Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жеңіс Қашқынов. Дельфин туралы аңыз

01.10.2018 5331

Жеңіс Қашқынов. Дельфин туралы аңыз

Мен Жеңіс ақынды ертеден білемін. Ол ҚазМУ-де оқып жүргенде біздің «Балдырған» жорналының белгілі авторларының бірі болды. Осында топтама өлеңдерін жорналдың екі бетіне суретімен беріп, бүлдіршіндерге алғш таныстырып едім... Ж.Қашқынов оқиғалы өлеңдерінде, яғни, ертегілері, аңыздары, дастандарында бала танымдылығын ұлғайтып, аңдар мен құстардың тылсым сырын білуге құштарлығын арттыруға ерекше көңіл бөледі. Оны жалаң үгіт түрінде жайдақ баяндамайды. Қайта қызықты оқиғаға құрып, кішкене оқырманын ынтықтыра түседі.

Мұзафар Әлімбаев

ақын, Қазақстанның Халық жазушысы

Әдебиеттің неше түрлі жанрлары бар. Оны, әрқайсысын жеке-жеке игермесе ақын да бола алмайды, жазушы да бола алмай қалады. Жеңіс соның біразын жақсы игерген еді. Ол балалар әдебиетінде үлкен үлесі бар ақын. Балалар әдебиетінде ең алғаш қатар көрініп жүрген кезімізде, бұрын енді бала кезімізден жазып, үйреніп жүрміз ғой. Сонда дельфин туралы біраз нәрсе оқып-ақ жүрдік. Бірақ сол дельфин ешкімнің қаламына іліне қоймады балалар ақындарының ішінде. Сонда Жеңіс сол дельфиннің бір баланы қалай құтқарғаны туралы сюжетті өлең жазғанда бәріміз керемет таңданып, сүйсініп, оқығанымыз бар. Мына Белинский айтады: «Балаларға арналған шығармалар тәрбие үшін жазылады» дейді. Ал біздің жазушыларымыздың, ақындарымыздың ішінде осы мәселені ескермей, «әдебиет, әдебиет үшін жазылуы керек» деген сияқты, әйтеуір жазып шығара береді, ішіндегі оқиғасы қызық болса болды деп. Ал Жеңістің қай өлеңін алсақ та мынау Белинскийдің айтқанындай, оның өлеңдерінің түбінде тәрбие жатады.

Сұлтан Қалиұлы

балалар жазушысы

Жеңіс Қашқыновтың өзі балаларға арнап өлең жазудың күрделілігі туралы былай деген: «Бір қарағанда балалар жазушысы болу оңай көрінгенмен, оған қалам тартып, кішкентай оқырманға шығарма жазу қиынның қиыны. Балдырғанның жас ерекшелігін, сөйлеу тілін, іс-әрекетін, ең бастысы психологиясын жақсы танып білу керек. Онсыз еңбек зая кетеді.

Қалижан Бекқожин

ақын, Қазақстанның Халық жазушысы

Жеңіспен қатар шыққан ақындар тарихи тұлғаларды сомдап жырлауға көп қалам тарта бермейді. Ал, Жеңіс осы тақырыпқа батыл барған. Өз сапарында ол табыссыз да емес. Бұған дәлел Шоқан Уәлиханов жайлы жазған поэмасы.

Серік Қирабаев, академик

КІР ҚУЫРШАҚ

- Кір басқан қуыршақ,

Қайтеді жуынсақ?

Айтқанды тыңдамай

Отырсың,

Бұл қалай?

Әй-әй, әй, кір бала-ай!

Әй-әй, әй, кір бала-ай!

БАЛА МЫСЫҚ

Көрші үйде бар еді,

Айдос дейтін бір ұлан.

Тамақ ішіп әуелі,

Жуынатын соңынан.

Құр жібермей бір күнді,

Шығаратын шатақты.

Содан да жұрт шіркінді,

«Бала мысық» атапты.

НЕГЕ ЖЫЛАДЫ

Қоймады бірауық,

Қыңырбай жылауық.

Ешкімге көнбеді,

Тәттіні көп жеді.

Ас берсе, ішпеді,

Қақсады тістері.

Сондықтан жылауық,

Тынбайды бірауық.

АСҚАРЖАН ЖАРАДЫ

Асқаржан жарады –

Кішкене үй қалады.

Қоршады дуалмен,

Таң қалдым бұған мен.

Ашты да есігін,

Кіргізді күшігін.

- Шәуілдеп үр, - деді,

Күзетіп жүр! – деді.

СЫЙЛЫҚ

- Сенің туған күнің, - деп,

Беске толдың бүгін, - деп.

Менің ағам Нұрғалы,

«Ойыншық-хоккей» сыйлады.

- Біліп алмай болмайды,

Бұны былай ойнайды, -

Деп дәлдеп кеп қақпаны,

Ал шайбаны атпады.

Ағай тағы көздеді,

Ал серігі төзбеді.

Ол кісі айтты:

- Егер сен

Торға шайба түсірсең.

Сонда қалай шыдар жан,

Шығасың ғой құмардан.

Нысанаға тимеді,

Ашулы ағай бүй деді:

- Сіз азырақ шыдағын!

Қазір қайта ұрамын.

2

Бұған анау көнбеді,

Өз кезегін бермеді.

- Қара да тұр, мен енді,

Көрсетейін өнерді.

Ұрып еді шайбаны,

Қақпаға доп бармады.

- Тағы да ойнап көрейік,

Жеңіліп не жеңейік.

Жеңбек ойы қалайда,

Білек түрді ағай да.

Торға шайба салмақшы,

Ойын қайта жалғасты...

Ештеңені ұқпадым,

Ойыннан мен сырт қалдым.

Бірі ұтылып, бірі ұтты,

Мені олар ұмытты.

Айтыңдаршы шындықты,

Кімге әкелген сыйлықты?

ӘЛІ ДЕ ЖҮР КҮТІП

Сыйлап ем Сараға,

Торда отырған бұлбұлды.

- Бой жазсын, - деп, далаға

Қоя берді бір күні.

- Бұлбұл неге кешікті? –

деп, салды да жем торға.

Айқара ашып есікті,

Қояды апарып балконға.

Ол құсына сенеді,

Көңілін жықсын кім мұның.

- Торға қайтып келеді, -

Деп күтеді бұлбұлды.

ТҮЗЕТІП БЕРЕМІН

Қисық біткен о бастан,

Қарт әжемнің бармағы.

Көріп бірде болмастан,

Інім әлек салғаны.

Көнбей қойды еш жанға,

Көрдіңіз бе өнерін.

Алып келіп төс-балға,

Деп тұр: - Түзеп беремін!

САНАМАҚ

Бір дегенім – белдік,

Екі дегенім – ерлік.

Үш дегенім – үміт,

Төрт дегенім – түбіт.

Бес дегенім – балта,

Алты дегенім – алқа.

Жеті дегенім – жалбыз,

Сегіз дегенім – сағыз.

Тоғыз дегенім – тоқу,

Он дегенім – оқу.

МЕКТЕПКЕ ӨЗІМ БАРАМЫН

Мыж-мыж етіп тастаған,

Киімімді өтектеп.

Әжем бұрын бақшаға,

Апаратын жетектеп.

Ерсілігім аз енді,

Бүгінде есті баламын.

Мазаламай әжемді,

Мектепке өзім барамын.

ҚОҢЫРАУЛЫ САҒАТ

Әдет қалып бұрынғы,

Сапар ерте тұрады.

Оның осы қылығы,

Бәрімізге ұнады.

Көңілде көп алаңы,

Ойлайды ылғи: «Сабақ», - деп.

Атап кеттік баланы,

«Қоңыраулы сағат,» - деп.

КІТАП

Жақсы әңгіме, өлеңді,

Әр бетінен табамын.

Ертегіні көлемді,

Оқи алар баламын.

Мол қызыққа батамын,

«Кітап – білім бұлағы».

Деген сөзі атамның,

Есімде ылғи тұрады.

ТАҚПАҚ

Жұрт жүрген баламын мен

мақтап,

Тақпақты аламын мен

жаттап.

Таңдайым тақылдайды

Тақ-тақ,

Әйтпесе айтылмайды

тақпақ.

АЗАМАТ

Тұрғанда ол ән салып,

Жұрт тыңдайды тамсанып.

Азамат

Ғажап-ақ!

Домбыра да шертеді,

Тыңдағандар елтеді.

Азамат

Ғажап-ақ!

Талабын айт талабын,

Жақсы оқиды сабағын.

Азамат -

Азамат!

КӨМЕКТЕСЕМ МАМАМА

Ішіп болып тамақты,

Кірісемін жұмысқа.

Жуам кесе, табақты,

Су құйып ап ыдысқа.

Көмектесем үнемі,

Мамам ісі сонша көп.

Ойлап ылғи жүремін,

«Қолқанаты болсам» - деп.

ҰСТАЗЫМ

Қадіріңді кезінде,

Білмепті ғой ұланың.

Қазір әрбір сөзіңе,

Елеңдейді құлағым.

Бірдей етіп ұстадың,

Демей бізге бөтенсің.

Кейде ақылын ұстаздың,

Сағынады екенсің.

Сол ұстазға жаны нұр,

Демен үлкен адаммын.

Есейсем де бәрі бір,

Баяғы шәкірт, балаңмын.

ДЕЛЬФИН ТУРАЛЫ АҢЫЗ

І

Шалқар теңіз жағасында,

Қарт балықшы тұрыпты.

Бірде іңір арасында

Ұлын ертіп шығыпты.

Көк теңіздің айдынында,

Байқау үшін шамасын.

Отырғызып қайығына,

Жіберерде баласын:

- Мұрагерім енді менің,

Өзіңсің ғой, шырағым.

Жасым болса келді менің,

Енді қанша тұрамын.

Көзімнің бұл тірісінде, -

Депті, - сынап көрейін.

Куә болып бір ісіңе,

Мен батамды берейін.

Бүгін жалғыз жіберемін,

Құрған ауды тартуға.

Мен Тәңірден тілер едім:

«Жазсын аман қайтуға».

Жолың болсын, бөгелме енді,

«Жалғызбын», - деп жасыма.

Өзің қайтып келер кезді,

Мен күтемін асыға.

ІІ

Көк теңізде тербетілген,

Қайық есіп келеді.

Таңғы майда жел бетінен,

Аймалайды, өбеді.

Келеді ол үмітпенен,

Ауды тартып қайтам деп.

«Міне, азамат жігіт!» - деген,

Ата сөзін айтар деп.

Осылайша ол қиялдаса,

Тасқындайды жігері.

Ал қайығы алға жылжып,

Толқынды қақ тіледі.

Тербетілген жаңа ғана,

Теңіз кенет толқыды.

Көбік шашып баяу ғана,

Дөңбекшиді толқыны.

Қас қағымда алай-түлей,

Болып кетті төңірек.

Ал толқындар жөңкіледі

Сиырлардай мөңіреп.

Кейде иттердей абалаған,

Қайықты кеп қағады.

Күресуге жарамаған

Су түбінде қалады.

Мұны жақсы түсінеді,

Балықшының баласы.

Жұмсап көрмек күшін енді,

Жеткенінше шамасы.

Болса да бір қорқынышты,

Теңіз үсті үрейлі.

Көз ашқаннан толқын құшты,

Көрді талай дүлейді.

Сондықтан да бәрі мұның,

Өткінші бір сияқты.

«Керегі не жабығудың», -

Деп өзін ол жұбатты.

Сұрапыл да басылмады,

Үсті-үстіне үдейді.

Күн көзі де ашылмады,

Қап-қара боп түнерді.

Бала бәрін елемеді,

Алған беттен қайтпады.

Тек есіне келе берді,

Атасының айтқаны.

Үйдей толқын көтеріліп,

Қайығын кеп ұрғаны.

Аш қасқырдан бетер ұлып,

Дүлей үдеп тынбады.

Балықшыны қүшып алды,

Құшағына сұрапыл.

Ал қайығын ұшырды әрі,

Шама қайда қуатын?

Қалай шыдап тұрады көп,

Бала суға тұншықты.

Аузын теңіз буады кеп,

«Өлдім» деген үн шықты.

ІІІ

Қария отыр жағалауда,

Екі көзі төрт болып,

Қайық қайда,

Бала қайда?

Іші жанған өрт болып.

Бір кез дауыл басылды да,

Қалың тұман тарады.

Күннің көзі ашылды да,

Шал алысқа қарады.

Толқын айдап жағалауға,

Алып келді қайықты.

Мына жайды бағалауға,

Шамасы жоқ байыпты.

Қайықты кеп бас салғаны,

Қарт балықшы шыдамай.

Екі көзден жас парлады,

Қалай тұрмақ жыламай.

Кемсеңдеді, егіледі,

Аймалайды қайықты.

Жас толассыз төгіледі,

Бәріне өзі айыпты.

- Жібердім бұл көк теңізге,

Неге ауды тартуға?

Хабарсыз ол кеткені ме,

Мені тастап артына.

Қалдырғанша тірі мені,

Неге алмадың, Жаратқан!

Бүйткен құрсын күні, тегі,

Айрылдым ба қарақтан?!

Қайтар менің құлынымды,

О, Тәңірім, тілерім.

Тірі болып бұ ғұмырды,

Қалай кешіп жүремін?

Осыны айтып жалбарынып,

Шал теңізге қарады.

Қалды бір сәт аңтарылып,

Ой ғайып боп жаңағы.

Көзіне шал сенерін де,

Сенбесін де білмеді.

Отыр теңіз кемерінде,

Тынбай елес дүрмегі.

Ал Тәңірім қолдасын да,

Тілегімді жаңағы.

Құдай менің көз жасыма,

Қайтарды ма баламды?»

Осыны ойлап сүрткіледі,

Орамалмен көздерін.

Жел кеудесін түрткіледі:

«Балаң емес өзге кім».

Жанарымен қайта ашылған,

Бақса теңіз жағасын.

Дәу балықтың арқасынан

Түсіп жатыр баласы.

«Құлынымдап» ұмтылды кеп,

Тұрар қалай жан шыдап.

Жүрек тулап, бұлқынды кеп,

Қуаныш жас тамшылап.

«Айналайын, тірімісің,

Көз жасыма келдің бе?

Мен қайғысыз жүру үшін,

Тәңірім қайтып берді ме?»

Деп көңілі босап тағы,

Сүйіп жатыр баланы.

Бауырынан босатпайды,

Көзінен жас ағады.

Қайғы бұлты алыс қалды,

Көңілі енді жай табар.

Шал осылай табысқан-ды,

Баласымен қайтадан.

IV

Болғаннан соң мауқын басып,

Бала асып-саспады.

Атасына бар сырды ашып,

Әңгімесін бастады.

- Құрған ауға жеткен кезде,

Күн бұзылды кенеттен.

Түй көрінбей кетті көзге,

Қайтпақ болдым мен еппен.

Қара дауыл үдей соқты,

Қайықты су басты да,

Сол кез менен ерік кетті,

Қанатымды қайырды.

Жаға жаққа ауады аңсар,

Дүлейменен алыстым.

«Өлдім-ау!» - деп шала-жансар,

Бір томарға жабыстым.

Есім жисам бір уақыт,

Жүзіп келем айдында.

Тірі екенмін, міне, бақыт,

Жойылғандай қайғым да.

Байқасам мен астымдағы,

Томар емес, дәу балық.

Әуелгіде састым-дағы,

Кейін міндім жайланып,

Бір сыр бар-ау, сірә, мұнда,

Өзім бірден ұқпаған.

Сол дәу балық сұрапылда,

Мені ажалдан құтқарған.

- Иә, балам, расында,

Жолың сенің болыпты.

Бірақ сенбей жүретінмін,

Көз көрмесе болмайды.

Апат болса, балықшылар

Дүлейден жол таба ма?

Ал дельфиндер алып шығар,

Аман-есен жағаға.

«Дельфин досы адамдардың», -

Дейтін ерте кезде де.

Соның сырын жаңа аңғардым,

Сенбеуші едім өзгеге.

Ол ақылды, мейірімді,

Судағы көп балықтан.

Таңғалдырып күллі елді,

Мұны ісімен танытқан.

Жағалауға баланы іздеп,

Дельфин келе беретін.

«Соны көріп қаламыз», - деп,

Жұрт қызығып келетін.

Әрең шыдап тұра алатын,

Көргенде оны бала да.

Санын соғып қуанатын,

Отыра алмай жағада.

Сағынышпен табысатын,

Дельфинменен екеуі.

Мауқын басып қалысатын,

Достыққа не жетеді!

Күн ұзаққа жалықпастан,

Теңізде асыр салатын.

Толқында ойнап көбік шашқан,

Мауқын басып қалатын.

Достық ниет ойындарын,

Қарт балықшы құптады.

Аңыз дельфин жайындағы

Шындық болып шыққаны.

Ақын Кәкімбек Салықов пен Жеңіс Қашқынов

Жеңіс Қашқынов бір топ қаламгерлермен


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Мұхтар Мағауин, тұрсынбек кәкішұлы
(1)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар