Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Жеткен жерде жылжымастан жатырмын...

09.10.2018 4934

Жеткен жерде жылжымастан жатырмын

Жеткен жерде жылжымастан жатырмын - adebiportal.kz

Ерте көктемде бүр жарып, ерте солатын бәйшешек секілді келте ғұмырлы, тағдыр-тәлейі тым қысқа да қилы нешеме таланытты ақын-жазушы өмірден өтті. Өмір әлбетте, біреуге ерте, біреуге кеш. Олардың есімі тобырдың санасында тот басатыны ақиқат. Ал енді үлкен әдеби ортада ұмытылып бара жатқаны – әрине, өкінішті-ақ. Бәлікім, бұл өмірге тән заңды құбылыс та шығар?..

Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің көптеген еңбектерінің соңына «мұтылған» деген бүркеншік атпен қол қойған екен. Оның мәнісі – жалпы адамдардың өмірден өте ұмытылатыны (мейлі ол кім болса да); есімі ел есінен өшіп, тек оның айтқан ойы яки атқарған ізгі ісі ғана тірі қалады деген көреген оймен ол өзін «мұтылған» десе керек.

Артығали Ыбыраев! Қазақ әдебиетінде жасындай жарқ еткен елеулі есім. Артығалидың аңызы ғасыр өтсе де, әлсін-әлсін елес беріп қалатыны бар-ды. Алайда біздің халық әлі де болса, жоғалтып алған асылын түгендеп болған жоқ. Әне сондай сом асылдың бір Артығали еді.

Артығали Ыбыраев – 1953 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданының Саудакент аулында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, дәлірек, он бес жасында жазған өлеңдері республикалық басылымдарға шығып жатқан. Сол кездегі саяси сақтық пен әдебиетке деген жауапкершілік секілді қатаң сүзгілерді сүзіп өткен тарпаң мінезді бозжігіт Артығалиды алғаш сұңғыла сыншы Сағат Әшімбаев байқап қалған... Мектепті бітіре сала баяғы ақындардың ізімен арман қуып Алматыға аттанады. Кәдімгі шайырларша.

...Екінші курс студенті әлде біреулерге ұнамай қалған. Содан соңына шам алып түскен жауы, бәлкім ажалы ауылдан бір-ақ шығарады ақынды. Бірақ өлеңіне ешкім бөгет бола алмайды...

Хош, 1974 жылдың 4 сәуірінде «Тараз» қонақ үйінің алдынан, белгісіз біреулер өлтіріп кеткен ақын Артығали Ыбыраевтың мүрдесі табылады. (Мұның бәрі ашық айтылатын кез жетті). Мен осыдан біраз жыл бұрын Сарысу ауданының Саудакент аулында болдым. Қанша заман өтсе де ақынның өлімі мен өмірі әлі құпия күйінде қалған. Ақын жайлы дерек аз, аңыз көп. Өлімін біреулер ғашық қызымен байланысты десе, енді бір білгіштер сол кездегі саяси жүйенің қармағына іліккен бала деседі.

Алматыдағы достарына: «Жеткен жерде жылжымастан жатырмын. Бір бөлмені жалғыз өзім билеймін. Әрі қорқақ, әрі кейде батырмын», – деп қалжыңдайтын көрінеді. Осы бір ауыз сөз ақынның тағдыры мен мінезін байқатса керек, аңдаған адамға... Аңдамаған адамға бәрбір ғой.

Артығали құдайдың бере салған ақыны. Оның жаны таланытты. Ондай таланты ақын класта отырып-ақ классиктерше сілтеп жатса таң қала алмайсың. Артығали ақындығымен қатар, мінезді һәм гений азамат.

Ақын жыры халықпен мәңгі жасай беру үшін – әрние, авторы сопайып ортамызда жүре беруінің маңызды емес екенін түсінген сияқтымыз.

Ұмытылған ақындар деп кімді айтамыз әуелі? Тегінде танылмай, білінбей кеткен жалажансар ақын емес, көзі тірі кезінде үлкен аңыз тудырған туындыгерлердің есімін есті қауымның көкейінде қайыра бір жаңғыртуды мақсұт тұтып, бір шама ақындардың шырағын жазуға бекініп едік. Сондықтан да ақынның өз тұсындағы әдебиетші, сыншылардың ақын турасындағы оймақтай пікірін кірістірмекпіз.

Артығали Ыбыраев өз кезінде елеусіз, бағаланбай кеткен жоқ еді. Сөзіміз құп-құрғақ болмас үшін әйгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің пікіріне жүгінсек.

«Бұл Артығали көкөрім кезінде тар дүниеге сыймай кеткен дарынды жас ақын. Көзі тірі болса қазір елуді иектеген, бүгінгі қазақ әдебиетіндегі елеулі тұлғалардың бірі болып отырар еді. Алғашқы өлеңдерімен-ақ үлкен болашағын танытқан жас ақын қалыпты сызықпен жүре алмаған, ұлтшыл бұзақы деген айыппен қысасты жазаға ұшыраған, ақыры, қыршынынан қиылған. Отарлық кезеңдегі шетін жағдай емес...» (2001 жыл. М.М 10-том. 402-б).

«Тарихта Рембо секілділер аз ба? Бізде жетпісінші жылдары Артығали Ыбыраев деген ақын болған. Жыр сүйер қауым есімін жақсы біледі. Өлеңдерін де. Сол Артығали өмірден өткенде жиырма бірде еді. Жиырма бір кейбіреулер үшін өлеңге енді келіп жататын жас. Енді-енді мерзімді басылымдарға жарияланатын тұсы. Ал бұл жас Артығали үшін мәңгілікпен тілдесер жас болды. Кешегі Кеңес дәуірінде он бес-жиырма кітап шығарған ағаларымыздың қайсысы қазақ әдебиетінің тарихында қалары белгісіз. Бірақ жиырма бірдегі баламен ешкім таласа алмақ емес. Берниз, Саттар, Абдоллда, Атығали да солардың бірі, солардың қатарында (Рембо секілді қыршын кеткен әлем ақындарын айтады – Б.Қ). Иә, қазақ поэзиясында өмірден де, өлеңмен де, қысқа ғұмырда лапылдап өткен шығармашылық шабытымен де үлгі боларлық ақындар аз болмапты», – деген еді әдебиет сыншысы Әмірхан Балқыбек.

Міне, жоғарыдағы менің ақын жайында айтқан таңданысым мен бағамдауымды осындай ұлы адамдар да бас шұлғып, қуаттап отыр.

Бақытбек Қадырұлы

(Артығали Ыбыраев)

«Сірә, мен аспан жаққа шығамын-ау,

Соқпақ жол көкжиекке сіңеді екен!»

Мәңгі көкке сіңген ақын енді поэзия болып нөсерлесін!..

Өмір заңы


«Білеміз, - деп айтқанымен, - барлығын»,
Аз ұғамыз бұл өмірдің дәлдігін.
Он алтының бір келерін білгенмен
Кім біліпті кеп қаларын дәл бүгін.

Балалықтың бал мінезі күрт тынып,
Арамызда қалғандар бар мұрт шығып.
Бала ғой деп елемесе шешелер,
Азамат деп сенеді енді жұртшылық.

Азаматтың алтындай ғой ертеңі,
Көңіл шіркін бара жатыр өртеніп.
Балалықты тастау керек, әйтсе де,
Қалды деме ел алдында еркелік.

Еркелікке жоқ ешкімнің таласы,
Еркелетпей тұра ма ана баласын?!
Азаматы бола білсең еліңнің,
Сәбиі боп еркелей де аласың.

Күту


Екі соқпақ өрілетін өріске,
Екі басқа, екі жаққа — бірге емес.
Ақ шағылға аунап өскен балалық,
Бүрін ашты бір үміттен нәр алып.
Секем алған көңіліміз сезікті,
Бірте-бірте ұғысуға жарадық.
Мендегі өмір,
Биік өрден қараса,
Сендегіден болар, бәлкім, аласа.
Бала көңіл саған қарай бұлқынса,
Үлкендігің сұраушы еді араша.
Шыңырауымнан шықпай қалса дүрбелең,
Кішіліктің кесірі деп білген ем.
Сен тұрмысқа шыққан күні өрістен,
Қозы-лақты қайыра алмай жүрген ем.
Айдалада алған едім жылап та,
Сонда сені теңеген ем лаққа.
Қайырым бермей кеткенінді кешірдім,
Өрісіңе соқпай жүрсің бірақ та...
Сіздің ауыл, біздің ауыл - іргелес,
Қол созымда көрінетін қыр-белес.

Ұнату

Он бестің үйірінде,

Өзгерді сылқым денең.

Білінді бүйіріңде,

Бір арман бүлкілдеген.

Бұл сенің өмірге енді,

Бұлқына бастағаның.

Тым ерте мөлдіреді,

Қос қара тостағаның.

Әркім-ақ қиялдады,

Көп айтып Тәңір-ауын.

Көйлекке сыя алмады,

Оянған омырауың.

Біртіндеп бақты сезді,

Мендегі асқақ әлем.

Қыз деген жақсы сөзді,

Ұната бастаған ем.

Қосарланып қаққаныңда,

Қанатың еркін түсіп.

Қанағат таппадың ба,

Қасымнан кеттің ұшып.

Басқа жол бастауына,

Қайысып, көнбеді екпін.

Сен қонған жақсы ауылға,

Көп ұшып мен де жеттім.

Өткіздік күнді өрлеген,

Еңіске сырып бәрін.

Қалайша өзгермеген,

Қыз күнгі қылықтарың?!

Көз деген күлімдейді,

Ләззатын тапты ма ерін?

Топ сәуле дірілдейді,

Жарқ етсе ақ білегің.

Қасың да қияқтанып,

Шашың да мүлдем бөтен.

Шіркін-ай, қыпша белге

Қол тимей жүрген екен.

Қыз едің кіл атарым,

Көңілің неден безді?

Қазір мен ұнатамын,

Келіншек деген сөзді...

Ақын

Көремін сені түсімде,

Орының әсте бөлек қой.

Екеуміз жырлау үшін де,

Көңілге жағдай керек қой.

Қой емес, Көңіл- күй бағам,

Мінберім жақын дөңес- ті.

Ұғымына жұрттың сыймаған,

Екеуміз ғана емеспіз.

Өмірдің өзі жетпейді,

Олжаға оңай құныққан.

Қызуымен күннің көктейді,

Дүние біздің иықта.

Қамықпа, досым, қамықпа,

Көктеме күнін сыйлайды.

Адамдар сияр табытқа,

Соқпақ соңы

Күн нұрын қоймалжың бұлт ала қашып,
Жел есті жусан исі араласып.
Жол үсті қара ноқат — мен келемін,
Қарысқан тыныштықпен жағаласып.

Себепсіз қалқып көшкен сағымды әрі
Көтерді қоңыр кештің ағыңдары.
Байсалды момын өңір баптанады,
Бір сынап көретіндей бағыңды әлі.

Сынасып сабыр — меже, күле жетем,
Тақалды таусылуға, міне, мекен,
...Сірә, мен аспан жаққа шығамын-ау,
Соқпақ жол көкжиекке сіңеді екен!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар