп айтамыз, бір-бірімізге тебірене жеткіземіз. Бірақ, қаншалықты сезіне аламыз, батырдың жан дүниесіне қаншалық үңіле аламыз, өз бойымыздан қай деңгейде өткізе аламыз? Бұл жағы қиын әрине. Мүмкін айтылған жерде қалар, мүкін бір күрсіністің демімен сыртқа шығып кетер. Қайран, қарт батырдың көз жасы!

Ел азаматының сағы сынбасын, сүйегі жасымасын де қашанда!?

Әркімнің өз желтоқсаны бар

Біреу үшін желтоқсан жылдың соңғы айы, біреу үшін жаңа жылмен қауышар тұсы. Әркімнің өз желтоқсаны бар. Осы айға деген әркімнің өз құрметі бар, құрметімен қоса қасіреті бар. Наласы бар. Осы ай туған сайын оянатын, асқынатын жарасы бар. «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» дейтін қарт хакімнің күңіренісі бар. Арқада қыс қазанда қамданып, қараша мен желтоқсанда қаһарына мінеді. Осы бір жылдың соңғы екі айының аурасы жаныңның түкпірінде тым басқаша жылжиды. Күнделікті өмір мен айнала қоршаған қоғамың бір басқа, ішкі жан арпалысы бір басқа. Ішіңде бір нәрсе сақардай қайнайды, лезде суынады. Қайта асқынады. Ішіңде не өліп жатқанын түсініп болмайтын хәл. Сондай жаныңның бұлқынысында, құлағыңа қысқы боранның уілімен бірге аналарымыз бен аруларымыздың күңіренген, зарлаған дауысы келгендей болады. Ақмоланың ақырған аязында, ызғырық боранында, әсіресе іңірге қарай құтырына соғатын ақтүтек боранында, мен үнемі АЛЖИР-дегі аналарым туралы ойлаймын. Ақ қар көк мұзда көмусіз қалған кейіптерін елестетемін. Қарашадан бастап көмейіңе тығылатын өксік желтоқсан туа тағы да асқына түседі. Өрімдей арулар, үкідей үлбіреген қарындастар. Небәрі 16-17 жаста. Сәбиралар, ләззаттар, ерболдар мен қайраттар... керзі етікке жаншылып жатқан көгершіндер. Итке таланған ақ үрпектер. Қанаты күйген қарлығаштар... «Сендер бізді кешіріңдер!».

Қарашы...

тау – меңіреу,

дала – жауыр,

тамырға тарап бітті санадағы у.

Желтоқсан келді міне,

дәтің жетсе,

көзіне тура қара,

қара бауыр!

Желтоқсан келді міне,

ұлы аңсарым!

қала үнсіз,

шөккен тұман,

сіңген сағым.

Көтеріп жел ойнайды етегімен,

қар асты қалған қыздың қолаң шашын.

Тұз бүркіп жүрегімнің жарасына,

желтоқсан салды міне, борасынға.

Қызғыштай қорып жатыр топырағын,

қыршын қыз қасат-қасат қар астында.

Жаратқан жер кие ғып,

аспан өр ғып,

желтоқсан келді міне,

шашқан ерлік!

Алаңда ару жатыр мұз бүркеніп,

қайда оны барасыңдар таптап өтіп?!

Алаң бұл – төгілген қан,

үзген бұрым,

жүзіндей тілім-тілім түздегі ұлдың.

Қаптаған тобырлардың арасынан,

жоғалған намысымды іздеп жүрмін.

Алаң бұл – қанға құмар,

тойға жерік.

доңыздар қорсылдайды,

қойдай өріп.

Мендағы топ ішінде теңселемін,

көзімді қарға шоқып,

құзғын ойып.

Қайда деп,

кербез кезім,

бұлаң шағым,

көк тұман көтерілер күнді аңсадым!

кіл тобыр,

тартып ойнап барады әне,

алаңда қалған қыздың қолаң шашын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар