Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Жетпіс төрттің жеті ақынының» жыр кеші қалай өтті...

18.03.2014 2790

«Жетпіс төрттің жеті ақынының» жыр кеші қалай өтті?

«Жетпіс төрттің жеті ақынының» жыр кеші қалай өтті? - adebiportal.kz


c9fb4c6a1f26bb4cfd032014c72cb0c8.jpg 

Өткен демылыста Қазақстан Жазушылар Одағының «Әдебиетшілер үйінде» қазақ поэзиясына кейін қосылса да, өз қолтаңбасын қалдырып үлгергенн талантты жеті ақынның қатысуымен «Жетпіс төрттің жеті ақыны» атты жыр кеші өткен болатын. Оған 1974 жылы туғандар,  яки биыл, жылқы жылы қырықтың қырқасына шыққалы отырған Әлібек Шегебай, Талғат Ешенұлы, Бақытжан Алдияр, Бекжан Әшірбаев, Анар Шамшадинова, Мұратхан Шоқан мен Руслан Нұрбай қатысты.


Кешті М. Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Бауыржан Жақып жүргізіп отырды. Әдеби кешке қазақ эстрадасының жұлдыздары қатысып, кеш барысында «Жеті бояу» атты жыр жинағының тұсауы кесілді.

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, Ұлықбек Есдәулеттің «Жеті бояу» жыр жинағына жазған алғы сөзі:

«Жусан мен жалбыз аңқыған антология»

«Қолымдағы диуанның ныспысы - «Жеті бояу»: құйып-құйып өткен нөсерден кейін жусан мен жалбыз жұпары аңқып, бусанып жатқан сайын даланың көгін көмкеріп, керіліп, жарқырап шыға келетін шұғыла-кемпірқосақтың түсі жеті бояудан тұрмаушы ма еді; сол жеті бояудың құлпырған реңі көзге сіңіп, көңілді боямаушы ма еді; содан соңыра жан-сарайың сол шұғылаға малынып, малынып емес-ау, малшынып, көкірегің көкпен тілдесіп, тамшыдай тазарған сезімің жауыннан соңғы сұңқардай дүр сілкінетіні де бар емес пе еді?!

Жети акын (Нургиса фото) (4).jpg 

Мен үшін кемпірқосақ - бояулар антологиясы, яки аспан мен жердің бізге беймәлім өзара сезімдерінің бірлескен серпілісінен туған тылсым көркемдік көрмесі, табиғаттың шынайы шабытынан жаратылған теңдессіз туындының керемет кермесі, Кезінде ұлтымыздың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденов ағамыз да бір кітабын «Жеті бояу» атағаны тегін емес. Құпиясына көз бойлай алмайтын ғарыштың да, төрт маусымы толассыз ауысып жататын, күні мен түні, таңы мен кеші үздіксіз алмасатын жер бетіндегі жаратылыстың да бүкіл болмыс-бітімінің, дидар-бейнесінің күллі сұлулығы жеті ғана бояудан бастау алатынына сенгің келмейді... бірақ, расы солай.

Жети акын (Нургиса фото) (2).JPG 

Жеті ақын – бір кітап. Жеті әлем – бір дария. Аспан әлемінде өз сәулелері бар, аламан бәйгеде өз шабыстары бар.

Әрбір Адам ғарыштың бiр бөлшегі болса, Ақын болып туған кісі жаратылыстағы биіктік пен тереңдіктің, кеңістік пен уақыттың, табиғат пен қоғамның алуан түрлi сипаты, қайғысы мен шаттығы, сағынышы мен өкініші, қыры мен сыры жөнінде сыр шерпей, ой толғамай, жыр туындатпай қала алмайды.

Әлібек Шегебай, Талғат Ешенұлы, Бақытжан Алдияр, Бекжан Әшірбаев, Анар Шамшадинова, Мұратхан Шоқан, Руслан Нұрбай...

Қолтаңбалары қалыптасып, өз сүрлеулерін салып, өз бағыттарын тапқан, біріне бірі ұқсамайтын жеті жырау бір жылдың төлі болғандықтан бір жинаққа топтасып, бір арнаға құйыла аққан екен. Несі бар, үйлесіп-ақ тұр!

Жети акын (Нургиса фото) (1).JPG 

Бұл ақындар жаңа заманның перзенттері, азаттықтың ауыздықсыз арғымағындай, тәуелсіз ұлттың ұйыған уызынан жарыған ұрпағы, коньюктурадан ада арда мінез бен бостан сезімнің бел балалары. Бір жылда туып, бір дәуірдің дауылын бастан кешіргенмен екі түрлі қоғамдық формацияның кермек дәмін татып үлгерген көшелі буынға жатады. Бесіктен белі шықпай жатып өліарада өмір сүрген, өртеңге өскен талшыбықтай бұл ұрпақ жаңа ғасырмен тайталаса тірлік кешіп, бұғана бекітіп, жаңа уақытқа жаңа көзқараспен қарайды. Олардың жазу стилінде көнеден түп тартқан ескі ізге қоса бұрын кездеспеген жаңа сарын, тосын қарым, соны сүрен, тың түрен көбірек кездесетіні сондықтан.

Биыл қырық деген қамал бұзар жасқа асау арынмен жеткен жеті ақынның осынау сезім бояулары буырқанған қолжазбасына қарап отырып, бала кезден жастанып оқыған басқа бір кітаптың көкіректе көмескіленген сөздері еміс-еміс есіме түсті. Ұмытпасам, жұлдызшы ғұлама Хасен Әбiшевтың «Аспан сыры» атты кiтабында: «Аспандағы Үркер дегеніміз, негiзiнде, жетi жұлдыз екен, бұлардың жылтылдап көрiнiп тұратыны алтау. Жетi қарақшы келiп шапқанда, бұлар үркiп, содан Үркер атаныпты. Оның арасында сәуле шашқан жетінші жұлдыз қыз болған соң, алтауы қызды қорғаймын деп, оны қоршап, көрсетпей, бiр жерге жиналып, топталып тұрады, әйтпесе Жетi қарақшы ұрлап әкетуі мүмкін екен» деген сияқты сөйлемдер бар болатын. Бұлар да көктегі Үркердей оқшау, орталарында жарқыраған бір қыз ақын бар. Ылайым оларды көк пен жердегі көлденең қарақшылардың сұғынан сақтасын».

«Бұл кешті бірігіп өткізудегі басты мақсат – шығармашылық адамдары арасында да бақталасқа бас қатырмайтындарды бар екенін, кесірінше барлығымыздың ойымыз да, тағдырымыз да, мүддеміз бір екенін көрсету», - деп сұқбат берген болатын ақын, сазгер Бекжан Әшірбаев «Таңшолпан» бағдарламасында. 

            «Алаш айнасы» газетінен 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар