Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Жойылған халықтар аллеясы...

22.01.2019 6167

Жойылған халықтар аллеясы

Жойылған халықтар аллеясы - adebiportal.kz

«Отаның сені жоғалтып алуы мүмкін,

бірақ сен ешқашан Отаныңды

жүрегіңнен жоғалтпа».

Б. Шинкуба атты абхаз жазушысының «Ұбықтан қалған бір жалғыз» атты кітабынан түгел бір халықтың қалай жер бетінен жойылып кеткенін үнсіз оқыдым. Автор Кавказды мекендейтін, мыңдаған жылдарға созылған тарихы бар ұбық деген халықтың соңғы өкілінен сұхбат алып отыр.

Ресейдің қанды қылышына ілініп, аяусыз күрескен ұбықтар түгел дерлік қырылады. Аз ғана тобы, көбі кәрі-құртаң, Осман сұлтанының жарылқауына сеніп Анадолының құмында азапталып, үйсіз-күйсіз тентірейді. Өз отандары, қайсар Кавказды тастап Түркияға келген ұбықтарды ешкім басынан сипамады. Аштыққа шыдамағандары сол жерде жан тәсілім етеді. Заурхан Золак сондай қырғыннан өз халқының қалай жойылғанын көзімен көрген, жер бетіндегі соңғы ұбық.

Аман қалған азғантай бөлігі түрік пен орысқа сіңіп жоғалды. Енді жер бетінде «ұбық» деген халық жоқ. Сіз ол халықты енді көрмейсіз. Тек кітаптан ғана оқисыз. Әбден қартайып қалжыраған қарттың журналистке берген сұхбатынан үзінді келтірейін. Қалай десек те жойылған ұлт өкілінің соңғы тұяқ серпуі ғой:

«...Тілдің жәйдан-жай жойылып кетуі мүмкін емес, себебі ол адамның ішкі жан дүниесінде емес-ау, судың, жердің, тастың ішкі дүниесінде де өмір сүреді. Қазір сол ұбықтың жұртындағы бұтақ пен бұтақ, тас пен тас, бұлақ пен бұлақ әлі де сол тілде, яғни менің тілімде сөйлесіп жатқанына кәміл сенемін.

***

...Мен абхаз тілін естігім келеді. Отаныңнан алыста жүргенде ана тіліңнен басқа ештеңе ем бола алмайды екен.

***

Өзен – теңізге, темір – магнитке, адам – туған жеріне ұмтылады.

***

Мен – Заурхан Золак – осы кемеліне жетпеген дүниедегі соңғы ұбықпын!»

Кітап жаныңды ауыртатын осындай сөздермен аяқталады.

Қазір әлемде 6500-ден астам тіл бар. Ғалымдардың зерттеуі бойынша әр 15 күн сайын бір тіл жойылады екен. 15 күн сайын бір тіл жоғалады. Себебі сол тілде сөйлейтін халық жойылып немесе өзге халықтың құрамына сіңіп, «ана тілінен тірідей айырылып» жатыр. Біздің солтүстігімізде орыс тілінің ықпалынан 47 тілдің тек 6-ы ғана аман қалған екен.

Араларыңызда 1995 жылы 5 қараша күні дүниеге келгендері бар ма?

Дәл сол күні касаба атты тіл ресми түрде жойылды деп жарияланды. Себебі 4-ші қараша күні Камерун елінде осы тілде сөйлейтін Богон есімді соңғы адам қайтыс болды.

Ойлап қараңызшы, бір халық жер бетінен жоғалады. Енді оның салт-дәстүрі, мыңдаған жылдар бойы сөйлеп келген ана тілі, сол ұлтқа ғана тән мінез бен ерекшелікті енді сіз ешқашан көрмейсіз. Қазір біз жойылып кеткен аң-құстар туралы қалай әңгімелесек, біздің ұрпақтарымыз кезінде жер планетасында осындай халық өмір сүрген, олардың ерекше салт-дәстүрі болған екен деп әңгімелейтін болады. Ол халық қуанған кезінде осылай билейтін, ал мұңайып, көңіл-күйі түскенде осындай судың жағасында тұрып көздеріне жас алған. Ол халықтың ер жігіттері ұнатқан қызғына осындай сый жасап, көңілін білдірген. Енді ол халық ешқашан қуанбайды. Бақытсыз болса да... мұңаймайды. Өзен-ана баяу ағып жатыр. Бірақ оның жағасында тұрып мұңын ақтаратын перзенті енді жоқ. Жас жігіттердің сүйгендеріне сыйлайтын дүниесі енді музей жәдігеріне айналған. Себебі оны тағатын арулар енді жоқ. Енді оны тек ғалымдар мен туристер қызықтайды. Енді олардың ұрпағы біздің ата-бабамыз ер болған, туған жер үшін, туған ел үшін соғысқан деп ешқашан мақтана алмайды. Олар тарихқа айналды – санаулы ғалымға ғана қызық. Ал егер сол ғалым ол халықтың тарихын бұрмалап, қаралап жазса, ешкім оны қорғаштап шырылдамайды. Себебі туған халқының өткенін қызғыштай қоритын төл перзенті жоқ!

Қазақстан – әлемге бейбітшілігімен, бірлігімен, жамандыққа қаны қас – елдігімен белгілі болды делік. Ал Астана әлемдік қалаға айналуы тиіс. Міне, осындай бейбітшілік пен бауырластықты уағыздайтын елде, басқа қалада емес, тап Астанда осындай жер бетінен жойылып кеткен жүздеген халықтардың, біз айтқан жоқтаушысы жоғалған тілдердің үлкен аллеясы немесе ашық аспан астындағы үлкен мұражайын ашса деген ұсыныс бар. Әрбір қазақ өзі секілді екі аяқты пенденің қалай жер бетінен жоғалғанын көзімен көріп, жүрегімен сезінер еді. Себебі психологиялық тұрғыда көзбен көру құлақпен естігеннен он есе әсерлі.

Бәлкәм мұның не керегі бар деп қарсы уәж айтатындар да табылар. Жоқ. Қазақ тілінің мүшкіл халін күніне мың рет айтып, босқа кеңірдек жыртқанша, көз көріп, жүрек қозғалатын осындай дүние жасасақ, одан сабақ алатындар да молынан табылмас па еді!..

Рысбек Рамазанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар