Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Жиырма бес жылдың жиырма бес сәті...

05.07.2022 2917

Жиырма бес жылдың жиырма бес сәті 12+

Жиырма бес жылдың жиырма бес сәті - adebiportal.kz

Биыл елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының «ел астанасы» статусын алғанына жиырма бес жыл толып отыр. Иә, ел кіндігі Ақмола облысының орталығы, арқа төсінде жылдам бой көтерген елордамыздың сұлулығына бұл күндері көз тоймайды. Заманауи сәулет-өнерімен жасақталған елордамыз жыл санап көркейіп, өркендеп келе жатыр. Ұлтымыздың рухани түлеуінің бастамасы, бейбітшіліктің бесігі болған астанамыз – жастардың қаласы. «Әдебиет порталы» интернет-жобасы елордамыздың туған күніне орай жиырма бес жылдың рухани жиырма бес сәтіне шолу жасаған болатын. Оқи отырыңыз, қымбатты оқырман!

Еліміз егемендік алып, елордамыз жаңа бой көтерген тұста руханиятымызға ұлттық серпін беру мақсатында арқа өңіріне қазақ әдебиетінің мүйізі қарағайдай серкелері, және біршама ғалымдар мен өнер қайраткерлері топ бастап келді. Олардың қатарында академик Рымғали Нұрғалиев, әдебиет тамыршысы Сауытбек Әбдірахманов, кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбайұлы, ақын Несіпбек Айтұлы сынды марғасқа тұлғалар бар.

2018 жылы, қыркүйек айында Астана қаласында «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форум өтті. Әдеби форумның өтуіне Қазақстан Жазушылар одағы мұрындық болды. Айтулы форум елордамыздың жиырма жылдығына арналды. Форумға төрткүл дүниеге даңқы асқан қаламгерлер (Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, Түркия, Латвия, Венгрия, Польша, Молдова, Армения, Украина, Болгария, Моңғолия, Әзербайжан және өзге де мемлекеттерден келген) қатысып, XXI ғасырдағы әлемдік әдебиет пен мәдениеттегі бірқатар мәселелер талқыланды.

Дәл осы 2018 жылдың маусым айында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен «Балалар әлемі: кітаптан өмірлік мұратқа» атты балалар жазушыларының халықаралық форумы өтті. Елордамыздың жиырма жылдығы қарсаңында өткен форумда танымал ақын, драматург Б.Әлімжанов, «Дарабоз» халықаралық сыйлығының лауреаты Д.Джумагельдинова, ресей жазушысы И.Краева, «Оранжевый верблюд» балалар сайтының авторы Л.Бондарев, Белорус балалар жазушысы Е.Стельмах, Вена университетінің лекторы Э.Хавранек, Ұлыбританиядан келген Джил Браун секілді қаламгер тұлғалар қатысып, жасөспірімдермен шығармашылық кездесулер өткізді.

2019 жылы, қыркүйектің төрті мен алтысы күндері аралығында Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласында «Азия елдері қаламгерлерінің І форумы» өткізілді. Алғаш рет ұйымдастырылған бұл форумға Азия құрлығындағы біршама елдердің қаламгерлері қатысып, өзара әдеби-мәдени байланыстарды арттыру, ортақ әдеби үдерісті дамыту мақсатындағы мәселелерді ортаға салып, кең көлемде талқылады.

Және сондай-ақ Азия қаламгерлерінің І форумы аясында елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы Абай мен Сембинов көшелерінің қиылысынан жаңа салынған «Қаламгерлер аллеясының» ашылу салтанаты өтті.

2019 жылы желтоқсан айында елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Жазушылар үйі ашылды. Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының жаңа ғимарытының ашылу салтанатына сол тұстағы қала әкімі Алтай Көлгінов пен бірге бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысқан екен. Сонымен қатар, Тəуелсiздiк күнi қарсаңында Абай кɵшесiнде орналасқан "Қаламгерлер" аллеясында азаттықты аңсаған үш арысымызға ескерткiш орнатылды.

2000 жылы 6 наурызда Мемлекетіміздің елордасы Астана қаласында «Қазақ ұлттық музыка академиясы» жаңа заманға заманға лайық жөндеу жұмыстарынан өтті. Ғимараттардың қасбеті жаңартылып, оқу сыныптарымен, сондай-ақ жаңа академиялық концерт залымен жасақталды. 2009 жылы 12 қазанда ҚР Үкіметінің қаулысымен «Қазақ ұлттық музыка академиясы» жаңа мәртебеге ие болып, «Қазақ ұлттық өнер университеті» атауын алды.

2014 жылы, 2 шілде күні Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайының ашылу салтанаты өтті. Мұражайдың жалпы көлемі 74 мың шаршы метрді құрайды. Мұражайдың ішіне Қазақстанның көне ғасырдардан бүгінгі күнге дейін жеткен археологиялық, этнографикалық жәдігерлері мен мәдени мұралары қойылып, халықаралық стандарттарға сай жабдықтармен қамтамасыз етілген.

2013 жылы әлемдік стандарттарға сай классикалық сәулет өнерімен жабдықталған «Астана опера» опера және балет театрының су жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Опера және балет театрының үлкен және кіші камералық залы бар. Сәулеті жарасқан Опера және балет театрының үлкен залы шамамен 1250, ал кіші камералық залы 250 орындыққа шақтап салынған.

2009 жылы. 5 шілде. Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында әлемге әйгілі опера әншісі Пласидо Домингоның концерті өтті. Концертке онымен бірге Виргиня Тола, әйгілі дирижер Ю. Кон, сондай-ақ Астана қаласының Мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрі қатысты. Пласидо Доминго қазақстандық опера әншісі Нұржамал Пернебекқызы Үсенбаевамен бірге италиялық танымал «Non ti scordar di me» әнін орындады.

1996 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрына КСРО халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері Қалыбек Қуанышбаевтың есімі берілді. 2011 жылы, 4 желтоқсанда театр ұжымына «Мемлекеттік академиялық театр» мәртебесі берілді. Қалыбек Қуанышбаев театрына 1999-2009 жылдары аралығында КСРО халық әртісі Әзірбайжан Мәмбетов, 2008-2013 жылдары аралығында Еркін Тілеуқұлұлы, Айболат Сексенбаев сынды тұлғалар жетекшілік еткен. Ал 2020 жылдан бастап бұл театр ұжымының басшылық қызметіне Ернар Құрбанбекұлы тағайындалды. Театр сахнасында ең алғаш 1991 жылы жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясы қойылған.

2009 жылы режиссер Еркін Рақышевтің мелодрамма жанрындағы «Астанаға көктем кеш келеді» атты фильмі жарыққа шықты. Фильмнің негізгі сюжеттік желісінде ауылдан арман қуып Астанаға келген қыздың ауыр тағдыры суреттелген. Жоғары оқу орнына түсу үшін емтихан тапсырып, сынақтан құлап қалған қыз елордамыздағы құрылыс нысандарының біріне жұмысқа тұрады. Үлкен тағдыры Астанамен бірге тұрғызылған өрімдей қыз осы жолда сансыз қиындықтар мен қуаныштарды бастан кешеді. Баянсыз махаббаттың, жазмыштың ауыр сынағына төтеп бере отырып, фильмнің финалында елордадағы құрылыс мекемесінің біріне бастық болып тағайындалып, өмірден өз бақытын табады.

2001 жылы Астана қаласындағы Конгрес-холлда «Тәуелсіздіктің автопортреті және «Астана – үшінші мыңжылдықтың қаласы» атты сурет көрмесі және «Жаңғыру. Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан кітабы» атты кітап көрме-жәрмеңкесі ашылды.

2005 жылы қыркүйек айында елордамыз Астана қаласында дүние жүзі қазақтарының үшінші құрылтайы өткізілді. Құрылтайға алыс-жақын 32 елден, нақтырақ айтсақ Ресейден, Қытайдан, Аустриядан, Чехиядан, Норвегиядан, Италиядан, Сингапурдан, Мысырдан, 300-ден аса өкіл, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларының өзінен 200-ге жуық адам қатысты.

2009 жылы елордамызда мәдени-архитектуралық «Қазақ елі» монументі ашылды. Монумент Сәрсенбек Жүнісов және Жаңбыршы Нұркенов сынды архитекторлардың қолымен жасалған. Кешен аумағы 5,2 гектар, ал тұғырнамасы 1 гектар жерді алып жатыр. Ақ мәрмәрдан құйылған монументтің биіктігі 91 метрді құрайды. Бұл – еліміз өз тәуелсіздігін алған 1991 жылдың белгі-нышаны болып саналады.

2013 жылдың 25-желтоқсанынан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігі және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің қолдауымен «Қазконтент» Акционерлік қоғамын тарапынан әзірленген «Әдебиет порталы» ғаламторлық жобасы өз жұмысын бастады. Классикалық әдебиетіміз бен қазіргі қазақ әдебиетінің кескін-келбетін айқындап, әлем әдебиетінің даму үдерісін қалт жібермей, оқырманның қажеттілігіне сай ақпарат ұсынатын ғаламторлық жобаға осыған дейін 3 336 электронды кітап жүктеліп, 3 180 автордың жеке парақшасы ашылған, 200-ге тарта кітаптардың қысқаша мазмұны, әдеби тақырыптағы 600-ден астам бейне мен үн жазбалар енгізілген.

2017 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Әдебиет порталы» ғаламторлық жобасында ел көлеміндегі тұңғыш I «Рух» халықаралық әдеби конкурсы жарияланды. Байқау аталымдары проза, поэзия, әдеби сын, драматургия жанрлары бойынша ұйымдастырылды.

1992 жылдан бастап ҚР Үкіметінің дарынды жастарға арналған «Дарын» мемлекеттік сыйлығы жарияланды. Мемлекеттік «Дарын» сыйлығына жасы 29-дан аспаған, қоғамдық қызметтерде қалтқысыз еңбек етіп, өз саласында биіктерді бағындыра білген жастар қатыса алады. Сыйлық екі жылда бір мәрте (архитектура, ғылым, өнер, спорт, журналистика, әдебиет) салалары бойынша табысталады. Сыйлықты әдебиет саласы бойынша алғаш алғандардың қатарында жазушы Дидар Амантайұлы, ақын Светқали Нұржан, Маралтай Райымбекұлы, айтыскер ақын Мэлс Қосымбаев, Мұхаммеджан Тазабеков, ақын Ерлан Жүніс Алмас Темірбай сынды қаламгерлер бар.

1998 жылы, 10 маусымда еліміздің басты ордасы Ақмолаға көшірілген тұста бірінші мәрте «Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар фестивалі ұйымдастырылды. Айтулы іс-шараға күні бүгінге дейін дарыны мен таланты, қарымы мен қабілеті танылған жастар қатысып, өз бақтарын сынап келеді.

2018 жылдың 1-шілде күні тұңғыш рет «Домбыра күні» болып бекітілді. Ұлттық домбыра күні «Қазақ елі» монументінің алдына екі мыңдай өнерпаз шығып, дирижер Айтқали жайымовтың жетекшілік етуімен Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа» күйлерін, Түркештің «Көңіл ашарын», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін тартты.

Биыл ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында V Еуразия халықаралық «Eurazian Book Fair-2022» кітап жәрмеңкесі өтті. Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің негізгі мақсаты ТМД, Еуропа мен Азия елдерінің баспа ісі, кітап саудасы, ағартушылық салаларындағы ғылыми білім беру және полиграфия компанияларының басын қосу болып саналады. Айтулы халықаралық кітап жәрмеңкесіне Ресей, Ұлыбритания, Әзірбайжан, Иран, Түркия, Қытай т.б елдерден келген сексенге жуық баспа ұйымдары қатысты.

2017 жылы елордамыз Астана қаласында Халықаралық көрмелер бюросы ұйымдастырып, әлем елдері көз тіккен ауқымды EXPO-2017 көрмесі өтті. Көрменің тақырыбы Future Energy (Болашақ қуат). ЕХРО-2017 – ТМД елдері мен Орталық Азия аумағындағы өткізілетін ең алғашқы халықаралық деңгейдегі көрме. Көрме қарсаңында Астана қаласына әлемнің 100 мемлекетінен 3 миллионнан астам қонақ келді. Халықаралық көрмеден 2 жылдан кейін ЭКСПО-2017 аумағында жаңа IT университеті ашылып, оқу ордасына «Астана IT университеті» аты берілді.

Биыл ел егемендігінің ордалы отыз жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қаламгерлерді қолдау мақсатымен «Нұр-Сұлтан» қалалық кітапханасы сериясымен 30 жас қаламгердің 30 кітабы жарыққа шықты. Жарық көрген кітаптардың ішінде талантты ақын-жазушыларымыз Талғат Ешенұлының («Ұлы қаладағы блюз» өлеңдер жинағы), Дәурен Берікқажының («Сенің атың - от» өлеңдер жинағы), Дәулеткерей Кәпұлының («Маралтамыр» өлеңдер жинағы), Ербол Бейілханның («Құсқанаты» өлеңдер жинағы), Серікзат Дүйсенғазының («Мезгіл суреттері» өлеңдер жинағы), Маржан Ершудың («Білезік» өлеңдер жинағы), Танакөз Толқынқызының («Үнсіз отырмашы» өлеңдер жинағы), Ұларбек Дәлейдің («Хат бармайтын қыстақ» әңгімелер), Ықылас Ожайұлының («Семсердің жүзіне өскен гүл» өлеңдер жинағы), Серік Сейітманның («Қамшының сабы» өлеңдер жинағы), Ахат Расулдың («Ай құсы» өлеңдер жинағы), Алмаз Мырзахметтің («Дежавю» проза), Құралай Омардың («Жасырынбақ ойнап жүрміз...» өлеңдер жинағы), Олжас Сәндібектің («Беймаза шақ» өлеңдер жинағы), Ұмтыл Зарыққанның («Қоңыр көлеңке» өлеңдер жинағы), Олжас Қасымның («Жан райы» өлеңдер жинағы), Айжан Тәбәрактің («Есіл, сенің кінәң жоқ...» өлеңдер жинағы), Айдын Байыстың («Құланиек» өлеңдер жинағы), Бақытбек Қадырдың («Жасыл шатырлар» прозалық кітабы), Жұлдызай Ысқақтың («Жапыраққа тамған жыр» өлеңдер жинағы), Есбол Нұрахметтің («Жар басындағы алтын тақ» проза), Жадыра Шамұратованың («Секундтар арасындағы шексіздік» проза), Біржан Ахмердің («Көзіңдегі көктем» өлеңдер жинағы), Арман Шеризаттың («Күміс шық» өлеңдер жинағы), Серікбай Әбілмәжіннің («Мизамшуақ» өлеңдер жинағы), Рауан Қабидолдиннің & Айзада Рахымжанованың («Біз екеуміз...» өлеңдер жинағы), Алпамыс Файзолланың («Ақ сезімге ескерткіш» өлеңдер жинағы) кітаптары оқырман қауымға жол тартты. Жарық көрген кітаптар республиканың түкпір-түкпіріндегі кітапханалар сөресінен орын алуда. Елорданың жылнамасы қаламгерлер қаламынан төгілген өлең-жырлар мен прозалық шығармаларда айқын көрініс тауып отыр. «Нұр-Сұлтан» кітапханасы сериясымен жарық көрген еңбектер Тәуелсіздік мерейтойына орай жасалған тамаша тарту десек қате айтпағанымыз болар.

2011 жылы Алаштың ардақты ұлы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, белгілі ағартушы, Қазақ автономиясы ағарту саласының министрі, ұлтымызға егемендік әперу жолында шейіт кешіп, белгісі Мәскеудің «Донской монастыріндегі» қорымында 78 жыл бойы сақталған Смағұл Сәдуақасовтың асыл сүйегінің күлі туған жеріне қайтарылып, Астанадағы Сәдуақас қажы Ғылмани мешітіне жеткізілді. Кейін жаназасы шығарылып, сүйек күлі жастар шағын ауданындағы ескі зиратқа жерленді.

2018-2021 жылдары аралығында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасымен 100 жаңа оқулық жарық көрді. Бұл бағдарлама бойынша экономика, философия, әлеуметтану, тарих, педагогика, психология және басқа да гуманитарлық ғылымдарға қатысты әлемдік жауһарлар ана тілімізге тәржімаланды.

Көрнекі суреттер ашық интернет көзінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар